АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар


СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР



бет4/13
Дата27.12.2016
өлшемі2,14 Mb.
#6297
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

СЕЙІТҚҰЛҰЛЫ ЖАЛАҢТӨС БАҺАДҮР
Сейітқұлұлы Жалаңтөс баһадүр (1576-1656) - қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы, Самарқанның әмірі. Туып өскен жері – Сырдарияның төменгі ағысы. Топырақ бұйырған жері – Самарқан қаласынан 12 шақырым жердегі Төртқара руы. Атақты Бәйбекұлы Әйтеке бидің үлкен атасы болып келеді. Шежіре дерегі бойынша Кіші жүз Алшын – Қаракесек Әлім Төртқара боылп өрбитін аталардың ішінен Ораз – Тоқпан -Сейітқұл-Жалаңтөс болып тарайды. Әлеуметтік статусы бойынша арғы атасы Ораз Әмір Темірдің бас кеңесшісі, ал өз әкесі Сейітқұл 40 мың алшындардың басын біріктірген ел басы, ірі бай, ықпалды қажы болған.

Жалаңтөс шыққан әулет өз кезіндегі саяси-әлеуметтік оқиғаларға белсене араласып, белгілі дәрежеде ықпалын да жүргізіп отырған. Сол кездің саяси ахуалымен санасқан Сейітқұл 1581 жылы Бұхар маңына көшіп келіп, Бабата тауын қоныс етеді. Оң-солын тани бастаған Жалаңтөс Тамды, Қызылқұм қазақтарының ханы Дінмұхамедке қызмет етеді. Ел ішінің ахуалына ертерек көз қанықтырып, жас кезінен-ақ ақыл-парасатымен, батылдық – табандылығымен көзге түседі.

Ол кездің саяси-әлеуметтік жағдайы мейлінше күрделі болатын. Алтын Орда ыдырап, Әмір империясы бөлшектеніп, Орта Азияда ұлттық ордалар жанталасып шаңырақ көтере бастаған. Алыстан айбарымен ықтырған Қытай,Иран, Ресей мемлекеттерін былай қойғанда, әлі де болса этносаяси, әлеуметтік аражігі ажырап үлгермеген Азия халықтары өзара талас-тартыс халінде болатын. Өзгелер сияқты қазақ халқы да ел болып ірге көтеру, жұрт болып, бас құрау, ұлт болып, еңсе көтеру сияқты тарихи ұлы мұраттар жолында еді. Міне, осындай алмағайып, аласапыран кезінде Жалаңтөс баһадүр пісіп – жетіліп, сол кездің саяси-әлеуметтік жағдайына тегеурінді ықпалын жүргізген әйгілі жаһангер, ұлы қолбасшы, көреген стратег, білікті мемлекет қайраткері ретінде тарих сахнасына шықты. Ол сол кездің ең шиеленісті оқиғалары мен шешуші шайқастарының жуан ортасында болып, ақылымен де, ерлігімен де төңірегін тәнті етті. Талай рет қан майданда жекпе-жекке шығып, жойқын ерліктер көрсетіп, сахара сарбаздарының арасында зор беделге ие болды.

Орта Азия халықтарының өміріндегі тарихи шешуші шайқастарда Жалаңтөс аса көрнекті қолбасшы ретінде танылды. Қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханы Батырға қарсы (1640), Жетісу өлкесіне басып кірген жоңғар әскеріне қарсы (1643), Хорасан мен Балх үшін Иран патшалығына қарсы (1649), Кабул мен Мешхед әскерлеріне қарсы (1649) жүргізілген ірі шайқастардың бәріне Жалаңтөс қолбасшылық жасап, үнемі жеңіс туын желбіретіп отырды. Сөз жоқ, мұндай жеңістердің қай-қайсысы да Қазақ хандығының еңсе көтеруіне, қазақ халқының ұлт болып ұйысуына тікелей ықпалы болды. «Жеңімпаз Жалаңтөс батырға сырттан келген сый-сияпат көлемі мемлекетке түскен қазына байлығынан асып түскен. Осы қаражат байлыққа жасақ ұстаумен бірге Самарқанда сәулетті сарайлар мен медреселер салдыртқан» деп жазды М.Е.Массон. Яғни бұл ретте де Жалаңтөс биік ақыл-парасатымен танылып, байлықтың құлы болмай, ел даңқын асырар өркениетті істерге мұрындық бола білді. Ол салдыртқан Самарқандағы «Ширдар» (Арыстанды медресе, 1619-1635), «Тіллә-кәри» (Алтынмен апталған, 1647-1660) медреселері сәулет өнерінің аса көрнекті ескерткіштері болып табылады.

Жалаңтөс баһадүрдің өсіп-өнген ұрпақтары қазір Қызылорда, Шымкент облыстарында көптеп кездеседі.

ШЫҒАЙҰЛЫ ЕСІМ ХАН
Шығайұлы Есім хан (1628-1645) – Қазақ хандығының ханы, Шығай ханның баласы, атақты Тәуекел ханның туған інісі. Есім хан туралы халық жадында сақталған аңыз -әңгімелер, дастан-жырлар көп. Оны халқы «Еңсегей бойлы ер Есім» деп ардақтайды.

Есім хан билік басына ағасы Тәуекел өлгеннен кейін келді. Бұл кезде Қазақ хандығының шығысындағы жағдай Тәуекел тұсындағыдан әлдеқайда күрделене түскен еді. Мұнда ойрат тайпаларының бірігіу процесі жүріп жатты. Сондықтан ол көршілерінде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап, олардың тайпалары арасындағы алауыздықты өз пайдасына шешуге ұмтылып бақты.

Ойраттардың бір жағынан Ембі, Жайық, Еділ бойындағы ноғайлармен шарпысуы, екінші жағынан орыс қамалдарының гарнизондарымен қақтығысуы Есім хан саясатының ықпалды болуына елеулі жағдай жасады. Ақырында үш жақты соғыстың өздеріне қырғын таптыратынын сезген ойрат әміршілері Есім ханның үстемдігін мойындап, тату көршілікте тұру мақсатында ұсыныс жасап, елшілерін жіберуге мәжбүр болады.

Хандығының шығысындағы жағдайды осылайша өз пайдасына шешкен Есім хан оңтүстігін де ойдан шығармайды.

Хандығының шекарасын кеңейте түсу саясатын мұнда да батыл жүргізіп бағады. Оған жағдай да көмектесе түседі. Себебі, бұл кезде қайтыс болған Бәки Мұхаммед ханның орнына оның інісі Уәли Мұхаммед пен Герат-Хорасанның билеушісі Дінмұхаммед баласы Иманқұлы таласып жатқан еді. Осы қақтығысты өз пайдасына асыруда Есім хан үлкен ептілік танытады. Ол әуелі Уәли Мұхаммедке көмектесемін деп уәде беріп, кейін Иманқұлы жағына аунап түседі. Соның нәтижесінде онымен бірігіп, Уәли Мұхаммедті өлтірісіп, Иманқұлымен одақ жасасады да, сол жылы Иманқұлыға қарсы шығып, Самарқантқа әскер жөнелтеді.

Бұл кезде Иманқұлының Есіммен соғысарлық шамасы жоқ еді. Сондықтан онымен шартқа отырып, Ташкент пен оның төңірегінің түгелдей қазақтардың иелігі екенін ресми түрде мойындайды.

Бұдан кейін Есім хан Моғолстан ханы Әбдірахымның қызы Падшахқа үйленіп, ағасы Күшік сұлтанның қызын Әбдірахымға беріп, қарсы құда болу арқылы оны өзінің жақтасы етіп, соның көмегімен өзіне опасыздық жасаған Тұрсын ханды талқандап, дара билікке қол жеткізеді.

Есім ханның билігі тұсында (1598-1645) халық жадында «Есім салған ескі жол» деген атпен қалған әдет-ғұрып нормаларын қалыптастырған конституциялық құжат болғаны белгілі. Мұны «Есімнің заңы» деп ұққан жөн. Бірақ оның көктен алынбағанын, өз заманының орайы мен талабына қарай Есім хан мен оның кеңесшілері өңдеп, толықтырған баяғы «Қасым салған қасқа жолдың» бір нұсқасы екенін де естен шығармаған абзал. Түптеп келгенде, «Есім салған ескі жол» деген сөздің мәні де Есім ханның тұсында жасалған даналық заңдарға байланысты айтылған. Қоныс-тұраққа, мал-мүлікке, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа қатысты туындайтын дау-шардың шешімдері осы кезде сараланды. Мұның өзі кейін Тәукенің әйгілі «Жеті жарғысына» негіз болып, қазақ халқының мәдени-рухани және салт-дәстүр қалыптарының төлтумалығын шыңдай түсуге ықпал етті. Жалпы көшпелілер мемлекетінің хандары сияқты, Есім хан да тақ үсті мен ат үстінде бірдей танылған біртуар тұлға. Оны халқының «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған атақты ханның қайтыс болған жылы – 1645 жыл деген шындыққа келетін сияқты.

Есім хан дүние салған соң қазақ хандығының тағына Жәңгір хан (1645-1652) отырды. Халық оны ел үшін жасаған ерлігіне орай «Салқам Жәңгір» деп атанған. Хан ордасын Түркістан қаласында ұстау Жәңгір хан тұсында басталды.

АЛТЫНАЙҰЛЫ ҚАРАСАЙ
Алтынайұлы Қарасай (1589-1671) – қазақтың қаһарман батыры, әйгілі қолбасшысы, есімі шапырашты руының ұранына шыққан аса көрнекті тарихи тұлға. Қарасай батыр Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Суықтөбе тауының етегінде Қарасаз деген жерде дүниеге келіп, арқа жерінде Көкшетау үшін болған шайқаста ауыр жараланып дүние салған. Топырақ Көкшетау алабындағы Айыртау сілемінің Құлшынбай деп аталатын төбесінен бұйырған. Қасына өзінің қанды көйлек досы арғын Ағынтай батыр жерленген. Қос арыс - шапырашты Қарасай мен арғын Ағынтай батырға және олармен бірге қанды шайқаста қаза болған сарбаздарға қос күмбезді кесене орнатылған (1999).

Қарасай батырдың шыққан тегі ұлы жүз шапырашты. Шежіре дерегі бойынша, Шапырашты Шам (Ыстық), одан Малды, Желді, Қалды есімді үш ұл туады. Малдыдан Екей, Еміл, Емілден Жайық пен Есқожа туады. Есқожадан Алысай, Алтынай, Шуаш есімді үш ұл туған. Алтынайдың үшінші әйелінен Қарасай батыр туған.

Сөз орайында айта кеткен жөн, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы Қарасай батырдың тікелей ұрпағы. Атап айтқанда Қарасайдан Көшек, одан Айдыр, одан Мырзатай, одан Еділ, одан Сапақай, одан Назарбай, одан Әбіш, одан Нұрсұлтан туады.

Қарасай батырдың өмір сүріп, ғұмыр кешкен заманы қазақ-жоңғар арасында екі ғасырға созылған қан қақсап соғыстың енді тұтанып, енді шиеленісіп, бірте-бірте екі көшпелі елдіің тактикасы мен стратегиясының сынға түсе бастаған кезі еді. Бұл кезде қазақ халқының дербес ел болып, ірге бекітіп, біртұтас этникалық сана-сезімнің орныққанына екі ғасырдың жүзі болған. Содан да болар, қазақ-жоңғар арасындағы өрт тұтанған кезде елі мен жерін қорғау үшін алғаш рет атқа қонып, елдің шетіне, желдің өтіне, жаудың бетіне шығып, ерлік көрсеткен батырлар қатарында Қарасай да болды. Қазақ-жоңғар соғысы XVI ғасырдың өзінде-ақ шиеленіскені жөнінде тарихшы В.В.Вельяминов-Зернов жазады. Ал ағылшын көпесі А.Дженкинсон 1557 жылы Қытайға бармақшы болып жолға шыққан, бірақ қазақ-жоңғар арасында Ташкент үшін қырғын соғыс болып жатқандықтан Қытайға өте алмағанын жазып қалдырған. Демек, Қарасай батыр ат жалын тартып мініп, сарбаздар сапына тұрған кезде көшпелі екі ел арасындағы соғыс тәсілдері, қорғаныс әдістері әбден шыңдалып, өліспей беріспейтіндей шиеленісіп үлгерген. Міне, бұл тұрғыдан келгенде, қазақ халқының ұлттық патриотизмін, ерлік дәстүрін алғаш рет қалыптастыру, орнықтыру миссиясы Қарасай қатарлы батырлардың пешенесіне жазылған. Жетісуда туған Қарасай батырға Арқаның Айыртауынан топырақ бұйыруы, Қызылжарда туған Баян батырдың соңғы демінің Іле бойында таусылуы, Еділ бойында туған тама Қабанбай батырдың Арқадағы Сарысу бойындағы шайқаста қаза табуы, Ерейментаудың Малайсарысының Алатау бөктерінде дүние салуы, сөз жоқ, ұлттық-этникалық біртұтастықтың, мемлекеттіктің әбден орныққандығының, сол мемлекет аясындағы ата мекеннің азаматтар санасында біртұтас киелі сипат алғандығының ең бедерлі айғағы еді. Осындайда қазақ халқының кейінгі ғасырларда бастан кешкен жойдасыз азапты өмірінде отаншылдық сияқты ең киелі сезімдерінің шайылмауының басты себебі, сол бір Қарасайлар заманында орныққан эпикалық ерліктер мен патриотизмнің негізі беріктігіне де болар деген қорытындыға тоқтауға тура келеді.

Есім мен Жәңгір сияқты ақылды хандардың арман-аңсары Қарасай сияқты біртуар батырларға, ру–тайпа көсемдеріне тікелей арқа сүйеу арқылы жүзеге асып отырды. Жалпы XVII ғасыр аясында, яғни Қарасай батырдың ат үстінде болған кемел шағында қазақ-жоңғар арасында әйгілі үш соғыстың болғаны тарихтан аян. Мұның біріншісі – 1635 жылы болған Сібір-Тобыл соғысы. Бұл соғыс туралы И.Э. Фишер «Сібір тарихы» атты еңбегінде жазған. Тарихи деректерде осы кезеңде жалайыр, шапырашты руларының Тобыл бойында болғаны айтылады. Сібір-Тобыл соғысына Қарасай батырдың қатысқаны ешқандай күмән келтірмейді.

Екінші соғыс 1643 жылы болған. Бұл әйгілі Жәңгір сұлтанның (ол кезде әлі хан тағына отырмаған) 600 жанкешті сарбаздарымен жоңғардың 50 мың әскеріне қарсы тұрып, оған алшын Жалаңтөс батыр 20 мың әскерімен көмекке келетін жойқын соғыс. Бұл соғыс жайында орыс тарихшылары Н.М. Карамзиннен бастап И.Я. Златкинге дейін таусыла жазып, жалпы соғыс тарихында сирек кездесетін оқиға ретінде атап өтеді, яғни шежіре деректерінде шапырашты Қарасай батырдың 3 мың қолымен осы соғысқа қатысып, жойдасыз ерлік көрсеткені айтылады. Әйгілі Сүйінбай жыраудың:

Қарасай халқы үшін атқа мінді,

Шыдамай жауыздыққа неше түрлі,-

дейтіні, немесе:

Сол қуғаннан қуылды Шудан бастап,

Қалмақ қашты баласын, малын тастап.

Әйеліне қарауға шамасы жоқ,

Келіп еді о баста жерді ластап,-

деп суреттейтіні Қарасай батырдың осы соғыстағы ерлігіне орай айтылған.

XVII ғасырдың аясында қазақ-жоңғар арасында болған сұрапыл соғыстың үшіншісі – 1652 жылы өткен. Бұл соғыста Жәңгір ханды жекпе-жекте 17 жасар Қалдан Серен өлтірді. Осындайда «тарихтың тәлкегі» деуден гөрі, «тарихтың заңдылығы» деуге болатын бір гәп еске түседі, сол Қалдан Сереннің баласы Шарышты Аңырақай шайқасында 17 жасар Абылай сұлтан (ол кезде хан емес) жекпе-жекте өлтіреді. 1652 жылғы соғыста Қарасай батыр жалпы қазақ әскерлері қолбасшыларының бірі ретінде ақыл-парасатымен, тапқырлық-табандылығымен танылған.

Сахара төсінің ежелден қалыптасқан тәртібі бойынша ел бастаған көсем мен қол бастаған батырлардың есімі әдетте ру-тайпа атауына ұласып, ұранға шығып отырған. Ондай ірі тұлғаларға жер атын беру рәсімі қалыптасқан. Бұл ретте Қарасай батыр есімінің ру атауына ұласып, ұранға шығуы, бірнеше жер атауларының берілуі, ең алдымен, іргелі рудың қам-қарекетін елдік мұрат-мүддесімен тоғыстыра білген қайраткер- қолбасшылығына айғақ болса керек. Белгілі зерттеуші П.П. Румянцевтің Жетісу тарихы мен шаруашылығына арналған кітабы 1913 жылы Петербургте жарық көрді, «Материал Семиреченской области» деп аталатын осы кітапта былай жазылған: «Батыс Кәстек өңірінің жұрты шапырашты руынан шыққан Қарасай руы Ақмола облысының жерін қоныс етеді. Қарасайдың бейіті Көкшетау уезінің Айыртау деп аталатын өңірінде» - дейді.

Қазақ халқының тарихи тұлғаларына деген марапат-құрметінің соншалықты баянды екені қайран қалдырады. Өлетін малмен, тозатын дүниемен алдарқатпайды, еліне лайық ер туса, олардың есімін тұтас ру мен киеі туған жерге бұйыртып отырған. Онысы жеріміз бүтін, еліміз аман болса, біртуар ерлердің де есімі ұмыт болмайды дегені болуы керек. Қазақ халқының мұндай мәртебеге лайық перзенті Қарасай батыр екенін тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
Жиренше шешен (XV ғ.) – қазақтың ақыл-парасатымен, тапқырлығымен аты аңызға айналған ділмар шешені. Аңыз-әңгімелердің дерегі бойынша ол тарихта болған, әз–Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген кісі, бірақ тарихи шғармаларда Жәнібек ханның төңірегінде ондай адам болды деген дерек кездеспейді.

Жиренше шешен жөнінде өзге халықтардың шығармаларында да сөз болады. Түркі-моңғол, үнді-еуропа халықтарының біразының фольклорында да ол туралы әңгіме бар. Қазақ фольклорында бар Жиренше шешен жайындағы аңыз әңгімелердің кейбір нұсқалары негізгі кейіпкердің атымен, мысалы, қарақалпақ (Жиренше), қырғыз (Жээренче чээчен), түрікмен (Йикренче) фольклорына ауысқаны байқалады.

Жиренше шешен туралы ертегілер, әңгімелер қазақ фольклорында шамамен XV ғасырдан басталады. Онда шешендік сөздің үлгілерімен қатар, тұрмыс-салт ертегілер де бар.

Жиренше шешен атымен байланысты әңгімелердің ішінде ең көп тарағаны – оның көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленгені. Жалпы зерттеулер Жиренше шешеннің атына қатысты аңыз әңгімелерді үш топқа бөледі. Біріншісі - Жиренше шешенді Жәнібек ханның ақылшысы әрі досы етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда Қазақ хандығын құрысуға белсене қатысқан Жәнібек ханға деген ел ілтипатының әсері айқын аңғарылады. Екіншісі – Жиренше шешенді әлеуметтік теңсіздікке қарсы күресуші етіп көрсететін әңгімелер. Мұнда ол ханды әшкерелеуші, ханның зорлығына өзінің ақыл-парасатын қарсы қоюшы, тапқыр ақыл иесі ретінде бейнеленеді. Үшіншісі – Жиренше шешеннің көпшілік арасындағы күнделікті қақтығыстарда айтатын тапқыр әзіл-қалжың сөздері. Осы шығармалардың арасында Жиренше есімі ұмыт болмай, ғасырдан ғасыр асып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.



ЖӘҢГІРҰЛЫ ТӘУКЕ ХАН
Жәңгірұлы Тәуке хан (1626-1718) – Қазақ хандығының ханы, Салқам Жәңгір ханның баласы. Шешесі – қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Мұрагерлік жолмен Қазақ хандығының билік тізгінін қолға алған кезде (1680ж.) Тәуке ел ағасы жасына келіп ақыл тоқтатқан, мемлекет ісіне араласып, мол тәжірибе жинақтаған білікті жан болатын. Сондықтан да ол таққа отырып, әке ісін алға жалғап, оның саясатын жүргізгенімен, оны жүзеге асыруға келгенде бұрынғы сүрлеумен кетпей, өзіндік жаңа жолмен жүрді. Тәукені өзге қазақ хандарынан ерекшелеп, оның шын мәнінде көреген басшы, ақылды реформатор екенін танытанын қасиеті де осы өзіндік жолмен жүруінде. Бұл ретте ол ұлы бабасы Қасым ханға қарай бейімделеді.

Тәуке ханның елі үшін сіңірген ерен еңбегі екі қырымен айрықша назар аударады. Бірі – елдің іргесін аман сақтауда сыртқы саясатты білгірлікпен жүргізіп, анталаған көп дұшпанға бел аудырмағаны. Екіншісі – елдің ішкі жағдайын реттеудегі саяси-құқықтық тәртіпті орнатуы. Ол төңірегіне топтан торай шалдырмайтын, сыртқа сыңар сабақ жіп алдырмайтын, бір ауыз сөзімен жұртты жатқызып - өргізетін, беделімен елдің бірлік-берекесін кіргізетін ақыл иелерін жинап, халқын солар арқылы басқарды, ақыл-ой, парасат үстемдігін орнатты. Тарих дерегі сол кезде Тәукенің қасында Ұлы жүз Әлібекұлы Төле, Орта жүз Келдібекұлы Қазыбек, Кіші жүз Байбекұлы Әйтеке, қырғыз Қарашораұлы Көкім, қарақалпақ Сасық би, қатаған Жайма секілді халықтың ішінен уақыттың өзі екшеп шығарған, даналық сөзімен, әділетті ісімен, қара қылды қақ жарған тура билігімен аттары бұл күнде аңызға айналған атақты билердің болғанын айтады. Осындай алыптардың замана тынысын тамыршыдай тап басып танып, халықтың басын қосып, елдің бірлік – берекесін кетірер ішкі дау – жанжалды, барымта – сырымтаны тиып, елді ынтымақта ұстау мақсатында ой тоғыстырып, бір бағытта игілікті іс-қимыл жасау арқасында Қазақ хандығының жағдайы күрт жақсарып, сыртқа айбарын асырды. Жұрт ерді ел қолдаса - береке, ханды ел қолдаса мереке екенін көрді. Сол себепті де Тәуке хан ел билеген кез - халық есінде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш берекелі заман болып қалды.

Бірақ, бұл, әрине ол кезде ешқандай шапқыншылық болған жоқ, бірыңғай бейбіт күн туып, қазақ халқы сыртқы жаудан қаймықпай алаңсыз ғұмыр кешті дегенді білдірмесе керек. Керісінше, Тәукенің кезінде қалмақтармен қақтығыс жиілей түспесе, кеміген жоқ. Сонау 1681 жылғы қалмақтың қоңтайшысы Галдан Бошоктудың қалың қолмен Шу өзенінің бойына жетіп, Сайрам қаласын қоршағаннан басталған шабуылдар легі кейін оның немересі Цеван Рабтан билік басына

ӘЛІБЕКҰЛЫ ТӨЛЕ БИ
Әлібекұлы Төле би (1663-1756) - қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «БИлер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.

Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.

Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, жыл сайын өтетін бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез болатын.

Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым-салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай.

Төле би Россия мен Қазақ хандығы арасындағы қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор губернаторы И.И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, Россияға қосылу ниетін білдіреді.

Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма-кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт саясатының ірі нәтижесі еді.

Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: « Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!


КЕЛДІБЕКҰЛЫ ҚАЗЫБЕК БИ
Келдібекұлы Қазыбек би (1665-1765) - қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан.

Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.

Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады. Сондай ақ ол Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

XVIII ғасырдың алпысыншы жылдарында Чиң империясы Қазыбекті өз жақтарына тарту мақсатымен оған елші жіберіп, мол сыйлықтар тартады. Бірақ ол Қытайдың қол астына қарауға қарсы болады. Сөйте тұрып, Абылайды Чиң империясымен тығыз қарым- қатынас жасауға шақырады.

Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі, ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.

Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: «Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңқалуға болады. Оның бірі 90 туысын Қалдан Сереннің тұтқынынан құтқарған қаракесек Қазыбек те, екіншісі өзінің сондай тұтқындағы туысын құтқарған уақ Дербісәлі. Мұның алғашқысы Қалданға өзі барып, сұрап алды. Соңғысы өзінің аулында отырып, жауын қорқытып алды» деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне ел басшысының берген нақ та әділ бағасы еді.



БАЙБЕКҰЛЫ ӘЙТЕКЕ БИ
Байбекұлы Әйтеке би (1644-1700) – қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Кіші жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Алшын тайпасының Әлім руынан.

 Ол қазіргі созылып жатқан Қыз-Бибі тауының етегінде өмірге келген. «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп атақты Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Оның арғы атасы Сейітқұл Жәдікұлы Шығай ханның серігі болған. Шығай хан Бұхардың Абдолла ханымен одақтас болып, Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, сонымен бірге қарауындағы елін ертіп, қотарыла көшіп келеді. Осы Сейітқұлдың сегіз баласының бірі - Әйтеке бидің әкесі Ақша да, бірі - кейін Самарқанның билеушісі болған, Қазақ ханы Салқам Жәңгір 600 жауынгермен жоңғар қоңтайшысы Батырдың 50 мың әскерінің өтінде қалғанда, дер кезде көмекке жетіп, қазақ қолына айтулы жеңісті суырып әперетін атақты Жалаңтөс баһадүр. Жалаңтөс Самарқанға әмір болғаннан кейін ағасы Ақшаны Қоқанның ханы етіп сайлатады.

Ұлықбек медресесінде оқып, тәлім алған Әйтеке әуелі атасы Ақша ханның , атасы өлгеннен кейін ағасы Жалаңтөстің тәрбиелерінде болып, ел басқару істерінің қыр сырымен танысады. Оның осы кезде көргені мен білгені кейін Тәуке ханның ата заңы іспетті «Жеті жарғыны» шығаруға қатысқанда да Әйтекеге осы алған білім мен жиған тәжірибенің көп көмегі тиген болу керек.

Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан орыс-казак жерін торлап, шекараға әскерлерін шоғырландырған қиын күндерде Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып, елді, жерді қорғауға белсене араласады. Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезінде алты алашты аузына қаратқан сол үшеудің біреуі - орақ ауыз, от тілді Әйтеке би ел басына терістік шығыстан қара бұлт үйіріліп келе жатқан қарсаңда бір мақсатта тізе ажыратпай талай жыл бірге күрескен серіктерін тастап, дертті болып, ата жұртына - Нұрата тауына оралады. Ол дерт Алланың жіберген ауруы емес, «Тура би туғанына жақпайды» деп, ел тағдырына қатысты мәселеде бет пен беделге қарамай турасын тіліп айтқан бидің сөзін кек тұтқан сұлтандардың қастығы еді. Ата жұртқа келер алдында Төле би, Қазыбек би секілді үзеңгілес серіктеріне сәлем ретінде жолдаған ұзақ толғанысында Әйтеке би: «Елінен айырылған ер бақытсыз, жерінен айырылған ел бақытсыз. Құдайым ондай күнді маған көрсетпегей!» деген екен. Елім деген ердің тілегі ақ қой қашанда. Көкірегі даңғыл дана би өзі тілегеніндей елінің «ақтабан шұбырындыға» ұшырағанын көрмей, бұ жарық дүниемен хош айтысты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет