20 желтоқсан 1916 – Жазушы Мұқан
Иманжановтың туғанына 90 жыл
Мұқан Иманжанов қазіргі Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 1916 жылы 20 желтоқсанда туған. Мұқан Ұлытаудағы жетіжылдық мектепті бітіріп, он жеті жасқа аяқ басқанда Қарсақбай поселкесіндегі ФЗО мектебіне түседі. Өзінің ең жақын досы Баубек Бұлқышев екеуі бір оқуды бітіргеннен кейін 1935 жылыАлматыдағы финанс-экономика техникумына оқуға түседі. Бұл техникумды бітіріп шыққаннан соң, 1938 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанында ашылған алты айлық курсты оқыды. 1941 жылға дейін радио хабарын тарату жөніндегі республикалық комитетінде редактор болған.
1942-43 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, 1943-49 жылдары бөлім меңгерушісі, 1948-58 жылдары «Пионер» журналында бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетін сырттай оқып, 1952 жылы бітірді.
М.Иманжановтың публицистикалық мақалалары, очерктері мен әңгімелері әрдайым газет-журналдарда жарияланып тұрды. 1948 жылы азамат жазушының «Жастық» атты тұңғыш әңгімелер жинағы баспадан шықты. Бұл жинақта Ұлы Отан соғысы кезіндегі және соғыстан кейінгі қауырт еңбекті, колхоз өмірін, жастар арасындағы адал махаббат пен достықты шынайы да тартымды көрсете білді. Оның публицистикалық мақалалары 1953 жылы «Азамат мақтанышы» деген атпен жаңа кітап болып басылып шықты. 1955 жылы «Тылдағылар» атты әңгіме, очерктер кітабын жазды.
М.Иманжановтың әдеби-журналистік қызметі 1938 жылдан басталғанымен, оның жұртшылыққа кеңінен танылуы Ұлы Отан соғысы жылдары. Оның әңгімелері республикалық баспасөз бетінде осы кезеңде жиі басылып, алғашқы жеке кітабы «Тау ұлы» деген атпен оқырман қолына тиген. М.Иманажанов шығармашылығының негізгі желісі жастар өмірі, олардың адал арман тілегі, адамгершілік, парасат мәселесі. Шығармашылық жолын қысқа әңгімелермен бастаған. М.Иманжанов қаламынан көптеген көркем очерк пен публицистикалық туындылар, повестер, пьесалар, әдебиет мәселелері жөніндегі толғаныстар, аяқталып үлгермеген «Көк белес» романы дүниеге келді. М.Иманжановтың біраз туындылары орыс тіліне аударылған. 1980 жылы қазақ совет жазушысы Мұқан Иманжановтың өмірі мен қызметі, шығармашылығы жайлы мақала, естелік, хаттар жинағы «Өркен» деген атпен «Жалын» баспасынан шықты.
Оның қалың оқырман көңілінен шыққан «Алғашқы айдар» повесіне 1950 жылы Жамбыл атындағы республикалық бірінші бәйге берілген. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальмен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Асқынған дерт абзал азаматты 1958 жылы 18 наурыз күні арамыздан алып кетті.
Әдебиеттер:
Иманжанов М. Таңдамалы шығармалар. Екі томдық.- Алматы: Жазушы, 1977.
1-том: Повесть және әңгімелер.- 447 б.
2-том: Роман, пьесалар, публицистика және қойын дәптерлері.- 319 б.
Ол туралы:
Ғабдуллин Н. Оның биік мұраты: /Жазушы М.Иманжановтың туғанына 70 жыл/ // Соц.Қазақстан.- 1986.- 20 желтоқсан
Ерғалиев Х. Біздің Мұқан: /М.Иманжанов туралы эссе/ // Өмір өрнегі: Эссе, очерк, публицистика.- Алматы, 1986.- 63-74 б.
Ерғалиев Х. Өмiр өрнегi: Эссе, очерк, публицистика.- Алматы: Жалын, 1986.- 384 бет.
Иманжанов Мұқан // Қазақ Совет Энциклопедиясы. 4-том.- Алматы, 1974.- 663 б.
Иманжанов Мұқан // Қазақ ССР.Қысқаша энциклопедия. 4-том.- Алматы, 1989.- 276 б.
Иманжанов Мұқан // Советтік Қазақстан жазушылары: Био-библиогр. анықтамалық.- Алматы, 1987.- 282 б.
Жетiбаева Б. Әкелi- балалы сөз зергерлерi// Сарыарқа.- Жезқазған, 2004.- 13 қараша
Жетiбаева Б. Қала толқұжатындағы есiмдер: Мұқан Иманжанов //Сарыарқа.- Жезқазған, 2003.-26 желтоқсан
Жетiбаева Б. Сөз зергерi// Сарыарқа.- Жезқазған, 2001.-6 қаңтар
Канахин Ө. Жақсының шарапаты: /М.Иманжанов туралы/ // Мәдениет және тұрмыс.- 1986.- №12.- 10 б.
Ғабдолов З. Сезім мен сыр тұтасқанда: /М.Иманжанов туралы/ // Арна: Зерттеу, сын, эссе.- Алматы, 1988.- 235-240 б.
Ғабдолов З. Сезім мен сыр тұтасқанда: /Жазушы М.Иманжанов туралы/ // Қазақ әдебиеті.- 1986.- 26 желт.
Молдағалиев Т. Үлкен жүректі ұстаз: /Жазушы М.Иманжановтың туғанына 70 жыл/ // Лениншіл жас.- 1988.- 20 желт.
Рустембекова Р. Жастардың қамқоршысы еді: /М.Иманжанов туралы/ // Жұлдыз.- 1986.- №12.- 197-200 б.
Смағұлов Ғ. Арқаның ақтаңгер айтыс ақындары: Жезқазғандағы жыр жарысына өрелi өнер өнегесi болса игi... // Орт.Қазақстан.- 2003.- 15 наурыз.-10 б.
Шаймерденов С. Жастық келешегімен бақытты: /М.Иманжанов туралы/ // әдеби толқындар: Қазақ әдебиеті жайлы ойлар.- Алматы, 1986.- 146-150 б.
1881 – Қарағанды көмір кенін зерттеуші - геолог
Александр Александрович Гаппевтың туғанына 125 жыл
Александр Гапеев Ресей жерінде 1881 жылы дүниеге келген. Ол еңбекке ерте араласып ғылым жолына түсті.1910 жылы Петербург кен институтын үздік бағамен бітіріп, Кузбасс кен орындарында еңбек жолын бастады. Ал 1904 жылы Коммунистік партия қатарына өтіп, 1906 жылы А.Гапеев Петербург делегациясы құрамына кіріп, В.И.Ленин, А.В.Стасовпен бірге Стокгольмде өткен партияның біріккен ІV сьзіне қатысады.
Әлбетте, А.Гапеевтің жүріп өткен өмір жолы бай әрі күрделі, қат-қабат қиыншылықтарға толы, бірақ ғалым-геологтарға үлгі-өнеге боларлық еді. Ол 1934 жылдың өзінде геология-минерология ғылымының докторы, сондай-ақ РСФСР-дің ғылым мен техникаға еңбегі сіңген қайраткері құрметті атағына ие болады.
Білікті ғалым әрі барлаушы еліміздегі көмір кен орындары қорын ашу мен бағалау, оларды классификациялау жайында жүзге тарта ғылыми еңбек жазып, геологиялық барлау саласына өзінің елеулі үлесін қосты.
Қарағанды көмірін өндіруге алғашқы талпыныс 1860 жылдары басталды. Қазыналы өлкеге кен іздеушілер көптеп келе бастайды. Сол кезде күніне ондаған, жылына мыңдаған пұт көмір өндіретін. 1885 жылы Қарағанды шахталарында 220 жұмысшы еңбек етті. Осы уақыттан бастап қазақтар мен орыстар достығы нығайып, беки берді. Қазақ жұмысшы табының өсіп, қалыптасуына негіз болады. Орал мен Орта Азияда ірі өндіріс орындары салынады. «Нағыз өнеркәсіптің наны» деп аталған көмір өндіру, оны молайту аса қажет болды. Ол үшін Орталық Қазақстанның байлығын жедел әрі барынша тез игеру керек. Осы мақсатпен Кеңес өкіметінің шешімі және В.И.Лениннің арнайы тапсырмасы бойынша 1920 жылы Шығыс аудандарға Москва кен институтының ғалым-профессоры А.А.Гапеев бастаған бір топ барлаушы-геологтар жіберіледі.
Экспедиция құрамында Кузбасс көмір бассейнін зерттеген атақты геолог Л.Лутугиннің інісі В.Лутугин, М.Гапеева және үш маман жұмысшы болды. Орталық өлкенің кен қазбаларын зерттеп, қанша қоры барын анықтау керек еді. Әсіресе Қарағанды көмір ошағына барынша көп көңіл бөлу қажет болды.
Тәжірибелі кен барлаушы басқарған зерделі төл аумағы үш жүз километрлік көмір аймағын зерттеп, онда 4 миллиард тоннадан астам көмір қоры барын анықтайды. Алайда, бұл кезде осынау мол байлықты ел игілігіне жарату үшін толық мүмкіндік бола қойған жоқ еді. Үлкен кен орнын жүйелі түрде барлау жұмыстары одан әрі жүргізіледі. Жылдар жылжып озған сайын Қарағанды көмір бассейнінде елеулі өзгерістер бола береді. 1929 жылы «Қаркөмірқұрылыс» тресі ұйымдастырылса, бір жылдан кейін ол «Қарағандыкөмір» тресі болып кеңейтіліп, қайта құрылады.
1930 жылдың жазында А.Гапеевтің кен-барлау экспедициясы Қарағандыға екінші рет келеді. Профессор А.А.Гапеевтің байыпты зерттеуі нәтижесінде көм¿р жатқан жердің жалпы көлемі 1.000 шаршы километрден асып түседі, онда үлкенді-кішілі 30 шақты көмір қабаты бар, олардың қалыңдығы 47,7 метр, тереңдегі 150 метрге дейін, ал көмір қоры 8,5 миллиард тонна деген байлам жасалды. Бұл екінші зерттеу-барлау қорытындысы еді. Бұдан кейін Қазақстан геология басқармасының Қарағанды барлау бөлімшесі құрылып, зерттеу-шолу жұмыстары ғылыми тұрғыда өрістей түсті. Бұған А.А.Гапеев белсене араласты. Өйткені ол Қарағанды көмір алыбын іске қосу, құрылыс салу жөніндегі кеңесшісі болды.
А.Гапеевтің адал еңбегі, байтақ Отанға, әсіресе, Қарағанды көмір бассейнін ашып зерттеудегі, оны қалыптастырудағы үлкен қызметі орынды бағаланды. Аса білікті барлаушы-геолог 1948 жылы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағына ие болды, Ленин және еңбек Қызыл ту ордендерімен марапатталған.
А.Гапеев атындағы барлау экспедициясының басқада қол жеткен табыстары жоқ емес. Әсіресе, гапеевшілер «Саранская-глубокая» деп аталатын болашақ шахтаның көмір қорын зерттеп, барлау жұмыстарын одан әрі жалғастырған. Қазір Қарағанды көмір бассейнінің көмір қабаты А.Гапеев есімімен аталады. Оның есімі Қарағандының бір көшесіне жане геологиялық барлау экспедициясына берілген.
Әдебиеттер:
Гапеев Александр // Қарағанды. Қарағанды облысы. Энциклопедия.- Алматы, 152-153 б.
Жүсіпов Т. Кен ашқандар: /Қар. бассейнін ашу тарихынан/ // Орт.Қазақстан.- 1969.- 21 маусым
Жанғожин А. Гапеев экспедициясы: Қазыналы қарашаңырақ / А.Жанғожин, Е.Лұқпан// Орт.Қазақстан.- 2003.- 11 желтоқсан.-3 б.
Коровкина Л. Тұңғыш зерттеуші: /А.Гапеев туралы/ // Орт.Қазақстан.- 1994.- 14 маусым
Қазыналы қала шежіресі: Қарағанды қаласына 60 жыл // Орт.Қазақстан.- 1994.- 4 маусым
Нұралин Н. Қазыналы қойнаулар.- Алматы: Қазақстан, 1983.- 160 б.
Сағындықов А. Жер қойнауына үңілген: /А.Гапеевтың кен-барлау экспедициясы жайлы/ // Орт.Қазақстан.- 1990.- 21 тамыз
Смағұлов Ғ. Кеншi шырағының шуағы// Орт.Қазақстан.- 2000.- 26 тамыз
1856 – Қарағандыбасы жайлауында
көмірдің өндіріле бастағанына 150 жыл
Қарағанды көмір кенішін алғаш ашушы Аппақ Байжанов, ол 1833 жылы Нұра өзенінен онтүстікке қарай Қарағандыбасы деген жерде тас көмір кесектерін табады.
1856 жылдың наурыз айында Қызылжар көпесі Н.Ушаков, өндірісші көпестер - Рязанов, Зотов және басқалармен бірге осы жерде сатып алады. Орыс көпесі өкілімен бай Игілік Өтеповтың арасындағы келісім-шартта былай делінген: «Осы жерді өз еркімен бергені үшін көпес Ушаковтан 250 сом алды және олар да, мирасқорлары да Ушаков пен компаниядан ештеңе талап етпеуге тиіс…».
1856 жылы «Қара забой» деп аталатын Иванов ашық карьері пайдалануға берілді. 116,3 пұт көмір өндірілді. Осы жыл Қарағанды көмір бассейнінде тас көмірдің өндіріле бастаған жылы болып есептеледі.
Сол жылы көпес Н.Ушаков Қарағанды көмір кенішінен 40 шақырым жерден Спасск мыс қорыту зауыты құрылысын салуға рұқсат алады. Мыс кені Нілді қойнауындағы Өспен руднигінен өндірілетін болды. Сөйтіп, Қарағанды көмір кеніші Спасск мыс қорыту зауытының отын базасына айналды.
Көмір өндіру өте төмен қарқынмен жүріп жатты. Қарағанды шахталарының жұмыс істеген алқашқы 30 жылында (1856-1886 ж.ж.) барлығы 302,8 мың тонна көмір шығарылды.
1886 жылы қарыздың өсіп кетуіне байланысты өкімет Рязановтардың барлық тау-кен кәсіпорындарын тоқтатуға шешім қабылдайды. Қарағанды көмір кеніші, Спасск мыс қорыту зауыты және Өспен руднигі 12 жыл жабылып, бос тұрды.
1898 жылы Рязановтың мұрагерлері өз кәсіпорындарын қайрадан іске қосуға әрекет жасады, бірақ ХХ ғасырдың басында оған қаражаттары болмай қалды.
1904 жылы Францияның бұрынғы президентінің ұлы Клод-Эрнест Жан Карно патша Николай-ІІ сарайындағы тамыр-таныстығын пайдаланып, Қарағанды кенішіне ие болады, бұл үшін ол орыс көпестеріне 766 мың сом төлейді.
Қарағанды көмір кеніші мен басқа кәсіпорындар 1907 жылдың шілдесінде Лондонда Джим Роберт ұйымдастырған негізгі капиталы 3 млн. фунт стерлинг болып табылатын «Спасск мыс кені» акционерлік қоғамының меншігіне өтеді. 1908 жылы зауытты оның отын базасы - Қарағанды көмір бассейнімен байланыстыратын ұзындығы 40 шақырым Қарағанды-Спасск тар табанды темір жолы салынды. 1916 жылы Өспен руднигінен солтүстік-шығысқа қарай Жақсы Сарысу өзені бойынан салынған Сарысу байыту фабрикасы іске қосылды.
Ағылшындар Қарағандыда 1920 жылға дейін иелік етті. Жылдың басында Ақмола аумағына енетін Қарағанды өңіріне ақ гвардияшыл мен интервенттердің қолынан босатылғаннан кейін ағылшын алпауыттары Қарағандыны тастап кетуге мәжбүр болады. Ағылшындардан қопарылған және су толған шахталар мен басқа да іске алғысыз шаруашылықтар мирас болып қалды. Қарағанды шахталарында осы кезде небәрі 125 жұмысшы болған. Азамат соғысы жылдары Қарағанды көмір өндіру мүлде доғарылды. Сөйтіп, 1929 жылға дейін көмір кеніші консервацияда тұрды.
1920 жылы профессор А.Гапеевтің басшылығымен Қарағанды аймағында геологиялық - барлау жұмыстары жүргізіліп, Қарағанды тас көмір кеніші туралы тұңғыш ғылыми негізделген жұмыс жасалды. Мұның өзі Қарағанды бассейнінің жаңа тұрғыда дамуына негіз болды.
Әдебиеттер:
Аймағамбетов О. Көпірдегі жұлдыз: /Қарағанды көмір кенінің ашылғанына 150 жыл/ // Орт.Қазақстан.- 1983.- 25 мамыр
Жасампаз жылдар жылнамасы /Құраст. А.Ж.Жанғожин, Е.С.Лұқпанов.- Қарағанды: Болашақ-Баспа, 1999.- 96 б.
Каренов Р. Тереңнен толғаған, байыпты саясаткер аталған Игiлiк би// Азия Транзит.-2001.- N7.-36-39 б.
Лұқпан Е. Қарағанды тас көмiрiн алғаш тапқан: Апақ Байжанов туралы алып-қашты әңгiмелер төңiрегiнде // Орт.Қазақстан.- 2004.- 27, 19 сәуiр.-8 б.
Омарқызы З. "Апақ Байжанұлы туралы айтарым бар": А.Байжанұлының немересi З.Омарқызымен әңгiме /Әңгiмелескен С.Сексенұлы// Орт.Қазақстан.- 2004.- 24 маусым.-6 б.
Өзекті жылдың асулары: /Қарағанды көмірінің табылуына 150 жыл толуына байланысты/ // Орт.Қазақстан.- 1983.- 28 тамыз
Сағынаев О. Көмірлі Қарағанды: /Қарағандыда көмір шығуының тарихы// Соц.Қазақстан.- 1983.- 7 маусым
Сағындықов А. «Қара алтынның» қоймасы: /1833-1929/ // Орт.Қазақстан.- 1983.- 19 мамыр
1886 - Ақын Иманжан
Жылқайдаровтың туғанына 120 жыл
Өз ортасында шешендігімен, шежіреші, жыршы-жыраулығымен танылған халық ақыны Иманжан Жылқайдаров 1886 жылы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында дүниеге келген.
Ол халқына қадірлі болған адам. Иманжанның әкесі Жылқайдар от ауызды, орақ тілді шешен болған. Ал, анасы Қалипа атақты Жәуке батырдың інісі Шоңның қызы, ақылына көркі сай жан болған екен. Иманжан атақты Сәмбет күйшіден домбыра тартуда үйренеді. Жастайынан өлең-жыр, өлең-жыр, домбыраға құмар болған Иманжан есейе келе серілік, салдық, ақындық жолға түсті. Ескіше оқып хат таныды. Зерек те, алғыр Иманжанның білімге құштарлығын байқаған алғашқы ұстазы Әмірғали Құлтыбайұлы оған: «Ақын болғың келсе шығыс шайырларынан оқып үйрен» деп кеңес беріп, өзі оған араб, парсы, шағатай тілдерін үйретеді. Шығыс әдебиетін оқып үйренген Иманжан өзінің тұңғыш өлеңін де суреттегі сұлуға арнап «Гүлжаһанға» деген атпен жазғаны белгілі. Соден бастап, Иманжанның ел арасында ақындық, жыршылық атағы шыға бастайды. Оның өлеңдері мен жырларының негізгі тақырыбы Отан, туған жер, елдік пен ерлік, адамгершілік болып жалғаса береді.
Иманжанның арнасы кең. Ол нені айтып, нені жырласа да жүрегімен жарыла ақтарылып, тебірене толғанады. Айтпақ ойына образдар мен тың теңеулерді таба біледі. Ақынның ақындық қуатының өзі де дәл осында болса керек. Ол табиғатты адамның ой-сезім дүниесіне бағындыра жанды бейнедей суреттейді. Жаратылыстың өзінде бар сұлулықты поэзия арқылы онан да ажарлап, көркемдеп, көз алдыңа келтіреді.
Ақын шығармашылығының елеулі бір саласы балалық шақты жырлауға арналған. Осыған орай, 1959 жылы жарық көрген өлеңдер жинағының «Жастарым жайна» деп аталуы әбден орынды. Бұл жинаққа ақынның жиырмаға тарта өлеңдері енген. Ақын өлеңдері арқылы жастарды оқуға, өнеге, білімге шақырады. Қазақ әдебиетіне Мұқан сынды дарын сыйлаған Иманжан ата әдебиет сүйер қауымның құрметтісі де, қадірлісі болып танылды.
И.Жылқайдаровтың кейбір шығармалары «Айтыс» 1965-66 ж., «Пернедегі термелер» 1965 ж. Атты жинақтарға енген. Ақынның «Әділбек» атты поэмасы мен айтыстарының көбі қолжазба күйінде сақталған.
Алматы, Жезқазған қалаларының құрметті азаматы, халық ақыны атанған И.Жылқайдаровтың терең мазмұнды өлеңдері бүгінгі жастармен бірге.
Әдебиеттер:
Жетiбаева Б. Жерлестерiнiң жадында: Халық ақыны И.Жылқайдаров 115 жаста// Сарыарқа.- Жезқазған, 2001.-16 ақпан
Жетiбаева Б. Қала төлқұжатындағы есiмдер: Иманжан Жылқайдаров // Сарыарқа.- Жезқазған, 2003.- 26 қараша
Жетiбаева Б. Әкелi- балалы сөз зергерлерi//Сарыарқа.- Жезқазған, 2004.- 13 қараша
Пернедегi термелер: Қазақ Совет халық ақындарының шығармалары / Жалпы бас ред.С.Мұқанов.- Алматы: Жазушы, 1965.- 396 бет
Смағұлов Ғ. Арқаның ақтаңгер айтыс ақындары: Жезқазғандағы жыр жарысына өрелi өнер өнегесi болса игi... // Орт.Қазақстан.- 2003.- 15 наурыз.-10 б.
1896 – Қоғам қайраткері және публицист
Абдолла Асылбековтың туғанына 105 жыл
А.Ә.Асылбеков 1896 жылы сол кездегі Ақмола уезінің Нұра болысында, Құндызды өзенінің бойындағы Кеңқияқ алқабында, Қарасуда (қазіргі Қарағанды облысы, Осакаров орталығы Сұңқар селосының маңында) дүниеге келіпті.
А.Асылбеков ауылда ашылған бірінші басқыш татар медресесіне оқуға түсіп, оны 1913 жылы бітіріп шығады. Осы оқуын одан әрі жалғастыру үшін он жеті жастағы Абдолла бір саудагерге жалданып, оның жылқысын айдасып Орынборға барады. Онда Хұсайын атына ашылған медресеге түседі. Алайда, мұнда небәрі төрт-бес ай ғана оқыған Абдолла «қазақ татар жастарын дінге, патша үкіметіне қарсы үгіттеп, ұйымдастырғаны үшін» медреседен қуылады.
Содан 1914 жылы Қызылжарға келген Абдолла осындағы мұғалімдер даярлайтын қазақ мектебіне түсіп оқиды. Алайда, «саяси сенімділігі» жайлы шартты үш ай мерзім ішінде кепілдік тапсыра алмағандықтан бұл мектептен де шығарылады. Ақыр соңында ол өз еліне келіп, осы Нұра болысындағы ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады.
1916 жылы патшаның маусым жарлығына байланысты қазақ халкының дүбірге толы ұлт-азаттық қозғалысы бұрқ ете түскені мәлім. Ал бұл қозғалыстың барысы, оның жеңіспен аяқталуы оның айналысындағы басқалар сияқты Абдолланың өзінің де қоғамдық-саяси көзқарастарының қалыптасуына жағдай жасаған еді. Ақпан революциясы аяқталғаннан кейін А.Асылбеков өзін біржола революция ісіне арнаған болатын. Одан көп ұзамай-ақ, 1917 жылдың мамыр айында жиырмадан енді ғана асқан жас жігіт большевиктер қатарына еніп, өзінің бұдан кейінгі тағдырын елімен берік байланыстырды.
Классик жазушымыз С.Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында А.Асылбековтың революциялық өсу жолын жан-жақты суреттеген. Осы туындымен танысқанда Сәкеннің серігі бола білген А.Асылбековтың осы күнгі Қарағанды облысының негізгі бөлігі енген Ақмола губерниясының Ақмола уезі жеріндегі 1916-1919 жылдардағы тарихи қозғалыстарды баяндаған.
Көп жайларды қаһарман күрескердің–А.Асылбековтың өзі - қолы сәл ғана босаған сәттерде жазып, жеке кітап етіп бастырып шығарған, журналда жариялаған (бірақ белгілі себептермен алпыс жылдан астам уақыт бойына қайыра баспа бетін көрмеген) «Біздің де күніміз туды», «Октябрь күнінде» атты шағын повестерінде айтады.
Ақпан революциясынан кейін А.Асылбеков С.Сейфуллинмен бірге Ақмолада Кеңес өкіметін орналыстырып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырады. Колчактар оны тұтқынға алып, «Аннековтың азап вагондарында» зарықтырады. 1919 жылы түрмеден қашып шығады. Азамат соғысы жылдарында ол Қиыр Шығыстағы Приморск армиясының полк комиссары болады.
1921 жылы Қазақстанға қайтып келеді. Ақмола губерниялық партия комитетінде жұмыс істейді. 1922-1925 жылдарда ол РК (б) П қазақ облыстық комитетінің хатшысы және білім бөлімі меңгерушісі. 1926 жылы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін жауапты қызметтерде болады.
А.Асылбеков алғашқы қазақ совет публицистерінің бірі. Оның мақалалары мен очерктері «Тіршілік», «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналында жарияланып тұрды.
1921 жылы «Біздің де күніміз туды» деген публицистикалық повесі жарияланды, бұл шығарма қазақ совет әдебиетінің алғашқы қарлығаштарының бірі еді. 1930 жылы «Ауылды советтендіру» («За советизацию аула») атты кітабы екі тілде өз алдарына басылып шықты.
Қазақ халқының адал ұлы А.Асылбеков Сталиннің 37-38 жылдардағы қуғын-сүргін қудалауына ұшырап, «халық жауы» атанды. «Қарағанды ісі» бойынша «ашық процесс» жасалған А.Асылбеков бастаған жеті адамның алтауы (Асылбеков, Нұрсейітов, Ғатаулин, Ордабаев, Ізбасаров, Шамсутдинов) үй мүлкі қатталып, ату жазасына кесілді де, жетінші адам (Баймолдин) үй мүлкі қатталып, тергеу-сот орындарына «көмегі» ескерілгендіктен, он бес жылға бас еркінен айыруға кесілді… Сөйтіп, елім деп еңіреген, елінің басына күн туғанда «етегімен су кешкен» А.Асылбеков бастаған есіл ерлердің жүректері соғуын осылайша тоқтатқан еді…
1991 жылы 30 сәуір айында Қарағанды облысының «Құндызды» ауылына А.Асылбековтың аты берілді.
Әдебиеттер:
Асылбеков А. Біздің де күніміз де туды: /Повесть және өлеңдері/ // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 16-24 б.
Асылбеков А. Қойшылар мен қасқырлар; Ата-жетімге жәрдемге: /Өлеңдер/ // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 25-26 б.
Асылбеков А. Октябрь күнінде: Повесть // Қарқаралы.- 1991.- №4.- 72-83 б.
Ол туралы:
Абдолла Әбдірахманұлы Асылбеков: Тарихи тұлғалар // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 2 б.
Асылбеков А.Ә. // Қарағанды. Қарағанды облысы. Энциклопедия.- Алматы, 1990.- 111 б.
Асылбеков А.Ә. // Қазақ ССР: 4 томдық қысқаша энциклопедия. Т.1.- Алматы, 1994.- 71 б.
Асылбеков Абдолла // Советтік Қазақстан жазушылары: Био-библиогр. анықтамалық.- Алматы, 1987.- 37 б.
Әбсембетова Ж. III Бүкiлқазақтық партия конференциясы хақында// Қазақ тарихы.-2002.- N4.-57-60 б.
Әкiмбекова Б. Жазықсыз жазалар: 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi// Орт.Қазақстан.- 2001.-30 мамыр
Бектұров Ж. Есімін есте қалдырайық: /А.Асылбеков туралы 1937 ж./ // Орт.Қазақстан.- 1989.- 12 ақпан
Жанұзақов Н. Ауылымның тарихы: [А.Асылбеков атын. ауыл туралы]// Нұра.- 2000.-19 тамыз.
Жинатұлы Б. Той тастаған із: /Нұра ауд. А.Асылбеков, К.Мыңбаев, С.Талжановтардың мерейтойлары атап өтілді/ // Орт.Қазақстан.- 1996.- 17 тамыз
Игенбаев А. "Халық жауларының" сот алдындағы "жауаптары": [Қарағандыдағы "Ұлтшыл-фашистерге" арналған процестiң стенограммасы]// Ақиқат.- Алматы,1997.-N4.-21-27 б
Қожакеев Т. Жыл құстары - Алматы: Қазақстан, 1991.- 240 бет
Оспанов С. Ұрпаққа аманат, болашаққа сабақ: 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi// Қарқаралы.- 2005.- 28 мамыр.-4 б.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков // Ақиқат.-1992.-№3.- 51-56 б.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков: Арқа ардақтылары // Орт.Қазақстан.- 1990.- 18-25 қырк.
Сағымбеков Р. Абдолла Асылбеков және оның екі повесі: Туғанына 95 жыл толуына // Қарқаралы.- 1991.- №3.- 3-16 б.
Сағымбекұлы Р. Арқаның ардагер азаматы: А.Асылбековтың туғанына-100 жыл // Орт.Қазақстан.- 1996.- 21, 24 қырк.
Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу: Роман. Т.4.- Алматы, 1988.- 148 б.
Темірұлы М. Үш арыс: /А.Асылбеков, К.Мыңбаев, С.Талжановқа арналған өлең/ // Нұра.- 1996.- 7 қырк.
1916 – Жазушы, ақын Баубек
Бұлқышевтің туғанына 90 жыл
Ақын Баубек Бұлқышев – 30-40 жылдар жастарының өкілі. Ол қазіргі Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы «Аманкелді» аулында 1916 жылы дүниеге келді. Болашақ дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттанған шағын Баубек әуелінен шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Немере ағасының қолында тәрбиеленіп, оқып білім алады.
Ол 1930 жылы «Ұлытау» совхозының фермасында учетчик болып қызмет істейді. Ал 1937 жыл Алматы сауда-қаржы техникумына оқуға түседі, 1939 жылы «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, кейінректе «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болған. 1940 жылы РККА қатарына шақырылады да Москвада сапер училищесінде оқиды. Ол Ұлы Отан соғысында ұрыстарға алғашқы күндерден бастап қатысады. 1940 жылы Финляндиямен арада соғыс өрті лауылдағанда өзі тіленіп, әскер қатарына алынды. Осыдан соң Б.Бұлқышевтің жауынгерлік өмірі басталады.
Б.Бұлқышев қатардағы жауынгерден офицерлік дәрежеге дейін көтеріледі. Ата дәстүріне берік азамат, жалынды публицист, ер жүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті, сөйтіп 1944 жылдың бас кезінде қаһармандықпен майданда қаза тапты.
Б.Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады, «Алматы-менің туған қалам» деген бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар.
Б.Бұлқышев соғыс жылдарында жауынгер публицист ретінде жарқ етіп көзге түскен. Оның «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шыңғысұлына хат», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат» деген публицистикалық шығармалары майдан жауынгерлерін ерлікке, патриоттылыққа үндеді. Бұл шығармаларының көпшілігі тұңғыш рет «Комсомольская правда» газетіне орыс тілінде басылып шыққан. Кейін оның мақалаларын жазушы Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде жариялады. Жауынгер қаламынан шыққан жалынды үн жерлестерінің жанын тебірентіп отты жылдарда өз ролін атқарды, болашақ ұрпаққа айнымас ұран болып қалды.
1946 жылы Мәскеуде «Жизнь солдата» деген жинақ шықты, бұған Б.Бұлқышев майдандық публицистикасы енгізілді.
Б.Бұлқышевтің көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М.Иманжановтың редакциясымен шыққан «Өмір біздікі» кітабында, сондай-ақ «Жауынгер мәңгілігі» кітабында жинақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |