Жаңа әлеуметтік –экономикалық жағдайда шағын комплектілі мектептің түйінді мәселелері және дамуы
Мектеп — әлеуметтік мәселелердің ішіндегі ең өзектісі. Ауыл мектебінің мәселелесі – қазақтың елдігінің мәселесі. Ауыл мектебінде – қазақ ұлтының болашағы, үміт артқан ертеңі, ата-ана, халық арманын арқалаған жас жеткіншек – ұрпағы оқып, тәрбиеленіп, өсіп жатыр.
Жер бетін мекен еткен адамзаттың бір бұтағы – бір халықтың қандай дара қасиетке ие болып, қандай бет-бейнемен көрінуі – сол халықтың мектебінің бет-бейнесіне, өзіндік ерекшеліктеріне тікелей байланысты.
Қазақтың кемел дарын, таңғажайып, талантты ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов “Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек” деген.
Бүгін таңда республикадағы ауыл мектебіне тән ерекшелік оның шағын комплектілі болуы. Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, қала халқының күрт өсуі, миграция, балалардың өмірге келуінің азаюы шағын комплектілі мектептердің санының өсуіне әкелді.
Республикадағы 8260 жалпы орта білім беретін мектептің 4229 (51,2 %)шағын комплектілі мектеп, оның 2156-ында оқу қазақ тілінде жүреді (50,9%). Ауылдық жерде орналасқан шағын комплектілі мектеп саны 4073, бұл жалпы ауылдық мектептің 96,3%. Оның 28,5% бастауыш, 24,2% негізгі, 47,3% орта шағын комплектілі мектеп. Сондай-ақ, қалалық шағын комплектілі мектеп саны 156 (3,7%).
Типіне қарай:
бастауыш шағын комплектілі мектеп – 1206 (1178-ауылдық, 28-қалалық),
негізгі – 1022 (1002-ауылдық, 20-қалалық),
орта – 2001 (1893-ауылдық, 108-қалалық).
Қазақстан Республикасы “Білім туралы” Заңында шағын комплектілі мектеп оқушыларының саны аз, біріктірілген сынып-комплектісі бар, оқу сабақтарын ұйымдастырудың ерекше формасы бар жалпы білім беретін мектеп деп көрсетіледі.
Республикада шағын комплектілі мектептің үш типі бар: бастауыш шағын комплектілі мектеп;
негізгі сатылы шағын комплектілі мектеп;
жоғары сатылы шағын комплектілі мектеп.
Олардың бәріне тән қасиеттер: тек біріктіріліген сынып-комплектінің болуы (бұл бастауыш шағын комплектілі мектепте басым);
тек бірікьтірілген сынып-комплектінің және бала саны аз жеке сыныптардың болуы;
тек бала саны аз жеке сыныптардың болуы (бұл негізгі және орта шағын комплектілі мектепте басым).
Шағын комплектілі мектеп – қоғамның талаптарына сай, білім алуда оқушылардың сұранысын қанағаттандыруды қамтамасыз ететін, Үкіметіміздің мектеп туралы нормативтік құжаттарымен анықталған қызметін атқаруды жүзеге асыратын жалпы білім беретін мектептің бір типі.
Шағын комплектілі мектептің қоғамның барлық даму кезеңінде және бүгінде білім беруді реформалау, білім берудің ұлттық үлгісін жүзеге асыру жағдайында өз үлесін қосып отырғанын мойындамау тарихқа жасалған қиянат болар еді.
Бұл мектептер шалғайдағы шағын ауылдық жерлерде адамдарды тұрақтандырудың басты кепілі болып табылады. Өйткені отбасының тұрмыс-тіршілігі мен балаларын оқытып тәрбиелеу үшін , мұндай мектептер барынша мүмкіндік жасауға ұмтылады. Осы орайда, қазіргі қиын жағдайларға қарамастан, бұл типтегі мектептерде оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруда кейбір қолайлы жағдайлар бар екендігін де естен шығармауымыз керек. Олар:
ауыл мектептерінде оқушының жеке басының психологиялық ерекшелігін зерттеп білуге жағдай мол. Әр оқушының үй жағдайы, ата-анасының тәрбие мәселесін қалай шешетіндігін, олардың кәсіби мамандықтарына дейін білуге мүмкіндік бар. Бұл жағдай оқушының дамуына әсер ететін факторларға көңіл аударып жоспарлауға мүмкіндік береді;
Оқушының тілек-талабы мен қызығушылығын қанағаттандыруға бағытталған сыныптан тыс жұмыстар және факультативтік сабақтар жүргізуге жағдай туады;
Оқу материалын толық меңгеру оқушылар үшін өте күрделі үрдістердің бірі. Білім беру кезінде оқушының жеке басының ерекшеліктерін нақтылы ескере отырып, оқу ісін жақсартуға арналған мүмкіндіктерді пайдалануға болады;
Шағын жинақталған мектептерде оқушылардың өз бетімен көбірек жұмыс істеуіне тура келеді. Бұл үрдістің ұтымды жақтарын пайдалана отырып, оқушылардың өздігінен бақылау жұмысын жүргізуге, қорытынды жасай білу дағдыларын байыта түсу мүмкіндіктерін үнемі есте ұстау керек. Үй тапсырмасын оқушының білім дәрежесі мен қабілетін ескере отырып даярландыру қажеттігін де естен шығармаған жөн;
Сыныпта оқушылардың аздығы, олардың әрқайсысының оқу материалын, білім сапасын, дағды біліктерін және танымдық белсенділіктерінің деңгейлерін үнемі бақылап отыруға уақыт жеткілікті;
Практикалық-лабораториялық және экскурсия сабақтарында оқушыларды түгелдей қамтып жұмыс жүргізуге сыныпта балалардың аздығы қолайлы жағдай туғызады;
Оқушыларды еңбекке баулу, еңбек дағдыларын беру, мамандық алуға үйретуде де шағын ауыл мектептерінің мүмкіндіктері мол. Өйткені олардың ата-аналары ауылдағы мамандық иелері. Ал, оқушылар болса жастайынан еңбекке араласады;
Шағын жинақталған ауыл мектептері оқушыларының бойына табиғатты қорғау, оны аялау, эстетикалық талғамын қалыптастыруда қоршаған орта арқылы табиғатқа деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуде де мүмкіндіктер бар.
Міне, осындай мүмкіндіктерді ескерсек, шағын комплектілі мектептің жұмысын жетілдіру, ондағы оқу-тәрбие процесінің сапасын арттыру – маңызды әлеуметтік-экономикалық және педагогикалық проблема. Өйткені еліміздегі білім беретін жалпы орта мектептің 1554324 оқушысының 379379-ы шағын комплектілі мектепте оқиды. Соған байланысты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1997 жылғы “Қазақстан Республикасындағы шағын комплектілі мектептің жұмысын ұйымдастыру” инструктивті-әдістемелік хатына сай шағын комплектілі мектептің негізгі көрсетікіші ретінде оқушылар саны алынған. Сондықтан 40 оқушыға дейін бастауыш, 100 оқушыға дейін негізгі, 280 оқушыға дейін орта шағын комплектілі мектеп болып есептелінеді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің №30025.02.2002 ж. қаулысына сай ауылдық жерде оқушы саны бес немесе одан көп болған жағдайда бастауыш, оқушы саны 41 немесе одан көп болғанда бастауыш және негізгі, оқушы саны 81 немесе одан көп болғанда орта шағын комплектілі мектеп ашылады.
1997-1998ж.ж.оңтайландыру нәтижесінде бастауыш шағын комплектілі мектеп саны қысқарды. Атап айтқанда, 1996ж. – 1362, 2000ж. – 1200 болды. Бірақ, соңғы жылдары шағын комплектілі мектептің даму динамикасының тұрақты өсуі байқалады. Оның айғағы оқушылар санының азаюынан толық комплектілі мектептерге көшті.