АҚселеу сейдімбеков елтұТҚа тұмар



бет11/13
Дата27.12.2016
өлшемі2,14 Mb.
#6297
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ҚАШАУБАЕВ ӘМІРЕ
Қашаубаев Әміре (1888-1934) - қазақтың атақты әншісі. Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа жанұясында туып өскен. Жастайынан әншілік өнерпаздығымен жұрт аузына ілігіп, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қалимен бірге бас жүлдеге ие болды. Мұнан кейін әншілік даңқы алысқа жайылып, 1925 жылы Парижде өткен Дүниежізілік көрмеде болған этнографиялық концерттерге қатысып, ерекше көзге түседі, қазақтың өресі биік әншілік өнеріне әлем тыңдаушыларының көзін жеткізеді.

Әміре 1925 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. Өмірінің соңына дейін театрда әнші артист болған. Әміре «Еңліk -Кебекте» Жапалдың, «Айман-Шолпанда» Жарастың рөлін ойнайды. Концерттік қойылымдарға жиі жиі шығып, халықтың ән-өнерін насихаттауға айрықша үлес қосады.

Әміренің әншілік өнері А.В.Луначарский, А.В.Затаевич, Г.Любимов сияқты өнердің парқын терең білетін мамандар тарапынан жоғары баға алған.

Қазақтың «Ағаш аяқ», «Үш дос», «Қос барабан», «Қызыл бидай», «Смет», «Жалғыз арша» сияқты классикалық әндері Әміре айтқан үлгі өнегемен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тауып келеді. Бұл ретте, Ж. Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, М.Ешекеев, Б.Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасар болғанын атап айтқан жөн.



АЙМАУЫТОВ ЖҮСІПБЕК
Аймауытов Жүсіпбек (1889-1931) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1907 жылдан бастап Баян ауылдағы орыс мектебінде, Керекудегі (Павлодар) қазыналық ауыл шаруашылық мектебінде, Керекудегі екі класты орыс қазақ мектебінде тиіп қашып оқиды. Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіреді (1914-1919). Мұнан соң алашордашылардың істеріне араласып, Семейде «Абай» журналын шығарысып, Қ.Сәтпаевпен, М.Әуезовпен танысады. Кейін Алашордадан бөлініп, Коммунистік партия қатарына өтеді (1919). Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысып, Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты комиссарының орынбасары болып тағайындалады (1920). Мұнан соң Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі (1921), «Қазақ тілі» газетінің редакторы, Қарқаралыда мектеп мұғалімі (1922-1924), Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі (1924-1926), Шымкент педагогикалық техникумының директоры (1926-1929) қызметтерін атқарады. 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған.

Жүсіпбектің қаламынан туған мол мұраны М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары жинастырып, ғылыми зердеден өткізіп, 1996-1999 жылдары бес том етіп жарыққа шығарды. Сөйтіп, қазақ оқырманы әйгілі суреткердің шығармаларымен арада 60 жылдан астам уақыт өткенде қайта табысты.

Жүсіпбек аз ғана ғұмырында әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек етіп, қүнарлы шығармалар қалдырған. Бес томдық шығармалар жинағында оның өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, «Рабиға», «Мансап қорлар», «Сылаң қыз», «Ел қорғаны», «Қанапия Шәрбану», « Шернияз» атты пьесалары, көптеген әңгімелері мен «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі, балаларға арналған ертектері, сын мақалалары мен аудармалары енген. Бұлардың сыртында «Комплекспен оқыту жолдары» атты мұғалімдерге арналған көмекші құрал, «Психология» оқулығы бар.

Жүсіпбек Аймауытов қаламынан туған мұралардың қай қайсысы да оның кесек дарын иесі екендігінің, гуманист суреткерлігінің, жалтақсыз ұлтжандылығының жарқын айғағы. Оның шығармалары өзі ғұмыр кешкен заманның, өзі араласқан қоғамның мұқтажын өтеуге оның ақ қарасын парықтауға арналған. Сөйте тұра көркемдік тегеуріннің қуаттылығы, идеялық ұстанымдарының соңылығы, сөз қолданудағы шеберлігі Жүсіпбек шығармаларының өміршеңдігіне кепіл болмақ.



