ШЫҒАЙҰЛЫ ДӘУЛЕТКЕРЕЙ
Шығайұлы Дәулеткерей (1814-1887 ) - қазақтың әйгілі күйші композиторы, төре күйлерінің негізін қалыптастырушы. Бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, өзінің ата қонысынан топырақ бұйырған. Ата бабасы Өріс (Орыс) ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Бөкей хан өлген соң, Дәулеткерейдің әкесі Шығай сегіз жылдай Бөкей ордасына хандық билігін жүргізген.
Дәулеткерей төре күйлерінің дәстүрін біржолата орнықтырып, төре тартысты тұтас бір мектеп ете алған адам. Сондықтан да болар, Дәулеткерейді академик А.Жұбанов «төре күйлерінің атасы» дейді.
Әрине, Дәулеткерей тақыр жерден өнген дарын емес. Ол өскен ортада күйшіліктің әбден қалыптасқан дәстүрі болған. Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші домбырашылар Орда төңірегіне құлақ түргізген дарын иелері еді. Дәулеткерей осы күйшілердің дәстүрін шабыт тұғыры еткен. Әсіресе, оның күйшілік өнерге елдік мазмұн дарытып, шабыт жанығандай күй кешуіне Құрманғазымен кездесуі себепші болады. Қос ұлы күйші іштей түсінісіп, жан жүректері жарасып, тіптен, бір-біріне күй арнайды.
Дәулеткерей бойындағы дарынның тек тамыры сөз болғанда өзі шыққан әулеттің өнерпаздық дәстүрін де айта кеткен жөн. Бөкей ордасындағы төре тұқымдарының арасында хандық билікті күйттеуден гөрі өнер мен ғылымға құлай берілгендері де аз болмаған. Дәулеткереймен немере болып келетін Мұхит бүкіл Кіші жүздегі ән мектебінің туын көкке шанышқан дарын.
Сондай ақ Арынғазы, Жантөре, Өрейжан сияқты өкше басар інілері де төңірегін күймен баураған өнерпаздар болған. Тіптен, бел баласы Салауаттың өзі сұлтандық билікті тәрік етіп, күйден көбірек жұбаныш тапқан. Дәулеткерейдің туған жиені Бөкейханов Науша бүкіл өмірін нағашысының күйлерін насихаттауға арнаса, екінші жиені, Орынбордың кадет корпусын бітірген дарынды түлек Бабажанов Салық бүкіл өмірін халықты билеуге емес, ғылым білімге арнаған.
Дәулеткерей алғаш рет жастық сезімнің қарлығашы сияқты «Ақжелең», «Қосалқа» сияқты күйлерін шығарған. Дарынды күйшінің жарқын сезімге, сұлу суреттерге бай өзіндік қолтаңбасы осы күйлерінің өзінен ақ айқын аңғарылады. Жастық шағында ұлы күйшінің жақсыға қызыққанын, жүйрікке құмартқанын, сұлуға сүйсінгенін, тіптен жастыққа жарасатын жалын сезімге бой алдырған сәттерінің аз болмағанын байқау қиын емес. Бұған оның «Қыз Ақжелең», «Қосалқа», «Ысқырма», «Желдірме», «Қоңыр», «Құдаша» сиқты күйлерінің тақырыб ғана айғақ емес, ең алдымен осы күйлердің жүрек тербер сазы, қалтқысыз сезімі, бозбаладй елпілдеген мінезі куә.
Дәулеткерей өзі туып, өскен ортадағы ел жұрттың тағдыр тіршілігіне ерте араласқан. Хан сұлтандықтың өз төңірегіне ғана түгін дүрдиткені болмаса, күні өтіп бара жатқан қаугөрік халін ерте түсінген. Орданың ғана емес, байтақ елдің тағдыры отаршылдықтың қыл тұзағына шырмалғанын ерте сезінген. Дәулеткерейдің ең бір драмалық шиеленіске толы үйлері осындай ахуалмен байланысты дүниеге келген. Ол «Тартыс», «Шолтақ», «Топан», «Жігер» сияқты күйлері арқылы өзі куә болған өмірдің қан сөлін сорғалатып көрсете отырып, сол өмірге суреткер ретінде өз үкімін айтқан. Әсіресе, «Жігер» үйінің жөні бөлек. «Жігер» Дәулеткерейдің ғана шыққан биігі емес, бүкіл қазақ күйлерінің асқар белі.
Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адамның көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол Дәулеткерейдің күйлері. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан.
ҚАЗАНҒАП ТӘТТІМБЕТ
Қазанғапұлы Тәттімбет (1815 - 1860) – қазақтың әйгілі күйші композиторы. Туып өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр бесікше бар. Бірінде Қазанғаптың өзі. Екіншісінде Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде Тәттімбет жатыр.
Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.
Тәттімбеттің туып өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңлы, Тарғылдың тауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Балқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр тіршілігімен біте қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.
Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс Сібір генерал губернаторы генерал майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: «Тәттімбет ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған» (ООМА, 3 қор, 3 тізім, 3902 іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр ІІ нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай- ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошқары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған. Оның өнеріне Біржан сал:
«Тәттімбет ардагерім, Арғын асқан,
Қырық түрлі күй айналған бармағына», - деп сүйсінеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап, тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.
Қазанғапұлы Тәттімбеттің «Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Бес төре», «Көкейкесті», «Қосбасар» сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.
АРОНҰЛЫ СҮЙІНБАЙ
Аронұлы Сүйінбай (1815 - 1898) – қазақтың әйгілі ақыны, айтыс өнерінің майталман жүйрігі. Туып өскен жері Алматы маңы, Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ елді мекені. Осы өңірден топырақ бұйырған. Шыққан тегі Ұлы жүз Шапырашты тайпасының ішіндегі Екей руы. Шежіре дерегі бойынша арғы атасы Күсеп дәулескер қобызшы болған. Күсептен Арон, одан Сүйінбай туған. Сүйінбайдан туған Малыбай, Бағыжан, Жетібай есімді балаларының ұрпағы өсіп өнген.
Сүйінбайдың ақындық дарының алтын бесігі халқының ежелден қалыптасқан өнерпаздық дәстүрі. Әсіресе, ел ішінің сөз өнерін әспеттеген ұлы дәстүріне жастайынан ерте ұштап, төңірегіне ерте танылады. Ел аузында айтылатын:
«Екейде елу бақсы, сексен ақын,
Жаратып мінеді екен ерттеп атын.
Қобызға домбырасы үнін қосып,
Гулейді жын қаққандай кешке жақын» деген өлең сол ортаның ән-күй мен өлең-жырды айрықша дәcтүр еткенін аңғартса, одан тағылым алып өскен Сүйінбайдың:
«Атыңнан айналайын Қызыр бабам,
Түсімде таңға жуық келді маған.
Білмеймін «өлең» деді, «көген» деді,
Сайрауық құстар келіп төнді маған» деуі, оның ақындық дарынының ерте оянғанын аңғартады.
Сүйінбайдың даңқын елге жайған, ауыздан-ауызға тараған шығармаларының бір шоғыры өз кезіндегі хан-қара, би-төре, бай-манаптарға, көз көрген замандастарына қарата айтылған өлеңдері. Бұл өлеңдері, ол бір жағынан елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, табанды да турашыл азаматтың тұлғасын танытып отырса, екінші жағынан айтар ойын ұрымтал образ, ұтқыр ой арқылы жеткізуге шебер ақынның тегеурінді қарымын танытады.
«Хан емессің, күйіксің,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе зорға сиыпсың,
Ұры қары залымның,
Жаныңа бәрін жиыпсың...
Дүниені жұтса тоймайтын,
Түпсіз жатқан ұйықсың,
Қадірің жоқ халыққа,
Аққан судай сұйықсың», дейді Сүйінбай.
Құнарлы сөз, кесек ой, келелі уәж оның поэзиясына, эпикалық қарым, көркемдік сипат дарытып отырады.
Сүйінбайдың, әсіресе, айтысқа түскенде қынынан суырылған қылыштай жарқылдап, өзінің туа біткен ақындық дарынмен қауышқандай әсерге бөлеп отырады. Оның Майлықожамен, Тезек төремен, Қатағанмен, Арыстанбекпен айтыстары нағыз шашасына шаң жуытпайтын жүйріктің айғағы. Сүйінбай поэзиясы арқылы қазақтың айтыс өнерінің өрісі анағұрлым ұзарып, биіктеді, тақырып аясы кеңейіп, әлеуметтене түсті.
Эпикалық қарымдағы ақын ретінде Сүйінбай халықтың әр түрлі жыр дастандарын таңды таңға ұрып айтып, «Манас», «Көрұғлы», «Рүстем Дастан», «Тотынама» сияқты туындыларды шығармашылықпен өзінше жырлаған.
Оның Сұраншы, Сауырық батырлар туралы циклді өлеңдері мен толғаулары нағыз эпик ақынның өресін танытатын өлмес мұра. Мұнда ежелгі эпосқа тән асқақ рух, алапат теңеулер қарша борап отырады. «Лашын құстай түйілген, ақ тұйғындай шүйілген» батыр тұлғасын, «отыз жылдай алысқан, қырық жылдай шабысқан» дұшпан бейнесін нағыз жыраулық тегеурінмен сипаттайды.
САҒЫРБАЙҰЫЛ ҚҰРМАНҒАЗЫ
Сағырбайұлы Құрманғазы (1823-1896) – қазақтың ұлы күйші-композиторы. Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны – Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер. Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты – Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары. Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған. Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған. Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты. Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет – ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы. Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.
УӘЛИХАНОВ ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ
Шоқан (Мұхаммед Қанафия) Уәлиханов Шыңғысұлы (1835 – 1865) – қазақтың ұлы ғалымы: ориенталист, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы, демократ.
Әжесі бала күнінде «Шоқаным» деп еркелетіп айтуымен, «Шоқан» аталып кеткен.
Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде туған. Әкесі Шыңғыс Уәлиханұлы сол жерде аға сұлтан болған. Өз атасы Уәли де хан болған. Арғы атасы қазақтың ұлы ханы Абылай, Шоқан оның шөбересі. Шоқанның балалық шағы Сырымбет тауының баурайында өткен.
«Жеті жұрттың тілін білуге тиісті» хан тұқымы болғандықтан, ауыл мектебінде оқып, арабша хат таныған Шоқан араб, шағатай тілдерін меңгереді. Бұдан кейін 1847-1853 жылдары оны әкесі сол кезде Сібірдегі ең таңдаулы оқу орны деп есептелінетін Омбы кадет корпусына береді. Онда әскери сабақтарға қоса жалпы және Ресей жағрафиясы мен тарихы, батыс, орыс әдебиеттері, философия, физика, математика негіздері, шетел тілдері жүрген.
Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді. Шоқанның корпуста бірге оқыған Г.Н. Потанин: « Өзінің орыс жолдастарын басып озып, Шоқан тез жетілді... Оған талайлар-ақ назар аударды. Ол сондай қабілетті еді және оқу орнына түспей тұрып-ақ сурет сала білетін», дейді.
Оған әсіресе орыс тілі мен әдебиеті оқытушысы Костылецкий мен тарих пәнінің оқытушысы Гонсевский күшті ықпал етті. Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Герцен, Белинский т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен Диккенс, Теккерей, Руссо шығармаларын, «Современник» журналын үзбей оқып, әлеуметтік өмірдің және әдебиет ағымының қай бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын, өз кезінің саналы азаматының бірі болған.
1852 жылы Костылецкийдің көмегімен Шоқан көрнекті шығыс зерттеушісі, Петербург университетінің профессоры И.Н. Березинмен танысады. Березин Шоқан жинаған қазақтың ауыз әдебиеті нұсқаларын, «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жырын алған, ал өз тарапынан Шоқанды ескі жазу ескерткіштерін зерттеу ісіне тартқан. Березиннің тапсырмасы бойынша Тоқтамыс ханның «Жарлығына» талдау жасайды. Бұл оның алғашқы ғылыми еңбегі еді. Жастығына қарамай, оның білімдарлығын, әсіресе, шығыс әдебиеті мен тарихын жақсы білетіндігін сол кездегі орыс ғалымдары да жоғары бағалап, мойындай бастаған болатын.
Кадет корпусын он сегіз жасында бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал губернаторының кеңсесінде қызметке қалдырылады. Бір жылдан кейін Батыс Сібір мен Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарын басқаратын генерал губернатор Гасфорттың адьютанты болып тағайындалады. Осы қызметті атқара жүріп, ол Орта Азия халықтарының тарихын, этнографиясы мен жағрафиясын зерттеуге белсене араласады.
1855 жылы Ұлы жүзді Қоқан хандығының ықпалынан шығарып, Ресейге қосу бағытында жұмыс істеу үшін ұйымдастырылған экспедицияға қатысып, Семей, Аягөз, Қапал арқылы Іле Алатауына дейін келеді. Жоңғар қақпасына, Алакөл, Тарбағатайға саяхат жасайды. Осы сапарында қазақ, қырғыз, ауыз әдебиетінің үлгілерін, тарихы мен этнографиясының материалдарын жинап алады. Қазақ халқының тарихы мен әдет-ғұрып, діни ұғымдары жайында материал жинап қайтады. Бұл материалдар негізінде кейін ол «Тәңірі (құдай)», «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» деген еңбектер жазады. Бұл еңбегін жоғары бағалаған генерал Г.Х.Гасфорт оны наградаға ұсынады, әскери лауазымы бір сатыға жоғарылап, поручик атағын алады.
1856 жылы М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, қырғыз елін жете зерттеп, Ыстық көл аймағының картасын жасасады. Қырғыздар мен Ұлы жүз қазақтарының тарихы, этнографиясы жайлы мәліметтер жинайды, ауыз әдебиетінің нұсқаларын жазып алады. Жазуы жоқ елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құрылған, күрделі эпостардың үлкен мәні барын түсінген Шоқан «Манас» үлгісінде көрсетті. «Манас», дейді Шоқан, қырғыздардың ескі мифтерінен, аңыздарынан ертегілерінен жиналып, бір адам Манастың төңірегіне топталған энциклопедия. Бұл жағынан, ол даланың «Илиадасы» тәрізді. Бұл аса зор эпопеяда қырғыз халқының өмірі, әдет-ғұрпы, жағрафиясы, діни дәрігерлік ұғымдары, шетелдермен қарым-қатынасы түгел қамтылған... Екінші эпос «Семетей» «Манастың» жалғасы. Бұл қырғыздың «Одиссеясы». Іле өзенінің басындағы Манас жорық жасады деген жерлерді барып көреді. Сібір мен Тянь-Шань аралығында көшіп жүрген қырғыздар Алатаудың автохонды ежелгі тұрғындары екені тарихта тұңғыш рет анықтап береді. Қырғыздардың көне тарихы жөнінде жазған географы К.Риттердің, А. Гумбольттің, шығыстанушы ғалымдар Шотт пен Клапроттың еңбектеріне сын айтады, Бұдан кейін Құлжа қаласында болып, Жоңғария тарихымен шұғылданады. 1857 жылы тағы да қырғыз елінде болады. Осы сапарларда жинаған материалдарды ол «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстық көл сапарының күнделіктері», «Қытай империясының батыс провинциясы және Құлжа қаласы» атты еңбектерін жазуға пайдаланады. Табиғатты және ел тұрмысын Шоқан жазушылық шеберлікпен суреттеген. Осыдан барып оны орыс достары «Қазақ тақырыбына жазатын орыс жазушысы» деп атаған. Тарих, география саласындаы даңқы Петербург ғалымдарына да жетіп, жиырмадан жаңа асқан жас Шоқанды Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды.
1858 – 1859 жылдары Шоқанның Қашғарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қашқария ол кезде Ресей тарапынан зерттелмеген өлке болатын. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы, әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген матераилдар жинайды. Қашқар сапарынан «Алты шахардың, яғни Қытайдың Нан лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы» атты еңбегі дүниеге келді. Бұл Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналып, сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германияда, Англияда жарияланады.
Шоқаннан қалған мұраның бірі бейнелеу өнеріндегі зерттеулері. Бұл еңбектер оның өнердің осы саласындағы қазақтың тұңғыш профессионал суретшісі болғанын дәлелдейді. Ол негізінен портрет, пейжаз және халықтың тұрмыс салтын бейнелеумен айналысқан. Одан 150 – дей сурет қалған.
Науқасы меңдегендіктен Петербургтен елге оралған Шоқан туған халқының екі жақты қанауда езілгенін көріп, 1862 жылғы сайлауда Атбасар округының аға сұлтаны болуға талпынады. «Елдестеріме пайдамды тигізу үшін аға сұлтан болғым келді. Оларды чиновниктен, қазақ байларынан қорғамақ болдым. Сондағы ең алдымен көздегенім өз басымның мысалы арқылы жерлестеріме оқыған аға сұлтанның пайдалы екенін көрсету еді» деп жазады ол бұл туралы досы Достаевскийге. Бірақ ол бұл мақсатын орындай алмай, аға сұлтандыққа өте алмай қалады. 1864 жылы наурыз айында Шоқан генерал Черняевтің шақыруымен Әулиеатаға (қазіргі Тараз қаласы) келеді. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны Ресейге қосуды жақтаған ол Черняев отрядында біраз уақыт қызмет істейді. Бірақ патша генералының жергілікті халыққа жасаған зорлық-зомбылығын көріп, тез бөлініп кетеді. Содан Верный (қазіріг Алматы) қаласына келіп, одан әрі Тезек төренің аулына барып (бұрынғы Талдықорған облысы, Шоқан атындағы шаруашылық) тоқтайды. Сонда үйленіп, тұрып қалады.
Сөйтіп жүргенде ескі өкпе ауруы қайта қозып, Шоқан 1865 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Оның сүйегі Алтынемел тауының баурайындағы Көшен тоған деген жерге қойылады.
Шоқанның шығармаларын жинап бастыруда орыс ғалымдарының еңбегі аса зор. Орыстың жағрафиялық қоғамы басып шығарған Шоқан шығармаларына жазған алғы сөзінде академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов Шығыстану әлемінде құйрықты жұлдыздай жарық етіп шыға келгенде, орыстың Шығысты зерттеуші ғалымдары оны ерекше құбылыс деп түгел мойындап, түркі халқының тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді. Бірақ Шоқанның мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті!» деп жазды. Бірақ ол сол аз ғұмырында адам қабілетінің ғажайып мүмкіндіктерін, гуманизмнің биік өресін, ұлтжандылықтың жалтақсыз үлгісін, ғылыми қабілет пен алғырлықтың қайран қаларлық өнегесін барша болмысымен, нақтылы іс әрекетімен дәлелдеп үлгерді.
БАЙЖАНҰЛЫ ЖАЯУ МҰСА
Байжанұлы Жаяу Мұса (1835-1929) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туған жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жасыбай көлінің жағасы, Ақшоқы алқабы. Шыққан тегі – Орта жүз, Арғын ішіндегі Сүйіндік руы. Алғаш ауыл молласынан оқып, сауат ашады. Оң-солын тани келе өнер-білім қуып, Қызылжар, Омбы қалаларына келеді. Омбыдағы орыс мектебінде оқиды, қала өнерпаздарымен араласып, домбыра, сырнай, скрипка аспаптарын тартуды меңгереді, өзінің сезім-күйін әнге қосуға машықтанады, музыкалық әдеби кештерге араласады. Бойындағы өнерін жұрт алдында көрсете бастайды. Қалада өткерген жылдарында Жаяу Мұса сол кездің саяси-әлеуметтік өмірін тереңірек танып, туған елінің бодандықтағы мүшкіл халіне ой зерделетіп, санасы толысқан шағында елге оралады. Әрине, ел ішіндегі әлеуметтік әділетсіздіктер мен сыртқы өктемдікті жай ғана бақылаушы болып қана қалмайды, өзінің ұстанымын тиісті жерінде өнерімен де, іс-әрекетімен де көрсетіп отырады. «Ақ сиса» сияқты әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеген әндері ел ішіне тарай бастайды. Ақыры Жаяу Мұсаға «Патша саясатына наразы адам» деген айып тағылып, Тобылға жер аударылады. Тобыл түрмесінде ол генерал-губернаторға хат жазып, әскер қатарына сұранады. Мұсаның өтініші қабылданады. Осылайша, оның әскер қатарындағы әр қиырды шарлаған күрделі өмірі басталады. Тобыл, Орынбор, Қазан, Новгород, Москва, Владимир, Петербург қалаларында, Польша, Литва жерінде болады. Кейін Қоқан хандығының саясатына қарсы жұмсалған полковник М.Черняевтің әскерінің құрамында Алатау, Әулиеата, Шымкент жорығына қатысады. Осы жорықта Ресей әскерінің зорлықшыл әрекеттерін көзімен көрген Жаяу Мұса қатты налиды, ән-жырына қосады. Алыста жүріп, туған жерін сағынып «Сүйіндік» әнін шығарады. «Толғау», «Арап ұрыға», «Бозторғай», «Хаулау» әндеріне өмірден көрген сондай қиындық қиянаттар арқау болады. Өмірдің көп тауқыметін бастан өткеріп, еліне оралған Жаяу Мұса әлеуметтік-саяси теңсіздікке арналған әндер шығаруды одан әрі жалғастырады. Ақмола уезіне қарасты Құлбай деген байдың немере қызы Сапармен көңіл жарастырып, ұрпақ құрып, саясатшылықпен айналысады. Жаяу Мұса қазақтың ән өнерін мазмұн, түр жағынан байытып, шығармашылық жаңалықтар енгізіп, әуен сазын жаңа биіктерге көтерген аса дарынды композитор. Ол өз шығармаларында қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, өз заманының арман-аңсарын әнмен бедерлей білді. Оның әлеуметтік көзқарастары, азаматтық ұстанымдары сол кездің демократтық-ағартушылық озық идеяларымен астасып жатты. Жаяу Мұса әндерін күні бүгінге дейін халық сүйіп тыңдайды. Оның алуан нақышты асқақ әндері Қазақстан композиторларының көптеген шығармаларына арқау болған.
ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН
Алтынсарин Ыбырай (Ибраһим, 1841-1889) – қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Қостанай ауданы, Аққарағай. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі (1850). Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857-1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгіленеді. Ыбырайдың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырайға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868-1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876-1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәсіпшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырайдың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке - тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық - саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу орындары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.
ҚОРАМСАҰЛЫ АҚАН СЕРІ
Қорамсаұлы Ақан сері (Ақжігіт, 1843-1913) – қазақ халқының әйгілі әнші-композиторы, ақын. Туып-өскен жері - Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Үлкен Қоскөл маңы. Топырақ бұйырған жері Айыртау ауданындағы Бұлақ басы, Құлагер құдығы, Құлагердің ақ шарбағы деген жерлер. Шыққан тегі – Арғын ішіндегі Қарауыл руы. Әкесі Қорамса, шешесі Жаңыл қарапайым шаруа адамдары болған. Алғашқыда ауыл молдасынан сауат ашып, содан кейін Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) медресесінде оқыған (1856-1859). Мұнан кейін өз ауылына қайтып оралып, өнер жолына бір жола өмірін арнаған. Халық Ақаңның бойындағы қайталанбас биік өнерді жоғары бағалап, оның сұлу сырлы өлеңдерін сүйіп айтып, өнерге өмірін арнаған бекзаттығын қадірлеп, «Ақан сері» деп атаған. Ақан сері алғашқы әйелі Бәтимадан Ыбан (Ыбырайым) есімді бір перзент көрген. Бәтима өлген соң Ұрқия атты қызға үйленіп, онымен ұзақ отаспаған. Ақанның «Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия» деп басталатын өлеңі осы Ұрқияға арналған. Ақын өмірінде - өшпес із қалдырған адам – Ақтоқты сұлу. Ақтоқтыға үйленуді тағдыр Ақанға жазбаған. Ақанның «Ақ көйлек», «Аужар», « Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың» деп аталатын терең сырлы, ғажайып сезімге толы әндері осы Ақтоқтыға арналған. Сал-серілік дәстүрді барша сән-салтанатымен ұстанған Ақан сері жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазыны жан серігі еткен. Мұндай өмір салтын оның әншілік-ақындық шабытына тұғыр болып, «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Екі торы ат», «Алай көк», «Тер қатқан» сияқты тамаша әндердің дүниеге келуіне себепші болған. Сондай-қ, оның «Көкшетау», «Сырымбет», «Кербез сұлу» деп аталатын әндері туған жерге, өскен елге деген перзенттік махаббаттың жарқын айғағы.
Ақан сері өз кезінде Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілермен бастас болып, халықтың мәдени-рухани өміріне айрықша ықпал еткен.
Достарыңызбен бөлісу: |