Халықтың қалыпты өсіп-өнуін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру үшін ерлердің, әйелдер мен жасөспірімдердің ұрпақ әкелетін денсаулығын сақтау және нығайту керек. Соңғы жылдары Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруының нәтижесінде бірқатар медициналық-демографиялық оң өзгерістер болды. Өркениетті елдерде денсаулық, салауатты өмір салты және отбасын жоспарлау мәселелеріне үлкен назар аударылады. Өйткені, отбасы денсаулығы – бұл мемлекеттің денсаулығы. Ана мен бала саулығын қорғау – халық денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелерінің бірі.
Мемлекеттің негізгі міндеті – дені сау сәбилердің туылуына қолайлы экономикалық жағдай жасау. Ол – жас отбасыларын қолдауға, әсіресе сәби туылғанда заңдық актілер мен өлшемдер жүйелерін реттеуге көмектесу; жүкті әйелдің денсаулығын медициналық және әлеуметтік жағынан қорғау.
Ана мен баланы қорғау деген – мемлекеттік, қоғамдық және медициналық мекемелер және медициналық шаралар, аналарды келуіне және тәрбиеленуіне жағдай жасау, ана мен баланың денсаулығын қамтамасыз ету, жанұяны нығайтуға жан-жақты қолдау жасау. Қазақстанда әйелдер саны жалпы халық санының жартысынан көп (52 %), сондай–ақ еңбек жасындағылар мен жұмыс істейтіндердің тең жартысын құрайды.
Жалпы, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен жүктілік пен босану кезінде 100-ден астам әйел қайтыс болады екен. Соңғы 7 жылдың ішінде бұндай қаза саны азаймай отыр. Осының себебін түбегейлі зерттеу үшін денсаулық сақтау министрлігі 2009 жылдан бастап құпия аудит енгізді. Мамандардың пайымдауынша, ешқандай құқықтық жауапқа тартпайтын аталмыш зерттеулер нәтижесі, елдегі ана мен бала өлімінің басты себебін анықтауға септігін тигізбек. Құпия аудит – сауалнаманы анонимдік түрде толтыру жолымен жүргізілмек. Оған ананы босандыруға қатысқан барлық дәрігер-акушерлер, медбикелер және ананың туған-туыстары жауап береді екен. «Статистикаға сәйкес, Еуропаның экономикалық дамыған елдерінде 100 мың баланы дүниеге әкелген аналардың 10-ны ғана қайтыс болады. Ал, Орталық Азия елдерінде бұл көрсеткіш 10 есе жоғары. Сондықтан да, әлемдік тәжірибені Қазақстанға әкеліп отырмыз», - дейді денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиев. – Айта кету керек, құпия аудиттің нәтижесінде ешқандай азаматтар жауапқа тартылмайды. Тек ана өлімінің нақты себебін анықтап, оны жою жолы қарастырылмақ. Соңғы 70 жыл бойы ана өлімінің себептерін талдап отырдық. Қолымыздан келгенше, кінәлілерді жұмыстан шығардық, шара қолдандық. Бірақ олардың ешқайсысы нәтиже бермеді. Сондықтан біз әлемдік тәжірибеге сүйеніп, құпия аудитті енгізіп отырмыз. Ондағы басты мақсат – ана мен бала өлімінің негізгі себептерін анықтау, – дейді медицина ғылымының докторы, профессор, құпия аудит жөніндегі орталық комиссиясының төрайымы Талшын Үкібасова.