Ауылым-алтын бесігім
Қазақ үшін ауыл-қашанда бір пәктіктің, тазалықтың, руханияттың мекені екені анық. Кейінгі қоғамды қозғамағанда, оған дейінгі қазақтың кіндік қаны ауылда тамып, тамыры ауылда көгергені де даусыз шындық. Бүгінде, өскелең қоғаммен бірге қозғалуға талпынып жүрген ауыл тіршілігінің өзі – бір тәй-тәй басқан баладай тұнық пейілді, аңқау көңілді, жылы жүзді еске түсіреді. Қанша жерден ауыл деп мұрын шүйіргенмен, бір қоғамда бір ауыл болмаса, ол қоғамда тазалық тіптен тауысылады деп түсінемін. Неге десеңіз, ауыл тіршілігі -қарабайыр көрінгенмен, ол жерде айтып тауыса алмайтын дарқандық бар, шынайылық бар, ата-бабамен жалғасқан сабақтастық бар, түптеп келгенде, тағдыр талабын артып, санасына даналық, қолына билік түскендердің, жазарын жазып, айтарын айтып, жақсылықты жаршылағандардың шыққан жері – ауыл. Өзі шықпаса, әкесі шықты, атасы шықты – солардың тәліміне сіңген ауылмен дүние көрген адамның жүрек түкпірінде ауыл жоқ деп қалай айтуға болады?!
Әр адамның өз ауылы бар. Өз сағынышы бар, өз жырлары, өз аңсары бар. Бір өңді, тоқтаусыз қайталанатын, адамның жүрегін сұрғылттандыратын қала күйбеңінен бәрібір де адам шаршайды. Бәрібір де сонау ауылда тайға мінген бал шағын, құрт-айран, бауырсағын, қыр мен таудың көз тоймас сұлулығын, төл мен елдің қанша тыңдасаң да жылықтырмас тіршілік әнін сағынады. Бұл деген қаланың кез келген қызығына айырбасқа келмейтін үлкен береке ғой. Оны аңсамау мүмкін бе?!
Қазіргі қоғамда тек ауылда қалып, ел болу қиын. Бала естиып, кәмелетке толғанда, арманы бар, мақсаты бар, өмірдің заңдылығы бар, қалаға оқу мен мұрат іздеп кетуі керек. Солай әрі қала көрсе, оқыса, дамыса, әрі шыққан жері, жарты ғұмыры өткен жері – ауылдың қадірін ұғынуы да шарт-ақ. Сағыныш пен мекен ауысу – адамды тез есейтеді. Бұл-өмірдің заңдылығы.
Мен де - ауылымнан жырақтап, қалаға жылыстаған адамдардың бірімін. Оқуды мақсат етіп, қаланы арман етіп ту ғып байлап, бір-біріне ұқсас сәулеткерлікке толы қалаларды шама-шарқымызша араладық. Ментолитет пен этиканы, біздің тілмен, қалалық әдепті бойымызға сіңірдік. Ғажабына таңырқап, көркеміне көңілімізді толтырдық. Қала бәрібір сымбат пен сұңғақтық қой. Оған сүйсінбеу –пасықтық. Дегенмен, қала үлкен. Үлкен қалада – жүрегі үлкен адамдар табу қиын. Мені ауылға алып ұшқан әуелгі себеп, сұңғақтық бой алған жерден ауылдай ақпейілді таба қоймағаным болар. Ауылдың да ерекшелігі сол, ауыл кішкентай-жүректер үлкен.
Қай қазақтың болмасын жүрек түкпірінде, тамырын тулатқан қанында, шыбынмен шамалас жанында ауыл жайлы бір ыстық тебіренісі болары ақиқат. Қоғам қанша кері итерсе де, оны мүлдем ұмыттырып жібере алмайды. Сонда туып, ғұмыр кешпесе де, көңілінің ара-тұра ауылдың дәмін жесем, ауылдың атқан таң, батқан күнін көрсем, тай мініп, жылқы баптасам, әжемнің ертегісі мен атамның өткенді еске ала өнеге қылып отыратын әңгімесін тыңдасам, жусанмен жұпарланатын тап-таза ауасын жұтынсам, бәрінен бұрын қарабайыр қазақты көрсем деген бір түйір елеусіз арманы бары анық қой. Ауыл сондай. Оны аңсамау мүмкін емес. Оны ойға алғанда, ойыңмен қоса, жаның да қатар тербелетіні үшін, құшағына енсең, балалық пен жастық бойды алатыны үшін – алтын бесік. Ауыл аяулы болғаны үшін – алтын бесік.