Адамзат қоғамы бүгін антроптық (адами) дағдарыс алдында тұр. Бұл кризистің мазмұнын философ А.Печчеи келесідей айқындаған: «Адамзаттың бүгінгі қиыншылықтарының түп-тамыры - адам табиғатының жетімсіздігінде». Ал бұл жетімсіздік адамның рухани азғындауынан туындап отыр. Шындығында да адамдар бүгінде тіпті де рухани мәселелерге назар аудармай, басқа құндылықтарды ұстанып кетті емес пе?! Біздің (жеке адамның және бүткіл қоғамның) басты мақсаттарымыз мен құндылықтарымыз экономикалық (тұтынушылық) тұрғыға ауысқан, ал бұл үрдіс рухани, моральдік, этикалық қағидаларды ұстанбауға әкелуде. Сол себепті де бүгінгі қоғамда адамдардың арасында жаттану мен өшпенділік мықтап орын алып, түсініспеушілік пен жалғыздық адамзаттың басты проблемасына айналған.
Бұған қоса, білімдік (ағартушылық) парадигма да бүгінде дағдарысқа ұшырап отыр: тек сандық мөлшерлерге бағытталған білім («неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы» деген қағиданы ұстанған), өмірлік жеке тәжірибемен қуатталмаған білім (адамның өзіндік «Мені» ескерілмейтін), рухани тұрғыдан негізделмеген білім (эгоистік «Мен ғана!», тұтынушылық «Маған ғана!» қағидаларын ұстанған) адамзатты бүгінгі күнгі рухани, әлеуметтік, экономикалық, саяси тығырықтан шығара алмайды.