4. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылуы
1990 жылғы 25-қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясын» қабылдады. Бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып табылатындығы жарияланды. Ұлттық республикаларда тәуелсіздік жарияланған соң Кеңес Одағының болашағы туралы мәселе көтеріліп, орталық пен ұлттық республикалар арасында келіспеушілік ұлғая түсті.
Сонымен қатар Тамыз бүлігі Кеңес Одағының ыдырауын жеделдете түсті. Аталған оқиғаны ұйымдастыруға КОКП басшыларының тікелей қатысы бар деп танылып, 23 тамызда Ресей Президенті Б.Н. Ельциннің жарлығымен 1903 жылдан бері өмір сүріп келе жатқан Кеңес Одағы Коммунистік партиясы қызметін тоқтатты. Тамыз бүлігіне байланысты одақтас республикалардың басшылары осы уақытқа дейін жүргізіліп келген келіссөздерді тоқтатып, әр республика шұғыл түрде өзін-өзі нығайту шараларын жүзеге асыра бастады. Украина мен Белоруссия өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Тамыздың аяғынан қазан айына дейінгі аралықта Қазақстан мен Ресейден өзге республикалар, өздерінің мемлекеттік теуелсіздігін жариялап, Мәскеуден бөлініп шықты. 1991 жылғы іргелі өзгерістердің арқасында Қазақстанда КСРО құрсауынан толық босап шығып, әлемді аузына қаратқан мемлекет болу үшін нық қадамдар жасай бастады. Соның бірі ТМД-на мүше болу еді.
1991 жылы 8-ші желтоқсанында Минск түбінде Ресей, Украина, Беларусь республиканың көшбасшылары «КСР Одағының халықаралық саяси құқық субъектісі және геосаяси шындық ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы» айтылған кұжатқа және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) кұру жөніндегі Беловежск келісіміне қол қойды. Үш одақтас республиканың басқа Қазақстан мен Орталық Азия республикаларының қатысуынсыз ТМД-ын құру әрекеті мүмкін емес болатындықтан, ол көп ұзамай түзетілді. Сөйтіп, 1990-1991 жылдардың егемендендіру үдерісін Беловежск келісімі бекіте түсті. Беловежск келісімі Кеңес Одағының тарағандығының дәлелі. 1991 жылғы желтоқсанның 12-сінде Ашхабадта Орта Азия республикалары мен Қазақстан басшыларының кездесуі өтіп, онда ТМД құрамына енуге Кеңес Одағынан кейінгі барлық республикалардың құқығы бар екендігі аталынып өткен. 1991 ж. 21 желтоқсанда Алматыда 11 тәуелсіз республика — Ресей, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Түрікменстан, Молдова(Грузиядан басқа) өкілдері қатысуымен кездесу өтті. Олар тең құқыктық жағдайдағы тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД) құрылғандығы жөніндегі келісімнің хаттамасына қол қойды. Қызығы оның қорытындылары жайында хабарды алғашқылардың бірі болып АҚШ президенті Дж.Буш білсе, КСРО президенті М.С.Горбачев қабылданған факт туралы екінші болып есіткен.
Осы тұста 1991 жылы 1-ші желтоқсанда Қазакстан тарихында тұңғыш республика Президенті болып Н.Ә. Назарбаев ашық сайланды. Мұның өзі елде және халықаралық деңгейге мемлекеттің көтерілуіне үлкен әсерін тигізді. Көп ұзамай Президент өзінің өкімімен вице-президент, премьер-министр мен оның орынбасарлары, мемлекеттік кеңесшілер, Министрлер Кабинеті аппаратының басшылары арасындағы міндеттерін бөліп бекітті. Бұл өзгеріс республика басшыларының алдына қойылған міндеттерін атқаруға жағдай жасады. 1991 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасының атауы қабылданды.
1991 ж. 16 желтоқсанда Республика Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына түгелдей иелік етуге, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізуге, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасауға құқылы деп көрсетілді.
Республикадағы барлық ұлтт өкілдері жергілікті қазақтармен бірдей Қазақстанның тең құқықты азаматы деп саналады. Олар республикадағы мемлекеттік өкіметтің қайнар көзі және егемендікті бірден-бір қорғаушысы болып табылады.
Қорыта айтқанда, арада сыныптай тізбектелген зымыран уақыт ағынына ілесіп, бәсекеге қабілетті елдердің санатына енуді көздеген халық ТМД құрамына кіру арқылы жарқын болашаққа бір адым жақындай түсті. Ендігі болашағын алыстан бағамдайтын іргесі бүтін, белі бекем елдің, ғасырлар шежіресі Қазақстанның келешек өмірін өркендету- барша ұрпақтың, яғни, біздің парызымыз.
Достарыңызбен бөлісу: |