АЛҒЫ СӨЗ
Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді республикада тұратын барлық ұлт өкілдері білуі тиіс. Бұл, біріншіден, мемлекеттік тілге деген құрмет болса, екіншіден, іскерлік бағытында қолдану үшін өте қажет. Сондықтан бұл оқулық өзге ұлт өкілдері мен қазақ тілін білмейтін жергілікті ұлт өкілдеріне арналған. Оқулық қазақ тілін жаңа-жаңа меңгеріп, ол да болса сөйлеу дағдыларына икемделе бастағандарға үйрету үшін құрастырылған.
Кітап құрылысы 10 сабақтан тұрады. Әр сабақтың өзіндік тәсілдері мен ерекшеліктері бір-біріне ұқсамайды. Олар алуан түрлі. Алайда, бір жүйені тұрақты ұстанғандығы көрінеді. Олар: тілдесім, оқылым, жазылым, тыңдалым деп аталады. Жүйе қазақ тілін үйренушілердің ерекшеліктеріне сәйкестендірілген. Осы төрт тәсіл қолданылмайынша үйрену, сөйлеу, оқу, мәнерлеу мүмкін емес.
Әр сабақтың тақырыптары да көңілге қонымды: «Шешендік сөз тарихынан», «Сөз сөйлеуге даярлықтың демосфендік дағдысы», «Іскерлік қарым-қатынас әдебі», «Аудиторияны тани білеміз бе?», «Іскер маманның тыңдай білу білігі», «Іскер маманның сөйлеу мәдениеті мен әдебі», «Іскер маманның сөз сөйлеу сәті», «Бұқаралық ақпарат құралдарымен қатынасыңыз қалай?», «Телефонмен сөйлесе білеміз бе?», «Тағам үстіндегі іскерлік қалып».
Іскер адамдардың қазақ тілінде қалай қарым-қатынас жасау керектігі, әдептілігі, сөйлеуі, тыңдай білуі, сөйлеу мәдениеті, ақпарат құралдарын пайдалану сияқты істерді атқара білуге үйретуді мақсат ететін сабақтардың мән-мағыналары тартылды, дәл, нақты. Ешқандай абстрактылық тұжырымдар жоқ.
Тапсырмалар, сұрақтарға жауап талап ету, сөз мағынасына саралау, тыныс белгісіне мән беру, сөз тіркестерін құрастыру, тестілік сұрақтарға жауап беру, түсініп оқу, теріп жазу, өз пікірін айта білу, синонимдер табу, суреттер бойынша сөйлем құрау, мәтіндегі негізгі ойды анықтау, аяқталмаған сөйлемдерді аяқтау, қанатты сөздерді жаттау және тағы басқа алуан түрлі тапсырмалар іскерлік сөйлеуді үйренуге көмекке келетін тәсілдер.
Оқулық өте көлемді емес, бірақ шағын оқулықтың тілді үйренушілерге берері мол. Бұл оқулықты өз бетімен пайдаланған адам – мұғалім алдына сандаған сұрақтар беруге дайындалады және өз бетімен сөйлеуге дайындала алады. Тек қана талмай іздену, үйрену үшін ыждағаттылық керек. Өмір талабын терең түсінген адам бұл оқулық арқылы іскерлік сөйлеу мәдениеті мен орнымен сөйлеуді жақсы үйренері қақ.
Кітап авторы Мұғауина Марина Олжағалиқызы оқулық дайындауда көп қызметтенгені байқалады. Мәтіндерді таңдай білу, көптеген жаттығуларды және сауалнамаларды құрастыруға күш салған. Әр тапсырма тілді үйренушінің жігер-күшін еріксіз ұйымдастырып, қызықтыра түсуіне қызмет ететіндей.
Достарыңызбен бөлісу: |