© 2009. Жәрдем
http://www.zhardem.kz/news/1274984122.html
|
27-05-2010
Автор: Сұхбатты жүргізген Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
|
Аштық ұлтымыздың генетикалық сапасын жойып жіберді
Мамырдың 31 – і - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
- Cоңғы кезде Ресей мұрағаттарына жиі баратын болдыңыз. Ол жақтан не іздеп жүрсіз? Індете іздеп жүрген нақты дерегіңіз бар ма?
- Мұрағатқа баруды сонау 70-ші жылдардан бастағанмын. Жұмыс істеп жүрсем де демалыс айларында Омбы, Кемерево, Жаңасібір қалаларындағы мұрағаттарға баратынмын. Ондағы ойым халықтың аштыққа ұшырауы жөніндегі партия құжаттарымен танысу болатын. Себебі шындық тек партиялық құжаттарда ғана жазылады. Менің мұрағатқа деген қызығушылығымды оятқан бір жағдай бар. Бейімбет Майлин бастап шығарған «Садақ» журналын әрі қарай жалғастырған, қазақ сатирасының қара нары болған Жиенғали Тілепбергеновтің өмірі мен шығармашылығы мені қатты қызықтыратын. Жиенғали классик жазушы, мемлекеттік жұмыстарды атқарған, Кеңес өкіметінің құрылысына қатысқан адам бола тұра, аштан өліп отыр ғой. Жиенғалидің Ілияс Жансүгіровке жазған хаты бар. Сол хаттағы: «Сенің жіберген хатыңды алып, бірсыпыра бойым көтеріліп, науқасым серпіліп қалғандай болды... Бәрінен де маған қиын соғып тұрған жері: аурудан өлмей, аштан өлу... табылса жеймін, табылмаса жоқ. Біздің хал осылай жолдас-құрдас! Сен маған жазушылар дүниесінде не істеліп жатқанды айтып, менің делебемді қоздырасың, мені әурелеп қайтесің! Жүрегімді жандырып, арманымды ұлғайтып қайтесің! Көкірек сайрағанмен денедегі дәрмен рұқсат етпегесін не керек? ... Одан да сен былай ет: мені жазушылардың бірі деп танысаңыз, мені өлгенше қайыр сұрамайтын, аштан өлмейтін етіп, Жазушылар одағы атынан, соның қорынан, соның күшімен маған дүниелік жәрдем қолдарыңды созыңдар... Бұған дейін бұл сөзді айтуға да арсынып «өлсем - жайыма өлейін» деп жүр едім. Одақ басында сен отырғасын айтып жатқан әрі сырым, әрі мұңым ғой» деген жолдар менің аштық туралы зерттеу жүргізуіме түрткі болды.
ОГПУ құжаттарында жантүршігерлік деректер жетерлік - Бұл мәселе бір кездесуде-ақ шешіле салды ма? Біздің өзіміз «кеңес-
теніп» кеткен көше атауларын әлі қазақшаға көшіре алмай жүр емеспіз бе...
- Ор қаласында қазақтардың қоғамы жұмыс істейді, ондағы қазақ жігіттері Әбілқайырға көше атын бергізбей қоймаймыз деп отыр. Шеттерінен намысқой, ұлтын шын сүйетін жігіттер екен. Тәнті болдым. Ордағы мұрағаттан да олжалы қайттым дей аламын. Өзім іздеп жүрген аштық жылдарындағы оқиғаларға қатысты тың деректерді қарастырғанмын. 2004 жылы «Қан жоса ғасыр» деген кітабым шыққан. Бірақ, сол кітапта көп нәрсе қамтылмаған сияқты болып тұратын. Содан қайта мәліметтер жинап жатырмын ғой. Ал, жуықта Орынбордан келдім. Ол жақтан да тарихшыларымыз айтпаған 1921-22 жылдардағы аштық туралы ақпараттарға қанықтым.
- Сол деректермен бөліссеңіз қайтеді?
- Мұрағаттарда аштық жылдарында халқымыздың қынадай қырылғаны туралы мағлұматтар жетерлік қой. Сол деректер Жиенғалидің аштық туралы жазған «Қайран, елім-ай!» деген шығармасына ұқсас болып келеді. Жиенғали бір табақ етке бола қызын сатқандар, қызды арзанға сатып алып байларға қайта сататын екі арадағы делдалдар туралы жазып еді ғой. «Төңкеріс кезінде ауылда мұғалім болдым. 1918 жылы Түркістан қазақтары ашаршылыққа ұшырады. Ақтөбе, Орынборға қарай босып кетті. Ашаршылықтан ісіп-кеуіп, қырылып жатты. Бір қызын бір тілім нанға сатты... Құлақ естіп, көз көрмеген жауыздық. Алты жаны бар Андағұл аштық азабынан құтыла алмай қызы Батиманы азығы мол адамға сатты» делінген шығарма қалың ел қайғысын көз алдыңызға әкеледі. Несін айтасың, тіріні шулатып, қарғыстан басқа естімеген сол жауыздар бүгін жоқ қой, бәріне бұйыр-
ғаны екі метрге жетер-жетпес қара жер. Бірақ олардан бізге қаныпезер ұрпақ қалды ма деп қорқам. Мұрағатта 1921 жылғы аштықта «Орал губерниясының өзінен әлділер 350 адамды сойып жеді» деген қасіретті деректі көзім шалды. ОГПУ құжаттарында 7 мүрдені тамаққа пайдаланғаны да жазылған. Бұл кезінде құпия құжат болды ғой. Осындай қасіретті жағдайларды біз біле бермейміз. Енді 1922 жылы 26 қаңтарда Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешев Сталин мен Калининге: «Қазақстанда аштық басталды, Еділ бойынан Қазақстанға көшірмек болған 23 млн адамды көшіруді тоқтатсаңыздар» деген хат жазады. Бірақ соған қарамастан, 1922 жылы Қазақстанда аштық басталғанда, халықты аштықтан сақтап қалу үшін жиналған қордағы 414 млн пұт астықты мемлекетке салық есебінде жинап алып кеткен. Бұл халықты аштыққа қолдан ұрынды ру емей немене? Тағы бір дерек, жасырын құпия ұйымның құрылып, елді байлардың, хандардың тұқымдарынан тазартуды бастағаны туралы «сөйлейді». Бұл ұйым ел ішіндегі «жатыпатарларға» сүйенген. Сол тазарту кезінде халықтың қолындағы азық-түлігін, қысқа дайындаған малын тәркілеп, тартып алып отырған. 1917 жылы Ахмет Байтұрсынов қазақ 7 миллионға жетті деп қуанып мақала жазды емес пе? Ал Сейіт-
қали Меңдешевтің жазғанында қазақтың саны 5,5 миллиондай деп көрсетілген. Сонда 2 миллион қазақ қайда кетті? Әрине, олар аштан қырылып жатты. ОГПУ құжаттарында бір ауылдың түп-тамырымен құрып кеткені жазылып тұр. Егер аштық болмағанда, Ахметтің 7 млн қазағы, әр отбасында 4 адамнан болды дегеннің өзінде, 2000 жылы 26 миллионға жететін еді деп ойлаймын. Мені таңғалдырғаны, ОГПУ-дің материалдарында әрбір ауылдағы адамдардың қалай өлгені, қаншасы аштықтан өлгені туралы ақпараттар әр тоқсан сайын жасалып отырыпты. Ол ақпараттар Қазақстанның облыстық партия ұйымдарынан түсіп тұрған. Бұл материалдарға «совершенно секретно!» деп таңба басылған. ОГПУ-ге осындай деректер жөнелтіліп жатқанда партиялық газеттерде аштық, қырғын туралы бір ауыз сөз айтылмаған. Өйткені саясат сондай сақ. Баспасөздерде бар болғаны - астық тапсырылмай жатыр, егін шабылмай қалды деген материалдар ғана жарияланып тұрды. Енді осы Орынборда тапқан деректерімнің негізінде «Қанды қырғын» деген шығарма жазып жатырмын.
Берияның «халық жауын» ұстау үшін белгілеген лимиті болған - Аштық туралы жазған шығармаларыңыз «Қан жоса ғасыр», «Қанды қырғын» болып келеді екен. «Қан» сөзіне неге құмарсыз осы?
- Бұлардың барлығы да деректі дүниелер ғой. Оның үстіне жаңа шығармам оған дейін жазылған «Қан жоса ғасырымның» жалғасы есебінде бола ма деген ойым бар. «Қанды қырғын» әзірге шартты атау. Бәлкім, өзгертетін шығармын. Ең бастысы, аштық ақтаңдақтарын ашып көрсеткім келеді. Одан кейін кәмпеске, репрессия кезіндегі деректер де мені қызықтырып отыр. Ордан көрген деректерде 1937 жылы Берияның «халық жауын» ұстау үшін әрбір республикаға беретін лимиті болғанын білдім. Бұл деректерді бұрынғы тарихшылардан кезіктірген жоқпын. Мысалы, республика облыстарға, облыс аудандарға - ондағы НКВД бастығына: «Белгіленген лимит бойынша үштікке сіздерден ондаған іс қаралады. Атап айтқанда: «1.Ұлтшыл-интелегенция. 2.Контрреволюцияшыл. 3.Контр-көтерісшіл. 4.Панисламист. 5.Саяси сатқын. 6.Бай, капиталистің тұқымы. 7.Діншіл. 8.Отанға опасыздық, т.б. Осыдан басқа істер әзірге қаралмайды. Кейін қосымша лимит күтесіздер!» деген жедел хаттар «үштіктің» («тройка» - партия ұйымының 1 хатшысы, прокурор және НКВД қызметкері) қолына құпия түрде тиіп тұрған. Содан-ақ алашапқын басталады ғой. «Ізде, тап, әкең де болса аяма, тездетіп үкімін шығар!» Міне, сол кездегі тірлік - осы. Атылатынын атып, түрмеге қамайтынын қамайды. Ақталуға дәлел таптырмайды. Мәселен, 1937 жылдың 4 тамызында Ойыл ауданының 15-ауылындағы көпбалалы ана Шолпан Шындәулетова, Жұрын ауданы «Жаңа жол» колхозының колхозшысы Қалия Қалиева «Отанға опасыз» отбасының мүшесі ретінде «үштіктің» шешімімен сотталып, түрмеге түскен. Ал парсы елінің Тарбж қаласында туған Ізенғұлова Ағбаланы жолаушылап ағайын-туыстарына келгенде үштік ұстап алған. Ол туралы жазылған хаттамада: «Шпиондық әрекеті үстінде ұсталды» делінген. Сол адам зәбір, зорлықты көтере алмай түрмеде өліпті. Тіпті тұтас ауылды «халық жауы» деп атай салған да фактілер бар. Тарихи құжатта, Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің МГОКО-1828-ші 1942 жылдың 29 мамырындағы қаулысы бойынша жоғарғы бас қолбасшы И.Сталиннің қол қоюымен Краснодар өлкесі, Новороссийск, Тупса, Анапы және Таман жарты аралындағы халықтарды социализмге деген көзқарастары қауіпті, саяси сенімсіз делініп екі жетінің ішінде тазартып болған. Оған он мыңға тарта НКВД және НКГБ-ның адамдары, армия, қару-жарақ жұмылдырылып, аталған өлкедегі неміс, румын, татар, грек, адыгейлерді мал тиейтін вагондармен қазақ еліне жеткізген. Бұл біз білетін сұмдықтың бір шеті ғана.
- Қазақстаннан барған сіздерді Ресейдің мұрағат қызметкерлері қалай қарсы алады? КСРО-ның былық-шылығын жариялап жібереді деп, кей құжаттарды көрсетпей қоятын әдеттері жоқ па?
- Жоқ, мен ол мұрағаттарға сол Кеңес Одағы кезінде де барып жүрдім ғой. Керісінше, көмектесіп, керек папкаларды тауып береді. Бір ғана қиындығы, биыл ол жақтағы мұрағаттар өздерін өзі қаржыландыруға көшті ме, әйтеуір Орынборда әрбір папканы ашқаның үшін 250 рубль сұрайды. Ал әр бетінің көшірмесін алу үшін 15 рубльден төлейсің. Ресейдің мұрағат саласынан біздің мұрағат жүйесінің өнеге алатын жерлері көп. Орынбордың мұрағатында жеке кәсіпорын болсын, мемлекеттік кәсіп-
орын болсын, олар қашан ашылды, қандай адамдар істейді, олардың өмірбаяндары - бәрі жинақталып отырады екен. Бұл жұмысқа университеттегі студенттер тартылады. Мұндай шара Астанамыздың болашағы үшін өте қажет болар еді. Мұрағат - мемлекетіміздің айнасы ғой. Осыдан бірнеше жыл өткеннен кейін ұрпақтарымыз Астананың қалай көркейгенін, ең алғашқы іргетасы қалай қаланғанын білгісі келеді. Сонда сол кездегі кез келген деректі мұрағаттан таба алуы керек. Ол үшін өз мұрағаттарымызды Орынбордың тәсілімен студент-
терді тартып, әр жыл сайын толықтырып отырса жаман болмас еді. Негізінен, мұрағаттардан алған материалдарым бойынша кітабымды жазып болғаннан кейін ол кітапты міндетті түрде «Отырар кітапханасына» өткіземін. Еуразия университетінің студенттері кітабымнан керек мәліметтерін тауып алуына жеңіл болады. Осыдан бір жарым жыл бұрын Қазандағы мұрағатқа барғанымда, Қазан университетінің ветеринария факультетін бітіргендер қазақ даласындағы оба мен тырысқақтан адам мен малды аман сақтауға үлес қосқаны туралы мәліметтерді көрдім. Алғаш рет малды емдеу, адамдарды түрлі жұқпалы аурудан сақтау бойынша Торғай облысында ғылыми-зерттеу орталықтары құрылған екен. Сол кезде Қазанда оқыған қазақтардың бәрінің аты-жөні менде бар. Ал Орынбордағы мұрағатта арғындардың Жетісудан Торғайға қалың тобы көшкені туралы айтылады. Сонымен қатар Әбілқайыр хан өзінің ұлы Нұралымен бірге Торғайдағы Борсық құмының ішіне барып қыстайтыны туралы дерек те бар екен, бұл да бұрын-соңды көрмеген дерегім. Немесе Нұралы ханның әйелі Орын - әйгілі Сырым
Датұлының туған қарындасы екен. Міне, осындай қызықты деректер мұрағатқа барған адамды жіпсіз-ақ байлап-матап тастайды. Бір деректен соң бір дерек шыға береді, қызығына кіріп кеткен соң шығуың қиын. Ал мұның барлығы тарихшыларымыздың тезірек зерттей түсетін дүниесі. Ал мен журналист-жазушымын ғой. Сондықтан осының бәрін тарихшылар зерттеп, бұған дейін жазылған тарихты мұрағаттағы деректермен салыстырып, әділін саралап беруі тиіс деп ойлаймын.
Орыс мұрағаттарындағы қазақ тарихы жойылып кетудің алдында тұр - Ресей мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты мағлұмат мол екені дау туғызбайды. Демек, сол мұрағаттарда қазақстандық тарихшыларды жиі кездестіретін шығарсыз?
- Оралдан барған бір жігітті ғана көрдім. Есім хан туралы кандидаттық диссертация жазып жүр екен. Маңғыстау облысының бүгінгі әкімі Қырымбек Көшербаев Батыс Қазақстан облысын басқарып тұрғанда ресейлік архив-
терге облыстың ғалымдары мен журналистерін жіберіп, Бөкей губерниясы туралы мәліметтерді жинатып, үлкен кітап етіп шығарып алды. Ал енді Орынборда Алдашов Аманжол деген жігіт бар.Өзі жазушы, былтыр екі томы жарық көріпті. Орынборда біз жиі кездес-
тіретін 91 жастағы Сайко деген академик ақсақал бар. Сол кісі Орынбордағы педагогикалық институттың ректоры болған. Өзі 91 жаста болса да әлі күнге дейін үстелде отырып жұмыс жасайды. Архивтен материалдар жинап, кітап етіп, кітапша етіп шығарады екен. Шыны керек, ол жақтардан қазақстандық тарихшыларды тобымен кездестірген емеспін.
- Бірақ біздің тарихшылар сондай мұрағаттарда күні-түні отыруы тиіс емес пе?
- Ол үшін бірінші кезекте тарихшылардың қаржылық жағдайы болуы керек. «Мәдени мұра» бағдарламасы бәрімізге жақсы болып тұр, бірақ соның қаражатын дұрыс пайдаланып, мұрағатпен жұмыс істеуді білетін тарихшыларды Көшербаевтың тәсілімен жіберіп, керек деректерді жинап алуымызға болады деп ойлаймын. Себебі қазір ол мұрағаттардың жағдайы нашар. Деректер жазылған қағаздардың сапасы кетіп, жазуы өше бастаған. Бас-
қаны білмедім, орыс мұрағаттарындағы қазақтың тарихы жазылған жазбалар жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Сондықтан ондағы қазақ тарихына қатысты құжаттардың көшірмесін болса да жасатып алған жөн. Әйтпесе ертеңгі күні қазақ тарихын өзге жұртқа дәлелдеу қиынға соғуы да мүмкін ғой.
- Әңгімеңізге рақмет!
Достарыңызбен бөлісу: |