Астрономия Мазмұны



бет2/12
Дата23.10.2016
өлшемі0,69 Mb.
#11
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12



Дүниенің гелиоцентрлік жүйесі. Өзінің дүние жүйесі туралы поляктың ұлы астрономы Николай Коперник (1473-1543) ол өзі қайтыс болған жылы жарық көрген «Аспан сферасының айнала қозғалысы жөнінде» деген еңбегінде жазған еді. Оның ілімі бойынша, дүние центрінде Жер емес, Күн тұр. Жерді айнала Ай ғана қозғалып жүреді. Жердің өзі Күннен қашықтығы бойынша (Меркурий мен Шолпаннан кейін) үшінші ғаламшар болып саналады. Ол Күнді айнала және өз осінен айналады. Жер орбитасының сыртында Марстың, Юпитердіңжәне Сатурнның орбиталары орналасқан. Коперник «жылжымайтын жұлдыздар сферасын» Күннен өте қашыққа орналастырды. Коперник ұсынған дүние жүйесі гелоиоцентрлік деп аталды. Ол ғаламшарлардың тұзақ тәрізді қозғалысын біздің Күнді айнала қозғалатын ғаламшарларды қозғалмайтын Жерден емес өзі де Күнді айнала қозғалатын Жерден бақылайтындығымыздан бізге солай көрінеді деп қарапайым және табиғи түрде түсіндірді. Коперник астрономияда алғаш рет Күн жүйесі құрылымының схемасын құрып қана қоймай , сонымен бірге ғаламшарлардың Күннен салыстырмалы қашықтықтарын (Жердің Күннен қашықтық бірлігімен көрсете отырып) анықтады және олардың Күнді айналып шығу периодын есептеп шығарды.



Коперниктің ілімі дүниенің геоцентрлік жүйесіне күйрете соққы берді. Ол барлық жаратылыстанудың дамуына қуатты соққы бола тұрып, астрономия ғылымы аясынан алысқа тарады.



Гелиоцентрлік дүниетанымның қалыптасуы. Коперниктің ілімі бір дегеннен мойындалып қабылданған жоқ. Мысалы, 1600 жылы инквизицияның үкімімен Римде Италияның ұлы философы, Коперниктің ізін қуушы Джордано Бруно (1548-1600) өртелді. Бруно Коперниктің ілімін дамыта отырып, Ғаламда центр жоқ және болуы мүмкін емес, ал Күн - бұл Күн жүйесінің ғана центрі деп пайымдады. Ол сондай-ақ жұлдыздар - біздің Күн сияқты басқа жүйедегі «Күндер», сонымен бірге сансыз жұлдыздарды айнала ғаламшарлар айналып жүреді, олардың көпшілігінде саналы өмір бар деген данышпан ой-болжам жасады. Инквизицияның ешқандай от-жалыны Джордано Бруноның жігерін жасыта алмады, оны жаңа ілімінен бас тартқыза алмады.



1609 жылы Галилео Галилей (1564-1642) тұңғыш рет телескопты аспанға бағыттап, Коперниктің ілімін көрнекі түрде дәлелдейтін жаңалық ашты. Ай бетінен ол тауларды көрді. Ендеше, Айдың беті Жер бетіне біршама ұқсас және «Жер» мен «аспан» арасында принциптілік айырмашылық жоқ. Галилей Юпитердің төрт серігін ашты. Олардың Юпитерді айнала қозғалысы аспан денелері қозғалысының центрі тек Жер болуы керек деген қате түсінікті жоққа шығарды. Галилей Шолпанның да Ай сияқты өз фазаларын өзгертетінін байқады. Олай болса, Шолпан - Күннің сәулесіне шағылысып жарық шығаратын шар тәрізді дене. Шолпан көрінісі өзгерістерінің ерекшеліктерін зерттей келе, Галилей ол Жерді ғана емес, Күнді де айнала қозғалады деген дұрыс тұжырым жасады. «Аспан тазалығын» көрсететін Күн бетінен Галилей дақтарды көрді, оларды бақылай жүріп, Күннің өз осінен айналатынын анықтады. Ендеше, әр түрлі аспан денелеріне, мысалы, Күнге, осьтік айналу тән екен. Ақырында ол, Құс жолы - жай көзбен ажыратуға келмейтін мың-сан көмескі жұлдыздар екенін анықтады. Олай болса, Ғалам ертеде ойлағандағыдан әлдеқайда ғаламат екен, ал ол кішкентай Жерді айнала бір тәулік ішінде толық айналым жасап шығады деп болжау мейлінше аңғырт түсінік еді. Галилейдің ашқан жаңалықтары дүниенің гелиоцентрлік жүйесін қолдаушылардың санын көбейтті және сонымен қатар шіркеуді коперникшілдерді қудалауын күшейтуге мәжбүр етті. 1616 жылы Коперниктің «Аспан сферасының айнала қозғалысы жөнінде» атты кітабы оқуға тыйым салынған кітаптар тізіміне енгізілді, ал ондағы ілім Қасиетті Жазбаға қайшы келеді деп жарияланды. Галилейге Коперниктің ілімін насихаттауға тыйым салынды. Солай бола тұрса да 1632 жылы оған өзінің «Дүниенің екі ең басты жүйелері - Птоломей және Коперник жүйелері жөніндегі диалог» атты кітабын жариялаудың мүмкіндігі туды, онда ол гелиоцентрлік жүйенің ақиқаттығын нанымды көрсете білді, сөйтіп ол католиктік шіркеудің оған деген ашу-ызасын күшейтіп алды. 1633 жылы Галилей инквизиция сотының алдына шақырылды. Жасы келген ғалымды өзінің көзқарасынан «бас тартуға» қол қоюға мәжбүр етті және өмірінің соңына дейін инквизицияның бақылауында ұстады. Тек 1992 жылы ғана католиктік шіркеу Галилейді біржолата ақтады.



Бруноның қазасы, Коперник іліміне ресми тыйым салыну, Галилейдің сот алдында тұруы коперникандықтың таралуын тоқтата алмады. Австрияда Иоганн Кеплер (1571-1630) ғаламшарлардың қозғалу заңдарын аша отырып, Коперниктің ілімін дамытты. Ежелгі уақыттан бері аспан денелері «идеал қисық» - шеңбер бойымен қозғалады деп есептеліп келді. Коперниктің теориясында да айнала қозғалу күмән туғызған жоқ. Дегенмен де, 17 ғасырда аспан денелерінің орбиталары шын мәнінде шеңберден өзгеше екені анықталды. Бұл маңызды жаңалықты Иоганн Кеплер ашты. Англияда Исаак Ньютон (1643-1727) өзінің әйгілі бүкіләлемдік тартылыс заңын жариялады. Ресейде Шолпан атмосферасының бар екенін ашқан М.В.Ломоносов (1711-1765) Коперниктің ілімін батыл қолдады, тіршілік әлемдері көп екені жөніндегі идеяны қоғады және өзінің мазмұны терең өлеңдерінде геоцентрлікті жақтаушыларды мұқатты.



1755 ж. И.Кант және 1776 ж. П.Лаплас Күн жүйесінің пайда болуы туралы алғашқы гипотезаны ұсынды. 19 ғасырдың ортасынан аспан физикалық табиғаты жүйелі түрде зерттеле бастады.



1.2. Қазіргі астрономияның бөлімдері



Қазіргі заманғы астрономия аспан денелерін зерттеудің тәсілдеріне қарай бірнеше бөлімге бөлінеді. Астрометрияда аспан объектілерінің орындары мен қозғалысы анықталады, Жердің айналу заңдылықтары зерттеледі, астрономиялық тұрақты шамалардың мәндері анықталады. Сфералық астрономияда аспан объектілерінің орны мен қозғалысы математикалық тәсілдермен анықталады. Ал тәжірибелік астрономияда бұрыш өлшейтін аспаптардың жаңа теориялары жасалып, уақытты, географиялық координаттарды (бойлық пен ендікті), белгілі бір бағыттағы азимуттарды анықтау әдістері жүйеленеді. Аспан механикасында бүкіләлемдік тартылыс күшінің әсерінен болатын аспан денелерінің, соның ішінде жасанды денелердің қозғалысы, сондай -ақ аспан денелерінің тепе-теңдік жағдайы зерттеледі. Жұлдыздық астрономияда біздің галактиканы (Жұлдызаралды) құрайтын жұлдыздар жүйесі , ал галактика сырты астрономиясында басқа галактикалар және олардың жүйелері қарастырылады. Құрамына астрофотометрия, астроспектроскопия , т.б. бөлімдер енетін астрофизика аспан денелерінде, олардың жүйелерінде және ғарыштық кеңістікте болып жататын физикалық құбылыстар мен химиялық процестерді зерттейді. Радиоастрономияда ғарыштан келген радиотолқындардың қасиеттері және олардың кеңістікте таралуы зерттеледі. Жердің жасанды серіктері ғарыштық кемелер мен ғарыштық телескоптардың (мыс., америкалық «Хаббл» телескопы) жасалуы астрономияда зерттеулерді атмосферадан тыс жүргізуге жол ашты. Космонгонияда жеке аспан денелерінің , сондай-ақ олардың жүйелерінің, атап айтқанда Күн жүйесінің пайда болу мәселелері, космологияда жалпы ғаламның құрылысы мен заңдылықтары қарастырылады. Қазақстанда астрономиялық зерттеулер ҚР ҒМ - Ғылым Академиясының Астрофизика институты мен оның Асы-Түрген обсерваториясында жүргізіледі.


Каталог: wp-content -> files
files -> Реферат 15-16 ғасырлардағы Қазақ-Қырғыз қарым-қатынасы реферат
files -> Ілияс жансүгіров
files -> Ахмет Жұбанов Ахмет Қуанұлы Жұбанов
files -> Мерекелер мен атаулы күндер Қазақстан республикасының мемлекеттік және ұлттық мейрамдары
files -> Өмірбаяны туралы білімдерін жинақтап, кеңейтіп, пысықтайды, толықтырады
files -> Лекция мақсаты: Шалкиіз жыраудың шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету. Жоспар
files -> Мәдениеттану
files -> Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде Асанқайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады
files -> Шымкент қаласы туралы ақпарат


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет