ӘОЖ 930.1:94(574)«1941/1945» Қолжазба құқығында
ҚАРСЫБАЕВА ЖҰЛДЫЗ АЛПЫСҚЫЗЫ
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихының тарихнамасы (1941-2010 жылдар)
07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері.
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Қарағанды, 2010
Жұмыс Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті археология, этнология және Отан тарихы кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекші: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Жұмашев Р.М.
Ресми оппоненттер: тарих ғылымдарының докторы,
профессор Кадысова Р.Ж.
тарих ғылымдарының докторы,
Смагулова С.О.
Жетекші ұйым: ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институты
Диссертация 2010 жылдың «21» желтоқсанында сағат 14.00-де
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, бас ғимарат, № 1 кеңейтілген дәрісхана) жанындағы БД 14.50.12 Біріккен диссертациялық кеңесінде қорғалады.
Автореферат 2010 жылғы «__» ________________ таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, тарих
ғылымдарының докторы, профессор Т.Ә. Әлімбаев
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Қазақстан Республикасы 2010 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен қатар Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерейтойын атап өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2010 жылдың 7 мамырында сөйлеген сөзінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығымен және Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, «Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек отандастарымыз жауынгер бабаларының даңқты жолын лайықты жалғастыра білді. Олар қазақтың қайсар, рухы биік, батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Арын-байрақ, намысын- найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Жасанған жауды біз жұмылған бірлігімізбен жеңдік. Қанқұйлы соғыс жылдарында бүгінгі Қазақстан халқының мызғымас бірлігі қалыптасты. Біз ел басына түскен зұлмат жылдардың зілдей салмағын жан-жүрегімізбен сезініп өстік. Сондықтан біз адамзат баласына орны толмас қайғы-қасірет әкелген сұм соғыстың жер бетінде енді қайталанбауын тілейміз» [1] деп айта келе, Елбасы соғыста қаза тапқандардың рухы мен Ұлы Отан соғысының қазірде көзі тірі майдан және тыл ардагерлеріне ерекше құрметпен қарауға шақырады.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихының тарихнамасы мен мәселелерін зерттеудің қоғамдық-саяси маңыздылығымен қатар, диссертация тақырыбының өзектілігі өзіндік ғылыми білімнің жинақталу қажеттілігімен анықталады. М.В. Нечкинаның дәл анықтамасы бойынша, «ғылымдағы ең өзектісі оның одан әрі өсуі үшін аса қажеттісі» болады [2].
Бүгінде жалпыодақтық және қазақстандық ғылыми орталықтармен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша зерттеулердің көлемі орасан екендігін атап өту керек. Сондықтан, біздің ойымызша, жақын болашақта 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихын зерттеуде отандық дәстүрлерді жалғастыратын, жаңа әскери-тарихи және жалпы тарихи зерттеулерді жасау үшін тарихнамалық негізді дайындау аса қажет болып табылады. Біз тек 1941-1945 жылдардағы Қазақстан тарихының тарихнамасындағы отандық дәстүрлерді жалғастыру ғана Ұлы Отан соғысының қатаң жылдарындағы Қазақстан тарихын зерттеуде сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейміз. Сонымен қатар, кеңестік және қазіргі отандық тарих ғылымында танымдық жағдайдағы өзгерістерді ескеретін тарихнамалық өзіндік тану тәжірибесінің жоқтығына байланысты біз 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихын зерттеп білу тарихына назар аударуды жөн көріп отырмыз. Берілген тарихнамалық мәселе деңгейінде зерттеу, біздің ойымызша, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихын, сонымен қатар Қазақстан тарих ғылымының тарихын зерттеуде жаңаша нұсқалар мен көзқарастарды іздеуге қарапайым үлесімізді қосудың талпынысы болады.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жағдайында отандық тарихнамадағы методологиялық негіздерді жаңарту қажет. Ұлы Отан соғысы тарихының тарихнамасындағы марксистік кезеңнің әлсіз және күшті жақтарын обьективті талдау, казақстандықтардың Ұлы Отан соғысының шайқастарына, партизандық қозғалысқа қатысуын, Қазақстанның күшті майдан арсеналына және Кеңес Одағының әскери-өндірістік базасына айналуын, әскери сынақ жылдарындағы білім, ғылым, мәдениеттің жағдайын әділетті қарастыру ұлтаралық қатынастар мәдениетін қалыптастыруда және жастарды әскери өнерге баулуда, патриоттық тәрбие беруде ғылыми негізделген қорытындылар мен ұсыныстарды жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының обьектісі: кеңестік және тәуелсіздік жылдары жарық көрген зерттеушілердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихы тақырыбы аясындағы монографиялар, ғылыми мақалалар, тарихи еңбектерге берілген сын пікірлер, диссертациялар, көркем әдеби шығармалар, публицистика.
Зерттеу жұмысының пәні: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуы, қазақстан-дықтардың соғыс қимылдарына қатысуының тарихнамасы.
Тақырыптың зерттелу деңгейі: Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихнамасы кеңестік кезеңде жалпыодақтық тарихнаманың бір бөлігі болды және сол себептен жалпы еңбектерде, сонымен қатар соғыс жылдарындағы республиканың тарихы бойынша әдебиеттерді талдаған арнайы зерттеулерде де қарастырылды.
Біздің ойымызша, Ұлы Отан соғысының тарихын зерттеуді негізгі үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.
Бірінші кезең - соғыс жылдарынан бастап 1950 жылдар арасын қамтиды.
Екіншісі - 1956 жылдан КСРО ыдырағанға дейінгі кезеңді қамтиды.
Үшінші кезең – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең.
Бастапқы кезеңде Қазақстан тарихнамасында қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, еңбек тылындағы кеңес адамдарының даңқты істері сол кезеңнің өзінде мерзімді баспасөз беттерінде, оның ішінде одақ көлеміндегі түрлі баспасөз және бұқаралық насихат құралдарының беттерінде жариялана бастады. Сонымен қатар, Қазақстан КП ОК үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер мен жазушылар бірігіп жазған 1943 жылы басылып шыққан екі жинақта Қазақ КСР-нің соғысқа қатысуы және онда республика экономикасының соғыс жағдайында қалыптасуы сондай-ақ, майдандағы қазақстандықтардың ерлігі көрініс тапқан [3].
Соғыс кезіндегі республика тарихын зер сала зерттеп, алғаш көлемді монографиялар жазған ғалымдар – Ғ.Әбішев пен М.Қ. Қозыбаевтар болды. Тарихшы-ғалымдардың зерттеулерінде Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің дамуы, қазақстандықтардың майдан мен тылдағы жеңіске қосқан үлестеріне лайықты баға беріліп [4], «Қазақстан-майдан арсеналы» деген қорытынды жасалды. Алайда еңбектердің коммунистік идеология тұрғысынан жазылғандығы айқын көрінеді. Сонымен қатар осы кезеңде А. Нүсіпбековтың еңбектері, О. Малыбаев пен Ғ. Әбішевтің жұмыстары жаңаша ойларымен, пайымдауларымен көзге түседі [5]. Олардың арасында соғыс жылдарындағы республика еңбекшілерінің еңбегі мен қазақстандықтардың Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысуы академик А.Н. Нүсіпбековтің ғылыми еңбектерінде орын алды. Тарихшы-ғалым бұл еңбектерінде мерзімді баспасөз материалдарымен қатар мұрағат құжаттарын кең қолдана отырып, еліміздің майданға қосқан үлесі жөнінде пікірлер айтты.
Соғыстан кейінгі кезеңде атақты жауынгерлердің есімдері мен ерліктерін насихаттауда бірқатар еңбектер жарық көрді, олардың алғашқылары «Кеңес Одағының батырлары – қазақстандықтар» жинағына өмірбаяндық мәліметтер, марапат қағаздардың көшірмелері және соғыс жылдарының басқа да құжаттары мен материалдары енгізілді [6].
Қазақстандықтардың ерлік істері жөнінде және тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі жөнінде «Қазақ ССР тарихының» бірнеше рет жарық көрген басылымдарында келтірілді [7].
И.В. Сталиннің жеке басына табынушылықты әшкерелеген Кеңес Одағының Коммунистік партиясының ХХ сьездінен кейін зерттеушілердің мұрағаттарда жұмыс жасау мүмкіншілігі кеңейіп, жалпы тұжырымды еңбектер мен монографияларды даярлау үрдісі біршама қарқынды дами бастады. 1950 жылдардың соңы-1960 жылдардың басында 6 томдық «1941-1945 жж. Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысының тарихы» және 12 томдық «1939-1945 жж. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы» жарық көрді.
Жалпы, тарихшылар Т. Балақаев пен Қ. Алдажұмановтың мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы туралы 1941 жылдан бастап 1979 жылға дейінгі аралықта 25 монография, 11 мақалалар жинағы, құжаттар мен естеліктер, 200-ге жуық ғылыми мақалалар, 20-дан астам естеліктер мен шағын кітапшалар жарық көрген [8].
Бұл кезеңде жарық көрген еңбектердің ішінен республика ауыр өнеркәсібінің дамуы туралы жазған В.Я. Басиннің, Л.А. Пинегина мен С.А.Федюкиннің, Г.Чулановтың, мұнай өндірісі туралы Т.Шаукенбаевтың еңбектерін бөліп айтуға болады [9]. Ф. Михайлов пен К.Оразов өз еңбектерін соғыс кезеңіндегі кадр мәселесіне, бірінші кезекте өнеркәсіп пен көлік саласы үшін қажет кадрларды даярлау мәселесіне арнаса, соғыс жылдарындағы әйелдер мәселесіне Г. Нұрбекова өз жұмысын арнады [10].
Соғыс жылдарындағы Қазақстанның колхозшы шаруаларының Жеңіске қосқан үлесі, олардың майдан мен тылды азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен жабдықтау жөніндегі рөлі туралы мәселеге де ерекше назар аударылды. Т.Б. Балақаев пен Қ.Алдажұмановтың еңбектерінде эвакуацияланған тұрғындардың ауылшаруашылық өндірісіндегі қосқан үлесі, малды эвакуациялау және орналастыру, республика колхоздарының азат етілген аудандарға көрсеткен көмегі кеңінен көрсетілген [11]. Ауыл мен қала арасындағы байланыс түрлеріне, бақташылық мал шаруашылығы мәселелеріне, колхоз саудасына, сонымен қатар, соғыс жылдарындағы колхозшылар арасындағы партиялық-саяси жұмыстардың формалары мен әдістеріне көп көңіл бөлінген. Жергілікті партия ұйымдарының жұмысы, комсомол ұйымдарының қызметі туралы А.В. Шошенко, С.Каймолдин, И.Спиридоновтың еңбектерінде қарастырылды [12].
Жекелеген жұмыстар біздің республикамыздағы денсаулық сақтау ісінің хал-жағдайына және госпитальдардың қызметіне арналды. Бұлар– Қазақстандағы денсаулық сақтау ісі мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тарихы жөніндегі Р.И.Самарин мен А.Р.Чокиннің және госпитальдерді қабылдау, орналастыру және емдеу қызметтері туралы М.А. Жақыпованың еңбектері [13].
1960-1980 жылдары соғыс кезінің құжаттарын жариялауға көп көңіл бөлінді. 1968 жылы Қазақ КСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Қазақстан КП ОК жанындағы Партия тарихы институтымен, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Бас Мұрағат басқармасымен және журналист, жазушылармен бірігіп, «Кеңес Одағының батырлары – қазақстандықтар» атты екі томдық еңбек шығарды. Онда алғашқы рет сол кезде белгілі болған Ленин орденімен және Алтын Жұлдыз медалімен марапатталған 447 қазақстандық жауынгерлер туралы материалдар жинақталды. Отанды қорғауда қазақстандықтардың әртүрлі операцияларға қатысқандығы жөнінде очерктік еңбектерде кең түрде айтылды [14]. Сонымен бірге осы кезеңде екі томдық «Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза. 1941-1945 гг.» көлемді құжаттар жинағы жарық көрді.
XX ғасырдың 50-90 жылдар аралығында Ұлы Отан соғысы тақырыбында тарих саласынан көптеген докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалынды. Бұл диссертацияларды екіге бөліп қарастыруға болады. Олардың біріншісі–қазақстандықтардың соғысқа қатысуына байланысты жазылған болса, ал екіншісі–тылдағы қазақстандықтардың соғысқа қосқан үлесі турасында. Бірінші тақырып бойынша тек Қ.Аманжолов пен П.С.Белан ғана докторлық диссертациялар қорғаса, ал екінші тақырып бойынша Ғ.Әбішев, Т.Б.Балақаев пен Т.С.Көлбаевтар қорғады [15]. Кандидаттық диссертациялардың ішінде соғыс жылдарындағы қазақстандықтардың майдандағы ерлік істері турасында А. Алданазаров, Ә. Қалшабеков, И. Маляр, А. Мұхамеджанов, К.Стамбеков және т.б. [16], ал тылдағы әскери экономика, өкімет органдары қазақстандық жастардың еңбектегі ерлік істері У. Абдуллаев, М. Ақынжанов, Қ. Алдажұманов, А. Әуелбаев, Л. Балақаева, Л. Баширова, П. Белан, А. Бисенбаев, П. Букаткин, М. Бутин, В. Городецкая, А. Жұмасұлтанов, Е. Ибраев, Б. Искакова және тағы басқа ғалымдардың кандидаттық диссертация тақырыптарының арқауы болды [17].
1980-жылдардың екінші жартысынан басталған қоғамдағы оң өзгерістер мен 1991 жылғы Қазақстанның өз тәуелсіздігін жариялауы Отандық тарих ғылымына да игі әсерін тигізді. Бұл жылдар аралығында Ұлы Отан соғысына қатысты шынайы еңбектер мен мақалалар жарық көре бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдары жасақталған құрамалар мен бөлімдердің қалай құрылғандығын, оның жеңіспен өткен жолдарын тарихшы-ғалым К.Аманжолов ғылыми еңбектерінде фактілерге сүйене отырып жазды. Онда 105-ші, 106-шы және 96-шы ұлттық атты әскер дивизиялары мен 100-ші және 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадалары жайында қысқаша шолу жасалынды [18].
Қазақстанда жасақталған әскери құрамалар жөніндегі құжаттарды кеңінен жинақтап, жариялауда зерттеуші-ғалым – П.С.Белан көп еңбек сіңірді. Ол өзінің ғылыми зерттеулерінде қазақстандықтардың Белоруссия, Прибалтика, Сталинград пен Волга түбіндегі шайқастарға қатысуы мен Москваны азат ету барысында Қазақстанда жасақталған дивизия, бригадалардың соғыс қимылдарын нақты түрде талдап, көрсете білді [19].
Соғыс ардагерлері Қ. Көпішев, Ә.Халимулдин, Ә.Нұршайықовтар соғыс күнделігі мен мұрағат қорындағы құжаттарға сүйене отырып, Алматы мен Ақтөбе қаласында жасақталған 100-ші және 101-ші ұлттық дербес атқыштар бригадаларының жауынгерлік жолдары, қарулас достарының ерлігі хақында құнды мәліметтер береді [20].
Қазақстан территориясында жасақталған әскери құрамалар турасында қысқаша болса да мәлімет беретін ғылыми еңбектің бірі – тарихшылар П.С.Белан мен Н.Е. Едігеновтың құрастыруымен жарық көрген «Боздақтар» атты кітап аса құнды. Бүл кітапта осы әскери жасақтардың құрамында болып, қаза тапқандардың, хабар-ошарсыз кеткендердің жалпы саны берілген. Мұнда соғыстың статистикалық бүкіл көрінісі алғаш рет ашылып, қазақстандық дивизия, бригада, полк және басқа әскер түрлерінің тарихы туралы тарихи анықтамалар ерекше сараланған [21].
Соғыс жылдарындағы Қазақстан мәдениеті тақырыбының зерттелуіне келсек, М.П. Кимнің, А.Ж. Қалшабековтың және басқаларының еңбектерінде [22] соғыс жылдарындағы мәдениеттің дамуы, интеллигенцияның жеңіске қосқан үлесі туралы айтылды. Оларда идеологиялық тұрғыдан жазу басым болды.
Отандық тарихшы Р.М. Жұмашев «Развитие социалистической культуры в Казахстане в годы Великой Отечественной войны (1941-1945 гг.)» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында және «Историография становления и развития культуры Казахстана. 1936-1991 гг.» атты докторлық диссертациясында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, жалпы кеңес дәуіріндегі республика мәдениетінің дамуының басты бағыттарын, тарихнамалық аспектілерін жан-жақты қарастырады [23].
Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері, әскери құрамалардың шайқастарға қатысуы, республика халық шаруашылығының соғыс жылдарындағы дамуы, тылдағы еңбеккерлердің ерен еңбегі, соғыс тарихына қатысты қазақстандық жеке тұлғаларға қатысты түрлі жаңаша ой пікірлер, тұжырымдар соңғы жылдары шыққан Ұлы Жеңістің жыл сайынғы мерейтойларына орай өткізіліп отырған республикандық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық және ғылыми-практикалық конференциялардың материалдарының жинақтарын атап өтуге болады [24].
Соңғы жылдары жарық көрген еңбектерден публицист қаламгерлер В.Могильницкийдің, В.Суворовтың жалпы Ұлы Отан соғысына, екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты жаңаша көзқарастары, пайымдаулары жазылған соны еңбектерін атап өтуге болады [25].
Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің естеліктері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихына қатысты қызықты, сан-салалы сипаттағы мәліметтер береді. Олардың арасында ардагерлердің естеліктерінің жинағы, жекелеген ардагерлердің естелік кітаптары, сонымен қатар мұрағат құжаттарымен толықтырылып, мәліметтері салыстырылып, жазылған құнды еңбектер де бар. Олардың арасында Қ.Исабай, Д.Снегин, С. Нұрмағамбетов, К. Әбеновтың естеліктерін атап өтуге болады. Майдангер Кәкен Әбеновтың кітабында 100 және 101 қазақ атқыштар бригадаларының майдангерлік тағдырына, аталған бригадалардың шайқас жолдары, ондағы жалпы құрамының соғыс кезіндегі адам шығыны соңғы мәліметтермен толықтырылып, жүйелі де қызықты, тартымды тілмен баяндалған. Автордың еңбегінің құндылығы, аталған ұлттық бригадалардың Тверь облысындағы бұрын көп уақыт айтылмай келген «Марс» операциясына қатысуы туралы толық баяндайды, еңбектің соңында осы жеке құрамалардың қайтымсыз шығыны туралы мәліметтер, жауынгерлер туралы атаулар тізімін береді [26].
Соғыс тарихын әскери тарих тұрғысынан зерттегендер арасында К. Аманжолов пен А. Тасболатовтың «Қазақстанның әскери тарихы», М. Назарбаев пен В. Слиденконың «Великие битвы Великой Отечественной войны» еңбектерінде Ұлы Отан соғысына қатысты мол мағлұматтар берілген [27]. Алдыңғы еңбекте қазақстандық әскери құрамаларға жеке бір тарау арналып, олардың әрқайсысына жекеше тоқталып өтсе, соңғы көрсетілген еңбектің өкініштісі Ұлы Отан соғысындағы маңызды шайқастарды қарастырып өткенмен, онда қазақстандықтар, ұлттық әскери құрамалар туралы мәліметтер жалпылама қарастырылып өткен.
1990 жылдардан бері қарай қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялардың арасында қазақстандық әскери құрамалардың тарихын зерттеген Көшербаева Б., әйелдер мәселесі туралы Карпыкова С., Бырбаева Г., Қожабекова А. кандидаттық диссертацияларын атап өтуге болады [28].
Осылайша, байқағанымыздай Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихының тарихнамасын кешенді талдаған зерттеулер ғылымнан орын алмаған. Сонымен қатар соғыс тарихының болашақта әлі де зерттеуге тиісті тұстары бар.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті: Зерттеу жұмысының басты мақсаты -1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихының кеңестік және қазақстандық тарихнамада қарастырылуын кешенді талдау, ондағы негізгі қалыптасқан тұжырымдарды, көзқарастарды зерттеп, талдау және көрсету болып табылады. Сонымен бірге, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихының мәселелерін зерттеуде жаңа көзқарастар ұсынуға талпыныс жасау.
Белгіленген мақсатқа сәйкес төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихына қатысты тарихи зерттеулердің дамуының негізгі кезеңдерін көрсету, әр кезеңнің ерекшеліктері мен ондағы қарастырылған басты мәселелерді анықтау;
- кеңестік тарихнамадағы соғыс тарихына, республиканың соғыс жылдарындағы майдан арсеналы ретінде дамуы, жалпы қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі туралы тұжырымдарды талдау, қорытындылар жасау;
- кеңестік тарихнамадағы қазақстандықтардың майдан мен тылдағы ерлігі туралы қарастырылмаған мәселелерді анықтап, олардың қазіргі отандық тарихнамада зерттелу деңгейін сараптау;
- қазіргі отандық тарихнамадағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихы бойынша жарық көрген еңбектерді, арнайы зерттеулерді, мерзімдік баспасөз материалдарын, соғыс және тыл ардагерлерінің естеліктерін тарихнамалық тұрғыдан қарастырып, алдағы уақытта зерттелуді қажет ететін мәселелерді анықтау;
- тарихи ой-тұжырымы мол тәуелсіздік кезеңдегі зерттеушілердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихының түрлі мәселелерін зерттеген еңбектеріне бүгінгі тарих ғылымы талаптары деңгейінде баға беру. Белгілі болған мәселелерге сүйене отырып, тарихнамалық нақты талдаулардың нәтижесінде, қолданбалы қорытындылар мен ұсыныстар енгізу.
Зерттеу жұмысының деректік негізін 1941 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі кезеңде жарияланған, жазылған, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның тарихы қарастырылған, оның теориялық және методологиялық, тарихи тұстарын зерттеген ғылыми мақалалар, іргелі еңбектер, монографиялар, ұжымдық, қорытындылаушы зерттеулер құрайды.
Тарихнамалық дерек – бұл сол не басқа мәселенің ғылыми зерттелу тарихы бойынша, тарих ғылымы бойынша ақпаратқа ие кез келген тарихи дерек. Негізгі тарихнамалық дерек болып мәселенің тарихы бойынша жалпы және нақтылы тұжырымдарды мазмұндаған тарихшы ғалымдардың еңбектері болып табылады. Бұл топтағы деректерді 1941 жылдан бүгінгі таңға дейін кеңестік және отандық тарихнамада жарық көрген Ұлы Отан соғысының тарихы және осы кезеңдегі Қазақстан тарихына қатысты түрлі мәселелерді қамтыған Ғ.Әбішев, А.Н.Нүсіпбеков, М.Қ.Қозыбаев, З.Ш.Кашкенбаев, Қ.С.Алдажұманов, В.Басин, Т.Балақаев, Р.Б.Сүлейменов, П.С.Белан және басқаларының монографиялары, жекелеген еңбектері, мақалалары мен П.А.Жилин, Г.А.Куманев, А.В.Митрофанова, П.Р.Букаткиннің және басқа да кеңестік тарихшылардың мақалалары құрайды. Сонымен қатар тәуелсіздік кезеңде мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көрген М.Қ.Қозыбаев, Т.Балақаев, Д.Қыдырәлі, А.Кәкен, Н.С.Аликулова, М.Рысдәулет, М.Төлепберген, Б.Қ.Көшербаева, М.Жақып және басқа да зерттеушілердің, тарихшылардың, қаламгерлердің мақалалары қарастырылды.
Екінші кезектегі деректер тобын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы республикадағы қоғам және мәдениет қайраткерлерінің, ғалымдардың естеліктері, майдан және тыл ардагерлерінБахрушин және басқа да соғыс жылдары Қазақстанда эвакуацияда болған ғалымдардың естеліктері бар. Сонымен қатар М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы, Қ.Қайсенов, Х.Доспанова, Ф.Осадчий, Д.Снегин, К.Әбенов, Д. А.Қонаев, С.Бекенов, Р.Қошқарбаев және басқаларының естеліктері зерттеу аясына тартылды.
Үшінші кезектегі деректер тобын тарих ғылымының даму жағдайы туралы ақпаратты көрсететін деректер (ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру, мамандарды дайындау туралы үкіметтің құжаттары) және басқалары құрайды. Мұнда Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдардың жинақтары, Кеңес Одағы үкіметі жариялаған жарлықтардың топтамалары қолданылды.
Бесінші топты Ұлы Отан соғысының тарихы, батырлар ерлігі, тылдағы еңбекшілердің қажырлы еңбегі және басқа да тақырыптар туралы жазылған көркем әдеби шығармалар, публицистикалық басылымдар құрайды.
Зерттеудің теориялық-методологиялық негізін бүгінгі уақытқа дейін тарихнама ғылымында қалыптасқан ғылыми-методологиялық қағидалар мен тұжырымдар құрайды. Олардың негізгілері ретінде тарихилық, ғылымилық, шынайылық, нақтылық, жүйелілік сияқты қағидалар мен тұжырымдарды атап өтуге болады. Зерттеу мақсатына жету үшін салыстырмалылық, сұрыптау, талдау, әдістері кеңінен қолданылды.
Мәселенің хронологиялық шегі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысынан бастап бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы тарих ғылымының тарихының кезеңін қамтиды.
Зерттеудің территориялық аумағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның тарихына тарихнамалық талдау жүргізу мақсатына байланысты Қазақстанның бүкіл аумағы, қазақстандықтардың және қазақстандық әскери құрамалардың шайқастарға қатысқан жерлері (кеңес-герман майданы) енеді.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы кеңестік және қазақстандық тарихнамадағы 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихына арналған тарихи әдебиеттер мен деректердің толық кешенін тұңғыш рет арнайы тарихнамалық зерттеу болып табылады. Осыған орай, зерттеу жұмысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:
- қазіргі отандық тарихнамада алғаш рет 1941-1945 жылдардағы Қазақстан тарихын зерттеуге арналған тарихи зерттеулерге кешенді талдау жүргізілді;
-кеңестік тарихнамада қазақстандықтардың соғысқа қатысуы, республиканың майдан арсеналы ретінде дамуы, жеңіске қосқан үлесі идеологиялық тұрғыдан, сол кезеңдегі басқарушы үкіметтің айтқан талаптарына сай жазылғандығы дәлелденді;
- кеңестік тарихнаманың екінші кезеңінде (1956-1991 жылдар) соғыс жылдарында Қазақстан тарихына қатысты зерттеулердің даму үрдісі анықталды;
- қазіргі отандық тарихнамада 1980 жылдардың соңынан бүгінгі күнге дейін кәсіби тарихшылардың, публицист қаламгерлердің, соғыс тақырыбымен айналысушы тілшілердің, ең бастысы соғыс және тыл ардагерлерінің кейінгі жылдары жарық көрген естеліктеріндегі соғыстың «ақтаңдақ» беттерінің зерттелуі жинақталып қарастырылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми-практикалық маңыздылығы: Зерттеу жұмысын жазу барысында қолданылған мұрағаттық құжаттар, тарихи деректер және жасалған тұжырымдар мен қорытындыларды Қазақстанның қазіргі заман тарихы бойынша жоғарғы, орта, арнаулы орта оқу орындарында арнайы курс ретінде, лекция, семинар сабақтарында пайдалануға болады. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Қазақстан тарихы бойынша тарихи білімдер әскери қызметкерлер мен жастар арасында патриоттық және тәрбиелік жұмыс жүргізу үшін ғылыми негіз, қатаң әскери сынақ жылдарындағы Қазақстан халқының достығы мен бірлігінің жарқын үлгісі болып табылады
Достарыңызбен бөлісу: |