Ақтөбе қалалық білім беру бөлімі
№24 лингвистикалық мектеп-гимназиясы
«Әлем халықтарының әдебиеті» арнаулы курсының оқу бағдарламасы
Ақтөбе – 2006
«Әлем халықтарының әдебиеті» арнаулы курсының оқу бағдарламасы №24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының 10 класс оқушыларына арналған
№24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының әдістемелік кеңесінде талқыланып, мақұлданған
Құрастырған: Матенова Ғ.Ж.
№24 лингвистикалық мектеп-гимназиясының қазақ тілі
мен әдебиеті пәні мұғалімі
Пікір жазған: Бермағамбет С.Ж.
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің деканы, ф.ғ.к, доцент
Мұғалім Ғазиза Жаймухамбетқызы Мәтенованың 10 сыныпқа арналған «Әлем халықтарының әдебиеті» арнаулы курсының бағдарламасына
П І К І Р
Әлем әдебиетінің тарихы бүкіл әлемдік мәдениет пен өнердің тарих пен философияның дамуымен тығыз байланысты. Әлемдік әдебиет мұраларын оқыту бұл кезге дейін кешенді түрде жоғары оқу орындарының филология, журналистика факультеттерінде жүзеге асырылып келді, ал оның мектепте оқытылуы тәуелсіз Қазақстанның келешек жастарына жан-жақты білімді етіп тәрбиелеуге және әлемдік мәдениетпен сусындап өсуіне септігін тигізері сөзсіз.
Мұғалім Ғ.Ж. Мәтенованың «Әлем халықтарының әдебиеті» байланысты арнаулы курсының бағдарламасы осындай үлкен мақсатты көздей отырып, жүйелі әрі мектеп оқушысының білім деңгейіне қолайлы құрылған. Бағдарлама әлем әдебиетінің екі үлкен тақырыбы - батыс және шығыс әдебиеті мұраларын оқытуға арналған. Бағдарлама мазмұнында әдебиет тарихы жүйелі түрде кезеңдерге бөлініп, бір-бірімен сабақтаса оқытылу көзделген. Сонымен қатар мектептің оқушыларына бұрыннан таныс Д.Лондон, Э.Хемингуэй, Г.Бичер Стоу, В.Скотт, Д.Дефо, Д.Свифт шығармалары, Абай аудармасы арқылы қазақ оқырмандарына жеткен Гете поэзиясы, Шығыс классиктерінің туындылары жоғары сынып оқушыларының деңгейінде қарастырылған.
Бағдарлама бөлінген сағат санына және оқытылу аудиториясына сай өз деңгейінде құрылған.
Пікір жазушы: Бермағамбет С.Ж.
Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің деканы, ф.ғ.к, доцент
Алғы сөз
«Әлем халықтарының әдебиеті» деп аталатын пән Қазақстан Республикасы университеттері мен педагогика институттарының оқу жоспарына соңғы жылдары ғана қосылғандықтан, әлі де бұл курсты толық қамтамасыз ететін оқулық жасала қойған жоқ. Сол сияқты аталмыш пән бойынша арнайы бекітілген бағдарлама да құрастырылмаған.
Қазіргі білім беру жүйесіндегі басты мақсат – жан-жақты дамыған жеке тұлғаны дамыту болып тұрғандықтан, әрі өскелең ұрпақты әлемдік деңгейге көтеру міндетінен осы бағдарламаны құрастыру мәселесі жүзеге асырылды. Бұл бағдарламаның мектепте оқытылуы тәуелсіз Қазақстанның келешек жастарына жан-жақты білім беруде және әлемдік мәдениетпен сусындап өсуіне септігін тигізері сөзсіз.
«Әлем халықтарының әдебиеті» арнаулы курсының бағдарламасын жасауда бұрынғы «СССР халықтары әдебиеті тарихының программасы» мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология магистрі М.Балтымованың «Әлем әдебиетінің тарихы» бағдарламасы басшылыққа алынды.
Аталған бағдарлама бойынша әлем әдебиетінің екі үлкен тақырыбы – батыс және шығыс әдебиеті мұраларының дәуірлері, олардың арасындағы әдеби байланыстар, әрине әр кезеңнің көрнекті өкілдерінің ірі-ірі туындылары аталған сынып оқушыларының деңгейінде қарастырылып, қазақ қаламгерлерінің аудармалары арқылы толық таныстырылады. Батыс – еуропалық әдебиеттің аса көрнекті өкілдерінің бірі Гомердің «Илиада» мен «Одиссеясынан» бастау алған курста одан әрі түркі халықтарының ауыз әдебиеті үлгілерін, Египет, Қытай, Үнді, парсы-тәжік әдебиеттерін талдау жұмыстарымен жалғастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |