Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары



бет34/34
Дата21.07.2017
өлшемі5,93 Mb.
#21827
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34

Кино, телевизия деген шіркіндер қазір жұртты кітап оқудан қол үздіріп жіберді ғой, білгенге бұлардың ешқайсысы да кітап оқуды алмастыра алмайды. Осы ретте мен басқасын былай қойғанда Джек Лондонның «Өмірге құштарлық» деген кішкентай ғана әңгімесін, Эрнест Хеминуэйдің «Шал мен теңіз» атты хикаятын оқып көріңізші, дер едім. Қазіргі көптеген жастар маскүнемдік пен нашақорлыққа қор қылып жүрген қайран өмірдің қаншалықты қымбат екенін осы екі шығарманы оқымаған адам, сірә да түсінбес. Өмір үшін күресудің не екенін Лондонның ауру меңдеген, әлсіз алтын іздеушісі мен бұралған аш қасқырдың аңдысуын, Хеминуэйдің шалы мен акула айқасын оқып білмеген адам сезінбей өтер бұл дүниеден.

Америка – ұлы ел.

Ұлы ел ұлы перзентсіз болмайды.

Ұлы перзенттің өнеге күші – бүкіл адамзат игілігі.

Ұлы Лондон мен ұлы Хемингуэй Америкаға келмесек те, келіп тұрып іздерін аңғартар бір жұрнақтарды көрмесек те ардақты бізге.

* * *

Кешке қарай біз «Спирит ов Вашингтон» өзен лайнерімен Потамак өзенінде жүзіп қайттық.



Лайнер қызметкерлерінің бізге ұсынған бағдарламасы, басқаны қайдам, маған ұнады. Несімен?

Алдымен, лайнер баспалдағынан өрлеп бара жатқанда суретке түсіріп еді, қайтып оралғанымызда ол дайын тұр екен, оп-оңай үлесіп алдық.

Содан соң, лайнердің үш қабаты да адамға лықа толды. Біз екінші қабаттағы мейрамханада отырып, асықпай тамақтанып, ара-арасында лайнердің тұмсығындағы алаңқайға шығып тұрып, кешкі Вашингтонды тамашаладық.

Америка халқы үйінде тамақ істемейді екен. Олар көшеде, магазинде, кафеде, мейрамханада – бәр-бәрінде топ-топ болып тамақтанып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Отбасылық атаулы күндер мейрамханаларда сауық-сайран болып өтеді.

Сондай бір топ негрлер «Спирит ов Вашингтонға» туған күнді тойлауға келіпті.

Топ түрлі жастағы адамдардан құралған, тамаша киінген, алтын, жақұт таққан ханымдар, сыптай түзу, сұңғақ бойлы ерлер, бетінен нұры төгілген жастар. Олар үшінші қабатта отырған. Ас ішіліп болған соң біздің палубада ойын-сауық басталды.

Негр қыздар мен жігіттердің билегенін көрсеңіз, шіркін! Біздің жастар қисаңдап рәсуа ететін билердің бәрі кәдімгі бал билері тәрізді ырғақпен, бас-аяғы бар қимылмен биленеді екен. Біздің жастарымыз топқа араласып көріп еді, ілесе алмады. Біз егде негрлермен араласып отырып жастар биін әбден тамашаладық. Негр жастары өзін өте сыпайы ұстайды, бірде-бірі қызбаған, бізді жатсынған бірі жоқ. Тіптен «бұлар кімдер?» – деген көзқарас та аңғарылмады. Тегі, олар көпшіл, Америкаға ағылып келіп жататын туристерге әбден үйренген.

Жалпы, осы ахуал барлық жерде аңғарылады. Қайда барғын, аяғыңды алшаңдап басып жүре бер. Америка – адамдар емін-еркін өмір сүретін ел. Мұнда біреуді біреу жәбірлеп, жүйкесін жұқартпайды. Бәрі заңмен, нормамен өмір сүреді.

Осыған орай айтылған бір әңгіме бар.

Америкада біздің қазақстандық бір туристің қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырып қалыпты. Дәрі іздесе, жоқ.

– Бізде ондай дәрі болмайды. Америкада ешкім ешкімнің жүйкесін тоздырып, қанын тасытпайды, – депті оған дәрі сатушы.

Бұл қалжың сөз бе, рас па, не де болса, дәрі сатушы біздің трагедиямызды дәл тауып айтқан. Адамдрдың жүйкесін құртып, жүрегін ауыртуға келгенде алдымызға жан салмайтынымыз анық қой. Енді арылар ма екенбіз бұл кеселден?! Гүрсілдеген бастық, едіреңдеген елірме бастық, сызылып сыздаған бастық, зымиян зәлім бастық – осының бәрі бағыныштыны аямай таптап, жүрегін жұлмалаушы еді ғой. Нарық пен парық оған жібермес.

Соңғы аялдайтынымыз – Нью-Йорк қаласы.

Сырттай білеміз ғой, Американың шығыс жағалауйына орналасқан бұл қала – АҚШ-тың бизнес орталығы.

«Трансатлантик групп» қызметкерлері де талай нәрсе біледі екен, әдемілеп әңгімелейді.

Нью-Йорк ұзақ уақыт бойы Америкаға ағылған эмигранттардың алғаш аяқ тірейтін жері болған, сондықтан да мұнда қазір әлем халықтарының бәрінің дерлік өкілдері кездеседі. Қытай, итальян, еврей халықтары өздерінше аудан құрып алған, соларда тұрады.

Қала негізінен аралдар үстінде тұр, бір ғана бөлігі құрылықта. Нью-Йорк – қазір әлемдегі ең үлкен туристік орталық. Қалада 100 мың қонақ нөмірлері, 25 мың мейрамхана бар. 7 миллион адам қаланы тұрақты мекенім деп санаса, жыл сайын мұнда 18 миллион қонақ келеді екен.

Қала бес әкімшілік ауданынан тұрады. Олар – Манхэттен, Бруклин, Бронкс, Квинс және Стайтн Айленд. Бұлардың ішіндегі жалғыз Бронкс қана құрылықта, қалғандары аралдар үстінде.

Нью-Йоркта біздің аяғымыз алғаш тиген жер – ескі портты квартал Саус Стрит Сипорт. Оның дәл жанында ұзындығы 2065 метрлік аспалы Бруклин көпірі бар. Ал, Бруклин мен Стейтн Айлендті жалғастыратын Верразано – Нарроуз көпірінің ұзындығы 4,5 километр көрінеді. Бұл – әлемдегі ең ұзын аспалы көпір.

Америкада халық игілігіне қажетті нәрседен қаржы аямайды. Көпірлер, жер асты жолдары мың-мың жылдық болып салынған. Ал, бізде бұлардың қылына татымайтын кіші көпірлердің өзі көріксіз, көпке шыдамайтын әлісіз.

Порт маңын біраз тамашалап, магазиндерді аралаған соң кешке қарай «Сент-Мориц» отеліне келіп орналастық. Отель аты аңызға айналған Орталық парк қарсысына ораласқан екен. Күн кеш тартып қалған. «Шаршадық» деп жатса да болар еді, оған қайда, түнгі Нью-Йорк, атақты Бродвейді көргіміз келіп өң жамбылдықтар көшеге шықтық.

Нью-Йорк көшелері оқтай түзу. Нөмірленген авенютлер бірінен соң бірі ұзынынан түсіп көсіліп жатады, дәл сондай нөмірлі стриттер оларды тіке қояды. Ал, оларды көше заңына бағынбайтын ұзындығы 25 километр Бродвей қиялай кесіп өтеді.

Сонау біздің студенттік жылдарымыз кезінде Алматыдағы осы күнгі «Алматы» қонақ үйі тұрған маң Бродвей аталатын. Кешке сол жерге жастар жиналатын, «қаңғып» жүретін. Бродвейді қаңғитын жер деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, Бродвей – кең көше деген сөз екен. Мұнда жұрт мәдениетті демалуға келеді екен, театр кварталында бүкіл Америка театрлары спектакльдер көрсететін көрінеді.
Алып қабырға түзген зәулім үйлер арасында келеміз. Үйлердің өн бойы саналуан жарық көмкерген жарнама. Өз қызметін, фирмасын, компаниясын насихаттайтын жарнамадағы адам бейнелері өмірдің өзіндей жанды. Үйлер қаншама көк тіремесін, тас қабырға құрып қалқан болмасын, бәрібір көше бойлап салқын самал еседі. Құдайдың құдіреті адамның құдіретінен күшті. Көше күндізгідей жарық. Ешкімнен ешкім жасқану, қорқу деген жоқ, жүре бер. Жұрт аяғы саябырсымайды білем, тегі.

Бродвейде адам көп емес, бірен-саран шағын топ жүр. Сөйтсек, олар өзіміздің туристер болып шықты. Көшенің дәл ортасында қыз бен жігіт бір-бірімен өлермен болып сүйісіп тұр. Американдықтар сүйісуге келгенде орын таңдамайды, әке-шешенің, жолдас-жораның, бөтеннің көзінше сүйісе береді. Бір кезде мұндай қылық бізге жат еді, қазір кәдімгідей үйреніп қалдық қой, қыз бен жігітке онша сұқтана қарағанымыз жоқ. Кең көше біз күткендегйдей адам абыр-сабыр болып жатқан жер болмай шықты.

Есесіне біздің отельден таяқ тастам жердегі Рокфеллер-Орталық таңдай қаққызды. Мектепте үйреткенге сенсек, Рокфеллер – капиталист деп аталатын жағымсыз бейненің көкесі. Капиталист – елді қанаушы, халқына қайырымы жоқ қатыгез. Сол Рокфеллер аумағы 10 гектар жерді алып жатқан мына орталықты 1940 жылы салғызыпты. Биіктігі 260 метр болатын үйде Америка Радикорпорациясының штаб-пәтері және басқа толып жатқан фирмалардың офистері бар. Прометейдің алтын жалатқан скульптурасы, фонтан, мұз айдыны электр қуатының күшімен алаулап нұрға бөленіп жарқырайды. Мұнда осы бизнес-орталығымен қарым-қатынас жасайтын елдердің тулары қаз-қатар тізіліпті. Арасында Қазақстанның көкбайрағы да желбіреп тұр. Өстіп өркениетті елдер қатарынан көріне бер, менің Қазақстным!

Жалпы, Америкадағы барлық дерлік күрделі құрылыстарды белгілі бір ауқатты адам салдырған. Ел халқының мақтанына айналған жәдігерлердің барлығы белгілі адамдар есімімен байланысты.

Біздің келешек капиталистеріміз де сөйтер алдағы уақытта. Олардың шамасы әзірге той, шоуға, ат бәйгесіне машина тігуге ғана жете бастады ғой. Бұған да, шүкір. Әлденіңдерші, әйтеуір!

* * *


Нью-Йоркте турист қызықтайтын ғажаптар жеткілікті. Турист жолы – тарау-тарау, сөйтсе де олардың бәрі соқпай кетпейтін бір жер бар, ол – Азаттық Статуясы. Америкаға келіп тұрып оны көрмей қайтқан адам – түк көрмеген адам.

Келесі күні біздің топ екі жарылды. Бірі – магазин аралайды, екіншісі – Азаттық Статуясына барады. Мен Статуяға баратын топқа қосылдым.

Азаттық Статуясы Нью-Йорк айлағының Азаттық аралында тұр. Оны Франция АҚШ-қа Америка революциясына одақ болғанының құрметіне салып берген. Құрылыс 12 жыл жүргізіліп, 1886 жылғы қазанның 28-інде салтанатты жағдайда ашылған. Статуяны салуды жүзеге асырған жас француз скульпторы Фредерик-Огюст Бартольди оның үлгісіне өз шешесін алған. Статуя – тәж киген әйел бейнесі. Оның тәжінің жеті үшкір айдары жеті құрлық пен жеті теңіздегі азаттықты паш еткендей. Статуяның сол қолында – Тәуелсзідік декларациясы, оң қолынла теңіз деңгейінен 100 метр жоғары етіп ұстаған алау от. Статуя жанында Азаттық статуясының және иммиграция музейлері бар. Статуя о баста қоладан құйылған, қазір ол суға-буға тотығып, көкбеңбек болып кеткен. Салмағы 225 тонна бұл статуяны көріп тұрып не түрлі ойға кетесің. Соның ең бастысы – мынандай статуя салынған, оған күн ұзақ адамдар ағылған ел еркіндіктің бағасын біледі. Азаттықтың бұл ғажайып алып белгісін көрген де арманда, көрмеген де арманды.

* * *


Нью-Йорктің тағы бір ғажабын тамашалау естен кетпестей әсер етті. Ол – 102 қабатты «Эмпайр Стэцт Билдинг» аталатын аспанмен таласқан үй. Мұны «Көк жүзіндегі шіркеу» деседі екен американдықтар. Айтса айтқандай, оның биіктігі – 436 метр. Мұнда айнала маңайды шолатын екі алаң бар, біреуі 102-ші, екіншісі 86-шы қабатта. Жоғарғы жағы жөнделіп, жатқандықтан біз 86-шы қабаттан қайттық. Әр жерге дүрбі орнатылған, асықпай көр, қызықта. Алып қаланың аспаны ашық. Маңайдың бәрі әдемі көрінеді. Жалпы, «Эмпайр Стэцт Билдинг» жатқан бір алып кешен. Дәлел ретінде бір-екі цифр келтірейік, мұнда 73 лифт дамылсыз қозғалып, 15000 адам қызмет көрсетеді. Кешеннің жоғарғы 30 қабатының шамы таң атқанша жанып тұрады. Нью-Йорк оттары жарқырап жатқан алып теңіз іспетті. Шіркін, байлық-ай десеңші!

Осының бәрін көріп тұрып, қалт-құлт еткен өміріміз, жылт-жылт еткен жарығымызды ойлап қайтіп қана өзегіміз өртенбесін. Біз алып КСРО кезінде асқан оптимист болып алған ұрпақпыз, әлі-ақ біздің көшелеріміз де неон жарығымен жарнамалар жалтылдайды, көшелеріміз күндізгідей болып жарқырап тұрады.

Президентіміз, үкіметіміз, әкімдеріміз осылай дейді, біз сенеміз.

Бұл жұмақты халық өз еңбегімен орнататынын біле ме? Біледі. Білмесе, өмір үйретеді. Мына Америка тәрізді өркениеттің биігіне көтерілген, дамудың шыңына шыққан елдер тәжірибесінен үйренеміз. Күлшеге алданған бала болған, томаға-тұйық өмір кешкен күннен құтылдық қой әйтеуір.

* * *

Бізді келесі күні орыс тілді халық тұрады делінетін Брайтон-бич ауданына алып барды. Сөйтсек, орыс тілдіміздің барлығы Ресейден кеткен еврей екен. Толып жатқан синагога (дін үйі), магазин, мейрамхана, кафе, дүңгіршек – бәрі еврейдің қолында. Еврей – ақылды халық, қу халық жеп жатады ғой, Америка саудасына осы қасиеттердің бәрі қажет, еврейлер өмірдегі өз орнын тауыпты.



Осында «Одесса» деп аталатын мейрамханада ұзақ отырып тамақтандық. Америкадағы өзіміздің еврейлер біздің жағдайымызды жақсы білетін болып шықты. Американың өң мұз қосқан сусындарын іше-іше әбден қаталаған екенбіз, шайды өлгенше сораптадық. Қайран қара шәй-ай, сүт қатып пора-пора болып терлеп ішіп, рахатқа баттық – кодиционерден, мұзды сусыннан тырысып жүрген дене жеңілдеп сала берді.

«Қара шай іш,

Қарандай іш» – деп әндетіп қойдым.

Айтшы-айтшы, – деді Смекең.

– Естігем, әнді сіз жақсы айтады екенсіз, өзіңіз айтыңыз.

– Шешемізден үйренген бірдеңелер бар. Ауылға барғанда айтармыз. Әнді өз отанында айтқан жақсы.

Қалай жақсы айтты мына Смекең!

Әннің де өз отаны бар.

Музыканың тілі жоқ, ол барлық ұлтқа түсінікті деп жатады ғой.

Жоқ, музыканың тілі бар, ол оны туғызған халықтың тілінде сөйлейді. Моцарттың «Айлы сонатасы» қазақтың жүрегін Әбдімомынның «Ерке сылқымындай» елжірете алмайды. Шостаковичтің алтыншы симфониясы Құрманғазының «Сарыарқасындай» жігерлендірмейді.

* * *

Қайтатын кез де келді.



Отельдердің әр минутына дейін санаулы.

Айтқан уақытта нөмірді босатуың керек, енді ол – басқаның еншісі...

Мен лифт алаңына Смекеңнен бұрын шықтым.

Смекеңді күту – сыйластық жөні, оның үстіне ертеңгі қарбалас кез, лифт те тоқтамады.

Менің қасыма көрші бөлмеден шығып ерлі-зайыпты екі адам келіп тұрды. Екеуі әуелі орысша сөйлспек болып еді, маған бір қарап алды да өз тілдеріне көшті.

Смекең шықты бөлмеден.

– Так, қайттық па енді, – деді Смекең.

Ерлі-зайыпты бізге жымың-жымың етіп қарады.

– Қай жерденсіздер? – деді еркегі орысша.

– Қазақстаннан.

– Сіздер ше?

– Израильден.

– Одақтан қашан кеттіңіздер?

– Көп болды.

– Қазақстанды білесіз бе?

– Елуінші жылдардың аяғында Қостанайда болғанмын. Әскерде қызмет еткенмін.

Осындай жедел білісуден соң, Израильде болған кісі ғой, Смекең:

– Онда, Израильде қалай? – деп сұрады.

Әйел шап ете қалды:

– Біз жеңеміз, Құдай бізбен бірге.

– Кімді?

– Арабтарды. Мұсылмнадарды.

Смекең де қырсықты:

– Құдай – біреу, бәрімізге ортақ.

– Жоқ. Құдай – біздікі.

– Немене, сатып алып па едіңіздер?

– Сатып алғанбыз.

Ері өз тілінде басу айтты, әйелі көнер емес. Екеуі ерегісе кетті.

Лифт келіп қалды.

Біз біреуіне, еврейлер біреуіне ұмтылдық.

– Апырай, мына еврейлер қандай еді?!

– Құдайды да меншіктеп алғанын қарашы!

– Бұлардан бәрі шығады.

Смекең екеуміз бірінші қабатқа түскенше, лифт ішінде осылай десіп үлгердік.

Егде тартқан еврей әйелдің өз халқына деген сенімі неткен нық еді!

Біз еврей бола алмаймыз, бірақ бізге де дәл осындай сенім қажет-ақ. Мынау алмағайып тірліктен алып шығатын күш – осы сенім. Ол сенімнің аты – Қазақстанды өркениетті ел санатына ертерек қосуымыз керек. Қосамыз!

Соңғы тұрақтан шығып, автобусқа отырдық.

Енді бәрі белгілі, әуежай, ұшақ, Мәскеу, Алматы. Ұшақтан түсерде жүгенімізді сыпырып қоя береді. Арғы жағы – ауыл қайда, су қайда?

Осымен «Атланта... Жоқ, Америка» атты жанрсыз жазбаны аяқтаса да болар еді, оқырманға көріскенше күн жақсы айтқым келіп кеткенін қараңыз.

Ол мынау: турист – желіп жүрген жолаушы. Америка халқымен сөйлесіп, пікір алмасуға тіл жоқ. Іс басындағы, еңбек үстіндегі бірде-бір адаммен жүздесе алмадық. Америкада өмірдің көлеңкелі жақтары да жеткілікті, оларға бізді жолатпайды.

«Сценарий бойынша» барған жерлердегі көрген-білгенді жазып, олардан от алған ойларды айттым. Аз да болса, көптей көріңіздер, ағайындар.
Мазмұны
Шаншар атай

немесе Шертпектен шеке зардап шекпейді -3 бет

Балалардың махаббатында неміз бар? – 28 бет

Сәлім – Сәлима – 53 бет

Аула

немесе Әжелердің әңгімесі – 77 бет



Әкімнің туған күні – 114 бет

Сауытбек пен Ақбөпе – 141 бет

Әрқилы ойлар – 169 бет

Атланта,


жоқ... Америка сапары – 283 бет



Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі
files -> Көсемәлі СӘттібай¥лы шарбақтының жалғызы


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   34




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет