Музей тарихпен тілдесу мүйісі



Дата12.10.2020
өлшемі18,3 Kb.
#64450

Музей – тарихпен тілдесу мүйісі

Аспан асты, жер үстінде өсіп-өн­ген қай халықтың болмасын адамзат тари­хы­нан алар орны олардың ғаламдық өрке­ниет көшін ілгерілетуге қосқан ірілі-ұсақ­ты жетістіктерімен өлшенері талас тудырмаса керек.  Талғат БАТЫРХАН 24.05.2018 5 Facebook Twitter Google+ Pinterest Vkontakte Telegram Ұрпағына ұмытылмастай ұлы мұралар қалдырған ұлттың ұпайы қа­шанда түгел. Бұл жағынан біздің қа­зақ ешкімнен кем емес. Бірақ сол іліп алар­лықтай інжу-маржандарымызды төрт­күл дүниеге танытуға келгенде кеже­ге­міздің кейін тарта беретінін мойын­дауға тиіспіз. Атақ-даңқы ат тұяғы жеткен жердің бәріне аңыз болып тараған арғы аталарымыз артында Алатаудай алтынға айырбасталмас­тай баға жетпес байлық қалдырды. Әттең, сол асыл қазынаның басым бөлігін әртүрлі себептерге байланысты сақтай алмадық. Талай құндылықтарымызды құм жұтқан қалаларымызбен бірге құрдымға жібердік. Осылайша орта ғасырларда оқу-білімнің ордасы болған Отырар кітап­ханасынан айы­рылдық. Көзге түсер көрнекті жәді­гер­леріміздің көбісі ен даламызды еркін кезген келімсек жиһангездердің қанжығасында кетті. Одан қалғандары озбыр мінезді отар­шылар­дың оңай олжасына айналды. Тәубе! Тәуелсіздік таңы атысымен-ақ талан-таражға түскен тарихымыздың кем-кетігін түгендей бастадық. Соның арқасында құйсаң толмас құт-берекеміздің, төксең ортаймас ырыс-несібеміздің белгісіндей қасиетті Тайқазан араға ұзақ уақыт салып киелі Түркістанға қайта оралды. Ел­басының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жүзеге асқан іргелі ізденістер мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде шетелдік мұрағаттарда шаң басып жатқан құнды құжаттарымыздың көшірмелері елге жеткізілді. Бүгінде «Рухани жаңғыру» аясында атқарылып жатқан істер де ауқымды. Ал, енді өз елінің өткен-кеткені туралы кеңірек білгісі келетін адамдардың ең алдымен баратын жері әрине, музейлер. Өйткені музей –тарихпен тілдесу мүйісі. Осында қойылған орасан мол экспонаттар арқылы арғы ғасырларға ойша сапар шегуге болады. Археологиялық қазбалар кезінде қорғандар қойнауынан аршылып алынған артефактілер бағзыдағы бабаларымыздың бақуатты тірлік кешкенін айғақтайды. Үстіндегі киімі, ас ішер аяғы, тіпті астына мінген атына дейін алтынмен апталып, күміспен күп­телгенін көргенде көңілің көкке өрлеп, рухың көтеріледі. Елдігіміздің ерен нышанындай «Алтын адам» шартарапты шарлап, қазақтың қара жаяу қаймана еместігін күллі әлемге әйгіледі. Жан-жақтан анталаған жауына қарсы қасқая шапқан баһадүрлеріміздің өшпес ерліктерін өнеге етіп баяндайтын деректер мен дәйектерге қаныққан өскелең өрендердің бойында қаршадайынан отаншылдық сезімі оянады. Сондықтан жеткіншектерімізді жетелеп мұражайларға жиі апарғанымыз жөн. Өйткені ол жерден көрген-білгендері көкейлеріне қонып, көшелі азамат болып қалыптасуларына септігін тигізеді. Санаға түскен сәуле жан дүниелеріне жарығын шашады. Анау жылдары аяғымыз жетіп Санкт-Петербургтегі Эрмитажды, Париждегі Луврды, Версальді, Лондондағы Ұлттық галереяны, Тауэрді, Британ музейін аралағанымыз бар. Бала-шағаңмен барған соң, әрине біраз қаржының басына су құйылды. Бірақ көрген қызығымыз одан да көп. Леонардо да Винчидің атақты «Джокондасынан» таяқ тастамда тұрып түн жарымда алыстағы Астанаға телефон шалып, шырт ұйқыдан оянған досыңмен әдемі әсеріңмен бөлісіп әңгіме-дүкен құрудың өзі неге тұрады?! Петергофтағы немесе Версальдағы патша сарайының сән-салтанатына тамсана таңдай қаққан тамаша сәттерді ұмыту сірә, мүмкін бе?! Анау Америкадағы мақтаулы «Метро­поли­теніңізді» көргеніміз жоқ. Көргендер ауыздарының суы құрып айтады. Қайдан білейік, шынымен солай шығар... Қытайдың Учжэнь провинциясындағы су үстінде қоныс тепкен, қабырғасы бұдан 1300 жыл бұрын қаланған Сичжа кентінің көнеліктер көмкерген көшелерінде жүргенімізде барын бағалай білген жұрттардан үйренер үрдістеріміз көп екен-ау, солардан неге үлгі алмаймыз деген ой мазамызды май ішкендей қылғанын несіне жасырайық. Шіркін!!! Біздің музейлерімізге де әлемнің әр түкпірінен ағылып туристер келіп-кетіп жатса... Ұлықтауға лайық ұлттық құндылықтары­мыз көрерменнің көзін арбап, көңілін баурап, талайғы тарихымызға табындырса... Ұлан-ғайыр даламыздағы ұшан-теңіз мәдени-рухани және материалдық ескерт­кіштерімізді тамашалауға ынтыққан, этно­графиялық ерекшеліктерімізді елеп-ескерген елгезек қауымның қарасы күн санап артса... ...Сөйтіп жатжерліктер егемендік алып еңсесін тіктеген, Есіл жағасында самаладай Астананы салып айды аспанға бір-ақ шығарған Қазақстан табыстарының тамыры тереңде екенін түсінсе қандай ғанибет... Қиял-ғажайып ертегілерге елтіп өскен елдің баласы емеспіз бе, арманның ақиқатқа айналарына сенейік, ағайын! Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://egemen.kz/article/169222-muzey-tarikhpen-tildesu-muyisi
Материалды көшіріп басқанда Egemen.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз!

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет