Ерте бала аутизмі бар балалардың болашағы. Бала біртіндеп ата-анасымен, аға-інілерімен және әпке-сіңлілерімен терең және мықты карым-қатынас орнатуы мүмкін. Мектепке дейінгі кезеңде балалардың көбі айтарлықтай өзгереді, олардың әлеуметтік бейімделуі жақсарады, олардың сырт келбеттерінен ауыр бұзылысының бар екені байқалмайды. Ол өзіне айтылған сөздерді бұрынғыдан гөрі жақсы түсінеді, басқалармен қарым-қатынас орнатады, бірақ қарым-қатынаста өзара әрекеттестік болмайды.
Жасөспірім шақта және ересек кезде кейбір балалардың әлеуметтік дамуы жақсарады. Олардың аздаған бөлігі жасөспірім шақта алға қарай біршама қадам жасайды және кішкентай кезімен салыстырғанда функциялары айтарлықтай жақсарады. Аутизмі бар балалардың көбі бұл шақты онша қиындықсыз, әлеуметтік салада айтарлықтай жетістіктерге жетпей өткереді. Алайда жасөспірімдік шақта 40 пайызының жағдайы нашарлайды, кейде бұйығылана түседі, басқа адамдарды өзіне жолатпайтын болады.
Емдеу-түзету көмегінсіз аутизмі бар балалардың 70 пайызының мүгедекке айналатындығы және өзге адамдардың көмегін үнемі қажет ететіндігі белгілі. Емдеу-түзету шараларын ерте бастау аурудың болжамын айтарлықтай жақсартады.
Аутизмнің емі. Дәрі-дәрмектермен емдеу синдромдық принцип бойынша тағайындалады және ауру белгілерін азайтуға бағытталады. Эпилепсия ұстамалары болған жағдайда оған қарсы дәрілер тағайындалады. Сырқат баланың ауруханада жатып емделуі ұзақ болмауы тиіс. Бұнда ескеретін жайт, ауруханаға баланы ата-анасыз жатқызады, сондықтан бала үшін бұл үлкен психологиялық жарақат.
Түзеу жұмыстары интеллектуалдық дамуы төмен балаларға қажет, ол сырқат баланың эмоциялық, қарым-қатынас аясын, қоршаған әлемді қабылдау ерекшелігін ескеретін арнайы әдістеме бойынша жүргізілуі тиіс. Ең дұрысы – педагогикалық әсерді, музыкалық, би және басқа сабақтарды, міндетті түрде психотерапияны қамтитын кешенді жұмыс.
Достарыңызбен бөлісу: |