Дәріс 14. Саяси қақтығыстар (конфликт) мен дағдарыстар (кризис)
Негізгі ұғымдар: әлеуметтік қақтығыстар, қарама-қайшылық, саяси күрес, саяси қақтығыс, саяси қақтығыстың субъектілері, саяси қақтығыстардың типологиясы және динамикасы.
1. Саяси қақтығыстар және олардың қоғам өміріндегі орны
2. Саяси қақтығыстардың типологиясы және динамикасы
3. Саяси қақтығыстарды реттеу технологиялары
1 Саяси қақтығыстар және олардың қоғам өміріндегі орны
Қоғам салаларының ішінде, әсіресе, саяси сала әр түрлі қақтығыстарға толы. Онда көп қырлы үстемдік пен бағыныштылықты көрсететін биліктік қатынастар жүріп жатады.
Көптеген танымал философтар, әлеуметтанушылар және саясаттанушылар да қоғамдағы қақтығыстар мен саяси күрес феномендері мен оның себептерін, оны шешудің, алдын алудың жолдарын қарастырған. Жалпы саяси ғылымдардағы ең ықпалды концепциялары
(К. Маркстің конфликт теориясы, Г. Зиммельдің «конфликтілік функционализмі», Р. Дарендорфтың «қақтығыстың функционалдық теориясы», Л. Козердің «позитивті-функционалды қақтығыс», Джон Бертонның «қақтығыстарды шешудің және алдын алудың жалпы теориясы»), қақтығыстар қоғамдық өмірдің ажырамас құбылысы екендігін көрсетеді.
Қақтығыс ұғымының мәнін түсіну үшін оның этимологиясын анықтау қажет. “Conflictus” термині “con” – біреуге қарсы, біреумен бірге дегенді білдірсе, “flictus” етістігі ұру, итеру, құлату секілді мағынаны білдіреді. Демек, конфликт терминін қақтығыс, талас, күрес, қарама-қайшылық ұғымдарына сәйкес келеді деуге негіз бар.
Мемлекеттік саяси билік, оны иелену, биліктік институттардың құрылымы, әлеуметтік топтардың саяси дәрежесі, құндылықтар мен нышандардың барлығы саяси биліктің негізі болып табылады және саяси қақтығыстардың нысаны мен пәнін құрайды. Бұл саяси қақтығыстың басқа конфликтілерден негізгі ерекшелігі. А. Глухованың айтуы бойынша: “Егер экономикада ресурстарды бөлудің біршама әділ жолы болса, яғни, өндірісті ұлғайту үшін кооперацияға келісіп барып, оны сосын бөлсе, ал саясатта бұл көбінесе мүмкін емес. Экономикада барлық заттар айырбасты бағаға ие болса, ал саясатта өзгеше: саяси еркіндік пен саяси тәуелсіздіктің орнын басатын ешқандай әділ эквивалент жоқ”. Сондықтан саяси қақтығыс биліктік ресурстарды, игіліктерді ұстап қалуға және бөлісуге ұмтылған екі немесе бірнеше жақтың өзара әрекеті болып табылады. Саяси қақтығыстардың негізінде әр түрлі факторлар бар. Мәселен, Л.Н. Тимофеева саяси қақтығыстың бес бастауын бөліп көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |