Тыйымдар: Басты шайқауға, тісті қайрауға болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана осылай істейді. Таңдай қағуға болмайды. Үй ішінде таңдай қаға беру– жаманшылық (өлім-жітім) шақырудың белгісі.
Біреуге қарап ерін шығаруға, үлкен адамның алдында аяқты созып отыруға, адамға қарап түшкіруге, түкіруге, үлкен кісінің жолын кесіп өтуге болмайды. Бұл қылықтардың бәрі де әдепсіздік болып саналады.
Құран оқығанда күлуге болмайды. Құранды жерге тастауға болмайды. Өйткені ол киелі нәрсе.
Жатқан кісінің үстінен аттамайды.
Кемтар адамға күлуге болмайды. Кемтар адамға күлсең, өз басыңа келеді.
Кісіге қарап бейберекет күлуге болмайды. Жүйке ауруына шалдыққан адам ғана бейберекет күле береді.
Тырнақты тістесе, ырыс-несібе кетеді.
Ырымдар: Үйге кіріп келе жатқан қонақ оқыстан сүрініп кетсе, үй иесі марқаяды және төрінен сыйлы орын ұсынады. Үйге аяқ астынан байлық толады, бақ қонады, үй сәулетті тігіліп, қонақ абыройының басы деп ырымдалады.
Қыдырып келген жас баланы үйден құр қол шығармайды. Үйде оттай ыстық ықыласы қалсын деп ырымдаған.
Адам құлағы шулағанда жанындағы кісі дәл тапса, оны біреудің мақтағаны, ал таба алмаса, жамандағаны болып шығады.
Мақтап жүретін адам тамақ үстіне келеді, ал жамандап жүретін адам дастархан жиналғанда келеді деп санайды.
Үйге кешке немесе түнде «Кеш жарық» деп кіру керек.
Біреу әңгіме айтып отырғанда сәби түшкірсе, оның айтқаны шын деп сенеді.
Көзге теріскен шықса, саусақ арасынан қол шығарады.
Мысыққа тамақты «ертең ұмытып кетесің» деп маңдайынан шертіп береді.