Ќараѓанды Мемлекеттік Медицина Академиясы


Несеп мүшелерінің онтогенезі



бет2/2
Дата28.03.2022
өлшемі52,5 Kb.
#137021
1   2
Байланысты:
15Несеп жүйесі мүшелері құрылысның және дамуының ерелшеліктері-1

Несеп мүшелерінің онтогенезі..
Басты бүйрек немесе алдыңғы бүйрек. Адам ұрығында пронефрос өте тез жоғалып кетеді. Эмбрионда пронефростың түтікшелері дамудың 9-10 сомиттік сатысында (3-ші аптаның соңында) пайда болады. Барлық түтікшелер (шамамен 7 жұп) 7-ден 14-сомиттердің тұсында дамиды. Краниальді орналасқан түтікшелер, олар бірінші болып дамиды, соңғы түтікшелер пайда болғанша (4-апта) кері дами бастайды.
Пронефростың жолы оның түтікшелерінің дистальды ұштарының каудальды бағытта бір-бірімен біріккенше өсуінен пайда болады. Осының нәтижесінде үздіксіз түтік пайда болады. Ол каудальды бағытта өсіп, клоакаға жетеді де, онда ашылады. Сүтқоректілер мен адамның ұрықтарында пронефростың түтікшелері ешқашан қызмет атқармайды. Бірақ пронефростың жолы әрі қарай функциональды маңызға ие болып, мезонефроспен (алғашқы бүйрек) байланысады.
Алғашқы бүйрек ұрықта дамудың едәуір дәрежесіне жетеді. Оның түтікшелері тұрақты бүйрек пайда болғанша зат алмасудың азоттық қосылыстарын шығару қызметін атқарады. Мезонефростың түтікшелері пронефростың түтікшелері сияқты мезодермадан дамиды.
Адамның ұрығында мезонефростың түтікшелері бітеу көпіршіктер түрінде 4-аптаның ортасында пайда бола бастайды. Кешікпей түтікшелер пронефростың жолымен байланысады. Пронефростың түтікшелерінің кері дамып, олардың орнына мезонефрос түтікшелерінің пайда болуына байланысты, пронефростың жолы мезонефростың жолына айналады. Мезонефрос қалыптасуының алғашқы кезеңдерінде оның алдыңғы түтікшелері пронефростың артқы түтікшелерін жауып тұрады. Бірақ көп ұзамай мезонефростың алдыңғы түтікшелері пронефростың түтікшелері тәрізді жойылып кетеді.
Жаңадан артқы түтікшелердің түзілуімен қатар алдыңғы түтікшелердің жойылуының нәтижесінде 4-9 апталық ұрықта мезонефростардағы түтікшелердің кеңейген бос ұшында екі қабат тостағанша жасап кіреді – гломерулалық капсула. Капсуланың ішінде артерия гломерула деп аталатын капиллярлар шумағын түзеді.
Тұрақты бүйрек екі бастамадан дамиды: ол мезонефрос жолының ұлпасынан және мезонефростан каудальды орналасқан мезодермадан. Әуелі мезонефрос жолының томпаюы, метанефростық дивертикул пайда болады. Ұзындығы 5-6 мм ұрықта бұл дивертикулды мезонефрос жолының клоакаға кіретін жерінде бүршік тәрізді томпаю түрінде пайда болады. Пайда болысымен бұл дивертикулдың бітеу ұшы кеңееді де, кейіннен бүйректің түбегін береді. Мезонефрос жолының маңында қалатын бөлігі жіңішке күйінде қалады да, кейінде несеп ағарды береді.
Метанефростық дивертикулдың өсуімен бірге оның дистальды ұшының айналасында мезодерма шоғырланады да, онымен бірге краниальді бағытта орын ауыстырады. Мезодермадан тұрақты бүйректің бөлгіш (шығарғыш) түтіктері пайда болады. Сондықтан бұл мезодерманы метанефрогендік ұлпа деп атайды.
Өзінің краниальды бағытта қозғалысы кезінде метанефростың бастамасы көлемі жағынан тез ұлғайып мезонефросты ығыстырады. Осымен қатар метанефростың ішкі дифференциялануы жүреді. Дивертикулдың астаулық ұшы қоршаған метанефрогендік мезодермаға кіріп краниальды және каудальды бағыттарда үлкен тостағаншалар деп аталатын өсінділер береді. Кешікпей олар кіші тостағаншаларға тармақтанады.
Бүйрек, құрсақ қуысының артқы қабырғасында іштіктің артында жатқан қос, несеп бөліп шығаратын, экскреттік мүше. Бүйректер соңғы кеуде және жоғарғы екі бел омыртқаларының деңгейінде омыртқа жотасының бүйір беттерінде орналасқан. Оң жақ бүйрек сол жақ бүйректен орта есеппен 1-1,5см төмен орналасқан (жоғарғы жағынан бауырдың қысымына байланысты).
Қ ұ р ы л ы с ы. Бүйректің ұзына бой кесіндісіне оның қуыстан және қойнауды қақпадан басқа барлық жағынан қоршап жатқан бүйрек затынан тұратынын байқауға болады. Бүйрек заты қыртыстан және милық заттан тұрады.
Қыртыстық зат мүшенің шеткі қабатын алып жатады, оның қалыңдығы 4 мм шамасында. Милық зат конус тәрізді, бүйрек пирамидалары деп аталатын құрылымдардан тұрады. Пирамидалардың табаны мүшенің сыртқы бетіне, ал ұшы бүйректің қойнауына қараған. Бірнеше пирамидалардың ұштары қосылып, еміздікшелер деп аталатын дөңгеленген төмпешіктер түзеді. Еміздікшелердің саны орта есеппен 12. Әрбір еміздікшенің ұшында уақ тесіктері бар. Бұл тесіктер арқылы несеп жолдарының алғашқы бөлімдері – бүйрек қойнауында орналасқан тостағаншаларға бөлінеді. Қыртыстық зат пирамидалардың арасына кіреді де, бүйрек бағаналары деп аталады.
Бүйрек – түтіктері несептік немесе бүйректік өзекшелер деп аталатын күрделі түтіктік без (экскреттік, бөлгіш мүше). Бұл өзекшелердің бітеу ұшы екі қабат қабырғалы қапшық түрінде қан тамырларының капиллярлар шумақтарын қаусырып жатады. Әрбір шумақ тостағанша тәрізді терең шұңқырында жатады және екеуі бірге бүйректің денешігін береді. Қапшықтан ирек өзекше басталады. Ол қапшық және шумақпен бірге қыртыстық затта жатады. Одан кейін өзекше пирамидаға өтеді, онда ілмегін түзіп қыртыстық затқа қайтып келеді. Несептік өзекшенің соңғы бөлімі – қосқыш бөлім жинағыш түтікшеге барып ашылады. Бір жинағыш түтікшеге бірнеше бөлім ашылады, ал ол өзі тік бағытпен қыртыстық зат арқылы пирамидаға өтеді. Тік жинағыш түтікшелер біртіндеп бір-бірімен қосылып, 15-20 қысқа жолдар түзеді.
Бүйрек денешігі (қапшық пен шумақ) – ирек өзекше ілмегі, қосқыш бөлім бүйректің құрылым-қызметтік бірлігі – нефронды береді. Нефронның қызметі – несеп түзу: шумақтың эндотелі арқылы несепті құратын су мен минералды тұздар, ал ирек өзекшенің эпителі арқылы органикалық заттар бөлінеді. Әр бүйректе жиынтығы бүйрек затының негізін құрайтын бір миллионға жуық нефрон бар.
Бүйректер арқылы тәулігіне 200л жуық алғашқы несеп сүзіледі де, кері сорылудың нәтижесінде 1,5-2л ақырғы несеп түзіледі.
Несепағар – ұзындығы 30см, диаметрі 4-7мм түтікше. Несепағар түбектен басталып, тікелей іштіктің артында төмен әрі медиальды бағытта астау қуысына барады. Астау қуысында ол қуықтың түбіне барады да, оның қабырғасын қиғаш бағытта тесіп өтеді. Несепағардың өң бойында түбектен бастап, құрсақ, астау қуысындағы бөлімдерін ажыратады.
Тостағаншалар түбек және несепағар бүйректің экскреттік (шығарғыш) жолдарының макроскопиялық көрінетін бөлімін құрайды.
Қ у ы қ несептің жиналатын орны болып табылады. Одан несеп несеп шығарғыш өзек арқылы мезгіл-мезгіл сыртқа шығарылады. Қуықтың сиымдылығы орта есеппен 500-700мл және ол әр адамда әр түрлі. Қуықтың пішіні және оның көрші мүшелерге қатысты орналасуы мүшенің толуына сәйкес өзгеріп отырады. Қуық бос болғанда ол түгелдей кіші астау қуысында қасағалық қоспаның, артында жатады; артқы жағында оны тік ішектен, ер адамдарда тұқымдық көпіршіктер мен тұқым шығарғыш жолдардың соңғы бөлімдері, ал әйелдерде жатыр мен қынап бөліп тұрады. Қуық несеппен толғанда, оның жоғарғы жағы өзінің пішіні мен көлемін өзгертіп, жоғары көтеріледі, қуықтың өзі жұмыртқа тәрізді пішінге ие болады
Несеп шығарғыш өзек,ер адамдарда несепті ғана емес, сондай-ақ ол жыныстық өнімдерді өткізеді, ал әйелдерде тек несепті өткізеді. Әйелдің несеп шығарғыш өзегі,қуықтан ішкі тесікпен басталатын қасағалық қоспаның төменгі қырын төменгі және артқы жағынан айналып өтетін, ұзындығы 3-3,5см шамасындағы түтікше болып келеді. Ерлердің несеп шығарғыш өзегі, қуықтан басталып, жыныстық мүшенің басындағы несеп шығарғыш өзектің сыртқы тесігіне дейін созылып жатқан , ұзындығы 18см шамасындағы түтікше болып табылады. Өзек әр түрлі құрылымдар арқылы өтетін болғандықтан, оның төмендегідей бөлімдерін ажыратады:
1)қуықасты бездік бөлім, қуық асты без арқылы өтетін, қуыққа жақын бөлім ұзындығы 2,5-3см.
2) жарғақтық бөлім, ең қысқа бөлім: оның ұзындығы 1см шамасында.
3)кеуекті бөлім, ұзындығы 15см шамасында, жыныстық мүшенің кеуекті затының ұлпасымен қоршалған.
Несеп мүшелерінің дамуының қалыпты жағдайдан ауытқулары.

Бүйректердің дамуының қалыпты жағдайдан ауытқулары.


Бүйректің дамуының қүрделі процесс екендігін ескере отырып, оның даму аномалияларының көптеген түрлері болатынын алдын-ала болжауға болады.
Бүйректердің мүлде дамымауы мүмкін – агенезия. Бұл өте сирек кездесетін аномалия. Қөбінесе оның жеткіліксіз дамуы – гипоплазиясы кездеседі.
Даму барысында бүйректердің орын ауыстыруының бұзылуына байланысты, олардың орналасуының бір топ аномалиялары кездеседі: бүйректердің біреуінің жоғары түпкілікті орнына көтерілмей астау қуысында қалып қоюы мүмкін – астаулық бүйрек. Дамудың алғашқы кезеңдерінде бір-біріне қарай жақындап, тұтасып бітеді де, осылай жоғары көтерілуі мүмкін. Пайда болған сыртқы пішініне байланысты оны «таға тәрізді бүйрек» дейді.
Сирегірек, жоғары көтерілгенде екі бүйрек ортаңғы сызықтың бір жағында орналасып, тұтасып кетуі мүмкін. Осының нәтижесінде бұрыс пішінді үлкен бүйрек массасы пайда болады – бүйректің дистопиясы. Мұндай ауытқулардың клиникалық маңызы өте үлкен, өйткені дұрыс диагноз қоюды қиындатады. Одан басқа хирургиялық операция жасау қажет болғанда мұндай ауытқулардың болатындығын білу керек.
Несепағардың қалыпты жағдайдан ауытқулары.

Бір жақта немесе екі жақта бірдей қос несепағардың пайда болуы жиі кездеседі. Бұл кезде несепағармен байланысқан нефрогендік ұлпа екіге бөлінеді де, нәтижесінде «қос бүйрек» пайда болады. Мұндай жағдайларда бөлінген бүйрек деп атаған дұрыс болады. өйткені екі бүйректегі бөлікшелердің саны қалыпты бір бүйректегі бөлікшелердің санына эквивалентті – тең. Бұл жағдайдың екінші ерекшелігі – екі несепағар жоғары көтерілгенде бір-бірімен тұрақты түрде айқасып жатады.


Бүйректердің өте маңызды аномалиясы тік жинағыш өзекшелер мен несептік өзекшелердің байланысының болмауы нәтижесінде дамуы мүмкін. Бұл жағдайда бітеу несептік өзекшелердің дамуы әрі қарай жүре береді де гломерулалар (шумақтар) түзіліп, кейд еолар қызметін атқара бастайды. Осылайша бітеу өзекшелерде несеп жиналып, олар сұйық жиналған көпіршіктерге айналады. Мұндай бүйректі туа пайда болған кисталы бүйрек деп атайды. Кисталар бүйректі түгелдей алып жатса, жаңа туған бала тірі қалмайды.

Көрнекі құралдар: таблицалар, плакаттар, слайдтар.


Әдебиеттер:
А) Негізі әдебиеттер
1. Рақышев А.Р. Адам анатомиясы І,II том 20042. Рақышев А.Р. Адам анатомиясының атласы, І,II том. Алматы: «Кітап», 2006.
3. Жұмабаев У., Әубәкіров Ә.Б., Досаев Т.М. ж.т.б. Адам анатомиясы, атлас. І,II, III, IV том. Астана: «Фолиант», 2005.
Б) Қосымша әдебиеттер
1. Тебенов М.Е. Адам анатомиясы (ас қорыту және тыныс алу жүйесі). Оқу құралы. Қарағанды, 1993.
2. Нұрмұхамбетова Б.Н. Лимфа жүйесінің функционалдық анатомиясы. Оқу құралы. Алматы, 2007.
Бақылау сұрақтары.

    1. Несеп жүйесі мүшелерінің маңызы қандай?

    2. Несеп жүйесі мүшелерін атаңыз?

    3. Несеп жүйесі мүшелері неден дамиды?

    4. Несеп жүйесі мүшелерінің даму сатыларын атаңыз?

    5. Бүйрек қандай мүше?

    6. Бүйректің құрылым - қызметтік бірлігін атаңыз?

    7. Бүйректің дамуының қалыпты жағдайдан ауытқуларының атаңыз?

    8. Несепағардың дамуының қалыпты жағдайдан ауытқуларының атаңыз?

    9. Қуықтың дамуының қалыпты жағдайдан ауытқуларының атаңыз?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет