Лирикалық шегініс Баяғыда Үргеніш ханы Сырым батырды мұқату мақсатында кенеттен оған мынандай сауал қойған екен: «Дау мұраты не? Сауда мұраты не? Қыз мұраты не?» Сонда Сырым жұлып алғандай: «Дау мұраты – біту, сауда мұраты – ұту, қыз мұраты – кету!» деп жауап қатқан екен. Пікірталастың мақсаты жеңу емей, ортақ бір мәмілеге келу, қарастырылған проблеманы шешу. Пікірталаста қатысушылар жаңалық ашуға ұмтылмайды, олар өздері үшін маңызды бір пікір қабылдайды. Ал бұл пікір басқа пікірлер мен көзқарастардың тоғысуы мен қақтығысынан пайда болады. Алғашында қандай да болмасын сипатта болған үйренушілердің пікірі талас пен сайыста келтірілген өзге тұжырымдардың ықпалымен өзгереді, яғни олардың қасиеттерін белгілі бір дәрежеде қабылдайды, өзіне сіңіреді.
Пікірталастың басты мақсаты - әр үйренушінің қарастырылған проблема бойынша өзіндік пікір, көзқарасты қабылдауы, бір байлам мен шешімге тоқтауы. Мұндай проблеманың ғылымда, теория мен практикада нақты шешімі бар болғандықтан, оны үйренушілер аудиторияда тек өздері үшін ғана қабылдайды.
Әрине, оқытушы үшін бұл проблеманың шешімі әу бастан белгілі, алайда ұстаз студенттерді шешім қабылдауға әкелетін ізденіс процесімен таныстыруды мақсат тұтады, оларды аяққы нәтижеге бағыттап, сол мәреге жетуге бағыттайды. Пікірталастың өту барысы оқытушы тарапынан алдын-ала жоспарлануы ықтимал, алайда оның нәтижесі алдын-ала белгіленуі міндетті емес, өйткені пікір алмасу процесінде әр үйренушінің қандай тоқтамға келетіндігі беймәлім, уақытынан бұрын жоспарлануы мүмкін емес нәрсе.
Пікірталас студентке бұрнағы тәжірибесін тиімді пайдалану мен қарастырылатын тақырыпты толық игеру мүмкіншілігін береді. Оқытушы пікірталаста ақиқатты дайын күйде бермейді. Мәселенің дұрыс-бұрыстығы жөнінде студенттердің өздері дәлелдер жинау мен келтіру, оларды жақтау арқылы, қарсы пікірлерді сараптау мен талдау арқылы, оларға қарсы уәж айту арқылы өзіндік дербес пікір қалыптастырады. Студенттер мұнда басқа пікірлермен санасып, өздерінің икемділігі мен бейімшілдігін көрсетеді. Топтық пікірталастар кері байланыс жасауға жақсы мүмкіндік беріп, студенттердің мотивациясы мен қызығушылығын арттырады.
Оқытушы пікірталастың келесідей ережелерін қадағалауды талап етуі керек:
1. Пікірталаста тұлғаның жеке қасиеттері сыналмай, тек пікірлер, көзқарастар мен пайымдаулар ғана сыналуы тиіс.
2. Пікірталаста басты мақсат жеңу емес – ақиқатқа жету.
3. Басты этикалық ереже: басқа пікірлермен келіспеуге болады, алайда оларды сыйлау керек.
4. Біреу сөйлегенде, оның сөзін бөлуге болмайды.
5. Басқа пікірлермен келіспеушілік болған жағдайда, оларға жалаң түрде баға бергеннен гөрі («Бұл дұрыс емес!», «Бұл қате ұстаным!», «Мен мұнымен келісе алмаймын!», «Біздің пікір ғана дұрыс!» деген тәрізді), олардың мағынасы мен мазмұнын айқындайтын сұрақтар қойған орынды.
6. Пікірталаста икемділік пен бейімшілдіктің жоғарғы дәрежесін көрсеткендер (яғни өз пікірлерін басқалардың позитивті де жағымды ықпалы арқасында өзгерте алатындар) жеңіске жетеді.
7. Ақиқатқа жету жолы біреу емес және олардың барлығы да тең дәрежелі.
Пікірталасқа 15-тен 30-ға дейін студенттердің қатысқаны тиімді. Оқытушының пікірталаста қатысушы емес, ұйымдастырушы рөлін орындайды: төреші болмайды, студенттер пікіріне «дұрыс» немесе «бұрыс» деп баға бермейді. Оқытушы студенттерді белгілі бір көзқарасқа үйрету үшін оларды сол пікірге бейімдеп, соған қарай бағыттайды.
Сонымен қатар оқытушының «Пікірталас ойын емес, ол - өмірдің өзекті проблемалары бойынша даудамай» деген ұғымды ескере отырып, өз позициясын жасырмауы орынды. Алайда бұл жерде ол пікірталасқа тікелей қатынаспай, оның сәтті өтуі үшін өзін ерікті түрде дауласудан шектеген жүргізуші рөлін атқарады. Ал жүргізуші өзінің позициясын ашық жарияламаса да, өзіне қандай көзқарастың жақын екендігін білдіре алады.
Студенттер оқытушыдан кез келген көзқарасты (позицияны, идеологияны) ұстамдылық, төзімділік және сыйластық тұрғысынан қалайша қабылдауға болатындығын үйрену керек. Олар пікірталастың демократиялық сипатта болуы тек сондай ұстаныммен байланысты екендігін ұғуы қажет.
Кейде теледидарда біз өзі жақтаған позицияға қарсы айтылған ұтымды дәлелді сабырлы түрде қабылдай алмаған жүргізушілердің күйіп-пісіп, пікір білдірушінің сөзін бөлетіндігін көріп жатамыз. Бұл - пікірталасты сәтсіз тұрғыдан жүргізу үлгісі.
Ұстаз пікірталаста шәкірттерін өз позицияларын нақты айқындап, оларды тыңдаушыларға жеткізіп, дәлелдей білуіне үйренуге шақырады. Ол студенттерге ақиқатты дайын күйінде ұсынбай, оны қалайша іздеп тауып, қорғауға болатындығын көрсетеді.