Дәріс №6. БЮДЖЕТТЕН ТЫС ҚОРЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ АРНАЛЫМЫ
Дәрістің мақсаты: Білім алушыларға бюджеттен, әлеуметтік арналымының экономикалық арналымының бюджеттен тыс қорлары және Қазақстан Республикасыың Ұлттық қоры туралы түсінік беру.
Негізгі терминдер: бюджет, рыноктық қатынастар, қор, зейнетақы қорлары, субъектілер, қаржылық қатынастар, ақшалай нысан, қаржылық ресурстар, активтер, төлем
6.1 Бюджеттен тыс қорлардың мәні
6.2 Әлеуметтік арналымының бюджеттен тыс қорлары
6.3 Экономикалық арналымының бюджеттен тыс қорлары
6.4 Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры
6.1 Бюджеттен тыс қорлардың мәні
Бюджеттен тыс қорлар – мемлекет қаржысы жүйесінің маңызды буыны; мемлекеттің қатаң белгілі мақсаттарға пайдаланатын және заң жүзінде немесе нормативті түрде қалыптасуының бекітілген көздері бар ақшалай ресурстардың жиынтығы. Экономикалық категория ретінде бюджеттен тыс қорлар мемлекет пен шаруашылық құрылымдардың мақсатты қажеттіліктерін қаржыландыруға бағытталған қаржылық ресурстарды орталықтандыру үшін ұлттық табысты қайта бөлу жөніндегі қатынастар болып табылады.
1991 жылдан бюджеттен тыс қорлардың пайда болуы әлеуметтік-экономикалық дамудың қажеттіліктерінен туындады: қатаң функциялық мақсаттарға жұмсалатын мемлекеттің қаржылық ресурстардың бір бөлігін оқшауландыру, мемлекеттік бюджетті оған тән емес шығыстардан жеңілдету, бір жағынан бюджет тапшылығын төмендету қажет болды. Белгілі бір дәрежеде бұл мемлекеттің жұмыс істеуімен тікелей байланысты емес шығыстардың ауыртпалығын шаруашылық органдарына аударуды қажет етті; бұл мақсатқа Экономиканы тұрақтандыру қоры (кейін Экономиканы жаңғырту қоры) сай болды. Басқа жағдайларда, рынокқа өту кезінде халықтың тұрмыс деңгейінің төмендеуі жағдайында оны неғұрлым сенімді және тиімді қорғау мақсатымен әлеуметтік мұқтаждарға жұмсалатын кейбір шығыстарды бөлу және оларды жабудың көздерін бір-бірінен ажырату қажет болды. Бұл міндеттерді Зейнетақы қорының, Әлеуметтік сақтандыру қорының, Халықты әлеуметтік қорғаудың бірыңғай одақтық-республикалық қорының, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік қорының шешуін қажет етті. Бірқатар қорлардың – Жол қорының, Әскери өндірісті конверсиялау қорының, түрлі арналымның инновациялық қорларының және басқаларының өте-мөте тар мақсатты арналымы болды.
Бірқатар қорлар, мәселен, Экономиканы тұрақтандыру қоры, Халықты әлеуметтік қолдаудың бірыңғай одақтық-республикалық қоры уақытша қызмет етті – бұл экономиканың дағдарысты жағдайында мұндай қорлардың қаражаттарын қалыптастырудың белгілі бір иесізденуімен, бөлу кезінде ресурстарды қайтарусыз пайдаланудағы қорды қалыптастыру субъектілерінің мүдделіксіздігімен түсіндіріледі.
Бюджеттен тыс қорлар мына белгілер бойынша сыныпталады:
мақсатты белгісі бойынша бюджеттен тыс қорлар экономикалық және әлеуметтік, ғылыми-зерттеу, табиғат қорғау (экологиялық), көші-қон, құқықтық тәртіпке жәрдемдесу, мәдени арналым және басқа қорлар;
басқару деңгейіне қарай мемлекетаралық, мемлекеттік және өңірлік (жергілікті) болып бөлінеді.
Экономикалық қорлар – экономикалық дамудың, ал әлеуметтік қорлар қоғамның әлеуметтік проблемаларын шешуге арналған қорлар болып табылады. Мемлекеттік қорлар – бұл мемлекеттік деңгейде, ал өңірлік қорлар өңірлік деңгейде қалыптасатын қорлар.
Мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар мен мемлекеттік емес қорларды ажырата білген жөн; соңғылары бірқатар мемлекеттік бюджеттен тыс қорларға, мысалы, мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары, әр түрлі ізгіліктік, соның ішінде халықаралық қорларға ұқсас болғанымен өзінің мақсатты арналымы бойынша өте сан алуан болып келеді. Сондай-ақ бюджеттен тыс қорлар және мақсатты қаржыландыру қоры болып ажыратылады, бұл қорлар 1996 жылға дейін (оны қоса) мемлекеттік бюджеттің құрамында болып келді: жер қойнауын қорғау және минералдық-республикалық қоры. Мұнда қаралған басқа да қорлар мезгіл-мезгіл, 1992-1996 жылдар ішінде мемлекеттік бюджетке енгізіліп, одан шығарылды. Бұл қаржы жүйесінің қалыптасу үдерісін, оның құрылымының оңтайлы нұсқасын іздестіруді бейнелеп көрсетеді.
Қазақстанда мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар 1998 жылдан бастап мемлекеттің қаржылық ресурстарын орталықтандыру саясатын жүргізуге байланысты мақсатқа сәйкес емес деп танылды: қорлардың қаражаттары республикалық бюджетке шоғырландырылды. Алайда әлемдік практика қоғам тарапынан қаражаттардың жұмсалуына бақылауды қамтамасыз еткенде мемлекеттің қаржылық ресурстарын оперативті басқару мақсатымен оларды дербес қалыптастыруды орталықсыздандырудың және пайдаланудың тиімділігін растайды. Сондықтан болып жатқан әлеуметтік-экономикалық үдерістерге: зейнетақы жүйесін реформалауға (Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры, 1998 жыл), Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын орындауға (Қазақстандық инвестициялық қор, Ұлттық инновациялық қор, 2003 жыл), мұнайлық табыстарды қордалау қажеттігіне (Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, 2001 жыл), әлеуметтік сақтандыру жүйесін ендіруге (Әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік қоры, 2005 жыл), шағын бизнесті дамытуға (Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры, 1997 жыл) байланысты бюджеттен тыс қорлар қайтадан бірте-бірте қалпына келе бастады.
Достарыңызбен бөлісу: |