Байланысты: Интербелсенді әдістерді ЖОО қолдану Асхат Әлімов (1)
1.5 Әлеуметтiк тәжiрибе арқылы үйрену/үйрету Оқытуда тағы да бір мәселеге ерекше назар аудару керек: шәкірттің әлеуметтiк тәжiрибесiн арттыру. Басқаша сөзбен айтқанда, оқу процесiнде әлеуметтiк мазмұн басым болуы қажет. Әр сабақта үйренуші оқытудың басқа да қатысушыларымен араласып (шәкірттер мен ұстаздар), коммуникативтiк қарым-қатынас процесiнiң белсендi мүшесiне айналады. Мұндай қарым-қатынаста әрбiр шәкірттің өзiндiк өмiр тәжiрибесiнiң алатын орны ерекше. Сол себепті оқу мазмұны қандай да бiр абстракциялы тақырыпқа иек артпай, студенттердiң өмiр тәжiрибесiне негiзделсе, оқу процесі студент тарапынан қызығушылық пен ықылас туғызатындығы сөзсiз.
Білім деген тек дағды мен білік қана емес, сонымен бірге адами қасиет екендігін ізгілікке зәру ХХ ғасыр кеш түсінді. Біз - адамбыз және де күніміз тек қана адамдармен болмақ, демек білімнің басты мазмұны - адамгершілік қасиеттерге баулу болып табылатын шығар? Кезінде Абайдың да басты өмірлік қағидасы «Адам бол!» емес пе еді? Адами қасиет болмаса, қалғанның бәрі де бос, даурықпа сөз.
Тамаша философ Иммануил Канттың өмірлік қағидасы келесідей болған: «Адам әрқашан да мақсат болып, ешқашан құрал болмауы керек». Бұл сөздер бойынша дүниеде барлығы да адам үшін, оның игілігі үшін жасалуы шарт, алайда адамның қолымен немесе адамның арқасында белгілі бір мақсатқа жетуге тырысу - адамгершілікке жатпайды. Біз бар ұмтылысымызды адамдарға, яғни қоғам игілігіне бағыштауымыз керек: өміріміздің ең басты қағидасы – басқалар үшін өмір сүру болмай ма?! Олай болса, оқытуда да барлық әрекетті осы идеямен байланыстырып, оның төңірегіне шоғырландырған абзал.
Бүгінгі күні педагогикада білім алу мен қоғам мүдделері тығыз қарым-қатынаста қабылданады. Мұндай көзқарас бойынша қандай да болмасын білім қоғамда өмір сүріп, әлеуметтік проблемаларды шешумен тығыз байланыста болуы керек. Бұл ұстанымның екі атауы бар: оның бірі - «Сыни сауаттылықты дамыту», ал екіншісі - «Қоғамға қызмет жасау негізінде білім беру» (қараңыз: Ч.Темпл /2005, Д.Рован және В.Видович, Дж. Тейлор, Дж.Хербек және К.Бейер, Э.Бек, Х.Моулд). Бұл екі атау да мазмұн жағынан бір-біріне ұқсас, бірін-бірі толықтырады, бір-бірінің дамуы мен жалғасы болып табылады, сол себепті де оларды бір ұғымды білдіретін терминдер деп түсінген дұрыс.
«Сыни сауаттылық» ұғымының пайда болуы бразилиялық педагог Паоло Фрейренің есімімен байланыстырылады (Ч.Темпл, 2005, Э.Бек). Мамандығы бойынша заңгер болғанына қарамастан, П.Фрейре Сан-Паулу қаласында әлеуметтік төменгі сатыда тұрған қала кедейлерінің сауатын ашу жұмысын өз өмірінің басты мақсаты ретінде санаған: аш-жалаңаш, қайыр сұраған дәрежедегі адамдарды осындай тағдыр шырмауынан, қоғамның жаншуынан азат ету үшін ең бірінші мезетте олардың сауатын ашу керек болды.
Әрине бұл сауаттылық біздің санамызға әбден сіңіп кеткен хат танып, жазу-оқу-санаққа үйрету ғана емес, сонымен бірге өмір жерге тұқыртқан осындай адамдардың құлдық, ырықсыздыққа үйреншікті, кім болса соған тәуелді болып кеткен санасын өзгерту еді. Бұл адамдарды тіпті сөйлеуге де үйретіп, сөздің өзіңнің қандай да болмасын мұң-мұқтаждарың мен мүдделеріңді басқаларға жеткізудің құралы екендігіне көздерін жеткізу керек еді.
Мұндай адамдарды үйреткенде, оларға білімді абстрактылы түрде таныстырған тиімсіз еді: бұл білімді олардың түсіне қоюы екіталай. Сол себептен де Паоло Фрейре нақты мәселелер мен өмір туындатқан күнделікті проблемаларды мысал түрінде келтіріп, олардың нақты шешу жолдарын қарастырған жөн деген байламға келген. Бұл жердегі ең басты мәселе осы адамдардың өздері әлеуметтік сатының ең төменгі баспалдағында тұрғандығын мойындап, оның себептерін анықтап, тығырықтан шығатын жолдарды іздестіру еді. Басқаша сөзбен айтқанда, өз болмысы туралы ой-толғаныс, рефлексиялық көзқарас пен нақты проблемаларды шешу, яғни сананы ояту қажет болды (Н.Кравченко, 2002).
П.Фрейре «Өмірді оқыту/үйрету керек, өмірмен оқу/үйрену керек», - деп тұжырымдайды. Сондықтан да балаларды көркем әдебиетті оқытуға үйрету жеткіліксіз, оларды күнделікті өмірде ойып орын алған мәселелерді шешуге үйрету керек дейді бразилиялық педагог. Ал ол үшін саясаткерлердің сөздерін, әлеуметтік қызметтердің жұмысын, тіпті жарнамаларды дұрыс түсініп, оларға әлеуметтік әділдік тұрғысынан тиісті баға беруге үйрену/ үйрету керек. Басқаша айтқанда, үйренуде/үйретуде өмірге бағытталу керек.
Шынымен-ақ біз білімді көп жағдайда практикадан тыс, априори қалыпта қабылдаймыз немесе береміз. Жоғары оқу орындарында әдетте оқытуда алдымен теория ұсынылып, тек содан кейін ғана бұл мәліметтер практикалық машықтану арқылы жүзеге асырылады. Осы түйісуде шынайы білім пайда болады деп есептелінеді.
Ал сыни сауаттылық пен қоғамға қызмет арқылы оқыту теориялары білімді өмірлік проблемаларды шешуге арналған құрал деп түсінеді. «Білім деген не?» десек, шындығында да ол - абстрактылы ұғым емес, білім - нақты білік пен дағды. Шәкірт басына (миына) орасан зор көлемде мәлімет жинап алып, олардың өмірде не үшін керектігін және қалайша қолданылатындығын білмей жүрсе, ондай білімнің қажеті қанша? Ондай «білімпаздың» қолынан келетіні жалғыз ғана нәрсе: ол қандай да болмасын мәселе бойынша өзін хабардар екендігін көрсетіп, барша жұртты білгіштімен таңқалдырады. Мұндайда келесідей сұрақтың тууы да ықтимал: «Бұл білім бе, жоқ әлде тек есте сақтау қабілеті мен жадының керемет үлгісі ме? Білім сонда тек осы үшін ғана керек пе?»
Жоқ, білім - өмірде өз қажетін таба алатын білік пен дағды. «Не нәрсеге үйренсек те, оның барлығы да өмірмен тығыз байланыста болғаны абзал»,- деп тұжырымдайды жоғарыда аталған оқыту теориялары.
Сонымен, оқу/оқытудың да, әрбір ұстаздың да басты мақсаты – қоғамға игі өзгерістер енгізуге құштар және де осындай әрекет қолынан келетін азаматтарды қалыптастыру болуы керек. Ал оған жетудің ең тиімді жолы - әр сабақта нақты өмір туындатқан проблемаларды шешу.
Бүгінде өмірдің нақты әлеуметтік проблемалары қандай? Олардың саны жыртылып-айрылып жатыр: біздің күнделікті өмірімізде шешімін талап ететін проблемалар аз ба екен? Тура дәп осылай студенттер аудиториясында да проблемалар бастан асып жатыр: оларды кім, қашан және қалай шешеді? Әрине, тек студенттердің өздері ғана. Оларды тек өміршеңді проблемаларды айқындап, олардың шешу жолдарын табуға баулу қажет.
Философтардың пайымдауы бойынша, бүгінгі күнгі адамзаттың ең басты проблемасы - өгейсіну, жатсыну. Қоғам дамыған сайын адам өзінің ұжымдық сипатынан айрылып барады: егерде бастапқыда адам өзін ұжымның мүшесі мен бөлігі ретінде қабылдап түсінсе, ендігі күні адам патриархалды, яғни ұжымдық санадан арылып, өзін толыққанды өмір иегері ретінде сезінеді. Адам бүгінде өзін ұжымның бөлігі ретінде қабылдамайды: бұл ұстаным мүмкін оны еркіндік пен тәуелсіздікке әкелетін де шығар. Алайда адам өзінің психикасына терең бойлаған бұрынғы қорқыныш пен үрейден тіпті де арылмаған. Айырмасы сол, егер ұжымдық дәуірде адам табиғаттан қорықса, қазіргі өзіндік (индивидуалды) заманда адам өзі қалыптастырған қоғамнан қорқуда. Оның бойындағы бұрынғы үрей мен қорқыныш жоғалып кетпей, тек өзгеру мен трансформацияға ұшырап, басқа қалыпқа ғана енген. Адам бәрібір қазір де қорқуда, үрейленуде. Бұрын ол табиғат алдындағы қорқынышымен ұжыммен бірігіп күрессе, енді адам қоғам алдында жалғыз қалған.