ЖҰМАБАЕВ МАҒЖАН
Жұмабаев Мағжан Бекенұлы (1893-1938 ) – қазақ әдебиетінің көгіндегі ХХ ғасырдың басында жарқырай жанған жарық жұлдыздарының бірі, текті ақыны. Туған жері бұрынғы Ақмола губерниясының Ақмола уезіндегі Полуденовский болысы (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Булаев ауданы). Әкесі Бекен (Бекмағанбет) орта дәулетті, өзінің әділдігімен, адамгершілікті парасатымен ел арасында беделі жоғары адам болған. Соған орай оны бір сайлауда болыс етіп сайлаған көрінеді.

Ауыл мұғалімінен хат танып, сауат ашқан Мағжан 1905 жылы Қызылжардағы медресеге оқуға түсіп, оны жақсы үлгіріммен аяқтайды. Бірақ бұл оқу білсем, көрсем деп ілгері ұмтылған жас талапты онша қанағаттандырмайды. Ол оқу іздеп енді Уфаға аттанады. Сонда өзінің білім беру дәрежесінен Жоғары діни оқу орнымен пара пар Медресе Ғалияға оқуға түседі. Медреседе оқып жүргенде, осында оқытушы болып істейтін, татардың белгілі жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтың назарына ілігеді. Болашақ ақынның зор дарынын таныған Ғалымжан Мағжанды қамқорлығына алып, оған көп жәрдем көрсетеді. Соның көмегімен Қазан қаласында Мағжанның «Шолпан» атты тұңғыш жинағы жарық көреді, соның ақыл кеңесімен Омбыдағы мұғалімдер семинариясына түседі.

Жастайынан орысша оқып, орыс әдебиетінің мәдениетіне еркін жеткен Мағжан қазақ поэзиясына өзіндік ерекшелігімен, дарынды болмысымен келеді. Әуелде лапылдап тұрған сезімін, ынтыға үзіліп тұрған махаббатын жастық жалынымен, жандырып жіберердей леппен жеткізуге ұмтылған ол, енді бірте-бірте ой есейгендігін танытып, азаматтық лирикаға қарай ойысады. Мұнда да ол зарлы да өкінішті ой сезімдерін ерекше құдіретпен, шыңғырған жан даусының қуатымен жеткізіп, ішкі мұңы мен ашу кегін табиғи байланыстырып жібереді. Бұл кез оның қазақтың ардақ азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлынан дәріс алып, шығармашылықтың жаңа бір белесіне құлаш ұрған шағы еді. Ұстаздарының өнегесі ақын жанының тебіреніс толқынындағы айшықты өрнегімен көрініс береді. «Азамат! Анау қазақ ханым десең, Жұмақтың суын апар, жаным десең. Бомаса, ібіліс бол да у алып бар, Тоқтатам тұншықтырып қанын десең». Екінің бірі, басқа жол жоқ! Тасқыны қатты, тегеуріні берік ұлттық сезім селі ширатыла ширығып барып, екпінін баспаған күйі түрікшілдік арнасына құйылады. Халық өлеңдерінің мазмұнымен бірге оның ырғақ үйлесімін, ішкі рухын, әуезділік әсемдігін жанымен қабылдаған ақын кейде ән-күй ғана түсіндіре алатын сезімдерді сөзбен жеткізеді. Мағжанның ақындық ерекшелігі де, бәлкім, осы болар.

Қалай дегенде де, Мағжан өзіне дейінгіге де, кейінгіге де ұқсамайтын, өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Ол өмірді біртұтас құбылыс, көрініс ретінде, ал адамды сол ұлы табиғаттың, жаратылыстың бір туындысы, бөлшегі ретінде қабылдайды. Құбылыстың мәнін кең көлемде, жалпыға бірдей қалыпта тани білу үшін ол, алдымен, не нәрсенің болса да мән-мазмұнын бағдарлап, әрдайым жалпы адамзатқа тән әуенге бой ұрады, табиғаттың өз заңына ғана бағынатын құбылыстың ішкі астарына үңіледі. Дүниені философиялық тұрғыдан таниды.



Мағжан «Шолпан», «Сана» журналдары, «Ақ жол» газеті редакцияларында қызмет істеп жүргенде болсын, Москваның Жоғары әдебиет көркем өнер институтында оқып жүргенде болсын, үнемі ізденіс үстінде, шығармашылық өрлеу жолында болады. Білімі толысып, тәжірибесі молайып, кемелді шағына бет алған тарпаң дарынның тағдырына тұтқиылдан келіп араласқан Қызыл империяның қызылкөз жендеттері оның жолын кесіп, түрмеге қамайды. Сөйтіп 1929 жылдан бастап ақын қуғын-сүргінге ұшырайды. Әуелі жалған жабылған жаламен он жылға сотталады. Одан М.Горкий мен оның әйелі Е.Пешкованың араласуымен, 1936 жылы босатылады да, бір жылдан кейін «Халық жауы» деп қайта сотталып, келесі жылы наурыз айында ату жазасына кесіледі.


СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН

Сейфуллин Сәкен (Садуақас, 1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Туып өскен жері - Қарағанды облысының Шет ауданына (бұрынғы Жаңаарқа ауданына) қарасты Ортау кеңшарының Қарашілік қыстағы. Саяси репрессияның құрбаны болған. Нілдідегі орыс-қазақ және Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде (1905-1908), үш кластық қалалық (1913-1916) оқыған. Омбыда қазақ жастарының «Бірлік» қауымын, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын ашып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырған. Ақмола Совдепі президиумының мүшесі (1917). КОКП мүшесі (1918). Ақмола совдепшілермен бірге тұтқындалып (1919) Атаманның «азап вагонында» 47 күн азап шегіп, Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. Ақмола Атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі (1920). Қазақтың Кеңестік Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі (1920). «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1922). Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925). Халық ағарту комиссараты жанындағы Ғылым орталығының төрағасы, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясының (Қаз.АПП) басшысы (1925). БК(б)П Өлкелік комитеті партия тарихы бөлімінің меңгерушісі (1926). Қызылорда халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (1927). «Әдебиет майданы» журналының редакторы (1932). Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры (1934). Сәкеннің алғашқы өлеңдер жинағы «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы жарық көрді. Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық саяси ұстанымын бедерлі айғақтайтын туындылары - «Кел жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ «Советстан», «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары. Проза саласында «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық роман жазған. «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С.Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегінің мәні зор. Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді. Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.

БЕЙІМБЕТ МАЙЛИН

Майлин Бейімбет (Бимағамбет, 1894-1938) - қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып-өскен жері – Қостанай облысының Таран ауданы. Алғаш ауыл молдасынан оқып сауат ашқан. 1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда оқып білім алған. Алғашқыда мұғалімдік қызмет атқарған (1916-1919). Содан соң, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде қызмет істеп (1922-1923), Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінде шығарды (1925). 1925-1928 жылдары қайтадан «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет істеп, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясын (ҚазАПП) ұйымдастыруға қатысты (1928-1932). Мұнан кейінгі жылдарында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор қызметін атқарды. Саяси репрессияның құрбаны болды. Бейімбет поэзия, проза, драма саласында бірдей өнімді еңбек еткен қаламгер. Ол «Садақ» қолжазба журналында (1913), «Айқап» журналында (1914), «Қазақ» газетінде (1915) жарияланған алғашқы өлеңдеріне ден қояды. Сахара жұртының мұң мұқтажын, арман аңсарын, әсіресе азаттық теңдік тақырыбын тілге тиек етеді. Бейімбеттің поэзиялық шығармаларындағы Мырқымбай типтік кейіпкер деңгейіне көтерілген жиынтық бейне. Мырқымбай бейнесі арқылы Бейімбет сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік тынысын суреткерлік шыншылдықпен бедерлей алған. Бейімбет қазақ поэзиясында поэма жанрының өрісін ұзартып, өресін биіктетуге қомақты үлес қосқан. Оның «Байдың қызы», «Рәзия қызы», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Өтірікке бәйге», «Хан күйеуі» «Кемпірдің ертегісі», «Бөліс», «Мырқымбай» поэмалары тақырыбының әр алуандығымен, оқиғалық тартымдылығымен, өзіндік тіл стилімен қазақ поэзиясының көрнекті үлгілерінің бірі болып табылады. Бейімбет Майлин дарыны оның прозалық шығармаларында айрықша жарқырап көрінген. Әсіресе, қазақ прозасында әңгіме жанры Бейімбет шығармалары арқылы кемелдене түсті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер. Бейімбет он беске тарта повесть, бұған қоса «Азамат Азаматович» атты роман жазған қаламгер. Оның «Қызыл жалау», «Қоңсылар» атты романдары аяқталмай қалған. Мұның сыртында ол ірілі ұсақты 25 пьеса, либретто, сценарийлердің авторы. Бейімбет Майлин шығармалары қазақ әдебиетін барлық салада байытқан рухани асыл қазына ретінде халқымен мәңгі бірге жасайтын болады.
ЖАНСҮГІРОВ ІЛИЯС
Жансүгіров Ілияс (1894-1938) – қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Алматы облысының Ақсу ауданы. Алғаш рет Қарағаш ауылындағы мектепте оқып, жәдитше сауат ашқан. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп (1921), өз аулында мұғалім болады.Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалады (1922). Москвадағы Коммунистік журналистика институтына 1925 жылы түсіп, 1928 жылы бітірген соң «Еңбекші қазақ» газетіне қызметке алынады. Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы (1932-1934). ҚАК СР Орталық Атқару Комитетінің мүшесі (1933-1936). Саяси репрессияның құрбаны болды.

Ілиястың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Ол поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге келтірген құнарлы да тегеурінді қаламгер. Оның шығармаларына арқау болған тақырып өрістері де алуан түрлі. Поэзия, проза, драма салаларындағы шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы нақтылы өмір көріністерінен бастап, тарихи тақырыпқа дейін арқау болып отырады. Қандай тақырыпқа қалам тербесе де ел қамы, халық тағдыры, ұлттың болмыс қасиеті оның шығармаларының алтын арқауы.

Ақын ретінде Ілияс шығармаларының шоқтықты шыңы оның поэмалары. Оның қаламынан туған «Күй», «Дала», «Күйші», «Құлагер» сияқты он беске жуық көлемді поэмалары қазақ поэзиясының інжу маржаны болып табылады. Ол қазақ әдебиетінде поэма жанрын түр мен мазмұн жағынан анағұрлым байытып, халық болмысын асқақтатын рухты ситуацияларға ден қоя білді. Оның поэзиясында эпикалық серпін мен лирикалық сезім мінсіз тоғысып, ақынның дара қолтаңбасы айғақтап отырады.

Ілияс Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі «Жолдастар» романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.

Ілиястың драма саласындағы «Кек», «Түрксіб», «Исатай Махамбет» сияқты туындылары да қаламгер дарынына айғақ шығармалар. Ол әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. А.С.Пушкиннің көптеген өлеңдеріне қоса, «Евгений Онегин» романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай ақ, М.Ю.Лермонтовтың, А.М. Горькийдің, Н.А. Некрасовтың, В.В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударды.

Ілияс Жансүгіров қазақ сөз өнерінің поэтикасын кемелдендірген, көріктендірген қайталанбас дарын иесі. Оның шығармалары қазақ әдебиетін ұдайы көркемдіктің шырқау шыңына бастай беретін мәңгілік үлгі өнеге.




ТҰРАР РЫСҚҰЛҰЛЫ
Рысқұлұлы Тұрар (1894-1938) – мемлекет және қоғам қайраткері, Әулие-ата уезіндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің ұйымдастырушысы және басшысы. Әкесі Рысқұл Жылқайдарұлы шаруасы шағын, ауылдың еті тірі, есті жігіті болған. 1904 жылы патша үкіметінің зорлық зомбылығына қарсы шыққаны үшін он жылға сотталып, итжеккенге жер аударылады.

Әкесінің қылмысты болып, түрмеге қамалуы он жасар Тұрардың былайғы өмірінің сол кездегі өзі тұрғылас қазақтың ауыл балаларының тірлігінен бөлек, басқа арнаға ауысуына себепші болады. Паналар басқа жері жоқ жетім Тұрар қашан әкесі сотталып, жер аударылғанша түрмеде, соның қасында болып, бас бостандығы жоқтардың бақытсыз күндерін солармен бірге бастан кешіреді. Теңсіздіктің, әділетсіздіктің небір сорақы түрлерін көзімен көреді. Сонда жүріп, бала болса да, оқымай, білім алмай болмайтынына көз жеткізеді. Бірақ қанша ұмтылғанмен, ол кeзде жетім балаға білім алу оңай емес еді. Ол тек 1907 жылы ғана әкесін білетін жақсы адамдардың көмегімен, онда да ат-жөнін өзгертіп, «Қырғызбаев» деген фамилиямен, Әулие-атадағы бұратаналарға арналған орысша бастауыш мектепке оқуға енеді. Бұдан кейін ол Пішпектегі ауыл шаруашылығы мектебін бітіріп, Ташкенттегі мұғалімдер институтына түседі. Бірақ онда оқудың мүмкіндігі болмайды. Осы кезде Қазақстанның әр жерінде патшаның «Июнь жарлығына» қарсы бас көтерген халықтың наразылығы ұлт-азаттық көтерілісіне ұласып кеткен еді. Әулие-атадағы осындай көтеріліске белсене қатысқан Тұрарды патша үкіметі тұтқынға алады.

Ақпан төңкерісінен кейін ол қазақ жастарын революциялық жолға жұмылдырып, Қырғыз (қазақ) жастарының одағын ұйымдастырып, Әулиеата Кеңесімен тығыз байланыс жасайды. Кеңес өкіметі орнасымен Әулие-ата уездік Совдепі атқару комитетінің төрағасы болады. Бұдан кейін ол Түркістан республикасы Орталық Атқару комитетінің, РК (б) П Мұсылман бюросының төрағасы қызметін атқарады. Бір жыл Ұлт істері Халық комиссариатының Азербайжан республикасы бойынша өкілі болып, 1921 жылы РСФСР Ұлт істері Комиссариатына қызметке ауысады. Онда ол әуелі жәй қызметкер, алқа мүшесі, кейін халкомның екінші орынбасары болады.

Коминтерн Атқару Комитетінде Шығыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде жүргенде оны Моңғолияға уәкіл етіп жібереді. Сонда бір жылдай болып, Қазақстанға келеді. Мұнда ол БК (б)П Қазақ Өлкелік Комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметтерін атқарады. 1926 жылы оны Москваға шақырады. Онда ол қашан қамауға алынғанша РСФСР Халық Комиссиараты Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде болады.

Тұрар қоғамдық саяси қызметпен қатар теориялық мәселелермен де шұғылданған. Ол Орта Азия мен Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшылардың бірі әрі қалам қарымы мықты журналист ретінде де танылды. Оның қаламынан шыққан оннан астам кітап жарық көрді. Өмірдің өзекті мәселелеріне арнап жүзден астам проблемалық мақалалар жазды.

Осындай қыруар еңбек тындырып, халқының бақыты үшін аянбай тер төккен асыл азаматты отаршылдық озбыр саясат өз халқына жау етіп көрсетіп, тәжірибесі молайып, кемеліне келген шағында мерт етті. Бірақ халқы оның есімін ұмытқан жоқ. Қазір еліміздегі бірнеше қаланың көшесі, шаруашылықтар мен мектептер Тұрар Рысқұловтың есімімен аталады.




МҰХТАР ӘУЕЗОВ
Әуезов Мұхтар Омарханұлы (1897-1961) – қазақтың әйгілі жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының тұңғыш докторы, профессор, Қазақ КСР ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Туған жері бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы).

М.Әуезов үлкен өмірлік, шығармашылық жолдан өткен ұлы тұлға. Оның алғашқы жиырма жылғы жастық шағы өзінің сүйікті ақыны әрі рухани ұстазы болған Абайдың балалық, жастық, жігіттік кезеңін еске түсіреді. Кейін оның атақты эпопеясында жазғаны да сол дала, сондағы ауыл, сол қоғамдық орта. Атасы Әуез бен әжесі Дінасылдың тәрбиесінде болған бала Мұхтардың алғаш сауатын ашушы да атасы. Ол сол арқылы Абайдың өлеңдерін ауылдастырына оқып беретін дәрежеге жетеді. Бұдан кейін ол әуелі Семейдегі бес кластық орысша оқытатын училищені, содан соң сондағы мұғалімдік семинарияны тәмамдайды. Семинарияда жүріп өзінің тұңғыш шығармасы «Еңлік-Кебек» пьесасын жазады. Алашорда өкіметінің қызметіне белсене араласады. Алашорда таратылғаннан кейін бірыңғай білім жинауға бет бұрады. Бір қыс Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінде, төрт жыл Ленинград университетінде оқып, филология факультетін бітіреді. Сол жылы Орта Азия университетінің Шығыс факультетінің жанындағы аспирантурада оқиды.

Жазушы өзінің шығармашылық жолында талай жанрға, тақырыпқа із салып, қыруар, очерк, әңгіме, пьесалар жазған, тамаша аудармалар жасаған, әдеби сынға, әдебиет тарихын зерттеу жұмысына белсене ат салысып, көптеген мағыналы мақалалар жариялаған, баяндамалар жасаған, оқулықтар құраған, жоғары оқу орындарында дәріс беріп, теориялық білімін жетілдіріп отырған. Сөйте жүре, үлкен дарын өзінің шығармашылық асқарына апаратын Абай тақырыбына қалам тартады. Үлкен жұмыстың алғашқы қарлығашы болып «Татьянаның қырдағы әні» келеді өмірге. Бұдан кейін жазушы Абай образын кең аумақта алып, бірнеше жанрда бейнелеуге кіріседі. Сөйтіп, «Абай» трагедиясы туады. Бұл ұлы ақынның образын сахнада тұңғыш бейнелеген шығарма болатын.

Ұзақ зерттеп, кең тыныспен кіріскен «Абай жолы» романдарын Мұхтар он бес жылға жуық жазады. Жазушының өзі айтқандай, «Абай» және «Абай жолы» романдарын жазу жазушының шығармашылық өміріндегі сүйікті ісіне айналады. Абай жолы - халық жолы, халық жолы - Абай жолы. Осы бірлікті тарихи шындыққа сай асқан көркемдік шеберлікпен көрсету Мұхтар Әуезовтың шығармашылық жеңісі еді. Сол жеңісіне сай ол туған халқының құрметіне бөленді, өз заманының ең жоғары сыйлықтары КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Лениндік сыйлықты иеленді.

1961 жылы қайтыс болғаннан кейін Республика Үкіметі қаулы алып, ұлы жазушының есімін мәңгі есте қалдыру мақсатымен Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.

ҚАНЫШ СӘТБАЕВ
Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).

Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да; мәдениет саласында да; тарихтан да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрылысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін енгізді.

Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен бірнеше жылдар бойы жүргізілген тынымсыз еңбектің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.

Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және маранец, Қаратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды.

Ол геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі; бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты; СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кенметаллургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (Сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет