Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
отандық тарих ғылымындағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша тарихи еңбектер мен деректерді талдауға арналған тұңғыш тарихнамалық зерттеу болып табылады;
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстанның экономикалық, саяси әлеуметтік, мәдени дамуының тарихы бойынша жинақталған тарихи білімдерге кешенді талдау жүргізілді;
алғаш рет қазақстандық тарихнамада Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша тәуелсіздік жылдары жарық көрген еңбектер талданады;
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихын зертеуді ғылыми кезеңдестіруге талпыныс жасалды;
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі республика тарихы бойынша ғылыми айналымға жаңадан енгізілген тарихи деректер талданады;
Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша жалпыұлттық және аймақтық деңгейде мәселелерді жасау мен одан әрі зерттеу жолдары көрсетіледі.
Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Зерттеу жұмысының негізгі мәселелері бойынша тұжырымдалған ой-пікірлер әр түрлі ғылыми, әдістемелік, қоғамдық-саяси басылымдарда жарық көрді. Барлығы – 8 мақала, оның 3– Жоғары Ғылыми кадрларды аттестациялау комиссиясының ғылыми-әдістемелік басылымдарында, 5– халықаралық және республикандық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама ретінде жарық көрді.
Диссертацияның құрылымы: Диссертация белгілеулер мен қысқартулардан, кіріспеден, 3 тараудан, қорытындыдан тұрады және пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Зерттеу жұмысының кіріспесінде тақырыптың өзектілігі, мәселенің зерттелу деңгейі негізделеді, зерттеу жұмысының нысаны, пәні, хронологиялық және территориялық шегі, теориялық-методологиялық негізі анықталады, диссертацияның мақсат-міндеттері, ғылыми жаңалығы көрсетіліп, тәжірибелік маңызы, сыннан өтуі, деректік базасы баяндалады.
«Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы: қазақстандық тарихнамадағы өзекті мәселелері» деп аталатын бірінші тарауда қазақстандықтардың ірі соғыс қимылдарына қатысуы, Қазақстан жерінде құрылған әскери бөлімдердің, құрамалардың және бірлестіктердің тарихының зерттелуі қарастырылады.
Бірінші бөлімінде Ұлы Отан соғысының тарихнамасын кезеңдестіру мәселесі бойынша А.В.Карасев, А.П.Беляков, А.В. Митрофанова, В.Т. Анисков, П.А.Жилиннің және отандық тарихшылардан М.К.Қозыбаев және басқа да тарихшылардың көзқарастары қарастырылады.
Тарихнамалық деректерді талдау және алдыңғы тәжірибелерді есепке алу Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихының мәселелерін жасаудағы негізгі үш кезеңді бөліп көрсете отырып, келесідегі кезеңдестіруді ұсынуға мүмкіндік береді. Біріншісі 1941 жылдан 1950 жылдардың ортасын қамтиды, бұл берілген мәселенің кеңестік тарихнамасының туындаған уақыты. Ол өзіне екі кезеңді енгізеді: бірінші кезеңде – 1941-1945 жылдар және соғыстан кейінгі алғашқы онжылдығы, екінші кезеңде - хронологиялық шеңбері 1950 жылдардың екінші жартысы – 1991 ж., оның өзін екіге бөлуге болады: 1950 жылдардың екінші жартысынан–1960 жж. ортасы, 1960 жылдардың екінші жартысынан – 1991 жылға дейін, үшінші, қазіргі кезеңі – 1991 жылдан басталып бүгінге дейін жалғасуда. Ол қарастырылушы мәселенің тарихнамасының дамуындағы маңызды өзгерістермен сипатталады.
Қорытындылай келе, Ұлы Отан соғысы тарихнамасын кезеңдестіруді жасаудың қолдағы бар тәжірибесі соғыс жылдарындағы Қазақстанның дамуының мәселелері бойынша ғылыми білімдердің қалыптасуындағы сәйкесінше кезеңдерді бөліп көрсету үшін нақтылы негіз болып қызмет ете алады. Кезеңдестірудің ұсынылған нұсқасы біріншіден, отандық тарихнаманы үш кезеңге дәстүрлі бөлуді сақтауға мүмкіндік береді, сонымен қатар олардың хронологиялық шеңберлері өзіндік ерекшеліктерге ие. Екіншіден, қарастырылушы кезеңдестірудің жеткілікті толық сипаты бір жағынан, соғыс жылдарындағы Қазақстанның тарихының тарихнамасын барынша негізді зерттеу үшін мүмкіндік береді, басқа жағынан, әрбір кезең мен сатыларды бір біріне қарсы қоймай-ақ, бірегей тарихнамалық үрдіс шеңберінде өзіндік қырларын қамтуға мүмкіндік береді.
Тараудың екінші бөлімінде Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуының тарихы, кеңестік және отандық тарихнамадағы қарастырылу кезеңдері айқындалып, олардың ерекшеліктері мен басты зерттелу бағыттары анықталды.
Ұлы Отан соғысы тарихының тұжырымдамасын қалыптастыруға елдің соғысқа кіру жағдайын кеңестік ресми түсіндіру, соғыс жылдарындағы Қарулы Күштер мен елді басқарудың әдістерін ресми бағалау да өз әсерін тигізді. Нақтылап айтсақ, соғыстың бастапқы кезіндегі және 1942 жылғы Қызыл Әскердің көп шығынға ұшырауын фашистік Германияның кеңес еліне кенеттен басып кіріп, әділетсіз соғыс бастауымен, оның соғысқа ықтиятты дайындалуымен түсіндірілді. Ал соғыс барысында кеңес әскерінің жеңіске жетуі «армияны басқарушылық құрамның ұйымдастырушылық қабілеті, тылдың мызғымастығы, армияның моральдық рухы, қарулануы, дивизиялардың саны мен сапасы, социалистік қүрылыстың жарқын қасиеттері мен тиімді тұстары, социализмнің артықшылығымен» түсіндірілді. Міне, осы тұжырымдаманың негізгі ойлары соғыс жылдарындағы және соғыстан кейінгі кезеңде жазылған еңбектердің бәрінде, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы туралы еңбектерде де сол кездің идеологиялық тұрғыдан қойылған талаптарына сай осы тұжырымдар көрініс тапты. Мысалы, В.М.Савельевтің, Б.С. Тельпуховский және басқа да кеңестік тарихшылардың еңбектерінде көптеп кездесті. Соғыс уақытында негізінен жазушылар мен тілшілер, партиялық, кеңестік және комсомол қызметкерлерімен жазылған, орталық және мерзімдік басылымдардағы мақалалар мен кітапшалар республиканың түрлі ұлт өкілдерінің батырлық істерін көрсетті. Олардың арасында мазмұны мен жанры бойынша көбіне батырлар туралы жазылған очерктер болды, алайда, берілген еңбектер түрлі себептермен мәселенің мән-жайын толық ашып бере алмады, кейбірі тек баяндаушылық сипатта болды.
Қазақстандықтардың соғысқа қатысуына арналған зерттеулердің дамуындағы екінші кезең деректанулық базаның кеңеюімен, жанрлық әртүрлілік және жұмыстардың ғылыми теориялық деңгейінің біртіндеп жоғарылауымен сипатталды. Бұл біздің қоғамымыздың барлық өміріндегі хрущевтік жылымық кезеңнің нәтижесі болды, Сталинның жеке басына табынушылықтың жойылуы мен саяси қысымның басылуымен, ғылымға жаңа күштердің келуімен байланысты болды. Алайда зерттеушілердің бәрі де сталинизмның догмалары мен стереотиптері мен оның әдістемесінен бірден не болмаса толық ажыратыла алған жоқ. 1980 жылдардың ортасында қайта құру, жариялылық пен демократия басталғаннан кейін тарихтың ақтаңдақтарына ерекше назар аударылып, бұрын жабық тақырып болып келген 1937-1938 жылдардағы репрессия мен Ұлы Отан соғысы кезіндегі адам шығыны туралы мәселелерге ерекше мән беріліп, қайта қарала бастады. Алайда барынша сенімді қорытынды берілгендерді бекіту анықтау саяси өзгерістермен байланысты болды және әлі де болса сезіліп тұрды.
Тәуелсіздік алумен басталған үшінші кезеңде берілген тақырып жаңаша қырынан зерттеле бастады. Отандық тарихшылар М.Қ. Қозыбаев, Т.Балақаев, П.Белан, Қ.Алдажұманов және басқа да тарихшылардың еңбектерінде, жекелеген диссертацияларда қазақстандықтардың соғысқа қатысуының, ұлттық әскери құрамалардың тарихының түрлі аспектілері жан-жақты зертелді. Ондағы зерттеуді қажет ететін мәселелерді анықтауда М.Қ. Қозыбаев ерекше үлес қосты.
Қорыта келгенде, отандық тарихнаманың дамуының әр кезеңінде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, республикада жасақталған әскери құрамалардың, бірлестіктердің, бөлімшелердің тарихы тарихи зерттеулерде жаңаша деңгейде, зерттелуші мәселелердің ауқымының кеңеюімен, ғылыми зерттеулер деңгейінің жоғарылауымен кеңінен қарастырылды. Қазақстанда жасақталған әскери құрамалардың құрылу тарихын, олардың шайқас жолын зерттеуде көлемді деректік және тарихи білімдердің базасы жасақталды. Дегенмен, біздің ойымызша, әлі де болса зерттелуді қажет ететін бірқатар мәселелер бар, атап айтқанда: 1) соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың майдандағы ерліктері көп жағдайда әділетті бағаланбағаны белгілі, сондықтан берілген тақырыптың ақтаңдақ тұстары әлі де толық зерттеуді қажет етеді. 2) қазақстандық әрбір арнайы әскери құрамалардың тарихы кәсіби тұрғыдан, яғни әскери тарих тұрғысынан зерттеуді қажет етеді. 3) Қазақстанның соғыстағы адам шығыны, хабарсыз кеткен жауынгерлер, неміс тұтқынында болып, хабарсыз кеткендер, соғыс жылдары құрылған мұсылман легиондарының тарихы. Соғыста хабарсыз кеткен қазақстандықтарға қатысты елмізде іздестіру жұмыстарының бастамасы жасалынған, осы істі республика көлемінде, аймақтық деңгейде одан әрі өрістету бүгінде өзекті болып табылады. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның әскери тарихына қатысты тарихи зерттеулердің қазіргі кезеңдегі тарих ғылымының талаптарына сай жазылуы өскелең ұрпақтың, жалпы қоғамымыздың Ұлы Отан соғысы туралы обьективті білімдерінің жинақталуында, патриоттық тәрбиелеуде ерекше орын алады.
Үшінші бөлімде қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизандар қозғалысы мен шетелдегі қарсыласу қозғалысына қатысуының тарихи зерттеулерде қарастырылуы тарихнамалық тұрғыдан талданып өтеді. Жалпы бұл тақырыптың зерттелуі соғыс жылдарынан басталды, сол кезеңде жарық көрген отандық тарихшылардың еңбектерінде барынша қамтылған. Тақырыптың тарихи зерттеулерде қарастырылуына, дерек көздеріне тоқталсақ, партизандық қозғалыстың мәнін, рөлін терең бағалау Коммунистік партияның құжаттарында, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің құжаттары, баяндамаларында берілген. Партизандар туралы Кеңес Ақпараттық Бюросының хабарламаларында, мерзімдік басылымдарда айтылды. Соғыс жылдарының өзінде-ақ кеңестік партизандардың әскери әрекеттеріне қысқаша шолуларды Б.Волин, П.К. Пономаренко, Р.Р.Сидельский жасаған. «Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысының тарихы» атты көлемді ғылыми еңбектің алтыншы томында жау тылындағы кеңес халқының ерлігі, коммунистік партияның ұйымдастырушылық рөлі көрсетіледі. Партизандық қозғалыстың маңызды қорытындылары «Советские партизаны», Л.Н.Бычковтың «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы партизандар қозғалысы» атты еңбектерінде берілген. Қазақстандықтардың партизандар қозғалысына қатысуы туралы Қазақ КСР кеңестік дәуірдегі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы дамуы туралы жазылған бірқатар ұжымдық еңбектерде қысқаша сипаттамалар беріледі. Бұл бағытта маңызды жұмысты партизандық қозғалысқа қатысушылардың өздері жасаған. Олар партизандар туралы естеліктер мен әңгімелер, күнделіктер, деректік повестер жазған. Мәселен, Т.Жангелдиннің «Партизан күнделігі», «Жолданбаған хаттар», «Партизандық жорық», Қ.Қайсеновтың «Партизан соқпақтары», «Жау тылында» тағы басқаларын айтуға болады. Партизан қозғалысына және Европа елдерін азат ету шайқастарына қатысқан қазақстандықтар туралы көлемді мәліметтер Н.Е.Едігенов, П.С.Белан, А.Алданазаров, И.И.Маляр және басқа да тарихшылардың еңбектерінде берілді. Жалпы, берілген тақырып бойынша жазылған тарихи еңбектерде неміс-фашист әскерлерімен басып алынған территориядағы кеңес адамдарының қаһармандық күресі ауқымы, саяси және әскери нәтижесі бойынша фашизмді талқандаудың маңызды әскери саяси факторы мағынасына ие болды деген тұжырым жасалынды.
Қорыта келе, партизандар қоғалысына қатысқан қазақстандықтар туралы кеңестік және отандық тарихнамада біршама жетістіктерге қол жеткізілді. Қазақстандықтардың шетелдегі қарсыласу қозғалысына қатысуы мәселесі, біздің ойымызша, бүгінгі күнге дейін жекелеген тарихи зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Бұл олқылықты толтыру Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуына қатысты бірқатар беймәлім тұстарын ашуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан–майдан арсеналы: мәселенің зерттелуі» деп аталатын екінші тарауда 1941-1945 жылдардағы Қазақстанның халық шаруашылығының дамуы туралы жазылған еңбектер қарастырылады.
Бірінші бөлімінде кеңестік тарихнамада және қазіргі отандық тарихнамадағы республиканың соғыс жылдарындағы дамуының зерттелуі қарастырыла отырып, ондағы «Қазақстан – майдан арсеналы» болғандығы туралы қорытындының орын алғаны көрсетіледі.
Тарихнаманың бірінші кезеңінде (1941-1945 жылдардағы) осынау маңызды және көлемді ғылыми мәселені қарастыру бойынша тек алғашқы қадамдар жасалды. Зерттеушілердің қолында әлі де деректердің мол қоры бола қоймады. Құжаттарда берілген көптеген фактілер мен оқиғалар әскери уақыт жағдайында жабық сипатта болды, қажетті құжаттық материалдардың жинақталуы үшін біршама уақыт керек болды. Бұл кезеңде жалпылаушы сипаттағы бірқатар зерттеулер жарық көрді, оның ішінде: Е.М.Грановский «Советская промышленность в Великой Отечественной войне» (М, 1949), П.А.Белов «Вопросы экономики в современной войне» (М, 1951), А.В.Шошенко «Борьба партии большевиков за укрепление тыла в годы Великой Отечественной войны» (Алма-Ата, 1952), Е.И.Солдатенко «Трудовой подвиг советского народа в Великой Отечественной войне» (М, 1954) және тағы басқалары.
Кеңес тылының тарихнамасының түрлі мәселелері 50 жылдардың ортасынан бастап кеңінен қарастырыла бастады. Бұл кезеңдегі көрнекті еңбектерден «Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысының тархы» алты томдығын айтуға болады. Сонымен қатар, кеңес тылы, КСРО әскери экономикасы, басқа да маңызды мәселелер туралы жарық көрген В.С. Василенко, А.В. Митрофанова, Н.П. Липатова, Ю.В. Арутюнян, Г.С. Кравченко, В.А. Ежов, Г.Г. Морехин, Г.А. Куманев, Я.Е. Чадаева, Л.В. Максакова, М.К. Козыбаев және басқаларының зерттеулері бар.
1970 жылдары жарық көрген еңбектерден соғыс жылдарындағы кеңес тылының тарихы бойынша ғылыми-зерттеушілік жұмыстың елде белсендене түскендігін байқауға болады. Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихының жалпы мәселелерін жасауда белгілі отандық тарихшы М.Қ. Қозыбаев елеулі үлес қосты. Автор өз еңбектерінде кең деректік негізде республика еңбекшілерінің жаумен күреске жұмылдырылуы, соғыс кезеңіндегі экономиканы әскери жағдайға бейімдеп дамытудағы Қазақстан Компартиясының қызметін кешенді қарастырады. М.Қозыбаев «Компартия Казахстана в период Великой Отечественной войны(1941-1945 гг.)» еңбегінде Ұлы Отан соғысы кезеңінің бай фактілік материалдарымен Қазақстан Компартиясының халық шаруашылығын әскери жағдайға қайта құру бойынша, қала мен ауыл еңбекшілерін жұмылдыру, республиканы майдан арсеналдарының біріне айналдырудағы жан-жақты қызметін дәлелді түрде көрсетеді. Т.Шаукенбаевтың, В.Я.Басиннің еңбектерінде мұрағаттық және жарияланған деректерді зерттеу негізінде республиканың ауыр өнеркәсібінің Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі дамуы қарастырылады. Жұмысшы мамандар мәселесін зерттеуге Ф.К.Михайлов, К.Ю.Оразов, Г.Шибанов өз еңбектерін арнаған.
Соғыс жылдарындағы Қазақстан әйелдерінің өнеркәсіп пен ауыл шауашылығындағы ерлік еңбегі Г.Нұрбекова мен Е.Сегізбаеваның, республика жергілікті кеңестерінің қызметі С.Қаймолдиннің, Ү.Абдоллаевтың, комсомолдар мен жастардың ерлік еңбегі Т.Сарбақанов пен К.Майғарапова және басқаларының зерттеулері мен мақалаларына негіз болды. Соғыс жылдарындағы әйелдер мәселесі қазіргі тарихнамада А.Д. Қожабекованың кандидаттық диссертациясымен толықты.
Қорыта келе, отандық тарихнамада Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның экономикалық даму тарихын зерттеуде көлемді жұмыстар атқарылды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан экономикасының дамуының көптеген аспектілері отандық тарихшылардың еңбектерінде қамтылған. Дегенмен, біздің ойымызша, соғыс жылдары Қазақстанға қоныс аударған халықтарды қабылдау мен орналастыру, қорғаныс өнеркәсібін жасау мен оның қызметі, майданға қызмет еткен көлік мәселесі, республиканың балық шаруашылығының дамуы сияқты тақырыптар әлі де зерттеуді қажет етеді.
Екінші бөлімде тарихнамадағы әр жылдары жарық көрген еңбектердегі республиканың соғыс кезіндегі майданға барынша көмек көрсетуден туындаған патриоттық қозғалыстың зерттелуі қарастырылады. 1943 жылы жарық көрген «Казахстан в первый год Отечественной войны против немецко фашистских захватчиков» атты еңбекте [3, 238-245] және басқа да басылымдарда, Қазақ КСР тарихының бірнеше рет басылып шыққан басылымдарында да, Ғ.Әбішевтің, М.Қ.Қозыбаевтың соғыстан кейінгі кезеңдегі алғашқы көлемді еңбектерінде де берілген тақырып жан-жақты баяндалады. Отандық зерттеушілер мұрағат құжаттары мен соғыс жылдарында жарық көрген мерзімдік баспасөз құралдарының материалдарын, үгіт-насихат жұмыстарының мәліметтерін кеңінен қолдана отырып, қазақстандық еңбекшілердің Москва, Ленинград, Сталинград, жалпы майдандағы отан қорғаушыларға көрсеткен рухани-материалдық көмегі туралы, майдан мен тылдың бірлігі, ондағы жауынгерлер мен еңбекшілер арасындағы хаттар арқылы байланыс, Отан қорына республика бойынша қаражат жинау туралы қызықты мәліметтер бере алды. Олардың арасында Т.Балақаевтың «Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде» деген еңбегін ерекше атап өтуге болады. Жалпы соғыс жылдарында республика 12 қала мен 45 ауданға көмек көрсеткен. Республика халқының азат етілген аудандарға көмек көрсетуі туралы А. Жұмасұлтанов, Қ. Алдажұманов, Т. Балақаевтың еңбектерінде жан-жақты зерттелді.
Жалпы берілген тақырыпқа жазылған еңбектерде халық шаруашылығын қалпына келтірудегі азат етілген аудандарға көмек «бүкіл кеңес халқының монолиттік бірлігінің куәсі, Ұлы Қазан социалистік революциясынан кейін және ұлт мәселесінің маркстік-лениндік дұрыс шешілуінің нәтижесінде, біздің елімізде бекінген халықтар достығы одан әрі дамып, нығайды. Отанға төнген қауіп бүкіл кеңес қоғамының достық жібін одан әрі бекітіп, моральдық, саяси бірлігін күшейтті» деген тұжырым берік орнықты.
Қорытындылай келе, Қазақстанның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданға барынша көмек көрсетуден туындаған патриоттық қозғалыстың зерттелуі отандық тарихнамадағы нық орныққан тақырыптардың бірі болды. Тарихи еңбектерді тарихнамалық тұрғыдан талдау көрсетеді, кеңестік тарихнамадағы жалпыодақтық зерттеулерде және отандық тарихшылардың еңбектерінде Қазақстанның соғыс жылдарындағы халық шаруашылығының дамуы, майдан мен тылдың бірлігі және басқа да аспектілері қарастырылды. Ал кеңес үкіметінің халық шаруашылығын дамытудағы еңбек армиясы, әскери тұтқындардың еңбегін пайдалану, еңбекпен түзеу лагерлеріндегі тұтқындардың елдің экономикасын дамытудағы үлесі туралы айтуға тыйым салынды. Тек тәуелсіздік алған кезеңде ғана бұл мәселелерді зерттеуде біршама жетістіктерге отандық тарихшылармен қол жеткізілді.
Үшінші бөлімде еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейінгі жарық көрген деректер туралы айтылады.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихының түрлі аспектілері аталған кезеңдегі тарихшылардың, әлеуметтанушылардың, қаламгерлердің еңбектерінде, зерттеулерінде кеңінен қарастырыла бастады. Оларда сталиндік тоталитарлық жүйе тұсындағы халықтарды депортациялау үрдісі, олардың республика территориясына орналасу тарихы, күштеп қоныс аудару саясатының сол халықтардың тағдырына қалдырған ізі туралы тұжырымды ойлар айтылған. Қазақстан территориясындағы еңбекпен түзеу лагерлерінің тарихының жекелеген аспектілері бойынша отандық тарихнамада М.Қ.Қозыбаев, Қ.С,Алдажұманов, М.Т.Баймаханов, Ж.Б.Абылхожин, В.Ф.Михайлов, М.Қойгелдиев т.б. зерттеушілердің еңбектерінде көрініс тапты. Екінші дүниежүзілік соғыс және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Карлагтағы әскери тұтқындар туралы С.Д.Шаймұқановтың монографиясында, Алжир туралы А.А. Абдакимовтың еңбегінде, М.Қозыбаев пен Н.Е.Едігеновтың бірлескен «Труд во имя победы» атты монографиясында қарастырылды. Онда соғыс уақытындағы шахта, кеніштер мен құрылыстардағы тұтқындар мен әскери тұтқындардың еңбегін жұмысшы тобын толықтырудың қайнар көзі ретінде пайдаланылғаны сарапталды. Лагерлер тарихы туралы жазылған диссертациялық зерттеу жұмыстарының арасында Л.В. Михееваның «Иностранные военнопленные в Центральном Казахстане (1991-начало 50-х годов ХХ века)» тақырыбындағы диссертациялық жұмысын атап өту керек. Бұл зерттеудің құндылығы сол, онда Орталық Қазақстан жеріне шетелдік әскери тұтқындар мен интерпирленген шетел азаматтарының келуі туралы мәселе қарастырылады. Жаңалығы кеңес үкіметінің шетел азаматтарына қатысты саясатын жүзеге асыру механизмдерін аймақтық деңгейде жаңаша тұрғыда зерттеп, талдап береді.
Соңғы жылдары аймақтық деңгейде Қарағанды облысы бойынша соғыста хабарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары өз нәтижесін бере бастағанын байқауға болады. Бұл жұмыс 1989 жылы Қарағанды облысы бойынша И. Грунскийдің бастамасымен басталып, оның нәтижесінде 1994, 1995, 1998 жылдары жарық көрген «Боздақтар естелік кітабында» хабарсыз кеткендерге қатысты бірқатар мәліметтер жарық көрді. 2009 жылы Қазақстандағы Германия жылы аясында қарағандылық зерттеушілер неміс еліндегі Саксон мемориалында жерленген қазақстандық тұтқындар туралы деректерге қол жеткізді. Жалпы осы жұмыстың нәтижесінде Германияда тұтқында жүріп қаза болған 9090 қазақстандықтың жерленгені туралы мәлімет анықталды. Соның ішінде Қарағанды облысы бойынша жерленген жері белгілі 38, зираты белгісіз 28 жауынгерді анықтады. Сонымен қатар соғыс жылдарындағы тарих ғылымының дамуына қатысты маңызды құжат, Е. Бекмахановтың «Қазақстан ХХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты белгілі еңбегін талдау үшін Алматыда 1948 жылы 14-19 шілде аралығында өткен пікірталастың стенограммасы қайра басылып шығып, ғылыми айналымға тартылды.
Соңғы жылдары жарық көрген публицист қаламгерлердің арасынан
В.Могильницкийдің, В.Суворовтың жалпы Ұлы Отан соғысына, екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты жаңаша көзқарастары, пайымдаулары жазылған соны еңбектерін атап өтуге болады.
Қорытындылай келе, тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы тарих ғылымында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихына қатысты бірқатар деректер, бұрын қолжетімділік мүмкіндігі болмаған мұрағат деректері жарық көріп, зерттеушілердің берілген тақырып бойынша деректік базасының кеңеюіне мүмкіндік ашты. Соңғы жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихының түрлі мәселелері бойынша мерзімдік баспасөз беттерінде, публицистердің еңбектерінде, интернет сайттарында қызықты мәліметтер көптеп кездеседі. Оларды талдап, сұрыптап, шынайылығын анықтап, тарихи зерттеулерде қолдану соғыс тарихы бойынша ой-пікірлерді, тарихнамада бекінген тұжырымдарды қайта қарастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Орталық мемлкеттік мұрағатында соғыс кезеңіндегі көрнекті мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің материалдары мен қорларының үлкен кешені бар. Мысалы, кейбір журналист, кинорежиссерлер, суретшілерден-В.Я. Копытин (1910-1975жж.), Е.Е. Арон (1906-1970жж.), А.М. Черкаский (1886-1967жж.) және басқаларының кішігірім істері, сонымен қатар М. Жаров, Ю. Завадовский, Н.И. Сац, Н. Д. Мордвинов, К. Сиранов, М. В. Куприянов, П.Н. Крылов және басқаларының естеліктері бар. Бірақ олардың барлығы осы күнге дейін зерттеу жұмысының аясына тартыла қойған жоқ.
«Қазақстандық тарихнамадағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан мәдениеті мен ғылымы» деген үшінші тарауда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мәдениеті мен ғылымының тарихнамада зерттелуі қарастырылды. Бірінші бөлімде соғыс жылдарындағы мәдениет тарихының зерттелу жағдайы сарапталды. Соғыс уақыты жағдайындағы жұмысқа сай халыққа білім беруді қайта құру, жалпы білім алу туралы Заңды орындау үшін күштер мен ресурстарды жұмылдыру бойынша партиялық және қоғамдық ұйымдардың қызметі, оқушы жастар арасындағы тәрбие және саяси жұмыс тақырыбы А.Сембаевтың, Н.М.Итбаевтың, М.К.Қозыбаевтың, М.П.Лайгердің еңбектерінде көрініс тапты. Соғыс жылдарындағы Қазақстанның көркемөнер интеллигенциясының тарихының жекеленген жақтары С.А. Куандыкованың диссертациясында, соғыс жылдарындағы Қазақстан мәдениеті тарихының мәселелері А.К. Бисенбаевтың диссертациясында қарастырылды. Біздің ойымызша, соғыс кезеңіндегі мәдениет тарихының қазақстандық тарихнамасы үшін өзекті болып Р.Б.Сулейменовтың соғыстың қатаң сынағы жылдарындағы республиканың мәдениетінің жағдайын кешенді арнайы зерттеу қажеттігі туралы айтқан пікірі қала береді. Соғыс кезеңіндегі Қазақстан мәдениетінің дамуы Жеңіске жетуге шақырған патриоттық насихатқа негізделгенімен, сонымен қатар, өзінің баяу болса да, бірақ өнімді қозғалысын жалғастырды.
Қорытындылай келе, болашақта Қазақстанның көпұлтты интеллигенциясының майдан қажетіне республиканы жұмылдыру міндеттерін идеологиялық және насихаттық қамтамасыз етудегі үлесін, республиканың әлеуметтік-экономикалық және мәдени келбетіне эвакуацияланған шығармашылық интеллигенция, ғылыми және мәдени мекемелердің ықпалы, тыл еңбеккерлері мен майдандағы жауынгерлердің патриоттық санасын қалыптастыруда Отан қорғаушылардың ұлттық және тарихи бейнелерінің мағынасы мен рөлі, соғыс жылдарындағы жалпы білім беретін мектептердің тарихы мәселелеріне барынша көп көңіл бөліп, кешенді зерттеу қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |