АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет7/13
Дата27.12.2016
өлшемі2,14 Mb.
#6297
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

НҰРМҰХАММЕДҰЛЫ ЖАНҚОЖА

Нұрмұхаммедұлы Жанқожа (1771-1860) – қазақтың азаттығы жолында арыстандай алысқан атақты батырларының бірі. Шыққан тегі – Кіші жүздің Әлім тайпасының шекті аталып кеткен Жаманақ руынан. Атасы - Киікбай Әбілқайыр ханның батыры, әрі биі болған. Ал әжесі - Тәжі қалмақпен де, орыспен де шайқасып өткен, өлгенде де «табаным тіреп жатсын» деп аяғын Орынборға қаратып көмуді өсиет еткен атақты тама Есет батырдың жалғыз қызы екен. Жанқожа - осы Киікбай мен Тәжіден туған Нұрмұхаммедтің баласы. Ел ауызындағы деректерге қарағанда, Жанқожаның батырлық даңқы тым ерте шыққан. Сыр бойының Қылышбай ханы хиуалықтармен соғысқанда, қазақ батырлары Хиуаның Тықы деген батырын жекпе-жекте жеңе алмай іркіліп қалған бір тұста, 17 жасар Жанқожа өзі сұранып шығып, оны найзамен түйреп түсіреді. Осыдан бастап оның «батыр» атағы жалпақ елге жайылып кетеді. Жанқожа зорлық-зомбылықты білмеген, қара қылды қақ жарған әділ кісі болған. Біреудің біреуге жасаған қиянатын кеше алмаған. Біреудің азғыруына еріп, жазықсыз Бұхарбай батырдың ауылын шабам деп, тілін алмай кеткен інісі Жауқашарға « барғаныңнан оралма» деп бата беруі, артынан қаза тапқанда оның сүйегін ауылына әкелдірмей қоюы соның дәлеліндей. Оның бүкіл мағыналы өмірін Хиуа мен Қоқан бақыншыларына, орыс отаршыларына қарсы күреске арнауы да сол зорлық – зомбылыққа, қиянатқа төзе алмайтын қасиетіне негізделген елін, жерін сүйген алып жүректілігі де себеп болса керек. Ел аузында Жанқожа батырдың Созақ қамалын алмаққа келген қазақтың соңғы ханы – Кенесары қолымен бірігіп жасаған шабуылдары жөнінде біраз әңгіме сақталған. Батыр осы жолы әуелі өзінің жігіттерімен Созақ қамалына көмекке келе жатқан Қоқан әскерінің алдынан шығып, оларды талқандап, кері қуып жібереді. Содан кейін Созаққа қайта оралып, Кенесары қолымен тізе қосып, қамалды алысады. Қамалдың қақпасын бұзып, алдымен ішке кірген осы Жанқожа батырдың сарбаздары болыпты. Елін, жерін азат ету жолына бар өмірін арнап, сырт жаумен арыстандай айқасқан есіл ер қартайған шағында, ауыл сыртындағы төбенің басында намаз оқып, құдайға құлшылық етіп тұрған жерінде өз қандастарының қолынан қапылыста қаза табады.
ҚЫРБАСҰЛЫ ЖАУҒАШ

Қырбасұлы Жауғаш (1738-1787) – Абылай ханның белгілі мәмілегерлерінің бірі, атақты батыр, қолбасшы, өз дәуірінің көрнекті қайраткері. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Ботпай руынан. Қазіргі Алматы облысының жерінде туып, Жамбыл облысының жерін мекендеген. Оның ер-тұрманы, қару-жарағы қазіргі таңда Меркідегі өлкетану мұражайында тұр. Жауғаш та өз замандастары секілді, ерте есейіп, қолына ерте қару алған. Ол қырғыздың сарыбағыш руынан шыққан Есенқұл, Садыр деген батырлардың өз еліне жасаған зорлық – зомбылығына кектеніп, 19 жасында Арқаға Абылай ханды іздеп барады. Сонда жүріп Абылайдың сынынан өтеді. 21 жасынан бастап қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан тазарту жорықтарына қатысады. 1755 жылы ол Абылайханнан бата алып, Алатауға келіп, қырғыз елінің ру басылармен ортақ тіл табысып, солардың жасақтарымен бірігіп, Қорғаты мен Шу бойындағы, Меркі мен Кемін өзендері аралығындағы, Алатаудан Балқашқа дейінгі жерлерді қалмақтардан тазартып, оларды Ілеге дейін қуады. Хан тапсырмасын ойдағыдай орындап келгеннен кейін Жауғаш Абылай ханның қасында болып, талай шайқастарға қатысады. Осындай шайқастың бірінде Жауғаш бастаған сарбаздар жанқиярлық ерлік көрсетіп, жараланған Абылай ханды қан майданның ортасынан суырып алып шығады. Ол – бітімшіл мәмілегер. Қазақ хандығының 1756-1758 жылдардағы Қытаймен келісімге келуіне, 1770-1774 жылдардағы қырғыздармен қақтығысының нәтижелі аяқталуына ерекше еңбек сіңіреді. Абылай ханның арнайы шақыруымен Жауғаш жетпісінші жылдардың аяғында қайтадан Арқаға барады. Хан ордасын Түркістанға көшіргенде Тілеуберді, Бүрге батырлармен бірге соның қорғаушысы болады. Жауғаш қандай жағдай болса да сөзіне берік, досқа адал, әділ кісі болған. Өздерімен соғысқан дұшпаны Садырдың бір баласын ертедегі достығы үшін өлтіртпей, ханнан өтініп сұрап алуы соның айғағы. Оның досқа адалдығын Абылай хан да жоғары бағалайды. Жауғаш батыр 49 жасында өз ажалынан қайтыс болды. Халқы аяулы батырын арулап жуып, сүйегін Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қояды.

ӘЛІБЕКҰЛЫ СЫПАТАЙ

Әлібекұлы Сыпатай (1782-1867) - Қоқан басқыншыларына қарсы күресте аты шыққан батыр, ерлігі мен шешендігі, әділдігі мен ақылдылығы жадында сақталып қалған үлкен бедел иесі. Шыққан тегі – Дулат тайпасының Ботпай руынан. Әкесі Әлібек момын, етік тігіп, өрім өрумен аймағына аты атынлған адам екен. Бірақ балалары – Андас та, Сыпатай да намысқой, өр кеуделі жігіт болып өседі. Көз көрген қарттардан естігені бойынша Сыпатай батыр кескінін Кенен Әзірбаев: «зор денелі, құлағы сүйемдей, омырау жүні бір түп қамыстай, құлағына тұрған қырауды қамшысымен қағып түсіреді екен. Сөзге де шешен, тапқыр болыпты», - деп суреттейді. Тарихтан ХІХ ғасырдың басынан ортасына дейін Оңтүстік Қазақстан аумағының біраз жерін қоқандықтардың басып алғаны белгілі. Басқыншылардың елге көрсеткен зорлық-зомбылығын көріп өскен Сыпатай Қоқан хандығынан елін азат етуді өз өмірінің басты мұраты етеді. Атқа мініп, қол жинап, елге қырғидай тиіп, салық жинап жүрген Қоқан ханының жасауылдарын айдап шығады. Міне, осы кезде оның ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрініп, ерлік істерімен ел құрметіне бөленеді. Арқадан ығысқан Кенесары хан oңтүстікке келіп, Қоқан Хиуа хандығының бекіністеріне шабуыл жасағанын естіп, содан рухтанып атқа қонған ел азаматтарын бастап, Сыпатай да көтеріліске шығады. Кейін Кенесарыға барып қосылады, оның сенімді батырларының біріне айналады. Бірақ Кенесары қырғыздарға соғыс жасағанда, Сыпатай одан бөлініп, өз әскерін бастап кетіп қалады. Оның өзіндік себебі де бар еді. Жиырмадан жаңа аса берген албырт кездерінде өз елінің жуандары ағайынды екі батырды – Андас пен Сыпатайды сыйғызбай қуып жібергенде, олар көрші қырғыздарға барып паналаған болатын. Қырғыз ағайындар елін Қоқан басшыларынан қорғасқан екі батырға риза болып, өз ұлдарындай көріп, алдарына мал салып, үстеріне үй тігіп, қоныстығына жер береді. Қалың малын төлеп қыз әпереді. Қырғыздың солто тайпасының манабы Қанай Сыпатайдың екінші әкесіндей болып, үлкен қамқорлық көрсетеді. Өзін баласындай етіп өсірген елге Кенесары шабуыл жасамақ болғанда, не істерін білмеген ол қатты қиналады. Ақыры өздеріне адамгершілікпен соншалық жақсылық жасап, екінші отанына айналған елге шабуыл жасауға ұжданы жібермейді, әрі ата жұртының ежелгі көршісі бауырлас елмен қарым қатынасты бұзғысы келмейді. Кенесары көтерілісі жеңілгеннен кейін, Қоқан езгісінен елді құтқарудың жалғыз жолы – Ресей қарамағына өз еркімен ену деп түсінген ол орыстың патшасы Александр ІІ-ге хат жазады. Орта Азияны жаулап алу құлқының тесіп отырған патша өкіметі кідірмей, 1863 жылы Верный қаласындағы полковник Черняевқа Қоқан хандығына қарсы жорыққа дайындалуға бұйрық береді. Бұл жорыққа Сыпатайдың балалары қатысады. Орыс патшасы Сыпатайдың еңбегін жоғары бағалап, шен және бағалы сыйлықтар береді. Сыпатай - сексен бес жыл жасаған өмірінің саналы алпыс жылын күрес-тартыспен өткізіп, шапқыншылықты күнде ерлігін, бейбіт күнде мәмілегер әділдігін танытып, халқына қалтқысыз қызмет еткен ерлердің бірі.
БӨКЕЙҰЛЫ ЖӘҢГІР ХАН
Бөкейұлы Жәңгір хан (1801-1845) – Кіші жүздің Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Бөкей ордасының соңғы ханы, Әбілқайырдың шөбересі, Нұралының немересі. Оның шын аты Жиһангер.

Әкесі Бөкей Еділ мен Жайық арасындағы елін әуелі сұлтандық дәрежеде басқарады да, кейін орыстың қазақ хандықтарын бөлшектеп, әлсірете беру саясатына орай 1812 жылы хан атағын алады. Бірақ ол хандықтың қызығын көп көре алмай, 1815 жылы қайтыс болады. Хан тағы мұрагерлік жолмен Бөкейдің артында қалған үш баласының үлкені сыртта Астрахан губернотары Андреевскийдің үйінде оқып жүруіне байланысты, ол ер жетіп, оң солын жете танығанша билікті Бөкейдің інісі Шығай сұлтан қолға алады.

Еуропалық білім алып, орысша тәрбиеленіп, хандықты әкімшілік жағынан басқару тәсілдерін үйреніп келген жас жігіт 1823 жылдан бастап билік тізгінін өз қолына алғаннан кейін, патша өкіметінің саясатын бұлжытпай орындап, Батыс Қазақстанда жүзеге асырушы қуыршақ ханның бірі болады.

Жәңгір билік еткен кезде Еділ, Жайық өзендері мен Каспий теңізінің жағалауындағы жерлерді қазақ шаруаларының пайдалануына тиым салынады. Олардың бұл өңірлерге мал жаюға, балық аулауға қақылары болмайды. Бұған салықтың көбеюі мен бөлісінде шаруалар үлесінің кемуі келіп қосылды да, осының бәрі жиылып келіп, Бөкей ордасында Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған шаруалар көтерілісінің тууына әкеп соғады.

Жәңгір хан өзі билік құрып тұрған кезде елді отырықшылыққа көшіру, мектеп ашып балаларды оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Ол ашқан мектептен білім алған алғашқылардың бірі белгілі қазақ этнографы, Орыс география қоғамының қызметкер мүшесі Мұхаммед Салық Бабажанов бұл ретте: «…ханның ықпалымен және жанашырлығымен Ордадағылар білімнің қажеттілігін сезіне бастады. Шәкірттер мен мұғалімдерді ынталандыру үшін марқұм хан ақшасын да, өзінің ынтасы мен ордалықтарға оқу білімнің пайдасы жөнінде түсіндірмек болған ынтасын да аямады. Өзінің сарайында мектеп ашып, 60 адам ислам діні, орыс жазуы және тіл жөнінде дәріс алды. Бұл мектеп сарай маңында осы күнге дейін «Жәңгір мектебі» деп аталып келді. Ондағы 30 бала Орданың шаруашылық қаржысы есебінен білім алуда» деп жазады.

Жәңгір хан бойында жақсылығы мен жамандығы жарыса өріліп, атқарған ісінен орайына қарай осының екеуі де көрініс беріп тұратын күрделі тұлға. Жақсысын көріп, асқақтатып, аспанға шығармай, жаманын көріп, жатқа санап, жарға итермей, адамгершілікті биік парасаттылықпен тарихи бағасын берер кез енді келді деп білеміз. Қалайда Жәңгір ханның халқымыздың тарихында өзіндік орны бар екені ешқандай дау тудырмаса керек.

Жәңгір хан қайтыс болғаннан кейін Бөкей ордасындағы хан өкіметі жойылып, басқару жүйесі қайта құрылды.

ТАЙМАНҰЛЫ ИСАТАЙ
Тайманұлы Исатай (1791-1838) – 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы, халық батыры. Кіші жүз Байұлының Беріш руынан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Ел ісіне ерте араласқан Исатайдың кемелденуіне қайын ағасы Жабай Бегалиннің көп көмегі тиеді. Ол кісі орысша оқыған, әжептеуір сауаты бар адам болған, старшын қызметін атқарған. Ол өлгеннен кейін оның орнына Бөкей хан Жабайдың тәрбиесін көрген Исатайды старшын етіп тағайындап, оны Орынбор шекара комиссиясы бекітеді.

Күн санап ел арасында беделі асып бара жатқанын көре алмаған хан төңірегіндегілер оның беделін түсіру үшін түрлі жала жауып, ханға шағыстырып бағады. Соның салдарынан бас аяғы 4-5 жылдың ішінде бірінде старшын Өтеміс Құлманиязовты тонады деген, екіншісінде кісі өлтірді деген жаламен түрмеге қамалады. Оның алғашқысынан ақша беріп құтылса, екіншісінен Орынборға конвоймен айдалап бара жатқан жерінде, есебін тауып, қашып кетеді.

Бұл кезде Қазақ хандығының ішкі ісіне тікелей араласа бастаған Ресей отаршылары қазақтардың құнарлы жерлерін тартып алып, өздерін сыртқа қуады. Орал казак-орыстары Жайық бойын иемденіп алады. Мұндай қысымшылықты Исатай старшыны болып жүрген беріш руы да көреді.

Осы кезде Жәңгір ханның Жайық бойындағы руларды екіге бөліп, бірін қайын атасына, екіншісін жұртқа зорлық-зомбылығымен аты шыққан саудагер Қарауылқожаға басқартып қоюы жоқшылықтан ашынған шаруалардың ашу ызасын тудырды. Исатай ханнан Қарауылқожаның озбыр билігіне тиым салуын талап етеді. Оған жауап ретінде хан бес жүздей әскермен Қарауылқожаны аттандырып, оған Исатайды 200 жігітпен оған қарсы шығады. Бетпе бет келгенде Исатайдың батыр жігіттеріне шамасы келмейтінін біліп, Қарауылқожа кейін қайтады.

Осыдан кейін Каспий жағалауындағы халық Қарауылқожа мен Балқы биге бағынудан қашып, Исатай мен Махабеттің төңірегіне тұс тұстан келіп жинала бастайды. Мұның аяғы тарихтан белгілі 1836-37 жылдардағы Бөкей ордасындағы шаруалардың феодалдық қанау мен патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы көтерілісіне ұласады. Көтеріліске Исатай мен Махамбет басшылық жасайды. Көтеріліс бүкіл халықты қамтиды. 1837 жылдың қазан айында Исатай 2000 жауынгермен келіп, хан ордасын қоршап алады. Бірақ көтерілісшілерге қосылғанымен, ханнан қол үзгісі келмеген билердің ықпалымен Исатай орданы бірден басып алмай, хан мен орыс полковнигі Геккемен пайдасыз келіссөз жүргізіп уақытты өткізіп алады. Осы уақытта ханға көмекке жіберілген казак орыс отрядтары ордаға жетіп үлгіреді.

Қараша айында Тастөбе деген жерде шешуші шайқас болады. Қанша ерлікпен шайқасқанымен, көтерілісшілер орыстың отты қаруына төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырайды. Жазалаушылар көтерілісті аяусыз басады. Тұтқындарға 500-ден 2000- ға дейін дүре соғып, Сібірге айдайды.

Аман қалған жігіттермен Исатай Жайықтан өтіп кетеді. Хиуаға хан болам деп жүрген Қайыпқали сұлтанмен уақытша келісім жасап, Исатай 1838 жылы Баймұхаммед сұлтанның ордасына шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында шабуыл жасайды. Осы шайқаста Исатай жау қоршауында қалып, қаза табады.



ҚАСЫМҰЛЫ КЕНЕСАРЫ ХАН
Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың әйелі қалмақтың Хочу мерген ноянның қызы Топыштан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады. Сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.

Кенесары көтерілісін жер жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды. Көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды.Оның үстінен патша үкіметінің алым салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, оларды Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланды.

Патша өкіметі кесіп алған жерлерді заңды иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп жүзбасылар мен мыңбасыларды тағайындады. Әскер тәртібін бұзғандар қатал жазаланды.



Кенесарының сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болатын. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өз жағына тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұқар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өздеріне қажетті қару жарақ, оқ дәрі алып тұрады.


ҚОҢЫРБАЙҰЛЫ АҒЫБАЙ

Қоңырбайұлы Ағыбай (1802-1885) – қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі батыр, қолбасшы. Қазақ ханы Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы жүргізілген көтеріліс басшыларының бірі. Туып өскен жері Қарағанды облысындағы Балқаш, Бетпақдала алабымен жапсарласып жатқан Арқаның Қызылтау, Ортау, Ақтау, Ұлытау деп аталатын сілемді таулары. Топырақ бұйырған жері - Ағадыр елді мекенінің оңтүстігінде 80-90 шақырымдай жерде ағып жатқан Қаратал өзенінің бойы, Тайатқан, Шұнақ тауларының алқабы. Ағыбай батырдың шыққан тегі Орта жүз Арғын, оның ішінде Шұбыртпалы руынан өрбиді. Нағашы жұрты Орта жүздің ноқтағасы Тарақты елі. Абылай ханның сенімді серігі, әрі ту ұстаушы батыры Наймантайұлы Байғозының Қойсана есімді қызы Ағыбай батырдың анасы. Тарихтан белгілі Абылайханнан тараған ұрпақтың ішінде Қарақалпақ қызы Сайман ханымнан туған Уәлихан бастаған балалары амалсыздан Ресей отаршылдығына мойын ұсынды да қалмақ қызы Топыш ханымнан туған Қасым бастаған балалары Ресей отаршылдарына қарсы бітіспес күрес жүргізіп өтті. Қасым сұлтан өз тұсында Көкшетау өңірінде орыс әскерінен қысым көріп, Арқаның бетпақ даламен жапсарлас өңірін қоныс ететін Қаракесек, Шұбыртпалы, Тарақты руларының жеріне ығысуға мәжбүр болған. Ағыбай батырдың да азаттық күресіне ертерек араласуы осы Қасым сұлтанмен, оның баласы Кенесары ханмен етене аралас, мүдделес болуынан басталады. Ресей империясының отаршылдың саясатына қарсы 1824 жылы Қарқаралы аймағында болған көтеріліске белсене қатысқан ағыбай алғаш рет ерлік-батырлығымен, тапқырлық-табандылығымен көзге түседі. Мұнан екйін де 1826, 1827, 1829, 1832 жылдары Ресей әскерімен болған қақтығыстарда Ағыбай батыр өзін ел үшін белін бекем буған қаһарман батыр, қабырғалы қолбасшы ретінде танытады. Ресей отаршылдығына қарсы Орта Азиядағы түркі тілдес халықтармен бірігіп, күрес жүргізу мақсатымен елшілік келісімдерге қатысады. Қасым сұлтан ташкенттік Бегдербектің қолынан қаза тапқан соң, Шу бойындағы Бесқұлан деген жерде Ағыбай бастаған қазақ қосындары өзбек әскерлерін тас талқан етіп жеңіп, Түркістан аймағын өзбек ықпалынан сейілтеді. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт азаттық соғысы қарқын алған кезде, 1837 жылы Айыртаудың етегінде Кенесарыны Орта жүзге хан етіп көтергенде, Ағыбай батыр да бір ауыздан бас сардар әскер басы болып тағайындалады. Кенесары ханның тікелей басшылығымен Ағыбай батыр бастаған қазақ қосындары Ресей империясының Қазақстандағы тірек орталықтары Қарқаралы, Ақмола, Ақтау, Екатеринбург бекіністеріне шабуыл жасап, орыс әскерлеріне Ырғыз, Тобыл бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында талай рет ойсырата соққы береді. Кенесары хан бастап, 1847 жылы Кекілік тауында қырғыздармен болған қанды шайқаста Ағыбайдың қолы шепті бұзып шығады. Осы шайқаста Кенесары өлген соң да Ағыбай батыр Ресей өктемдігіне қарсы күресін тоқтатпайды. Ресей үкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуыл ұйымдастырып, кейін Сыздық төре бастаған отаршылдыққа қарсы бағытталған қозғалысқа қосылады. Салт атты әскери тактиға жүйрік Ағыбай батырды замандастары «Ақжолтай батыр» деп атап, оның есімін ұранға қосқан. Ағыбай қартайып бойынан қуат қайтқан шағында ауыл елін егіншілікке, балықшылыққа жұмылдырып, бас көз болған. Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін барлық өмірін арнаған Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің еңбектеріне арқау болған.
ӨТЕМІСҰЛЫ МАХАМБЕТ
Өтемісұлы Махамбет (1804-1846) – қазақтың әйгілі ақыны, күйші композиторы, отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов бастаған көтерілісті (1836-1837) ұйымдастырушылардың бірі, осы көтерілістің жалынды жыршысы. Туып өскен жері Ішкі Бөкей ордасының Бекетай деп аталатын өңірі. Бұл қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер. Шежіре дерегі бойынша он екі ата Байұлының бір бұтағы Беріш ішінде Нәдір деген кісіден Мәлі (кейбір деректе Құлмәлі, Құлманияз деп айтылады) туады. Мәлінің қазақ әйелінен Өтеміс пен Шыбынтай, қалмақ әйелінен Қобылай туған. Өтемістен он ұл, Шыбынтайдан төрт ұл, Қобылайдан үш ұл туып, Мәлі ұлдың өзінен он жеті немере сүйген адам. Бұл әулет Тайсойған құмындағы іргелі ауылдардың бірі.

Махамбет өзінің барша болмыс қасиеттерімен көшпелілер арасындағы көсем тұлғалардың бірі. Ол өзі туып өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет сияқты біртуар тұлғаларының өлмес мұраларын көкірегіне тоқып өсті. Өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, қыр сырын жетік меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу, білімдар адам болған. Орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген. Мұны ол жазған хаттардан айқын аңғаруға болады.

Махамбет Ресей отаршылдығының барша ауырлық тауқыметін көзімен көріп, оның барша зорлық-зомбылығын басынан өткеріп, ғұмыр кешкен адам. Сондықтан да 1836 жылы әбден шыдамы таусылған халық теңіздей толқып көтерілгенде, осынау тегеурінді дүмпудің дем берушісі Махамбет болды. Ол Исатай батырмен бірге арыстандай ақырып, азаттық туын қолдаса көтеріп шықты. Азаттық үшін күрес Махамбеттің бүкіл өмірінің мазмұнына айналды. Ұлттың азаттығы мен халықтың әлеуметтік теңдігін Махамбет жеріне жеткізе жырлаған әйгілі ақын. Ол поэзияда қандай дара болса, күй өнерінде де сондай дара.

Махамбет көшпелілер өркениетінің осынау жарық дүниемен шарқырап тұрып қоштасқан соңғы үні. Жалына қол тигізбейтін көшпелілердің қыл сағағын тағдыр тұзағы қылқындырған сәтте асау рухы Махамбет болып тұяқ серпігендей. Қазақты ұлт ретінде даралап, тарих сахнасына шығарған көшпелілер мәдениетінің буырқанып келіп, жартасты соққан ақжал толқыны Махамбет тәрізді. Шыны да сол. Егер, қазақ халқының рухани үрдісін кең аяда тарихи құбылыс ретінде елестетер болсақ, онда Қорқыттан Асанқайғыға дейін, Асанқайғыдан Махамбетке дейін, Махамбеттен Абайға дейін, Абайдан бүгінге дейін деп төрт кезеңге бөлуге болар еді. Махамбет заманы көшпелілер рухының айының батып, күнінің тұтылған кезі. Сондықтан да, көшпелілер мәдениетіндегі эпикалық синкреттілік Махамбет болмысымен түйінделеді. Бұдан былай өнер қоғамдық құбылыстарды реттеушілік міндетінен айрылып, эстетикалық алданыш болуға көшкен. Махамбеттің әрі батыр, әрі көсем, әрі шешен, әрі жырау, әрі күйші болуында осындай тарихи әлеуметтік сұраным болған.



ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ АРЫНҒАЗЫ

Әбілғазизұлы Арынғазы (1785-1833) – алмағайып аласапыран заманда өмір сүріп, елдің тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін арыстандай арпалысып өткен көрнекті мемлекет қайраткері, көреген саясаткер, төре күйлерінің негізін салушылардың бірі болған дәулескер күйші-композитор. Арынғазы қазақ сахарасына әйгілі болған текті әулеттен. Шежіре тілімен айтқанда, қазақ халқының шаңырағын көтерген Әз Жәнібектің баласы Жәдік сұлтаннан өрбіген әйгілі Батыр сұлтанның шөбересі болып келеді. Батыр сұлтан, одан – Қайып, одан Әбілғазиз, одан – Арынғазы. Мемлекет қайраткері, саясаткер ретінде Арынғазы қос бүйірдегі көршілері Ресей мен Хиуаға тең саясат ұстанып, екеуінің де қорқау ниеттеріне тосқауыл болды. Әкесі Әбілғазиз 1815 жылы дүние салған соң, Арынғазы хан болып сайланғанда, Жанкент қаласында Шекті, Шөмекей, Жaғалбайлы, Төртқара, Жаппас руларының көсемдері оны ақ киізге отырғызып көтеріп, төбесінен алтын мен күміс теңгелер құйған. Ал, Бұқар әмірі Арынғазының таққа отыру құрметіне арнайы хандық мөр құйдырып, алтын оқалы шапан пен арғымақ ат тарту еткен. Тек, Ресей патшасы ғана, Абылайды, Батырды, Қайыпты хан деп мойындамағаны сияқты, аққаптал саясат ұстанып, Арынғазыны хан ретінде мойындамайды. Арынғазы хан тағында болған кезеңде ел ішінің береке-бірлігіне айрықша көңіл бөлген. Ол ел басқару ісінде ақыл-парасаты кемел ру басыларына сүйеніп, қазылар сотын құру арқылы қол астындағы халықтың жарастықты өмір сүруіне жағдай жасады. Халық тынышын алған отыз баукеспе барымташыны өлім жазасына кескізуі Арынғазының ел мүддесі үшін бәріне де дайын болғанын көрсетеді. Арынғазы хандық құрған кезде ру аралық дау-шар тиылып, көрші елдермен сауда-саттық жанданды. Әсіресе, Ресейдің Орта Азия елдерімен арадағы сауда жолдарының қауіпсіздігіне Арынғазы өз тарапынан кепілдік беріп отырады. Бұл ретте ол хиуалықтардың арандату әрекеттеріне тойтарыс беріп, қанды қақтығыстарға да барып отырды. Мұндай саясатқа іш тартқан Ресей өкіметі Арынғазыны Кіші жүздің хандық кеңесінің төрағалығына сайлап, гаухар тас орнатылған алтын медальмен марапаттайды, 500 рубль көлемінде жалақы тағайындайды. Ел ішіне жарастықты ахуал орнатқаны үшін халық оны «Тыным хан» деп атады. Ол Кіші жүз бен Орта жүздің ықпалды адамдарымен ақыл тоғыстырып, дербес хандық құру жөнінде тегеурінді қимылдарға мұрындық бола білді. Алайда, Арынғазының ел ішіндегі беделі мен ұстанған бағыты Ресей өкіметіне секем алдырады. Орынбордың әскери губернаторы генерал-лейтенат П.К. Эссеннің дем беруімен 1821 жылы Арынғазы Кіші жүздің хандық билігін иемденіп қайту ниетімен Санкт-Петербургке аттанады. Көктен тілегенін жерден бергендей, Ресей саясатының қанды шеңгелі Арынғазыны қайтып уысынан шығармайды. Ол 1823 жылы Калугаға жер аударылып, 1833 жылы Шоқан Уәлиханов, Мұхамбет-Салық Бабажанов сияқты, белгісіз жағдайда, белгісіз себептен дүниеге салады. Елім деп еңіреп өткен есіл ердің сүйегі күні бүгінге дейін Калуга топырағында. Жомарт табиғат Арынғазының бойына атты адам түсіп, жаяу адам жатып қарайтындай ғажайып қасиеттер дарытқан. Қатарынан иығы асып тұратын сұңғақ бой, көрген жанның көзін қарықтыратын сұлу пішін, аттылы жаяуға бірдей жауынгерлік шалым, құралайды көзге ататын мергендік, найзағадай шапшаң қылышкерлік…. Осының бәріне қоса Тәңірі оған халқы үшін жанын ойланбай құрбан ететін асқақ рух, сахара сарбаздарына тән мәрт мінез, жомарт пейіл, сұлулыққа іңкәр нәзік сезім, сол сезімді биік өнер тілінде сыртқа шығара алатын бұл дарын берген. Арабша, шағатайша, орысша сауаты кемел болған. Оның беліне таққан қылыш үшін Санкт Петербургтің сайып қыран офицерлері ойланбастан Ресейдің 6 мың рублін ұсынған.
Арынғазы сахараның сағағынан үзілген төрт аруына үйленген. Алғаш жар еткен Балым ханым Арынғазының артынан Калугаға іздеп барған. Ал, Мәдина сұлу Арынғазымен Калугада бірге болған. Арынғазы қайтқан соң Мәдина Москвада тұрақтап қалады да, одан туған ұрпақ тағдырдың жазуымен орыстанып кетті. Арынғазыны көрген замандастары ол туралы небір таңданыс-сүйсініске толы деректер қалдырған. Бұхар әмірі оның парасат болмысына сүйсініп «мұсылмандар әмәрә» деп атаған. Барон Е.К.Мейендорф ол туралы: «Арынғазының бар болмысы, оның арман-аңсары, оның әрекет тірлігі, оны қатардағы пенде атаулыдан анағұрлым асқақтатып көрсетеді», - деп жазды. Ал, Ресей елшісі А.Б.Негри былай деді: «Бұл сұлтанның тал бойындағы ар-имандылық пен қайраткерлік, ақ ниеттілік пен ержүректік біте қайнасқан». Ресей тарихшылары Арынғазыны бір ауыздан: «қазақ сұлтандарының ішіндегі халқын шын сүйген жалғыз адам, ары кіршіксіз таза адам» деп бағалады. Арынғазының ерекше жаралған болмыс-бітіміндей болып, оның сұлулық пен азаттыққа іңкәр асқақ рухындай болып артында «Арынғазы» күйі қалды. Ол күй аманат-өсиетіндей болып қазақ халқымен мәңгі бірге жасайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет