219
туындысын тыңдаған адам біткен бұл әннің қазақ даласына басқа,
белгісіз бір әлемнен келгенінен тіпті де бейхабар еді.
Иоганн Вольфганг Гетенің «Жиһангездің түнгі жыры» өзінің
нәзік сыршылдығымен М.Ю.Лермонтовтың жан дүниесін баурап
алғаны, кейіннен В.Г.Белинский айтқандай «сынын кетірмей» орыс
тілінде сөйлетуі шындығында да, ғажап емес пе? Жарты ғасырдан
кейін ұлан-байтақ жұмбағы мол
жалпақ жазираның перзенті
Абай Құнанбаевтың оны нақ сондай қарыммен қазақ тілінде
қиыстыруы да ғажайып емес пе? Үлкен-кіші елдерді кезіп жүріп,
«Жиһангездің түнгі жыры» ақырында «Ақшоқы аңғарындағы
ауылға, одан Тобықтының жайлауына, қырдағы Керейлер мен
ойдағы Уақтарға, қалың Қаракесек пен Қуандық руларына, Аягөз
даласы мен Тарбағатай мен Алтайды
мекендеген Наймандарға
дейін жетті» (М.Әуезов. «Абай жолы»).
* * *
Ежелден белгілі ақиқат бар: ұлының ұлылығын, әсемдіктің
ажарын, сайып келгенде кез келген дүниенің асылы мен жасығын
салыстыру арқылы ғана ажыратып беруге, түсінуге, түйсінуге,
сезінуге, түсіндіруге болады.
Әлбетте, салыстырмалы-лингвистикалық саралауға жүгініп,
бір ғана поэтикалық ойдың түрлі тілдерге тәржімаланғандағы
жаңғыруын
бағамдаудың өзі бір ғанибет, әсіресе түп-нұсқа мен
аудармалар көрнекті сөз зергерлерінікі болса ғажап. Гетенің
әйгілі миниатюрасы Лермонтов пен Абай аударған нақ сондай
лингвистикалық тәжірибе үшін өте берекелі, оңтайлы материал
болып табылады.
Ильменауға таяу жердегі Кикельхан
тауының төбесіндегі
сырғауыл үйдің қабырғасына 1780 жылдың қыркүйек айының
6-сынан 7-ісіне қараған түні Гете қарындашпен жазған
«Жиһанкездің түнгі жыры» («Wanderers Nachtlied»), міне, 200
жылдан астам уақыт бойы түрлі ұлттар мен ұлыстардың көптеген
буындарының аузынан түспей келеді. Осы шағын өлеңнің
бойында сөз жеткізе алмас баурап аларлық құдырет оқушыларды,
суретшілерді, сазгерлерді,
зерттеуші ғалымдарды, әдебиет
шолушыларын толғандырып, тебіреніске бөлейтін бір сиқырлы
тартымдылық бар. Осы бір өлмес жолдарда Лермонтов пен Абайды
220
шабыттандырып туған тілдеріне аударуға жетелеген ерен асқақтық
пен бұлалық жатыр, мұның өзі жаңа жауһар жырды дүниеге әкеліп,
әрі үш халықтың ақындық күші мен кемеңгерлігінің үйлесіміне
ұйтқы болған.
* * *
Пушкин мен Лермонтов пірі Абайға ерекше жақын һәм
түсінікті.
«...Кітабына тағы да ерекше сүйсінген ынтамен үңіледі. Бұл
кітапқа қазірдегі Абай ықыласы тіпті бөлек. Ол ықылас – кітап
пен оқушы Абай арасында туған жақсы бір ұғынысудан... Ұғымды
болған кітап бірінші өткел болды. Таза, сара, ашық өткелдей...
Биылғы өткен қыс бойы Абай неше алуан «тәпсірлерді» серік
етіп, жалғыз табандап қадалғаны – орыс кітабы еді. Аяғында, осы
көктемде, жаңа дүние саңлауы шын жарқырап ашыла бастағандай
болған соң Пушкинге ауысқан...»
Бұл жолдар Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан. Бұл
сөздерде де дәл сондай ауан. Үндестік ауаны. Рух үндестігі. Алуан
тілдердің тұтастығы.
ХІХ ғасырдың 90-жылдары
Абай Лермонтовты құлшына
аударды. «Теректің сыйы», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде
жалғыз», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Ой», «Әм жабықтым, әм
жалықтым», «Көңілім менің қараңғы...», «Рахат, мені тастап
қоймадың тыныш» т.б. орыстың ұлы ақынының шығармаларын
Абайдың қазақша сөйлетуі ғажап, мазмұны мен нысанына терең
бойлап, шынайы поэтикалық жалынын сақтай отырып, Лермонтов
музасының рухы мен өзіндік ерекшелігін кемеліне келген
Абай сергек сезінген. Нақ сол жылдары ол «Қараңғы түнде тау
қалғыпты» аударады.
Достарыңызбен бөлісу: