Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған Астана қаласы ономастика комиссиясы мақұлдаған



бет1/11
Дата27.12.2016
өлшемі1,72 Mb.
#6027
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11


Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Руханият» орталығы дайындаған

Астана қаласы ономастика комиссиясы мақұлдаған
Редакция алқасы
Рахымжанов Әмірхан, Асанғазы Оразкүл, Әбжанов Хангелді, Жолдасбеков Мырзатай, Кекілбаев Әбіш, Нұрғали Рымғали, Нұрғожа Ораз, Оңғарсынова Фариза, Нүркенов Жаңбыршы, Гундарев Владимир, Жамболатов Сағындық, Салғара Қойшығара, Сейдімбек Ақселеу, Серғалив Мырзатай, Смайыл Алдан.

Құрастырған: Е. Тілешов, О. Сүлейменов.


Астана қаласы

2008 жыл

ДАҢҒЫЛДАР
Абай даңғылы

Абай даңғылы К. Күмісбеков көшесінен басталып, А.Пушкин көшесінде аяқталады. Ол Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Желтоқсан, Бейбітшілік, Ә.Бөкейхан, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Ш.Уәлиханов, Ә.Сембинов, Б.Бейсекбаев, А.Жұбанов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 5280,6 м.

Абай Құнанбайұлы (1845-1904) – қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы, композитор. Абай бала кезінен елдегі шешен, ақын, ертегішілердің әңгімелерін тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен ерекшеленген. Қазақтың мәдени-рухани байлығын бала кезінен бастап бойына сіңірген ол қазақ әдебиетіне жаңа идеялық, көркемдік үлгілер әкелді.

Абай мұрасы қазақ мәдениеті мен әдеби тілінің дамуына үлкен ықпал жасады. Оның шығармалары басқа тілдерге аударылу арқылы дүние жүзіне тарады.

Бұл даңғылда ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі, Астана қаласы әкімдігі, ақынның ескерткіші, «Окан Интерконтиненталь Астана» қонақүйі, «Мегаспорт» сауда үйі, «Жаннұр» сауда орталығы орналасқан.
Абылай хан даңғылы

Абылай хан даңғылы Кенесары көшесінен басталып, Қарағанды-Астана тасжолына дейін жалғаcады. Ол І.Жансүгірұлы, Мақтымқұлы, Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Арқайым, Бурабай, Еділ көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4928,1 м.

Абылай хан (1711-1781)ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат, қазақтың даңқты ханы. Абылайдың шын есімі – Әбілмансұр. Жасынан Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Әбілмансұрға зор ықпал етті. Қазақ даласының даналығын бойына жинап, ақыл-парасатымен, ел билеу қабілетімен дараланған Төле би қазақ халқы анталаған жауға басы біріксе ғана тойтарыс бере алатынын жас баланың санасына ұялата білді. 1730-1733 жылдар аралығында болған бір ұрыста жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің туысы Шарышты өлтіреді. Атасының аруағын шақырып, жауға «Абылайлап» шапқан Әбілмансұрдың есімі содан бастап «Абылай» атанады. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.

Бұл даңғылда «Әділ» дүкені, «Сұлтан Бейбарыс» мейрамханасы, «Гүлжан» сауда үйі, «Мирас» мектебі, Республикалық клиникалық аурухана, Ұлттық ғылыми медицина орталығы орналасқан.



Б. Момышұлы даңғылы

Бұрынғы атауы – 13-магистральды автожолы. Б.Момышұлы даңғылы Сарайшық көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. М.Жұмабаев, Манас даңғылдарын және Қызыларай, Сырымбет, Қордай, М.Төлебаев көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3958,7 м.

Бауыржан Момышұлы (1910-1982) – әскери қайраткер, ержүрек қолбасшы, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның «Халық қаһарманы». Ол 1932 жылы әскерге алынып, мергендік өнерді игереді. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316-атқыштар дивизиясы құрамында майданға аттанады. Батальон, полк командирі болған Б.Момышұлы соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады. 1956 жылы демалысқа шығып, шығармашылық қызметпен айналысады. Б.Момышұлы шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушы шығармаларының басты тақырыбы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан-жақты суреттеп сомдау болды. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Офицер жазбалары», «Артымызда Москва», «Ұшқан ұя», «Қанмен жазылған кітап» т.б. туындыларын айтуға болады. «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.

Бұл даңғылда «Астанаэнергосбыт» мекемесі, «Тұран» мейрамхана кешені, «Меруерт» бизнес орталығы орналасқан.


Бөгенбай батыр даңғылы

Бөгенбай батыр даңғылы Н.Тілендиев даңғылынан басталып, Сарыарқа, Жеңіс, Республика даңғылдарын және Желтоқсан, Бейбітшілік, М.Әуезов, С.Торайғыров, Ш.Айманов, Ж.Аймауытов, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3611,7 м.

Бөгенбай батыр (1680-1775) – қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескер, XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қол бастаған даңқты батыр, көрнекті мемлекет қайраткері. «Қазақтың қамал-қорғаны» баһадүр Бөгенбай Абылай хан бастаған қазақ халқының ұлт бірлігі жолындағы азаттық күресінің ұйытқысы болды.

Бұл даңғылда Бөгенбай батырдың ескерткіші, «НұрБанк» ғимараты, М.Әуезов атындағы балалар кітапханасы, №7 мамандандырылған мектеп, «Шапағат» коммуналдық базары орналасқан.


Жеңіс даңғылы

Бұрынғы атауы – Победа даңғылы. Жеңіс даңғылы Т.Рысқұлов көшесінен басталып, І.Есенберлин көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Кенесары, Т.Бигелдинов, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Мәскеу, Ә.Молдағұлова, Ы.Алтынсарин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3304,4 м.

Жеңіс – қырғын соғыста жауды жеңіп, тізе бүктіріп, толық жеңіске ие болушылық. Кеңес Одағы 1945 жылы Германия мен оның одақтастарының басқыншылығына қарсы шығып, жеңіске жетті. Германияның негізгі мақсаты – Барбаросса жоспары бойынша КСРО-ны жою еді. Мамырдың 8-інен 9-ына қараған түні герман жоғары командованиесінің өкілдері Германияның сөзсіз тізе бүккені туралы актіге қол қойды.

Бұл даңғылда ҚР Қаржы министрлігі, Қазақ ұлттық музыка академиясы, «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет орналасқан.


Қабанбай батыр даңғылы

Қабанбай батыр даңғылы Достық, Тәуелсіздік, Сарайшық, С.Қожанұлы, Атасу, Қорғалжын тасжолы мен Қалқаман көшесін қиып өтіп, А.Бараев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 16093 м.

Қабанбай батыр (1692-1770)қазақ қолын бастаған ержүрек қолбасшы, даңқты батыр. Азан шақырып қойылған есімі – Ерасыл. Жылқыға шапқан жабайы қабандарды жайратып, «Қабан батыр» атанған. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінде ерекше ерлік көрсетіп, талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. 1730 жылы Аңырақай-Алакөл шайқасына, кейін, Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының біріне айналады. Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін «Дарабоз» атанады.

Бұл даңғылда Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың кардиохирургиялық клиникасы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы, «Астаналық цирк», «Салтанат сарайы» орналасқан.


М. Жұмабаев даңғылы

Бұрынғы атауы – М.Жұмабаев көшесі және №1 даңғыл. М.Жұмабаев даңғылы Абылай хан даңғылынан басталып, Айнакөл көшесінде аяқталады. Б.Момышұлы даңғылын және Қажымұқан, М.Төлебаев, Сұлутөбе, Талғар, Обаған, Жанкент, Балқантау, Таскескен көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3197 м.

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Медреседе оқып, Шығыс халықтарының тарихын, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Низами секілді шығыс ақындарының дастандарын оқып үйренеді. 1912 жылы Қазанда ақынның «Шолпан» атты тұңғыш өлеңдер жинағы басылып шығады. Ақын Ә. Бөкейхан, А.Байтұрсынов, М.Дулатов секілді Алаш қайраткерлерімен бірге «Қазақ» газетіне өз өлеңдерін жариялап отырады.

М. Жұмабаев «Қазағым», «Мен жастарға сенемін», «Қазақ тілі», «Түркістан» т.б. өлеңдердің және «Батыр Баян», «Қойлыбайдың қобызы» атты дастандардың авторы.



Бұл даңғылда Еуразия гуманитарлық институты, «Арасан» демалыс орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Студенттер үйі» орналасқан.
Манас даңғылы

Манас даңғылы Ж.Тәшенов көшесінен басталып, Қажымұқан, Б.Майлин, Б.Момышұлы даңғылын, Майқайың, Құндызды, Шертер, Ақыртас, Қарасаз көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1095,8 м.

Манас қырғыз халқының батырлық эпосы. Жырдың негізгі идеясы – халық бостандығы, бірлігі, бақытты өмір үшін қаһармандық күрес.

Бұл даңғылда ҚР Ішкі істер министрлігі, «Толқын» спорт кешені, «Отан Ана» монументі, «Арыс» қонақүйі, «Данияр» қонақүйі, «ТұранӘлемБанк» орналасқан.
Н. Тілендиев даңғылы

Н.Тілендиев даңғылы Баршын, Ұлытау, Қайнар, Сарыөзен, Көктал, Д.Бабатайұлы, Шұғыла, Атбасар, Ш.Бейсекова көшелерін қиып өтіп, Бөгенбай батыр даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 15926,6 м.

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев (1925-1998) – аса көрнекті композитор, белгілі дирижер, домбырашы. ҚазКСР-нің және КСРО-ның халық әртісі, ҚазАСР-і Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның «Халық қаһарманы».

Бұл даңғылда «Қамқор» техникалық қызмет көрсету орталығы, «Эталон» құрылыс базары, Қажымұқан атындағы спорт мектебі, Сарыарқа ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығы орналасқан.


Республика даңғылы

Республика даңғылы Ж.Тәшенов көшесінен басталып, И.Гёте көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Ә.Ысмайылов, Жәнібек тархан, Ағыбай батыр, А.Иманов, Кенесары, Отырар, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин, Ы.Дүкенұлы, Ә.Молдағұлова, І.Есенберлин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы 4159 м.

Қазақстан РеспубликасыЕуразия құрлығында орналасқан мемлекет. Астанасы – Астана қаласы. Әкімшілік жағынан 14 облыстан және республикалық маңызы бар 2 қаладан тұрады. Ұлттық валютасы – теңге.

Бұл даңғылда Қазіргі заманғы өнер мұражайы, ҚР Президенттік мәдениет орталығы, «Абай» қонақүйі, «Жастар» сарайы орналасқан.


Сарыарқа даңғылы

Сарыарқа даңғылы Шығанақ көшесінен басталып, Бестерек көшесінде аяқталады. Абай, Бөгенбай батыр даңғылдарын және Кенесары, Т.Бигелдинов, Ә.Әлімжанов, Ж.Омаров, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 3191,5 м.

Сарыарқа – Қазақстанның орталық және шығыс бөлігін алып жатқан ұлан-ғайыр өлке. Батыс бөлігі Торғай ойпаттарынан басталып, шығыс бөлігі Тарбағатай тауына дейін 1200 шақырымға созылып жатыр.

Бұл даңғылда «Хабар» телекомпаниясы, «Астана» спорт кешені, Қазақ Мемлекеттік медицина академиясы орналасқан.
Тұран даңғылы

Бұрынғы атауы – Сарыарқа даңғылы (Есіл өзенінен кейінгі жалғасы). Тұран даңғылы Достық көшесінен басталып, Сарыарқа даңғылында аяқталады. Тәуелсіздік, Ақбаян, Қорғалжын тасжолын қиып өтеді. Ұзындығы 10161,0 м.

Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы. Тұранда түркі халықтарының арғы тегінен сыр шертетін «Алып Ер Тұңға» атты дастан дүниеге келген. VІ ғасырдан бастап «Тұран» сөзі түріктер мекендейтін жер, елдің атауы ретінде қолданыла бастаған.

Бұл даңғылда «Хан шатыры», «Бақыт» неке сарайы, «Каспий» спорттық-сауықтыру кешені орналасқан.


Ш. Құдайбердіұлы даңғылы

Бұрынғы атауы – Абай даңғылы (көпірден кейінгі жалғасы).

Ш. Құдайбердіұлы даңғылы А.Пушкин көшесінен басталып, 12-магистральда аяқталады. І.Жансүгірұлы, Мақтымқұлы, Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Мүсірепов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 2602 м.

Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)ұлы ақын, ойшыл, композитор, аудармашы. Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Шәкәрім – қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Ш.Құдайбердіұлы «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» дастандары мен «Айсұлу-Нартай» поэмасын жазды. Сонымен қатар «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі», «Мұсылмандық шарты» атты еңбектерін жарыққа шығарды.

Бұл даңғылда «Жаңаарқа» кинотеатры, «Мастер» құрылыс заттарының орталығы орналасқан.

КӨШЕЛЕР
А. Байтұрсынов көшесі

А. Байтұрсынов көшесі Шыңтас орамынан басталып, Қарасай батыр, Конституция, М. Дулатов, Абат-Байтақ, С. Қожахметов, М. Жәлел, Шақпақ көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 2447,8 м.

Ахмет Байтұрсынов (1873-1938) – қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы.

1917 жылы төңкерістік өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған қазақ сиездері мен қазақ комитеттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүріп, «Қазақ» газеті арқылы халыққа саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Алашорда үкіметі құрамын бекіткен 2-жалпықазақ сиезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп А.Байтұрсыновты бекітеді.

А.Байтұрсынов «Қырық мысал», «Маса», «Әдебиет танытқыш» секілді жинақтарын жарыққа шығарды. А.Байтұрсыновтың ақын, аудармашы, ғалым-тілші, әдебиеттанушы ретіндегі ұлан-ғайыр еңбегі зор бағаға ие болды.
А. Бараев көшесі

А.Бараев көшесі Қабанбай батыр даңғылынан басталып, Ш.Уәлиханов көшесінде аяқталады. Ж.Тәшенов, Ш.Иманбаева көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 988,5 м.

Александр Иванович Бараев (1908-1985) – ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

Бұл көшеде «Ақниет» жиһаз салоны, «Континент» сауда орталығы орналасқан.


А. Герцен көшесі

А.Герцен көшесі Жерұйық, М.Дулатов, Әулие ата, Т.Жароков көшелерін қиып өтіп, Д.Карбышев көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 2061,5 м.

Александр Иванович Герцен (1812-1870) – орыстың көрнекті қайраткері, философ-материалист, жазушы, публицист. Шығармалары: «Кім жазықты?», «Сұғанақ сауысқан», «Доктор Крупов».

А. Жұбанов көшесі

А.Жұбанов көшесі А.Пушкин көшесінен басталып, Жәнібек тархан, А.Иманов, Кенесары көшелері мен Абай даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 1927,6 м.

Ахмет Жұбанов (1906-1968) – ғалым, композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, академик. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Исатай – Махамбет» пьесаларының, «Амангелді» фильмінің музыкасын жазған. А.Жұбанов – қазақ халқының қазіргі заманғы кәсіби музыкасының негізін қалаған аға буын композиторлардың бірі.

Бұл көшеде Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті орналасқан.
А. Затаевич көшесі

А.Затаевич көшесі І.Есенберлин көшесінен басталып, Г.Потанин, Бекетай көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1281,6 м.

Александр Викторович Затаевич (1869-1936) – музыка сыншысы, этнограф, композитор. «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» атты кітаптары шықты. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасының көптеген үлгілері сақталып, біздің заманымызға жетті.
А. Иманов көшесі

А.Иманов көшесі Ә.Бөкейхан көшесінен басталып, А.Янушкевич көшесінде аяқталады. Республика даңғылын және М.Әуезов, Қорқыт, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Ш.Иманбаева, Үшқиян, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов, Тараз, Асанқайғы, Ә.Сембинов, Б.Бейсекбаев, А.Жұбанов көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 4917,2 м.

Амангелді Үдербайұлы Иманов (1873-1919) – халық батыры, қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі. Амангелді батырдың ұйымдастырушылық және қолбасшылық таланты 1916 жылғы Ресей патшасының маусым айындағы жарлығына наразылық ретінде Торғай даласында бұрқ еткен ұлт-азаттық көтерілісі барысында айқын көрінді.

Бұл көшеде «Самұрық» кинотеатры, «Қазына» сауда үйі, Астана қаласы бойынша жылжымайтын мүлік орталығы орналасқан.
А. Косыгин көшесі

А.Косыгин көшесі Шығанақ көшесінен басталып, С.Челюскин көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 351,1 м.

Алексей Николаевич Косыгин (1904-1980) – Кеңес үкіметі мен компартия қайраткері.
А.Матросов көшесі

А.Матросов көшесі Сартүбек көшесімен қиылысып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 316,8 м.

Александр Матвеевич Матросов (1924-1943) – Кеңес Одағының Батыры.
А. Пушкин көшесі

Бұрынғы атауы – А.Можайский және Л.Гумилев көшелері. А.Пушкин көшесі Ж.Тәшенов көшесінен басталып, А.Жұбанов, Жәнібек тархан, Кенесары көшелері мен Абай даңғылын қиып өтеді. Ұзындығы – 4917,2 м.

Александр Сергеевич Пушкин (1799-1837) орыс классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, ақын. Қазақ даласында А.Пушкин мұрасына алғаш айрықша көңіл аударып, қазақ халқына танытқандардың қатарында Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев болды.
А. Серов көшесі

А.Серов көшесі Республика даңғылынан басталады. Ұзындығы – 133,6 м.

Александр Николаевич Серов (1820-1871) – орыс композиторы, музыка сыншысы.
А. Суворов көшесі

А.Суворов көшесі М.Дулатов көшесімен қиылысып, Қырыққыз орамында аяқталады. Ұзындығы – 641,6 м.

Александр Васильевич Суворов (1729-1800) – әскери қолбасшы, орыс соғыс өнерін дамытушылардың бірі.

А. Тоқпанов көшесі

А.Тоқпанов көшесі Ж.Тәшенов көшесінен басталып, Арасан, Саргүл, Өлеңті көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1077,7 м.

Асқар Тоқпанов (1915-1994) – режиссер, педагог, Қазақ КСР-інің халық әртісі. Мәскеу қаласындағы Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетін бітіреді. «Абай», «Марабай», «Еңлік-Кебек», «Жеңіс жыры» секілді спектакльдерді сахнаға шығарды.
А. Хачатурян көшесі

А.Хачатурян көшесі И.Дунаевский көшесінен басталып, Жолымбет көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 167,7 м.

Арам Ильич Хачатурян (1903-1978) – композитор, дирижер, педагог, музыка және қоғам қайраткері, КСРО халық әртісі.
А. Чехов көшесі

А.Чехов көшесі М.Дулатов көшесінен басталып, М.Жәлел көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 1239,1м.

Антон Павлович Чехов (1860-1904) – орыс жазушысы. 1884-85 жылдан дәрігерлік қызметпен айналысып «Ресейдегі дәрігерлік жұмыс» атты еңбегін жазды. Тұңғыш әңгімелер жинағы – «Мельпоменаның хикаялары» 1884 жылы шықты. Еңбектері: «Сахалин аралы», «Жуан мен жіңішке», «Қасірет» т.б. Чеховтың шығармалары дүниежүзінің көптеген тілдеріне аударылып, әлем әдебиетінің алтын қазынасына қосылды.
А. Янушкевич көшесі

А.Янушкевич көшесі Жәнібек тархан көшесінен басталып, Абай даңғылында аяқталады. А.Иманов, Кенесары көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 914,4 м.

Адольф Янушкевич (1803-1857) – поляк халқының көрнекті төңкерісшіл-демократы, көсемсөзші. 1845-46 жылы экспедиция құрамында Ұлы жүз, Орта жүз қазақтарын аралады. Сонымен қатар, «Қазақ даласына саяхаттан күнделік және хаттар» атты кітабы Алматыда жарық көрді.
Абайдың 150 жылдығы көшесі

Абайдың 150 жылдығы көшесі Шұғыла көшесінен басталып, Н.Тілендиев даңғылымен қиылысады. Ұзындығы – 1257,4 м.

1995 жылы қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы тойланды. Бұл той ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілді.

Абат-Байтақ көшесі

Бұрынғы атауы – Проектный көшесі. Абат-Байтақ көшесі Мұзтау көшесінен басталып, А.Байтұрсынов көшесінде аяқталады. С.Мұхамеджанов, Ш.Бейсекова көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 657,3 м.

Абат-Байтақ – XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың бас кезінде салынған сәулет өнері ескерткіші. Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Талдысай кенті маңында орналасқан. Абат-Байтақ кесенесі орналасқан қорым мемлекеттің қорғауына алынған.
Ағадыр көшесі

Бұрынғы атауы – Тульский көшесі. Ағадыр көшесі Сарықұм көшесінен басталады. Ұзындығы – 1286,1 м.

«Ағадыр»дөңесті және белесті жер деген мағынаны білдіреді. Ағадыр атауы Қарағанды облысы, Шет ауданындағы кент, теміржол стансасына берілген.
Ағыбай батыр көшесі

Бұрынғы атауы – Интернациональный көшесі. Ағыбай батыр көшесі Ә.Бөкейхан көшесінен басталып, Асанқайғы көшесінде аяқталады. Республика даңғылын және Қорқыт, М.Ғабдуллин, М.Мәметова, Ш.Иманбаева, Үшқиян, Р.Қошқарбаев, Ш.Уәлиханов, Тараз көшелерін қиып өтіп, Ұзындығы – 1380,6 м.

Ағыбай батыр (1802-1885) – Ресей отаршылығына қарсы ұйымдастырылған Кенесары Қасымовтың көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы.
Адырна көшесі

Бұрынғы атауы – Самоцветный көшесі. Адырна көшесі Құлагер көшесінен басталады. Ұзындығы – 344,2 м.

Адырнақазақтың көп ішекті шертпелі саз аспабы. Аспаптың шанағы қуыс, беті терімен қапталады. Адырнаны тізенің үстіне қойып, басын иыққа тіреп, ішектерін іліп тартып немесе шертіп ойнайды. Адырна қазіргі кезде фольклорлық әуендер мен шағын күйлерді орындауда қолданылады.
Айғаным көшесі

Бұрынғы атауы – №171 көше. Айғаным көшесі Ұлбике ақын, М.Жагорқызы, Айман-Шолпан, Қыз Жібек, Айша бибі, Тұмар ханым, Ақжүніс, ақын Сара көшелерімен қиылысып, Қорғалжын тасжолында аяқталады. Ұзындығы – 967,2 м.

Айғаным Сарғалдаққызы (1783-1853) – Ш.Уәлихановтың әжесі, Уәлидің кіші әйелі. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болған. Шоқанның болашақта үлкен ғалым болып қалыптасуына әжесі Айғанымның әсері көп болған.
Айдарлы көшесі

Бұрынғы атауы – №29 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Айдарлы көшесі Баршын көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Құланөтпес көшесімен қиылысады. Ұзындығы – 294,2 м.

Айдар – кішкентай баланың төбесіне қойылатын шаш. Айдар қою қаһарлы күш-қуаттың белгісі тәрізді болған.
Айман-Шолпан көшесі

Бұрынғы атауы – №102 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Айман-Шолпан көшесі Қарашаш ана көшесінен басталып, Ақбаян көшесінде аяқталады. Айғаным, Қыз Жібек көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 766,2 м.

«Айман-Шолпан» қазақ халқына кеңінен тараған лиро-эпостық жыр. Алғаш жазып алып баспаға ұсынған – Ж.Шайхисламұлы. Жырда адамның бас бостандығы, ел тыныштығы, жұрт ынтымағы көтеріледі.
Айнабұлақ көшесі

Бұрынғы атауы – Строительный көшесі. Айнабұлақ көшесі Болашақ көшесінен басталып, Арнасай көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 255,4 м.

Айнабұлақбұлақтың тұнық, мөлдір бастауының атауы. «Айнадай күнге шағылысқан су» деген мағынаны береді. Сондай-ақ Айнабұлақ елді мекеннің де атауы.
Айша бибі көшесі

Бұрынғы атауы – №84 көше. «Комсомольский» тұрғын алабы. Айша бибі көшесі Баян сұлу көшесінен басталып, Ақбаян көшесінде аяқталады. Ұлпан орамы, Домалақ ана, Қарашаш ана, Айғаным көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1450,9 м.

Айша Бибі – шамамен XI-XII ғасырда өмір сүрген ару қыз. Айша бибі еліне сапарлап келген Қараханмен жүздесіп, бірін-бірі ұнатады. Алайда тұтқиылдан елін жау шапқанын естіген Қарахан дереу еліне аттанады. «Күйеу жігіттің еліне барып хабарын білейін» деген Айша бибіге әкесі рұқсат бермейді. 40 қыз жолдасын ертіп, Қараханның еліне таянған Айша бибі су бойына тоқтап, жуынады. Сол кезде сәукеленің ішіне жасырынып қалған улы жылан Айшаны басынан шағып өлтіреді. Қыздардың хабарын естіген Қарахан да жетеді. Бірақ Айша тілге келмейді. Қарахан Айша бибінің қабірінің үстіне күмбез салдырады.


Айыртау көшесі

Бұрынғы атауы – №34 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Айыртау көшесі Ақсуат көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 149,7 м.

Айыртау Ақмола облысы Арықбалық ауданының солтүстігіндегі Имантау мен Шалқар көлдерінің аралығында орналасқан тау.
Ақан сері көшесі

Бұрынғы атауы – Оренбургский көшесі. Ақан сері көшесі М.Дулатов көшесінен басталып, Қарталы көшесінде аяқталады. Оқжетпес, М.Жәлел, Шақпақ көшелерін қиып өтеді. Ұзындығы – 1425,6 м.

Ақан сері Қорамсаұлы (1843-1913) – қазақтың әйгілі ақыны, әнші, композиторы. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болған. Олардың бәрі Ақан серінің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ақан серінің «Ақтоқты», «Алтыбасар», «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет», «Майда қоңыр», «Маңмаңгер», «Қараторғай», «Құлагер» т.б. әндері қазақ халқы арасына кеңінен тараған.
Ақарыс көшесі

Бұрынғы атауы – №5 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы (сол жақ). Ақарыс көшесі Сілеті көшесінен басталып, Хантау, Қаратау, Қозыбасы көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 1076,7 м.

Ақарыс – Ұлы жүздің атасы. Қазақ халқын құрайтын үш жүз бірде Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз деп аталса, енді бірде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деп аталады. Аңыз бойынша Қазақ деген кісінің Ақ, Жан, Бек деген үш ұлы болған. «Арыс» сөзі «ер азамат», «ел қамын жеген тұлға» деген ұғымды білдіреді. Демек, Ақарыс қазақ халқының Ұлы жүз тайпалар бірлестігінің тағы бір аты болып табылады. Ақарыстан (Ұлы жүз) жалайыр, қаңлы, албан, суан, дулат, шапырашты, сіргелі, шанышқылы, ысты, ошақты, сарыүйсін, қатаған тарайды.


Каталог: ld
ld -> Шпаргалка на казахском языке по истории Казахстана 100 м қашықтыққа ұшатын, орақ тәрәздә құрал-бумеранг
ld -> Қош келдіңіздер!
ld -> Қазақ әдебиет пәніне тест сұрақтары
ld -> Сабақ: ана тілі Тақырыбы: Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпенің атасы»
ld -> Қазақстан тарихы бойынша Ұбт шпаргалкалары а а. Иманов көтерiлiс отрядтарын қаруландыру үшiн – қару-жарақ шығаруды ұйымдастырды
ld -> Ақтқбе облысы Байғанин ауданы №3 Қарауылкелді орта мектебі
ld -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин "Өзен" Мұғалімі: 3 "
ld -> Әнші- ақындар шығармашылығы
ld -> Есмағамбет Ысмайлов Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Адамға зияным жоқ жүрген жанмын
ld -> Өмірбаяны Хронология Қорытынды пайдаланған әдебиеттер


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет