Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)


ЕКІНШІ ДӘПТЕР …Я не рожден царей забавить



бет4/9
Дата23.08.2017
өлшемі4,25 Mb.
#25643
1   2   3   4   5   6   7   8   9

ЕКІНШІ ДӘПТЕР

Я не рожден царей забавить


Стыдливой музою моей…

А. С. Пушкин


501

Дей алмаймын: дарынсызсың, кемері тар, кем есің.

Сенің сорың – іштарлықтан ішқұса боп келесің!

Ал ел соры - өлсең де өзің кезіп жүрер Жалғанды

Ібіліске іні болып алған сенің елесің!
502

-Жер-Ана! Менің жаным – күпір, ұқтым,

Қараңғы тұрмаса да тұтылып Күн:

бетіне оңбағанның түкірместен,

Киелім, саған, - кешір!? - түкіріппін…
503

-Тілің-бал, жүрегің-у, жолың-бүлік!..

Жолыңнан алдым әбден соныңды ұғып.

Далмын тек: сен туғанда туған анаң,

Алды екен қандай суға шомылдырып?..
504

Сүйген жарың жаныңды жараласа,

Дос дегенің ағыңды қараласа –

Жаһан – саған құбыжық! Ал ондағы

тау да, аспан да, адам да... – бәрі аласа!
505

-Мен сырқатпын… құлаққа сен сіңір де,

Тіс жарма, дос… Емі жоқ емшінің де.

Сырым-сорым: кеудем бос, жүрегім жоқ!..

Ол қазір... бір тасжүрек меншігінде…
506

-Мастанба алған анау атағыңа,

Көзің сал шыққан Күннің батарына.

Көсемін көрден сүйреп жатқан да бар,

Бұл Жалған мәңгі сөйтіп жатады да!..
507

Қу еді айласы асқан, сөзі де епті,

Дүйім жұрт түршіксе де төзім етті.

Байғұсты қайтер екен анау жақта?

Көтеріп өз шашбауын өзі кетті…
508

-Мен өмір сүрдім сенің атыңменен,

Бітті енді!.. Атпас таңды атыр демен…

Бәрі шын! Жалған айтсам оны да өшір,

Ант етем алғаш сүйген сәтімменен!
509

- Құлақ тос… сәл еңкейіп… аласаршы…

Деуші едің: «бір пайдама жарасаңшы!»

Бақида аянбас па ем аярдан да,

Кете алмай жүргенімді қарасаңшы!..
510

«Күйсіз ғып күрсінбесті күрсіндірем,

Мейлі, жұрт қайыршы боп жүрсін кілең!..»

Осындай жоспар жасап қойды ма екен,

Дейтіндер «мұрным барда бір сіңбірем!»
511

-Қысқа түнде не күннің ұзынында,

Сен сыйлаған ләззаттың қызығында

бір түйгенім: О, неткен сүйкімді іс –

Болу сенің, тек сенің құзырыңда!..
512

-Мен өлсем – сен желбуаз тілге ермегін.

Ол – менің мәңгі өмірлік түрге енгенім…

Дегенмен… өлер болсам… тілеймін тек,

Сендегі махаббаттың бірге өлгенін!
513

-Сұп-суықсың! Қайда өртер сағынышың?!

Әлде енді сен… басқаның жарымысың?..

Әлде ойын ба… тағы бір сынау үшін

Менің атом – жанымның жарылысын?!
514

Алдыңда ақыры жоқ, мол күн бардай,

Боп соған басың түгіл бөркің дардай

Жүргенде жастық та мерт бопты-ау, шіркін,

Жартасқа соғып өлген толқындардай…
515

-Сылтау етсек әрдайым сәл сынықты,

Онда керек, о, бізге қамшы мықты!..

Қой, бауырым, одан да ақ ниетпен кел,

Мен де іштегі құртайын қарсылықты!..
516

- Мұнша қатты болар ма иттің діні!

Тірлігі анау… Тұнып тұр түйткілдігі!..

- Оны «пәлен» дегенше демеймісің,

«Балақтан басқа шыққан биттің бірі!»
517

Отыратын атымен мақтанып ел,

Бір азамат шығуын бақ та білер…

Ал ол Бақты қондырмай үркітуге,

Жарап жатыр бір ашкөз атқамінер!

518


«Ә, Құдай, елімізді, әй, сақтады!..» -

Деп қап ек, жұрт қайтадан тайсақтады:

бірі ұрлап, бірі зорлап шыға келді,

Заманның өң антұрған найсаптары!


519

-Түлендей түртіп кететін тұрлаусыз, тұлдыр арманға,

Болайын сенің зекетің, Жас ару, жаным, алданба…

Алдандың, айым! Алдырдың қанды ауыз нәпсі - арланға…

Бір сұлу ұрпақ қалдырдың… қош айтып бетсіз жалғанға!…
520

Сәулемді ғайыптан көз жазып қалған,

Сан жылдар сағынумен қажып талған -

Тауыппын!.. Түсімді осы өңім етші,

Жалынам жан болсам да жазықты, Аллам!
521

Бақ емес, бұрқылдайды сор-ақ тасып,

Мен үшін алдан қара жолақты ашып.

Амал не, азаптаса махаббатың,

Тоңмойын тағдырыңмен одақтасып?..
522

Жақсыменен табысып, тасып өтсе бір жақсы;

Жаманменен алысып, жасып өтсе бір жақсы,-

Бәрі жазмыш ісі ғой. Шіркін, сол бір Жазуды,

Жазса-ау қайта жүрер ғып, кіл жақсымен кіл жақсы!..
523

Жас келсе де бір жалын бойыңда өрлеп,

Салса шалқып құпия «ойында» өрнек,

Ол – жұмақ сәт!.. Тек, әттең ол өткен соң…

«Ақылың – ашыған у, ойың кермек…»

524


Қолпаштап жатыр біреу ақшалыны…

Барлар да мақталады бақ, шалымы…

Ал бірақ қоқым-соқым соның бәрі,

Төлқұжат бермесе Рух патшалығы!


525

Қуатты, бірақ ессіз бұла жасы,

Әлге зар қарттық жеңген ғұламасы…

Адамды әлде осылай жарата ма,

Боп жатсын деп Өмірдің драмасы?
526

Кездесер күн о қандай алыс әлі!..

Дегбір кетті, халді айтпа әрі-сәрі:

Сағынышты қанат қып Ой мен Сезім,

Менен бұрын жетердей жарысады…
527

-Үміттенбе жүрем деп тыныс кеңіп,

Бір кеткен соң бір жылпос тым ішке еніп.

Жақсылығын Жаратқан үйсін, мейлі,

Улы жылан етпейді жіңішкелік!

528


Құс қонды әне жер сызып, құйрығымен…

Мен… құс болсам Алланың бұйрығымен -

қонбаспын-ау… жалғызбын құйрығы жоқ…

Ұша беру… - Сен де Алла сыйлығы ма ең?..


529

-Кетті екен деп біреумен бір аптаға,

Жаздағаның қалай бұл жылап қала?

Қабағыңды аш, қалқашым… Кәне, күлші?..

Сен – Күн болсаң, ол – түнгі шырақ қана…
530

Қайғырып ем – оны ешкім елемеді.

Қуанып ем – «Мәз болдың неге?» деді…

Ерсі ме әлде қуаныш сирек келген?

Сирек болса ол шіркін не береді?..
531

-Екеумізде ешқашан да болған емес сыңар мұң,

Жыламашы!? Сен жыласаң мен қалайша шыдармын?!

Жұбанбасаң – Құдай куә, шарт сынармын, ал өлсем,

Шаң-шаң болған кебініммен көрімнен де шығармын!..
532

-Айтшы анаған: тоқтасын зарлық әні!

Зарлық әні қайғым боп жаңғырады.

Менің шерім от алса, о, қасірет,

Жан ғана емес, суды да жандырады!
533

Лақтырып Жан тозған соң Тән–киімді,

Сорлы Адамның соңында қалды үйінді…

Ал сені Жан қанша енді мекендейді?

Жұмбақ… Жұмбақ өмірде хал қиын-ды…
534

Біреуді бүлік болған жамағатқа,

Өлгенде жуытпапты ел мазаратқа.

Бәрібір жер баспайды ол көмбесе де,

Тек, әттең, ұрпағына азап-ақ та!..
535

Құрдастардың шыны ма, күлсін, мейлі:

«Енді екеуің біргесің, бірсің!» дейді.

Онда неге бір жүрек лүп етпестен,

Жалғыз жүрек жастықта дүрсілдейді?..
536

Келемін жалғыз шалғынды кешіп, қыр асып,

Көкжиек бұлдыр, мұнарға мұнар ұласып…

Баяғы сүрлеу жүлгесін жүрек таныды!..

Аулында болса-ау!.. Көрісерміз бе жыласып?..
537

Қай құдай ақты аман ап қалады?..

Қайда да адалдығың тапталады!..

Ал, енді Ақыр заман болу үшін,

Шарт па өзі Топан судың қаптағаны?
538

-Жақсылығы тұрса да түгел есте,

Ерегістің жақсымен түк емеске!

Ойлап көрші, о бейбақ, бәлең-жалаң –

Жүрегіңе жүз жылдық жүк емес пе?!
539

-Бермедің ғой - өкпе жоқ! – бағыңды, Алла,

Тек неліктен қор қылдың залымдарға?

Өтеуіне өтінем: жанымды ал да,

Айналдырып жіберші сағымдарға!..
540

Атағы сыймайтын өз заманына,

Шашылған көктен жұлдыз табанына

Талант та табынған соң қалталыға…

О Алла, не болды бұл Адамыңа?!.
541

Бізді әйтеуір бір жұрт қой демесеңіз,

Бір күн тыныш жүрмейміз – егесеміз!

«Тату бол!» деп неге айтқан бұрынғылар?

Ақылды кім: олар ма, немесе біз?..
542

Мұз боп қатқан, тәңір-ау, мені тіпті,

Бір жылы сөз сел-сел қып ерітіпті!

Еруменен жүремін енді қанша?..

Бір қоштасу бір жасты кемітіпті…
543

Егделік – болса да өзен жәй ағысты,

Көнесің Пірден тілеп таянышты.

Тек қана арман – ару ажарының

тозғанын көру неткен аянышты!
544

Сөксе сөксін мынау топ кейін мені:

неткен сұмдық пенделік пейілдері!..

Әлде адамзат о баста-ақ құлқыменен

Пейіш емес, тозаққа бейім бе еді?..
545

Жорғасы жалақордың жосылғанда,

Жаныңды не қиямет тосып алда

тұрса егер не істеу керек?.. Аямау ма?..

Адамда аяусыздық осыдан ба?..
546

Білмеймін: кім періште, кім айыпты,

Кім нені олай ұқты, былай ұқты…

Бірақ та бір ақиқат: ұлтын сатқан,

Тозақтың төріне әбден ылайықты!
547

-Ер Чечен, ел екенсің мұңы қалың,

«Азаттық - өлсек те!» – Осы ұғынарың.

Қай патша қай күні ашып айтар екен,

Жеріңде қай әкесі құны барын?
548

-«Әдепсіз» десең де еркің… кешір, күнім:

Мен сені ойша талай… шешіндірдім!..

«Қияли ләззат» деген азапты аттап,

Ақыры бәрінің де кешін білдім…
549

-Атар ма едің сен мүмкін болып таңым,

Қарағым-ай, неге ерте жолықпадың?!

Жанарыңда бір жұмбақ сыр тұр ма өзі?..

Өзің айтшы?.. Мен жөндеп оны ұқпадым…
550

-Мың ғасыр бұрын, бәлкім… дәл айта алман,

Екеуміз еншілеп нұр талай таңнан

жүргенбіз талай-талай!… Әйтпегенде

қос жүрек бір жүрек боп, жан айтар ма ән?!
551

Шаң басылып жас күнгі жарыстағы,

Қимас достар сыйлас боп алыстады.

Сүю, күю…бәрі жоқ…бәрінің де

Ескерткіші – ой мен ой алысқаны…

552


Бір күш бар талғамы жоқ, аты – Байлық,

Қаншама қарабетті жатыр Ай ғып!

Жарлылық – жанға азап, қолға кісен,

Ал бірақ жексұрыны – жақыбайлық.


553

Әжім – саған танытар нала-мұңын

мөрі ме екен пәк жаны жаралының?..

Әлде Фәни рәмізі?.. Мүмкін… бірақ,

Ол іздері – Уақыт қаламының!..
554

-Құлағың сал, бауырым, бұл кеңеске:

Жар-жұрқ етіп шыққанда бір белеске,

Шалса аяқтан бір мәстек – ол заңды де,

Жарық пенен Көлеңке бірге емес пе…
555

Хайуанға теңеп ап көбіне біз,

Жексұрыннан жиреніп, жерінеміз.

Ойладық па мынаны: жазығы жоқ

хайуанға біз кім боп көрінеміз?…
556

Есінің ескерілмей кемісі де,

Жылқының түсіп есек өрісіне,

Шығарды айғырларға ақыруды,

Сыймай ғап өзі өзінің терісіне…
557

-Сен жоқсың… Мен үшін не қалды мұнда?!

Не айтар Алла ендігі жарлығында?..

Менде енді бір-ақ арман: рухыңды

Сақтасам жырдың алтын сандығында!..
558

Балауса едім… Бәрі де жамсады! Орды!...

Енді арманды жүргем жоқ аңсап оңды.

Керегі жоқ түктің де! Жалғыз тілек:

Таза жүрек, шыншыл тіл қалса болды!..
559

-Ойнап күл әлі-ақ мынау өтер күнің,-

Дегенде демесең де «бекер мұның»,

Ұқпадың… Енді қалай ұқтырайын,

Жалғанның мүлде жалған екендігін?..
560

-Топан су қаптап мезгіл белесінде,

Қиратсын тіпті Нұхтың кемесін де!…

Бәрібір сүйем сені, сүйе берем,

Өйткені Жан мәңгілік! Сенесің бе?!
561

Қастерлеп Ел тұлғаны, тектілікті,

«Көсегемді көгертер» деп біліпті.

Тұлғасың ба?… Онда еш ұсақтама.

Ұсақ-ұлаң сенсіз де жеткілікті!
562

Бұйырсын деп тірінің кіл сауабы –

Онша асықпа, ойланып тұр шамалы:

баурыңа сап қаншама жылытсаң да,

Жылан түбі өзіңді бір шағады.
563

-О, Алла! Өмірімді наз, жыр ет те,

Нұр құйшы, шипа тапсын әз жүрек те!?.

Тағы да: пендем десең, өз қолымды

өзімнің кесуіме мәжбүр етпе?..
564

Бір дөкейді бір мешкей жүр ғып пана,

Астарында ал оның ұрлық, пара…

Асыл ерді айқындар асыл мақсат!

Онсыз өмір өмір ме?! Тірлік қана.
565

Адамтану: кім мынау? Жақсы адам ба?…

Сұм ба?.. Мұны ойлайды ел батса лаңға.

Онда емес, меніңше, пән ғып оны,

Алу керек емтихан патшадан да!
566

Бар дейді Кеңістікте талай ғалам,

Тіріңде-ақ көрінсе ғой бар айналаң!..

Ақыл-ой жетер-жетпес бір қиырда,

Тұрса Ұлы шындық шіркін!.. Қалай барам!?
567

-Сеземісің сөзімнің қырсықтығын?..

Алғандаймын Айды да қыршып, күнім!

Ширықтырды бір аяр сүйрең тілмен…

Тіліңді әкел, табайын тыншып тыным…
568

Кейде жоқтай ештеме бүгін істер,

Қарап тұрсаң – дау-дамай, жүгіністер…

Періштеге ит қосып сахнада,

Періште боп ойнаған Ібілістер…
569

Адамзат өткені бар, кеткені бар,

Тағы да жетері бар, жеткені бар…

Санасы - қазына толы ұлы мұхит…

Асылын ақыл тап та теп-тегін ал.
570

-Көзіңнен жас… жата ма ол жәй тамдыға?..

Әлде анада… тұнығың шайқалды ма?..

Аумаған сен!.. Кеш, жаным!.. Бірақ шыным:

Сен боп тұрса сүйем-ау… шайтанды да!..
571

-Сен кеткелі, асылым, жылдан асты,

Жылдан асты бергелі мұңға басты…

Мен жай табар жер бар ма, жарығым-ау?!.

Қайда барсам – қайғым «мен-мұнда» ласты…

572


-Сағындым… көзімде жас жамыраған…

Ұшып жүр қайда сенің жаның, Анам?..

О дүние бұ дүниемен ұштаса ма?..

Ұшайын – ұштасса, айтшы, кәні маған!..


573

Тәңірдің бізге тартқан сый кешінде,

Сен салған ән, мен тартқан күй де есімде…

Сағынтты-ау сол алыс түн, сол түндегі

перде ашқан жан мен тәндік үйлесім де!..
574

Біреу жүр боп жалғанның күлдірері,

Біреу жүр боп жалғанның бүлдірері.

Бәрі де жансақтаудың амалы ма?..

Ал, жанды сақтағанда… кім біледі…
575

-Сені біреу жұбатып жақ ашты ма?!

Жан жарасын жазам деп жаласты ма?!

Жігіт болсаң – жігерді міне шауып,

Қайғы-мұңды қамшының ал астына!
576

Халім жоқ, зауқым да жоқ күресетін,

Бар амал – ащы ойдан жыр есетін.

Қойылар оған қашан соңғы нүкте?..

Ал өмір біресе күн, біресе түн…
577

Жаратыпты –ау Жалғанды тым-ақ тар ғып,

Жай таппады жан сорлы тұрақтарлық!

Бір жақсылық бар ма алда, кетсем мына

күндерімнен күйдіргі бір-ақ қарғып?
578

Өмір-дәрия дегенің – кіл ағыстар,

Онда тағдыр жасайтын бұла күш бар!..

Қастық туар зор шаттық тілемей ін,

Кеп тұрсыншы кішкентай қуаныштар!..
579

Намыстың құны бізде қара бақыр!

Сенбесең, серт те берем, қара да тұр:

өз тілін өзге тілмен буындырып,

Қарашы, мына ел қайда бара жатыр?!
580

Бақытты ұзарту не келтелету,

Өмірден кеш немесе ерте кету…

Кейде осы жарыңа да қатысты ма?..

Ал оған ең керегі – еркелету!
581

-Білмепсің-ау бір дауыл соғатынын,

Қазан ұрып, ажардың солатынын.

Білесің бе мынаны: сені сұлу

еткен мендік махаббат болатұғын!
582

Алмадым жауыздықтың жолын бөгей,

Не дейін оны ең басты сорым демей!

Алмадым жарылқай да жарлыларды:

көзім – бай, көпті көрген, қолым – кедей…
583

«Пендеңді жарылқай гөр бүгін, Алла»,

Азанның сөзі қандай ұғынарға!

Босайды жүйе-жүйең мақамынан…

Онда не… Пайғамбардың үні бар ма?
584

«Басыма бақ қондырсам, - деп, - алтын-күміс арқылы»,

Қанша бейбақ бар өмірін, бар ақылын сарқыды!

Бақ емес ол – жын-шайтанның жанарының жарқылы!

Сол жарқылдан Жаһан күйген!.. Әне, тағы шарпыды!..
585

Тағы бір Күн батты әне құр сілікпе…

Құтылмадым мұңнан мың күрсініп те…

Кім езіп тұр еңсемді!.. Ой, енесін!..

Әлде… әлде мына қу тіршілік пе?
586

Күндер-ай кеш түскенше алып-ұшқан,

Түндер-ай тұрған сүйіс… жалыныштан!...

Бір белгі біреуінен қалса нетті?!

Қапты тек көкіректе сағынышты ән…
587

Ой тұтылып, тарылса байтақ арман,

Саналының кімі бар жай таба алған?

Тұнған тұйық домалақ Жер-мекенде!

Амал қанша… бәрі де қайталанған…
588

Жалғандықтың болды ма соты нақты?..

Жоқ, болмапты! Лаулап тұр оты қатты.

Енді қайттік?.. Өртеніп өлеміз бе,

Қайта өлтіріп қарт хакім Сократты?
589

Бұйыртса да заманы сыйды кімге,

Деп қарама оны оған тиді мүлде.

Бекіту не бекітпеу марапатты,

Уақыт пен Ұрпақтың билігінде!
590

Бізді алысқа ап кетсе де ай мен жылдар пырағы,

Сені еске алсам көзіме жас өзі-өзінен тұнады…

Сені қайдам… Мені тағдыр сұққылайды сұрағы:

Жұлдызымыз жуықтамай, неге қашық тұрады?
591

Бірде сауыт киініп, бірде жібек,

Ойлар келсе тулайды күнде жүрек…

Ой шайқасы жарқылдап басылғанда,

Алып-ұшар не қалар мүлде жүдеп…
592

Жарбаңдама шығам деп жар басына әр,

Өгіз өлмей қалса да арба сынар.

Жалпы, қандай болса да бар маңдайдың,

«Тағдыр» дейтін тапжылмас таңбасы бар…
593

- Жеткенде жер ортасы – Көктебеге,

Сен мені жер-жебір ғып сөкпе. Деме.

Күнәдан өзіңді пәк деп жүрмісің?..

Ұқтың ба?.. Ұқсаң болды, өкпелеме.
594

Мына Аспанда жұлдызым бар шығар-ау…

Жарқырай ма? Әлде боз тамшы ма анау?..

Ағып түссе бүгін түн?.. Жоқ, ақпасын…

Қой! Мынауың – Тәңірге қарсы қалау.
595

Өкпеден өтті-ау заман жел-өкпегі!

Мың жылдай келмей күту керек пе еді?..

Онда да оңалар ма?.. Әй, мейлі, енді,

Шамасы, осы шығар мені өпкені…
596

Кетті ме өтіп күндерім біраз игі?

Көңіл елсіз жайлаудай құлазиды…

«Кеткен көштен қайыр жоқ!» деу мұң екен,

Ескі елестің бұрқ етіп бұлағы иді!
597

«Қой!» дейтін жәмиғаттан тоқтам азда,

Қалтаны қалыңдаған соққан аз ба.

Адамдық кейіптері кетіп бітіп,

Аз емес айналғаны көк қағазға…
598

Деме мені қажыса сәл басылар,

Түспек емес қолымнан алмасым – Ар!

Қиянатқа қиғаш боп туғам баста,

Шайқастардың, о, әлі жалғасы бар!
599

Ұстап ап тұтқасынан бір ұстамды іс,

Жүрсең де бақа-шаян ұрыстан тыс –

Маза жоқ!… Көргенше өңде қияметті,

Шіркін-ай, көрсем ғой бір гүлстан–түс!
600

Тіршіліктің мына ұлы дауылында,

Бір пұл екен бір келер сауығың да!

Туырлықсыз киіз үй кетті елестеп,

Ол … ол менің, жаным-ау, ауылым ба?..
601

Ыстық жас омырауды жуғаны үшін,

Алтын Ай рас па алдан туғаны шын?!

Сөз емес – сену, сенбеу!.. Сен бәрібір

Жанымның бір-ақ болар думанысың!
602

Бөліп-жарар халқың менен санғасырлық салтыңды,

Елемейтін ешқашан да обал-сауап, парқыңды

Алтын дейтін – Салтанат пен Зұлымдықтың құймасы!

Не деу керек ашқан жанға алғаш рет алтынды?..
603

Атақ-даңқтың алтындаған, жарқылдаған шұғласы

ешкімді етпес ешқашанда Адамдықтың шың басы.

Жалпы, Шыңның басында да толы тозақ, қасірет!

Одан гөрі сайда жүр де өз Арыңды тыңдашы?
604

Мұқағали… Жанартау ма жатқан жалын атқылап?

Құдірет пе берген елге жаһұт жырдан бақ құрап?..

Солай шығар… Бірақ менің көз алдымнан кетпей тұр,

Алатаудан ағын-төгін ақтарылған ақ бұлақ!
605

-Бұл құлың түніменен көз ілмеді!..

О Тәңір, құдіретпен өзіңдегі

оқуды үйрете гөр іңкәр еткен

Арудың сыр-сезімін көзіндегі!
606

Келмеген соң өмірге мұз кеудемен,

Көктем жылдар өтті, рас, қыз деуменен.

Сары күзден не іздеп сарсыласың?..

Жетермісің мұратқа іздеуменен?
607

Құлдық дерсің елге ердің тері сіңсе.

Ал тонаушы сөйлесе, серісінсе -

Не айтарсың?.. Туады арам ақша

арам сөзді. Немесе керісінше.
608

Тым құрыса ашсам деп бір қатпарын,

Мен Өмірге кімдер боп тіл қатпадым?!

Түсінбейтін түкті де түлей ме еді,

Енді өзіме құрғалы тұр қақпанын…

609


«Қараңғы боп соншама кеткен, - деп, - ел»,

зар қағамыз мақшарға жеткенде өнер.

Бәдік боп па Платон мынаны айтқан:

«Элладаны Эллада еткен – Гомер!»


610

Сырғытып сырдескі сәйгүлікпенен,

Қақ жарып қара түнді жүріп келем…

Ол жоқ қой! Жолда ес бар ма?!. Сорғала жас!

Сорлым-ау, қалып еді үмітте нең?!.
611

Ұғысса – балдан тәтті аралары,

Ұрысса – бір-бірінен жан алады.

Не деген шәлкем-шәліс жуәрмектер -

Адам мен Хауа Ананың балалары!
612

Ашылмай ашылатын есік алдан,

Қор болды-ау көктей солып есіл арман!

Тоң қабақ, бітеу жота көрсетердей,

Білмеймін мына өмірдің несін алғам?
613

-Қалған екен қолыңа тиіп теңге,

Неге іштің, інім-ау?.. Күйіктен бе?

Бір күйігі жоқ бір жан бар ма өмірде?..

Күйіп жүріп шыққан бар биіктерге.
614

Түсіре алмай көңілді сабасына,

Саған ұшып келемін тағы асыға.

Жұлқынады жүрек те қысылып қап,

Үміт пенен Күдіктің арасына…
615

-Өзің бастап құтыртқан құтырмасты!

Осы рас қой?! Неге онда құтың қашты?

Өмір – құмар ойын да, сен - ойыншы.

Ойыншыда көріп пе ең ұтылмасты?!
616

Заман деп, мыңжылдық деп, ғасыр, жыл деп,

Уақытқа ен сап, айла асырдым деп

Адамзат несіне мәз?.. Таңба арқылы

бірдеме білсе, тек өз жасын білмек.
617

-Тұйықталса кісі осы тұншығады, ә?..

Тұншығайын… Ал сен, дос, сыр сұрама.

Сыр айтам деп бір «досқа» алып қойғам,

Өміріме жетерлік бір «сыбаға».
618

-Біл, Өмір, мақсатымның пәс емесін:

деп келгем риза боп ел «бәсе!» десін.

Тек қана сен ұсақпен улай көрме,

Алдыма тарт Мәңгілік мәселесін!
619

Адамдықтың жықпастан туын кісі,

Келсе егер рухани жуылғысы –

Құран ғана – ем! Өйткені жанның емес,

Құран – Құдай тағланың туындысы!
620

-Мүсәпірге садақаң тиді ырымға,

Дұрыс берген мешітке сыйлығың да.

Арыл, арыл… Ал пиғыл түзелді ме?..

Барлық күнә кісінің пиғылында.
621

Жүрек – жалын, махаббат, аламан күш!

Жүрекпенен етеді Адам арлы іс.

Қаһарланса қалтырар қара жер де,

Бұл құдірет тек неге жараланғыш?..
622

-Қызғаныштан, әне, жер құшты жарың!

Қызғаныштан қанша отқа түсті жаның…

Біттің, бейбақ! Өлгенше сені өртейді,

Махаббаттан кейінгі ең күшті жалын!
623

Асыл екен ол бейне көнермейтін!

Жасқа шылап жастықты көрем кей түн…

-Тағдыр, тарлық еттің-ау!.. –Жалғыз медеу-

Ғашығым бар бүгінде… Өлең дейтін…
624

-Ұмытпа кетеріңде Жалғаннан шын:

артыңда тым құрыса арман қалсын.

Өтеусіз ешнәрсе жоқ дүниеде,

Жанды да бір Алладан жалға алғансың…
625

Шаттық неге сыбайлас мұңыменен?

Бірі-бірінің рас па құны деген?

Неге екеуін Тәңірім қосақтаған?

Не білдірмек болды екен мұныменен?..
626

-Егерде сол жолы бір есірмесең,

Жүрмес ең жексұрын боп есімде сен…

Әттең-ай, әдетім жоқ кешірмейтін,

Әйтпесе сені ешқашан кешірмес ем!
627

-Сағыныштан сартап болып, түс көріппін бір түнде:

сол жас сұлу қалпың, гүлім! Жүрісің де, күлкің де!

Қайтсем екен? Мен – фәниден, сен – бақидан қашсақ ше?

Сөйтіп жұмбақ бір ғаламда жұпты жазбау… мүмкін бе?
628

Ұйқыда ару… таң таяу… таң атар да…

Қолым созсам?… Жоқ! бергін тағат, Алла?..

Тәтті нәпсі неге ерсі? Нені ойладың

алғашқы ару – Хауаны жаратарда?
629

Антұрған жағымпазға қайран бар ма:

ұлығын ұқсатты әне Пайғамбарға!..

Пайғамбар ойыншық па осы иттерге,

Шығатын жарбалаңдап қайдан да алға?!
630

Бір қос сөз «жақсы – жаман» деп келеді…

Қалайша бұл екі ұғым теп-тең еді?

Тең емес! Жақсылық… ол – шексіз ғарыш,

Жамандық жауыздықпен шектеледі.
631

Бітірсе – тек арам іс бітіріпті,

Сыйлауға тек «мықтыны» күтініпті…

Ескерткіш ете ме әлде қайтер екен,

Бетіне ел түкірген түкірікті?
632

Деген ой «Өз заманым» бекіп еді,

Ал енді қара: қалай зекіреді!

Амал не, көнеміз де тулай-тулай,

Біз – оның жетелеген жетімегі…
633

Пенденің таусылғанша дәмі татар,

Сенеді деп «Жақсылық таңы да атар».

Тек тірлік тізгін бермей әзиз басы

Қатқан ғой, қатып та жүр, тағы қатар…
634

Қаншама бізге дейін ғасыр өткен,

Ғасырлар адамзатты асыл еткен.

Санасын сан биікке самғатса да,

Не пайда, құтқармапты қасіреттен!
635

-Мен үшін Сіз – ғажайып бір таныс Ән,

Сыртыңыздан соны айтып тіл табысам.

Мына жүрек жүрістен жаңылмаса,

Мен Сізбенен, іңкәрім, бір танысам!
636

Табанасты тайғанап, сырғып үміт,

Тағы қалдым айта алмай сырды бүгіп.

Не деп ойлап кетті ол?.. Ой, дүние-ай,

Бірді білмей өтерміз, бірді біліп.
637

-Тоқтай тұршы, кетпеші, асықпашы.

Жасып қалам сен кетсең, жасытпашы.

Жұлдызымыз жараспай тұрса шыннан,

Жұлдыздарша білдіртпей қашықташы?
638

Тәубе ғыл! Талайға әлі жан да шыдар,

Шошыма еш азаптан алда ашылар.

Ал Бақыт не екенін білмесең де,

Бақытты болған кезің бар да шығар…
639

-Неткен жан ең, кемелім, кешірімді!

Сондығыңнан қанша иттің есі кірді.

Сен мені де бір жолға кешермісің,

«Данагөй» деп ұзартсам есіміңді?
640

-Қағаз, қағаз… кей-кейде мәңгіріп мен

сенен безгем!.. О, сұмдық әңгүдік пе ем?

Безу қайда?! Ғаламға айналып ап,

Сыбырласып жатсаң сен Мәңгілікпен!
641

Оңашада жуытып тап шеніне,

Айналдырып ақ толқын – ақ селіне

алған Шабыт алдай сап, көзден ұшты…

-Бір келерсің осыдан!.. Қап, сені ме!..
642

Хас надан жатқызатын жәй қалдыққа,

Жетті әне жетіскеннен тайтаңдыққа!

Осылай Адамзатты мазақ етер,

Бір қыры бұ Жалғанның – сайқалдық па?
643

Бір тыным бермей қуып тазы-жалған,

Болдырдым жалын сөніп, қажыды арман!

Тек Үміт жетелеп жүр шағымда да

Өмірдің көбі кетіп, азы қалған…
644

Егерде көрсең қорлық бір ездерден –

Деме одан. Барлық бәле - мінездерден!

Ал мінез өзгермеген Адамзатта.

Өзгерсе тек киімнің түрі өзгерген.
645

-Сен жоқсың!.. Көз жасымнан сел қаптасын!

Сен жоқсың!.. Мен үшін таң енді атпасын!

Түкірдім сұм тағдырдың бет-жүзіне,

Ашса ашсын енді Бақи кең қақпасын!..
646

-Өртенсе де күймейтін алпамыс – Күн,

Жарық қылшы бәрін де қалтарыстың!

Адастырды бітпейтін бал-маскарад,

Көрсетші өңін таныстың, сәл таныстың.
647

-Күншілдер көп күйдірген, - білем, - ерсің!

Кек алсам деп те кейде түнерерсің!

Күншілдің күні де – түн, түні де – түн,

Қайтесің, түндерінде жүре берсін…
648

-Бәйек боп оранғанға үлде-бүлде,

Адам деп мені ұқпап ең бірде мүлде…

Ал қазір сені қалай әлпештермін?..

Осылай қинарыңды білмедің бе?
649

Күн батқанда немесе таң атқанда,

Тек Болашақ – бар себеп алақтарға…

Соған бұрып қойған ба бетімізді,

Бізді адам ғып ең алғаш жаратқанда?
650

-Батпаса бір сұмдықтар жаныңа шын,

Сен неге осы жиі тарынасың?..

Елеме ештеңені майда-шүйде!

Жалғанның жағымсыздау жағы басым.
651

-О, қандай әдемі еді ән салғаның!..

Осылай әр таңыңды қарсы ал, жаным.

Жасыма! Жер мен Аспан екеумізге

Салған жоқ, салмайды да бар салмағын.
652

-Сұқтансам бір сұлуға ренжіме.

Болғанмен тіпті өзіңнен реңді де –

Елес ол естен шығар… Сен де ұмыт,

Санай сал түсіне бір гүл ендіге…
653

Жиырмасыншы… дегенмен ұлы ғасыр,

Мәңгілікке түспейтін жүгі масыл.

Ал Қазаққа қайта алған азаттығын,

Жағасынан гөрі оның жұлығы асыл!
654

-Алланы толық тану… лайық па?

Ал оған ой жетпесе… бұл айып па?..

Күнәһар құлымыз ғой, ей, хазірет,

Құлшылық қылумен-ақ тынайық та?
655

Өмірдің жүздескенде жүз қарыған,

Оллаһи, ығыр болдым ызғарынан!..

Кенеттен жетсе-ау, шіркін, ып-ыстық дем,

Жас күннің өзі ап қалған қыздарынан…
656

Бұрын елден алғанын жасыратын,

Бүгін ұры боп алды басынатын.

Бұл да мына заманның толқыны ма,

Бір жартастан таяқ жеп басылатын?..
657

Безіп достан жәдігөй, жалған іші,

Адыра қап арманы – алдағы ісі,

Ыстық жүрек, отты үміт арандаған…

Орта жастың осы ма дағдарысы?
658

Ала-құла, күнәһар бұл ғаламда,

Бәдік сөзбен аузыңды былғап алма.

Айшықты сөз – анасы ақыл-ойдың,

Сондай сөзден туады Тұлғалар да!
659

-Ризамын мен саған!.. Бар сұрарым:

көзді жаспен мен кетсем малшымағын.

Бейуақытта бейітке жалғыз келіп,

«Толқыманы»… ақырын салшы, жаным!..
660

Сыйлар деп сынға түссем Сиынғаным,

Қаңғырып қанша өлкені шиырладым.

Жетпедім, жеткізбеді елес–арман!..

Көрем де енді амалсыз бұйырғанын.
661

Замандарға айтылса тілеу, баға,

Бірі ақымақ айтқанның, біреу – дана.

Бірақ көбі өкпелеп өтеді екен,

Риза болса – ілуде біреу ғана.
662

-Е, ананың, мынаның… тапшы мінін…

Тапсаң оған жалған сөз жапсыр, інім…

О, мынадан тым күшті жала шықты!..

Ал енді айтшы: бар ма бір жақсылығың?
663

-От-сезім! Беріп суық қалпыма түр,

Өрлей түс,өрте, мейлің! Шалқы да тұр!

Түлейін, түгендейін жан-жүректі,

Жүдеткен жүкке айналып салқын ақыл!
664

-Берсе егер рухтастар қайталана,

«Ғасырлар бөліп тұр» деп айта ала ма?

Айтпайды!.. Ұлы һәйям – шайыр жезде,

Жүріңіз, кеттік ана мәйханаға!..
665

Достық – көпір адамдар арасына,

Достық – дәрі жанның да жарасына.

-Қу Жалған-ай, бұ да бір шындығың ба:

«Дос азайса артады бағасы да»?!
666

«Өмір» дейтін мына бір борасында,

Өткен бе әлде ертеңгі жол асыл ма?..

-Ес жиғанша, ей, Уақыт, толасташы,

Сен де демал сол тапқан толасыңда…
667

Ер сері Петруччио жолықпастан,

Көлденең көкаттымен солық басқан

бикештер қаптап кетті-ау!.. Пәк аруды,

Құдай-ай, жасаймыз ба жонып тастан?
668

Көрінсе де өзіме ерсі, мейлі,

Асыл арман жас күнгі «келші!» дейді.

Үлгірем бе Құдай-ау, білмеймін ғой:

қай жыл мені мәңгіге еншілейді?
669

Қарап жүріп кейде мен үрейленем.

Бірақ білмей дал болам: үрей неден?

Заманнан ба әлде ол адамнан ба?..

Адам болса «Бұл сонша кім-ей?!» дер ем…
670

-Сенде мың-сан ұрпақтың нәрі қалған,

Ар-намыс, Арман, Азап… бәрі қалған.

Ақырып Ақырет күн кеп қалмаса,

Тоймассың, о тойымсыз кәрі Жалған!
671

-Болды енді, боздай берме, жарықтығым!

Бұл нарық қылады әлі нарықтығын.

Балқытып бас – қазанда айла қорыт,

Айласыз қашан, қайда жарыпты кім?!
672

Улансаң, абайсызда арам астан,

Жеңілер емнен ауру жағаласқан.

Ал санаң сауығар ма улап қойса,

Жалғанмен аздап шындық араласқан?
673

Тарихта: алса біреу патшалықты,

Біреулер ар-ұятты ақша ғыпты.

Не болды ақырлары?.. Ал, Тарихтың

Басын тек арлы арқылы Бақ шалыпты…

674


-О Алла, қарашы өмір ағысына:

тиым қайда адамның тағысына?!

Адам жанын алады неге адам?

Бұл – Сенімен жауыздың жарысы ма?..


675

Ай сүйіп ақтық рет ақ тастарды,

Қара түн қамалына жапты асқарды…

Ғарыштық геометрия сабағы ма,

Жұлдыздар сызғылайды тақта–аспанды…
676

-Білмеген соң өлшеуді немен нені,

Сен емессің кер заман кемеңгері!

Әлде өзіңе өзгеше өлшем беріп,

Ібілісің бірдеңе деген бе еді?..
677

Өмір не? Арпалысу?.. Кіл бақ сынау?..

Итшілеу?.. О, неткен көп жұмбақ, сұрау!..

-Күлсек те, жыласақ та біз бейбақтар,

Бәрібір, сен бәтшағар, қымбатсың-ау!
678

Ханның да, қараның да жолы мына,

Бастайды ертең баба қорымына.

Тірлігін тірідегі сарапқа сап,

Жайғайды ең лайық орынына…
679

«Құлдық!» дермін жазаға жөн, білікті.

Жазықсыз да кейде, әттең, көндіріпті…

Ал намысқа, қанеки, тиіп көрсін,

Онда, оллаһи, көрсетем көргілікті!
680

-Антұрған, есіл-дертің, бар ұққаның:

алуға болатынның алып бәрін -

Есіру!.. Ал неліктен төлемейсің,

Өмірге келу кеден салықтарын?!
681

«Бақи жоқ! Одан, қане, кім келіпті?!»-

деп бірде бір имансыз тым желікті…

Келмейді! Күнәһарлар Тозақта отыр,

Пейіштен есі болса, кім жеріпті?!
682

Өткен өмір алдында ақталуға,

Жарар мүмкін кейінге ат қалу да.

Ат шықпаса – оқа емес, Атышулы

Замандаспен болады мақтануға!
683

Сұмпайы – сұлуды, ал тұл кедейді -

бай біткен мақтамайды, тілмелейді.

Даналық құнын білмеу – қандай ғажап!

Дананы дарақылар күндемейді.
684

-Аттамасам ешкімнің ала жібін,

Бар тағдырым тіліндей таразының

қалтылдауы дұрыс па?! Кім өйткізген?..

Кім болса да айта бар: на-ра-зы-мын!

685


-Бір жанған жоқ, сенсеңіз, бағым әлі!..

Неден осы адамның жарымағы?

-Дұрыс жолды тауып па ең?.. Дұрыс жолға

Шындық, Болмыс… бәрі де бағынады!


686

-Айналар алыс сапар әлі аңызға,

Сағынсаң, сәулем, сабыр… алағызба…

Құшар ем сені армансыз… амал бар ма,

Бір мұхит, үш құрлық тұр арамызда!
687

-Босатпастан қиялмен ол күнді әлі,

Тағы өксіп сағыныш солқылдады!..

Жүректе - Өзің!.. Құлақта шуылдайды

Атланттың ақ сабын толқындары…
688

Ұрыстырар серіні серігімен,

Жұлыстырар енені келінімен –

Жын ба?.. Ойбай, ұстасты момынның да

астыңғы ерні үстіңгі ерінімен!..
689

Жазғы күн. Бұлақ басы. Ертеңгілік.

Келеді, келе жатыр еркем күліп!..

Түс екен… ортамызда отыз бес жыл…

Аһ, дүние!.. Лап етті де өртенді үміт…
690

Замандар таңдағанда керек шерік,

Қаншама халық, ұлыс, ел екшеліп,

Ішінде Қазақ қапты жылы жүзді…

Қалғай да мәңгі боп сол ерекшелік!
691

Шаң қаптырып «мықтыға» баста шала,

Бір жас түлек жөнелсе тасқа шаба -

Көрге тыға жаздайды жазғаныңды…

Бұл солай ғой?.. Әлде енді басқаша ма?
692

Өмірім – жылдар жұлқып үзіп алған,

Өңшең бір өрімталдай үзік арман.

Біреуі әлі күнге елеуретсе,

Бірінің мәңгі мұң боп ізі қалған…
693

-Болмаса да алдыңда кішіргенім,

Көңіліңе титтей дақ түсірмедім.

Айтшы, айтшы, жаным-ау, жазығым не?..

Жақпай ма әлде мен сені… түсінгенім?
694

Толтырғандай Ақыл, Ар кемістігін,

«Уақыт аз!» деседі тегіс бүгін.

Адамға, Алла, билеуге бере көрме,

Уақыттың, Ғаламның кеңістігін?!
695

-Уа, жарандар! Шарап іш, астан да алшы,

Болсын думан, бір жақсы ән бастаңдаршы!..

Ал мен тосын тост-тілек айтам енді:

-Қойындағы тастарды тастаңдаршы?!
696

Бір әулие әз Тараз – мекенге кеп,

«Әулиеата» десін бе бекерге елеп.

Бір имансыз «Тараздық» десе өзін,

Қорқам суып Тараздан кетем бе деп…
697

Көрініп Таразда алғаш жүзі Жалған,

Есейгем аспанында жүзіп арман.

Екінші Меккем де сол өлгенімше,

Анамның ең ақырғы ізі қалған…
698

Әкетіп көзкөргеннің көбін ептеп,

Жүргендей Ажал мені төңіректеп…

Жалғанға жаутаңдауда қала ма мән,

Көрісер жан қалмаса еңіреп кеп?
699

«Осы өссін, сенейік!» – деген елді,

Кетсе ұмытып ертең-ақ елегенді -

Кім болғаны? Кісі емес кім болса да!..

Кісі болып қалуға не кедергі?
700

-Үміттің бір сәулесін алға сап ап,

Фәниде ізгілікті барға санап,

Келем, дос!.. Әйтсе де сен шыныңды айтшы:

мен осы жүргем жоқ па далбасалап?
701

-Ә, әлгі Бақтың құсы қай құс деп ең?..

Көрмеппін. Түсімде де жай құс көрем.

Жетеді маған фәни мұхитында,

Құс емес, қылт етсе де байғұс төбем.
702

-Ей, Ажал, түсіп кетсе көзің маған,

Дермісің «бұл не деген төзімді адам?!»

Тірегім – бір үмітім тірі қалған,

Ол өлсе, оллаһи, мен өзім барам!..
703

Сәскеде, ақ нұрға әлем бөленгенде,

Шырылдап дүниеге мен енгем де.

Қалдырсам титтей сәуле өтеуіне?..

Өйтуге бола ма өзі өлеңмен де?
704

Жарқылдаған жаһұтты көмді көмір!..

Бебеулейді, боздайды шерлі көңіл…

Несіне енді соғады сорлы жүрек,

Несі мәнді Ол жоқта ендігі өмір?!
705

Біреу ақыл сұраса егер менен,

Бір шындықты айтар ем көнермеген:

өле-өлгенше ізгілік ізін қалдыр,

Басқа жолмен көсеге көгермеген.
706

-Бір жалын жүрегімді жаласа да,

Сыр ашу, білмей тұрмын, жараса ма?..

Сенде ерік жер ғылсаң да, қалқам, мені

мамырын іздеп жүрген қарашада…
707

-Сен сыйлап мына өмірдің соны ырғағын,

бу болып ұшып кетті сорым қалың!

Енді тек тілерім сол – ертелі–кеш

көңліме көл-дария шомыл, жаным!
708

«Тағы бір күн өтті!» деп тыз етеміз…

Дұрыс емес!.. Ал қалай түзетеміз?

Күн өтпейді! Күн керек кейінгіге,

Жерге мініп, жер болып біз өтеміз.
709

Елге Ердің еткен ерлік, жағып ісі,

Алса алғыс – сол ғой нағыз бақ-ырысы!..

Жоқ! Одан мың есе артық ол кеткен соң,

Елінің салқындамас сағынышы!
710

Батқан соң балалықтың ізі құмға,

Өртелді жүрек жастық қызығында.

Өтті ғой бастан бәрі!.. Бәрінен соң

саймыз ба Адам деген біз ұғымға?
711

-О достым, шын сезімді ая, сақта,

Жетпейсің арманға оны жая сап та.

Шын сезім – Алла берген бір асыл сый,

Салынбас сауда менен саясатқа!
712

Бағзыда о қаншама асыл қалған!

Қалып-ақ замандардан асырды арман.

«Сана» атты жалғыз үйді жабылумен

қалапты-ау тастан емес, ғасырлардан…
713

Ұлы-кие!.. Тек артық дәріптеме.

Дәріптеу жат адамдық әліппеге.

Ұлыда да ұсақтық жоқ деймісің,

Кейде ұқсаған шығар-ау ғаріпке де…
714

Ал жібердім арманды, ағып ұшсын!

Аңсағанын алғаусыз тағы құшсын!..

-Бірақ, кімсің, қайдасың, о Періштем?..

Мүмкін мәңгі жолықпас Сағынышсың?..
715

-Ей, досым, бір хат жазшы, өтінемін.

Әзілде, мазақта, тек көкімегін.

Сәлем айт балалыққа: келіп кетсін!..

Келмейді-ау… сен де алыссың… өкінемін…
716

-Сырдескі болмасақ та, мейлі, әлі біз,

Құдаша, қалай-қалай дейді әніңіз?!

Тым құрса, қиыңызшы қайырмасын,

Өмірдің сіз де, біз де мейманымыз!
717

Бір сағымнан ұрынған бір сағымға,

Мен бір бейбақ адаммын бұл шағымда.

Көңіл күпті тағы да не жатыр деп,

Алақолдау тағдырдың құрсағында…
718

-Мені осы күндеушілер епті тегі!

Жан тұрмақ тарылып та кетті тері…

-Қиналма, кет олардан. Сен кеткен соң

өздері-ақ бірін-бірі жеп бітеді…
719

-Заманның, ей, ордалы жыландары,

Қан сора беремісің бұдан да ары?!

Есіңде болсын бірақ көзіңді ояр,

«Әділет» дейтін де бір қыран бары!
720

Дәметіп бір Құдайдан күнде медет,

Кейінге кетсем десем бірдеме деп,

Жалғыз ой жалғыз оқтай қадалады:

«Жазған-ау, жазғандарың кімге керек?!»
721

Махаббат қой - көктемің! Көктемгі оққа

ұшты қанша жүректер, өртенді отқа!

Мейлі Жаһан сол оттан жанып кетсін,

Махаббатсыз көктем де көктем боп па!
722

Махаббат, достық та өзін ақтамаған,

Мен қалай шақ өмірде шаттана алам?!

Күлмесхан боп өтуге тағым жоқ қой,

Бір ақыл айта гөрші, Хақтағалам?..
723

Жылдардың, қайғы-мұңның салмағы артып,

Өз түсін сақал-мұрт та алды ағартып.

Ажармен қоса ұрланса пейіш көңіл,

Амал не?.. Жоқ па шыннан алданар түк?..
724

-Өлтірдің ғой зарыңмен мүлде мені!

Ойласаңшы: түннен соң күн келеді.

Ол аз болса тағат қып тағы да ойла:

болады да Алланың бір дегені!..
725

Жоқ болса да қастығы тасалаған,

Толық достық ешкім де жасамаған.

«Өзім!» дейтін рия бар бәрінде.

Жалпы, «өзімнен» зәуеде аса ма Адам?
726

«Іске асты, - деп, - қашанғы қай талабым?!.»

Қажыдың-ау, қайран дос, байқағаным.

Шығармас па ем ұшпаққа!..Бар тапқаным –

Сен айтқанды мен де іштей қайталадым…
727

Бар ма осы Бар мен Жоқтың салмағы ара?..

«Мәңгілік» дейтіндерді… ал, бағала…

Күн де өшіп, Ай да ғайып болар бір кез,

Мәңгілік болса, тек ол – Алла ғана!
728

Өзімді білдім: аз күндік Өмір – мекеннің,

Қадірін білмей қаңғыған бейбақ екенмін!

Амалым қайсы?.. Өкінсем неге жетермін?

Бұлт болып шөгіп, жел болып ұшып кетермін…
729

Көңілді бос жіберіп, бірде байлап,

Жүрсем де қу жалғанда ілдебайлап,

«Сол асау бастықпас-ау!» деп қорқамын,

Әзрейіл әкеткенше «жүр!» деп айдап…
730

-Әлі де сені ақылды, есті де дер,

Ал сонда не ғибарат естімек ел?

Көк қағаз көкейіңді тескендей-ау?…

О, онда адыра қалсын ескі бедел!
731

-Соқпағы соққы жей-жей тар шатқалдан,

Өзі де сол соққыдан шаршап талған

менен не күттің, еркем?.. Білмеймін ғой

өзім де дәметуді қанша ақ таңнан…
732

Жуымай ештемеге оғаш, арам,

Былғанбай бар ойыма қожа-санам,

Өтті күн өкінішсіз. Тәубе, тәубе…

-Рахымың бұл да сенің, о Жасаған!
733

-Туған күн бе?.. Онда ұмыт сорды, мұңды!

Жаса тойды, мына өмір сонда ұғымды.

Ал мен білсем сәл бұрын өткерер ем,

Бір керемет думан ғып соңғы күнді!
734

-Жастықта жас болуға нең жетпейді?..

Жалында, бетке ұста да жел беткейді.

Махаббат балын жұтып, уын да іш,

Еш сезім сені мәңгі тербетпейді!
735

Сұлулықтан көрсе көз асқақ Айды,

Неге кейде ол көзді жас қамайды?..

Сиқыр болса Сұлулық өз жендеті -

Уақытты неге тас қып тастамайды?..
736

Қаншама қатерлерден төніп келген,

Аман қап мына халық өріпті өрден!

Ел Ерге борышты ма?.. Бұл да шындық:

бір Адам бір Халыққа көрік берген!
737

Неге енжармын?.. Жан-жүрек қажыды ма?

Байлаған кім күйкілік қазығына?..

-О, Жаратқан, жалын бер, жанайын бір,

Айналғанша Ажалдың азығына!..
738

Әурелік-ау Адамзат ғұрпы нағыз:

Жерде туып, Аспанға ұмтыламыз.

Ию-қию күн кешіп, Көкті ұмытып,

Жерге кіріп, жай тауып, бір тынамыз…
739

-«Тең тапсам!» деп соқса да басын жарға,

Айын тапқан, айнам-ай, асыл бар ма?..

Таба алмасам мен сені, ал сен мені -

Түкірермін жыл тұрмақ ғасырларға!..
740

Таразда ылғи жүргем жоқ күнеспенен,

Талай өмір өрілген күреспенен.

Баянсызға базар боп өткен күннің,

Бодауына қалса етті бір есті өлең!..
741

Шындық үшін қаншаның басы кетті?!

Басы қалса, басылып жасып өтті…

Несі дәрі?.. Әлде ол Алла таңар

қасиет пе адами қасіретті?
742

Өзіне етіп қойған мыңды ғашық,

Мына Өмір бір күн мұнар, бір күн ашық.

Мұнарда мұңға көзді толтырсам да,

Ашықта нұрға жанды жүрмін ашып…
743

Ойлай ма Адам батқанда ойы мұңға:

қанша обал, сауап жүр мойынында?

Ойласа онда неге көп қасіреттер,

«Өмір» дейтін ғаламат қойылымда?
744

Өмір бойы түзде де үйде менің,

Әйтеуір, бір ауыр жүк – сүйрегенім.

Жас жеткенде «Рахат кеш!» десе Аллам,

Оны қалай мен байғұс үйренемін?..
745

Анарында арудың бір аласы

бар күндер-ай, қайдасың?!.. Сұрамашы!

Бір жаулықты бір үміт жағып кетсе,

Елту ме еді егделік сыбағасы?
746

-Сен кейде жосыласың желең жүріп…

Жоқ та емес «дені сау ма?» деген күдік…

-Ол рас, шабыт келсе Жер түгілі,

Көсілтем көк Аспанда өлең мініп…
747

-Ашып қап ем бой бермей толқын ішкі:

кей шындығың не деген қорқынышты!..

Ақыры алдап жүрсің ғой, алдай берші,

Екеумізге енді, Өмір, сол тыныш-ты.
748

-Қиянатшыл қаралап атағанға -

Қапаланба. Тағы айтам, қапаланба!

Қиянаттың қиюы ашылар да,

Қиянатшыл өртенер шатақ – алда!
749

-Күстәналап күніңді бас аманда,

Қолдан күнә қосымша жасап алма.

Пенде пейіш, тозаққа шыдар ма екен?..

Сынау керек шығар да Жасағанға…
750

-Саған сенсем: өң түгіл түсіңде едім.

Дерегің жоқ, қайдасың?.. Түсінбедім.

Түсініксіз сарғайтып, темір тордай

тәуліктерге тұтқын ғып түсіргенің…
751

Сүйіп тұрып сүймеген боп, сұлық қана қараған,

Сыр ашуға ынтықса да үндемеуді қалаған

Әйел заты неткен берік! Сол беріктік бар Адам

бас иетін Махаббат боп мәңгілікке тараған!
752

Алапат қой мына Аспан күркіреуі!..

Әлде құлап бара ма бір тіреуі?

Жарқылдата от жақса - өз тілінде

мүмкін түнек Жалғанға нұр тілеуі?
753

Ақын елдің алдында батырсынған,

Батыр байдың алдында қатынсынған

Заман ба бұл?.. Әйтеуір, талай мықтың

тоңқалаң асып құлап жатыр сыннан!
754

-Неге үздіктің өлердей ашынаға?!

Үздігуді алмайсың жасыра да.

Ләззат шөлін жастықта баспап па едің,

Басылмаса ол енді басыла ма?..
755

-Жүзің гүл, демің жұпар, ақ тамағың,

Өн бойың ләззат – толқын, аққан ағын!

Тек, әттең, неге жәннат жан-тәніңді,

Сипатпай сиқыршыға сақтамадың?
756

Бір уыс боп бүрісіп жан жабыға,

Жасты көзбен қараймын жан-жағыма…

Әппақ арман, жас көңіл қайда, қайда?

Алтын күндер алыста қалғаны ма?
757

«Болды енді!.. Көзің сүзбе қалқа жасқа.

Балама бар қызықты тарқамасқа»,-

десең де есер көңіл көнер емес.

Сонда бұл… жастық үшін жанталас па?
758

-Топан су – тозақ емес барда қайық,

сондықтан сары уайымды салма жайып.

Болдырсаң болмашыға – бор кеміксің!

Жүрміз ғой тағдырмен-ақ алмағайып!
759

Бой бермес ем дұшпанның біріне де,

Тек түрлі боп келеді түрі неге?..

Құлым десең, Құдайым, сақта жалғыз

күле кіріп, шыққаннан күңірене.
760

-Көрдің бе: көзіңді жас бұлағаны,

Мұң-шерің… бәрі де оған ұнамады.

Ұқпайды сені есірген ергежейлі,

Мұңлықты мұңлық қана ұға алады!
761

-Біреу сені жағадан алып жатса,

Тағы біреу аяқтан шалып жатса -

Шира, шырақ!.. Сөйттің ғой, енді көрші:

Мың кісілік күш бітті! Халың жақсы,ә?!.
762

-Шығарудың амалын күйікті іштен,

Таппаған соң, о, қанша күйіп піскем!..

-Күйіп піспе, қадірлім. Тілімді алсаң,

Күйдіргіні күйдіргін сүйікті іспен!
763

-Жолдар-ай, жолықтырған елді елменен,

Арманға жеткізер-ау сендер деп ем.

Жетпедім… енді ең құрса демеңдерші,

Көңілді дұрыстап бір демделмеген?..
764

-О жолдар, жадағай не тас табаның,

Сандалтып мені қайда бастамадың?!

Жан сорлы жай табатын бір жер болса,

Біржола неге апарып тастамадың?
765

Заманды іздеп зәмзәмдай зарықтырған,

Ентелейміз жолды да салып тыңнан.

Жалаңтөстер үмітті үкілесе,

Жалмауыздар аларын алып тынған…
766

Ол кезде біз жас едік, бақытты едік,

Не көрсек те – бәрін де «бақыт» дедік.

Білмеппіз ғой! Сұр жылан – бақытсыздық,

Ортамызды орда ғып жатыпты еніп!
767

-Абайсыз ашып алсақ араны біз,

Жаппайық екеуара жаланы жүз.

Бар себеп: семсерлесер кейде, тіпті,

Екеуміз екі Заман адамымыз.
768

«Жан сәуле»… айтып еді осы әнді кім?..

Дариға-ай, тағы оянды-ау осалдығым!

Сұлу ән, Жас келіншек ерке назды –

Неліктен сонша ыстық бұл қосарлы ұғым?..
769

-Өткен күндер! Көп пе, аз ба көрсеткенің?..

Әй, бәрібір бермессің өлшеп кемін.

Енді айналып алдың-ау сағынышқа,

Ап қалсаң да өмірдің бөлшектерін.
770

Ізгіліктің солады гүлі неге?

Зұлымдықтың жайнайды түрі неге?..

Осындай ой қамаған бір байғұспын,

Ой жететін секілді түбіме де…
771

-Тағдырымның біліп пе ем қырсығарын,

Күнді күтсем – түнеріп түн шығарын.

Саған ғана керекпін… рас па осы?

Рас қой,ә?!. О, енді тыншығамын!
772

-Жасыма, жаным. Жасыған жетпес мұратқа,

Заңдары теріс жазылған Фәни–тұрақта.

Сен де істе кері: Фәнидің өзін ұнат та,

Күлкіңді естірт сыңғыры ұқсас бұлаққа!
773

«Керіп тастап өмірде желкенін Ар,

Жүзгендерге жүлде бар! Кел, тегін ал!»-

Дей қалса да Ертеңің – ентікпегін.

Елде жалғыз сенбісің Ертеңі бар?!
774

Жарылқауға жарлыны онған амал

таба алмасаң – құрметте! Ол бағалар.

Қорлама тек, аз ба оның қасіреті?!

Бір шыбын жан сендегі онда да бар.
775

Жауабын таппай сұм Жалған қойған сұрақтың,

Аша алмай көзін жүрекке тұнған бұлақтың,

Сансырап жүрген сорлыңның соры аз ба еді,

Тәңір-ау, неге оны алып, мені жылаттың?..
776

-«Болғанға болаттай бол… сілкін!» деп ең,

Қайдағы… өмір – құса кілкілдеген!

Жарығым, жәннатта өзің қарсы ала гөр,

Жалғаннан жолға шықсам бір түнде мен!
777

Күн де өгей, маған нұрын бұрынғыдай шашпайды,

Көңіл күйді бір құдырет күресінге бастайды.

Жанымдағы жауқазындар жау тигендей жайпалса,

Желкілдейді жас топырақ – жас қабырда жас қайғы…
778

Басынан-ақ мен байлық жинамадым,

Бейнетіме берілген сый да мәлім.

Бәрін қойшы… тек аздап түсінбеймін,

Титтей бақыт Тәңірдің қимағанын…
779

Тарта ұстаған ел шіркін ауыздықты,

Жанашыр деп жалпылдап жауызды ұқты.

Кейінде не боларын итім білсін,

Ал қазір жеп үйренген ауыз мықты!
780

Жолың боп ел-жұртыңды деме мейлі,

«Бұл бізден асып кетті неге?!» дейді.

Сүрінсең сүдігерде жолың болмай,

Оллаһи, ел дегенің елемейді!
781

Бірі өшсе, бірі жанып алдан шығып,

Ақыры алдап соқты алдамшы Үміт.

Енді де еремін бе?.. Амал қанша…

Қайтем тек Сенімімді қалған шіріп?
782

-Өмірден сен де өтесің, мен де өтемін,

Қарақшы, қайтарып кет елге өтемін!

Есепсіз ештеңе жоқ дүниеде,

Еспейді ең ақыры жел де тегін.
783

Елекпен тотияйын, тұз елеген,

Түзуді қыңыр қылған тіземенен

Зұлымдар – шын құдырет, бір де бірін

мың жылда мың хакімің түземеген!
784

-Опасыз дос жапса да он жаласын,

Парықсыз жан салса да, он жарасын –

Сауап саған, о Жүрек! Тапқан өзің.

Болды, жетер!.. Сен бекер долданасың.
785

-Азабым көп төбемнен төне қысқан!

Амалым не, мендегі көнеді ұстам…

Ал, Бақыт-құс қонып жүр, сәулем, сәтте

сені құшқан және де өлең ұшқан!
786

Мұратқа жеттім десем бір шын күткен,

Жіберер емес жұмбақ тылсым, тіптен!

Тәңір-ау, жазығым не?.. Әлде қырсық

ағайын айтпай істер күншілдіктен?..
787

Заманға құл болған соң жалдамалы,

Белгісіз не күтеді алдан әлі…

Не күтсе о күтсін, тек өкінішті –

Аяйтын бір адамның қалмағаны!
788

Сүйе алмайды сұмпайы! Жалған іші.

«Махаббат» деп жүргені – алданышы.

Шын махаббат – алауы асқақтықтың,

Самғап ұшқан екеудің жан жарысы!
789

Ұлттық намыс… неге одан алыс қалдық,

Ойын-пойын қойсақ та алысқан ғып?..

Мінез жоқ қой, бауырым, мінез жоқ қой,

Ақырусыз болар ма арыстандық?!
790

Мінгенде Ер шешендіктің тұлпарына,

Бас иді басқа елдің сұлтаны да…

-О, Баба – билер, әлі бабында екен,

Қалдырған жалғыз мұраң ұрпағыңа!
791

-Мен іздесем сенен де ізгілікті,

Сен соқтырдың арам сөз – ызғырықты.

Бір жақсысы – ертең-ақ жоқпыз біздер:

бәрі жаңа, бәрі де бізді ұмытты…
792

-Бақтың құсын Алла да аз жасаған.

«Сонда, – деген шығар-ау, - азбас адам».

Міселі бол. Қасың да қызығарлық

Өзің барсың!.. Ал осы аз ба саған?
793

-Жүрсін, дос, жәй ғана бір есеп есте:

Бақ қуып бойлап кетпе бос елеске.

Денің сау, жарың сұлу, жаның жарқын…

Бақыттың бір сипаты осы емес пе?!
794

Түк те емес мына Өмірдің қиын ісі,

Түк те емес жындылардың жиылысы.

Көктегі көңіл құлар ең сұмдық жер –

Шындықтың Қиялменен қиылысы!
795

Тарс шығып сатқындықтың қатері естен,

Мен байғұс қалай қатты қателескем?!

-Ей, Жалған, сендегінің бәрі жалған!..

Жел екеш жел де неткен жат еді ескен…
796

-Заманның, ей, алтайы түлкілері!

Сендер боп тұрсыңдар ғой бұл күн ері.

«Келешек» дейтін де бір қызық жұмбақ:

Кім білсін – кім жылайды, кім күледі?
797

Бар ма маған бүгінде «кімсің?» дерің,

Жапырақсыз дарақтай құр сүлдемін.

Мұң шағатын жаһанда жан табылмай,

Тұншығады кеудеде күрсінгенім…
798

-Сен мені ішқұса боп өлсе деп ең,

Өлгем жоқ!.. Енді тіпті өршеленем!

Тағы да қателестің сен нақұрыс,

Мендегі ішкі күшті өлшемеген.
799

-Дауылдап қоғам–теңіз тербелгенде,

Салынба сары уайым – сергелдеңге.

Осы ғой Өмір деген. Есіңе алшы:

Ол ұйықтап жатыр ма еді сен келгенде?!
800

Айқассыз, алданышсыз ай, күн аз-ақ…

Жалпы, Өмір туралы көп айту – азап…

Шын азап – қорланғаны ғазиз жанның.

Қорлаушы… тағы да сол сайқымазақ!
801

-Сен, қалқам, несіне оған тесілесің?…

Кетпесін ителгіге есіл есің.

Албырттық аз шыдасаң өте шығар,

Сұңқардың өзіне қи несібесін…
802

Қалт-құлт еткен қайығы қайраңдаса,

Пенде бірден мына бір жайды аңдаса:

-Өз қамыңды сен өзің ойламасаң,

«Ел ойлайды» дегенің – жәй далбаса!..
803

Сөзі менен бейнесі – күңкіл елес,

Тындырары – тынымсыз, күн-түн егес

боп жатса да жұртыңнан безу бекер.

Бір мың болғыр болмауы мүмкін емес!
804

Жүрек толы запыран, жүрегім мұң…

Тауып берер, Тәңір-ау, бір емін кім?

Жүрек-шер мен шаттықтың ұясы дер,

Ал неліктен болады жігерім құм?
805

-Кімің бар, Ей, сұржылан, қас қылмаған?!..

Жалаңды мың жерден жап тасқындаған-

Шындықпен – Жай отымен жайратармын!..

Намысты мен ешкімге бастырмағам!
806

Уақыттың арыстанжал толқындары,

Соққанда сорлы Тағдыр солқылдады!

Інжу боп кешегінің Кейіпкері,

Жөнелді тұңғиыққа… ол – тынғаны…
807

Өмір-ау бұл: тірлігің оны-мұны,

Сүю-күю, пенденің соры, мұңы…

Ал өлімі жақсының - өз көгіңнен

Ағып өткен жұлдыздың жолы-нұры!
808

Жақсылық көрмедім деп біреулерден

мұңайма. Мұң–жарақат білеуленген.

Тілесең тіле бәрін бір Тәңірден,

Мен білсем, бір аты оның – Тілеуберген!
809

Туың ұшса биіктен, әттең, ілген,

Қош айтыссаң ең тәтті сәттеріңмен –

«Өмір заңы» дей салғын. Ал ол заңды

көшірмеген сенің көк дәптеріңнен.
810

Тау теңселіп барады көк тіреген,

Көк орманды бұлт орап от тілеген!..

Бұл не?.. Ішкі дүлей ме қайта соққан?..

Жаңылдым ба? Жап-жаңа «өтті» деп ем…
811

-Сенші, сәулем, бұл сертім татиды ыққа:

сырды шашу – емес ол сахилық та!

Қызығымыз қалса да бұл фәниде,

Құпиямыз кетеді бақилыққа!..
812

Жалғанда жалқы есімі қалғанда Адам

не таппақ? Қай күні бар алданбаған…

Әлде үрей мұхитынан Уақыттың?..

Әйтеуір әрекет көп тал қармаған.
813

-Сол қалпы, сәулем, мұнда қала, далаң,

Бақтар да біз екеуміз аралаған…

Сағынсаң жарық дүние сыр-сипатын,

Сабыр ет… мен өзіммен ала барам…
814

-Бүгін түн түсте өзіңді көрдім, жарығым,

Күлімдеп келіп, көзіңді жасқа малыдың…

Түсінбей қалдым, келесі түсте тіл қатшы:

сағынып па едің немесе неге налыдың?
815

Асса да мейлі, тіпті, бастан мінің,

Сол баста жатсын мына астарлы ұғым:

Еліңнің жақсысына қастық қылсаң -

Ол сенің өз еліңе қастандығың!..
816

-Айтшы, дос, осы сені не меңдеткен?

Біреуді атаң деп пе ең, енең деп пе ең?..

Жауыздың жаласы не, бәлесі не?!

«Пішту!» де… Оның бәрі менен де өткен.
817

-Жаста өлеңге өкпелеп құр қалғасын,

Енді ешкімнен түспейсің жырдан басым.

-Басымдық та мақсат па?!.. Айту - мақсат,

Жүріп тұрған жүректе кір қалмасын!..
818

Шықса өлең Айдай болып дөңгеленіп,

Ақынның асау жаны жөнге көніп,

Жай табар… Шын тәңірлік сәтте мұндай

көзде-нұр, көңіл-пейіш, өңде-көрік!..
819

Бір баянды іс бітірмей ерек, бекем,

«Кет» дей қалса Өмірден не деп кетем?..

Мәулет берсе Тәңірім рахым ғып,

Бәрін қайта ойлану керек пе екен?..
820

Өмірдің шешпеген соң бір күрмеуін,

Керек пе енді «неге жүрдім?» деуім?..

Тағы да жанталасам, амал қанша,

Әйтпесе әбден мүмкін үлгірмеуім.
821

Бітпей кетсін бітпесе күй келіскен,

Керек десе айырсын сүйген істен,

Шүкір қылам жұпыны тірлігіме,

Келе сала Өмірге үйреніскен!
822

Болмастай еш жұмыс та, демалыс та,

Тірлікте тура, яки кері ағыс та,

Керемет орнай қалып адам білмес,

Ап кетсе-ау мезі болған мені алысқа!
823

-Саған тұнған сұлулық қызықтырып,

Асық жүрек сыр ашқан қызып тұрып.

Үндемедің… Тұр ма әлде жауабыңды

Сендегі жаз, мендегі күз ұқтырып?..
824

Тағдырмен пешенені мөрлегенге -

көніппіз. Не істер едік көнбегенде?..

Неге ащы болады енді Өмір дәмі,

Бір ұрттап тұзын Тәңір көрмеген бе?
825

Қайырсыз тілек, жалған үмітпенен,

Өтті ме өмірім деп күдіктенем.

Күдіктің күрсінуі күшейсе де,

Әйтеуір сәлемді елге күліп берем…
826

Ай жарық. Жарықта ұйқым келер емес,

Көзалдым – топырлаған нелер елес.

Елестен туған ойлар алысты, әне!

Бітеді мына түнде немен егес?..
827

-Айтайын ба «дертіңнің» бір емін мен?..

Тілекті тый бикешке құр емінген.

Сабыр қыл да, сабазым, сабаңа түс,

Жасың құрдас емес қой тілегіңмен!
828

Көрмесе де ешкімді қалған мәңгі,

Қоймайды ешкім Жалғанға алданғанды.

Біле тұра алдарын мен де келем,

Жолсерік қып шаршаған армандарды.
829

-Еңбегі оны қойған соң сүйікті етіп,

Сүйіктісін әкетті ел биіктетіп.

Биіктеген оны сен күндей-күндей,

Күннен күнге барасың күйіп кетіп!..
830

Біл мұны: Алла о бастан қасыретті,

Сананы сынау үшін басым етті.

Саналы Рух атты ұлы күшпен,

Сан рет қасыретті басып өтті!
831

Жақсы, жаман ашылса аралары,

Болар мәлім данышпан дара бары.

Дарада да, әй, бірақ жоқ деймісің,

Ар-ұяттың жазылмас жаралары.
832

Құлап түсіп іштегі небір тірек,

Боп кетсе де көгілдір көңіл түнек,

Түнерместен Ақын жүр бір Тәңірден,

Өзіне емес өлеңге өмір тілеп…
833

-Бәлелікті от жақ та қуыр таңнан,

Қосып жібер, бар шығар уың қалған…

Есесіне менің тек тілейтінім:

кезің келсін кезіме буырқанған!
834

-Білмеуші ем әсерінен ызғардың сан,

Нелерді санайтынын қыздардың сән.

Сондықтан сыйлығым жоқ, кешір, қалқам,

Қайтеді жүрегіммен із қалдырсам?..
835

-Қиыр кетсем, туған жұрт, түсімде едің,

Бейнет етсем бәрі сен үшін дедім.

«Қош!» деп тұрсам – кінәлі мен шығармын,

Бірақ мені сен неге түсінбедің?..
836

Түн басып дала төсін бірсін-бірсін,

Дейдімау көкірекке «күрсін, күрсін…»

-Гүлі ең ғой бұл даланың, айналайын,

Бар болсаң, қай қиырда жүрсің, Гүлсім?!.
837

Бұзды ма Ғалам шартын бүгін алғы,

Тарқамай қызыл арай тұрып алды?

Ғарыш жақ әлде осылай құрметтей ме,

Бақиға аттанатын ұлыларды?
838

Зауалын көрсем-ау деп жұртты осқанның,

Санасам – о, қаншама жыл тосқанмын?!

Жә, жетер!.. Енді бетке күлкі жамап,

Тойларын тойлап жүрміз жылпостардың!..
839

Өмір өзі көңілді қалған қатты,

Жұбатқансып, о, қанша алдарқатты!

Жас балаша, шіркін-ай, жұбансам ғой,

Жұбанып ап жыр жазсам балдан тәтті!
840

Адам… қоғам… алады нені есепке?

Есептессе табылар берешек те.

Берешекті берместен кете ала ма?

Кетем десе кедергі – Келешек пе?..
841

-Сені іздеумен шарқ ұрдым, қиялдандым,

Қиялданып басқамен жиі алдандым.

Таптым, жаным!.. Бұл күннен айналайын,

Жүрегіме ең ұлы сый алған күн!..
842

Бір бикеш айдай өзі кеп саған ұрынды,

Ғашық па шыннан, машығы ма әлде бұрынғы?..

Қойныңда жатыр… Ал сені сұрақ қинайды:

«Күнә ма осы?»… тарқата бердің бұрымды…
843

Небір сұмдық бүгінгі басынғанда,

Кетер ме еді кешегі ғасырларға?!

Бірақ онда кім кепіл тұрмасына,

Заманаға сыймаған басың дарда?
844

Десең де «өсегі ғой осы елдердің»,

Сау дейсің қателіктен – кеселден кім.

Сол кесел кейде кісі кейпіне еніп,

Серігі болған, тіпті, көсемдердің.
845

-Балалық – барып тұрған алдамшы ма?

Ал жастық жалт берді ғой алдан шыға.

Егделік ерте келді емеурінін…

О, Өмір, сен шыннан-ақ жалғансың, ә?..
846

-Айтпашы бұл қураған тіршілікті,

Тап-таза күйде одан кім шығыпты?!

Бір күнде он күйдірсе отына орап,

Селінде сан періште тұншығыпты…
847

Бердім талай адамдық құрбанын да,

Көрдім талай тозақты, гүл бағын да…

Бұл қазіргі ой. Ал нені ойлар екем,

Тұрғанымда Ажалдың тырнағында?
848

Артық кеткен кезім көп, кем де шығып,

Ұялдым да кетердей жерге сіңіп…

Жиі айырып екіге жалғыз жанды,

Ит қылдың ғой, әй, сен-ақ Пендешілік!..
849

Заманда жоққа айналған шарасы Ақтың,

Санаға не берсе де ала саппын…

О, сұмдық! Мұнша қоқыс… Тоғышарлық…

О да тұр бөркін киіп Парасаттың!
850

Бар ғаламның бар салмағы бір басыңа түскендей,

Жанұшырдың… не тек жүрдің қос алақан күстенбей…

Өтеуі не? Өлімің бе? Әлде өтесі Өмір ме,

Тұңғиықта ғайып болар ғажайып бір түстердей!
851

Сенің бейнең… ол менің жүрегімде,

Ол жүрекпен мен мәңгі жүремін бе…

Кетем ертең. Кеткенше жыр жазамын,

Сен қалсаң деп, жарығым, Жыр Елінде.
852

Көзқалтасы құрттаған құлықтардың –

Жандайшапты туса ғой құрықтар күн!

Бір кісіге тиісте бір көлеңке,

Көлеңкесі неге көп ұлықтардың?!
853

-Ей, балам! Нешетүрлі бәлеге ерме.

Келеді бәлелінің әлегі елге.

Күнәңді кешу, кешпеу – Құдай ісі,

Ал Халық кешеді деп дәмеленбе!
854

-Тәңір-ау, сұмдық қашан тиылады?

Адамның боп кетті ме тиын ары?..

Қайтемін жүрегімді? Күн-түн оған

запыран қан орнына құйылады…
855

-Ортайып оралмайтын жаз барады, ә?..

-О, жалған! Онда қызық аз ғана да…

-Құйынын қу нәпсінің қайтпек керек?!

-Күз бар ғой… ал, ар жағын қазбалама…
856

-Ақылды бір-ақ сөзбен айран қылдың:

әпсәтте-ақ жазды қысқа айналдырдың.

Бұлбұлдың үні өшіп, гүл үсіді…

Айтшы, айнам, сиқырды осы қайдан білдің?
857

Қастық қолдан келсе де жасамаған,

Ызаны да жүзімен тасалаған,

Ізгілікті іздеусіз үлестірген

Жаның көп пе?.. О, онда жаса, Ғалам!
858

-Сол итті қойшы, түге!.. Беті қалың.

«Құдайы» деп сойса да жеті малын –

Құдайсыз ол!.. Әншейін ел көзінде

бүтіндеу ғой мақсаты кетік арын!..
859

-Кеп қаппыз бірге Ғалам – Кеңістікке,

Тепе-тең мұнда оң мен терістік те.

Тек теріс келмейікші біз екеуміз...

Осыған, ей, пірәдар, келістік пе?
860

Жалғанды әшкерелеу – бұл күні айып

болса, онда бұл күнің – тек құлға ылайық!

Ал Шындық аспанға атып шығу үшін,

Қанеки, қай Каспийді бұрғылайық?..
861

Деуменен «Құдай өзі берер енді»,

Көп бейбақ өз көңілін демеген-ді.

Ал Алла өмір үшін жан берді ғой,

Сол жанмен жалындауға не кедергі?
862

-О, Алла, дананы ерте өшірмеші,

Қайта оған «Ой-санада көсіл!» деші.

Жабайы жалғаннан ол өзі безсе,

Қалсыншы, тым құрса, дәл көшірмесі?
863

Құлап түсіп бір кезде бір есімге,

Өле-өлгенше пір тұтып жүресің де…

Жүз жыл, мың жыл шыңына шыға ала ма ол?

Шықпаса – кім ақымақ? Білесің бе?..
864

Ақирет күн – бәрін де теңгерер күн,

Алдыңа кеп бәрі де пенделердің,

Жалбарынар, Жасаған, жасын төгіп…

Күнәһар ем… япырай, мен не дермін?
865

Қорғансыз қалса Өмірде – дауылда адам,

Тән түгіл шыбын жанын ауырлаған.

Жаутаңдар жан-жағына жасты көзбен,

«Неге жат, мейрімсіз, - деп, - қауым маған?!»
866

Көзім жұмсам – ол тірі!.. ұмсынамын…

Көзімді ашсам – ол ғайып… тұншығамын!

Өт дейсің бе көз жұмып енді, Тәңір,

Жүруі үшін жанымда гүл шырағым?!..
867

Кездессе де қандай сұм ар аттаған,

Алыспастан қай бетпен қарап қалам?!

Алысуға керегі жүрек болса,

Мені де Алла жүрексіз жаратпаған!
868

-Көреді екен, көрместі көзің кілең.

Ол азап қой!... Осынша төзімді ме ең?

-Ой берген соң көрем де. Ал аясаң -

Ойдан арылт. Ар жағын өзім білем…
869

Деп қалсаң кейде Өмірді «қара ғажап!»,

Әпсәтте-ақ алқымыңнан алады азап.

Ермек қып бізді біреу ойнай ма осы,

Әйтпесе неге тірлік алабажақ?..
870

Жас жүрек жас арманмен тасқа шапқан,

О Жастық, отың басым басқа шақтан!..

Әттең-ай, бізден мына не шығады,

Десе де «Серпіл, мұңды таста, шаттан!»
871

Неге ол бейбақ жалғаннан жасқанады?

Неге көзден жамырап жас тамады?

Ойладың ба осыны?.. Тағы ары ойла:

Топан су да тамшыдан басталады.
872

Керек кезде жалындау… жалынсыздық

қаншалардың жіберді жанын сыз ғып.

Жалын жоқта дарынның орнына ойнап,

Жатыр әне дарылдап дарынсыздық!
873

-Шықпаса да маңдайдан шүпілдеп тер,

Жан жарасы қинады!.. Бүтіндеп бер?..

Сұрақ та бар, кеш Тәңір; неліктен жоқ

Сұңқар түгіл қанаты бүтін кептер?..
874

-Хан-қазына мен сенен тілеп өтпен,

Қалтасыз-ақ қалың жұрт түлегі еткен.

Тек, Тәңірім, ойды азат қылсаң болды,

Күйкі күйден ұстаған түпетектен.
875

Көсем топқа қараулық күші ұнаған,

Жүйе ұнамай тұрғаны үшін адам

қарғыс алған. Ал заман аунағанда,

Қарғыстар да қарғысқа ұшыраған…
876

Жанарың-ай!.. Жанармен жан арбайсың,

Арбап алып алыстап, тағы алдайсың.

Алданатын өзіңсің: бір кездері

Жер бетінен мені іздеп таба алмайсың!
877

Демінен теңіз тулап, тау ығатын,

Емінен өлі жан да сауығатын,

Ұшырар күйкіліктің күлін көкке,

Келсеңші, ей, қарағым, дауыл – ақын?!
878

Кернеп кетіп кеудені бір жылы ағын,

Алғаш мәз боп, артынан тұнжырадым…

Алдай салмай арзанмен, Құдайым-ау,

Неге ұсындың мұраттың тым жырағын?
879

Көктеменің қосылып дүрмегіне,

Біз еккен гүл – райхан гүлдеді ме?..

Көктем таңы мен болып жетсе саған,

Сен болып кеп оятып жүр мені де…
880

Арқаның ақ бораны қар суырған,

Жаңылып ұлуы мен арсылынан,

Сап тынды.. Саф таза ауа, ақ дүние!..

Айбатсыз келсе де кім қарсы бұған?!
881

Айтып едім әділін – келіспеді,

Оқша атылып көзінің теріскені.

Көлгірсіп ем – көз күлді, ауыз үнсіз,

Үндемеуі… шамасы, келіскені…
882

Айналса ол салған жол – азығыңа,

Тәлімі – таймас Темірқазығыңа,

Күйінбе қап қойдым деп көлеңкеде,

Дананың дана болу – жазығы ма?!
883

Күндізгі ой түйдегімен түнге асады,

Жалақтап жалғыз жанға кіл қасабы.

Талықсып кеткеніңмен сыртың бүтін…

Ал ішті неге, неге зіл басады?..
884

Бір бала бір кездерде майшамменен,

«Хат танып, мен де өнеге жайсам» деген…

Ел оны бүгін «хакім, дана» дейді,

Мен оны оған қоса «қайсар» дер ем…
885

Жан емеспін, иншалла, жым-жырт ары,

Намысымды демеймін кім жыртады.

Намыс мендік өйткені. Ал Заман ше?..

Осы сұрақ… біртүрлі қынжылтады…
886

-Кемді күн жүріп Өмір базарының

ішінде, кетпесе асып таза мінім,

Ей, ұрпақ, кешір мені, мен де адаммын,

Ішінде Адамзаттың қазағымын.
887

-Құлдарыңа, о Алла, қарашы анық:

аузы үлкейген, ой-сана аласарып.

Таңданба тек бір күні жебірлерің,

Жер шарын да жеп жүрсе ала салып…
888

Қайтеді құрлық, мұхит көлемдері?

Тіршілік нені сақтап, көмер нені?

Аман ба жалпы Адамзат, өз Қазағың?..

Бір келіп мың жылдан соң көрер ме еді!
889

Ақыл айтса бір дана көл-көсір ғып,

Маржанын ал кегжимей көр де сүңгіп.

Жаратарсың кәдеңе, жаратпассың,

Көрсоқыр боп әйтеуір өлмесіңді ұқ!
890

-Беймәлім пайдасы мен берері де,

Пайымдау қиын ойдың керегі не?

-Дананы кеще деп пе ең?! Ең асылын

көмеді сананың ең тереңіне!
891

-Зарыңды айттың отбасың, жұртың жайлы,

Көзіңде тұр өртеген күн-түн қайғы…

Жеткізер ем бәріне жебе сөзбен,

Мансабы жоқ байғұсты кім тыңдайды?!
892

«Жалғанның мың құбылған түсі, іреңін,

Санаға сан бояумен түсіремін!» –

деп жүрсем, ол әулекі қиял екен!

Мен қазір тек осыны-ақ түсінемін…
893

Өзіңмен бірге туып, бір қалса да,

Тозақта Өмір дейтін бір жанса да,

Өлшейді сені әуелі бақпен, тақпен…

Міне осы, бүгін би боп тұрған сана!
894

-Түспестен Мезгіл дейтін торға сұмдық,

Сапардан келдің, Омар, он ғасырлық!..

Ұлы Ұстаз! Мені де енді ерте кетші,

Өзіңе айтарым бар жолда сыр ғып…
895

Біреуді көрсең тұрған тым құлазып,

Жылы сөз айт, жылы сөз – бір күнге азық.

Ал өзім жылы сөзден дәрі жасап,

Жарасын жүрегімнің жүрмін жазып.
896

Торықтым-ау!.. Тыңдайды кім шерімді?

Таба алмадым дос іздеп бір сенімді.

Әлде оны да орған ба озбыр заман,

Қиғаш келсең қиятын тірсегіңді?
897

Адамның көрсем де көп піратқанын,

Жоқ, тәубе, әлі ешкімді жылатқаным.

Жыласа ол қайда қашып құтыларсың,

Құлақты кессең кетпес құлақтағы үн!
898

Біреуді қанша ұлыға баласаң да,

Алдында аңқау баспен аласарма.

Құдайдың ол да құлы, сен де құлы,

Құлшылық құлдан құлға жарасар ма?!
899

Күнделікті жүретін қолданыста

қулықтан-ақ құлаған жолбарысқа –

Жарбаңдама! Жараға шыдаса да,

Жай отындай атылар ол намысқа!
900

- Күйіп тұрып бір жолы былай деп ем:

«Естімесе бұл зарды Құдай-керең!..»

Кеш түсіндім, кеш, Алла? Жарылқадың!..

Енді өртеніп кетсем де шыдай берем!
901

- Тағдыр айдап апарып тағы сынға,

Құлап түстің, мертікті намысың да.

Өзіңнен де бар шығар… Ал зор себеп –

Заман менен Заманның алысында!
902

- Сиқыршы жалған! Мен саған құлшынып не етем?

Сайқалдай еліктірсең де түршігіп кетем…

Әлде көз жұмып салсам ба екен сайранды,

Қойныңнан сенің бәрібір бір шығып кетем?!
903

Ойлай ма екен өшпеуін тұл Ғасыр да,

Қалдырғанда сұлбасын Тұлғасында?

Ғасыр – қазан қайнаумен суалса да,

Бір асыл зат түбіне тұнбасын ба…
904

- Қатырушы ең қалжыңды тойда тұрып,

Өлеңіңде жоқ қой түк ойнақылық?

- Жас күндегі тойдан соң бұл дерт пе екен,

Қала берем қоймалжың ойға тұнып…
905

- Дос… деуші ем… сырды ашпастан бүгіп қалдың…

Білем ғой… білем жайын ұлықтардың.

Өкпе жоқ… Өйткені мен… о қашаннан…

Біреуге өкпелеуді ұмытқанмын!
906

Бір ойды айтсам - кейін мүрдеме кеп,

Ел дұға оқудан да үрке ме деп –

Тосылып тұрмын… Әлде кетсем бе екен,

Түбінде түсінердей бүркемелеп?
907

Бұл мәңгі есеп кез келген көнер пенде:

Өмірден алғаның мен төлем тең бе?..

Қарғыс атсын демесең қарызды бер,

Қазір қайтар! Ертең жоқ көлеңкең де!
908

- Болсаң да тұлға емес, бірі көптің,

Өмірдің балын жұттың, гүлін өптің.

Тек ертең не болады? Ит біле ме...

Ал мен өз тозағымды жүріп өттім…
909

- Алаяқты пір тұтпа! Тәйт, таста емін!

Өткен өтті. Жыласаң – қайтпас кемің.

Құлшылық қыл Құдайға… Ал басқаша?..

Жолын білсем, байғұс-ау, айтпас па едім?!
910

Сынаса тек қулықты елеп сынар,

Шыдаса тек бір елден ерек шыдар

Фәниге бір түкіру?. Кім біледі…

Мүмкін, сәл кідіру де керек шығар?..
911

Таратса желге талдар жапырағын,

Түбінде бұлақ жатыр, жатыр ағын…

Жансызға жан бітірген осы үйлесім,

Жандының бір ораса-ау атырабын!
912

Арамдар аттаса Ардың ала жібін,

Адалдық арқалаған, қара, жүгін!..

Көзді көз көк сүңгімен түйреп жатса,

Осының ашпаудан ба аражігін?
913

- Кім осы махаббатты тықпалаған?!

Ол берген азаптан не ұқпақ адам?

- Ұқпасын! Сезсін!.. Азап мың есе артсын!

Сүюсіз қалай жетпек құтқа Ғалам?!
914

Іңір туса тіршілік сап басыла,

Өткен күннің парағын жаппа асыға.

Көкке көз сал… көктегі қызыл арай,

Кім біледі… О дүние қақпасы ма?..
915

- Неге аңсадың, құлыным, биіктікті,

Зар болам ғой алуға сүйіп, тіпті?

- Бассауға ғой, анашым, жердегінің

қаңқу сөзден қаншасы күйіп бітті!
916

Қарасам өмірімнің ізін бағып,

Қыс келер, өте шығар күзім де анық…

Алладан алған басты бағым шығар,

Кінәм жоқ жұрт алдында, жүзім жарық!
917

- Бір сауал Сізге, һәйям – табынарым:

білсең де рубайыңның бағы барын,

білдің бе мың жылдан соң ізің қалған

Тараздан бір жоқшыңның табыларын?
918

Білер ме ек жиылғанда кейде есіміз:

Жан жайлы мидағы не дейді есіл із?

«Адам» деп өзімізді күпінгенмен,

Мүмкін, тек Жанның сыртқы бейнесіміз?
919

Тоқтамай Ғарыш толы құйындарға,

Тәңірдің Күнінен нұр құйылғанда,

Өзіңді патша тұт та нұрға малын!..

Пендеге басқа теңдік бұйырған ба.
920

Неткен ащы байғыздың үні түнгі!

Ащы үннің ащы ой ма түбі түрлі?

Ойы құрсын!.. Одан да үкілейін,

Сәл тентектеу сүткенже үмітімді…
921

Әділеттің анық боп қашығы шын,

Қиянатқа қан қайнап, ашып ішің

тұру-тамұқ! Әлде… бұл-Алла амалы?

Адамдығын Адамның ашу үшін…
922

Соғысында Зұлымдық – ескі үрейдің,

Семсер сынған деп жүріп «кескілеймін!»

Құлақ тұнған Жын-шайтан шуылынан…

Ештеңе айтпа. Бәрібір естімеймін…
923

-Махаббат? О бастан-ақ заты - тылсым,

Мұң сыйлар, деп көңілдің шаты тынсын…

Мұң түгіл мың тозаққа көнем, қалқам!..

Бәлкім, сен – ең баянды бақытымсың?..
924

-Кешір мені, қайғы-мұң тізбектері

есімді алып, сені ерте іздетпеді.

Енді райхан атар ма гүл-шешегін,

Суық лептен сезілсе күз жеткені?..
925

-Айтсам, қалқам, тым тосын тілегімді,

Үркітер ме деп қорқам жүрегіңді…

Айтшы: үрку айналса аянышқа,

Періште боп жасар ма ең бір еміңді?..
926

Бықсық сөзге Шындық сөз қол жайды ма?..

Онда жатқыз жағдайды оңбайдыға!

Мың желдеткіш мұндайда орнатсаң да,

Ауа таза болмаған. Болмайды да.
927

Өміріңнің әр күнін, әр аптасын,

Мәнді етсең – жатпайды қарап қасың.

Несін алдың?!. Қорғар кім?.. Әй, бірақ та,

Күніңді Алла ешкімге қаратпасын…
928

-Тартқанда тағдырыңның қыл қобызын,

Қайтер ең қиқу салса кіл долы ызың?

-О, онда ол қиқуға қиқу қосам,

Бақиға бастағанша бір жол ұзын!
929

-Билік, байлық, тағы да басқалары…

Бақыт, мүмкін, солардан басталады?

-Бір жаманы – бір қолда болса олар,

Алтын бас та, обал-ай, мастанады!
930

-Азабы ақылыңа сыймаса да,

Пірәдар, әр күніңді сыйға сана.

Бұл жаққа кейін қайтып келе алмаспыз,

Тозған тән асқақ жанды қимаса да.
931

-Қасым жоқ! Ойлап қайтем босқа мұңды ой…

Бәрі жәй сенің әзіл-оспағың ғой!

-Өзіңді қаралаған қараулар ше?

-О, олар – менің байғұс достарым ғой!..
932

-Тыңда, достым, ес-дертің ауып тыңда:

есің барда сұлуды жауықтырма.

Бір жалт қарап жүрекке жүз оқ атса,

Пайдасы жоқ сан қабат сауыттың да!
933

-Қастығыңды ақтарсың не деп, тегі?!

-Болған шығар бәрінің себептері…

-Себепсіз-ақ ізгілік жасамасаң,

Сенің, жалпы, тууың керек пе еді?
934

-Қарамай телісе де кімді кімге,

Сүйіп қал шын асылды тірлігінде.

Қызғанба кейінгі оған ғашық болса,

Уақыттың «жүз жыл», «мың жыл» бірлігінде!
935

-Масайрап кемді күнгі салтанатқа,

Күншілдің көзін, байқа, қанталатпа.

Қызыл ит – қызғаныш та, амалың не,

Сыйса егер «Өмір» дейтін жалпақ атқа?
936

Құрғатса да көз жасын жел есілген,

Шығара алмас қу Жалған сені есімнен!

Ал кездесу үміті тек Бақида,

Күн кешермін әзірге… елесіңмен…
937

Жастықта бұлбұл ұшып бұлдыраған,

Армансыз әнге қостық гүлді ұнаған.

Ал бүгін қағып қалсаң мұң шығар ғып,

Құлағын домбыраның кім бұраған?
938

- Ей, ұлық! Зәрің шашпа кемнесіпке,

Онсыз да ол азапты кем кешіп пе?!

Бетіне қай бетпенен қарауды ойла,

Екеуің тербелгенде жербесікте…
939

- Шошымашы, түнгі құс, ол – байғыз да…

- А… а, тоқта, өзім… екенсің сондай қызба…

- Шөптің шығы түк етпес… қараңғы, ешкім…

- Көрмесе ешкім… күнәһар… болмаймыз ба…
940

Толқынынан тудым да Таласымның,

Олқы-толқы күн кештім. Аласұрдым.

Аласұрып асыл тас іздемедім,

Іздегенім: Жалғанда жаны асыл кім?..
941

- Ақыл тек еншісі ме ақылманның?

-…Дегенмен, сен шындыққа жақын қалдың.

Ал, жүрек… әр кеудеде тұрғанымен,

Меншігі ол Батырлар мен Ақындардың!
942

- Мен сенем: түбі ел сені айтар, аңдар,

Жалғандық сынық белмен қайқалаңдар.

Тіріңде тіл-аузы жоқ, сен кеткен соң,

Тілінен май тамызар майтабандар!..
943

Мың ізгі ойдың бірі іске аспағанда,

Бір сұмдық ой айналар тас қамалға:

«Жердің, қойшы, қырсығын!.. Тұншықсын деп,

Аспанды да тастан сап тастаған ба?!»
944

-Бір туар дүниеге ажалды Адам,

Өз атын, затын немен ажарлаған?

-Әуелі сөзбен!.. Және сөз болғанда,

Сөзбенен бедері ешбір қажалмаған.
945

Түсімде әлгі, Тәңір-ау, не деді, не?..

Бар айтқаны – Бақидың дерегі ме?

«Ертеңің…» деп бірдеңе мыңқылдады…

Ертеңі жоқ Өмірдің керегі не?!
946

- «Жақсы сөзі жақсының – дәрі» десек,

Ұлыққа айтсам болмас па халіме сеп?

- Барғын. Бірақ, түгел ме ішкі есебің?

Күлу, мақтау, әзілдеу… - бәрі де есеп!
947

- Дерт болып асыл әрі күйікті арман,

Жан ем ғой өзі өзімен тұйықталған!

Неге сен кенет кез боп, өшің бар ма,

Жүректі жұлқып кеттің ұйып қалған?..
948

-Қазірде де аулақпын немкетті ойдан.

Қинамашы?! Қинама. «Сен» деп тойғам…

Мүмкін дұрыс емес те шығар мұным:

көп ауырған көңілді жерлеп қойғам…
949

Күтсем де ақ ниетпен әр ақ таңды,

Қу тағдыр талай итке талатқан-ды.

Мың тәубе, қайсар жаным жасыр емес,

Медеу ғып жалғыз ғана Жаратқанды!
950

- Қабағыңнан, жас пері, қар түсірме!

Сөзіме бақ мағнасын сәл түсін де:

Батқан Күнді, әнеки, көрмеймісің,

Ешкім тұрып қалмайды талтүсінде!..
951

- Ал мына тост… сендей «достан» құтылғаным үшін,

Сенің өткен шағымызға жұтылғаның үшін,

Жаннан артық көрген жаннан опа таппай менің,

Сұм Жалғаннан тағы да бір ұтылғаным үшін!..
952

- Ей, досым, ажалды ойлап алаңдама,

Алаңда алмасам деп жаман баға.

Адамның Алла үшін өлгені жоқ,

Санайды өлдіге оны адам ғана!
953

Әдемі ойдан бір Әлем құрсам деген,

Сөйтіп соны мекен ғып тұрсам деген,

қайран Арман!.. Қайтейін, қажыдың-ау,

Күнде алысып күн бермес мұршамменен!
954

- Арманыңа жетіпсің талайдағы,

Кішкене үйден ақ арай тарайды әлі!..

Тамұқтанса таң қалма бір күні анау,

Арамдық пен сұлулық сарайлары…
955

- Мейлі, есіңнен кетсін-ақ көшіп есім,

Ол – тұңғыш жар… сен бекер өшігесің.

Алғашқы сүйіс – мөр ғой жүректегі,

Ал оны қалай, немен өшіресің?..
956

Түн. Шипажай… Ұйқысыздық – жай біздің…

Сұңқылдайды сұрқия үні байғыздың…

Көрші бөлме сықыр… сықыр көшердей…

Соры ма әлде бағы ма екен… қай қыздың?
957

Ұшты деп құдай берген бастан бағым,

Басылып асқақтаған аспанға арын,

Алыстап өз өзіңнен бара жатсаң –

Басқаның емес пе Ажал баспалдағын?
958

Демеген соң мына елдің бәрін керең,

Жеткіземін жанымның зарын немен?

Әлде мен… мен – сорлының сотанағы?..

…Түні бой тілдестім арымменен…
959

Білегінен ұстап ап әңгі үміттің,

Жүре-жүре жан шаршап, мәңгіріппін.

Мазақ сөз бе: жанды да мәңгі дейді,

Белгісі не сол шіркін Мәңгіліктің?
960

Бір жалғандық ісініп жарыларда,

Шынмен түйреу – түк емес ары барға.

Ал тек шынмен күн кешу?.. Қапас орнар,

Кең дүние пендеге тарылар да.
961

- Жеріміз жоқ, о, Тағдыр, өкпелескен,

Айтшы, бірақ: өмірде өкпек ескен,

Бар көргенім бір ұзақ қыс секілді,

Ұлы көктем кете ме көктеместен?..
962

- Тарих қана анықтар дананы шын.

Келістің ғой?.. Берсе атақ аламысың?

- Ойыншық та керек қой ойын үшін,

Өмір-ойын… ұқпайтын баламысың…
963

Мақтама ешкімді де тым асырып,

Даттама бәрін оның күнәсі ғып.

Өйткені өзін толық білмейді ешкім.

Ал сенің білем деуің?.. Бұл – асылық!
964

Жер Ана ма, қазір лас жаман шал ма?..

Жоқ, ол емес бөктірген арам шаңға!

Біз ылайық болмадық!.. О, Жаратқан,

Айдау да еркің басқа бір Ғаламшарға…
965

- О, Мұқа, Мұқағали, ұлағаттым!

Сөзіңді «бауырым» деген мұраға аппын.

Жасаудың тар заманда кең әлемді

тәсілін, әттең, сонда сұрамаппын!..
966

- Ізетсіз деп мені сен тасырлама:

ақ жүрекпен тұта алам асылды аға.

Аяқ-табақ айлаға айналмайды!..

Пейіл берем. Сөйткенмен басында да.
967

- Қазір де арын қорғап өз басымның,

Тұрса да келмей бастан сөзді асырғым -

Мен кештім!.. Кешпеуге енді амалым не,

Дәмі өртеп кетті, жаным, көз жасыңның.
968

Арсыз алса Өмірден жұлып, кесіп,

Арлы алдында әрқашан – құлыпты есік.

- Олжасы оның сол болсын, қорға, Құдай,

Тым болмаса жүрегін шұрық тесік?!
969

- Жалға алғандай Жалғанның айтақырын,

Күндіз-түні қу дүние – айтатының.

Сәл демалшы… әлде, дос, шықты ма естен,

Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтатының?
970

Көзімді ашып көргенім – ақ қар еді,

Ақтық – пәктік! Теңерсің аққа нені.

Алатауым секілді-ау десем Өмір,

Көп жері оның неткен ми батпақ еді!
971

Жас балаша жақсыңа қуанбаса,

Қайғыңды естіп құп-қу боп қуармаса,

Дос дегенің дос па өзі? Әлде… әлде…

Әй, дегенмен мән берме бұған да аса…
972

Туыс болса-ау жол жүрсең – жолға алаңдар,

Дос болса ғой сырыңды сол ғана аңдар!..

Болмаса да жақынды жамандама,

Одан да өткен, өйткені, оңбаған бар!
973

- Мен таңдаған талай гүл… солып тынған.

Содан қорқам! Тағдыр да соны ұқтырған.

Аяр ма енді сол Тағдыр жалбарынсам,

Түс ауғанда сені, еркем, жолықтырған?
974

- Қадірлім, бір сыр айтам - алсаң аңдап:

тек Рух қана Ертеңді қарсы ала алмақ.

Күйретсе күйкіні Өмір, өршіл Жанның

алдынан шығар иттей арсалаңдап!
975

- Қарағым, қайғы кепті!.. Тым жасыма,

Қайрат қып, күт жақсылық күнді асыға…

Ал, жалпы, қайғы-уайым пақыр түгіл,

Жетеді патшаның да бір басына.
976

- Тарылды ғой жанымның кемері шын!

Жалынайын – кешіріп, келемісің?..

Баяғыдай бақытты ете гөрші,

Сен – бақытты етудің шеберісің!..
977

- Бүгінде әр нәрсеге тым күдікті ел,

Өмірді мәңгілік не бір күндік дер.

Жарты күн боп кетсе де, ей, Уақыт,

Айтайын айтарымды – мүмкіндік бер!
978

- Тұрсаң да тобырыңмен топшыланып,

Табылмас мына жұрттан жоқшың анық!

Жұқсыздың бар мұраты – келу, кету,

Бетінен бекзаттықтың от шығарып.
979

- Қадірлім, сұрағым бар – алсаң аңдап:

Тамұқ қой – Жаныңа Арың салса қармақ!

Ал қалай шыр-пыр Жанды жұбатасың,

Бақилық жолдастыққа қалсаң Арды ап?..
980

- Дүние бас иеді бұл дарынға!

Қарашы ойындағы нұрлы ағынға!..

- Саған да Алла разы – дәл танысаң,

Аңыз боп кетпей әлі ол тұрғанында.
981

- О, Тәңір, айтшы ақыл қазір нақты:

сағым боп саумал көктем, жазым қапты.

Күз мынау… енді қайттім, Тағдырымның

бірталай беті дұрыс жазылмапты?!
982

- Ақсақалға тағдырдың тоңын көрген,

Кебіс тұрар орыннан орын берген,

Тойға «рахмет» айттағы қайт үйіңе!..

Адаспайсың. Жатыр ғой жолың келген…
983

Жалауы боп жалтылдап таңдағы арай,

Атойлайды Уақыт алға қарай.

Сол шіркінің бір мезет кері айналса-ау,

Бір жарқ ету үшін-ақ ардақ Абай!..
984

Немене өзі Өмірді кешу деген?..

Өткізу ме қызықпен не шуменен?

Әлде өлгенше түйінді түйдек-түйдек,

Жүруі ме пенденің шешуменен?
985

Білгендей Тарих өртеп, жоймасын да,

Мың жылдар жатыр оның қоймасында.

Безбендеп әрбіреуін көрер ме еді:

Тағылық әлде Адамдық ой басым ба?
986

Сезілгені болмаса көңілменен,

Ешуақытта ешкімге көрінбеген –

Ол не?.. Әлде мезеті жеткен кезде,

Қоштасу ма өзіңмен - Өлім деген?
987

Мейлі, Жер мен жарылсын оттан Аспан,

Келген Уақыт кетеді тоқтамастан.

Қайдан келді Ол? Кетеді және қайда?..

Әлде оның мекені жоқ па бастан?..
988

Қарашы, мына Өмір, бұл Ғаламың,

Адамға айдап салған шырғалаңын!

Шырғалаң шырылдатпау үшін Жанға

қорған ғып төрттағаннан жыр қаладым…
989

- Ол жігіт, ей, ағасы, ақтар үміт!

Ат-шапан үшін жүрме сақтап ілік.

Ал, жалпы, атта тұрған не бар, тәйір,

Бақиға аттанбайсың атқа мініп.
990

Қызық қайда, Тәңір-ау?!.. Ол сап тынған…

Махаббат ше – мөп-мөлдір моншақ тұнған?..

Бәрі өткінші болса, онда несі өкініш?..

- Жалғыздығым жасасын қоршап тұрған!
991

Тоқталса ақырындап бір күні дем,

Сағынып мені еске алар кімді білем?..

Тып-тыныш қиса ұйқыны – сол да жетер,

Тірілер жүре берсін тірлігімен…
992

Жатыпты-ау бір сұр жылан уын жиып,

Барады жүйке өртеніп, жұлын күйіп!..

- Қолыңда жақсылығың аз ба, Тәңір,

Біреуін қимауың не, бірін қиып?
993

- Ау, бұл қалай, көңліңнің жасығаны?

- Бір көкірек мені ылғи басынады…

- Тастан Тәңір көкірек жасамаған,

Аз шыдасаң өзі ит боп басылады!
994

Ойрандамай тұрмайтын бірдеңені,

Сүйікті ісі – сұрқия тілге ерері,

Жұмақ болар Жаһанды Тамұқ етер –

Қайдан келген Фәнидің кірмелері?
995

- Адамдық - әлмисақтан тұрақты ұғым,

Тұратын жанның, тәннің құрап түрін.

Неге онда ит қыласың бір байғұсты,

Сен оның білесің ғой бір-ақ қырын?!
996

- Көзге тосса бір ару гүл – реңін,

Жүз шарпыған сыйлады бірі лебін.

Ал сен болсаң лүп етіп, тулап кеттің,

О, Жүрегім, әлі де тірі ме едің?!
997

- Күні қайда Арқаның?.. Қыр қызбады,

Жылдағыдай гүлін де жұлғызбады.

Айы адасса, барады бұлтқа сүңгіп,

Жас жеңгедей жұмбақкөз жұлдыздары…
998

Бұл не өзі кісіге кіріптарлық?

Тағдыр тіккен шоқай ма бүріп, тар ғып?..

Шоқай болса, шоқаймен жүріп келем,

өзге түгіл өзімді… күліп таң ғып…
999

Мен де кетіп қап жүрсем бір күндері,

Әркімдердің әртүрлі күңкілдері:

«Саған ғашық еді!» деп бір сыр ашса-

Сен сене гөр! Басқаша мүмкін бе еді?!
1000

Тастасам да жауапсыз сан сұрақты,

Жұмбақ – Жалған шаршатты, сансыратты.

Ал бәріне себеп Ой, Сана болса,

Сөндірерсің қайтіп ол шамшырақты?!..



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет