ҰЛЫ ӨЛМЕГЕН РУДА ЖОҚ
Шоқанның өлімін естірту
Шоқан шетте жүргенде Тезек төренің қызын алады екен. Шоқан ауырып жүргенде:
Еліңнің жақсы, білікті адамдары кім? – деп Тезек төре сұрайды екен.
Елімнің жақсы адамдары – Сасықтың Тоқсанбайы, Жандос баласы Келдібек, Зілғараның Әлібегі, - дейді екен Шоқан.
Осы айтқандарын Тезек жазып алып отырыпты да, Шоқан қайтыс болған соң: «Шыңғыс хандарыңның сүйікті ұлы Шоқан қайтыс болды. Хандарыңа қалай естіртесіңдер, өздерің біліңдер», - деп хат жазған екен. Мұны естіген соң қасына он бес шақты адам ертіп Келдібек Шыңғысқа келіпті, үйіне түсіп, әңгімеге айналдырып отырып, ханға сұрақ қойыпты.
Хан, жанды да не қымбат? – депті Келдібек.
Жанды да адам қымбат, - депті Шыңғыс.
Жансыз да не қымбат?
Жансызда гауһар қымбат.
Гауһар тас пен адамның қайсысы қымбат?
Әрине, адам қымбат, - дейді де Шыңғыс басын көтеріп алып, - япырай, мұнда мал басы аман еді, мына сұрағың қалай шығып барады, Шоқанжаным жолда жүр еді, бір хабар болды ма? – дей беріпті.
Хан ием, дұрыс айттың гауһар тас қымбат, жеті қабат жер астынан, су астынан жуылып шыққан зат қой, сол асыл тасты бір адам тауып шыға бергенде, тас иесі шығып: «Тас менікі!» - деп жармасыпты, сол тас қайсысынікі болуы керек? – депті.
Әрине иесінікі болуы керек, - депті Шыңғыс.
Сонда Келдібек отырып:
Ұлы өлмеген руда жоқ,
Қызы өлмеген Қырымда жоқ.
Қатыны өлмеген халықта жоқ.
Ағасы өлмеген аймақта жоқ
Інісі өлмеген елде жоқ,
Әкесі өлмеген әлемде жоқ.
Шешесі өлмеген пенде жоқ,
Аққу ұшып көлге кетті,
Дуадақ ұшып шөлге кетті.
Құдай сізге гауһар тас беріп еді,
Оны иесі өзі әкетті.
Шоқан деген баламыз
Бәріміз баратын жерге кетті, - деп естіртіпті. Шыңғыс жылап отырғанда, Әлібек қасына келіп: - Әй, Шыңғыс! Мұңсыз жалғыз Құдай, жеті ұлыңның бірін бермейтін Құдай болайын деп пе едің, бас өксігіңді, сүрт көзіңді, көтер басыңды, - деген екен.
Достарыңызбен бөлісу: |