Салықтар сыртқы экономикалық қатынастардың маңызды реттегіші болып табылады; бұл жерде әңгіме кәдуілгісалықтар, сондай-ақ арнаулы – бірлескен кәсіпорындардың пайдасына салынатын салықтар, кеден баждары (экспорт пен импортқа салынатын салықтар) жөнінде болып отыр.
Көптеген мемлекеттерде экспорт пен импортты кедендік-тарифтік реттеу жүргізіледі.
Кедендік кодекс кеден аумағының, кеден баждарының және кедендік алымдардың бірлігі негізінде кеден ісінің қағидаттарының (яғни тауарлар мен өзге де заттардың кеден шекарасы арқылы өту тәртібін, кеден салығын салуды, ресімдеуді, бақылауды және кедендік саясатты жүзеге асырудың басқа құралдарын) белгілейді.
Кедендік тариф ішкі рыноктағы шетелдік бәсекені реттейді. Кедендік тариф кеден баждары мөлшерлемелерінің жүйеленілген жиынтығы болып табылады, олар республиканың кеден аумағына әкелінетін және бұл аумақ шегінен әкетілетін тауарлар мен өзге де заттарға салынады.
2010 жылдың 1 шілдесінен Кедендік одаққа кірумен байланысты енді бірыңғай кедендік тариф пен кедендік баждар қолданылады, кедендік-тарифтік реттеу өзгереді.
Кеден ісін жүзеге асыру кезінде кеден органдары алатын, заңнамада белгіленген және мөлшерлемелерін Үкімет белгілейтін кедендік төлемдердің басты түрлерінің бірі кедендік баждар – ұлттық шекара арқылы тасылатын тауардан кедендік тарифте қарастырылған мөлшерлемелер бойынша мемлекет алатын салықтар (1 кестені қараңыз). Әкелім, әкетілім, транзиттік, маусымдық, арнаулы, демпингке қарсы, өтемдік, (қолдампаздық), (протекционистік) пұрсаттылықтық (преференциалдық) кеден баждарын ажыратады. Қазақстанда импорттық (әкелімдік), маусымдық, арнаулы, демпингке қарсы, өтемдік баждар қолданылады. 2008 жылдан Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан әкетілетін шикі мұнай мен мұнайдан өндірілген тауарларға кедендік баждар енгізілген. Отандық практикада баж салығының адвалорлық, айрықшалықты және құрамдастырылған мөлшерлемелері кең тараған: адвалорлық – салық салынатын тауарлардың кедендік құнына пайызбен, айрықшалықты – белгіленген мөлшерде салық салынатын тауарлар мен бірлігіне мөлшерлемелер, құрамдастырылған – салық салудың екі түрінің ұштасуы жолымен есептелінетін мөлшерлемелер.