Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет33/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34

Тигені осы болды ма, жігіттер таршылық етті ме, не болса да бізге билеттер соңғы қатардан тиіпті. Мейлі, сөйтіп біз алып стадионның ұшар басында отырмыз, бірақ көңілдіміз. Қалай дегенмен олимпиада жарысын тамашалауға кірістік қой. Жанкүйерлердің тірлігі жарысқа телміруден ғана тұрмайды, қайта әдемі әзіл-қалжың көп айтылып, күлкі тиегі ағытылады.

Тұла бойы екпінді сөз, өткір қалжыңға толы Григорий Арсентьевич басқа қатарда, біз Смекең (Смағұл) екеуміз ілгерілеу отырмыз. Менің оң жағымда екі американ жігіті отырды. Алаңдағы команданың бірі – ресейліктер. Біз ресейліктер үшін шыр-пыр боламыз. Екі жігіт мұны аңғарды, әрине. Менің жанымдағысы бір кезде сіздер орыстарсыз ба деген тәрізді сұрақ қойды. Ал, кеп қазақ екенімізді түсіндіре алсақшы. Жамбылды да, Абайды да, Назарбаевты да айттық, білмейді.

Американың надан ұрпағына енді не айтпақ керек?

– Әй, – дедім де Смекеңді көрсеттім. – Коммунист.

Әлгі қарқылдап кеп күлді. Жанындағыға айтты, енді екеуі жарыса күлді.

Жосықсыз жігіт сұқ саусағын маған қадады:

– Демократ?

– Иә

Қуанып кетті. Күлкісін тиды. Екеуі кәдімгі бір өздерімен мүддесі бір адамды тапқандай мәз болып жымыңдасты.



Қатарында қаншама жыл болып, мұраттарына адалдық көрсеткен қайран компартияның кім көрінгенге күлкі болғанына қатты күйіндік. Бірақ, өмір ауаны қазір басқа, компартия аренадан ештеңе бітіре алмай кетіп тынған. Орнында ойраны қалды. Керемет күшті идеологиясымен көзімізді кілегейлендіріп, түк көрсетпей қойған. Ал, капиталистік қоғамның қаншалықты ілгерілеп кеткеніне келгелі көзіміз әбден жетіп бітті. Өмірдің өсуін ғалымдар түрлі сатыға бөліп тастаған. Тас дәуірі, құл дәуірі, феодолизм, капитализм, социализм, коммунизм. Тұрмыс құралдарына, меншік түріне өндірістік күштерге, тағы басқа көрсеткіштерге қарай бөлінген бұл сатылар дұрыс та шығар, алайда, өмірдің заңы біреу, ол – қандай айдар таққаныңа қарамай алға жылжу. Адам арманы – жақсы өмір сүру. Біздің коммунистердің де мұраты осы болған, оны коммунизм деп атаған. Бірақ оған өндіріс құралдарына меншік түрі, шаруашылықты жүргізу әдісі қол жеткізбеді. Ал, идеология жағынан коммунизм орнатылып қойылған еді. Кез-келген капиталистпен кез-келгеніміз коммунистік қоғамның артықшылығын айтып таласып, жеңіп кете беретінбіз, тіпті болмағанда өз түсінігіміздің жоғары екеніне көзіміз жеткен күйде қалатынбыз. Сөйтсек... Қазір бәрі түсінікті болды. Біз жек көретін капиталистер, олардың көш бастаушысы – АҚШ ғажап дамыған демократиялық мемлекет орнатыпты.

* * *


Қайтып келеміз.

Жаңағы әңгімені Григорий Арсентьевич пен Шәкірге айттық. Олар да күлді...

Ертең боксқа баруымыз керек.

Жартылай финалдық ойындар. Біз – жамбылдықтар көңілдіміз.

– Жартылай финалда екі жамбылдық бокстасады, – деп желпінді Смекең.

– Жоқ, үшеу, – дедім мен.

– Қалайша?

– Ермахан Ибрайымов та біздің Жамбыл боксының түлегі.

– Әй, қойшы, – деп нанбады Григорий Арсентьевич.

– Рас айтамын. Ермахан Луговой ауданындағы «Ақ жол» агробірлестігінен. Биылғы облыстың чемпион шопаны Қалмахан Ибрайымовтың інісі.

– Григорий Арсентьевич күлкі тиегін мықтап ағытты.

жүз қойдан қайдан екі жүз елу қозы алған шопан ба? Оған кім сенеді? Қайтіп ұялмай бастыңдар газетке?

– Ұялатын не бар? Мәлімет солай.

Мәлімет. Қандай күшті сөз еді. Григорий Арсентьевич жым болды.

О заман да бұ заман бір отар қойдың бәрі егіз, ара-тұра үш қозыдан туушы ма еді?! Бірақ мәліметке сенуіміз керек. Ең өкініштісі, бұған қойшылар да сене бастапты. Олар қазір бұрынғыдай: «Жүз саулықтан пәлен қозы аламын» – демейді, «пәлен қозы беремін» – дейтін болыпты олар. Бұған, әрине, ешқандай мәліметсыз-ақ сенуге болады. Шопанға енді саулық егіз туа ма, жалқы туа ма бәрібір, ол межеленген қозыны алмайды, береді. Берген екен, мәліметке сенеді, әрі қарай оларды насихаттаушылар да, марапаттаушылар да табылады.

Біздің жартылай финалда сынға түсетін төрт боксшының үшеуін ішке тартуымыз автобус ішіндегі басқа қазақтарға ұнамады.

– Осы бөлінген деген неге керек екен? – деп реніш білдіргендер табылды.

– Жоқ, бөліну емес, боксерлардың жамбылдық екенін айту – мұнымыз.

Григорий Арсентьевич қалжыңбас адам тегі.

– Қазақтар үш жүзге бөлінуін қоймайды. Мен – бәріңе бірдеймін, төртінші жүзбін, – деп соққаны.

– Қазақтардың үш жүзге бөлінетіні рас. Бірақ ол – біздің халқымызды бөлу деген сөз емес. Басында бұлар әскери жүздіктер болған, кейін енді жер жағдайына, қонысына қарай үш жүз болып бөлінген. Жүзге бөлінудің қазақтығымызға, ортақ мүддемізге еш қайшылығы жоқ. Үш жүздің баласы атасын тергеген, бірақ бірінен бірін кем көрмеген, – деуге тура келді.

– Мен «Абай жолын» оқығанмын. Қазақтарда ру таласы өте қиын, – деп көнбеді Григорий Арсентьевич.

Иә, бұл – өте күрделі әңгіме. Айналайын, Григорий Арсентьевич, сенің төртінші жүз екенің де рас, «Абай жолын» оқығаның да рас. Қазақтың рулық қатынастарын өзінен басқа ешкім ажырата алмайды. Руды айтасың, жай туысқандықты тарататын сөздерді қазір қазақтың өзі түгел біле бермейді. Қазақ тілі өте бай, жекжаттық, туыстық қатынастар тұңғиық терең. Мен айтамын: жүзге бөліну қарапайым халыққа қажет емес, қазақта кімнің қай ру, қай ата екенін сұрап біліп отыратын бір әдет бар. Бұл – бөліну емес, әр ата текті ажырату, «Жеті атасын білмеген – жетесіздік» деген ғой атам қазақ, сол талапты орындау. Рушылдықтың отына май құятындар – шенеуніктер, ру оларға бақ, тақ таласы кезінде өте керек. Қазақты оңдырмай жүрген созылмалы кесел осы екенін бәріміз білеміз. Рушылдықты шенеп, мінемеген кім бар осы? Ал, бұл дертке ең осалдар – оны жерден алып-жерге салатындар. «Қорыққан бұрын жұдырықтайдының» кері, әрине.

Бұл – үш жүздің баласы шеше алмай келе жатқан проблема.

Төртінші жүздің – орыстардың оны қалай шешпек болғаны көзі қарақты адамға жақсы мәлім. Сонау патшалық Ресей кезінде қазақ еліне билік жүргізуге жіберілетін өкілдеріне берілетін нұсқаулар, артынан ақыл айтылып жолданған хаттар қазір жария болған. Олардағы ұстаныңдар дейтін принцип – қазақтарды дәл осы жүзге, атаға бөліп, бір-біріне ала көз етіп ұстау. Қазақтар өзді-өзімен қырқысып жатса, билеп-төстеу оңай.

Осы өсиет қызыл империя тұсында да жақсы жүзеге асырылғаны әмбеге аян.

Әй, қойшы, соның бәрін.

Қазақ қазақ болатын кез келді ғой енді.

Қаңқыл-сұңқыл әңгіме қашан тиылар екен.

Осы жерде Жамбыл ата тойы жөніндегі мына бір әңгімелерді қыстырудың реті келіп тұр.

Редакцияға келген бір кісінің:

– Назарбаев болмаса, Жамбыл тойы осылай болып өтер ме еді? – деп күмән келтіргені бар.

– Мұны қалай түсіндік?

– Жамбыл – Президенттің аталас атасы.

Бір жігіт ағасы болып қалған қарапайым қазақ Өскеменнен велосипедпен Алматыға жеті күнде жетіпті. Журналистер аузына микрофон қосып еді ол:

– Мен той өтетін ауылға кетіп барамын. Бұл жетістігімді Жамбыл атамыздың 150 жылдық тойына арнадым, – деді.

Меніңше, бұл қарапайым спортшы шапырашты емес, қазақ. Өз жетістігін қазақ Жамбыл атасына арнап отыр.

Ал, Президентке келсек, ол атаның емес, адамның ұлы, көш басшымыз. Оған Абайдың, Жамбылдың тойы – тобықты мен шапыраштының емес, ұлылардың тойы. Ендігі жылы М.Әуезов тойын да ол Мұқаң қожа болғандықтан емес, ұлы болғандықтан дәл осы дәрежеде өткізуге күш салады. Жамбыл тойынан бері екі кішкентай жиенім Бекзат пен Сауырық:

Ассамәйкім, Жамбыл ата! – деп амандасатынды шығарды.

Әйлейкумассалам, балам. Таудай бол! – деп қуанып, бата беремін мен оларға.

Жамбыл тойының өнегелік күшіне бұдан артық қандай мысал болсын.

* * *


«Трансатлантгрупп» туристерінің барлығы дерлік бокстың жартылай финал ойындарына барды. Бұл біздің топ бағдарламасында жоқ. Билетті өз пұлымызға сатып алатын болдық.

Бір топ жігіт кассаға келдік. Билет жоқ. Қолдан алу керек. Кассалар қатарынан ұзай беренбіз, кассир әйел қуып жетті. Ішіміздегі тіл білетін Ермек деген жігіт сөйлесті. Сөйтсек, әлгі әйел: «Байқаңыздар, жалған билет сатқандар көп, алданып қалмаңыздар. Билеттің төменгі жағында 728 деген сан болса, ғана алыңыздар. Шын билет сол», – депті.

Американдықтардың мына сергектігіне, жанашырлығына таңданбасқа лаж жоқ, бәріміз біраз гуілдесіп алдық.

Қолдағы билет бағасы әртүрлі болды. Билет біреулерге 100, біреулерге 150 долларға түсті. Сонда бұл – 7-10 мың теңге деген сөз. Өзімізде болса, мұндай ақшаға ешкім де билет алмас еді. Зәуімен келген соң ердің құны болса да көреміз.

Бұл күні бокс өткен залда қазақ жалаулары көп таратылды. Соның бір-біреуін ұстап алып, бір кісідей-ақ айқайладық бәріміз. Әсіресе, бір кезде өзі де атақты спортшы болған Смағұл Әбілеков қатты ұрандады. Бір әңгімесінде Болат Жұмаділов: «Әруақтаған айқай жігерімізге жігер қосты» – деп жанкүйерлерге разылығын білдіргені бар. Мен Олимпиаданың күміс жүлдегерінің бұл сөзді айтуына Смекеңнің «Әруақ-әрақ!» – деп бар жан-тәнімен, зор даусымен айқайлауы түрткі болды дер едім. Басқасын айтпағанда «Әруақ!» деген бір ауыз сөзді Атланта аспанына асыру асқан абырой емес пе? Дүниеде қазақ деген халық барын, олардың әруақты сыйлайтынын Атлантаға жиналған бүкіл дүниежүзі халықтарына білдіріп қайттық.

Әруақтаған ата, оны айтқызған ұл бола берсін! Шүкір, қазақстандық спортшылар еліміздің үлкен-кішісі разы болатын нәтижеге жетті. Олимпиадаға қатысқан 197 елдің ішінен 24-ші орынға көтерілу оңай ма! Ал, біз «Әруақ» жар бола көр деп ұрандаған боксшылар бір алтын, бір күміс, 2 қола медальға ие болды. Бұл, шынында да, ғаламат жетістік. Қайтейік, әлемдегі боксшылардың бәрінен рейтингі жоғары Болат Жұмаділов жеңіп тұрып, компьютер дейтін пәленің қырсығынан екінші орында қалып қойды.

* * *

Біздің туристердің көбі басқа жарысты тастап, Афинада өткен футболдың ақтық айқасына барды, мен де сөйттім. Аргентина мен Нигерия арасындағы бұл бәсекенің немен аяқталғанын белгілі. Нигериялықтар 3:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.



Стадионнан шыққан соң автобус тұрған жерді табу қиынға соқты. Ыстық буып, қапырық тұншықтырған, сеңдей лықсыған қалың нөпір жаңқаша қақпақылдатқан біз, Григорий Арсентьевич, Шәкір үшеуміз, автобус тұрған жерден сәл ауытқып кетіп, біраз әуреге түстік. Базарға барып, қабын жоғалтып қайтып, жеңгемізге: «Қатын-қатын, қап жоғалтқан көп болды» – деген ағамызша айтқанда, автобус тұрағын таба алмағандар көп болды.

Автобусқа жақындасақ, екі жүргізуші екі жәшік сыра, сусын, тағы басқа оны-мұныны ортаға қойып, Нигерияның жеңісін тойлап жатыр екен.

– Ойбай-ау, бұлар американдықтар емес пе?

Менің мына сұрағыма мына той себебін білетін бір жігіт:

– Американдық. Бұл екеуінің де ата тегін бір кезде Нигериядан әкелген екен.

Міне, гәп қайда!

Мәссаған, американдық, американ халқы керек болса!

Бәсе, американ халқы деген болушы ма еді. Ешкім де ата тегін ұмыта алмайды. Американ халқы деу ақ, қара нәсілді халықтардың бәрін Америкаға телу.

Біздің саясатшысымақтарымыздың осыны үйрене қойғанын көрмейсіз бе? Ойбай, қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, тағы басқа халықтар қайтіп қана Қазақстан халқы болады. Қазақтан басқа халықтың бәріне Қазақстанда тұратын деген айдар тағылуы керек. Оған ешқандай халық өкпелемейді. Өйткені бәрінің өз тарихи отандары бар. Россияда тұратын орыс, Өзбекстанда тұратын өзбек деп ешкім айта алмайды. КСРО кезінің өзінде Қазақ Республикасы атанғандымызды елемей, енді келіп Қазақстан Республикасы болғанымыз иланғысыз бір тірлік. Көңілге қонбайды, бірақ өзімізді өзіміз зорлап айтамыз осылай деп.

Адасқан жалғыз біз емес екенбіз. Тіптен кейбіреулерді бір сағаттан астам күттік, келмеді. Содан біздің автобусымыз қайтіп, екінші автобус адасқандарды күтіп қалды.

Ертеңіне білдік, адасқанның бірі Мырзахан Жаңабергенов екен.

Мырзахан басынан кешкен жайды жырдай қылып айтып берді. Әрі-бері жүріп шаршапты да полиция қызметкерлеріне жүгініп, автобус тұрағын таба алмай қалғанын ымдап түсіндіріпті. Сөйтсе, ол бай болғыр Мырзаханды машинасына мінгізіп алып, сол маңдағы автобус тұратын жердің бәріне алып барыпты.

Басы айнады ма, есі шығып кетті ме, Мырзахан, тіптен, біз тұрған жерге әкелсе де танымапты. Содан әлгі жігіт Мырзаханды қаладан шығарып, Атлантаның жолына әкеліп тастапты.

– Осы жерден күтіңіз. Автобусыңыз келіп қалар, – дегенді түсіндіріпті.

Сол сәт таяп қалған автобусқа қол көтерсе, іші толған москвалықтар екен, тоқтап, Мырзаханды Атлантаға алып келіпті.

Мырзахан полиция қызметкерлерінің өзіне ілтипатпен көрсеткен қызметіне, шынымен жаны ашып, әбігер болғанына тамсанып, таңдай қақты.

Солай, Американың полициясы өң бір елгезек, сергек жандардан іріктелген дерсің. Ал, шын мәнінде, мұның бәрінің арғы жағында өз қызметінің қадіріне жету, ең бастысы – заңды құрметтеу жатыр. Көп айтлып та, жазылып та жүр, біздің МАИ қызметкрелері ысқырып тоқтатып, ала таяғымен жүргізушіні шақырып алып, тізерлетіп, табындыруға бар. Ал, олардың америкалық әріптестері жүргізушіге өзі жақындап келіп, айтпағын, талабын мәдениетті түрде білдіреді.

Бокстың ақтық айқастарын тамашалауға кеткен Смекең кеш оралды.

* * *

Мен Смекең келгенше тыпыршумен болдым, «Болат жеңді ме екен, қайтті екен?» – деген ой маза бермеді.



Смекең көңілсіз оралды. Болат Жұмаділовтің қолда тұрған жеңістен айырылып қалғанын көрген қай қазақ жер болмасын?!

Смекең тағы бір нәрсеге қатты қапаланыпты.

Ол Болатқа дем беріп:

– Әруақ, әруақ! Қолдай көр! – деп айқайға басады.

Сөйтсе, жанында отырған бір қазақ жігіті:

– Ағай, оның аты әруақ емес, Булат, – дейді.

– Өй, әруақ атқыр. Жетесіз! – деп Смекең әлгіні шынтағымен нұқып жіберіпті.

– Әлдеке, алдыңғы күні екеуміз американдық ақымақ жастарға күлік едік, бүгін мен өзіміздің жетесіз ұлға қынжылып қайттым. Тілінен, ділінен, дінінен айырылған бұл дүбәралар қайтсек қатарымызға қосылады, – деп көкірегі қарс айырылды Смекеңнің.

Бұдан асқан уайым бар ма бұл күнде бұл қазақта?!

* * *


«Каллауэй Гарденсте» мынадай бір оқиға болды.

Ертеңгілік киім ауыстырып, бар пұлымды қалтамнан алып, төсектің үстіне тастай салғанмын, сол жерде қалдырып кетіппін. Мен мұны асханаға барып тамақтанып келіп, тағы киім ауыстырмақ болып қалтама қол салғанда бір-ақ білдім. Кәдімгідей шошып қалдым. Мұндайда қандай да бір дәмемен жан-жаққа көз жүгіртеміз ғой. Мен де жалма-жан сөйттім. Телефон жанында ақшам оралған қағазыммен жатыр. Орамды аштым, санадым, бәрі түгел.

Біз асқа кеткенде бөлмені тазалап, төсек-орынды ауыстырып қойыпты. Үй сыпырушы әйел ақшаның бір центіне тимей, көрсін деп телефон түбіне қойып кетіпті.

Бұған не дерсің?

Жөн білетіндерге айтсам, таңданатын түгі жоқ көрінеді. Америка қонақ үйлерінде олардың қызметкерлерінің кінәсінен титтей де шу шықпайды екен. Қандай да бір кішкентай күдік-күмән қызметкердің жұмыстан қуылуымен аяқталады екен. Ал, Америка жұмыстың қадірі кетпеген ел, жұмыссыздық жеткілікті. Рас, олардағы жұмыссыздар алатын жәрдем қарынды ашымайтын, қадірді қашырмайтын дәрежеде. Дегенмен, өзің жұмыс істеп, өз қолыңның өз аузыңа жеткеніне не жетсін! Осыны жақсы біледі американдықтар, сөйтеді де қызметін адал, жақсы атқарады. Ың-шың шыққан екен, қожайын біздің бастықтар құсап бағынышты адамды жиналысқа салып талқылап, тәржікелесіп жатпайды, босатады да қоя береді, дәлірек айтсақ екіжақты шартты бұзады.

Ал, бізде әрі тарт-бері тарт әлі тиылған жоқ. Басшылар «жұмыс берушілер» деген сөзді жамылған болады, бірақ түрлі тосқауылдарды бұзып өте алмайды. Сөйтеді де қызмет орнында тәртіп бұзатындарды социализм кезіндегідей пәленбай рет талқылап, жұмыстан шығаруға әбден «дайындауға» мәжбүр болады. Сөйтіп өзі де, қызметті қорлаған адам да діңкелегенде барып, «өз өтінішіммен» деген гуманистік жазба өмірге келеді. Меншік түрінің өзгеруі үлкенімізді де, кішімізді де абырой да, атақ та өзі, тон да, тамақ та өзі қызмет орнын Америкадағыдай сыйлауға үйретер әлі-ақ. Қоғамның дамуы бұған, сөз жоқ, әкеледі. Ал, әзірге барлық саладағы тәрізді қызметке жауапкершілік, орындаушылық тәртіп деп аталатын қоғамның қозғаушы күштеріне деген көзқарасымыз дүбәра күйінде қалып тұр. «Тәртіп бар жерде табыс бар» дейтін әдемі сөзді әдемілеп айта береміз. Ал, қорқыныш деген ұлы сезім естен шығады. Жасасқан шарт, байласқан серт жоқ жерде өстеді енді. Жұмыс беруші мен қызметкер арасында екі жақты шарт жасалынатын болса, біздің керенау, кері кеткен қызметкерлеріміз қорқып, міндетін адал атқаруды өмірінің серігі етер еді. Америкада от алған ойдың бір ұшқыны – бұл бір. Жұртқа белгілі жайт. Мәселенің өзі, міне, осыған, белгілі жайт деп аталатын немкеттілікке келіп тіреледі.

Бұл сөздің түйіні – осы.

* * *


Атланта мен Вашингтон арасы автобуспен 15 сағаттық жол.

Жол қалың орманды қақ жарып созылады да жатады.

Екі жүргізуші де бұл жолға әбден құмбыл, сызады да отырады.

Жер көр, ұйықта, бейнефильм тамашала – еркің.

Бір ғажабы мен Америкада неше күн «дөңгелек үстінде» жүріп титтей де шаршау, жалығу дегенді білгенім жоқ. Жалғыз мен емес, сапарластарымның барлығы жолаушы деп аталатын жинақы адамдар болып алған. Бәріміз былайша айтқанда аядай автобуыстың ішінде өзімізді алаңдатар кішкентай бір әлем түзіп алғанбыз. Соңғы жақтағы екі столдан да проферанс ойнаған ерлер үзілген емес. Алдыңғы жақтағы әйелдер күбірлеп-сыбырлап таусылмайтын әңгімелеріне басады, орта тұстағы біздер көбіне өз ойымызбен өзіміз отырамыз. Қалжың, естіген, көрген, білген жайлар жөнінде ашық пікір алмасу да осында.

Біз өстіп отырып алып қаншама алыс жол болса да кете беруге көндігіп алып едік. Содан болар мен Атлантадан Вашингтон түбіндегі Нью-Карлтон қаласына қалай келіп қалғанымызды да аңдамай қалдым. Осындағы «Рамадо» отеліне орналасқанымызда түн ортасы ауған. Жолға үйренгеніміз сонша жастыққа басымыз тиді болды, қор ете қаламыз.

Ертеңгі астан соң Вашингтонға алып жүрді.

Сонау ес білгелі ол жайлы сан-сан әңгіме естіген алып қала Вашингтонға экскурсияға берілген уақыт – бір күн. Оның үстіне бәрі «магазин-магазин» деп шулайды. Көптің аты көп, содан да Вашингтон сапары да магазиннен басталды.

Дегенмен, айтылған әңгіме бар, көз көріп, аяқ басқан жер бар Вашингтон туралы талай мағлұмат алдық.

Вашингтон – АҚШ-тың әкімшілік және мәдени орталығы.

Астана ешқандай штатқа кірмейді. Оның ресми аумағы Колумбия федералдық округіне жатады. Қала, ең алдымен, АҚШ-тың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонға «көп қарыздар». Ол 1790 жылы қазір Конгресс орналасқан Капитолий салынатын жерді анықтап, іргетасына тас қалаған.

Вашингтон үлкен қала емес, өзінде 607000 адам тұрады, қала маңындағыларды қосқанда 2,8 миллион болады. Қалада ешқандай өндіріс орны жоқ. Мұнда ештеңе өндірілмейді, күніне қала сыртына 25-30 вагон қағаз қалдықтары шығарылатын көрінеді.

Тұрғындардың дені мемлекеттік қызметкер, сондай-ақ қызмет көрсету, сауда және финанс, баспа және әскери мекемелерде істейді.

Джордж Вашингтон – осы бір қала ғана емес, жалпы АҚШ тарихына өлмес, өшпес із қалдырған алып тұлға. Оның атақ даңққа бөленуі 1775 жылы жаңадан ұйымдасқан континенталды Армияға қолбасшы болуынан басталады. Жаңа қолбасшы мен оның елінің алдында тұрған проблема өте көп те күрделі еді. Табиғи байлығы көп, бірақ өзі өркендемеген 13 кішкентай колонияның тәуелсіздігі үшін әлемдегі ең қуатты ел Англиямен қарулы қақтығысқа шықты. Джордж Вашингтонның әскери өнері мен асқан дарындылығының арқасында революция жеңісі сақталып қалды. Сондықтан да ол бұл елдің әкесі, АҚШ трихындағы аса ұлы тұлға болып саналады. Британия мен оның колониялары арасындағы тәуелсіздікке таласқан соғыс сегіз жылға созылған.

Джордж Вашингтонның асқан қабілеті мен еңбегі ескеріліп, тұңғыш Президент болып сайланған.

Біз сәті түсіп сол Вашингтон негізін салған Капитолидің ішіне кіріп тамашаладық.

Капитолий – бұл АҚШ Конгресінің үйі. Ол алып мұнара астында орналасқан үйден, екі қанатындағы галереялардан тұрады. Оның біріне Сенат, екіншісінде Өкілдіктер палатасы орын тепкен. Мұнараның дәл ортасында Ротонда залы орналасқан. Зал іші АҚШ тарихына қатысты көркемөнер туындыларымен безендірілген. Капитолий ішіне ену тіптен оңай екен. Жарылғыш, от алғыш заттар алып кіргізбейтін бақылау бар, бірақ біздердікіндей рұқсат қағаз талап ету жоқ. Айтыстарынша, халық мұнда еркін кіріп, сенаторлармен, парламентшілермен аралас-құралас жүре беретін көрінеді. Демократиялық мемлекеттің бұл да бір біз үйренер үрдісі.

Капитолий қаланың ең биік жеріне салынған. Жан-жағы кең қарын алаң, масаты кілемдей гүл, көгал, мәрмәр баспалдақ, қылқан, жалпақ жапырақты аласа ағаштар. Тегі, мұндай елдің маңдайына басқан үйлерді өстіп көрнекті жерге алып, жан-жағын кең-мол етіп өлшеп-пішкен жөн екен.

Ақ үйге де Американың өз халқы, біз тәрізді келген-кеткендер де еркін кіреді, тіптен, оның қожасы Биль Клинтонның өзімен жүздесе береді десті. Алайда, Ақ үй қазір жөнделіп жатқандықтан, сырттан ғана қызықтап қайттық.

Қаланың Капитолий мен Ақ үй орналасқан аумағынан онша алыс емес маңда әр тұста бұрынғы үш президентке Джордж Вашингтонға, Авраам Линкольнге, Томас Джефферсонға орнатылған ескерткіштер тұр. Оларды көрген адам өнер құдіретін, халқының өздерінің ұлы перзенттеріне деген шексіз сүйіспеншілігін сезінер еді.

Осы үш ескерткіштің үшеуі де АҚШ қазіргідей өсіп-өркендеген кезде емес, жетімсіздік бар тұста салынған. Соған қарамай, келер ұрпақ ұялмайтындай етіп орнатылған. Қараңыз, Вашингтонға ескерткіш салу ол қайтыс болысымен 1783 жылы Конгресте бекітілген. Қаржы жоқтықтан шешім бірнеше ондаған жыл қағаз бетінде қалған. 1833 жылы ықпалды адамдар Ұлттық Ескерткіштер құрылысын салу қоғамын құрып, 1847 жылы 87000 доллар жиналған. Сөйтіп ескерткіш тұрғызыла бастаған, елдегі азамат соғысына байланысты құрылыс жұмысы 25 жыл қозғалыссыз қалып қойған. Ақыры, 1876 жылғы 2 тамызда АҚШ президенті Грант үкіметтің ескерткіш құрылысын аяқтауы жөнінде заң қабылдайды. 1880 жылы жұмыс қайта қолға алынып, ескерткіш 1888 жылы 9 қазанда ашылған. Сонда ескерткіш бас-аяғы жүз жылда салынған. Жоғарыда аталған басқа ескерткіштердің де осыған ұқсас тарихы бар. Оның бәрін айтып жатпай-ақ, біз үйренер тәлімге тоқталайық.

Өз тарихымызға өзіміз қайта оралып, ел бастаған көсем, қол бастаған батырларымызды тауып, танып жатқан бұл шақта осы тұрғыда көптеген игі істер атқарылуда. Соның бір парасы – ескерткіштер, кесенелер орнату. Осыны біз шындап ойластырмай, жүрдім-бардым атқарып жатырмыз. Жаңағы ескерткіштердің бірде-біреуін американдықтар біз құсап қара жерге қара құм мен қара цементті араластырып үйіп, үстіне марқұм осындай адам болған шығар деп біреудің сұлбасын отырғыза салмаған. Ең бастысы бәрі жол бойына, аяқ астынан аулақ, адам анадайдан көріп, ойланып барып жақындар жерде оқшау тұр. Жамбыл ата көше үстінде тұр деп ренжіп жүргенде Төле бабамызды қара жолдың қақ ортасына қондырдық, енді келіп Байзақ батырды жол айырығына қойғалы жатырмыз. Апырау, Төбе биіміз Төле би ауылының ортасында отырса, Байзақ датқа Сарыкемердің көрікті жеріне жайғасса қайтетін еді?! Осы тұста халықтың намысы-ары болып табылатын тұлғаға ескерткіш орнатуды ойыншыққа айналдыруға болмайды дерлік. Ескерткіштің тұғыр тасынан даңқ иесінің бейнесіне дейін бәрі шын қамқорлықпен, асқан білгірлікпен жүзеге асырылуы керек. Ескерткіш – келер ұрпаққа аманат, оны салған ұрпаққа сын. Ескерткіш – тарих ананың мәңгі жасайтын перзентіне мәңгіге қойылған белгі. Бұл істі қолға алған қауым осыны білсе, игі.

* * *

Вашингтонда біз Конгресс кітапханасына баруымыз керек еді, уақыттың аздығынан оның реті келмеді. Кедергі болған кесел – магазин. Сапарлас ағайындардың көбі мәдени ошақтардан гөрі сауда орындарына ентелеп тұрады.



Конгресс кітапханасы – әлемдегі ең бай кітапхана. Онда дүниежүзі халықтарының бәрінің дерлік тілінде жарық көрген 15 миллионнан астам кітап бар көрінеді.

Америка – әлем әдебиеті алыптарының да елі. Джек Лондон, Теодор Драйзер, Эрнест Хемингуэй сияқты көркемсөз шеберлері шығармаларына арқау болған бұл Америка. Әдебиетші ретінде сол сүйікті жзушылардың өмірі, шығармашылығы жайлы баяндайтын материалдарды көргім-ақ келіп еді, реті келмеді.

Сонымен мен Лондон мен Хемингуэйге деген құрметімнің отына май құя алмай қайттым. Мейлі, ұлылардың рухы жаныңа жақын тартуыңмен де биік. Бұл екі сөз зергерінің шығармаларына деген құштарлығым өмірбақи бір мысқал кемімес, тегі. Балалар жазушысы ретінде мен Джек Лондонның «Ақ азуын» әлденеше рет оқыдым, әлі де оқи беремін. Лондон өз дәуірінің адамдарын ғана емес, айуандарын да ғажап етіп бейнелеген ғой. «Ақ азудан» басқа Майкл, Джерри атты ұялас екі ит жөніндегі екі романы қандай ғажап, шіркін!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет