Әлкей марғҰлан қазақ МӘдениеті тарихын зерттеуші сыздықова Г. М. ф.ғ. к., доцент ОҚмпи, Шымкент қ. Резюме



Дата15.09.2017
өлшемі107,71 Kb.
#33735
ӘӨЖ 93(=512.122)

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІ
Сыздықова Г.М. - ф.ғ.к., доцент

ОҚМПИ, Шымкент қ.



Резюме

В этой статье расматривается научное наследие А.Х. Маргулана в изучении истории и культуры казахского народа.

Summary

In this article we are risen scientific heritage A.H. Margulan relating to the history and culture of the Kazakh people
Әлкей Марғұлан қазақ халқының маңдайына біткен асыл тұлғаларының бірегейі. Ұлт мәдениеті мен тарихы, өнері мен ауыз әдебиеті, киіз үй, бейнелеу өнері жайында артына мәңгі өшпес мұра қалдырып, туған елін өркениет биіктеріне жетелеген ұлт зиялыларының аса көрнекті өкілі.

Ғалымның өмірбаянына кішкене көз жүгіртіп өтсек, Әлкей Хақанұлы Марғұлан 1904 жылы мамырдың 11-де Ақпеті болысында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) дүниеге келген. Əкесі Хақан – атақты Абылай ханның ту ұстаушысы Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Бұл туралы ғалымның өзі ылғи да айтып отырады екен. Ә.Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы бұл туралы былай деп еске алады:»Мәре - сәре отырыстардың бірінде әкемнің «Олжабай батырдың ұрпағымыз» дегені есімде қалыпты» -дейді[1, 2б.]. Деректерге сүйенсек, Əлкей бес жасында оқып, жаза білуді білген, бала кезінде «Қобыланды», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастандарын жатқа айтқан екен. Өйткені, Әкесі Хақан мен шешесі Нұрила көптеген халық ертегілері мен аңыздарын білген, отбасында халық əндері мен Абай əуендері жиі шырқалған және бұл шаңырақта белгілі ақын, ғалым Мəшһүр-Жүсіп Көпеев, Жаяу Мұса, Имантай Сəтбаев жəне қазақ даласына белгілі басқа да адамдар жиі бас қосқан. Бұл туралы ғалымның қызы әкесі туралы естелігінде:»Менің атам –Хақан мен әжем Нүрилә өз заманындағы көргені мен түйгені мол, зиялы адамдар болыпты. Елге танымал әнші қауымның, ақын –жырау, жыршылардың үйлеріне үзбей ағылып келіп жататынын, Абай, Жаяу Мұса, Ақан сері әндері мен Тәттімбет күйлерін алғаш солардан естігенін де әкеміз әңгімелеп отыратын» деп жазған [1, 2б.].



Әлкей Марғұлан өскен осы орта туралы академик Манаш Қозыбаев та былай толғанады: «Әлекең неге дара болды, дана болды деген сауалға бір сәт тоқталайық.

Қара Ертістің бойын жағалай, Орталық Қазақстанға қарай ойысар, жарыса созылған даланы есе алыңыздаршы. Қалмаққырғаннан шыға бере Қызылтаудың өңірінде Жүсіпбек Аймауытов дүниеге келді. Баянауыл тауының қос өңірінде таяқ тастам жерде Аймановтардың елі, Марғұлан ауылы, Сәтбай ауылы, Сұлтанмахмұт ауылы, Шорман ауылы, Мәшhүр Жүсіп Көпеев ауылы, осы өңірдің Далба тауына жалғасқан жерінде Бұқар баба елі, одан әрі Қарқаралы арқылы Қасым Аманжоловтың еліне жалғасады. Ендеше, Әлкең ағамыз дүниеге келген сол бір дархан дала - ұлы шоғырлардың дәстүрлі елі, кезінде Абылай бастаған ұлы батыр бабаларымыз ту көтеріп дабыл қақса, Бұқар бастаған даналар иісі қазақ елінің рухын шыңдаған даналар өңірі. Басқаша айтқанда, бұл -тұнық бұлағы бар, жайқалған құрағы бар, ата-мекен тұрағы бар, жанған шырағы бар өңір еді. Осы бір өңірде туған ұлылардың есімін атауға бір күн уақыт керек болар еді. Он мың жанға туған ұлылардың үлесін санаса осы өңір барша әлемдік рекордты жасады десек ешбір қателеспеген болар едік. Әлекеңнің ортасы осы ұлылар өңірі» [2, 6б.]. Осылайша Әлкей Марғұланның этнографтық қабілетінің қалыптасуына отбасындағы ұлттық тәрбие мен өскен ортасы өз ізін қалдырған.

Ә.Х. Марғұланның халқымыздың өткен тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жер астынан, ел аузынан, мұрағаттардан жинаған зерттеу еңбектері, архитектуралық ескерткіштерді зерттеуі, этнография саласындағы, ауыз әдебиеті саласындағы зерттеулері, қазақ жазуының тарихы туралы еңбектері, шоқантануға қосқан үлесі – бүгінгі рухани байлығымыздың алтын қоры. Белгілі ғалым М.Жолдасбеков Әлкей Хақанұлы Марғұланның ғылымға қосқан үлесі туралы шынайылықпен былай деп жазады: «Ес білгелі үнемі ізденіс үстінде келе жатқан ғалымның жарты ғасыр ішіндегі сан - салалы табыстарын баяндап, түгел жеткізу мүмкін емес. Сондықтан да сол қыруар еңбекті жинақтап айтуға тура келеді. Академик Марғұлан Қазақстан мәдениеті тарихының үш саласын бірдей ұзақ жылдар бойы түпкілікті әрі жемісті зерттеп келеді.

Біріншісі –мүсін тастар, ежелгі жәдігерлер;

екіншісі – ежелгі миф аңыздар; Орхон жырлары, «Манас», «Алпамыс», «Қорқыт», «Оғыз –наме», «Қозы –Көрпеш –Баян сұлу» тәрізді байырғы эпикалық мұралар;

үшіншісі –сәулет өнері, қалалар тарихы. Бұлардың әдепкісі -40, екіншісі -70, ал, соңғысы – 60 баспа табақтан тұрады екен. Бұған Шоқан, Абай, Жаяу Мұса, Ақан сері, Тәттімбет жайлы 20 баспа табақ еңбекті қоссаңыз, академик Марғұланда әлі жарияланбаған қаншама қымбат мұра жатқанын аңғару қиын емес» [3, 322-323 бб.].

Қазақстанның кез келген аймағынан үлкенді-кішілі ғұрыптық кешендер және олардың басты атрибуттары тас мүсіндер мен тастағы жазулар жиі кездеседі. Ә. Марғұлан байырғы шеберлердің ісмерлігін көрсететін сәулет өнері түрінің бір айғағы осы тас мүсіндер мен петроглифтерге терең назар аударып, оларды көп зерттеген ғалым. Ғалым шығармалар жинағының «Сарыарқа петроглифтері» атты 3-ші томы мен «Ұлытаудың тас мүсіндері» атты 4-ші томдарына кірген еңбектерінде олардың маңызы туралы айтып өткен. Мысалы, Ә.Марғұлан алдыңғы аталған еңбегінде былай дейді:»Көне заман суретшілерінің ашық аспан астында галереялар жасауы таңғаларлық жағдай. Қазақстанның тасқа салынған гравюралары, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ұлы мұрасы - көне заман жайында дерек беретін даусыз жәдігер. Қазақстан жеріндегі петроглифтердің барлық өлкелерде кездесуі, жасау шеберлігімен, сюжеттік байлығымен таң қалдырады»[4, 8б.].

Әлкей Марғұлан көне түркі дәуіріне жататын түйелі керуендер, салт аттылар, көшпелі ауылдар, көшпенділер емірінің ең маңызды құралдарының бірі болған арбалар бейнеленген петроглифтердің көшпенділер мәдениетінің ерекшелігін керсететінін айтады. Ал, Алтай, Тарбағатай, Жетісу, Жоңғар Алатауы, Құлжабасы, Аңырақай, Хантау тауларында, Қаратау өзенінің жоғарғы ағысындағы жартастарда, Батыс Түрік қағанатына жататын жерлерде Шу езенінің аңғарында, Қордай тауларының жартастарында бөрілі байрақ ілінген ұзын найзамен қаруланған салт аттылар бейнеленген үлкен топ петроглифтері бізге көне түріктердің күші мен ерлік рухын көрсетеді дейді. Осы еңбегінде ғалым тастарда ең көп қашалған бөрі тотеміне кең тоқталған және «Күш-қуат пен биліктің айнасындай көрінген, тайпаның дінін де, жері мен жайылымының да жебеуші рухындай болған бөрі тотемі түркі моңғолдардың ең күшті тотемі» деп атап өткен »[4, 9б.].

Қасқырдың қасиетіне қарап далалы аймақ тайпалары оны өзінің рулық фетишизиміне айналдырған. Ғалым қасқыр бейнесінің көп таралғандығын көне қазақ тайпаларының құдіреттілігімен байланыстырып қараған.

Ал, ғалымның тас мүсіндер туралы зерттеулерінен тас мүсіндердің қалай шығып дамығанын және оларды даму жағынан біріне бірі байланысты екі тарихи дәуірді қамтитындығын көруге болады. Бірінші дәуірдегі мүсіндер
(VI—VIII ғғ.) тарихи дәуірлерде болған ұлы оқиғаны көрсетіп, сол оқиға үстінде кол бастаған ерлерді, ел қорғаған алыптарды еске түсіру ісіне арналған делінсе, екінші дәуірдің мүсіндерінде (IX—XIV ғғ.) бұрынғы мүсіндерінде бұрынғы кездесетін белгілердің көбінің, әсіресе соғысқа байланысты қарулар
(қылыш, бағана тізбегі) мүлде болмағандығы, керісінше бұл дәуірдің мүсіндерінде күнделікті тұрмыс пен шаруашылықтың көріністері елеулі
орын алғандығы туралы айтылады.

Ғалымның әсіресе фольклор бойынша зерттеулерінің маңызы зор. Халық ауыз әдебиетінің мұраларын тарихи деректермен салыстыра зерттеуде академик Әлкей Марғұланның еңбегі орасан. К.Ақышевтің пайымдауынша, «археология мен этнографияны және фольклорды ұштастыра білген Әлкей Марғұланның ғылымға сіңірген еңбегі қызық кітаптың айқарма беті сияқты. Осы кітап уақыт озған сайын құнын еселей арта бермек» [5, 45-б.]. Оны ғұлама ғалымның «Эпос тударған ортаның мәдениетке қосқан үлесі», «Ежелгі дәуірдегі халықтың аңыздары», «Ежелгі жырлардағы ерлік бейнелер», «Кісі аттары, олардың тарихи негіздері», «Қорқыт туралы қазақтың қара сөздері», «Қорқыт аңызын дәстүр етіп сақтаушылар», «Қорқыт бұрынғы ғалымдар мен ақындар естерінде», «Қорқыт кітабының» қазақ аңыздарындағы елесі», «Қорқыт жүрген жерлер», «Қорқыт музыкасындағы дәстүрлер», «Қорқыттың өліммен күресі», «Қозы –Көрпеш – Баян сұлу жыры», «Қазақтың ерлік жырларыныдағы әлеуметтік сарындар», «Манас жырын жинастыру тарихынан», «Манас жырының мазмұны мен сюжет құрылысы», тағы басқа еңбектерінен айқын көреміз.

Ә.Марғұлан эпостық шығармалардың шығу тарихын әлеуметтік өмірмен байланыстыра зерттеген. Онда да жыр мазмұнын құрғақ талдамай, оларды көне қытай, монғол, ұйғыр, түрік жазба ескерткіштеріне, тарихи деректерге сүйене отырып жазған. Ғалым ерте дәуірде шыққан эпостық жырлардан «Ер Төстік», «Төлеген батыр», «Сұр мерген», «Хан мерген», «Шолпан мерген», «Құла мерген», «Қара мерген», «Жерден шыққан Желім батыр», «Ер Досанды», т.б. күні бүгінге дейін сақталған дейді. Ал, бұлардың ішінен «Ер Төстік» ең ерте дәуірде шыққан бақташылық жырлардың ерекше түрі, тарихи дәуірден қалған әңгіме, ерлік жыры. Онда кездесетін жер аттары да алғашқы қоғам дәуірін көз алдымызға елестетеді деген түйін жасайды. Ғалым «Ер Төстік», «Хан мерген» жырларының көнелігін оларда кейінгі дәуірдің терминдерінің, мысалы, «шахар», «қала», «қақпа», «кешен», «сарай», «алтын күйме» сөздерінің кездеспейтіндігімен дәлелдейді. Бұл жырда Ер Төстік қолына қару алып жауға шаппайды, керісінше жырдың сюжеті жараталыста кездесетін стихиялармен алысу, сұрапыл боранға, жойқын дауылға, нөсер жауынға қарсы шығу, мал өсіруге тыныштық бермейтін аждахамен, жайынмен, дәумен алысыу, жұт жылдары малды стихиялық апаттан аман алып қалу болып келеді. Бұл фактілер жырдың ерте замандағы үйсін, қаңлы, ғұн жұртының күн көрісі бақташылық екендігін анықтайды дейді.

Әлкей Марғұлан сондай-ақ көрші қырғыз елінің батырлық эпосы «Манас» жыры туралы да төрт- бес мақала, «Шоқан және «Манас» атты еңбек жазып, жырдың шығу тарихын, көп нұсқалы болу себептерін, көркемдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда жан - жақты талдау жасады. Бұл жырды зерттей келе ғалым, қазақ пен қырғыздың салт -дәстүрінің, ойын -тойының ұқсас екендігін жамбы ату, күрес, аударыспақ, тенге алу сияқты ұлт ойындары арқылы дәлелдейді. Екі елдің жырларын салыстыру арқылы қазақ -қырғыз әдет -ғұрыптарының, тұрмыс-тіршіліктерінің ұқсастығын дәлелдеп көрсетеді.

Ә.Марғұланның көшпенділердің көне мәдениеті жөніндегі зерттеу еңбектерінің ішіндегі ең құндыларының бірі - Қорқыт ата туралы еңбектері. Ғалым еңбектерінде оған:»Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын (ұзан), болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған» - деп баға береді[6, 135б.]. Қорқыттың өліммен күресуі, оған көп заман жалықпай дауа іздеуі туралы аңыздарға да назар аудара отырып, ғалым: «Өліммен күресу, адам баласына өлмейтін өмір іздеу жолында Қорқыт халықтың қорғаушысы, халық бұқарасына жан-тәнімен болысатын, оған дем беруді өзіне мұра еткен кемеңгер бейнесінде суреттеледі» - деген пікірін айтады [7, 139-166бб.].

Ғалымның зерттеулері арқылы онда Қорқытқа байланысты айтылатын

аңыздардан көптеген қалалардың тарихына, атап айтсақ: Жанкент, Қарашық, Женд, Сығнақ. Ордакент, Сауран тарихына және олар туралы жазылған деректерге де мол қанығамыз. Сондықтан, Ә.Марғұлан эпостық шығармалар туралы мынандай қорытынды жасаған:»Ертедегі Қазақстанды мекендеген көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар жасаған мәдени игіліктерден бізге жеткені эпос пен ою-өрнек айшықтары десе де болғандай. Ал көне дүниенің басқа ескерткіштері, әсіресе, сәулет пен мүсін өнерінің жұрнақтарын ғана білеміз. ...Мазмұны жағынан қазақ эпосы патриархалдық-рулық қауымдар өмір сүрген көне тайпалардың әлеуметтік тұрмысын, арман-мұраттары мен мүдделерін бейнелейді» [8, 21-25бб].

Академиктің шығармашылығында үлкен орын алған тақырыптардың бірі Қазақстанның сәулет өнері. Ғалымның Т.К.Бәсенов, М.М.Меңдіқұловпен біріге жазған «Қазақстан архитектурасы» деп аталатын монографиясы төрт бөлімнен тұрып, ежелгі және исламға дейінгі, орта және соңғы ортағасырлық кезеңді қамтып, қазақ халқының архитектуралық мұрасы туралы түсінігімізді кеңейтетін жаңа деректерімен ерекшеленді. Бұндағы Ә. Марғұланның «Ерте дәуірдің архитектурасы» еңбегінде алғашқы қауымдық құрылыс кезеңіндегі құрылыс жұмысы дамуының жалпы бейнесі, Қазақстанның қола дәуіріндегі құрылыс жұмысының дамуы, алғашқы қауымның ыдырауы кезеңіндегі құрылыс мәдениеті, сонымен қатар қаңлы және үйсін рулық одақтары дамуының шарықтау кезеңінде пайда болған ежелгі қалалар туралы мәліметтер келтірілген. Ә.Марғұлан бұл еңбегінде:» Құрылыс ісінің өнер дәрежесіне жетіп,


оның өркендей бастауы қола дәуірінің соңғы кезінен басталады. Бұл кезде құрылыс ісінің негізі мен принциптері жасалып, құрылыс тәсілдері қалыптанды; өзінің маңызын кейінгі ұзақ дәуірлер ішінде де жоймаған балшықтан, ағаштан, тастан жасалған конструкциялар құрылды. Амал қанша, балшық пен ағаштан жасалған құрылыстардың үлгісі бізге дейін құрылыс ісінің тәсілі туралы түсінік беретін көптеген тас құрылыстар сақталып жетті. Қола дәуіріндегі құрылыс техникасының табыстарына ен алдымен кеңістік көлем мәселелерін шешкендікті қосуға болады, одан кейінгі күрделі табыс - төбе тіреулерін ойлап табу, бүрме төбе негізіне сүйелген баспалдақты шатыр төбе идеясын табу» деп жазады[9, 68б.]. Ғалымның бұл тақырыптағы тамаша ізденістері мен талдау нәтижелері ерте дәуірдегі Қазақстанның тарихи және қоғамдық дамуының толық суретін жасауға негіз болды. Өйткені, сәулет өнері рухани және материалдық құндылықтардың жинағы мен нәтижесі болып табыла отырып, жалпы адами мәдениеттің маңызды құраушысы ретінде кызмет етеді.

Академик Ә.Х. Марғұланның ғылымдағы аса бір үлкен жетістіктерінің бірі - Орталық Қазақстанның қола дәуіріндегі қуатты мәдениет ошағын ашуы болды. Бұл ғалымның ғана емес, әлемдік археологияның зор жетістіктерінің бірі болды. Ә. Марғұланның қола, темір дәуірі ескерткіштеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, жаңалықтар ашып, тұтас концепциялар енгізуі – ғалымның тарих үшін істеген ерен еңбектерінің санатынан бекем орын алады [10, 46-б.]. Ол бұл еңбектерінде өзіне дейінгі зерттеушілердің қазақ даласын меңіреу, тіршіліксіз бос жатқан, анда-санда көшпенділердің (номадтардың) көші өтетін шөлді, қу дала деген тұжырымдарының жалған екендігін дəлелдеді[11].

Ә.Х. Марғұланның үш жүзден аса ғылыми зерттеу еңбектерін тек қана шолып айтудың өзі мүмкін емес. Бұл еңбектер отанымыздың басқа да ұлы зиялыларының жетістіктерімен бірге дүние жүзінің мәдениет қазынасында қазақ халқының өзіне тән мәдениетін әлемнің өркениет қырынан көрсете алады. Марғұланның өзінен кейін қалдырған бай мұрасы қазіргі ғылымдағы, қоғамдағы болып жатқан іргелі өзгерістермен үндес, болашақта да маңызын жоғалтпайтын халқымыздың рухани байлығына жатады.
Әдебиеттер тізімі:


  1. Марғұлан Дәнел. Арманы көп еді // Парасат, №11. - 2004.

  2. Қозыбаев М. Дала перзенті // Қазақ әдебиеті, 1994. - №25.

  3. Жолдасбеков М. Академик Марғұлан /Асыл арналар: зерттеулер,

мақалалар.-Алматы, 1986.-327б.

  1. Маргулан А.Х. Шығармалары: 14 т. 3 Т. Сарыарқа петроглифтері.

Бөрі тотемі бейнеленген жартас гравюралар; 4 Т. Ұлытау

төңірегіндегі тас мүсіндер / Құраст. Д. А. Марғұлан, Д. Марғұлан. -



Алматы: Дайк-Пресс, 2003. -50 б.+жапсырма 246б.

  1. Ақышев К. Археология атасы // Ғұлама. Әлкей Марғұлан туралы естелік

мақалалар, очерктер жинағы. – Павлодар: ЭКО, 2004. -364б.

  1. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар.- Алматы: Жазушы, 1985.-368б.

  2. Марғұлан Ә. Қорқыт ата өмірі мен әфсаналары// Жұлдыз, 1983.- №3.

  3. Марғұлан Ә. Өткен күнде белгі бар (Іргелі зерттеудің бір түйіні) // Білім

және еңбек, 1985. - №4.

  1. Марғұлан Ә. Х. Ерте дәуірдің архитектурасы /Қазақстан архитектурасы -

Архитектура Казахстана. I том (қазақша, орысша) Алматы: «Өнер» баспасы, 2010.-256 бет.

  1. Ә. Марғұлан туралы естеліктер // Құраст. Марғұлан Д.Ә. – Алматы: Білім 2004. – 248 б.

  2. Жауынбаев С. Ел өткенін екшеген // Орталық Қазақстан, 2004.- 11

мамыр.-6б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет