Бір кезде бұл жайларды оқып білуші едік, енді сериалдардан көретін болдық. Шынын айту керек, шетелдіктер мұндай сериалдарды өте жақсы түсіреді, тебіренбей көру мүмкін емес.
Ана бір жылы небір дүлділ ақынның да, жазушының да, сазгердің де өмірінен осындай сериалдар көп көрсетіледі. Солардың біреуін көріп отырғанымызда менің енем Қаукен:
- Құрысын, бұл ақын-жазушы дегендерің қайыршы екен ғой, - деді.
Үлкен кісімен жарыса шауып қайтейін, үнсіз қалдым. Әйтпесе, айтатын сөз көп еді, соны енді енеме емес, сіздерге айтып көрейін, оқырман.
«Құдай орысқа бұ дүниені, қазаққа о дүниені берген» деген сөз бар. Мұның мәнісі орыс өзін ештеңеден шектемейді, ішеді, жейді, ойнайды, күледі, қазақ бұл – арам, ол – күнә, деп өзін шектеумен болады. Осыған ұқсас, Құдай бұл дүниені бастықтарға, о дүниені қарапайым халыққа берген. Бастық атаулы – бай, шайқап ішіп, шалқайып жүреді, қарапайым халық – кедей, ашқұрсақ, қалқайып жүреді. Ақын-жазушылар – қарапайым халықтың бел баласы, оларға да құдай бұл дүниенің азабын, ол дүниенің рахатын берген. Әрине, бұл дүние жөніндегі сөз-шындық, о дүние жөніндегі сөз-жорамал, күмәнді. Жалпы, о дүние жөніндегі, негізінен, дін сөзінің барлығы – күмәнді, неғайбыл. Маған, мүмкін, атеистік тәрбие өтіп кеткен шығар, дінге шындап беріле алмаймын, молдалардың сөзіне күмәнмен қараймын. Бұл ретте мен ұлы Мұхтар Әуезовтің: «Бір жаратушының бары хақ» - деген сөзіне ғана сенемін, қалған сөздің бәрі белгілі бір мақсатты көздеп шығарылған, яғни идеологиялық көпірме әңгімелер. Құдай – жалғыз, шындық – біреу. Құдайдың жалғыздығын барлық дін мойындайды, ал, шындықты әр дін өзіне қарай қаратып, ту-талақай етеді. Осыны көріп, біліп отырып, қалайша күмәнданбассың.
Жә, кенеттен айтылып қалған бұл әңгімені осылай қайырып тастап, негізгі ойымызға ойысайық.дүниедегі ең ауыр еңбек – ой еңбегі деседі. Кім білген, еңбекті өлшейтін таразы жоқ, ой еңбегінің жүйкені тауысар азаабы көп болған соң солай дейтін шығар. Сол азапты өмір кешетін ой адамының ішінде шығармашылықпен айналысатындардың еңбегінің өтеуі аз, маңдайының соры бес елі. Рас, бір қарағанға, социализм тұсында олардың жағдайы әжептеуір жақсы тәрізденді, әдеби, музыкалық шығармаларға қаламақы төленетін, кітаптар көп таралыммен шығып, үстеме есептелетін. Алайда, оған ауыз жарымайтын. Осыдан барып ақын-жазушы да, сазгер де күнін көруі үшін жұмыс істеймін. Жұмыс істеген адам намысқа тырысады, барын салады, шығармашылық екінші кезекке қалады, тиіп-қашып кірісетін тірлікке айналады. Нәтижесінде «Екі кеме құйрығын ұстаған суға кетеді» кері келеді. Сонда су алатын шығармашылық болады.
Қандай да жұмыс оған бар күш-жігерді сарқып қалмаса, мардымды болмайды. Біздің небір талантты ақын-жазушыларымыздың қоржынының солыңқылығы – аз жазсам да саз жазайын деуден гөрі жансақтамай үшін зар илеп жүріп, жазумен мықтап айналыса алмағандығының салдары.
Шығарма жазу кейбіреулер ойлайтындар ақ қағаздың бетімен қалам жүгірту емес, ол – адамзат ақыл-ойы жеткен ілім-білімнің бәрін игерген ақылды адамның жан тебіренісінің көркем көрінісі. Әдебиет – адам туралы ғылым. Дүниеде адамнан ақылды, айлалы, күрделі, сенгіш, сезімтал, мейірімді, қатал, батыл, қорқақ, өжет, ынжық, ақкөңіл, зымиян мақұлық жоқ. Адамның осындай және басқа да толып жатқан қасиеттерін ашып көрсету, бейнелі тілмен жеткізу – қиынның қиыны. Бұл шаруа – дүниенің бар қызығынан баз кеткен, менің енем байқағандай, қайыршылық халге түссе де қайтпайтын қайсар, мойымайтын көнбіс, бір ғана шығармашылыққа табынған, бұл жолға өзін құрбан еткен, адамның ғана қолынан келеді, басқаша әрекет ету - әурешілік.
Біздің шығармашыл адамдарды жұмыс көлігі деуге келеді. Жұмыс көлігі бәйгеге қосуға жарамайды. Олардың ішінде де тұлпарлары болуы мүмкін, бірақ оларды арбаға жегіп, күндіз-түні үстінен түспей мініп, тесік өкпе, тұғыр қылып тастаған ғой. Қайтсем тамақ табамын, қатын-баламды қайтіп асыраймын, деп басын тауға да, тасқа да ұрып, жанкешті күй кешіп жүрген қаламгерден қайбір татымды шығарма тусын. Біздің кеңестік кездегі де, қазіргі де жазушыларымыздың кейпі – осы. Тіптен мына нарық заманындағы олардың күйін құдайым пендесіне бермесін. Бір тиын қаламақы алмайтын, қайта өз қалтаңнан ақша шығарып, болмаса, қолына қарға тышқан азаматтарға жалынып-жалпайып жүріп жарық көрген кітап баспагерлерден басқа кімге опа шектіреді. Баспагерге қолжазба жақсы ма, жаман ба, қандай қаржыға басылады, бәрібір, ақысын алса болды.
Сөйтіп, бұл нарық дегеніңіз әдебиеттің ұсқынын келтіріп бітті, таланты асқаннан гөрі байлығы тасқан, жебеуші-демеушісі жеткілікті, қолынан жазу келмейтін мүскіндердің кітабы көп шығатын болды. Қоржынын толтыруды ғана көздейтін баспалар қолжазбаны оқып, жақсы-жаманын саралайтын маман редакторды көзге ілмейтін болды. Мұның аяғы кітаптардың құжынаған қателермен басылып, авторды опық жегізіп, оқырманды не оқып, не қойғанын білмейтін халге жеткізді.
Осындай келеңсіздіктер үдеп тұрған осы тұста Елбасымыз жазушылардың жағдайын жақсартуды ойлап, ендігі жерде оларға қаламақы төлеуді қарастырып отыр. Бұл шараның ешкімге қажеті болмай қалған қаламгер қауымның ахуалын анағұрлым көтеретіні, қайыршылық халден арылатынын айдан анық. Ең жақсысы – халыққа рухани азық сыйлайтын ағайындардың ынта-жігерін арттырып, шабытын қамшылайтын болады. Әлбетте, біреуге қол жайғанның бүйірі шықпайды, дегенде, талантты адам тарықпайтын кез келді. Іске сәт! – дейік қолына қалам ұстаған ағайынға.
* * *
Шығыс халықтарының, әсіресе, қазақтың діліне батыстың, яғни өркениеттің салған сойқанын, сірә, айтып тауысуға болмас. Әлбетте, игі ықпалы да шексіз. Оның ғылым тілімен айтылатын прогрессивтік, регрессивтік әсерлерін таразының екі басына салу – үлкен мәселе, біздікі - өз түйсігімізді ортаға салу.
Бір кезде батыстың романдарын құныға оқитын қазақ қазір телесериалдардан көз айырмайтын болды. Роман мен телесериалдың қайсысының тәрбиелік күші мол деген сұраққа мен түк ойланбастан романның дер едім. Себебі, романдарды ақыл-ойдың алыптары жазатын, телесериалдарды кім көрінген түсіреді. Романның жиіркендірер күшінен сүйсіндірер үлгісі көп болатын.
Батыстың қазіргі былғаныш киносы, алқынып-жұлқынған билері, даңғаза әндері біздің жастарымыздың санасын әбден улап бітті. Бұл туралы аз айтылып та, жазылып та жүрген жоқ. Бірақ одан ешкім ешқандай қорытынды жасап жатқаны шамалы, қайта елітіп, емініп тұратын болып барамыз.
Батыс мәдениетінің жақсысы да аз емес, әрине. Оның өремізді өсіріп, өркенімізді өрелі етер тұстарынан үйренудің еш артықтығы жоқ. Пәле оның адамды аздырар, ақ жолдан тайдырар тайраңдарында болып тұр.
Халықты өзгелердің қандай да бір оң, теріс әдеттерінен сақтайтын ұлы күш оның өзінің ұлттық үрдістері.
Міне, дәл сондықтан да біз жастарымыздың бойына өз ұлтымызға деген шексіз сүйіспеншілік ұялату жағын мықтап ойластыруымыз керек. Өз ұлтының салт-дәстүріне, тіліне, діліне, дініне жетік болып өскен жас ешкімнің таңсығына табынып, қаңсығын қастерлемейтін болады. Көпіршіген сериалдар қанша көбейсін, жасағанын көрсетсін, елең қылмайды. Олар үшін өз халқының қырмызы қызы, ұғынықты ұлы болудан асқан мақсат жоқ.
Біз, үлкендер, телевизор туындыларын балаларымызбен бірге отырып көреміз, пікір алысулар да болып жатады. Қуаныш-қайғы, жақсы көру- жек көру, сүю-күю сезімдері барлық адамзатқа тән. Мәселе солардың қалай көрініс алуында. Оған баға беруде, үлкендердің шындықтан ауытқымағаны -маңызды. Жігіт пен қыз сүйіссе, бетін басатын, жігіт қол жүгіртсе, қыз тұра қашатын кез өткен. Адамдардың моральдық ұстанымдары өзгергелі қашан, қалайық-қаламайық уақытпен үндес болуымыз керек.
Ұлттық қасиет болып кеткен ұстанымдар бар, оларды қастерлегеннен басқатүктің қажеті жоқ. Айталық, қазір шетел кинофильмдеріндегі адамдарды басын тауға да, тасқа да соққызатын екі-ақ проблема бар. Олар – бала сүю, мұрагерлікке таласу.
Мен Ресейдің орталық телевизиясынан «Федеральдық сот» бағдарламасын үзбей көремін. Сонда сотталатындардың көбі баласынан безілген әйелдер, әкесінің дүние-мүлкін бөлісе алмай кісі өлтірген қаныпезер еркектер.
Біздің халқымызда мұның екеуі де ешуақыт проблема болмаған. «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар», «Әкенің малы балаға мал болмайды» - деген. Өкініштісі – осыларға еліктеп, осындай жағымсыз жайлардың біздің халықтың да өмір сүру үдерісіне сыналап кіріп бара жатқандығы.
Еліктеу - әлсіздің еншісі.
Өзіне сенімді, ұлтының асылдарына адал адам айнымайды.
Жуырда «Қазақстан» телеарнасынан «Саған күшік керек пе?» атты фильм көрсетілді. Сондағы екі баланың күшіктердің ұрғашы, еркек екенін анықтамақ болып сөйлескендерінің сыйқы мынау:
- Өй, тоқта, көрейік қаншық па, төбет пе екен?
- Төбет.
Құдайым-ау, не болып барамыз?.. Кішкентай күшік пен үлкен арлан итті ажырата алмау неткен сорлылық! Баланікі – балалық, ал сол киноны түсірген үлкендікі не? Тілге осыншама жауапсыз қарауға бола ма?..
Құданың құдіреті, тілді білмеу дерті аз болғандай, енді тілді қолдан шұбарлау көбейіп бара жатыр. Бұл – шошындырарлық дерт.
Ел аман, жұрт тынышта «отырмыз» дегенді «отырық» дейтін пәле шықты. «Ролик тебеміз» дегенді «кашенейт етеміз» дейтін кесел пайда болды.
Ең қорқыныштысы – осылай дейтіндер шала да, ада да қазақтар емес, нағыз қазақтар.
Оларға мораль айтып жату артық шығар, қоя-ақ қояйын.
* * *
Билік пен шығармашылық ешқашан бір-біріне кірігіп, жымдасып кете алмаған. Билік жай адамды да, шығармашы адамды да өз еркіне бағындырудан бір танбайды. Биліктің айтқанына көніп, айдауына жүрген шығармашыл, жалпы өнер адамы өспейді, бір жеткен биігінде қалады.
Оның мысалы – өзімнің аға-досым, атақты күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев. «Ыдырыс», «Боз жігіт» тәрізді інжу-маржан күйлерін айтпағанда, «Ерке сылқым» күйімен-ақ бүкіл түрік әлемін тамсандырған бұл аса талантты, (бір кезде мен оны ұлы дегенмін, сол айтқаным айтқан) сазгер біраз болды, жұртты елең еткізерлік шығарма бере алмай жүр. Оның әртүрлі себебі бар шығар. Меніңше, Әбекеңнің бұлайша бір деңгейде тұрып қалуы – биліктің әсері. Олай дейтінім Әбекең соңғы кездері билік басындағылардың тапсырмасымен жазатын болды күйді. Кенен Әзербаевқа арналған «Күй көкшолақ», «Жамбыл баба жыр толғайды», «Төле би толғауы» күйлері осындай тапсырыспен жазылған.
Ән мен күй тапсырыс емес, сезімнен туса керек. Жүректі жарып шыққан шығармалар ғана жетеді халықтың жүрегіне. Ал, мыналардай мерейтойларға арналған дүниелер сол тойларға арналып жазылып ілініп қойылған көрнекі үгіт құралдары іспетті. Той өткен соң үгіт құралдарын жинап алады, ал күй қалады, бірақ оның әсер күші азаяды, оқиғаны еске түсірерлік қана қасиеті сақталады. Халық Әбекеңнің күйлерінен гөрі Кенекеңнің «Көк шолағын» шырқағанды, Жамбыл жырларына қаныққанды, Төле бидің әділ билігіне, шешен сөздеріне тәнті болғанды артық көреді. Әбекеңнің күйлері тапсырысты орындаған сарамжалдығын байқату ғана болады.
Өткен жылы күзде Тараздағы Баласағұн мәдениет орталығында Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші өтті. Кеште Әбекеңнің күйлерін Қазақтың Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрі орындап, әндерін республиканың жезтаңдай әншілері шырқады. Мұнда қуанбай қайда қуанарсың? Ең қуанарлығы бұл – оркестрдің Әбекең шығармаларын түгелдей алғаш рет орындауы емес, үшінші рет қайталануы.
Концерттен соң Әбекеңді құттықтаған сөздер айтылды.
Мен де сахнаға шығып, былай дедім:
– Бұл ұлт оркестрі – қазақ өнерінің қасиетті қара шаңырағы, қазақты ұлтсыздандырмақ болған тоталитарлық кезеңде «ұлт» деген сөзді өз атауында сақтап қалған санаулы ұжымдардың бірі. Осы даңқты оркестрдің Әбдімомын Желдібаевтың шығармаларына ден қоюы – бақыт! Бақытыңыз құтты болсын, Әбеке!
Жұрт аяғы басылған соң былай шыға бере әйелімнің пікірін білмек болып:
-Қалай екен?- дедім.
-Жақсы. Тарихи шығармалары көп екен,- деді Бану.
Банудың «тарихи» деп отырғаны арнау күйлер екенін түсіне қойдым мен.
Шынын айту керек, Бану қазақ күйлеріне онша қанық адам емес, соның өзі аңғарған мен жоғарыда айтқан жайды.
Мен бұрын айтқанмын Әбекеңе: «Сіз тегі әкім-қараның ықпалынан аулақ жүріңіз. Кәдімгі адамдардың қуаныш-қайғысын, күйініш-сүйінішін, өсу-өшуін жазыңыз. Арнау күйлеріне үйір болып барады екенсіз, оныңыз, меніңше, артықтау».
Әбекең бұл күйлерінің халқымыздың бір туар ұлдарын құрметтеуден туғанын айтып, менің пікірімді елегісі келмеді. Мейлі ғой, өз ойлағаны бар шығар. Дегенде анаған да, мынаған да күй арнай беру оны бір қалыпқа салып, бір ізге түсірмесе болғаны да.
Шығармашылықтың жауы – трафарет. Бұл дегеніңіз – машықтанып алып, жаттанды ой айтуға бой алдыру, сүйреткі жолға түсу.
Адамның сай сүйегін сырқырататын «Ыдырыс», екі көзден жас ағызатын «Боз жігіт», қан ойнатып, қиял құштыратын «Ерке сылқым» күйлерінің авторы, аға-дос Әбдімомын Желдібаев біле жүрсін деп айтып отырмын мен бұл сөзді, басқалар да елеймін десе өзі білсін.
* * *
Сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында, тәуелсіздік алған тұста облыстың тұңғыш әкімі Өмірбек Байгелдиев облыста тұрып, еңбек ететін ақын-жазушыларға тоқсан сайын бес мың теңге көлемінде стипендия тағайындап, жыл сайын олардың төрт кітабын шығарып беруді қолға алған болатын. Содан бері бұл игі дәстүр жұлып-жұлқып жалғасып келеді. Анығында, бұл ауыз жарымас игілікті іс тым қиындықпен жүзеге асырылуда.
Олай дейтініміз, алдымен, бұл шара облыстық прокуратураның анықтауы бойынша, заңға қайшы екен. Олардың мұнысы сынықққа сылтау таба алмай отырған әкімият қызметкерлеріне жақсы болды, авторлар шығарылған кітабына иелік құқығынан айырылды. Сөйтіп, алғашқы кезде шыққан кітаптарын өзіне тегін берілуі тоқтатылды, стипендия беру де тоқтап қала жаздап, облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтің заңды айналып өтетін амал ойластыруымен жалғасын тапты.
Сонда деймін-ау, біздің облыстың әкімдерінің аяғына тұсау болатын бұл қандай заң? Әдебиет пен өнердің адамдарына Президентіміз қомақты стипендия тапсырады. Өткен жылы енді үкімет мемлекеттік стипендия үлестірді. Біздің әкімият стипендия деген сөзді айтудан қорқады, жоғарыдағы стипендияны кең жариялылық жағдайында тапсырады. Сонда біз құқықтық мемлекетте өмір сүреміз, заң алдында бәріміз бірдей жауаптымыз дейтін әдемі қағидаттар қайда қалады? Түсініксіз.
Мына нарық заманында әркім өзі өндірген, тапқан, әйтеуір қолында бар тауарын саудалап жатқаны үлкен тұрмақ балаға аян. Ал, қаламгердің өндірген тауары – кітабы. Оның кітабын құры шығардым ат қылып, қалтасына жарты шақа да түсірмей, таратып жіберу, қалай айтса болар екен, қанау десе, келер.
Шығармашыл адамның мүшкіл халін Елбасымыз түсінгенде әкімдер неге түсінбейді? Елбасы қарны тоймаған қаламгердің мардымды іс тындыра алмайтынын, әдебиет – ардың ісі, талантты шығарма – ұлт байлығы екенін жақсы біледі. Біздің әкімдерге ақын-жазушылар – артық ауыз, олар басқа облыстар жаппай ақын-жазушыларын жарылқап жатқанда прокуратурадан қорыққан болып, тиді-қашты бірдеңке жасағансиды. Әйтпесе, экономикамыз қарыштап дамыған қазіргі кезде тұралап тұрған тоқсаныншы жылдардан екі мың бес жүз теңге артық беру ауыз жарымас бірдеңке емей, немене.
Ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздеген ел озатынан ешкім жоққа шығара алмас. Сонда бұл шіркіндер өзін халықтың ақыл-ойынан алшақтатқаны ма? Онда түбі не болар екен? Не де болса, жақсы емес.
Әкімдердің ақылға сыйымды іс қылғаны ғана сыйлы болмақ. Олардың қаламгерге көрсеткен қамқорлығы – халқын сыйлауының көрінісі. Хан Абылайдың өзі ақынын төріне отырғызып, сөзіне жығылған, Бұқар жыраудың ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болғаны тектен-тек емес.
Бұл жайдың бәрі әкемнің жазушылармен басқосуы кезінде әлденеше рет айтылды, алайда, нәтиже жоқ, өйткені құлық жоқ, құлық болмаған соң тірлік – сұлық.
* * *
Серік Үмбетовтің бізге тастап кеткен игі бір ісі – ерекше еңбек сіңіргендерге Жамбыл облысының Құрметті азаматы атағын беру болды. Мұның өте бір өскелең тірлік екеніне ешкім шек келтірмейді. Алайда, қандай да бір жақсы істің берекесін қашыратын әдетімізге басып, Құрметті азамат атағын беруді де ұқсата алмай отырмыз.
Осы шараны өмірге әкелгендер «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы туралы әдемі ереже жасағанын ерекше атап көрсеткен ләзім.
Ереженің бісмілләсінде Құрметті атақ беру тәртібі былайша бедерленген:
«Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы облыстың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында үш қана азаматқа, ал содан кейін жыл сайын бір ғана азаматқа облыс алдындағы айрықша еңбектері және оның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына, қоғамдық, мемлекеттік, ілкімділік жұмысқа белсене араласа отырып қосқан елеулі үлесі, әскери қызметте ержүректік танытқаны, облысты әлеуметтік, экономикалық дамытқаны, облыстың тарихы мен қазіргі өміріне байланысты ғылыми және мәдени шығармалар тудырғаны, жоғары спорттық көрсеткіштерге жеткені, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтқаны және басқа да еңбектері үшін беріледі».
Меніңше, ереже өте әдемі жасалған, оған алып-қосар ештеңе жоқ, тек ол бойынша әрекет ету керек. Өкініштісі, Ереже шарты әу дегеннен бұзылды, «үш қана азаматқа» емес, жеті кісіге берілді. Ең жаманы, Ережені, ең алдымен, оның «әкесі» - Серік Үмбетовтің өзі елемей, атақты аты-жөні жоқ үлестірді. Ол әкім болып тұрған кезде бұл атаққа бір жылда ие болғандардың саны оннан асып жығылды. Ұзын сөздің қысқасы, бұл атақ ұйықтап жатқан көп көңілді оятты. Жасамыстардың барлығы, онда да коммунистік партияның ас та төк астауынан аямай асағандар сол кездегі еңбегінің өтеуіне Құрметті азамат атағын алу жөніндегі жеңімпаз болудың әдісіне өздері әбден жетік социалистік жарысқа түсті. Облыс әкіміне өзі айтты, өзгелерге айтқызды. Әкімнің өз діттегені бар, өзгенің тілін алғаны бар, әуелгі ұйғарым айдалада қалды.
Басқасын былай қойғанда, Ереженің сөзсіз орындалуға тиісті ең қажетті мына түйіннің түкке аспай қалғанына не деп болады? Ол былай өрнектелген болатын: «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы бұрын «Ауданның, қаланың құрметті азаматы» атағын алған адамдарға, бұл атақтардың мәні қарастырылған жеңілдіктері жағынан шамалас болғандықтан, берілмейді».
Бұл талапқа тоқтам жасаған жалғыз-ақ адамды көрдім мен. Ол – ұзақ жыл Шу ауданын басқарған, облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болған, қасиетті қария Жапар Түйебеков. Абзал ағамыз сексен жылдығын тойлап барып озды бұл дүниеден. Мерейтойы қарсаңында оған «Шу ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Осыған орай құттықтағанымда ол кісі: «Рахмет. Бұл дұрыс қой, адамға туған жерден қасиетті не бар? Бірақ енді облыстың Құрметті азаматы болмайтын болдым. Ережесінде жазылған, ауданның құрметті азаматына облыстық Құрметті азаматы атағы берілмейді»,-деп көңілі пәс тартып еді.
Қазір енді ереженің бұл талабы орындалудан қалды. Облыстың Құрметті азаматы атағы Тараз қаласының құрметті азаматына да, КСРО кезінде сотталғандарға да қызметінен, абыройынан айырылып қуылғандарға да, беріліп жүр. Біреудің қаңсығанының біреуге таңсық болғаны-ай, қап әттеген-ай!
Құрметті азамат атағын алу үшін соншама өліп-өшудің түк қажеті жоқ. Ережедегі «Облыс аумағында тұратын Жамбыл облысының құрметті азаматтарына коммуналдық қызметтер төлемі және облыстың ішкі маршруттардағы жолаушылар таситын автокөліктердегі жолақысы облыс әкімінің арнайы қоры есебінен (барлық құрметті азаматтарға тең көлемде) толық немесе бір бөлігіне жүргізілуі мүмкін»-деген ұйғарым ешкімнің ойы тұрмақ назарына да кіріп-шығар емес. Рас, «облыстың ішкі маршруттарындағы» емес, Тараздағы мемлекеттік автобустарда жүру тегін болды, ал маршруттық, яғни жекеменшік көлік жалын да ұстатын емес.
Бұл Ереже қабылданғалы табаны күректей тоғыз жыл өтті, одан бергі жерде ел экономикасы қарыштап өсті, ауызды қу шөппен сүртетін жағдай келмеске кетті. Сонда облыс әкімінің Құрметті азаматтары құрметтейтін қисыны әлі күнге келмегенін қалай түсінеміз? Жоқ, бар құрметі куәлік тапсырып, төс белгі қадаумен таусылғаны ма? Бұларға қоса шапан кигендер де бар, олар-тым құрметтілер, иә, солай, адам мен шапанның «қасиеттерін» қожанасыр жарықтық атам заманда-ақ керемет дәл тауып айтқан ғой. Оны елдің бәрі біледі, сонда да естеріне бір салып қойғым келіп отырғаны.
* * *
Қожекең тойға барған ғой, сөйтсе, жұпыны киіміне қарап, ешкім елемепті. Әрі-беріден соң тондылар Қожанасырды ысырып, той табағынан алыстатып жіберіпті.
Осы ауылдың келесі тойына Қожекең көршінің әдемі шапанын киіп барыпты. Ой бір келіскен шапан екен, мынандай шапанды киген тегін адам болмас деген оймен той иелері Қожекеңді төрге отырғызып, алдына қазы-қарта, жал-жая сірескен табақ қойыпты. Сөйтсе Қожекең табаққа қолын салмай, жеңін малып:
- Же, жеңім, же,-деп шалқайыпты.
Отырғандар:
- Мұныңыз қалай? Неткен қызық адамсыз?-деп шу ете қалыпты.
- Бұл ел тамақты адамға емес, шапанға береді екен. Өткенде киімім келіспей, аузыма бір түйір ет тимеп еді, енді құрметтеп отырсыңдар. Бұларың мені емес, шапанды құрметтеу, сол жесін,-деп Қожекең кеңкілдеп күліпті.
Қожекеңнің заманында шапанына қарай адамы болса, енді адамына қарай шапаны болғаны да.
Құрметті азаматқа кішкентай бір құрмет көрсетудің мүлде болмай тұрғаны өкінішті-ақ. Тіптен мұны ойластырып отырған жан адам жоқ. Әйтпесе, ешқандай қаржыны қажет етпейтін, бар болғаны назар аударатын мына бір жайларды реттесе қайтер еді. Көпшілік мінетін көліктерде Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне орын белгіленген, олар еш жерде кезекке тұрмайды. Өте дұрыс. Осындай құрметке Құрметті азаматтар да лайық.
Құрметті азамат атағын беру – жақсы үдеріс,
Құрметтіге дей көрмегін ілтипаттан күдер үз.
* * *
«Төрт түлік малдың ішіндегі ең естісі - жылқы»-деседі қазақ. Тегі біздің халқымыз білген, жылқы, шынында да, ақылды мал. Кірпияздығы адам таңданарлық. Жылқы ағын суды ғана ішеді, тоқтаған суды татып алмайды. Әрине, мөлдір бұлақ пен таза құдықтың суын да қанғанынша сіміреді. Сиыр сауылған шелектен жиіркеніп, басын кегжең еткізіп көтеріп алады.
Жылқы керемет жершіл. Түнде, яки түтеген боранда адасқан адам басын еркіне жіберсе, аты ауылын жазбай тауып келеді. Жақсы ат иесінің сенімді серігіне айналып кетеді. Адамның айтқанын бұлжытпай орындайтын аттарды кинодан да, өмірде де талай көріп, таңданған жайымыз бар. Оған біреу сенеді, біреу сенбейді, өз басым күмәнсіз сенемін.
Аттың бейбіт күнде көлік, жаугершілік кезде сенімді серік екені бесенеден белгілі. Қуса, жетіп, қашса, құтылатын ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат – ер қанаты. Ертеден-ақ батыр мен ат қатар аталып, мадақталған. Алпамыстың байшұбары, Қобыландының тайбұрылы, Қамбардың қарақасқасы – халықтың ерекше ілтипатына бөленген жануарлар. Кендебайдың керқұла аты ақыл айтып сөйлейді. Әлбетте, өмірде бұлай болмайды, алайда, мұнда халықтың жылқы малына деген разы пейілі, шексіз сенімі көрініс алған.
Қазақ жылқыны мінсе көлік, жесе ет, ішсе қымыз ретінде де қастерлеген. Жылқыны, жалпы мал атаулыны түр-түсіне, жасына қарай атауда қазақтан тапқыр халық жоқ. Ойдың оралымдығын, тілдің байлығын көрсететін ол атауларды біз мақтан тұтсақ керек. Жылқы малының жасына қарай атаулары былай болып келеді: құлын, жабағы, тай, құнан, байтал, дөнен, дөнежің, бесті, бие, айғыр, осы атаулар жылқының жынысы мен жылын білудің анықтамасы іспетті. Торы, құла, қара, боз, құба, құбақан, күрең, жирен, қызыл, көк, сары, боз, ақбоз, бөрте, бурыл, шұбар, қасқа, төбел, кер, ақ танау, ақ табан сөздерінің мағынасын түсінген адам жылқыны жазбай таниды. Өкінішке орай, халқымыздың мұндай зеректігі кеміп барады, қазіргі қазақты қалың жылқының ішіне қоя беріп, «Күреңді ұстап мін»-десең, қай атқа тап берерін білмей тұрып қалатыны анық. Күрең мен жиренді айыру үшін қазақ болу керек. Сәкен Сейфуллин жазған қызыл аттың қандай ат екенін білу үшін нағыз қазақ болу керек. Қазіргі қазақтың көбі қызыл атты жирен атпен шатастыратыны күмән туғызбайды. Шын мәнінде, қызыл ат-боз ат. Боз және жирен қызыл деп жүргендері осы – жирен түгі аралас атты қызыл ат дейді.
Малды жасына қарай атау, түсін түстеу, жасын анықтауда мен Аманханнан жүйрік адамды көргенім жоқ. Болайын деп тұрған бала еді, әттең, қыршын кетті. Аманхан-менің досым Қарауылбек Қазиевтің немере інісі. Олардың аталары Мақат малшы еді. Аманхан атасының үйінде өскен.
Қарауылбек екеуміз университетке түсіп, бірінші семестрден соң ауылға келгенбіз. Аманхан оныншы сыныпта оқитын. Бізге қызыға қарап, түбі сөз қуған адам болатынымызды біліп, қажеті болар-ау деп мал жөнінде төгілтіп әңгіме айтқаны бар еді. Әңгімесі мал жөнінде болғанымен, біздің халқымызға деген мақтанышы, сүйсінісі ғажап еді. Бізден көп кіші бала:
Достарыңызбен бөлісу: |