Бөлтірік шешен.
Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.
Төле би.
Қол бастау қиын емес,
Көк найзалы ерің болса.
Жол бастау қиын емес,
Соңына ерген елің болса.
Бәрінен де сөз бастау қиын
Тауып айтсаң, мереке қылады,
Тауып айтпасаң, келеке қылады.
Досбол шешен.
Оқылым
1-тапсырма. Аудиоқұралдан берілген мәтінді тыңдаңыз.
Түсініңіз.
Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда, сонау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Өйткені, шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды, құлиеленушілік қоғамда әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты. Бұл қасиетті, киелі өнерді ыждағатпен үйрену әрбір грек азаматының асыл парызы болған.
Б. з. д. V ғасырдың екінші жартысында грек – парсы соғысынан кейін, Афинада оның қоғамдық өмірінде мемлекет істерінде, саясат майданында шешендік өнер маңызды факторға айналды.
Мінекей, осы уақытта риторика ғылымы шықты. Шешендік өнерге баулитын тәлімгер ұстаз (ритор) мамандығы пайда болды. Ал оратор- латынша «orare» яғни сөйлеу, ғажайып болжау деген мағынаны білдіреді.
«Риторика» терминдік атауының әуелгі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді береді. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады.
Көне дәуірде шешендік өнердің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б. з. д. V-IV ғасырлар, Афина елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайдай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал екіншісі Римде б. з. д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.
Атам заманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары-риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы-ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі.
Шешендік өнер мынадай түрлерге жіктеледі:
1. Саяси тақырыпта сөйлеу
2. Салтанатты мәслихатта сөйлеу
3. Сотта сөйлеу.
Саяси тақырыптағы шешендік, алдымен, тыңдаушыларды сендіруге ұмтылады. Салтанатты жиындағы шешендік тыңдаушылардың көңілінен шығуға әрекет жасайды. Алдыңғысына тегеурінді күш, соңғысына әсемдік тән.
Шынайы шешен салтанатты жиында жақсылық пен жамандықты, сотта әділет пен әділетсіздікті, халық кеңесінде пайдалы мен пайдасыздықты негізге алады.
Шешендік өнер үш қайнар бұлақтан нәр алып сусындайды. Біріншісі, табиғи қабілет пен дарын, екіншісі, теориялық қисындармен қарулану, үшіншісі, тынымсыз, толассыз еңбек, жүйелі жаттығу.
Шешендік өнер үш мақсатты көздейді: 1. сендіру; 2. рахаттану, ләззатқа бөлеу; 3. толқытып тебіренту.
Риторика 5 бөліктен тұрады: 1. материал іздеп табу; 2. материалдарды орналастыру, жайғастыру; 3. сөзбен киіндіру; 4. еске сақтау; 5. айта білу шеберлігі.
Бірінші бөліктің өзі: а)нақты істер; ә)жалпы мәселелер.
Нақты істер мекен-жайға, уақытқа, кейіпкерлерге қатысты. Жалпы мәселелердің өзі теориялық және іс-тәжірибелік болып бұтақталады.
Екінші бөлік бес қабаттан тұрады: 1. кіріспе; 2. мазмұндау; 3. тақырыпты айқындау; 4. дәйектемелер; 5. түйіндеме.
I. Кіріспеде негізгі мәселенің мәнін түсіндіру, тыңдаушылардың ынта-зейінін аудару, көңіл-күйін бөлісу қарастырылады.
II. Мазмұндауда пән туралы сатылап әңгімеленеді. Мазмұндауға анықтық, қысқалық, шындыққа сәйкестік тән.
III. Көркем тіл саласында: а) тілдің грамматикалық және лексикалық нормасын мұқият дұрыс сақтау; ә) сөзді жалпы халықтық мәнде, сонан соң табиғи тіркесімді бұзбай қолдану; б) асқақ һәм құбылыстарға лайық өзіндік стиль таңдау; в) көркем тілдің әуезділігі мен суреттілігі, мұнын өзі екіге бөлінеді: 1)асқақтық пен 2) жағымдылық. Бұған көркемдік қуат, әсерлілік, асқақтық, тереңдік, сұлулық, жанды қимыл, қозғалыс тәрізді сипат-белгілерді қосуға болады.
Жалпы айтқанда, сөз өнері: сөз таңдау; сөз тіркестері; фигураларға жіктеледі.
Шешендердің ұлы шоғырына, атап айтқанда, Георгий Леонтинский, Фрасимах Холкедонский, Протагор Абдерский, Продик Кеосий, Гипий Элидскии, Юлий Цезарь, Демосфен, Цицерон тәрізді санаткерлерді қосуға болады.
Шешендік өнер тарихы- адамзат мәдениеті тарихының бір бөлігі. Көне Грекияда риториканы «өнердің патшасы» деп есептеді.
«Риторика» - тыңдаушының ынта – зейінін аудара білу, иландырып сендіре білу өнері. Риторика ғылымының ірге тасын грек софисы Протагор қалаған. «Софист» - дана, кемеңгер деген мағынада қолданылады.
Шешеннің басты парызы-тыңдаушыларды ортақ пікірге ұйыту, ортақ келісімге келтіру.
ХІ ғасырдағы шығыс педагогикасы тарихындағы әйгілі шығарма «Қабуснамада» шешендік өнер жайлы ірі түйіндеулер берілген. Күллі өнердің ішінде сөз өнерінің артықшылығы: «Адамзаттың ең абзал қасиетінің бірі сөз сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсіне де білуге үйрен: сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың» - деген өнегелі өсиет жазылған.
Бізге жеткен деректерге сүйене отырып, қазақ шешендерінің атасы – Жиренше деп атауға болады. Аңыздарда Жиренше Әз Жәнібек хан мен Асан Қайғының (ХІV – ХV ғғ) тұстасы ретінде айтылады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дейтін сөз бар. Абай сол Майқыны «Шыңғысханның он екі биінің бірі» деп айтады. (А. Құнанбаев, Шығармалар жинағы. Алматы, 1965, 315 бет). Бұл дерекке қарасақ, шешендік сөз тарихы әрі қарай тереңдей түседі.
Ең бастысы, қазақ мемлекетінің нығаюына, шарықтап түлеуіне ерекше еңбек еткен әйгілі би-шешендер, көреген көсемдер, көріпкел абыздар Асан Қайғы мен Жиренше, Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек, Алшын Әйтеке би мен Сырым Датұлы, Бөгенбай батырдың ұрпақтары Бапан мен Саққұлақ, Абылай ханның бас биі Қарауыл Қанай мен Ақтайлақ шешен, Байдалы мен Бөлтірік, Жанқұтты сынды дүлдүл ділмарлардың өнерпаздық келбетін, Ұлы ойшыл – ақын Абайдың билік – келісімдері, 1885 жылы Қарамолада жазылған ережесі, таңғажайып тапқырлыққа толы асқан шешендігі туралы айтуға да болады.
Шешендік сөздердің дамуына үлес қосқан Бұхар, Мұрат, Дулат, Шөже, Шернияз, Шал, Қазтуған сынды ақын-жыраулардың шығармаларында да кестелі сөз, оралымды ой мол кездеседі.
Шығыстың ұлы ойшылы, отырарлық Әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Алексей Лепшин, Адольф Янушкевич, Василий Васильевич Радлов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Әмина Мәметова, Балтабай Адамбаев тәрізді оқымыстылардың пікір-толғамдарын басшылыққа алуға болады.
Қазақтың шешендік өнері ұлттық прозаның дамуында, әсіресе, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов өнернамасында айқын көрініс тапты. Сондықтан да шешендік өнер мен прозаның біртұтастығына да айрықша зейін аударылады.
Сонымен қазақ шешендік өнерінің даму тарихын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1. ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығында (Майқы би);
2. ХІV-ХVІ ғасырлар аралығы;
3. ХVІІІ ғасыр (Төле, Қазыбек, Әйтеке билер).
Қазақтың айтулы сөз зергерлері көркем сөзге, шешендікке қойылатын талаптарды өз ой тұжырымдары арқылы түйіндеп, бекіткен. Ол қағидаларды әрбір шешен ұстануы қажет болған.
Достарыңызбен бөлісу: |