5.4 Мұғалімдердің біліктілігін арттыру және оларды аттесттаттау
Мектептегі әдістемелік жұмыс – педагогикалық мәдениетті көтерудің шарты.
Мұғалімнің кәсіптік даярлығы оның педагогикалық жоғары оқу орнын бітіруімен аяқталмайды, ол мұғалімнің кәсіптік қызметінің бүкіл кезеңін қамтиды. Сонымен бірге, мұғалімнің кәсіптік білімін үздіксіз көтеріп отыруы, оның шығармашылық қабілетін дамытуды және дербес педагогикалық тәжірибесін үнемі дамытудың шарты болып табылады. Егер мұғалім қоғамдық ортада белсенді позиция ұстанып, оның дербес тәжірибесі әлеуметтік және педагогикалық тәжірибемен кірігіп, педагогикалық ұжымның қолдануға ие болып, кәсіптік шығармашылық ізденісі көтермеленіп отырса, мұғалімнің кәсіптік шеберлігі мен педагогикалық мәдениетінің артуы барынша жемісті болады.
Мұғалімнің біліктілігін жетілдіру жоспарына сәйкес олар бес жылда бір рет мұғалімдер біліктілігін көтеру институттарында немесе педагогикалық жоғары оқу орындарының арнаулы факультеттерінде арнайы дайындықтан өтуі тиіс. Біліктілік көтеру немесе педагогикалық жоғары оқу орындары базасында мұғалімдердің алған арнайы білімдерді практикалық тұрғыдан қоырытылып, мектепте сыннан өткізуді қажет ететіндігі аңғарылады. Бұндай жағдайда мектепте арнайы ұйымдастырылған әдістемелік жұмыстардың жүйесі мұғалім үшін баға жетпес көмек бола алады.
Әдістемелік жұмыстар дербес және жеке ерекшеліктер ескерілген жағдайда мұғалімдердің ғылыми-әдістемелік дайындығын жетілдіруге деген сұранысына жауап бере алады. Ал, әдістемелік жұмысты жеке ерекшеліктерді ескеріп жүргізу, бірқатар субъективті, объективті алғы шарттарға байланысты. Ең бастысы мұғалімнің ғылыми-әдістемелік дайындығын жетілдірудегі өмірлік және кәсіптік бағдары, кәсіптік деңгейі мен тәжірибесі ескерілуі тиіс. Мектептің әдістемелік қызметінің озық тәжірибелері мен дәстүрлерін сақтау және дамытудың да маңызы зор. Осы жұмыстардың бәрі де мектеп директорының оқу-тәрбие ісі бойынша орынбасарының құзырында болады.
Мектептегі әдістемелік жұмысты басқару оның міндеттері, мазмұны мен ұйымдық негіздің директоры, оның орынбасары ғана емес, мұғалімдер де анық та нақты ұғына алғанда барынша тиімді болады. Ал, мектептегі әдістемелік жұмыстардың жалпы міндеттерін былайша тұжырымдауға болады: мектептік педагогикалық ұжымның педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде зерттеу, жинақтау және тарату, педагогика ғылымының жетістіктерін жұмысқа қолдану қызметінде инновациялық бағыттылықты қалыптастыру; мұғалімдердің теориялық (пәндік) және психологиялық-педагогикалық дайындық деңгейін көтеру; жаңа оқу бағдарламаларын, жоспарларын, мемлекеттік білім стандарттарын оқып-үйренуді ұйымдастыру; оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологиясы, түрлері мен әдістерін байыту; жаңа нормативтік құжаттар, нұсқау-әдістемелік материалдармен танысуды ұйымдастыру; ғылыми-әдістемелік көмекті дербес және жеке ерекшеліктерді ескеріп ұйымдастыру – жас мұғалімдерге, пән мұғалімдеріне, сынып жетекшілері мен тәрбиешілерге; педагогикалық жұмыста белгілі бір қиындыққа кезіккен мұғалімдерге; педагогикалық білімі жоқ мұғалімдерге және т.б.; мұғалімдердің өздігінен педагогикалық білім көтеруіне кеңес беру; жалпы кәсіптік-педагогикалық мәдениет деңгейін көтеру.
Мұғалімнің әдістемелік жұмыстарының мазмұнын кәсіптік-педагогикалық мәдениетінің құрамды бөліктерін ескере отырып айқындаған дұрыс деп білеміз. Олар – мұғалімнің жалпы мәдени дайындығы; әдістемелік, тәрбиешілік, зерттеушілік, кәсіптік-адамгершілік, басқара білу мәдениеті. Әдістемелік жұмыстың мазмұны кәсіптік-педагогикалық мәдениеттің әрбір бағыты бойынша нақтыланып, бірнеше ұзақ мерзімдік зерттеудің нысанына айналуы мүмкін.
Мұғалімнің әдістемелік, инновациялық жұмысқа қатысуы соңғы нәтижеде оның жеке педагогикалық жүйесінің, дербес педагогикалық жұмыс стилінің қалыптасуына ұласады.
Әдістемелік жұмысты ұйымдастыру мектептің типі, оның орналас қан жері және т.б. жағдайларға байланысты түбірінен ерекшеленуі мүмкін. Бұндай жағдайда 50-ден 100-ге дейін оқушысы, 10-12 мұғалімі бар шағын комплектілі орта мектептерде едәуір қиындық кездеседі. Ауыл мектептерінің тәжірибесі осындай бірнеше мектепті ірі ауыл мектебінің базасында құрылған әдістемелік бірлестікке топтастырудың тиімділігін көрсетіп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |