Сарайшық көшесі
Бұрынғы атауы – 12-көше (Жаңа әкімшілік орталық). Сарайшық көшесі Б.Момышұлы даңғылынан басталып, Қабанбай батыр даңғылында аяқталады. Қарасақал Ерімбет, Х.Досмұхамедұлы, Е.Тайбеков, Қараөткел көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2409,8 м.
Сарайшық – ортағасырлық қала. Атырау қаласынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан.
Саргүл көшесі
Саргүл көшесі А.Тоқпанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 363,7 м.
Саргүл – сарғалдақ тұқымдасына жататын, биіктігі 15-100 см көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның Ұлытау, Алтай, Тарбағатай, Жоңғар, Іле, Кетпенді, Қырғыз Алатау сияқты тауларында кездеседі.
Саржайлау көшесі
Бұрынғы атауы – Степной көшесі. Саржайлау көшесі Төңкеріс, Қ.Кемеңгерұлы көшелерін және Гүлзар орамын қиып өтіп, Өндіріс көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1333,2 м.
Саржайлау – жайлау аты. «Кең жайлау» мағынасындағы атау. Бабалы, Бапалақ, Қызылтау, Үшқара, Едрей, Арқалық шоқыларының қоршауындағы көз жетпес кеңістік. «Саржайлау» атауына байланысты бірнеше музыкалық шығармалар бар.
Сарқан көшесі
Бұрынғы атауы – №33 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сұлутөбе көшесінен басталып, Жанкент көшесінде аяқталады. Талғар, Обаған көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 821,5 м.
Сарқан – Алматы облысындағы Сарқант ауданының орталығы.
Сартүбек көшесі
Бұрынғы атауы – Павлодар көшесі. Сартүбек көшесі А.Матросов көшесінен басталып, Бектау, Шардара, Құсжолы, Үшқоңыр, Кеңшалғын көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 884,5 м.
Сартүбек – түбектің түсіне, яғни «сарғайған, сарғыш түбек» деген мағынағабайланысты қойылған көне атау.
Сарыағаш көшесі
Бұрынғы атауы – №8 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Сарыағаш көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Тарбағатай көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 149,6 м.
Сарыағаш – қала, Сарыағаш ауданының орталығы.
Сарыбұлақ көшесі
Сарыбұлақ көшесі Бөгенбай батыр даңғылынан басталып, Мәскеу көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 585,9 м.
Сарыбұлақ – өзен, суға байланысты қойылатын атау. Қазақстанның бірқатар жерлерінде кездеседі.
Сарыкөл көшесі
Бұрынғы атауы – №54 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сарыкөл көшесі Балқантау көшесінен басталып, Айнакөл көшесінде аяқталады. Таскескен көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 321,1 м.
Сарыкөл – географиялық ұғым. Сондықтан Сарыкөл сөзіне байланысты көл, су, тоғай, т.б. атаулар кездеседі.
Сарықұм көшесі
Бұрынғы атауы – Калужский көшесі. Сарықұм көшесі Тайбурыл, Талғар көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 247 м.
Сарықұм – Сарыарқаның оңтүстігіндегі құм. Балқаш көлінің жағалауынан солтүстікке қарай, Жәмші өзенін бойлай 42 шақырымға созылып жатыр, ені 17 шақырымдай.
Сарыөзек көшесі
Бұрынғы атауы – Элеваторный көшесі. Сарыөзек көшесі И.Гёте көшесі мен Республика даңғылының қиылысқан жерінен басталады. Ұзындығы – 173,6 м.
«Сарыөзек» – жер атауына қатысты ұғым. Алматы облысы Кербұлақ ауданының орталығы. орналасқан өлке.
Сарыөзен көшесі
Бұрынғы атауы – №15 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Сарыөзен көшесі Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Наурыз көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1081,2 м.
«Сарыөзен» – су атауына байланысты қойылады. Осы аттас Қазақстанда бірнеше өзендер бар.
Сарытоғай көшесі
Бұрынғы атауы – Советский көшесі. Сарытоғай көшесі Ж.Жабаев көшесінен басталып, В.Маяковский көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 278,9 м.
Сарытоғай – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі елді мекен.
Саумалкөл көшесі
Бұрынғы атауы – №35 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Саумалкөл көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Баршын көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 292 м.
Саумалкөл – «жазда жайлы, қыста құтты көл» деген мағынаны білдіреді. Осы аттас Қазақстанда бірнеше көл аттары бар.
Сауран көшесі
Бұрынғы атауы – №78 көше (Жаңа әкімшілік орталық). Сауран көшесі Сығанақ, Алматы көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 5666,9 м.
Сауран – ортағасырлық қала. Ол Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жерде орналасқан. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашықтың көлемі солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай – 800 м, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай – 550 м. Сауран қаласы жазба деректерде X ғасырдан бастап кездеседі.
Современниктер көшесі
Современниктер көшесі Романтиктер көшесінен басталып, А.Тоқпанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 144,2 м.
Современниктер деген сөз «замандастар» деген ұғымды білдіреді.
Солнечный көшесі
Солнечный көшесі Қараөткел көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 200,2 м.
Солнечный – «шуақты» немесе «жаймашуақ» деген ұғымды білдіреді.
Сусамыр көшесі
Бұрынғы атауы – М.Лунин көшесі. Сусамыр көшесі И.Крылов қысқа көшесінен басталып, Өзен көшесінде аяқталады. Қызылжар, Қатаркөл орамдарымен және Үстірт көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 767,6 м.
Сусамыр – жайлау аты. Жамбыл облысында орналасқан. Атауға байланысты қазақтың халық әні бар.
Сұлукөл көшесі
Бұрынғы атауы – Олимпийский көшесі. Сұлукөл көшесі Болашақ көшесінен басталып, Ардагерлер көшесінде аяқталады. Алмалық көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 828,6 м.
Сұлукөл – көл аты. Көлдің ғажаптығына, сұлулығына байланысты қойылған атау. Еліміздің бірнеше жерлерінде Сұлукөл атты көлдер кездеседі.
Сұлутөбе көшесі
Бұрынғы атауы – №34 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сұлутөбе көшесі М.Жұмабаев даңғылынан басталып, Қордай көшесінде аяқталады. Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 638,4 м.
Сұлутөбе – шоқы, жота, төбелердің көркемдігіне, әсемдігіне байланысты қойылған атау. Бірнеше өңірлерде осы аттас жерлер бар.
Сұлутөр көшесі
Бұрынғы атауы – №36-12 көше. «Қараөткел» шағын ауданы. Сұлутөр көшесі Атырау көшесінен басталып, Имантау, Арна көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 621,3 м.
«Сұлутөр» – Жамбыл облысындағы жайлау аты.
Сығанақ көшесі
Бұрынғы атауы – №19 магистраль көшесі (Жаңа әкімшілік орталық). Сығанақ көшесі Тұран, Қабанбай батыр даңғылдарын және Сауран, Ақмешіт, Түркістан, Орынбор көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3074,8 м.
Сығанақ – ортағасырлық қала. Қызылорда облысы, Төменарық теміржол стансасының солтүстік-батыс жағында 10 шақырым жерде орналасқан. Ертедегі Сығанақ – қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Қала туралы алғашқы дерек Х ғасырдағы парсы шығармасы «Худуд әл-Әлемде» кездеседі.
Сырдария көшесі
Сырдария көшесі Ж.Омаров көшесінен басталып, Күлтегін орамында аяқталады. С.Сейфуллин, Қарағанды, Ә.Жангелдин көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1204,8 м.
Сырдария – Орта Азиядағы ірі өзен.
Сырымбет көшесі
Бұрынғы атауы – №46 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Сырымбет көшесі Б.Момышұлы даңғылынан басталып, Жанкент көшесінде аяқталады. Талғар, Обаған көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 950,1 м.
Сырымбет – Көкшетау қыратының солтүстік-батыс жағындағы үстіртті жазық өңір. Солтүстік Қазақстан облысындағы Айыртау ауданының құрамына кіреді.
Сілеті көшесі
Бұрынғы атауы – №17 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (сол жақ). Сілеті көшесі Ғ.Мұстафин көшесінен басталып, Бурабай көшесінде аяқталады. Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 596,9 м.
«Сілеті» – суға байланысты туған атау. Қазақстанның бірнеше жерінде осы аттас өзендер мен көлдер бар.
Т.Әубәкіров көшесі
Т.Әубәкіров көшесі М.Горький көшесінен басталып, Ә.Әлімжанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 393,8 м.
Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров (1946 ж.т.) – қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер. Техника ғылымдарының докторы, профессор, қоғам қайраткері. Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы». 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшқан.
Т.Бигелдинов көшесі
Т.Бигелдинов көшесі К.Күмісбеков көшесінен басталып, Бейбітшілік көшесінде аяқталады. Сарыарқа, Жеңіс даңғылдарымен, Желтоқсан көшесін қиып өтеді. Ұзындығы – 2056,2 м.
Талғат Бигелдинов (1922 ж.т.) – авиация генерал майоры, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Украина, Курск, Ясско-Кишинев, Берлин және Париж маңындағы 15 топтық шайқасқа қатысып, бір өзі жаудың 7 ұшағын қиратқан. Ленин орденімен, күрескерлердің Қызыл Туы орденімен екі рет марапатталған. Александр Невскийдің және Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерінің, Қызыл Ту орденінің иегері.
Бұл көшеде М.Горкий атындағы орыс драма театры, «Астана-Финанс» лизингтік компаниясы, «Полиграф-Ті» баспасы, «Алтын Дала» қонақүйі орналасқан.
Т.Жароков көшесі
Т.Жароков көшесі А.Герцен көшесінен басталып, Оқжетпес көшесін қиып өтіп, Тамшалы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 572,3 м.
Тайыр Жароков (1908-1965) – ақын. Қазақстан Жазушылар одағында хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде редактордың орынбасары, Ж.Жабаевтың әдеби хатшысы қызметтерін атқарған. «Тасқын», «Тасқынға тосқын», т.б. поэмалардың авторы.
Т.Мұсабаев көшесі
Т.Мұсабаев көшесі М.Горький көшесінен басталып, Ә.Әлімжанов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 377,5 м.
Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев (1951 ж.т.) – қазақтан шыққан екінші ғарышкер. 1994 жылдың 1 шілде – 4 қараша аралығында «СоюзТМ-27» ғарыш кемесінің борт инженері ретінде ғарыш кеңістігіне шықты. Екінші рет 1998 жылдың 29 қаңтар – 25 тамыз аралығында ғарыш кемесі экипажының командирі, үшінші рет 2001 жылдың 6 мамырында «СоюзТМ-32» және «СоюзТМ-31» экспедицияларының командирі ретінде ғарышқа ұшқан. Қазақстанның «Халық қаһарманы», Ресей Федерациясының қаһарманы.
Т.Рысқұлов көшесі
Тұрар Рысқұлов көшесі Жеңіс даңғылынан басталып, Ә.Бөкейхан көшесінде аяқталады. Желтоқсан көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 604,6 м.
Тұрар Рысқұлов (1894-1938) – аса көрнекті мемлекет қайраткері. Меркедегі орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқыған. 1910 жылы Т.Рысқұлов Пішпектегі 1-дәрежелі ауыл шаруашылық мектебіне қабылданып, оны 1914 жылы қазан айында бау-бақша өсіруші мамандығы бойынша үздік бітірген. 1918 жылы қыркүйекте АКСР-нің Денсаулық сақтау халық комиссары болып тағайындалады. 1920 жылы 21 қаңтарда Т.Рысқұлов Түркістан АКСР-і ОАК-нің төрағасы болып сайланады.
Т.Тоқтаров көшесі
Т.Тоқтаров көшесі Ю.Малахов көшесінен басталып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Шиелі, Қ.Кемеңгерұлы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1311,1 м.
Төлеген Тоқтаров (1920-1942) – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Қарақұдық ауылында дүниеге келген. Кеңес Одағының Батыры. Т.Тоқтаров 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында болды. Бородино үшін болған ұрыста ерлікпен қаза тапқан.
Т.Хусейн көшесі
Т.Хусейн көшесі А.Кравцов көшесінен басталып, Ж.Тәшенов көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 684,5 м.
Таха Хусейн (1889-1973) – араб жазушысы, әдебиеттанушысы, тарихшысы (Египет).
Т.Шонанұлы көшесі
Бұрынғы атауы – Самарқанд көшесі. Т.Шонанұлы көшесі Ташкент көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1346,7 м.
Телжан Шонанұлы (1894-1938) – қоғам қайраткері, ағартушы, педагог, аудармашы, тілші ғалым. 1908-1912 жылдары Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, 1912-1916 жылдар аралығында Орынбордағы қазақ мұғалімдер институтында оқыған. Т.Шонанұлы ұлттық автономия жолында күрес жүргізген Алаш қайраткерлерінің қатарында болды. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен екінші жалпықазақ сиезінде Алашорда үкіметі жанынан құрылған оқу комиссиясының құрамына енгізілді.
Тайбурыл көшесі
Бұрынғы атауы – Курский көшесі. Тайбурыл көшесі Ақсеңгір мен Үшқоңыр көшелерінің қиылысқан жерінен басталып, Игілік көшесінде аяқталады. Ағадыр, Майтөбе көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 2570,2 м.
Тайбурыл – «Қобыланды батыр» жырындағы Қобыландының тұлпары.
Тайсойған көшесі
Бұрынғы атауы – А.Пархоменко көшесі. Тайсойған көшесі Құрақты қысқа көшесінен басталып, Жалын көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 289,3 м.
Тайсойған – Каспий ойпатының солтүстігінде орын тепкен құмды алаптың аты. «Тай сойған жер» деген мағынаны білдіреді.
Талапкер көшесі
Талапкер көшесі Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Қарталы көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 988 м.
Талапкер – «талаптану, ынталану» деген мағынаны білдіреді. Ол тілімізде жаңадан қалыптасқан атау.
Талғар көшесі
Бұрынғы атауы – №44 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Талғар көшесі Қарасаз көшесінен басталып, Қордай көшесінде аяқталады. Арғанаты, Балқантау, Жанкент, Ақсу-Аюлы, Құндызды, Ер Қосай, Қызыларай, Түлкібас, Зеренді, Бесшалқар, Ошақты, Сырымбет, Бағаналы, М.Жұмабаев даңғылын, Сарқан, Бөрілі, Баянтау, Мойынты, Түлкібас көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2394,9 м.
Талғар – Алматы облысындағы қала.
Талғар көшесі
Бұрынғы атауы – Рязанский көшесі. Талғар көшесі Сарықұм көшесінен басталады. Ұзындығы – 105,6 м.
Тамшалы көшесі
Бұрынғы атауы – А.Беляков көшесі. Тамшалы көшесі Атакент орамынан басталып, Д.Карбышев көшесіне дейін және М.Дулатов көшесінен қайта басталады. Т.Жароков, Оқжетпес көшелерімен, К.Байсейітова, Шілікті, Жалаулы, Ж.Төлеубаев қысқа көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1441,5 м.
Тамшалы – «тамшылы» деген сөздің дыбыстық өзгерісінен пайда болған атау. «Жаңбырлы, жауын-шашынды» деген ұғымды білдіреді.
Таңбалытас көшесі
Бұрынғы атауы – №76 көше. «Қараөткел» шағын ауданы. Таңбалытас көшесі Тұран даңғылынан басталып, Аягөз көшесінде аяқталады. Күреңбел көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 423,5 м.
Таңбалытас – таулы жердегі жартастарға, үңгір қабырғаларына немесе жеке бір тастарға шекіліп, таңбаланған суреттер мен белгілер. Қазақстан жерінде таңбалы тастар көптеп кездеседі. Мысалы, Арпаөзен, Қапшағай, Қаратау, Абыралы, Жалғызтау таңбалы тастары.
Тараз көшесі
Тараз көшесі Жәнібек тархан көшесінен басталып, М.Лермонтов көшесінде аяқталады. Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов, Баянауыл, М.Дулати, Кенесары, Отырар, Абай даңғылын, Ж.Омаров, С.Сейфуллин, Қарағанды, Ә.Жангелдин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1765,6 м.
Тараз – Талас өзенінің бойындағы ежелгі қала. Қазіргі кезде Жамбыл облысының орталығы. Қаланың батыс және оңтүстік-батыс жағында Қаратау сілемдері, ал оңтүстігі мен шығысында Талас Алатауы орналасқан. 2000 жылы ЮНЕСКО көлемінде Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы аталып өтілді.
Тарбағатай көшесі
Бұрынғы атауы – №7 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Тарбағатай көшесі Наурыз көшесінен басталып, Тастақ көшесінде аяқталады. Қайнар, Қарасу, Моншақты, Сарыағаш, Ақтөбе, Жезді көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 777 м.
Тарбағатай – Алтай тау жүйесіне жататын, Зайсан мен Алакөл аралығындағы жота.
Таскескен көшесі
Бұрынғы атауы – №40 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Таскескен көшесі Обаған көшесінен басталып, Балқантау көшесінде аяқталады. Марқакөл, Сарыкөл, Аршын, Кеген, Берен, М.Жұмабаев даңғылын, Қордай көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2314 м.
Таскескен – тасқа байланысты жер атауы. Еліміздің кейбір өңірлеріндегі елді мекендер осы атпен аталады.
Тасқұдық көшесі
Бұрынғы атауы – Троицкий көшесі. Тасқұдық көшесі Ақшағыл көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 131,9 м.
«Тасқұдық» – тастан жасалған құдыққа байланысты туған атау. Осы аттас елді мекендер де кездеседі.
Тастақ көшесі
Бұрынғы атауы – №30 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Тастақ көшесі Тарбағатай көшесінен басталып, Қарасу көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 311,2 м.
Тастақ – «тас араласқан, тасы көп» деген мағынаны білдіреді. Елімізде «Тастақ» атты елді мекендер кездеседі.
Ташкент көшесі
Ташкент көшесі Ашхабад көшесінен басталып, Т.Шонанұлы көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 381,1 м.
Ташкент – ежелгі Жібек жолының бойында орналасқан қала. 1918-1924 жылдар аралығында Түркістан АКСР-нің астанасы болды. Ташкентте қазақтың «Бірлік туы», «Ақ жол» секілді бірқатар басылымдары жарық көрген. Қазіргі кезде Өзбекстан Республикасының астанасы.
Тәттімбет көшесі
Тәттімбет көшесі Боталы көшесінен басталып, С.Кубрин көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 852 м.
Тәттімбет Қазанғапұлы (1815-1862) – қазақтың күйші-композиторы, домбырашы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Тәттімбет қырықтан аса күй шығарған. «Қосбасар», «Сарыжайлау», «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Терісқақпай», «Бес төре», т.б. күйлердің авторы.
Тәуелсіздік көшесі
Бұрынғы атауы – №1 көше. (Жаңа әкімшілік орталық). Тәуелсіздік көшесі Қабанбай батыр даңғылын, Ақмешіт, Түркістан көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2250,2 м.
Тәуелсіздік – мемлекеттің өз саясатын өз еркімен жүргізуге қабілеттілігі. Тәуелсіздіктің нышандары ретінде мемлекеттің әлемдік қауымдастық мойындаған аумағының болуын, сол аумақты басқаратын мемлекет билігінің болуын, елдікті нақыштаған әнұранының, туының және елтаңбаның болуын атауға болады. Көше Қазақстан Тәуелсіздігінің құрметіне қойылған.
Бұл көшеде ҚР Сыртқы істер министрлігі, «RIXOS», «Дипломат» қонақүйлері орналасқан.
Темірқазық көшесі
Бұрынғы атауы – Космонавтиканың 30 жылдығы көшесі. Темірқазық көшесі Космонавтар көшесінен басталып, Қараөткел көшесінде аяқталады. Толағай, Р.Қошқарбаев, Ә.Ермеков көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 852,6 м.
Темірқазық – Кіші аю шоқ жұлдызындағы ең жарық жұлдыз. Қазақ халқы Темірқазық жұлдызы арқылы бағыт-бағдарын дәл анықтап отырған.
Теңіз көшесі
Теңіз көшесі Г.Әлиев көшесінен басталып, Алпамыс көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 163,3 м.
Теңіз – Қорғалжын алабындағы көл. Ақмола облысының оңтүстік-батысында орналасқан.
Тобылғысай көшесі
Бұрынғы атауы – Новолунный көшесі. Тобылғысай көшесі Мирный көшесінен басталып, Арай көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 243 м.
Тобылғысай – тобылғы мол өскен сай. Тобылғы – раушан гүлділер тұқымына жататын қызыл күрең түсті бұта.
Толағай көшесі
Толағай көшесі Мирный көшесінен басталып, Н.Оңдасынов көшесінде аяқталады. Арай, Қараөткел, Темірқазық көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 495,8 м.
«Толағай» – халық аңызы.
Торғай көшесі
Бұрынғы атауы – №22 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Торғай көшесі Ұлытау көшесінен басталып, Жарқайың көшесінде аяқталады. Ордабасы, Маятас көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 410,9 м.
Торғай – Қостанай облысындағы аудан орталығы. Бұл өңірден қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлкен үлес қосқан Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Иманов секілді белгілі тұлғалар шыққан.
Төңкеріс көшесі
Бұрынғы атауы – Танкерисский көшесі. Төңкеріс көшесі Шиелі көшесімен қиылысып, Қ.Кемеңгерұлы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 642 м.
Төңкеріс – тарихи, әлеуметтік ұғым, ол бір билеуші топты екінші топтың күшпен құлатып, үстемдікті өз қолына алуы деген мағынаны білдіреді.
Тұмар ханым көшесі
Бұрынғы атауы – №174 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Тұмар ханым көшесі Ақбаян көшесінен басталып, Баян сұлу көшесінде аяқталады. Айғаным, Қарашаш ана, Домалақ ана көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1268,7 м.
Тұмар ханым (шамамен б.з.б. 570-518) - әйгілі сақ-массагет патшасы. II Кирмен соғысып, жеңіске жеткен.
Түлкібас көшесі
Бұрынғы атауы – №29 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (оң жақ). Түлкібас көшесі Сұлутөбе көшесінен басталып, Жанкент көшесінде аяқталады. Талғар, Обаған көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 821,5 м.
Түлкібас – Оңтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысындағы аудан. Орталығы – Т.Рысқұлов ауылы. Аудан жері арқылы трансазиялық теміржол және Алматы – Термез автомобиль жолы өтеді.
Түркістан көшесі
Бұрынғы атауы – №34 көше (Жаңа әкімшілік орталық). Түркістан көшесі Сарайшық көшесінен басталып, Тәуелсіздік, Достық, Сығанақ, Алматы көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 6554,5 м.
Түркістан (Иасы) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи қала. Сырдария өзенінің оң жағалауы мен Қаратау жотасының етегінде орналасқан. Түркістанның көркі мен мәртебесі – түркі әлемінің ғұламасы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі. 2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді.
Бұл көшеде «Бәйтерек» алаңы, «Астаналық» бизнес орталығы, «Француз кварталы» тұрғын үй кешені орналасқан.
У.Громова көшесі
Абай даңғылынан басталып, Изобильный қысқа көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 239,6 м.
Громова Ульяна (1924-1943) – Кеңес Одағының Батыры.
Узкий көшесі
Узкий көшесі Желтоқсан көшесінен басталады. Ұзындығы – 318,2 м.
Узкий – «тар, енсіз» деген мағынаны білдіреді.
Ұланбел көшесі
Бұрынғы атауы – Пекарня көшесі. Ұланбел көшесі Қарасай батыр көшесінен басталады. Ұзындығы – 192,6 м.
Ұланбел – жерге байланысты қойылатын атау. «Кең байтақ бел» дегенді білдіреді.
Ұлбике ақын көшесі
Бұрынғы атауы – №136 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Ұлбике ақын көшесі Тұран даңғылынан басталып, Айғаным көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 397,8 м.
Ұлбике Жангелдіқызы – айтыс ақыны, әнші, домбырашы. Туған жері Сыр өңірі болғанымен, жастық шағы Талас өзенінің бойында өткен. Әкесі, анасы ақын болған. Ізтілеу, Серәліқожа, Майлықожа, Мәделіқожа, Таспа ақындармен айтысқан. Күдеріқожамен айтысы оның есімін елге танытты.
Ұлытау көшесі
Ұлытау көшесі Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Арқалық, Ақмола, Айдарлы, Жезді, Ақтөбе, Саумалкөл, Сарыағаш, Моншақты, Қарасу, Қайнар, Наурыз, Маятас, Бостандық, Қызбел, Амантоғай, Зайсан, Айыртау, Кеңдала көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3458,2 м.
Ұлытау – қасиетті жер, қазақ бірлігінің бастауы болып аталып келген. Әйгілі Тәуке ханды үш жүздің өкілдері Ұлытауда хан сайлаған. Абылай ханның ордасы Ұлытауда болған. Әбілқайыр хан, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, т.б. тарихи тұлғалардың өмірлері Ұлытаумен тікелей байланысты.
Ұмай ана көшесі
Бұрынғы атауы – №173 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Ұмай ана көшесі Қорғалжын тасжолынан басталып, Қарашаш ана көшесінде аяқталады. Баян сұлу, Домалақ ана көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 935,2 м.
Ұмай ана – ертедегі Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке-молшылық тәңірісі. Ұмай анаға қазақтардан басқа хакастар, қырғыздар, алтайлықтар, тывалықтар, шорлар және түріктер табынған.
Ұшқыштар көшесі
Бұрынғы атауы – Ю.Гагарин көшесі. «Заречное» тұрғын алабы. Ұшқыштар көшесі Аққұм көшесінен басталады. Ұзындығы – 206,5 м.
«Ұшқыштар» – ұшқыштардың құрметіне қойылған көше аты.
Үлкен көшесі
Үлкен көшесі Алпамыс көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 120,7 м.
«Үлкен» – заттың, құбылыстың көлемі жағынан аумақты, зор, ірі екендігін білдіретін сөз.
Үстірт көшесі
Бұрынғы атауы – М.Кольцов көшесі. Үстірт көшесі Сусамыр, Шиелі көшелерін қиып өтіп, Қ.Кемеңгерұлы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 560,6 м.
Үстірт – батыста Маңғыстау түбегі мен Қарабұғазкөл шығанағы, шығыста Арал теңізі мен Әмудария атырауы аралығын алып жатқан дөңесті аймақ.
Үшкөпір көшесі
Бұрынғы атауы – Строительный көшесі. Үшкөпір көшесі Еңбекшілер көшесінен басталып, Жиделі көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 373,5 м.
Үшкөпір – Қазақстанның кейбір жерлерінде кездесетін елді мекен атауы.
Үшқара көшесі
Бұрынғы атауы – Клубный көшесі. Үшқара көшесі Конституция көшесінен басталып, Бұланты көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 259,1 м.
Үшқара – Қазақстанда жота, қоныс, тау аттарында кездеседі. Алматы облысындағы Сораяқкөл көлінің оңтүстік батысында, Қаратал ауданында орналасқан. Атаудың топонимдік мағынасы: «Үш биік тау», «Алыстан қарауыта көрінетін үш тау».
Үшқиян көшесі
Бұрынғы атауы – Д.Мануильский көшесі. Үшқиян көшесі Жәнібек тархан көшесінен басталып, Баянауыл көшесінде аяқталады. Ақмола, Ағыбай батыр, А.Иманов көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 448 м.
Үшқиян – Батыс Қазақстан облысындағы жер атауы. Мұрат Мөңкеұлының шеберлігін танытқан «Үш қиян» атты шығармасы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |