«Асыл сөздің арнасы» атты әдеби-музыкалық кеш
Мақсаты: Халқымыздың дана ақыны, ғұлама ойшылы, сазгер Абай
Құнанбаев туралы меңгерту, өлеңдері мен әндері туралы
насиахттау. Адамгершілік пен талғампаздыққа, өнерді сүюге,
құрметтеуге, әсемдік пен сұлулықты бар жан-дүниесімен сезіне
білуге тәрбиелеу. Абайдың ақындық әлеміне, әнге деген
құштарлық сезімдерін ояту, бүгінгі ұрпақтарының Абай
мұрасына қызығушылығын арттыру, оқып-білуге тани түсуге
ынталандыру.
Көрнекіліктер: Абай суреті, альбом-буклеттер, Абай сөздері жазылған плакаттар.
1-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, офицерлер, тәрбиеленушілер. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевқа арналған «Асыл сөздің арнасы» атты әдеби-музыкалық кешімізді ашық деп жариялаймыз. «Көзімнің қарасы» әні.
2-жүргізуші: Тарих қана, халық қана туатын,
Алыптардың арқа тұтпас кім атын?
Ұлы арманын жырлау үшін қазаққа
Керек болды Абай сынды Ұлы ақын!
Көкірегін намыс кернеп, кек қарып,
Жанарынан жасын құлап, шоқ жанып.
Абай өтті, мың адамның міндетін.
Мыңқ етпестен жалғыз өзі атқарып.
1-жүргізуші: Ақыл-ой ақындықтың киесі – Абай!
Түгел сөздің түбі бар жүйесі – Абай!
Адамдық ар-ұяттың данышпаны
«Өлең – сөздің патшасы» иесі – Абай!
2-жүргізуші: Тайсалмай мыңмен жалғыз алысты Абай,
Жауына найза сөзін шанышты Абай.
Өзендей құйған барып көк теңізге.
Лермонтов, Пушкиндермен табысты Абай!
1-жүргізуші: Ақын еді ол елдің мұңын жыр еткен,
Ақын еді ол күйінішпен күні өткен.
Ақын еді ол мыңмен жалғыз алысқан,
Халқын алып шығу үшін түнектен!
- Ұлы Абайға арнап мәнерлеп өлең оқитын – Тәжібаев Жасұлан.
Маңдайына қазақтың сыйып тұнған бағы – Абай!
Арайланып ататын ақ шуақты таңы – Абай!
Ақыл-ойдың кемеңгер, пайғамбары, киесі,
Имандылық ұяттың қасиетті Ары – Абай!
Асыл сөзден сәулетті алтын сарай салдырған,
Ғылым – білім көгінде шамшырағын жандырған.
Қисық, қыңыр, тасырдың мінін ашып, түзетіп,
Ұрпағына мәңгілік даналықты қалдырған.
Абай – біздің қастерлі, ардақтайтын Ұлымыз!
Қазақстан төрінде Тәуелсіздік Туымыз!
Көш басшысы өлеңнің, данышпаны әлемнің,
Адамзатқа құйылған ақ сәулелі Нұрымыз!
2-жүргізуші: Ақынның ата қоныс жері қандай?
Ата-баба, әулеті, тегі қандай?
Ақынды тебіренткен, күңіренткен,
Ұшқан ұя, ортасы, елі қандай?
1-жүргізуші: Қасиетті Шыңғыс тауы бауырында, Жидебай – Қарауылда, Орта жүз Тобықты руының атақты билері Ырғызбай - Өскенбай – Құнанбай әулетінде 1845 жылы Ибраһим Құнанбайұлы дүниеге келді. Ақынның анасы – мейірімді Ұлжан, парасатты әңгімешіл әжесі – Зере, асқар таудай әкесі Құнанбай өз заманының озық ойлы, қатал да қайсар биі, аға сұлтаны болған адам. Халқы үшін Қарқаралыда мешіт салдырып, 1870 жылдары Меккеге барған сапарында «Тәкия» деп аталатын жүз кісімін қонақ үй салдырған, ел билеген көсем, әрі шешен, әрі мырза, шешімді адам болған. Енді шағын көріністі тамашалаңдар. (Сахнаға Құнанбай шығады, ақын жігіт оған арнап ән салып тұр).
Ақын жігіт (домбырамен, термелете) Құнанбайға:
Мұсылманға қоймаған.
Орынсыз жанжал шатақты.
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жинап, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты
Мұқым қазақ баласы
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Меккеде уақап үй салып,
Пәтер ғып жаққан шырақты.
Бір құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты
(Абай)
Көрініс (Сахнаға қолында кітабы бар Абай шығып келе жатады).
Абай: ...Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
(...баяулатып айтып келіп, халыққа, әкесіне тағзым етеді)
Құнанбай: - Орайлы келгенде айтармын деп жүр едім. Сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда, балам!
Абай: - Айтыңыз, әке!
Құнанбай: Ең әуелі арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың. Бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың! Жайдақ суды ит те, құс та жалайды. Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!
Абай: - Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деймін. Алдымен жайдақ суға теңедіңіз. Қолында құралы бар жалғыз жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралсыз кәрі-жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын. Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір кезде қой сияқты болды. Бір қора қойды жалғыз қойшы «әйт» десе өргізіп, «шәйт» десе жусататын болған. Бертін келе ел түйе сияқты болды. Алдына тас лақтырып «шөп» десең, аңырап барып қана бұрылады. Ал, қазіргі ел бұрынғы көр балалықтан, нашар момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Ендігі ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында топ не көрсе соны көруге шыдаған жанын аямған бақташы ғана баға алады... жанашыры бар, жақсылық пайдасы бар ғана кісі бағады. Үшінші, орысты айтасыз. Халық үшін де дүниенің ең асылы – білім, өнер. Сол өнер орыста.
«Қалың елім, қазағым» өлеңін мәнерлеп оқиды.
Абай: (Ерекше толқыған, ажарланған кейіппен) Махаббат па? Осы ма? осы болса мынау дүние, мынау маужыраған тынысты нәзік үн.
«Балбырауын» күйі.
1-жүргізуші: Ұлылар үндестігі:
- Лермонтов, Гете, Абай тілдескендей,
Тілегі үш халықтың бірлескендей.
Ән болып шымырлайды жүрегінде,
Әлемі ұлылардың үндескендей.
2-жүргізуші: - 1780 жылдың күзі. Никилхап шыңының басындағы ағаш үйдің қабырғасына неміс халқының ұлы ақыны Н.В.Гете қарындашпен сегіз жол өлең жазып кетеді. Бұл өлеңді Лермонтов аударады. Лермонтовтан Абай аударады. (Ортаға 1-оқушы неміс тілінде, 2-оқушы орыс тілінде, 3-оқушы қазақ тілінде «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін оқиды).
1-жүргізуші: Осы жұрт Ескендерді біле ме екен?
Македония шаһары оған мекен.
Филипп патша баласы, ер көңілді,
Мақтан сүйгіш, қызғаншақ адам екен.
2-жүргізуші: Филипп өлді, Ескендір патша болды,
Жасы әрең жиырма бірге толды.
Өз жұрты аз көрініп, көршілерге
Көз алартып қарады оңды-солды.
1-жүргізуші: Ескендір көршілес елдердің, хандықтардың бәрін басып алып, соғыс салып, қандары судай ақты. Одан бәрі қорықты. Жорықтың бірінде елсіз шөлге кездесіп, су таба алмай ен далада қатты қиналады. Жалтыраған бұлаққа көзі түсіп, патша бұлақтан шөлін қандырған соң: «Бұл кеткен су. Өрлеп барып, үстіне ту тігемін» - дейді.
2-жүргізуші: Сол суды әскер өрлеп талай жүрді,
Судың басы бір құзар шатқа кірді.
Шаттың аузын бекіткен алтын қорған,
Қақпасы бекітулі, көзі көрді.
1-жүргізуші: Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,
Тұтқасын одай-бұлай қатты жұлды.
Аша алмады қақпаны, үміт үзді,
Ақылдасып тәуір-ақ амал құрды.
(Ортаға жанында әскерлері бар Ескендір шығады).
Ескендір: - Ей, кім болсаң да аш!, - дейді қақпаны қағып.
Күзетші: - Сені мұнда кіргізуге болмайды. Бұл қақпа құдай тағаланың тұрағына апарады.
Ескендір: - Бұл – құдайдың жайы болса, мен жердің патшасымын. Мен адам баласы жеңбеген Ескендірмін. Апырау, маған да ашпай ма?
Күзетші: Сен алдымен мыңтымын деп мақтанба, содан соң нәпсіңді жең.
Ескендір: Ең болмаса, халқыма көрсетейін, сый етіп, бір нәрсе берсейші.
(Қақпаның артынан түйілген орамал тақтырылады. Орамалды ашып, бас сүйекті көріп Ескендір ешнәрсеге түсінбейді. Сосын дереу Аристотельді шақыртады. Аристотель таразы алдырып, бір жағына бас сүйекті, екінші жағына бар байлықтарын салдырады. Бас сүйек таразының бір жағын басып тұрады, Аристотель сүйектің көзіне құм салады. Сол кезде бас сүйек аспанға атылады. Аристотель «аданың көзі тек жерге кіріп, топырақ түскенде ғана тояды» дейді.)
2-жүргізуші: «Бейбітшілік» күйі.
1-жүргізуші: Кейінгі ұрпақ жырын жаттап қанықты,
Кім білмейді Абай сынды Алыпты?
Нұрын шашып, бағын ашып қазақтың
Абай атын кім әлемге танытты?
2-жүргізуші: Айдың орнын баса алады Күн ғана,
Таудың орнын баса алады Шың ғана.
Ұлы Абайды жырлау үшін қазаққа
Керек болды Мұхтар сынды бір дана.
(Сахнаға М.Әуезов портреті мен «Абай жолы» романының үлкейтілген макеттері шығады).
Осымен ұлы бабамызға арналған әдеби-музыкалық кешіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет. (Ортаға барлық оқушылар шығып, хормен «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындайды).
Сабақтың тақырыбы: Махамбет көтеріліс кезінде.
Сабақ мақсаты: 1) Махамбет пен Исатай бастаған көтеріліс кезеңдерінен
мағлұмат беру.
2) Оқушыларды батырлыққа, ерлік жасауға, ел қорғауға,
Отанын сүюге тәрбиелеу.
3) Көтеріліс кезеңіндегі ақын өлеңдерінің идеялық
тақырыбын меңгерту және ғазиз ақын, айбарлы
батырдың жау қолынан қапыда қаза болуын ұғындыру.
Сабақтың түрі: сот – сабақ
Сабақтың әдісі: баяндау, сұрақ-жауап, талқылау
Пәнаралық байланысы: хұқық негіздері, Қазақстан тарихы
Сабақтың көрнекілігі: М.Өтемісұлының шыармалар жинағы, буклет,
дәйектеме сөздер, магнитофон, т.б. қылыш, дулыға,
сауыт, найза, оқу құралдары т.б.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру бөлімі.
- Саламатсыздар ма, балалар!
- Отырыңыздар, кезекші кім?
- Сыныпта кім жоқ?
ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
М.Өтемісұлы қашан және қай жерде туған?
Махамбет поэзиясын қалай түсінесіңдер?
Махамбетке қарсы болған хан-сұлтандарды ата.
«Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңінен не түсіндің?
Шаруалар көтерілісін кімдер басқарды?
Көтерілістің шығу себебін түсіндір.
Байтоқ, Жанұзақ дегендер кімдер?
ІІІ. Жаңа сабақ.
- Оқушылар, біз өткен сабақта шаруалар көтерілісінің туу себебін, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының көтерілісті ұйымдастырудағы басты мақсатын, ақынның өмірі мен орда маңындағы кездері жөнінде білдік. Енді бүгінгі сабағымызды сот-сабақ етіп өткізгелі отырмыз. Сондықтан берілген тапсырмалар бойынша іске кірісейік. (Сынып бөлмесіндегі орындықтар мен парталар мүмкіндігінше сот залындай етіп орналастырылады).
Хатшы: Тұрыңыздар, сот келеді!
(Сырттан сот өзінің құрамымен кіріп келіп, өз орындарына жайғасады). Хатшы сотқа қатысуға тиісті кісілердің барлығы келіп қатысып отырғаны жөнінде мәлімдейді.
Сот төрағасы: Сот-сабаққа қатысып отырған бәріңізге де оқиға барысы жақсы таныс. Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді бастан кешірді. Айталық, ХVІІІ ғасырда қазақ-жоңғар қалмақтарының шапқыншылығының салдарынан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» аталған ұлы қырғынға ұшыраса, ХІХ ғасырдың І жартысындағы елеулі оқиғаның бірі шаруалар көтерілісі еді. Осы шаруалар көтерілісінің тууына не себеп болды, бұл жөнінде бізге істі тергеуші айтсын.
Тергеуші: ХІХ ғасырдың І жартысында Ішкі Бөкей Ордасына болған оқиға былай: Ханы мен сұлтаны, төресі мен төлеңгіті Еділ мен Жайықтағы шаруалардың құнарлы жерлерін тарылтып, сұлтан-билерге Жәңгір хан тартып алып беріп отырды. Оның үстіне алым-салықтың түрін көбейтіп, халықты күйзелте берді. Бұл озбырлықты жасаушы – Жәңгір хан. Оның арқа сүйері – патша үкіметі екені тергеу барысында анықталды. Олар бірін-бірі қолдап, бір-біріне қол ұшын беріп отырды. Бейбіт халыққа оқ атып, қылым жұмсады. Жерінен, малынан, еркінен айрылған халық қолдарына қару алып, хан-сұлтандарға қарап аттануға мәжбүр болды. Бұл көтерілісті И.тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы басқарды.
Сот төрағасы: Жәбірленуші Махамбет Өтемісұлы кім?
Хатшы: М.Өтемісұлы 1804 жылы Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында, Нарындағы Бекетай құмында дүниеге келеді. Өтемістің 10 баласы болған. Ақын бір өлеңінде:
Өтемістен туған сон едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік, - дейді.
Махамбеттің атасы – Құлмәлі би, батыр, шешен адам болған деседі. Өтеміс, Айшуақ Бөкей дәуіріндегі беделді билердің бірі болған. Махамбет жас кезінен ақын, шешен, мерген, домбырашы болып өседі. Ол хан ордасында болып арабша да, орысша да хат тани білген. Жәңгір хан өзінің губернаторына жазған хатында: «Исатайдың ең жақын досы М.Өтемісұлы деген киргиз менің Зұлқарнайын атты ұлымның жас кезінде Орынборда қасында болды» - деп мәлімдейді. Осыған қарағанда, Махамбеттің білімді, ақын, шешен болуын тәрбиеленуіне Орынборда болған кездері мен Асанқайғы, Доспамбет, Бұқар жыраулардың шығармалары және хан ордасында болған кездері әсер етсе керек. Сонымен бірге бізге тағы бір анықталғаны – Махамбеттің жас кезінде хан Ордасында болуына екі түрлі себеп болғаны анықталады. Махамбеттің ағасы Бекмағамбет – Жәңгірдің 12 биінің бірі. Ол балалық шағын ағасының қолында өткіуі мүмкін. Біріншіден, сол кездегі хан-сұлтандар қолдарына өзін мақтап отыратын ақындар ұстаған. Оның өмірін зерттеген осылар дәледенді.
Бірінші айыпталушы: Оқиғаның жуан ортасында жәбірленушілер М.Өтесіұлы мен И.Тайманұлы жүреді. Олар халықтың ежелден кеткен кегі үшін қолға қару алып, атқа қонады.
Көптің жинап мол күшін
Дұшпанда кеткен сол кептің
Ежелден бергі кегі үшін, - дейді ақын
Махамбет жырлары арқылы халықты ереуіл атқа ер салдырып, күреске шақырған ақын. Ол өлеңінде:
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеуші найза қолға алмай.
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Түн қатып жүріп, түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темір қазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме? – деп ежелден бірге кекті алу үшін қанша қиыншылық болса да шыдау керек екенін, күресте қажымауға, торықпауға, табанды болуға шақырды.
Екінші айыптаушы: Жаңағы айтылғандардың бәрі шындық. Исатай мен Махамбеттің көтерілісті ұйымдастырудағы мақсаты жеке бастарының қамы емес, көп қамы, ел қамы Ақынның «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп айтуы бұған дәлел. Ақын «Айныман» атты өлеңінің жолдарында мұны айқындай түседі.
Кеткенім жоқ олжа үшін,
Кетіп едім елімнен
Ана нарында жатқан
Жас баланың қамы үшін, - деп толғайды ақын.
Үшінші айыптаушы: Махамбет – хан мен сұлтандардың зұлымдық істерін әшкерелей білген реалист ақын. Өйткені ол тек шындықты сүйеді. Ақын Жәңгір ханға жауыздығын бетіне басады.
Хан емессің, қасқырсың,
Қас албасты басқырсың.
Достарың келіп табалап,
Дұшпаның сені баса ұрсын!
Хан емессің ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің аярсың,
Айыр құйрық шаянсың! – дейді ақын.
Төртінші айыптаушы: Және бір айта кететін жайт, Махамбет жауларының бірі – Жайықтың сол жағалауын билеуші Баймағамбет сұлтан. Көтерілісшілер жеңіліп, ақын жалғыз қалған соң, соңына Баймағамбет сұлтанның түскені тарихтан мәлім. Махамбет бір кездері Атырау облыстарын паналайды. Сұлтанның аңдуына түсетін кезі – осы тұс. Бірде Махамбет Баймағамбет сұлтанмен бетпе-бет кездесіп қалады. Ақынның «Баймағамбет сұлтанға айтқаны» өлеңі осы жерде туады. Баймағамбет сұлтан «Исатай екеуің не істемекші едіңдер, соны айтшы» дегенде, Махамбет:
Еділдің бойы – ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Хан балсы ақсүйек
Ежелден табан аңдысқан.
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім, - деп, сұлтанның жер-жебіріне тиеді. «Бұлай сөйлемесе Махамбет – Махамбет бола ма, оның сөзін көтермесем, мен сұлтан болам ба?» - деп өзін әзер ұстаған екен.
Бесінші айыптаушы: - Исатай – басшы, мен қосшы деп жырлауынан халықты көтеріліске ұйымдастырушылар Исатай мен Махамбет екені белгілі. Айлалы хан батырдың айласын ойлайды. Ол Махамбетті старшын етіп тағайындайды. Ал Махамбет ханның ішкі залымдығын түісініп, одан бас тартпайды. Өйткені ақынның да есебі өз ішінде. Ол әкімдікті өз мақсатына пайдалануды көздейді.
Алтыншы айыптаушы: Үлкен айқас 1836 жылы 14 сәуірде Қиялымола деген жерде болады. Хан жасағы Қарауылқожа ауылы мен ханның биі Талқы Құдайергенұлының ауылын ойрандайды. Көтерілістің алғашқы баспалдағы осылай жеңіспен аяқатлады. 1937 жылы 2 қараша күні Исатай мен Махамбет бастаған 3 мыңдай қол хан ордасына 2 рет аттанады. Исатай күші жеткілікті. Ал, Жәңгірдің небәрі 200 атты қазағы мен төре-төлеңгірттері бар. Орданы қоршаған жасақтарының сұсынан хан да, оның төңірегіндегілер де сескенеді. Енді хан айла ойлайды. Исатайға елші жіберіп: «Тілектерін орындаймыз, он күнге мұрсат берсін», - дейді. Халқы үшін қабырғасы қайысқан батыр Исатай хан сөзіне сеніп, алданып қалады. Мұны ақынның «Әй, Махамбет, жолдасым!» деген өлеңінен байқаймыз. Мұнда ханның екіжүзділігін байқаймыз.
Жетінші айыптаушы: Ақын «Соғыс» атты өлеңінде Гекке әскерімен айқасқан шешуі соғысты бейнелейді. Соғыс Бекетай құмында болған. 1838 жылы шілденің 12-сі күні осы ұрыста Исатай қаза болып, Махамбет бірнеше жолдастарымен қашып кетеді. Исатай қазасынан соң, ақын жалғыздық күй кешеді. Мұны, «Қайда бар» өлеңінен көреміз. Бірақ Махамбет бұл дерттен тез айығады. Күрес туын көтеріп, жолдастарын күреске шақырады. «Мұңайма» өлеңінде:
Бір аллаға сиынып,
Ұрандап жауға тигенде.
Кім жеңері талай-ды
Жолдастарым, мұңайма! – дейді батыр.
Сегізінші айыптаушы: Ақын көп қуғын-сүргінге ұшырайды. Жәңгір де, Орынбор генерал-губернаторы да оның соңына қуғыншылар қойды. Оның көзін құртқысы келеді. Бірақ атадан туған ардақты ерді халық жауға ұстап бермейді.
Есіл ердің соңына түскендердің бірі – Баймағамбет сұлтан еді. Ол «Махамбетті ұстап берген адамға мың сом беремін» деп жар салады. Халық адал ұлын сатпаған. Тек опасыз, сатылған, екіжүзді және Махамбеттің туысы, әрі досы боп жүрген Ықылас Төлей. Ол қаһарлы батырды адал дастарханы үстінде дәм-тұзын татып отырған шақта Ықылас сырт жағынан кеп, басын шауып алады. Басын Баймағамбетке сыйға тартады. Өксіп жылап, қан жұтып, батырдың асыл жары, аяулы перзенттері қалады.
Сот төрағасы: Сөйтіп қорлықта жүрген халқына бостандық алып берем деп, дұшпанмен кескілескен, бүкіл ғұмыр бойы поэзиясында ерлікті ту еткен Махамбет осылайша жау қолынан қапыда қаза болғаны түсінікті болды. (Сот төрағасы сөзді 1 ақтаушыға береді.)
1 ақтаушы: - Қазір айтылғандардың қай-қайсысына да таласу қиын. Бәрі де шындық екені әңгіме барысында дәлелденді. Бірақ, біз бір нәрсені ескермей отырмыз. Абай атамыз: «Адамды заман билейді, кімде-кім жаман болса, замандасының бәрі виноват», - деген ғой. Бір сәт осы тұрғыдан ойланып көрейік.
Айталық, ХVІІІ-ғасырда Бұқар жыраудың екі жақты ақын екені дәлелденген. Бұқар Абылай ханның ұнамды жағын да, кемшіліктерін де айтып отырған. Сол секілді Жәңгірдің де халқы үшін сіңірген жақсы қасиеттері соңғы деректерде айтылып жүр. Жәңгір өз заманында Қазан университетінің құрметті мүшесі болған және орыс, араб, неміс тілдерін жетік білген.
Жәңгірдің Орда қазақтарына жасаған үлкен ізгілігі – мектеп ұйымдастыруы. Мектепте Орхан-Енисей жазбалары, араб тілі, орыс тілі, арифметика, жағрафия, физика пәндері өтілген. Білім алған шәкірттері Петербор, Мәскеу, Қазан, Уфа, Омбы, Саратов қалал-ғы жоғарғы оқу орнын бітіріп келіп, туған жерінде қызмет еткен.
Сот шешімі: Махамбет пен Исатай – езілуші халықтың мұңын жоқтаған адал ұлдары. Енді осы Исатай мен махамбеттің өліміне себепкер болған Жәңгір ханды соттаймыз деп заман ағымын соттағалы отырмыз. Жәңгір бойындағы кемшіліктерді заман кінәлі деп тапсақ, опасыздыққа барғаны үшін Баймағамбет сұлтан мен оның жақтасы Ықыласқа халық атынан қарғыс айтамыз. (Сот аяқталған соң, оқушылардың білімін толықтыру мақсатында Махамбеттің күйшілік өнері жөнінде айтамын).
- Оқушылар, Махамбет тек қана батыр емес, Махамбет сазгер де болған. Махамбет домбырасын қолынан тастамай, күйшілікпен айналысқан. Оның 17 үкйі бар. Күйлері: «Қайран, Нарын!», «Жұмыр, Қылыш», «Өтініш», «Жорық», «Тарланым», «Жауға шапқан».
Оқушыларға «Жұмыр, Қылыш» күйі тыңдатылады.
ІV. Махамбеттің өлең жолдарындағы кейбір көнерген сөздердің мағынасын ашып, дәптерлеріне жаздыру.
Көнерген сөздер
|
Мағыналық топтары
|
«Ереуіл атқа ер салмай...»
«Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай...»
«Балдағы алтын құрым болат...»
«Масағынан өткізіп,
Басын қолға жеткізіп...»
«Сан шерулі қол болса,
Батырлар болар ағасы.
Хан емессің ылаңсың,
Қара шұбар жылансың.
Хан емессің аянсың,
Айыр құйрық шаянсың.
|
Жорыққа алып жүретін ат білтемен атылатын мылтық
оқ сауыты
қылыштың тұтқасы
садақ оғының ұшы
әскер
елді бүлдірдің
анық, айқын
|
V. Оқушыларға Махамбеттің патриоттық өлеңдерін оқыту.
VІ. Махамбет бейнесін танытуда қаламгерлеріміздің еңбектерін атап өту.
Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романы.
Берқайыр Аманшин «Махамбеттің тағдыры» романы.
Нәбиден Әбуталиев «Өттің дүние» повесі.
Мұхтар Шаханов «Әке үкімі» өлеңі.
Шерхан Мұртаза «Қызыл жебе» романы.
VІІ. Бекіту. Сөзжұмбақ «Махамбет»
М
А
Х
А
М
Б
Е
Т
Құлманияздың баласы.
Ер қанаты - ...
Махамбеттің ағасы
Махамбетке қастандық өлтірген кісі
Махамбет өлеңі
Махамбетті ұстауға әмір берген ханның баласы
Махамбет ісі
Махамбеттің күйі
VІІІ. Үйге таисырма: «Күмісті мылтық қолға алып».
«Қарағай шаптым шандоздап» өлеңдерін жаттау.
Достарыңызбен бөлісу: |