Бөлменің бір шетінде теледидар тұр. Қашқын пультті алып, теледидарды қосады. Теледидардан диктор сөйлеп жатыр. Диктор: Минскідегі толқудан кейін Белбасы Лукашенко тікұшаққа мініп, басқа елге қашу жоспарын алдын ала жоспарлағанға ұқсайды. Оның қару асынып өзінің резиденциясына келгені сондай жағдайға дайындық жасап жатқанын дәлелдейді.
Қашқын: О, керемет! Ол да қашқындар қатарына қосылатын секілді. Мына бөлмені ескі танысым бірнеше күнге маған бергені қандай жақсы болды? Ішім пыспайды. Көк жәшік бар. Барлық жаңалықтан хабардармын. Кітаптар да көп екен.
Дауыс: Одан кейін не болды?
Қашқын: Жылдар өтті. Ел басына күн туды. Көппен көрген ұлы той деп жүрдік.Соғыс та бітті. Соғыстан кейінгі тіршілік те жеңіл болған жоқ.Бір күні мені соғыстан оралған жас жігіт тауып алды. Жас та емес, біразға келген, мосқал тартқан. Менің аталас туысым болып шықты. Өзінің етжақын туыс-туғанынынан тірі қалған ешкім жоқ екен. Құшақтасып көрістік. Жанарыма жас келді. Мені де іздейтін адам бар екен.
Біраздан кейін бұл қуанышым да су сепкендей басылды. Ағатайым соғыста жау қолына түсіп, тұтқын болыпты. Одан кейін Түркістан легионының құрамында болған. Елдің сөзіне қарағанда, Отанын сатқан сатқын. Енді жазасын тартуы керек екен.
Сонда барып есіме түсті. Ауылдағы үлкен кісілердің біреуінен естіп едім. Менің әкемнің бір інісі де Совет үкіметіне қарсы болып, «халық жауы» деген жаман атаққа ілініп, сотталып кетіпті. Итжеккенде, Сібірдің орманында тірі жүр ме, әлде өліп қалды ма, тіпті хабарын білмеймін. Бұл хабарды айтқан кісі: «есіңде болсын, бұл жайды тісіңнен шығарма, сондай туысым бар еді деп ешкімге айтушы болма!» - деп ескерткен. «Айтсаң, басың кетеді» деген. Кейін мектепте оқығанда да, жұмыс істегенде де тегімді сұрастырғандар, тұқым-тұқиянымды тергегендер болды. Жұмған аузымды ашпадым. Білемін деген көп сөз. Білмеймін деген жоқ сөз.
Сол туысым арада біраз уақыт өткенде ақталыпты, жазықсыз жапа шеккен екен деп естідім. Бірақ, онымен қайта жүздесе алмадым. Басқа жақта жұмыста жүрдім, тұрмыстың күйбеңінен оны іздеуге мұршам келмеді.
Солай! Қайсы бірін айтайын?!