Мақал-мәтел – тұсрақты сөз тіркесі. Оның бір сөзінің орнын да, өзін де ауыстыра алмайсыз, мұртын бұзуға болмайды.
Бір қарағанға, «Тыйым сөздер» де мақал-мәтел іспетті, алайда, сәл-пәл өзгешелеу. Олай дейтініміз, тыйымдардың тұрақты сөз тіркестеріне айналғандары да, айналмағандары да бар. Бұған мысалды, көп созсбаламай, бәрімізге ыстық ұғым – бесік жөніндегі тыйым сөздерді алайық. «Бесікті сатпа» - бұл тұрақты сөз тіркесі, өйткені басқаша айтсаңыз, қадірі қашады. Ал, «Бесікті көрінгенге берме» дегендегі ойды әрқалай құбылтып жеткізуге болады. Мінеки, «Бесікті өзгеге берме» десеңіз, тіптен жақсы. Себебі, «көрінгенге» дегеннен гөрі «өзгеге» деген дәл әрі салмақты.
Тыйым сөздер – мақал-мәтелдер тәрізді халық даналығының жемісі. Олар – тәрбиелік мәні зор, өмірдің өзінен ойып алынған өң бір ақылды тұжырымдар. Тыйымдардағы соқталы ойға жақсылап көз жүгірткен адам олардың нақты оқиғалардан қорытылғанын оңғарары анық.
Атам қазақ: «Үйрен жақсы әдептен, жирен жаман әдеттен» демей ме, тыйым сөздерде әдеп те, әдет те бар. Оларды біліп, ұстанған жан ибалы, инабатты, иманды бола түспек.
Түйіп айтарымыз: Тыйым сөздер – тәрбиенің тәлімді бір өзекті тамыры, өрімталдай болып өсем дейтін жас үшін қағида болып табылатын мінез-құлық, тәртіп үрдістері. Оны көп біліп, ұсынғандарын ұстанған адам азбайды.
* * *
Атам қазақ өмірдің барлық жағдайына байланысты айтатынын басқаша айтуға да, ойлауға да мүмкін еместей етіп айтып қойған. Тек оларды білу керек, ата тілеген ақ жолмен жүру керек.
«Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар». Жетімсіз кезде қомағай болмауымыз үшін шешеміз талай айтқан сөз – бұл. Мағынасы өте терең.
Адамға қашан да қанағат керек. Адамнан қанағат кеткен мына заманның келетінін бұрынғылар күні бұрын сезген тегі, сөйткен де келер ұрпағын ақылға шақырар небір тоқтам сөз қалдырған артына.
«Нысап сайын - береке», «Мешкейдің өзі тойса да көзі тоймайды», «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады», «Ашыққаннан құныққан жаман». Бұлардың бәрін халық әдейі шығарған. Бәрі адамдарды шақтаулы өмір кешуге шақырады.
Халық қорқаулар мен жемірлерді ала бөтен жек көрген.
Олардың ашқарақ аранын, тоймайтын көзін тек топырақ толтыратынын дігерлеп тұрып айтқан. Олар да халықтың нақылын ақыл көруі тиіс. Алайда, олардың бүгінгі баю жолына түскені сонша, ештеңені елемейтін болды. Ойлайтындары тек мол қарпу, аямай асау. Ақ, адал тапқаны болса, аузын жағы айырылғанша ашсын, мейлі. Мәселе, басқада, оңай мал табуда, қанағатты ойламауда.
Жақында бір ағамыз қазіргі ықылык атқан, сонда да байыған үстіне байи түсу әрекетін үдеткен үстіне үдетумен әлек болып жүргендер жөнінде қатты қамығып, ауыр сөз айтты.
- Апыр-ау, бұларға сонша байлық неге керек екен? Дүние – боқ. Соны да білмей ме? Қанша байлық жинағанымен, адам кетеді ақ мата жамылып, тапқан-таянғаны қалады. Миллиард-миллиард ақшасынан, зәулім-зәулім сарайынан адамға бұйыратыны - бар болғаны алты-жеті кез ақ мата, арам байлық қалады.
- Қайран ақ көңіл ағам өстіп күйінді.
Әлімсақтан осы, бұл фәнидегі кедейдің күні кіжінумен өтеді, бай көл-көсір өмір сүреді. Адамдарды теңестіретін тек бақи дүние.
Адамда қанағат болмаса, қиын.
Өмірде де, өнерде де қанағатсыздық зияны аз айтылмаған. Солардың ішіндегі ғажабы - Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» әңгімесі. Ұлы гуманист Толстой осы шап-шағын әңгімесінде романға жүк боларлық ой айтқан. Орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста, яғни беріде бір орыс башқұрттардан жер сұрайды. Башқұрт айтады:
- Мен ана төбенің үстіне шығып отырамын, сен кешке дейін айналып өткен жеріңді ал, бірақ күн ұясына кірмей тұрып төбенің үстінде отырған маған жетуің керек, жете алмасаң жер жоқ.
Содан әлгі орыс біраз жүрген соң қанағатты ұмытады, көбірек қамтымақ болып, шығандап шығып кетеді. Бір уақытта қараса, күн көкжиекке барып қалыпты. Орысың екі өкпесін қолына алып, төбеге қарай құстай ұшады. Қайда, тым ұзап кетіпті, төбеге күн батпай жетемін де қанша ұмтылғанымен, болмайды. Башқұрттар келеке-мазақ етіп шулап тұр төбе басында, орыстың өкпесі өшіп, әл-дірмәні құрып, талып жығылады да жан тәсілім етеді.
Қанағатсыз ақымақты ұзындығы 3 метр, ені 2 метр жерге көмеді. Жазушы: «Адамға қанша жер керек?»- деп ащы мысқыл айтады. Тойымсызды қорлау осындай-ақ болар! Бұл - барлық қанағатсызға айтылған қарғыс!
Қанағат жөніндегі айтарымызды сәл іркіп, орыс отаршыларының мынандай тойымсыз, ақымақ өкілі емес, зымияны жайлы бір әңгімені айта кетуді жөн көрдік.
Орал тауынан бері асқан орыстың қазақтың кең даласына ендеп те, бойлап та ену әрекеттері том-том әңгіме болар. Соның бір кішкентайы мынау:
Орыстың бір мұжығы қазақ байынан жер сұрапты.
Қазақ байы көнбепті.
Сөйтсе мұжық:
- Бар болғаны өгіздің терісінің көлеміндей жер бер, - депті.
Қазақ келісе кетіпті. Онымен қоймай, орысты «Ақымақ»,- деп ойлапты.
Сөйтсе, орыс бір өгізді сойып, оның терісін жіп-жіңішке таспа етіп тіліпті. Таспа құлаш-құлаш болып, кергенде ауданы кәдімгідей жерді алыпты.
Қазақ алданып қалғанын біліп, бармағын шайнапты, орыс миығынан күліп, мәз болыпты.
Орыс отаршылары жергілікті халықтардың жерін тағы басқа да талай жолдармен: күшпен де, алдап та алған ғой, тойғанша да, тойған соң да тоқтамаған.
Ал, қазіргі алпауыттардың араны одан да орасан ашылған, мұнай мұнарасымен, газ құбырымен сиып кетіп жатыр.
Қанағаттың ауылы алыстаған қай заман бұл?!
* * *
Жамбыл облыстық телевизиясы - облыс өмірінің айнасы. Облыста не болып, не қойып жатқаны туралы халық алдымен телевизия хабарларын көріп, тыңдап біледі. Телевизияның хабарларын талдап саралау біздің шаруамыз емес. Сонда да, бір сөзбен айтсақ, қазіргі ақпараттар ағыны ерекше екпін алған тұста облыстық телевизия бағдарламаларынан көп жайдан хабардар болып отырғанымыз бізді қуантады.
Біз енді шөпті де, шөңгені де өлең деп білетіндердің санатынан емеспіз, баспасөздің әр жарияланымына, радио мен телевизияның әрбір хабарына өз түсінік-түйсігімізбен қарап, ой түйеміз, жақсысына сүйсінеміз, жаманына сан соғамыз.
Телевизия бағдарламаларының бір айшықтысы - «Ақ тілек». Атының өзі айтып тұрғанындай, бұл бір адамдарға ұзақ, бақытты өмір, шат тұрмыс, махаббат, мейірім, достық, сыйластық тілейтін, әсем ән төгілген әдемі бағдарлама. Жүргізушісі Эльвира Әмзеева да көркіне үні сай әйбат қыз. «Ақ тілекті» көрген адам ажарланып қалады.
Бірақ, ия, барлық нәрседе бірақ болады. «Ақ тілектің» бірағы көңілге әр түрлі ой салады. Қаттырақ та болса, айтуға тура келеді, осында көңілге мүлдем қонбайтын сорақылық бар. Ол - емшектегі баланы құттықтап, «жақсы бір ән беруін» сұрау.
Аллам-ау, емшектегі, мейлі бірдегі, екідегі бала не біледі, оған құттықтап жатырсың ба, ғайбаттап жатырсың ба, бәрібір, түсінбейді. Одан да сорақысы сәбиге арналып махаббат әндері шырқалады.
Бұл келеңсіз жайды мен көптен білемін. Бір кезде телевизия қызметкерлеріне айтқым да келген, оған жөні болмады. Өйткені мен «Ақ жолдың» бас редакторы едім, адамдарға «Телевизияны қойып, балаларыңды, жалпы бір-біріңді «Ақ жол» арқылы құттықтаңдар» - деу бәсекелестік заңына қайшы келетін еді. Қазір бейтарап адам ретінде: «Нәрестелерді, жас балаларды мейлі «Ақ жол» болсын, мейлі «Ар-Ай» болсын, газет арқылы құттықтаған жөн,» - деймін. Бүгінгі сәбиді - құттықтау шыққан газетті сақтап қойып, оған кейін есі кіргенде көрсетсе, қандай ғанибет болар еді.
Содан кейін, біз, қазақ, өлең сөзді жақсы көреміз. Өлеңмен сөйлесек, сөзіміз әсерлі шығады, деп білеміз. Солайы солай, алайда, ол өлең болуы керек. Біздің құттықтау өлеңдеріміз - былдыр-батпақ. Бұл - жалғыз телевизияға ғана емес, барлық бұқаралық ақпарат құралдарына тән кемшілік.
Біз - ақын халықпыз. Бір шумақ өлең шығармайтын, бір ауыз ән айта алмайтын қазақ жоқ. Құттықтауларда мейлі өлеңмен, мейлі қара сөзбен, әйтеуір әркімнің жүрегін жарып шыққан сөз айтылуы тиіс. Тәжірибеден білеміз, адамдар құттықтау мәтінін өзінен гөрі БАҚ қызметкерлерінің жазғанын жақсы көреді. Біреудің шаруасын біреу істеу - «Жаны ауырмастың қасында белі ауырмастың» кебі. Күнде-күнде құттықтау жазып, ерқашты болған журналист дайын сүрлеуге салады, қан-сөлсіз бірдеңе жазған болады. Тіптен ол қаншама ұқсатып жазғанымен, айтылған ақ тілек құттықтаушының өзінікі емес, өзгенікі. Атам қазақ мұндайларға «Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмас» - деген. Сол айтпақшы, тілі шыққан кісіге жазып берген сөз болмас.
«Ақ тілек» суреттерін жариялаудың да өз үлгісі болуы керек. Біздің жағасы жайлауда ағайындарымыз қолына түскен суретті алып келеді. Ақ тілек арналған адам кейде жалғыз, кейде бір топ кісілердің ортасында тұрады. Әрине, соңғы нұсқа ыңғайсыздық туғызады, ақ тілек арналған адамды бөліп алу керек болады. Бұл бұрын қиын еді, қазір компьютерге түкке де тұрмайды. «Ақ тілек» сонда да қолға түскен көп адам бейнеленген суретті сол күйінде көрсетеді, ал «Ақ жолдың» қалыптасқан сара жолы бар - ақ тілек арналған адамның жан-жағындағыларын алып тастап, жалғыз өзін қалдырады.
Адамға арналған шаруаның ұсақ-түйегі жоқ.
Осыны бір ойлап қойған жөн болар.
* * *
Студенттік күнді бірге өткізген дос, бұл күндегі академик Рымғали Нұрғалиев:
- Жапондар баласын он үшке келгенше бетінен қақпайды, шекесінен шертпейді. Бала басын жарып, көзін шығарып жатыр ма, ұрыспайды, «қой» демейді. Тәрбие жұмысын бала он үшке толған соң бастайды,- дейді.
Қызық!
Қазақтың қағидасы - «Баланы - жастан».
Қазақ баласын он үшке келгенше тәрбиелеп бітеді. Он үште ұл - отау иесі.
Жапондікі дұрыс па, қазақтікі дұрыс па?
Екеуі де дұрыс, жапонның тәрбиесінен жапон, қазақтың тәрбиесінен қазақ шығады.
Рас, қазақ та баланы аты-жөні жоқ жәбірлемеген, жақсысын асырып, жаманын жасырып тәрбиелеген. Заты жуас қазақ баласы көніп, айдауға жүрген. Біздің ақылды ата-бабамыз баланы жасытпай, жабырқатпай еккен тәрбиені.
* * *
Ас - адамның арқауы. Осы ас төңірегінде-ақ ақырын ғана талай ғибрат аларлық ақыл айтылған. «Асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен де қой бағып, көтен-мойын жеген озады» - дегенді естіп өскен бала малсақ, еңбекшіл болып ержетеді, кейін шаруақор адам болады. «Мешкей деген жақсы ат еместі» естіген бала қайтіп қана қомағай бола қойсын. «Жаманнан жарты қасық ас қалады» деу - ысырапқа жол бермеу. «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды», «Ас ішсең, атауыңдай іш» деп айтпаса, ойын қуған балалар қайтпас еді.
Наннан үлкен ас жоқ.
Шешем айтатын:
- Басқа тамақтың бәрінен шығасың, мысалы етті бір же, екі же, үшіншіде беттемей қаласың, нанды қанша жесең де шықпайсың. Нан жарықтықты ерте де, кешке де же, жей бергің келеді.
Әкем айтатын:
- Наннан қасиетті ештеңе жоқ. Нан құраннан да үлкен. Жоғарыда тұрған құранды нанға шығып алуға болмайды, жоғарыда тұрған нанды құранға шығып алуға болады.
Мен айтамын:
- Дастархандағы асты да, басыңдағы ойды да, тілі ұшындағы сөзді де бастықтардың алдына тосып үйренген жағымпаздарымыз ұлттық даналығымыздың осы ғажайып үрдісін СОКП Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежневтің жағы түскен, тілі келмейтін аузына салып қор қылды. Қап! Бассектің құраны басқа, коммунистік партияның манифесі, жарғысы болатын.
Осы жуырда немерем:
- Ата, бала ми жесе, не болады?- деп сұрады.
Ойланып қалып барып:
- Бала ми жесе, миы көп, ақылды болады,- дедім.
- О-о, ми жеймін!- деп қуанды немерем.
Мен қойдың басының миын алдым да жартысынан астамын немереме бердім, қалғанын өзім жедім.
Немеремнің баланың ми жеуі, жемеуі жөнінде сұрауы тегін емес еді, үлкендердің: «Балаларға ми жеуге болмайды, жесе миы ылжырап кетеді»- дегенін естіген ғой. Қазақтың мұнысы - дәмдіні үлкен жесін дегенді кішінің көңілін қалдырмай айту. Сүйектің майы шырын болатынын білмейтін қазақ жоқ. Үлкендер оны өзі жеу үшін балаларға: «Сүйектің майын жесең, мұрынбоғың көп болады»,- деп алдаусыртқан. Жас баланың тісі пышақтай өткір, оларға сирақ, құлақ берген, «Шашың жібекше таралып өседі»,- деп қыздарға желке жегізген. Өзінен өзі түсінікті, ондағы ой - жылы-жұмсақты қарт жесін, жастардың еншісі - сирақ, сіңір, желке. Осыны дігерлемей, сыпайылап қалай жеткізген, шіркін, біздің үлкендеріміз!
Осының өзінен-ақ үлкенді сыйлау дейтін ең ізгі тәрбие орнығатын. Алдыға ас келген екен үлкен бастамай, кіші қол салмайтын.
Қазір оның бәрі үзілген. Кіші үлкеннен бұрын табаққа қол салғанды айтасыз, қолындағысын тартып жейді. Балаларды алдаусырата алмайсың, өзіңді алдайды.
Бұл - келімсектердің өмір салты. Балаларымыз солардың балаларынан үйренген. Біз де солардың ересектерінен үйреніп, балаларымызды жер-жебіріне жетіп ұрсып тәрбиелейтін болдық.
Тілімізге оралу қиын ба, ділімізге оралу қиын ба, белгісіз, белгілісі - қиынның қиыны.
Қазақ тілінің көсегесін қайтсек көгертеміз деген ой, тірлік күн тәртібінен түспей жүргелі қашан, ал ділімізге оралу жөнінде жөнді әңгіме өрбіп көрген емес.
Тілге де, ділге де оралудың, оңалтудың кілті - сөз. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады»,- дегеннен асқан құрмет бола ма сөзге.
Сұр жыланды жібіткен сөздің сотанақ баланы да балқытары анық.
Көңіл жықпау - діліміз,
Мұны бәрің біліңіз.
* * *
Бұл киногер дегеніңіз өмірде өте жақсы білуі керек. Өмір экранға өзіндей болып шығуы тиіс. Өйтпейді екен, көрерменнің көңілі қалады. Өкінішке орай, осындай жағдай көп кездеседі.
Біз ат-тонымызды қанша алып қашқанымызбен, шетелдік кинолар телеэкранды билеп алды, меніңше, солай бола береді. Теледидар деген бір жалмауыз, оның көмейін, бүкіл әлем өркениетінің туындыларын бұралап тықсаңыз да толтыра алмаймыз. Бұл ретте сериалдар телевизияшылардың «Жанын тындырып, жамбасын сындыратын» көмекшіге айналған. Халық «Сабынды опера» деп атап кеткен сериалдардың санының алды жүздеп, соңы оңдап саналатын бұл туындылар жөнінде пікір әр алуан.
Мен өз басым мүмкіндігіме қарай олардың біреуін үзбей көруге тырысамын. Қайсысын көрмейін, өкінген күнім болған емес. Елдің олардан ат-тонын ала қашатыны жеңіл жүріс, ашық-шашық дене, кісі өлтіру, т.б. толып жатқан жат қылықтар. Әрине, оларын мен де жек көремін, алайда шығармашыл адамға үйренерлік жай өте көп.
Адамды отқа да, суға да аямай салмай, толыққанды образ шықпайды. Сериал жасаушылар мұны жақсы біледі, геройларын мың өлтіріп, мың тірілтеді. Содан барып сериалдардағы әр бейне ішек-қарындарына дейін ашылып бедерленеді. Адамның сезім иірімдері түк қалмай табиғи болып ашылады.
Соншама сұңғыла сол киношылардың өзі де қате жібереді екен. Атам қазақ: «Аяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ»,-деген ғой. Соның кері осы сериалдарда да кездеседі. Көргенді айтқанның әбестігі жоқ, ал сериалдарда көретін жай аз емес. Солардың аса бір қызығушылық туғызатыны төсек ойыны. Біреулер бетін басып, біреулер емініп қарайтын бұл көріністер -өмірдің өзі. Орыс халқында бір мәтел бар – «Что естественно, то не безабразно». Осы тұрғыдан келгенде бәрі дұрыс. Мүләйімсісек, мұны көрсету-қате, ұят.
Адам сезімінің ішіндегі ең нәзігі-ұят. Қараңыз, жаңа ғана сүйгенімен өліп-өшіп өбіскен бикештің есін жиған сәттегі ең алғашқы әрекеті-емшегін жабу, яғни ұялу. Сонда деймін-ау, көңілдесімен одан да зорын істеген әйел кімнен ұялып жауып жатыр емшегін, бейшараның екі көзі бізді-көрермендерді тесіп барады. Құдайым-ау, оңаша бөлмеде әмпей болған әлгі екеуден басқа жан жоқ қой, ұялу да, қымсыну да түкке қажет емес бұл жерде.
Осындай көріністі талай кинодан көріп, кіжінгенім бар. Құдайға жалбарынғандар: «Біліп, білмей істеген күнәларымды кешіре көр»,-дейді. Құдіреті күшті Құдай білмей істегенді кешірер, әдебиет пен өнер білімсіздікті кешіре алмайды. Өнер иесінен түңілуге бір-ақ адамның өкінгені жетіп жатыр. Соны білсе, шіркін, біздің кейбір пақыр.
* * *
Білемін, мына әңгімем сәл жалпыламалау болды, жерге түсейік, нақтылау сөйлейік.
Кім білмейді, ән жеке, қос, үш, төрт дауыспен, хор түрінде айтылады. Басқасы басқа, әнді үш дауыспен айту жөнінде республикамызда тараздық әншілердің алдына ешкім түсе қойған жоқ, десек, артық айтқандық бола қоймас. Бір Мұхтар Рахманқұловтың өзі үш трио ұйымдастырды, үшеуі де даңққа бөленді.
Ал, қос дауысқа келгенде бұлай желпіне айлмаймыз. Ерлі-зайыпты Құдайбергеновтер, Айтбаевтар, Бейбіт пен Тоқтар, Ақбота мен Саят сахнаның сәнін келтіріп жүргелі қашан.
Рас бізде де қосылып айтатын екі әдемі әнші бар. Өкініштісі екеуі: Марғұлан мен Сұлужан ағалы-қарындасты. Жеке-жеке алғанда бұлардың екеуі де нағыз әншілер, қосылып айтқандары жараспайды. Сахнада өнерпаз жанып, ойнап тұруы, анығырақ айтқанда, артистік кейіп танытуы керек. Мұның үлгісі, біздіңше Тоқтар мен Бейбіт. Екеу ән сөзіне сәйкес сан құбылып, пішінін, көзін мың құбылтады, әнді тыңдарыңды, жоқ мына соншама жарастықты қимыл-әрекетті қызықтарыңды білмей, әркі-тәркі боласың.
Әлбетте, Сұлужанда қыз қылығы, Марғұланда жігіт жігері аз емес шығар, бірақ екеуі оларын бір-біріне көрсете алмайды. Содан да салған әндері солғын болып шығады.
Көп, өнердің басы-қасында жүрген ағайындар осыны неге білмейді екен, білсе, осы екі тамаша әншіге жұп боларлық екі әнші тауып, қосса, жөн болар еді. Әйтпесе, ибалы қарындас Сұлужан мен мейірімді аға Марғұланның өнерлері –жансыз. Екеуінің екі жерде состиып тұрып салған әні –солғын.
* * *
Қазақтың бұрынғы аталас болып ауыл-ауыл құрып отырғаны дұрыс болған екен делініп жүр кейінгі кезде. Сондағы алға тартылатыны – бір атаның балалары тату болады. Үлкенді сыйлау, кішіні жәбірлемеу ерте қалыптасады. Туысқандардың бір-біріне жаны ашиды, қуаныш-қайғыны бөліседі. Бәрі жақсы, жарастықты.
Қазір жағдай басқа, тұрғандары бір атаның балаларынан ғана тұратын ауылдар жоқ. Ауылдағылар атасы басқаларды былай қойып, ұлты өзгелермен де ми батпақ болып араласып кеткен.
Бір кездегі «кірме», «қаңғыған» деген сөздер енді айтылмайтын болды. «Қаңғыған» деген қаңқу сөздің қорлығын біздің отбасымыз бір кісідей-ақ көрген. Әкем мен өмірге келерден бір жыл бұрын, яғни 1938 жылы Шу ауданындағы «Кербұлақ» колхозына темір ұстасы болып көшіп келіпті. «Кербұлақты» мекендейтін сыйқымдар мен біздің руымыз-күнту қатар жатыр. Сөйте тұра сыйқымдар бізді қит етсек, кірме санап, «қаңғыған» күнту деп қоңаштап ала жөнелетін. Енді мұның жұрнағы да жоқ, ауыл-қырық ру. Біреуді біреу руына қарап бөтенсінбейді.
Дегенде, қанға сіңген қасиет қалай да көрініс бермей тұра алмайды екен.
Тараз қаласының 2000 жылдығы тойланған тұста мен облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы болатынмын. Газеттің мерекелік нөмірін шығару жөнінде ақжолдықтардан өзгелер үйренер үрдіс бар: ұжымның барлық мүшесі барын салады. Газеттің барша материалдары ойластырылып шебер жазылып, әсем орналастырылады, әсіресе, ішкі айқарма беттердің жөні бөлек. Бұл беттердің басына олардың бүкіл мазмұнын ашатын «шапка» деп аталатын, көбінесе ұйқасқа құрылған құрмалас сөйлем берілетін. 2000 жылдыққа арналған айқарма бетке газеттің белді журналистерінің бірі: «Таяқ ұстап келген адам тай мініп қайтатын жер» деген сөздерді жазу керектігін айтты. Бұл маған да ұнады. Қасиетті Әулиеата жеріне бұдан артық теңеу іздеудің қажеті жоқ еді. Дегенмен, менің көңілімде бір секем де болды.
Облыстың сол кездегі әкімі Серік Үмбетов Алматы облысының адамы болатын. Мынаны жазсақ, сол кісі қалай қарайды, көңіліне келмес пе екен деген ойды басқа біреуге, өзімнің орынбасарыма айтудың өзі артық, тіптен әбестік болар еді. Жоспарлау өтті, айқарма беттің «шапкасы» сол күйі берілетін болды.
Көп уақыт өткен жоқ, облыс әкімінің идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Кеңесбек Демеш телефон шалды, мерекелік тыныс-тіршілігімізді сұрады, атүсті айтқан болдым. Оным орынбасарды қанағаттандырмады, ананы-мынаны сұрай берді. Мен оның нені жауқаратып отырғанын біліп отырмын. Ол ақыры ойындағысын айтты: «Ішкі айқарма беттерге қандай шапка беріп жатырсыздар? » Мен ұйғарымымызды айттым. К.Демеш: « Оны бермей-ақ қойыңыздар»,-деді де телефонын өшірді.
Өзім де түсініп отырған жағдай. Мына сөз облыс әкімінің намысына тиіп кетер дегенді орынбасар да, мен де айта алмай, түсіністік.
Мен түсінген тағы бір жағдай – редакцияда не болып, не қойып жатқанын орынбасарға жеткізіп отыратын адам бар екен. Бұл – жаман.
Мен шығармашыл қызметкерлерді жинап алып, болған әңгімені айттым.
Мұны әкімиятқа кім жеткізіп жүр екен?-деп таңданғандар болды.
Әкімиятқа емес, Демешке жеткізген,-деп отырғандарға қарадым.
Құрысын-ай, «Ұры көті - қуыс» деген осы.
* * *
Зейнеткер адамның бір ермегі теледидар көріп, радио тыңдау. Мен көбіне радиодан берілетін халық әндері мен күйлеріне құлақ түремін.
Халық әндерінің кез-келгеніне салынып айтыла беретін жақсы бір мәтіндер бар. Соның бірі – мынау:
Бір жұлдыз бар әуеде айдан жақсы,
Бір кедей бар Арқада байдан жақсы.
Бір сөз айтсаң жаманға, қорс етеді,
Қорғасындай балқыған қайран жақсы.
Бір әнші осындағы «қорс» етеді дегенді, «былқ етпейді» деп айтты.
Аңдағанға бұл екі сөздің мағынасы екі түрлі. «Қорс» етеді мінезі жаман, шыртылдақ, «былқ етпейді»момын, жуас адамды бейнелейтін сөздер.
Осыны бір үлкен кісіге айтып едім, ол күліп алып, бір күлкі әңгіме бастады.
-Бұл әртіс те, басқалары да, халық та оны басында «қорс» етеді деп айтатын, кейін бұзылды. Себеп: қорс ететін жануар-шошқа. Ал, шошқа-орыстың малы, оның еті-атасының асы.
Шошқаны жек көру, оны қанша қорсылдаса да «қорс» етеді деп қорлау, мұны әшейін айтса, бір сәрі, әнге қосып тұқырту орысты жек көру емей, немене. Қызыл империяның қырағы идеологтары бұған қалай төзсін, бір дөкейі әншіні, оның бастығын шақырып алып, ит терілерін басына қаптайды. Содан бері мінезі жаман адам моп-момақан болып шыға келеді. Атақты әртіс бұзып айтқан ән сөзін кейінгілер еш ойланбастан қайталап жүр.
Енді не, тәуелсіздік алдық, орыстың шошқасы тұрмақ, өзіне де қарап сөйлей алатын болдық. Ал, бірақ ән сөзі сол күйінде айтылуын қояр емес.
Адам деген бір мезгіл не айтып не қойғанын білсе қайтеді?!
* * *
Жақсылық пен жамандық атаулының көрініс алуы әр қилы. Жақсылықтың аты жақсылық, оны жария етіп те, білдірмей де жасауға болады. Жақсылықтың ешкімге зияны жоқ. Ал, жамандық-басқа. Жамандық жасайтындар, меніңше екіге бөлінеді. Алғашқысы – ардың-гүрдің, ақымақ. Ақымақтың жамандығы – ашық, көп зияны да жоқ, екіншісі – зымиян, нағыз пәле әне, сол. Ал, егер ол бастық болса, Құдай ұрды, дей бергін.
Осындай бір зымиян басшының қулығына құрық бойламайтын қылығын кезінде ол билік жүргізген бір ауданның азаматтары әрі ызаланып, әрі күліп айтып отырғанын естігенім бар. Ызаланатыны – олар қулық көрген, күлетіні-пәледен құтылып, арқа-бастарының кеңігені.
Сонда зымиян басшы не істеді, дейсіздер ғой, бар болғаны өзіне бағынышты, бірақ бағынғысы келмейтін адамдардың үстінен оған бағынатын адамдарға өз атына бағыштатып арыз жаздыратын. Арыз қолына тиген бойда зымиян басшының Құдайы беретін, дереу комиссия құрып, әлгі басы асау батырды башпайының тырнағынан төбе шашына дейін тексертетін. Тексеру нәтижесін дұрыс-бұрыстығына қарамай, өзі төрағалық ететін алқа отырысына салып, жауыққан адамын айызы қанғанша езгілейтін.
Зымиян бір басына дүниедегі бар пәлекетті үйгізген бір пақырдың мәселесі қаралған отырысқа облыс басшысы қатысады. Алдымен арыз оқылады. Арыз иесі – қатардағы қызылшашы, сөз саптауы-экономистікі.
Облыс басшысы:
-Апырау, мына арыз қызылшашы жазды дейтінге келмейтін сияқты, абайлаңыздаршы,-дейді.
Жазықсыздан жапа шегіп тұрған жазған:
Ереке, мұны жазған адам-мына әкіміңіз. Бұл кісі әкімдіктің бір белді қызметкеріне жаздырып ол қызылшашыға көшіртіп алған. Арғы жағы – осы, - дейді.
Бұл қалай сонда?
Әрі қарай әңгіме қызып жүріп береді.
Енді алқа отырысына қатысып отырған зымиянның талай рет тізесі батқандар кезек-кезек сөйлеп кеп береді.
Облыс басшысы сазарған күйі отырып қалады, сол ешкімге тіс жармаған бойы аттанып кетеді.
Зымиянның қорлығын көрген жұрт: «құтылатын болдық-ау!»-деп қуанып қалады.
Шынында да, қуаныштары баянды болады, осыдан бір ай уақыт өткенде зымиян басқа ауданға басшылыққа ауыстырылады.
Мейлі, ғой, қорлық көрген жұртқа бұдан басқаның керегі не, барсын. Ал, бірақ ол барған жерін оңдыра ма, мұны енді облыс басшысы ойлауы керек еді, оның ұйғарымы осы болды. Сөз бар ма, облыс басшысы бәрін біледі, өмірде себеп те, салдар да көп, соның қайсысы әсер етті, ол жағы Ерекеңнің бір өзіне ғана аян.
Достарыңызбен бөлісу: |