2.2 Топтарға бөліну
Қағаз қиындылары
Бірнеше құттықтау қағаздардың әрқайсысын (немесе ақ парақтарды) топ құрамындағы студенттер саны бойынша жыртып (төртке, беске), оларды араластырып, студенттерге таратып беру керек. Студенттер қиықтардан бүтін құрастырып, сол бойынша топ құрайды.
Ұқсас ерекшеліктер
Оқытушы студенттерге қандай да болмасын бір ерекшелікті айтып (мысалы, туған айы, жұлдызнамалық белгісі, киген киімдері, шашының түсі, т.б.), сол бойынша төрт (немесе үш, бес) адамдық топтарды құруды тапсырады немесе топтарды құру жұмысына өзі кіріседі:
- Мына партаға аталары мен әжелері барлар отырады.
- Мында үйдің үшінші қабатында тұратындар отырады.
- Мына жерге үйдің кенже балалары отырады.
- Мында «Нокиа» ұялы телефондары барлар отырады.
- Мына партаға бас киім киіп келгендер отырады.
Ән бойынша бөліну
Студенттер топтарына ел арасында көп тараған, кеңінен таныс әндердің бір шумағы мен қайырмасы жазылған карточкалар таратылып беріледі. Студенттер сол әндерге байланысты топтарға бөлініп, карточкаларда келтірілген әндерді бірлесе орындайды.
Сап түзеу
Студенттер туған айлары мен күндері бойынша сапқа тұрады: алдымен қаңтарда туғандар, ал ең соңында желтоқсан айында дүниеге келгендер. Топ құрамдары бір айда туған студенттерден құралады (немесе алдыңғы студенттен бастап төрт адамнан тұратын топтар құрауға болады)..
Сапты студенттердің бойлары бойынша да түзеуге болады. Онда топтар бойлар (бойы биіктер, орташалар, аласалар) бойынша құралып немесе студенттердің бірден төртке дейін санауы бойынша араласып құралады.
Сапты әліпби (алфавит) бойынша да құрауға болады: алдымен есімдері (немесе фамилиялары) «А»-дан басталатындар тұрып, қалғандары олардың артынан тізіледі.
Сапты киген киімдердің түсіне қарай түзеуге болады: алдымен қара киімділер, әрі қарай киімдер ақшылдана түсіп, сап аяғында ақ киімділер тұрады.
Немесе бір партаға киімінде қара түс барлар (тіпті киімінде қара түсті бір фрагмент болса да жеткілікті), екіншіге қызыл түс, үшінші партаға ақ түстілер, төртіншіге киімінде жасыл түс барлар, т.с.с.
Достарыңызбен бөлісу: |