3-САБАҚ. ІСКЕРЛІК ҚАРЫМ – ҚАТЫНАС ӘДЕБІ
Тілдесім
Сұхбаттасайық!
– Іскерлік қарым – қатынасты қалай түсінесіз?
– Іскерлік қарым – қатынас әдебін білесіз бе?
– Әріптестердің жұмыс немесе қызмет бабындағы өзара қарым- қатынасы ресмилікті қажет ете ме?
Оқылым
1-тапсырма. Аудиоқұралдан берілген мәтінді тыңдаңыз.
Түсініңіз.
Іскерлік қарым – қатынас әдебі
Біздің заманымыз – іскер, белсенді, өздігінен жол таба білуге бейім адамдар заманы.
Белсенділік, қиыннан жол таба білетін іскерлік – адамды көздеген мақсатына жеткізеді. Бұл орайда адамның өз қабілет деңгейін жан-жақты көрсете алуының бір негізі – оның білімділігімен қатар ортамен іскерлік қарым-қатынас жасау сырын, ондағы өзін ұстай білу, сөйлеу этикасын меңгеруіне де байланысты. Дәл тауып айтылған сөз әрқашанда адамды өз мақсатына жеткізіп отыратыны тарихтан да белгілі. Сөз адамның ойын, көзқарасын білдіреді, оның қоғамдағы өзіндік орнын табуына ықпал етеді. «Сөзіне қарай кісіні ал, кісіге қарап сөз алма», - деп Ұлы Абай айтқандай, адам сөз арқылы өзін танытады. Ой- пікірін де мәнді сөзімен қорғай алады.
Ендеше, іскерлік қарым – қатынастағы негізгі түйіндердің бірі – ондағы тілдік ерекшеліктерді білу, сауаттылық, сөйлеу әдебін меңгеру.
Іскерлік қарым-қатынас – мекеме, кәсіпорын, өндіріс, өнеркәсіп саласында қызмет істейтін кісілердің өзара және басқа да қызмет барысындағы адамдардың бір-бірімен пікірлесуі, келіссөз жүргізуі, келісімшарт жасауы, қажетті құжаттар алмасуы нәтижесінде болатын әрекет.
Іскерлік қарым-қатынас әдебі (этикасы) сөйлеушінің өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан, өзін-өзі ұстауынан, сыпайылығынан, өжеттігінен, батылдығынан, тартымды, жағымды сөйлеу мақамынан көрінеді.
Ортаға, пікірлесетін адамға құрметпен қарау мен сәлемдесуде, өзін, жұмыс орнын таныстыруда, ондағы ұлттық дәстүрді сақтау әрекетінің белгілі бір қалыптасқан қағидалары болады. (Ұлттық дәстүрді сақтау көбінде халықаралық және шетелдік әріптестермен байланыста байқалады).
Тақырыпқа байланысты тілдік терминдерді дұрыс, біліктілікпен қолдану, тапқырлықпен нақты, жүйелі сөйлеу де іскерлік әдебін танытады.
Іскерлік қарым-қатынаста тіл табысуға кері әсерін тигізетін нәрселер: пікір алысқалы отырған мәселенің, тақырыбын жетік білмеу, сөз мағынасын түсінбеу, логикалық ой - өрісінің жетіспеуінен сөзді дамытып әкете алмау, мәнсіз көпсөзділік, өз айтқанынан қайтпау, дәлелсіз қайшы пікірге келу, жігерсіздік, ұялшақтық.
2-тапсырма. Мәтіндегі жаңа сөз тіркестерімен танысыңыз. Оларды дәптерге көшіріп жазыңыз.
Іскерлік қарым-қатынас
Көздеген мақсатына
Өзін ұстай білу
Сөйлеу әдебі
Негізгі түйін
Құжаттар алмасуы
Ұлттық дәстүр
Біліктілікпен қолдану
|
Жүйелі сөйлеу
Тіл табысу
Тақырыбын жетік білмеу
Сөз мағынасы
Ой-өрісінің жетіспеуі
Мәнсіз көпсөзділік
Қайшы пікір
|
3-тапсырма. Мәтінге құрылған төмендегі жоспарды ретіне қарай орналастырыңыз.
1. Біздің заманымыз қандай адамдар заманы?
2. Іскерлік қарым-қатынастағы негізгі түйіндерді ата
3. Сөйлеушінің іскерлік әдебін қалай білуге болады.
4. Ұлттық дәстүрді сақтау әрекетінің қалыптасқан нормалары қандай?
5. Тіл табысуға кері әсерін тигізетін нәрселерді білесіз бе?
4-тапсырма. Мәтінге құрылған төмендегі жоспарды ретіне қарай орналастырыңыз.
1. Біздің заманымыз
2. Негізгі түйіндердің бірі
3. Іскерлік қарым-қатынас әдебі
4. Ұлттық дәстүрді сақтау
5. Кері әсерін тигізетін нәрселер.
Достарыңызбен бөлісу: |