Алматы облысы
Талдықоған қаласы
№14 орта мектеп- гимназиясы
КҒА
МАН ASY
Тақырыбы: Ы.Алтынсарин - ұлы ағартушы
Ғылыми зерттеу жұмысты орындаған: Асетқызы Амина
3 «Г» сынып оқушысы
Жоба жетекшісі: Аппасова Еркежан Жиенбайқызы
бастауыш сынып мұғалімі
2016 ж.
Мазмұны
Кіріспе......................................................................................................................3
1. Ыбырай Алтынсарин өмірінің ерекше белестері .......................................4-14
1.1 Өмірбаяны мен отбасы, туған-туысқандары..................................................4
1.2 Ұлы ағартушының қызметі ..............................................................................6
1.3 Ыбырай Алтынсариннің оқулықтары..............................................................7
1.4.ЫбырайАлтынсарин ақын, жазушы этнограф.............................................11
Қорытынды............................................................................................................12
Пайдаланылған әдебиеттер .................................................................................14
КІРІСПЕ
Жұмыстың өзектілігі. Ыбырай Алтынсарин - нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапқа сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Ыбырай жасаған оқулық ең алдымен, орыстың қала берді Еуропа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс - тәсілдеріне негізделіп жасалды, бірақ ұстаз оларды талғам-талдаусыз, сол күйінше ала салған жоқ керісінше, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік -танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып қарастырған хрестоматиясына қосты. Сөйтіп, ұлы ағартушы - ұстаз халқымызды білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бойыңдағы бар күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, соған бүкіл саналы өмірін арнады. Ыбырай ауыл шаруашылық, қолөнер мектептерін ұйымдастырады. Ол қазақ жерінде алғаш қыздар мектебін ашқан.
Ыбырай Алтынсарин – ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде қазақ балаларына “Бір аллаға сйынып. Кел, балалар, оқылық” деп жар салудан тынбаған, сол арқылы қазақ балаларының надандық қамытын киюіне жол бермеген бірден-бір тұлға болып қала бермек. Оның осы қанатты сөздері бүгінгі таңдада өз өзектілігін, әлі де өз күшін жойған емес. Сондықтан, Ыбырай атамыздың ісін жалғастыратын, арманын орындайтын біздер үшін осы жолдан өту үлкен құрмет және зор міндет.
Жұмыстың мақсаты. Халқын қалтқысыз сүйген, сол кездегі аянышты халіне күйінген, болашағына зор үміт артқан Ыбырай атамыздың өміріне, шығармашылық жолына және ғылыми жетістікеріне шолу жасау және қазіргі уақыттағы қазақ жастары үшін Ыбырай Алтынсарин қалдырған өсиетінің өзекті болып табылатынын анықтап көрсету.
Жұмыстың міндеттері. Қойылған мақсаттан шыға отырып, келесідей міндеттер қойылды:
Ыбырай Алтынсариннің шыққан тегі мен қызметін қарастыру;
ғылыми зерттеу салаларын анықтау;
шығармалары мен аудармаларын зерттеу;
қазіргі уақыттағы Ыбырай Алтынсарин еңбектерінің рөлі мен маңыздылығын көрсету.
1. ЫбырайАлтынсарин өмірінің ерекше белестері
1.1 Өмірбаяны мен отбасы, туған-туысқандары
Талай дана – данышпан, дарабоз тарихи тұлғаларды дүниеге келтірген дархан Қостанай топырағында ұлтымыздың алғаш білім қоңырауын соққан ұстаз Ыбырай Алтынсарин да туған.
Ыбырай (шын аты Ибраһим) Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда Қостанай қаласындағы Затобол ауданында дүниеге келген. Ыбырай үш жасқа келгенде әкесі Алтынсары қайтыс болады. Оны Кенесары шапқыншылығында өлтіріп кетеді. Ыбырайды әкесінің досы Жетібай Өтемісұлы құтқарып қалады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін тәлім-тәрбиені атасы Балғожа биден алады. 1846 жылы Балғожа би Орынбордағы Шекара коммиссиясы жанынан ашылатын мектепке Ыбырайды жаздырып қояды. 1850 жылы 22-тамызда сол мектепке Ыбырай алғашқы 30 баланың бірі болып қабылданады. Ол уақытын жан-жақты білім алуға ерекше ынтамен кіріседі.
Балғожа Жаңбыршин жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған Торғай, Тобыл және Аят өзендері аралығында көшіп қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше, ол «адамдарды басқару жағынан да, жалпы орда істері жөнінен де өз руластары алдында өте беделді болған.
Ол ұзақ уақыт Орынбордағы погран (шекара) комиссиясы қол астында, қыпшақ старшина болып қызмет істеген, патша үкіметінен шен-шекпен алған ірі феодалдың бірі, яғни белгілі би, ірі бай болған кісі.
Балғожа би немересі Ыбырайды жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешендікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып жүріп, билік айтқызып, қанатын қатайтқан. Ыбырай жасынан зерек болып, атасын жерге қаратпай, алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген кездерінде айқындала түседі.
«Іздегенге сұраған» дегендей, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап патша үкіметі қазақ даласын бағындырудың, билеп-төстеудің тағы бір жаңа әдісін қолдана бастады: қазақ балаларына арнап мектептер ашуға кірісті. Сонымен бұл мектеп 1850 жылы 22 тамыз күні Орынбор қаласында ашылды. Оған қазақтың 30 баласы алынды, солардың бірі 9 жасар Ыбырай болды.
Ыбырайдың нағашылары – елін, жерін жатжерлік басқыншылардан қорғауға белсене қатысқан, әскери «Тархан» атағын қазақта тұңғыш алған асқан батыр, мәмілегер Жәнібек Қошқарұлының ұрпақтары. Жәнібектің тұңғышы Дәуітбай әкесі сияқты жау жүрек, хас батыр болған адам. Жәнібек қайтыс болғаннан кейін соғыс министрлігі алқасының 1759 жылғы жарлығымен «Тархан» атағы Дәуітбайға көшіріледі. Дәуітбайдан 9 бала, солардың бірі – Мұса, Мұсадан - Шеген. Шегеннен жеті ұл, екі қыз туады. Сол қыздың бірі – Айман Ыбырайдың анасы еді.
Ыбырай 1864 жылы Сырдария облысы (қазіргі Қызылорда облысы ) Перовский уезіне қарасты Жаппас руындағы Шолақ деген кісінің Айғаныс атты қызына үйленеді. Айғаныс өзі оқымаған адам болғанмен, Ыбырайдың шығармашылық жұмысына барлық уақытта да жағдай жасап отырды. Ыбырайдың жанұясында көпке дейін бала болмайды, сондықтан ол қазақ арасында жиі кездесетін салт бойынша інісі Оспанның Хамитбек деген баласын алып тәрбиелейді. (ол алты жасында қайтыс болады).
Ыбырайдың тұңғыш баласы Абдолла 1880 жылы дүниеге келеді. 1887 жылы Әбдірахман деген екінші ұлы, 1888 жылы Шарипа атты қызы туды. Балалары Әбдірахман мен Шарипа жас кезінде ауырып қайтыс болады. Әкесінен жастай қалған Абдолла ұзақ уақыт оқи алмай, шаруашылықпен айналысады.
Нағима Абдоллақызы - Ыбырай Алтынсариннің жалғыз немере қызы. Нағима атасын көрмесе де, 1924 жылы қайтыс болған Айғаныстың көзін көріп өскен.Нағима Ыбыраева 1916 жылы Қостанай облысы Талапкер ауылында дүниеге келді. Нағима бала кезінде атасы Ыбырай ашқан Қостанайдағы мектепте үш жыл оқиды. 11 жасында анадан айырылады.
1920-1930 жылдардағы дүрбелеңнен ұлы Ыбырайдың ұрпақтары да байдың тұқымдары ретінде қуғындалған. 1928 жылы Нағиманың әкесі Абдолла да кәмпескеге ұшырап, Қазақстаннан тыс жерге қоныс аударған. Ол Қырғызстанның Тоқмақ қаласында тұрды. Абдолланың өкпесіне суық тиіп Қошанның немересі Нұрахметтің қолында қайтыс болған. Жамбыл облысы Қордайдағы зиратқа жерленген.
Қырғызстанда Ыбыраева Нағима тұрмысқа шығып, күйеуі соғыста қаза табады. Бірнеше жылдан кейін Нағима Аманкелдиев Байдабек деген кісіге қосылып, 2 баланы дүниеге әкеледі: Жұмакүл мен Дулат. 1959 жылы ол Қырғыз еліне Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы «Жамбыл» атындағы совхозға көшіп келеді. Өмірінің соңғы жылдарын Тараз қаласында өткізді.
1998 жылы 30 наурыз күні 82 жасында қайтыс болды.
1.2. Ұлы ағартушының қызметі
Ыбырай Алтынсарин 1857 жылы жазда мектепті үздік бітіреді, осыдан кейін екі жылдай атасының хатшысы болып қызмет істейді. 1859 жылдың тамыз айының 1-нен бастап, Орынбор облысының басқармасына кіші тілмаш болып тағайындалады.
1860 жылы Орынбор өлкесінің басқару орыны Орынбор бекінісінен «Торғай қаласы» қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуға рұқсат алған Ыбырай Алтынсарин Торғай қаласына барады. Ондағы мақсаты мектеп ашу еді. Бірақ жергілікті органдардың жәрдемі жеткіліксіз болып, мектеп ашу ісі ұзаққа созылады.
Ыбырай Алтынсариннің армандаған мектебі 1864 жылы 8 қаңтарда бекіністің барша адамдарымен 200-ден астам сыйлы қазақтардың қатысуымен салтанатты түрде ашылады.
1866-1868 жылдары Ыбырай Алтынсарин Торғай уезінде уақытша судья болып істейді. 1868 жылы Торғайдағы қазақ мектебі бір класстық орыс-қазақ училищесі болып қайта құрылады. Сол жылы Ырғыз қаласында екі класстық орыс-қазақ училищесі ашылады.1869 жылы уезд бастығының аға жәрдемшісі болып тағайындалады. 1871 жылдар аралығында Торғай уезінің судьясы болып жұмыс істейді.
1874 жылы Ыбырай Алтынсарин орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланады. 1875 -1876 жылдарда Ыбырай Алтынсарин Қазан, Петербург қалаларына сапар шекті. Қыркүйек айларында Торғайға оралып, Орынбор, Қазан, Петербург қалаларынан қажет деген оқулық методикалық, т.б. кітаптарды мол әкеліп, жұмыстарына қызу кіріседі.
1879 жылы қыркүйек айының 1-ші жұлдызында Ыбырай Алтынсарин Торғай облысындағы мектептердің инспекторы болып тағайындалады. 1881 жылы қараша айында Бөрте болысында бір кластық орыс-қазақ училищесі ашылады. 1882 жылы Ыбырай Алтынсарин барлық мектептеріне ән-күй сабақтарын енгізеді. Жергілікті, ауқатты ел азаматтарынан ақша жинап, кітапхана ашады. 1883 жылы 15 қарашада Торғай қолөнер мектебін ашты.
1887 жылы 15 қарашада Ыбырай Алтынсарин Ырғыз қыздар училищесін ашады. 1888 жылы 28 қазанда қазақ қыздарына арналған 12 орындық мектеп интернат ашылды. Тамыздың 21-ші жұлдызында Қостанайда 1-ші кластық ер балалар үшін орыс мектебі ашылды.
1.3. Ыбырай Алтынсариннің оқулықтары
Ы.Алтынсарин демократиялық-ағартушылық бағыты оның педагогикалық көзқарасының үш бірдей саласынан көрініс тапты. Біріншіден, бүкіл өмір жолын мектеп ашуға, қазақ балаларын оқуға тартуға, дүние ғылымдарын үйретуге және соған оқу құралдарын жазып шығаруға арнаса, екіншіден, өнегелі ұстаз тәлімгер дасрлауға, оларға күнделікті ғылыми-әдістемелік басшылық жасауға көңіл бөлді. Үшіншіден, шығармаларында қазақ халқының ХІХ ғасырдағы қоғамдық өмірінде болған саяси әлеуметтік мәселелерді жан-жақты қамтып жазуға жұмсады. Ол кез келген шығармаларында шәкірттерді адал, шыншыл, еңбек сүйгіш, өнерлі азамат болуға, жат мінезден бойын аулақ ұстауға шақырды. Қазақ халқының келешегі тек өнер-білімде деп түсінген Алтынсарин өз ойын іске асыруда түрлі тосқауыл кедергілерге кездесті, бірақ оларды табандылықпен жеңе отырып, өз мақсатын іске асыра білді.
1) «Қазақ хрестоматиясының» дүниеге келуі
Қазақ халқының сауатсыздығынан, қазақ тілінде басылған бір де кітаптың жоқтығынан, оқу орындарының мұғалімдері қазақ балаларын оқытқанда амалсыздан қазақ тілінің орнына татар тілін пайдаланып жүр. Сондықтан көзге көрінер ешқандай пайдасы болмаса да, шәкірттерге амалсыздан татар тілінен ешқандай кемшілігі жоқ ана тілін тастап, татар тілін үйренуге тура келеді. Екінші жағынан, татардың кітап тілі, бұл тілді татарлардан шыққан оқымыстылардың өздері де менсінбегендіктен араб, парсы сөздеріне лық толған; сондықтан ол сауатсыз қазақтарға түсініксіз. Бұл тілде басылып шыққан кітаптардың бәрі де тек дін туралы жазылған кітаптар, сондықтан олар осы жағынан алып қарағанда да дүниеяуи мақсаттарды көздейтін орыс-қазақ мектептерінде пайдалану үшін, мысалы, орыс тіліне аудартып жаттықтыру үшін қолайсыз. Осылармен қабат бір ескертетін нәрсе — қазақ халқы азбаған халық, оның талабы біреу салып берген тар шеңбердің қыспағына сыя алмайды, оның ой-пікірі еркін, оның келешегі үшін оған тек сана-сезім жағынан жалпы білім мен пайдалы өнерді үйрену керек болып отыр. Ал осы айтылған мақсаттарға жету жолында, мен білсем, осы күнге дейін ешқандай жетекші құрал болған жоқ.
Жалпы бастауыш оқу құралдары, хрестоматиялар сияқты кітаптар шын білім беретін, пайдалы мәліметтер беретін ғылыми, күрделі оқу құралдарына жол салып беретіндігін, ал мұндай жалпы білім беретін кітаптардың Азия халықтарының ешбірінде жоқ екенін еске алып, біз мұндай жетекші оқу құралдарын жақын жердегі орыс тілінен іздеуге мәжбүр болдық, сондықтан бұл шығарғалы отырған кітабымыз көздеген мақсатына сәйкес болып, орыстың ғылыми және жалпы пайдалы кітаптарына тікелей жол салып беру үшін және сол орыс кітаптарына мағынасы жағынан да, әрпі жағынан да қайшы келмеуін көздеп, біз осы кітабымызды орыс әрпімен бастырғанды қолайлы деп таптық. Жоғарыда айтылған қолайсыздықтарды оқу ведомствосының көптеген білімді қайраткерлері бұрын да көрсетіп келген болатын, сондықтан мен сол білімді адамдардың ақылын алып, екінші жағынан, өзім де осылай етуді қажет деп тауып, осы хрестоматияны құрастыруға кірістім.
Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын көздедім, екіншіден, бұл кітапта келтірілген әңгімелердің қазақтар үшін ұнамды болу жағын көздедім, сондықтан бұл кітапқа енгізген әңгімелерді тергенде көп қиыншылықтарға кездестім, әрбір мақаланы әр жағынан ойлап барып қосу керек болды. Бұл хрестоматияны мен екі кітап етіп шығаруды ойладым. Бұл басылып отырған бірінші кітаптағы мақалалар мынадай төрт тарауға бөлінді:
1)Балалар өмірінен алынған әңгімелер, бұлар түрлі орыс хрестоматияларын, көбінесе Паульсонның хрестоматиясынан алынды, мысалдар мен халық әдебиеті, балалардың туғандарына жазған хаттары.
2) Әр түрлі жастағы адамдардың өмірінен алынған әңгімелер.
3) Ең жақсы қазақ ақындарының өлең-жырларынан үзінді.
4) Қазақтың мақал-мәтелдері.
Екінші кітапта қазақтың төл әңгіме,аңыздарынан басқа, табиғат тарихы мен жалпы тарих жөнінен, география, өндірістехникасы жөнінен және кеңсе ісін жүргізу үлгілері жөнінен мақалалар қоспақшымыз.
Тұңғыш рет шыққалы отырған еңбек болғандықтан, бұл хрестоматияныңкейбір кемшіліктері де болуы мүмкін,бірақ сонда да болса бұл кітап ізсіз қалмас, тұңғыш оқу кітабы ретінде көздеген мақсатына жетер деген үмітпен өзімді жұбатып отырмын. Оның бер жағында осы күні халқымыз өз тіліндегі ғылыми оқу құралдарына аса сусап отырғанына, надан жатқан; бірақ әліазғындық жолға түспеген, пайдалы нәрсенің бәріне жаны құмар халқымыздың шамасының келгенінше қызмет ету біздің әрқайсымыздың да борышымыз екеніне, бәлкім, басқа да менен білімдірек елдестеріміздің де санасы жетіп қалар.
2) «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы»-орыс графикасына негізделіп жасалған ең алғашқы оқулық. 1879 жылы Орынбор қаласында шыққан. Бұл орыс тілі грамматикасы қысқаша курсын қамтитын оқу құралы. Оқулықта жеті бөлім бар: 1) Нәрселердің аттары (зат есім). Имя существительное; 2) Зат-мақұлықтың қасиетінің аттары (сын есім); 3) Есеп аттары (сан есім). Имя числительное; 4) Местоимение деген сөздің бөлімі (есімдік); 5) Ақыры өзгерілмейтін сөздер (үстеу, демеу). Наречие и союз; 6) Предлог деген сөздің бөлімі (жалғау); 7) Глагол деген сөздің бөлігі (етістік). Қазақшадан орысшаға кешіруге арналған сөздер. Оқулықтың алғы сөзінде оқу құралын қалай оқыту жөнінде әдістемелік нұсқау берілген (оқыту әдісі белімдерден кейін де көрсетіліп отырады). Әрбір бөлім сөздіктен тұрады. Әрқайсысынан кейін орыс грамматикасының негізгі, басты ережелері ұсынып отырады (мысалы, септік жалғаулары, көпше, жекеше түр, род, реңк мәнді жұрнақтар, зат есімнен жасалатын сын есімдер, шырай түрлері, етістіктің шақтары, райлары т. б.). Ережелер қабылдауға оңай нұсқауда келтірілген. Сөздердің тізбесін, грамматикалық ережелерді беруде арнайы әдістемелік мақсат көзделінген: оқушы әдебиеттік оқуды меңгермес бұрын, жекелеген сөздердің тобымен, бастапқы, негізгі ереже түрлерімен таныс болады, жүйелі дайындық курсынан өтеді. Оқулық бірде-бір орыс сөзін білмейтін қазақ баласына тіл үйрену неден қалай басталуы керек деген мәселені қояды. Бұл - сол кезеңдегі орыс грамматистері мен әдістемешілері де қолға ала қоймаған күрделі жұмыс. Тіл үйрену үстінде бала екі бірдей дағдыны қатар игереді.
Оқулықта орыс тілі мен қазақ тілі грамматикасын салыстыра оқыту қажеттігі басым айтылған. Бұл оқу құралы сол кезең үшін де және қазіргі талап тұрғысынан да терең негізгі лингвистикалық-әдістемелік еңбек болып табылады. Мұнда шет тілін жаңадан бастап үйренуге арналған оқу құралының сипаты қандай болуы керек деген мәселе шешімін тапқан.
Сонымен бірге екі тілдің грамматикасы үйлестіре оқыту мәселесі де алғаш рет Алтынсарин заманында қолға алынған. Шет тілінде дұрыс жазуға үйрету, тіл ұстарту мәселелері көтеріледі. Алтынсариннің оқу құралы тіл үйренудің лингвистикалық негізгі тілдің лексиклық жүйесіне негізделуі керек деген қортындыға әкелді.
1.4 Ыбырай Алтынсарин ақын, жазушы, этнограф
1) Ыбырай – ақын.
Ы.Алтынсарин көптеген өлеңдерді жазған. Өз шығармаларында Отанын, халқын сүюге, оқып білім алуға шақырды. Оның «Бұл кім?», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Жаз», «Өзен», «Ананың сүйюі» және т.б. өлеңдері бар.
Кел, балалар, оқылық!
«Бір Аллаға сиынып,
Мұнтаздай боп киініп,
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық
Оқысаңыз, балалар
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар!»,-деп Ыбырай атамыз осы өлеңінде ақын оқу-білімнің пайдасы мен қараңғылықтың зиянын салыстыра отырып сипаттайды. Ғылым-білімнің басты жауы - қараңғылықтың мән - жайын ашып береді. Ақын мұнымен де қанағаттанбайды, сол оқудың үйдегі әке-шешенің үміт тілегімен ұштасып жататынын да әсерлі жеткізеді.
Ақын «Өнер, білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудағы мақсатты аша түседі. Балғожа сықылдылардың бала оқытқандағы арманы «ата-ананы асырау» болса, Алтынсарин оқушылардың білімді адам болғандағы мақсат-міндеттері өз халқының бір керегіне асу, оның прогрестік жолмен ілгерілеуіне жетекшілік жасау, мәдениет жағынан салыстырғанда, басқалардан бірнеше ғасырлық кейін қалған өз елін, «Тастан сарай салдырып, айшылық алыс жолдардан, көзіңді ашып-жұмғанша хабар алдыратын» елдердің қатарына жеткізу деп білді. Радио, телеграф, телефон, самолет, электр, т.б. техника тетіктері қазақ тілінде көп тарламаса да, ақын сол сөздерді ұғындыруға тыңнан жол салып, үлкен шеберлік танытады. Оқып білім алудағы мақсат халықтың қажетіне жарау, өз еліңді өркениетті елдер қатарына қосу деп түсіндіреді.
Ыбырай қазақ жастарын оқуға шақырумен қатар, адамгершілікке, махаббат-достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке шақырды. Былайынша айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуды насихаттап, жастарға дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.
2) Ыбырай- жазушы.
Ы.Алтынсарин жазба әдебиетке тән проза жанрының да негізін қалады. Ол - тұңғыш рет балаларға арнап әңгіме жазған жазушы. Ыбырай әңгімелерінің басты ерекшелігі-жақсы мен жаманды салыстыра отырып әңгімелеу арқылы балалардың санасына ой салу, тәрбиелеу. Еңбекті сүю және қадірлеу – Ыбырай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Оны жазушы шағын әңгімелерде үгіт, өсиет түрінде берсе, кей шығармаларында халықтың қоғамдық санасын тәрбиелейтін реалистік суреттер арқылы бейнелейді. "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш" әңгімесінде Ыбырай ең кішкентай жәндіктердің өзі де тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Ы.Алтынсариннің «Екі жолдас», «Бір уыс мақта», «Қисық ағаш», «Таза бұлақ», «Шеше мен бала», «Ақымақ дос», «Тазша бала», «Қыпшақ Сейтқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Талаптың пайдасы», «Бақша ағаштары», «Асыл шөп», «Байұлы», «Мейірімді бала», «Дүние қалай етсең табылады», «Жиренше шешен», «Бай мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Мақта қыз бен мысық» және т.б. әңгімелері бар.
3) Ыбырай -ғалым, этногроф
Ы.Алтынсарин этнография саласындағы еңбектері халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын қарастырады. Оның бірі өлген адамды жерлеу және оған ас беру, екіншісі құда түсу, қыз ұзату салттары туралы айтылады. Лингвистика, тілтану саласында қазақ тілнің тазалығына зор мән берді. Қазақтың әдеби тілі, оның қалыптасуы мен дамуы, ана тілінің тазалығы Ы.Алтынсариннің негізгі бағыты мен қызметі болып табылады. Қазақ ауыз әдебиетін зерттеп, қазақтың жұмбақтары, дастандары, мақал-мәтелдері жөнінде ғылыми мақалалар жазды. «Қобыланды батыр», «Қара батыр», «Жәнібек батыр» эпостарынан, қазақ халқының тарихынан үзінділері баспа бетіне жариялады. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қазақ халқының дарынды перзенті Ыбырай Алтынсарин аса күрделі тарихи кезеңде, патша үкіметі Шығыс халықтары арасында қатаң отарлау саясатын жүргізіп жатқан кезеңде өмір сүрді. Қазақ халқының тарихында Ыбырай Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.
Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.
Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Ол мәдениет пен білімнен артта қалған ел-жұртын көрші елдің өнер-білімін, техникасын игеруге шақырып қана қоймай, сол игі істі тікелей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады.
Ыбырай Алтынсариннің жұмысы жастарды үш тілді игеруге, сауатты және жоғары білікті маман болуға шақыратын елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың үндеуімен үлеседі.
Ыбырай Алтынсарин - нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.
Мен осы ғылыми жобамды, ақын Ақылбек Шаяхметтің жазған өлең шумақтарымен аяқтағым келіп тұр.
Алтынсарин – қазақтың жарық шамы,
Ойлағаны аяулы халық қамы.
Жап-жасыл жайқалатын жапырағы,
Алтынсарин – елімнің алтын бағы.
Алтынсарин- мазмұнды өмір әні,
Үлгі болып алдыңнан жолығады.
Шырт ұйқыдан оятқан бабамызды
Алтынсарин – даланың қоңырауы.
Алтынсарин – ел үшін соққан жүрек,
Сезіп оның дүрсілін шаттанды көп.
Қалың қардың жібіткен мұз денесін
Алтынсарин – аңқылдақ алтын күрек.
Денесі оның Тобылдың жағасында,
Мүсіні тұр Қостанай қаласында.
Ыбырай бұлағының мөлдір суы
Шүпілдейді білімнің шарасында.
Сол сумен егін егіп, мал суардық,
Жыр жазып, дала жайлы ән шығардық.
Сол сумен қаталаған шөлді басып,
Шығып тұр қазағымның дауысы анық.
Сол судан мейірі қанып барлық халық,
Өмірден өз орынын тапқаны анық.
Алтынсарин – ұлы ұстаз ұлағатты,
Алтынсарин – ұлтыма ұлы жарық.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. – Алматы: № 11, 2004. 109 – 112 б.
Оспанұлы С. Алтынсариннің айналасындағы адамдар. Қостанай: «Шапақ», 2006 ж. 8-15 бет.
Сарбаева А.М. «Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері. IX-XIX ғасырлар. Ғұлама тағылымы»: Оқу – әдістемелік құрал. Көкшетау: «Келешек 2030», 2011ж. 144-161бет.
Ы.Алтынсарин. Қазақ әдебиеті: Алматы: Ғылым, 1979.-110-129 бет.
Ы.Алтынсарин. Елтұтқа.-Астана: Күлтегін, 2001.-226-228-б.
Ы.Алтынсарин. Қазақ энциклопедиясы.-Т.1-121 –б7
Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы.А 2005
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 3-том.-Алматы: «Атамұра», 2010
www. кazahadebieti.kz
www. egemen.kz
Ғаламтор желісінен алынған қосымша материалдар
Достарыңызбен бөлісу: |