Асхат әлімов интербелсенді әдістерді жоғАРҒы оқу орындарында қолдану оқу құралы Алматы



бет17/21
Дата13.11.2019
өлшемі1,85 Mb.
#51724
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21
Байланысты:
АСХАТ ӘЛІМОВ


Жигсо – көлемді мәліметтер мен мағлұматтарды студенттердің өздігімен игеруге және бірін-бірі оқытуға бағытталған тиімді тәсіл.

«Жигсо» деп ХХ-ғасырдың елуінші жылдары балаларға арналып шыққан құрастырмалы (конструкторлық) ойыншықты атаған: әр бөлігін өз орнына қойғанда ғана ойыншық бүтін болып шыққан. Бұл тәсілдің басқаша да атауларын кездестіру ықтимал. Мәселен Ресейде шығатын әдістемелік және дидактикалық әдебиетте оны «Зигзаг», «Ажурная пила», «Мозаика» деп те атайды.



Бұл тәсілдің орындалу тәртібі (алгоритмі) келесідей.

1) Студенттер көлемді мәтінді әрқайсысы жеке-жеке шағын топ («бастапқы топ») ішінде оқып шығуы керек.

2) Содан кейін топтар құрамы өзгертіліп, құрамында әр бастапқы топтан бір студент бар жаңа топтар («сарапшылар тобы») құрылады.

Сарапшылар тобында студенттер мәтіннің белгілі бір бөлігін ғана жан-жақты талқылайды. Бұл жерде олар тақырыптың мазмұнын бірлесе игеру (қиын жерлерін талқылап, бір-біріне түсіндіру арқылы) жұмысымен ғана айналыспай, бастапқы топтарына оралғанда басқаларды мәтіннің өз бөліміне қалай үйретуге болатындығын ортаға салады. Осы кезде студенттердің өздерін ұстаз рөлінде сезінуі керек.

Енді олардың осы бөлік бойынша білімі басқалармен салыстырғанда анағұрлым жоғары болғандықтан, олар аталмыш бөлімнің «сарапшысы» атанады.

3) Осыдан кейін сарапшылар бастапқы топтарына қайта оралып, өзге студенттерді кезекпен (алдымен №1-ден бастап, әрі қарай жалғастыра) өз бөлімдеріне үйретеді.


Бастапқы топтар Сарапшылар топтары Бастапқы топтар

(құрамында №1, → (құрамында тек № 1 → (құрамында №1,

2, №3, №4 студенттер бар) №2, №3, №4



студенттер бар) студенттер бар)
(Бұл тәсіл R.Slavin. Cooperative Learning. Baltimore, 1991. келтірілген).
3. Түсінікті дамыту немесе Ой-толғаныс

кезеңінде қолданатын тәсілдер


Бұл кезеңде оқытушы студенттердің жаңа мағлұмат бойынша ойланып, ол жөнінде өзара пікір алмасу мен талқылауды ұйымдастырады. Студенттер осы сабақта білгендері мен үйренгенін тұжырымдайды, олардың қолданысы туралы пікірлесіп, проблема шешуде қолданады.

Бұл кезеңде студент «Не білдім/үйрендім?», «Бұл не үшін керек?», «Оның қолданысы қандай?», «Бұл білімді ары қарай қалай дамытамын/ жалғастырамын?», «Тағы да не білгім келеді?» бағалау деген сұрақтарына жауап беруі керек.


Эссе – студенттің сабақта қарастырылған тақырып жөнінде өз ойлары мен түсініктерін, идеялары мен пайымдауларын келтіретін бағалау тәсілі.

Әдетте сабақта эссе 5-10 минуттік уақыт аралығында жазылады. Бұл алайда эссенің шағын көлемді жұмыс екендігін аңғартпайды: бірнеше беттен тұратын көлемді эссе үй тапсырмасы немесе өздік жұмысының үлгісі ретінде берілуі де ықтимал.

Эсседе бірінші мезетте студенттің өзіндік «Мені» көрініп тұруы керек. Эссе арқылы оқытушы студенттің ойлау деңгейі мен сабақта қалай жұмыс жасағандығын бағалайды.

Эссе – ағымдағы бақылаудың тиімді тәсілі. Ол студенттердің әр сабақта болған-болмағандығын тексерусіз айқындайтын құрал (сабақтың аяғында студент эссені жазып, оқытушыға тапсырса ғана сабақта болды деп есептелінеді), студенттердің сабаққа белсенді түрде қатыстырудың тиімді құралы (басқа жағдайда студенттің сабақта талқыланған тақырып пен проблема бойынша өз ойларын эсседе келтіруі екіталай).

Эссені төменде көрсетілгендей түрлендіруге де болады.
Эссенің модификациялары
1) Көршінің сұрағына жауап.

Сабақ аяғында студенттер параққа бір сұрақ жазып, парақты оң жағында отырған серігіне береді, бұл сұраққа жазбаша жауапты серігі береді. Жазып болған соң, студенттердің өз сұрақтары мен жауаптарын жұптасып талқылағаны тиімді.



2) Сұрақтан басталып, сұрақпен аяқталатын эссе.

Эссе студенттің тақырып бойынша бір сұрағымен басталып, басқа сұрағымен аяқталуы мүмкін. Бұл жерде сұрақтардың адресаттары сан-алуан болу мүмкіндігін ескертіп кеткен жөн: сұрақтарды өзіңе, көршіңе, бүкіл аудиторияға, жеке адамға, оқытушыға, авторға, т.б. қоюға болады. Сұрақтар тіпті ешкімге де бағышталмауы мүмкін (риторикалық сұрақтар).



3) «Үшбу хат».

Эссенің сабақта қарастырған шығарма (идея, теорема, формула, кітап, т.б.) авторына хат формасында жазылуы да орынды. Хатты бүгінгі сабақ тақырыбы төңірегінде оқытушыға немесе аудиториядағы басқа бір студентке де жазуға болады.


Дөңгелек үстел – шағын топ ішінде (5-6 адам) студенттердің қарастырылып отырған тақырып (сұрақ, проблема, мәселе, идея, тұжырым, т.б.) бойынша белгіленген уақыт аумағында (3-4 минут) өз ойларын ортаға салу тәсілі (сөз сөйлеу кезекпен сағат тілі бойынша да атқарылуы мүмкін). Бұл әдіс тәжірибемен алмасу және практикалық әрекеттердің жетістіктері мен қателерін талқылау отырысы (кеңесі) іспеттес.

Әдетте дөңгелек үстел талқыланатын мәселе ауқымында іс-тәжірибесі бар студенттердің қатысуымен өткізіледі, өйткені мұнда жедел шешімді талап ететін өзекті мәселелер қарастырылады. Ал мұндай жұмыс студенттерден өз көзқарастарын жан-жақты нақтылап, дәлелді түрде келтіре білуді қажет етеді. Өз ұстанымдарын келтіру және қорғау арқылы студенттер тақырып мазмұны мен оның негізгі мәселелерін игереді. Дөңгелек үстелді жүргізуші ретінде оқытушы студенттерге оның тақырыбы мен негізгі қарастырылатын сұрақтарын алдын-ала таратып береді. Дайындық барысында студенттерге келесідей теориялық және анықтамалық материалдардың тізімін ұсынған жөн:

- Конституция мен басқа заңдардың көшірмелері;

- мемлекет басшыларының сөздері мен үндеулері;

- статистикалық көрсеткіштер;

- әдебиет тізімі немесе қажетті мәлімет сақталған беттерінің ксерокөшірмелері;

- Интернет сайттарының тізімі.

Дөңгелек үстелде келесі ережелерді ұстанған жөн:



  • біреудің сөзін бөлуге болмайды;

  • басқаның пікірін сыйлау керек: келіспегенімізді сөз, мимика, ишарат, интонация арқылы білдіруге болмайды;

  • берілген уақыт шеңберінен аспау керек;

  • сұрақтар туындайтын болса, оларды дөңгелек үстел аяғында ғана қоюға болады.

Дөңгелек үстелде сөз бір студентке бірнеше рет айналып келуі мүмкін. Келесі сөйлегенде студенттер алдындағы ойларын қайталамай, оларды ары қарай жалғастыруы және басқалардың пікірін де ескері отыруы қажет.

Дөңгелек үстел жазбаша да өтуі ықтимал. Ондай жағдайда студенттер (мәселен семинар немесе практикалық сабақтарда) парақтарына өз ойлары мен идеяларын белгіленген уақыт аумағында (2-3 минут) жазып, уақыт аяқталған соң оң жағындағы көршілеріне парағын ысырады. Көршілері алдыңғы жолдасының жазғанымен танысып, сол ойларды ары қарай жалғастырады. Белгіленген уақыт өте парақтар тағы да оңға қарай жылжытылады да жазуды толықтыру әрі қарай жалғаса береді. Жазба жұмысы парақтың жазу иесіне қайтып оралғанша жалғаса береді. Бүкіл үстелді айналып өткен парақ қолына тигенде, парақ иесі жазғандардың бәрімен де танысып шығып, қорытынды тұжырым жазады.

Жазбаша өткізілген дөңгелек үстелде барлық студенттер бір мезгілде жұмыс жасайды, олар бір-бірінің жазғанына тәуелді болады, сондықтан да бір-бірінің алдындағы жауапкершілікті сезінеді: егерде ол еш нәрсе жазбайтын болса, өз көршісіне қиындық туғызатындығын біледі. Ал оқытушының әрбір топтың қалай жұмыс істегендігін бағалап, олардың ойлары мен идеялары қалай, қандай бағытта, қандай дәрежеде дамығандығын аңғаруына болады.

Студенттердің өз идеяларын бір параққа ғана жазуына да болады, онда топта бір парақ қана айналымда болады.

(Бұл тәсіл S.Kagan. Cooperative learning. San Juan Capistrano, 1992. кітабында келтірілген).


Бестармақ – ойды тиянақтап, өзіндік түсінікті нақты сөздермен келтіруге мүмкіндік беретін тәсіл. Бұл тәсілде студенттер өз ойын қорытындылау үшін тек 11 сөзді қолдануы керек. Бестармақ жазбаша төменде көрсетілген схема бойынша орындалады. Ол бес жолдан тұрады, ал әрбір жол саны және сөз таптары белгіленген сөздерден құралуы керек. Бестармақты жиі Бес жолды өлең деп те атайды, бұл ағылшынның Cinquin (синквин), яғни Бес жолды өлең деген сөзінің тура аудармасы.
Бестармақтың құрамы

  1. Бірінші тармақ (жол) 1 зат есімнен тұрады

Бұл сөз, студент пікірі бойынша, тақырыптың (проблеманың, мәтіннің, т.с.с.) негізгі мазмұнын (идеясын, ойын) айқындайды (атау, термин, т.б.).

  1. Екінші тармақ 2 сын есімнен тұруы керек.

Бұл сөздер бірінші жолдағы негізгі сөзді анықтауы керек, соған сын-сипат береді.

  1. Үшінші тармақта 3 етістіктің болуы шарт.

Етістіктер негізгі сөзді әрекет пен іс-қимыл тұрғысынан сипаттауы қажет.

  1. Төртінші жол студенттің негізгі сөзді бағалайтын кез келген сөз таптарынан тұратын 4 сөздеден тұрады.

Бұл сөздер студенттердің негізгі сөзге деген көңілін, сезімін (жақтыру/ жақтырмау, қабылдау/ қабылдамау, ұнату/ ұнатпау, жақтау/жақтамау сияқты) білдіруі керек.

  1. Бесінші жол тағы да бір сөзден тұрады.

Бұл сөз негізгі атаудың басқаша баламасы, оның синонимі болуы керек (әдетте зат есім).

Мәселен, сабақ тақырыбы «Жанартаулар» болды делік. Өз ойларын қорытындылау мақсатымен студенттер алдымен жеке-жеке берілген уақыт ауқымында (әдетте 2-4 минут) Бестармақ құрастыруы керек. Олардың Бестармағы келесідей болуы ықтимал:



Везувий

Жалынды, күркіреген,

Атқылайды, арқырайды, шашады,

Помпеяны құртқан сұмдық тау...

Тажал.
Бірінші көзге қарағанда Бестармақ кішкене балалардың ойыны іспеттес қарапайым, жұпыны, орындалуы оп-оңай тәсіл ретінде көрінуі мүмкін. Алайда тәсілді қолдану барысында студенттер аз да болса қиыншылықтарды бастан өткеріп, терең толғаныста болатындығы ақиқат.

Өйткені әдетте біз өз ойымызды жеткізуде еш шектелмейміз: қандай және қанша сөздер, қай сөз таптарын қолданатынымызды өзіміз білеміз, сол себепті де көсіліп сөйлеуімізге болады. Ал Бестармақта барлық ойды тек 11 сөз шеңберіне сидыру керек – бұл оңай шаруа емес. Бұл тәсілдің негізінде әр сөзді таңдау мен өз пікіріңді білдіру, яғни бағалау жатыр.

(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Сыни ойлауды дамыту әдістері. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №2 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).
Шығу парағы – сабақ аяғында студенттер бірнеше сұраққа (2-3 сұрақ) жазбаша жауап береді. Ол сұрақтар (немесе тапсырмалар) сабақты қорытындылап, студенттің алған білімін, сабақтың қалай өткендігін бағалайды:

- Бүгін не үйрендіңіздер?

- Сабақ бойынша қандай сұрақтарыңыз бар?

- Келесі сабақта қандай мәселелерге аса назар аудару керек?

- Сабақ қызық өтті ме?

- Сіз үшін сабақтың құнды жәйттері қандай болды?

- Бүгінгі үйренгеніңіз Сіз үшін болашақта қажет болады деп ойлайсыз ба?

- Осы тақырып бойынша тағы да не білгіңіз келеді?

- Осы тақырып бойынша тағы да қандай ақпарат көздерін оқисыз?

- Сабақтың өту барысы бойынша қандай пікірлеріңіз/ұсыныстарыңыз бар?

- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, азырақ ... (ұсыныстарыңыз).

- Келесі сабақта бүгінгі сабақпен салыстырғанда, көбірек ... (ұсыныстарыңыз).


Үш қадамды сұхбат – тақырып бойынша студенттер бір-бірінен кезектесіп интервью алу тәсілі. Бұл тәсіл Сұрақ қою, қайтадан сұрақ қою тәсіліне ұқсас, алайда мұнда басты назарды жауапқа аудару керек.

Шағын топ ішінде (3-4 адам) студенттер тақырып бойынша бір-бірінен интервьюді келесі кезекпен алуы мүмкін:

Үш студенттен тұратын топта

  1. А студент В-дан интервью алады, ал С олардың сұрақ-жауабын жазып отырады;

  2. В студент С-дан интервью алады, ал А олардың сұрақ-жауабын жазып отырады;

  3. С студент А-дан интервью алады, ал В олардың сұрақ-жауабын жазып отырады.

Төрт студенттен тұратын топта

  1. А студент В-дан интервью алады, ал С студент Д-дан интервью алады;

  2. В студент С-дан интервью алады, ал Д студент А-дан интервью алады;

  3. Төртеуі де жауаптарды ортақтаса талқылайды.

Үш қадамды сұхбатты жазбаша да орындауға болады.

Әрине бұл тәсілді қолданғанда да оқытушының жұмыс ретін шығармашылық тұрғыдан өзгертіп тұруы әбден орынды.

(Бұл тәсіл S.Kagan. Cooperative learning. San Juan Capistrano, 1992. кітабында келтірілген).
Пікірталас – қандай да болмасын проблема бойынша қарама-қарсы пікірлерді келтіру арқылы ақиқатқа жету тәсілі.

Пікірталас өткізудің түрлері баршылық. Жалпылама олардың негізгі әрекеттері төмендегідей.

1) Екі жақты шешімі бар проблеманы келтіргеннен кейін, оқытушы студенттердің осы мәселе төңірегіндегі өз ойларын қағазға түсіріп алып, өз көзқарасын айқындауын сұрауы керек.

2) Осыдан кейін студенттер үш үлкен топтарға бөлінеді: бірінші пікірді, екінші пікірді жақтағандар және «мүмкін» деген көзқарасты ұстанғандар.

3) Студенттер бір пікірді ұстанғандар тобында өз көзқарастарын дәлелдейтін тұжырымдарды талқылап, олардың тізімін жасайды.

4) Әрбір топ бүкіл топ атынан сөйлейтін спикерді таңдайды.

5) Осыдан соң топ спикерлері кезекпен өз дәлелдерін аудиторияға белгіленген уақыт ішінде (мәселен, 2 минут) жеткізеді.

6) Спикер сөйлеп болған соң, қарсы жақтардың сұрақ қоюына болады,оларға жауапты тек спикер ғана бермей, топтың басқа да мүшелері де қайыруына болады.

7) Осылайша үш топ та өз дәлелдері мен уәждерін келтіргеннен кейін қарсыластар бір-біріне қол соғып, орындарына отырып, пікірталастан кейін бағанағы проблема жөнінде өз ойларын эссе түрінде жазбаша келтіреді.

Пікірталастың ережелері:


  • спикер сөйлегенде, оның сөзін бөлмеу керек;

  • қарсы жақтың көзқарасына жағымсыз тұрғыдан сын және пікір айтпау керек («дұрыс емес!», «келіспейміз!», «жалған!», «біздің ойымыз ғана дұрыс!» деген сияқты);

  • егер келіспесеңіз, тек қарсы жақтың көзқарасын айқындайтын сұрақ қана қоюға болады.

Пікірталас соңында студенттерден «Қай жақ жеңді?» деп сұрауға болады. Егер студенттер жеңісті біреуге беретін болса, онда оларды келесідей ұғымға сұрақ қою арқылы алып келу керек секілді:

- пікірталас ақиқатқа жетудің тиімді тәсілі;

- пікірталас әркімнің өз көзқарасын айқындауға зор мүмкіншілік береді;

- пікірталаста жеңілгендер болмайды: бәрі де ұтыста болады.
Топтық зерттеу (Бірлескен жұмыс) – семинар немесе практикалық сабақтарда студенттердің бірлесе отырып белгілі бір проблеманы графикалы түрде шешу тәсілі.

Оқытушы тақырып бойынша шешуді талап ететін проблеманы студенттерге ұсынады. Студенттер шағын топтарға бөлініп, аталмыш проблеманы шешу жолдарын талқылап, өздерінің шешімін маркерлермен плакатқа түсіреді (15-30 минут ішінде). Студенттер өздігімен мазмұн мен тапсырма орындаудың форматын таңдайды, ақпарат жинастырады, оларды талдап, бағалайды. Содан кейін плакат қабырғаға ілінеді де, топ атынан спикер шығып жұмысты қорғайды. Қорғау соңында топ мүшелері басқалардың сұрақтарына жауап береді, олардың өз шешіміне түзету енгізуі де мүмкін.

Бірлескен жұмысты қорғау кезінде келесі ережелерді ұстанған орынды:


  • спикер сөйлегенде, оның сөзін бөлмеу керек;

  • басқа топтың көзқарасына сын айтпай, тек жағымды және позитивті тұрғыдан пікір келтіруге болады;

  • тек сұрақ қана қоюға болады.

Оқытушы әр топқа жеке де тапсырма беріп, немесе топтар тапсырмаларды өздері де таңдап алуы мүмкін.
Пирамида құру – жаңа мәліметпен жұмыс жасалғаннан кейін, түрлі деңгейлерде түсінік құрастыру тәсілі. Бұл тәсіл жүзеге «жеке – жұп – топ – аудитория» схемасы арқылы асырылады:

1. Студенттер берілген материалмен (мәтін, лекция, оқулық) жекелей танысып болғаннан кейін, ол бойынша өзіндік түсінік және пікір қалыптастырады.

2. Студенттер жұптарға бірігіп, өздерінің идеялары, ойлары мен пайымдауларымен серіктерімен бөліседі.

3. Студенттер төрт адамдық шағын топтарға бірігіп, туындаған проблемалар мен мәселелердің шешімдерін талқылайды, қорытындылайды, бір шешімге келеді.

4. Соңында студенттер бүкіл аудитория болып, проблеманың шешімдерін келтіреді, олардың ең тиімділері тақтаға (плакатқа) жазылады.
Жеңілдетілген анықтама (немесе түсіндірме).

Сабақтың соңында студенттерге қарастырылған тақырып бойынша қандай да бір атау (ұғым, түсінік, т.б.) таңдап алып, оны 1-сынып оқушысына түсінікті болатындай етіп анықтама немесе түсіндірме беруді сұрау керек.

Бұл тапсырманы алдымен жұп/топ ішінде ауызша, сонан кейін жекелей жазбаша орындаған орынды.

Тәсілдің негізінде жазушы Курт Воннегуттың «Өзі зерттеп жатқан ғылыми тақырыбын он жастағы балаға түсіндіріп бере алмаған ғалым – алаяқ» деген сөздері жатыр.


Салыстырмалы кестелер.

Студенттердің алған білімдерін жинақтау мен тиянақтаудың тиімді тәсілдіеріне түрлі кестелерді құрастыру жатады.

Сабақ аяғында (немесе басында да болады) шағын топ ішінде орындалады. Кестелердің негізінде салыстыру жатыр. Мәселен, кестелерде бүтіннің құрамдас бөліктерін немесе жеке объектілерді нышандары, ерекшеліктері мен қасиеттері тұрғысынан салғастыруға болады.
Кесте №48

Көркем шығарманың

бөлімдерін салыстыруға арналған кесте



Ерекшеліктері

Бөлімдері


Кейіпкер-лері, олар-дың сурет-телуі


Сюжет-тік ерек-шеліктері


Сөз қолданы-сындағы ерек-шеліктер



Тақырып-тық ерекшелік-

тері


Негізгі идеяны

ашудағы рөлі


Бірінші бөлім

(оған атау беріңіз)


















Екінші бөлім

(оған атау беріңіз)


















Үшінші бөлім

(оған атау беріңіз)
















Әдебиет сабағында келтірілген кестеде студенттер шығарманың (әңгіме, поэма, өлең, повесть, роман, т.б.) құрамдас бөліктерін әртүрлі тұрғыдан салыстырып, шығарманың біртұтас идеясы мен стилінде олардың алатын орны мен қызметтері жайлы өз түсініктерін келтіруге болады.


Үлкен шеңбер – топ ішінде бірлесе жұмыс жасаудың тиімді үлгісі.

Бұл тәсіл бойынша студенттердің жұмысы үш кезеңде өтеді.

1) Топ аудитория ішінде үлкен шеңбер құрып отырады. Оқытушы талқыланатын тақырып бойынша қандай да бір проблеманы айқындайды.

2) Белгілі бір уақыт ішінде (2-7 минут) әрбір студент жеке жұмыс жасайды: берілген проблема төңірегінде ойланып, дәптеріне аталмыш проблеманы шешудің өзі ұсынған шараларын жазады.

3) Шеңбер бойынша әрбір студент кезекпен өз ұсыныстарын оқиды. Топ әр студентті оның сөзін бөлмей, сын айтпай мұқият тыңдайды. Содан кейін айтылған әрбір ұсыныс талқыланады (бұл жерде сын емей, пікір айтылады: студенттер бір-бірінің көзқарасын сыйлау керектігін әрқашанда ескеріп отырады) және олар дауысқа салынады. Маңыздылығы тұрғысынан таңдалып алынған ұсыныстар бүкіл топтың ортақ пікірін білдіретін тізім қатарына енгізіледі. Бұл тізімді тақтаға оқытушы немесе студенттердің біреуі жазып тұрады.
«Үлкен шеңбер» тәсілін мәселені шешудің жолдарын тез анықтау керек кезде қолдануға тиімді.

Аквариум – студенттердің қандай да болмасын проблеманы «көрермендер» немесе «жұртшылық» алдында диалог үрдісінде талдау мүмкіншілігін беретін тәсіл.

Шағын топ ішінде (4-6 адам) студенттер проблеманы шешу жолдарын талқылайды. Талқылауды топ ішіндегі бір студент (немесе екі студент те болады) жүргізеді: ол басқаларға сөз беріп, олардың пікір алмасуын ұйымдастырады, топты ортақ мәмлеге келуге бағыттайды. Аудиториядағы басқа студенттер көрермендер сияқты жаңағы топты қаумалай қоршап тұрады: олар топ ішіндегі студенттердің проблеманы қалайша шешетіндігіне, олардың диалог құруына көңіл қояды. Алайда олар диалогқа араласа алмайды, олар тек топ ішіндегі атқарылып жатқан жұмысты өздерінің осындай шағын топ ішіндегі әрекеттерімен салыстырады.

Шағын топтағы студенттер осылайша сырт назарында болады: олар құдды аквариум ішінде отырған сияқты.

Бұл тәсіл студенттерге өз жолдастарының қалайша қарым-қатынас құратындығын, басқаның пікірін қалайша қабылдайтындығын, өз ойларын қалайша дәлелдейтіндігін, пайда бола бастаған кикілжіңдерді қалайша болдырмай тастайтындығын көріп, оларды талдап, белгілі бір қорытындыға келтіру мүмкіндігін береді.


Қос шеңбер – студенттер екі шеңбер құрап отыруы керек: ішкі және сыртқы. Мұнда ішкі шеңбер тұрақты болады да, сыртқы шеңбер құрамы оқытушының айтуымен ауысып отырады (мәселен, әрбір 1-2 минут өткен соң сағат тілі бойынша бір орынға). Шеңберлердегі студенттер саны бірдей болған орынды. Осылайша студенттер талқыланатын мәселе бойынша бірнеше жолдасымен әңгіме құрып, пікірлесіп, тіпті басқаларды өзінің көзқарасына иландыру мүмкіндігіне ие болады.

Сыртқы шеңбердегі студенттердің қолында сұрақтар жазылған қағаздары бар, олар орын ауыстыру кезінде бұл мәселелер бойынша ақпарат, пікір, дәлел жинаумен айналысады. Жұмыс соңында студенттер талқылаудың қорытындысын аудиторияға жария қылады.


Галереяны шарлау – студенттердің жазба немесе графикалық жұмыстарын қабырғаға іліп, барлық қатысушылардың олармен танысып, өз пікірлерін ауызша немесе жазбаша келтіруі. Жазбаша пікірлер жұмыстардың өзіне (парақ, плакаттарға) немесе бөлек қағаздарға (стикерлерге) жазылып, жапсырылады.

(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).


Броундық қозғалыс – студенттер аудиторияны шарлап, талқыланатын мәселе бойынша ақпарат жинап, басқалармен пікірлеседі. Бұл тәсілді қолданғанда студенттерге партаға отыру болмайтындығы ескертіледі.
Позиция таңдау – қандай да бір тұжырым оқылып, студенттер «ИӘ» және «ЖОҚ» деп жазылған плакаттарда өздерінің қай көзқарасты таңдағанын көрсетеді. Олар өз ұстанымдарын ауызша дәлелдеп беруі керек.
Нөмірленіп ауысу - топ құрамдарын ауыстыра отырып, студенттердің көбірек мағлұмат, пікір, түсінік, дәлелдер жинауына мүмкіншілік береді.

Мәселен, егер топтар төрт студенттен тұратын болса (олар рет сандары бойынша нөмірленіп алуы керек), олар проблеманы талқылап алғаннан кейін, олардың құрамын келесідей ауыстыруға болады:

- №1 студент өз орнында қалады, №2 студент келесі партаға көшеді, №3 студент үшінші партаға отырады, ал №4 студент одан келесі партаға көшеді;

- осы құрамда студенттер проблеманы талқылап алғаннан кейін (2-3 минут), олардың орнын тағы да ауыстыруға болады;

- талқылау аяғында студенттер өз орындарына қайтып келіп, жиған-тергендерімен топтың басқа мүшелерімен бөлісуі керек.

(Бұл тәсіл Темпл Ч., Стилл Дж., Мередит К. Бірлескен оқу. «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы үшін әзірленген №5 оқу құралы. - Алматы, 1998. - кітабында келтірілген).


Кесте №49


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет