Қара шаңырақта – қазақ ғылымы



Дата08.09.2017
өлшемі108,41 Kb.
#31842

Қара шаңырақта – қазақ ғылымы




Салқынбай А.Б. – филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, мемлекеттік тіл кафедрасының меңгерушісі
ХХ ғасыр қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасу ғасыры болды десек қателеспес едік. Ғасырдың басындағы балапан басында, тұрымтай тұсында шыққан алаш азаматтары А. Байтұрсынұлы бастаған кемел кемеңгерлер қазақ тіл білімінің алғашқы қарлығаштарындай қазақша зерттеулер жазып, көркем сөздің кестесін құрып, грамматикалық құрылымын түзді. Әйткенмен, өзінен кейін шәкірт дайындауға мүмкіндігі бола бермеді. Оған заман ырық бермеді. Кеңес өкіметі тұсында түркітану орыс тілінде дамыды да, қазақ тілінде ғылым жасауды қажет деп таппады. Мәскеудің биліктегі білімділері түсіну үшін, қазақ тіл білімінен орысша ғылыми жұмыс жазу міндетті болған тұста, Қазақстанда жылына асса екі-үш қана диссертация жазылғаны қазір біз үшін тарих. Ал ғылымның өркендеп дамуы үшін, үлкен ғылыми мектептер қалыптасуы шарт. Білікті ұстаздың ұстанған ғылыми бағыты мен жолын жалғастырушы шәкірті болмаса, жасаған ілімі жалғасын таппай қалары анық. Ия, қазақ мәдениетінде мұндай деректер де аз емес.

Құрылғанына 80 жыл толып отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ ғылымының өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан киелі қара шаңырақ. Осы қара шаңырақта қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ғылымының ауқымды теориялық мәселелері жан-жақты көтеріліп, жаңа шешімдер жасалды, қазақ рухани мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосылды. Тіл-­теңіздің тереңінен тарих сілемдерін тап бастырмай тауып, оған жіті қарап, терең зерттеп, тілде өзгеріссіз сақталған жеке тұлғалар мен қасиетті қара сөзге сіңген қазақ тарихының қасиетін таныған, танытқан ғалым профессор М. Томанов болды. Тіл – нақты ғылым. Мұнда жалаң сөзге, қыздырманың қызыл сөзіне, боямаға орын жоқ. Тіл тарихы нақты тілдік деректерге ғана сүйенеді. Зерттеуде сақталған көне мұрағаттар бетіндегі тұлғалар ғана сөйлейді. Біртоға мінезді, артық сөзден гөрі іске біртабан жақын, ғылымда өзіндік ғылыми жолын қалыптастырған профессор М. Томанов зерттеулері осындай көне мұралар тіліндегі тілдік бірліктердің тарихи сипатын ашып, зерделеп, әр таңбадан тарих ізін шолып, бағалап, текті сөздің төркінінен текті қазақтың тарихын аршыған ғылыми зерттеулер қатарында.

Ғалымның “Қазақ тілі тарихи грамматикасының мәселелері” (1974), “Түбірлердің дамуы туралы мәселеге” (1974), “Үстеулердің тарихынан” (1975), “Тарихи грамматика мәселелері” (1975 ж. екінші авторы – Т. Қордабаев), “Көне түркі жазуының (Орхон-Енисей) ескерткіштері” (1963), “Махмуд Қашғари (ХІ ғ.)”, “Махмуд Қашғари түркі тілдерінің фонетикалық құрылымы туралы” (1971), “Тарихи морфологияны зерттеуде көне мұраларды пайдаланудың принциптері туралы” (1976), “Көне түркі жазба ескерткіштері – қазақ тілі морфологиясының тарихын зерттеудің көзі болып табылады” (1977) сияқты туындылары әрқайсысы өз алдына бір күрделі мәселенің ауыр жүгін арқалап тұр. “Қазақ лексикографиясының алғашқы нұсқасы” (1968) деп аталатын тарихи сөздіктануға арнап жазған мақаласынан бастап, М. Томанов орысша-қазақша көптеген салалық сөздіктерді құрастыруға атсалысты.

М. Томанов алтаистикада, түркі тілінде қалыптасқан ғылыми ойларға, тұжырымдарға сүйене отырып, бірінші рет қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазды. Бұл күні бүгінге дейін бірегей еңбек әрі дара оқулық ретінде танылып отыр. Оқулықта қазақ тілі тарихын зерттеудің негізгі әдістері, кезеңге бөлу мәселесі, қазақ тілінің түркі тілдері жүйесіндегі орны бірінші рет ғылыми негізде сараланды. Сөйтіп ғалым қазақ тіл біліміндегі тарихи морфология мен тарихи фонетика саласын толық қалыптастырды. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы – қазіргі қазақ тілінің тарихи бастаулары мен қайнар көзін анықтап, өзге түркі тілдерімен салыстыра отырып, олардың арасындағы байланысты, сабақтастықты терең зерделейтін, көне түркі жазба мұраларының тіліндегі тілдік бірліктерді талдап, олардың бүгінгі тіліміздегі көріністерін саралайтын, қазіргі тіліміздегі қолданыстағы кез келген тілдік форманың тарихи сипаттамасын ашып көрсететін ерекше пән. Профессорлар М. Томанов пен Ғ. Қалиев алғаш осы пәнді негіздеп, жүйелеп, оның типтік бағдарламасы мен оқулығын жазып Қазақ ғылымында тарихи грамматиканың негізін қалаушылардың бірі болды. Кеңес заманында Жоғарғы оқу орындарында орыс тілінің тарихи грамматикасымен қатар қазақ тілінің тарихи грамматикасы Республика көлемінде іргелі пән ретінде күні кешеге дейін осы авторлардың бағдарламаларымен, оқулығымен оқытылды. Бір өкініштісі, осындай іргелі пән кейінгі кафедра басшылығының арқасында республикалық деңгейдегі оқу стандартынан шығарылып қалды. Уақытша болса да, бұл ертеңгі қазақстандық түркітану ғылымының дамуына тұсау болары анық.

М. Томанов - түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасын жазып, түркітануға үлкен үлес қосты. Ежелгі деректерді кешенді, жан-жақты салыстыра зерттеу арқылы түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық құрылысының басты ерекшеліктерін ашып көрсетті. Түркі тілдерінің негізгі жүйелілік ерекшеліктерін анықтап, оларға тән ортақ белгілерді көрсетіп берді. Әлеуметтік, экономикалық, тарих ерекшеліктеріне сәйкес қазіргі түркі халықтарының тарихи этногенездік тұрғыдан әр диалектіде сөйлеген тайпалардан құралғанын ескере отырып, әдеби тілді қалыптастырған негізгі арнаны тауып, тілдегі басты заңдылықтарды анықтады. Соңғы мың жарым жыл бойында түркі халықтары басқа халықтармен жиі қарым-қатынасқа түсіп, өте кең көлемді мекенді жайлап, түркі тектес емес тайпалардың тілдерін ассимиляциялап, түркілік сипат бергенін дәлелдеді.

Қазақ тілі – түркі тілдер тобындағы біршама жас тіл ретінде де таныла бастағаны белгілі. Оның дамудың күрделі процестерінен өткен өзіндік граматикалық құрылымы, қалыптасу тарихы бар тіл екеніне қарамастан, Кеңес заманындағы түркітану ғылымының аса білімпазы саналған үлкен ғалым, беделді ғалым С. Малов қазақ тілін ең жас тілдердің қатарына жатқызады. Қай кезде де беделді ғалымдардың айтқан пікіріне қарсы дау айтып, жаңа ерекше көзқарас білдіру оңай болмаған ғой. Қазақ тілінің өзге түркі тілдерінің қай-­қайсысымен салыстырғанда да, бастау бұлағы – ортақ, даму жолы ­ бір, сондықтан оның кейін шыққан жас тіл бола алмайтындығын терең ғылыми пайымдаулармен, тарихи деректермен дәлелдеген ғалым да М. Томанов еді. Қоғамдық сананың, ойлаудың логика-прагматикалық түрi күшейiп, мифологиялық, дiни сана түрлерiн ығыстырып шығарумен байланысты халықтық тілдің тарихын жүйелеуге де ерекше көзқарас қажет екені анықталуда. Осы ретте профессор М. Томановтың зерттеулерінің маңызы артады, тіл тарихын жүйелеуде автор ұстанған өзіндік принциптің мәні қазіргі таңда ерекше бағалауға лайық. Яғни тіл тарихы мен оны жасаушы халық тарихын бір-бірінен бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан автор Қазақ тілінің тарихын “қазақ” этнонимі шыққан кезеңнен бастап жүйелеуді, ал оның бастапқы бастау көздерін көне заманнан бастау керектігін ұсынады.

Университетте 1991 жылдан бастап қазақ тіл ғылымы бойынша қазақша диссертациялар қорғату жұмысы басталды. Тұзақталған қазақ тіл ғылымы дүр сілкінген, жан-жақты ашыла түскен жылдар еді бұл. ҚР ҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі Мырзатай Серғалиұлы Серғалиев филология факультетінде 10 жылдан астам уақыт осы диссертациялық кеңестің төрағасы болды. Бұл қазақ тілінен орысша зерттеу жазғызған сұрқия саясаттың айылын жиған кезі еді. Бітеліп қалған таза бұлақтың қайнар көзі ашылғандай болып, айына екі-үш кандидаттық диссертация қорғалып жатты. Осы ұлағатты істің басында Мырзатай ағай жүрді. Кең мінезді, парасатты жан өз шәкірттерінің ғана емес, жалпы қазақ тіл білімінің маңында жүрген жас ғалымдардың маңдайынан сипап, ақылын, қамқорлығын аяған жоқ. Қазақ тілінен қазақша ғылыми жұмыстар жазғызудан аянған жоқ. Ана тілінің мемлекеттік мәртебе алуымен байланысты жер-жерде ашылып жатқан алғашқы практикалық қазақ тілі кафедралары мамандарға өте зәру еді. КазГУ-ден түлеп, жетіліп ұшқан ғылым кандидаттары еліміздің түпкір-түпкіріне барып, белсене қызметке кірісіп жатты. Кішіпейіл, жаны жайсаң, кісілігі биік азамат аға өзінің осы бір ұлық ісінің халыққа қандай пайдасы болып жатқанын, кезек күттірмес зәру іс екенін білер еді.

Мырзатай Серғалиұлының негізгі шығармашылық талантының да шарықтап көрінген тұсы КазГУ-дегі істеген жылдары болса керек. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқару Мырзатай Серғалиұлы үшін ең бір нұрлы шақ болды десек қателеспеспіз. Университет тек ғылым мен білімнің ғана ордасы емес, кісілік пен ұлағаттың, ізгілік пен мейірімнің де шапағатын шашар сәулетті орын. Оның табалдырығынан төріне дейін Мырзатай ағаға таныс, өзі басып өткен жолдары. Мектепті бітіріп келіп табан тіреп оқуға түскен ол КазГУ-де студент атанды, аспирант болып, кандидаттық диссертациясын жазды. Үлкен ғылыми ізденістің нәтижесінде осы шаңырақта докторлық диссертациясын тамамдап қорғады. Профессор атанып, республикадағы негізгі теориялық кафедра саналатын қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болды. Факультет деканы қызметін атқарды.

“Кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің формасы” – деп ғалым өзі айтқандай, университет қабырғасында жүріп, сөз өнерінің нағыз ұстасы ретінде сөз мәдениетінің, сөйлеу мәдениетінің үлгісін танытып, шәкірт құлағына татымды етіп жеткізе алды. Ұстаз-ғалымның ғылыми жетекшілігімен қаншама жас ғылымға жолдама алды, қыз-жігіттер ғылым кандидаты атанып, докторлық диссертациялар қорғалды.

Мырзатай Серғалиұлы қазақ тіл біліміндегі қаламы қарымды санаулы көрнекті ғалымдардың бірі. Ғалымның 5 монографиясы, 7 оқулық пен оқу құралдары, 15-тей әдістемелік нұсқауы, 4 әдеби-сын кітабы, 500-ден аса ғылыми және ғылыми көпшілікке арналған мақалалары жарық көрді. Әртүрлі ғылыми анықтамалар мен энциклопедияларға, жинақтарға шыққан еңбегі қаншама. Бұл тізімнің толық болмауы да мүмкін, бірақ әңгіме оның тек санында ғана ма? Әңгіме сапасында ғой.

М. Серғалиев қазақ тілінің стилистикасы, қазақ тілінің синтаксисі, көркем әдебиет тілі, тіл мәдениеті, лексикография саласы бойынша еңбектер жазды. “Етістікті сөз тіркесінің синонимиясы” ғалымның кандидаттық диссертациясының негізгі желісіне айналса, докторлық диссертациясын “Синтаксистік синонимдерге” арнады. Қазақ халқы қашан да сөз иірімінің, сөз саптауының дұрыстығына мән берген. Ал оның ғылыми негізделуі өте жауапты іс. Осындай күрделі ғылыми жұмыстың басы-қасында ұстазы Мәулен Балақаевтың бастаған ісін жалғастырып, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Серғалиұлы жүреді. Қазақ сөзінің дұрыс, таза қолданылуы, мәнерлілігі, логикалылығы, қисындылығы туралы ғылыми тұжырымдар жасады. Оның ”Қазақ тілінің мәдениеті” деп аталатын еңбегі ұстазы М.Балақаевпен бірге жазылған. Зерттеудің негізгі мақсаты – халықтың ғасырлардан келе жатқан қазынасы – тілдің мәйегін, дұрыс жаза білу мен дұрыс сөйлей білу мәдениетін бүгінгі ұрпақтың көкірегіне қайта құю. Оны ғылыми тұрғыдан саралау, жүйелі түрде түсіндіру. Зерттеу қазақ тіліндегі әдеби тілдің нормаларын айқындап, жұрт алдында сөз сөйлеу , сөз қолдану мәдениетін, сөз дәлдігі мен мәнерлілігін, сөздің байлығы мен тазалығын зерделеуді негізгі нысан етеді.

Ғалым көркем әдебиеттің көрнекті өкілдері М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов шығармаларының тілін зерттеді. Өз шәкірттерінің де осы бағытта зерттеу жүргізуіне көп көңіл бөлді. Сондықтан да М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Әуезов, Ғ. Малдыбаев, Ғ.Мүсірепов, О. Әубәкіров, М. Мақатаев, Қ. Мырзалиев, Т. Молдағалиев т.б. ақын-жазушылар шығармаларының тілі қазіргі таңда жүйелі зерттеу нысанына айналып келе жатыр. Ұстаз өзінің ұстазы туралы жақсы лебіз айтудан жалыққан емес. Өмірде пір тұтар ұстазы Мәулен Балақаевтың жасаған әкелік қамқорлығын айтқанда оған деген таза да мөлдір шәкірттік сезімі әсте таусылмайды. Әңгіме төркіні ұстазы жайына ауысқанда: “Сол кісідей лекция оқуды армандаймын. Сол кісідей мәжіліс басқара алсам деймін. Сол кісідей әзіл айтқым келеді.” (Егемен Қазақстан, 1995, 18 қазан) – дейтін-ді. Біздіңше, ағай осы жолмен жүрді. Сол кісідей біздерге дәріс оқи алды. Балақаевша мәжіліс басқара алады, Балақаевша әзіл де айта білді. Біздер, шәкірттер де Мырзатай аға сияқты мәжіліс басқарып, осы кісідей әзіл айтып, осы кісідей доспен де, дұшпанмен де сөйлесе алсақ қой деп іштей ағаға ұқсағымыз келетіні тағы да шындық болатын. Ағаның кеңдігі, азаматтығы, мейірімі, кейінгі шәкірттерге ұстаздық қамқорлық жасауы, әрі осы қамқорлығын ешқашан міндетсіп сатпауы қашан да үлгі болатын.

“Қолына қалам алып, қалың оқырман қауымға эстетикалық тәрбие беруді мақсат тұтқан адам өз заманының алдыңғы қатарлы мәдениет иесі болғандықтан, оның сөзге деген талабы мен талғамы сол мәдениеттің биігінен көрінуге тиіс” – деп жазған еді ғалым өзінің “Көркем әдебиеттің тілі атты зерттеуінде. Олай болса, М.Серғалиев қаламынан туындаған публицистикалық шығарма болсын, сыни еңбектері мен ғылыми зерттеу, монография, сөздіктері болсын, үлкен мәдениетті зиялы ғалымның қолынан шыққандықтан да, жоғары талап пен биік талғамға жауап беретін туындылар ретінде қазақ қауымына белгілі дүниелер.

Осындай бір кезеңде «баба тілінің» өзіндік ерекшелігін, сөйлеу дәстүріндегі үндестікті сақтай сөйлеу қажеттігін ашық айтып қана қоймай, ғылыми түрде дәлелдеген ғалым профессор Сапархан Мырзабеков еді. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін ҚазҰУ студенттеріне оқыта жүріп, ондағы төл заңдылықтарды көкірегіне тоқи жүріп, лебіздегі дыбыстық өзгерістердің сапалық мәніне терең мән берген ғалым алдымен оқу құралын, оқулығын жазып, кейін зерттеуді тереңдетіп докторлық диссертация дәрежесіне жеткізіп, сүбелі ғылыми еңбек жазды. Абай өлеңдерін оқыта отырып, талдатып, талдата отырып оқытып, сөздің терең мағынасы мен мәніне бойлауды шәкірттерінің құлағына құйған ұстаздың аудиториядағы ұланғайыр еңбегін 80-90 жылдардағы студент қауымы ешқашан ұмытпақ емес. Қазақ дыбыстық жүйесін зерделеуде дәстүрге сіңіп бара жатқан орыстық дейміз бе, әлде батыстық дейміз бе ізбен емес, таза қазақ сөзі мен қазақ лебізіне тән соқпақ жолды таңдаған ғалым С. Мырзабеков өзі терең білетін Абай шығармаларын фонетикалық заңдылықтарды анықтауға арқау етіп алып, «байырғы түбірлер тіл үндестігіне толық бағынады» деген тұжырым жасайды.



Амандық-есендікке байланысты мәндес сөздердің мол болуы ұлттық-танымдық ерекшелік, ал оның тілде таңбалануы заңдылық деп тұжырымдаған профессор С. Мырзабеков “Қазақта арма дейтін сөз бар ма?” деген сұрақ қоя отырып, қазіргі уақытта қалай амандасып жүргеніміз жайлы сөз қозғайды. “Қазақтыққа бастайтын қарапайым да құдіретті ұғымның әліппесі сәлемнен басталады. Мұны “Қазақтың сәлемі түзелмей, – қазақтық әлемі түзелмейді” – дейтін мақалмен түйіндеуге болады. …Ауыз әдебиетінде саламат, сау-саламат дегенді кездестіргенімізбен, орфографиялық сөздігіміз мұны құптамайды. Шамасы, сөз түбірін салам деп айту сөлекет, ал сәлем тонның ішкі бауындай жақын. Содан да болар, орфографиялық сөздігіміз алғашқы (1963) басылымнан-ақ сәлем ет, сәлеметсіз бе? сәлемет болыңыз түрде жазып, айтуға қосты, – деп жазады ғалым. Қазақ халқына тән амандасудың түрлері талқыланған бұл ғылыми мақаланың тек зерттеушілерге ғана емес, жалпы оқырман қауымға қатысының бар екені рас. С. Мырзабеков арма, армаңыз, армаңдар, армаңыздар деп амандасуды ұсынды. Сөз орайы келіп тұрған сәтте қазақ ұғымындағы амандық-саулық сұрасудың өзі сөз деп танылғандықтан танымдық сипатының да тілдік аямен қосыла ашылғаны мақұл болған болар еді. Қайткенмен де, автордың арманынан туған арма деген амандасудың түп-төркінінің жақсылық тілеуден туғанына күмән жоқ. Амандық, саулық, есендік, салауаттық, есен-амандық, сәлеметтік, есен-саулық, аман-саулық, аман-есендік сөздерімен синонимдік қатар құрып, ұғымдық негізі бір тұлға ретінде лебізде қолданысқа ие болуына толық негіз бар.

Қазақ білімінің қара шаңырағы атанған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ХХ ғасырдың 70-90 жылдарында қазақ тіл ғылымы осылайша жалғасын тауып дамып, айналасын нұрландырып еді.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет