Ауызша журналдың тақырыбы: Мәңгілік ел идеясы – ұлттың ұлы мұраты
Мақсаты: Өскелең ұрпақты іргелі мемлекет құраушы «Мәңгілік Ел» құндылықтарында тәрбиелеу, қазақстандық халықтардың тарихы, мәдениеті, дәстүрінің біртұтастығының мәнін түсінетін, Қазақстанның отансүйгіш-азаматы тұлғасын қалыптастыру.
Көрнекілігі: Слайд «Ауызша журнал беттері», «Менің елім – Қазақстан», баннер, шарлар, коллаж, плакат, түрлі-түсті қарындаштар
Барысы:
Ауызша журнал
1-бет
Мәңгілік Ел
Аида: «Халық өмірі оның келесі ұрпағымен жалғасып отырады. Сондықтан Халықтың Мәңгілігі туралы арманнан асқақ арман жоқ. Мәңгілік Ел – бұл ертеңгі күнге есік ашатын, болашаққа сенімді арттыратын идея, бұл – кері қайтпайтын және берік тұрақтылықтың символы» деді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 2014 жылғы 15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде.
Бағдат: Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы – халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам.
Құндызай: Мәңгілік елге айналу үшін тәуелсіздікті сақтап, елдігімізді нығайту басты мақсат болып табылады. Өйткені, тәуелсіздік ұғымы халқымыздың мұраты, ғасырлар бойғы арманына айналған, сонау алаш тұлғаларының зердесі мен өнегесімен келген аманат дүние.
Арыстан: «Мәңгілік ел» идеясының маңыздылығын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауының негізі етіп алып, бұл туралы өз сөзінде: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті... Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр» деген болатын. Халықты бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа үндеген Елбасының бұл жолдауында ел халқына үлкен жауапкершілік жүктелген.
Аида: «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Бағдат: Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.
Құндызай: Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу.
Арыстан: Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.
Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін – деді Елбасымыз. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.
Хор: «Қазақ елі осындай!»
2-бет
Мәңгілік ел идеясы – ұлттың ұлы мұраты
Аян: 550 жыл бұрын Жәнібек пен Керей құрған Қазақ хандығы алғаш рет өз атауында халық этнонимі бекітілді. Қазақ халқының тәуелсіздік үшін көп ғасырлық күрес жолында ұлы жеңістер мен ауыр жеңілістер болды. Осы үздіксіз күрестің тарихи тәжірибесі «Мәңгілік Ел» өзекті идеясының маңыздылығын – халық бірлігін дәлелдейді. Тарихи дата – Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өту – өткен, осы және келер шақтың мирасқорлығын және ұрпақтың бабалар алдындағы қазақи мемлекеттіліктің қайнар көзі мерейтойлы датадан бұрын есептелетін мызғымас негізі мен дәстүрін сақтаудағы ерекше жауапкершілігін айрықша көрсетеді.
Нұрайым: Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың заманауи қазақстандық мемлекеттілік құрудағы сіңірген тарихи еңбегіне ешкімнің таласы жоқ. Күшті қайраты мен стратегиялық көріпкелдігінің арқасында Қазақстан заңды ресімделген шекарасы бар, жемісті, тұрақты, беделді мемлекетке айналды. Қазақстандықтардың ұлттық идеясы мен тарихи санасын қалыптастыруда және халықтың бірлігін нығайтуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ерекше рөлін атап көрсету қажет. Қазақстан «Мәңгілік Ел» идеясына біріккен көп ұлттың өкілдеріне Отан болып табылады. Қазақстандықтар бар қиыншылықтардан өтіп, ұлттық қауымдастықта лайықты орын алды. Бұған жету жолы да оңай болмағаны аян. Иә, ел болып еңсе тіктедік дегенде – арғы жағында арқасүйер, табан тірер не бар екенін қазақ жұрты мен қазақстандықтардың жарасымды тіршілігінің дәлелі болды.
Нұрзат: Бір кездері Алаш арысы Міржақып Дулатов «Түрік баласы» атты жазбасында: «Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады», – деп...
Шыңғыс: сонымен бірге тағы жазған мақаласында: «Тарихы, әдебиеті жоқ халықтың дүниеде өмір сүруі, ұлттығын сақтап ілгері басуы қиын. Әдебиеті, тарихы жоқ халықтар басқаларға сіңісіп, жұтылып жоқ болады», – деді.
Аяулым: Біздің Отанымыз Қазақстан – бүгінде тәуелсіз мемлекет. Елбасымыз өз сөзінде «Жер бетінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстар бар. Біз – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек. Тәуелсіз елдердің барлығы бірдей тұрақтылық пен татулыққа ұйып, дамудың даңғылына түсе алған жоқ. Тәуелсіздік – тарихтың сыйы немесе бүгінгі буынның меншігі емес. Ол – өткен бабалардың алдыңдағы қасиетті борыш және келешек ұрпақтың алдыңдағы зор жауапкершілік. Біз Тәуелсіздігімізге тәу етіп,тәубе деп, Тәуекелмен болашаққа бет түзеп келеміз. Біз бүгін Ұлы тарихымыздың тағы бір шебінен сенімді өтіп келеміз» деген еді. Шынында да тәуелсіздікке қол жеткізуіміз, адамзаттың басынан кешірген, ғаламат зобалаң заманнан аман – есен өтуіміздің өзі баға жетпес мұра емес пе?!
Мухаммедқали: Ұлтымыздың ұлы тұлғасының бірі – Әлихан Бөкейхан «Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы оның соңынан ерер еді» – деп арман еткен ер тұлға бүгін Елбасымыздың әр ісінен көрініс тапқандай. Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының тарихи жалғасы – бүгінгі өркениетті Қазақстан. Еліміздің өзіндік стратегиясы қалыптасқан, әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттер қатарынан орын алуы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегі мен көреген саясатының жемісі. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы қазірдің өзінде елді біріктіруші күшке, ұлттық идеологияға айналды. Ол – «Қазақстан-2050» Стратегиясының, сонымен қатар, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры, ұлттың рухани құндылығы.
Жанерке: Қазақстанның бүгінгі алатын орны, халықтың әл-ауқаты мен экономикасының дамуы елімізде жүргізілген саясаттың нақты нәтижесі болып табылады. Өткенге сәл шегініс жасап көретін болсақ, тәуелсіздіктің бірінші күні яғни, 1991 жылдың 17 желтоқсанында Елбасының «Кең – байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік. Әсіресе, жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашанда достыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік» – дегенінің өзінде елбасының көрегенділігімен Қазақстанның жарқын болашағына деген үлкен сенімі мен серпіліс берер салиқалы ойы ұштасып жатқаны бүгінде ақиқатқа айналды.
Арман: Содан бері жиырма төрт жыл уақыт ішінде қаншама жаңашыл бағдарламалар мен жолдауларын арнап мемлекетіміздің өркендеуі мен өсуіне ықпал ететін тиімді даму жолдарын нақты көрсетіп берді. «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы жаңа дәуірдің, келісті келбетінің көрінісін саралап берді деп толыққанды сенімді айтуға болады. «Мәңгілік Қазақстан» деп аталуы арқылы тұғырлы еліміздегі әрбір отандастарымыздың жүрегіне жылу ұялата, мақтаныш сезімінің және оған деген сенімін айқындады. Елбасымыз тағы бір сөзінде, бүгінімен ертеңін ғана ойлап, кеңшілікті ойлаудан түсер пайданың қазіргі бәсекелестік заманында түкке тұрмайтын тіршілік екенін баса айтты.
Диана: «Мәңгілік Қазақстан» жобасы – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен сынақ, осыдан мүлтіксіз орындап, сүрінбей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет екенін баса айтты. Шынында да, бұл біз үшін жүктелген, мақсат етілген, жұмыла жеңетін алдағы міндетіміз. Осы орайда басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына ілігуі, яғни «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз қадам басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті. Атап айтар болсақ, тұңғыш мемлекеттік тұжырым идеологиясының елең еткізерлік жаңалық екені бізге мәлім. Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін – тұжырым ретінде «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануының айтсақ болады. «Мәңгілік Ел» идеясы, қазақ елінің тәуелсіздік жолында еңбекпен қол жеткізген биік асу, үлкен белес.
Аружан: «Мәңгілік Ел» ұғымын тереңірек түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету маңызды болып табылады. Түрік тарихын зерттеуші, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы: «Мәңгілік Ел» – түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея...» – екендігін жазған еді. Түрік қағанатын құрағаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолына алды. Мәңгілік ел – мақсаты түрік елінің билігі деп біршама ғасыр бұрын мәңгілік ел идеясын ұсынылғаны байқалады. Мәңгілік ел дегеніміз – мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп бере отырып, өзіндік қорғасын саясатын ұстану деп түсінуге болады. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.
Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!
Құндызай: «Мәңгілік ел»
Видео «Мәңгілік ел»
3-бет
Мәңгілік елдің негізі – ел тарихы
Арман: Бір кездерде дүркіретіп билік құрған Көктүріктер империясы ту еткен, Тоныкөк негізін қалаған, ұлы Шыңғыс хан империясының атына айналған Мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы – ұлттық идеясына айналды. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы тағы бір данамыз Асан қайғының осы тектес идеясымен де астасып жатыр. Бұл – «Жерұйық» идеясы. Бұл да өте терең, ғажап идея. Халқының болашағын ойлап, ел аласы, ру таласы болмайтын жер іздеуі баяндалады. Елбасы Жолдауында ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясын Асан қайғы армандаған «Жерұйық» идеясының жалғасы деп қарастыруымызға болады. Сөйтіп, Қазақстан халқының, дәлірек айтқанда, қазақ халқының ұлттық идеясы анықталды. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Алтын Күн шуағын шашқан Көк байрағымыздың астында қазақ қана емес, 130-дан астам ұлт өкілдері береке-бірлікпен тату-тәтті өмір сүруде.
Би:«Халықтар достығы»
Мадина: Елбасы: «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Бізге бабалар тұлпарларының тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ететін болады», деді. Сонымен бірге Қазақстанды Мәңгілік елге айналдырудың жолдары, түрлі иірімдері мен тетіктері, кезеңдері нақтыланып көрсетілді. «Мәңгілік ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы», – деп атап өтті Нұрсұлтан Әбішұлы.
Зарина: Бірақ оны ендігі жерде ешкім қиял деп айта алмас,себебі біз аз уақыт ішінде талай жоспарларды шындыққа айналдырдық. Күні кеше, бұдан 24 жыл бұрын бізде ұлттың экономикасы да, қазіргідей қалыпты мемлекет те, заңдастырылған шекара да болмаған еді. Қазір бұлардың бәрі бар. Қазақстанда қазір көшбасшы ұлттармен тең дәрежеде өмір сүріп отыр. Біз өзімізді оларға мойындаттық. Ендігі олар бізбен санасатын болды. Дана халқымыз: «Қиындыққа мойыма, ұмтыл-дағы іспен жең. Мақсатсыз жан өмірде қанаты жоқ құспен тең» деген. Тілекжан Хасенұлының айтуынша, дамыған елдерге тән ерекшелік – халқының, азаматтарының рухы ояу, асқақ болады. Олар өздерін ешкімнен кем санамайды. Олар басқаны сыйлайды, басқалармен санасады, басқалардан үйренеді, сонымен бірге өзіне де сенеді, өзін де мақтан тұтады.
Санжар: Дамыған елдің адамы – нағыз патриот: өз елін, өз жерін, Отанын сүйеді, өз тілін, дәстүрін, әдебиетін, тарихын біледі, қадір тұтады. Елбасымыз қазақстандық патриотизм туралы әрбір азаматтың патриоттық сезімін ояту, қалыптастыру туралы тектен-тек айтып жүрген жоқ. Патриотизм біздер үшін – қуатты күш. Оның негізінде рух, намыс жатыр. Қазіргі ел аузындағы Мәңгілік ел, Нұрлы жол деген тіркестер бейнелі түрде кездейсоқ айтылған емес. Бұл – қазақтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың таяу жылдардағы бетке ұстар идеясы,өмірлік нысанасы.
Жанболат: Мәңгілік ел – мыңжылдық мәні бар жалпыұлттық идея. Мәңгілік ел – Тәуелсіздік тұсында қалыптасқан философиялық идея. Көреген хандарымыз бен дана билеріміз, кешегі өткен Алаш арыстары қазақ елін қайырымды қоғамға, Жерұйыққа, Мәңгілік елге айналдыруды арман еткен, сол үшін күрескен, қан төккен, еңбек еткен. Ежелгі түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш тұғырдан, яғни үш негізден тұрады: біріншісі – көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» манифесі, екіншісі – әл-Фарабидің философиялық шығармаларында, әсіресе, «Қайырымды қалада», үшіншісі – Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Бұлардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты, бір заманнның жемісі және өзіне дейінгі бабалар мұратымен жалғаса отырып, кейінгі ұрпақтарының құрған мемлекетшілдік, яғни «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтасады.
Аружан: Мәңгілік Отаным бар бақыттымын,
Бабалар арман еткен шаттық күнін
Өткенін бағаласын жас ұрпағым
Қуанышпен қарсы алсын әрбір таңын
Мақтан тұтар «Мәңгілік еліміз» бар
Әлем білген кең байтақ жеріміз бар.
Батырларым білегімен қорғап өткен,
Тұлпарлардың тұяғының іздері бар
Талай тұлға тарихтың толқынында
Бәрінің теңдік еді арманыда.
Ата-баба рухымен бізге жеткен,
Бостандықтың баға жетпес құны осында!
Туған елдің көк туы Тәуелсіздік,
Желбірейді, әрқашан тұрып биік.
Тәуелсіз елде туған өрендерім,
Өр намысты, білімді, рухы биік
«Мәңгілік ел» мұратым, мақсатым да,
Болашағы айқын болар сара жолда.
Тәуелсіздік қасиетті тұмарымдай,
«Мәңгілік Қазақ елі» тұрағым да.
4-бет
Тіл – тұғырың
Арыстан: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білген жөн» деген Елбасы сөзі «елім» деген әрбір азаматтың көкейіне тоқылса, бірлігіміз беки түспек. Әр қазақ үшін Ана тілі бәрінен де жоғары тұруы тиіс. Өйткені, Біз – қазақ деген халықтың перзентіміз. Елге деген құрмет, өз Отаныңа деген сүйіспеншілік – алдымен өз ана тіліңмен қалыптасарын білген жөн. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген Қадыр Мырзалиев ағамыздың айтқанындай, өз Ана тіліңді құрметтеу өте маңызды.
Аида. Қазақ тілі – барша жұрттың сұранысына ие болып, жаппай қолданыс тіліне айналар күн алыс емес. Қазақ мемлекеті атану – біздің өз қолымызда! Елімізді мекен ететін халықтың бәрі мемлекеттік тілді құрметтейтін, күнделікті өмірінде кеңінен қолданатын уақытты жеделдету – ең алдымен бізге, қазақтарға сын!
Нұрайым: Басқасын былай қойғанда, Елбасының өткен жылғы Жолдауындағы «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген тілегін орындасақ та – тіліміз талай биікке жетіп қалар еді. «Тілге құрмет – елге құрмет» екенін алдымен өзіміз көрсететін жөніміз бар! Солай еткенде ғана 2050-ші жылға дейінгі даму арнасын айқындап алған мемлекетіміз тағы бір мұратына жетпек. Олай болса, көк туымыз жоғары желбіреп, айбынымыз асқақтай берсін!
Нұрайым: Несіпбек Айтуов «Ана тілім»
5-бет
Мәңгілік Елдің Жеті тұғыры
Арыстан: Біз Мәңгілік Елдің мызғымас Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз.
Санжар. 1.Мәңгілік Ел, бұл – Тәуелсіздік және Астана.
Біз Тәуелсіздікті нығайтудың тарихи ұлы миссиясына адал боламыз. Біз Астананы халқымыздың гүлденуі мен қуатының жарқын белгісі ретінде әрқашан мақтан тұтатын боламыз.
Арыстан: 2.Мәңгілік Ел, бұл – Жалпыұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Біздің Отанымыз бір, ол – Тәуелсіз Қазақстан, біздің еліміз бір – тағдырымыз ортақ. Бейбітшілік пен келісімнің ұлы ісіне адал халықтың ғұмыры мыңжылдықтарға жалғасады.
Зарина: 3.Мәңгілік Ел, бұл – Зайырлы Мемлекет және Жоғары Руханият.
Азаматтық және рухани құндылықтардың бірлігі бізге өз жолымызды табуға және өзімізді бүкіл әлемге мәшһүр етуге мүмкіндік берді.
Біз еліміздің бірегей рухани келбетін айқындайтын діндер мен өркениеттердің жаһандық сұхбатын одан әрі жан-жақты дамытатын боламыз.
Мухаммедқали: 4.Мәңгілік Ел, бұл – Инновация негізіндегі тұрақты экономикалық өсім.
Біз мемлекеттің индустриялық және инновациялық күш-қуатын дамытып, табиғи ресурстар мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарап, қоғамда білім мен ғалымдық культін елдің зияткерлік іргетасы ретінде бекітетін боламыз.
Құндызай: 5.Мәңгілік Ел, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Елдің барлық табыстары мен жетістіктері – барша қазақстандықтардың күн сайынғы қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Біз елдің әрбір азаматының жасампаздық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасай отырып, еңбексүйгіштік және жауапкершілік, Еңбек Адамына құрмет сынды құндылықтарымызды нығайтамыз.
Диас: 6.Мәңгілік Ел, бұл – Тарихтың, Мәдениет пен Тілдің ортақтығы.
Біз ортақ тарихи мұрамызды мұқият сақтайтын боламыз.
Біз Қазақстан халқының мәдени әралуандығын арттыра түсеміз.
Біз мемлекеттік тілді қоғамды біріктірудің негізі, үштілділікті Елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты шарты ретінде дамыту қағидатын ұстанатын боламыз.
Біз – Үлкен Ел – Үлкен Отбасымыз.
Мәди: 7.Мәңгілік Ел, бұл – Ұлттық қауіпсіздік және Қазақстанның жалпы әлемдік және өңірлік проблемаларды шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Біз өз жетістіктерімізді қорғауға тиіспіз. Ұлттық қауіпсіздікті нығайту әрбір азаматтың, өз елі патриотының қасиетті парызы болып саналады. Біз бейбітшілік пен келісім идеясын ілгерілете отырып, еліміздің халықаралық аренада мойындалған беделін нығайта түсетін боламыз.
Арман: Біз Мәңгілік Елдің қастерлі құндылықтарын басшылыққа аламыз. Біз Отанымыздың көк байрағын асқақтата көтеріп, еліміз жеткен жаңа биіктерде желбірететін боламыз.
Бұл – біздің болашақ ұрпақ үшін, Қазақстан халқының амандығы мен гүлденуі үшін жасаған саналы таңдауымыз!
Біртұтас Еліміз – Мәңгілік Ел қуатты болсын! Қазақстанның мәңгілік мекені – Ұлы Дала Еліне бата қонып, бақ дарысын!
Алға, Қазақстан!
.
Хор: «Қазақ жастары»
Достарыңызбен бөлісу: |