“Мен сізге айтам, кімде-кім әйелге
телміріп, тесіліп, көзін сатып қараған болса,
ол жүрегімен де қылмыс жасап қойды дей беріңіз.
Егер оң көзің жолдан тайдырса, ойып
лақтырып таста оны, өйткені тамұқ отына
түгел шыжғырылғанша, бір мүшеңді садақа
қылғаның артық.
Егер оң қолың жолдан тайдырса,
шауып лақтырып таста онығ өйткені тамұқ отына
түгел шыжғырылғанша, бір мүшеңді садақа
қылғаның артық”.
(Матфея, Ү, 28, 29, 30).
І
Евгений Иртеневті үлкен мансап күтіп тұр еді. Бұл үшін төрт құбыласы сай болатын. Үйде алған тамаша тәрбие, Петербор университетінің заң факультетін үздік бітіру, таяуда ғана дүние салған әкесінің жоғары қауымдағы таныс қасқа мен жайсаңдары, тіпті министрліктегі министрдің өзінің қолтығында жүріп қызмет істей бастау. Мұның үстіне байлық, мол байлық бар, бірақ күдікті байлық. Әкесі шетелде және Петерборда тұрған, Евгений мен атты әскер қатарында жүрген үлкен ұлы Андрейге алты мыңнан берген-ді, шешелерімен де талайды сапырған болатын. Ол жазда ғана екі ай өз иелігіне келетін, бірақ шаруашылықпен айналыспайтын, барлық тізгінді қоңданып кеткен меңгерушіге беріп қойған еді, бұл шөп басын сындырмағанмен шүбәсіз сенімге ие.
Әкелері көз жұмған соң, ағайынды жігіттер енші бөлісе бастағанда, қарыз деген шаш етектен екен, тіпті, меңгеруші иелікті жүз мың сомға бағалап, өз атына көшіру ниетін білдіріп, мұрадан бас тартуды ұсынды.
Иртенев шалмен сыбайлас, ілік-шатыс орайында Петерборға барып жүрген көрші помещик қарыз атаулыға қарамастан істі қайта дұрыстауға, баюға болатынын айтты. Тоғайды, игерілмеген өңірді сатып жіберіп, алтын аймақ – төрт мың десятина майы шыққан қара топырақты жері, қант зауыты, екі жүз десятина жайқалған шабындығы бар Семеновскіні уыстан шығармай, деревняға орын теуіп, есеппен, ақылмен кіріссе бітті.
Сөйтіп, Евгений көктемде (әкесі қараөзек шақта қайтыс болған) ата мекеніне барып, бәрін көріп, салмақтап қайтқаннан кейін қызметті тастап, шешесімен деревняға кетіп, шаруаға қарауға, қайтсе де меншікті иелікті сақтап қалуға бел буды. Ол дегенде бауыры елжіреп тұрмайтын ағасымен былай келісті: не жыл сайын төрт мың береді, не бірден сексен мың береді, анау еншіден бас тартты.
Осылай жасады да, шешесімен үлкен үйге кіріп алып, жастық жалынмен, бірақ сақ қимылмен шаруаға ден қойды.
Тегінде шалдар – ескішіл, жастар – жаңашыл деп ойлайды. Бұл шүбәсіз шындық емес. Нағыз ескішіл – жастар. Тірлікке құштар жастардың қалай өмір сүруді кесіп-пішіп жатуға мұршасы жоқ, сондықтан олар бағзы соқпаққа түсе салады.
Евгенийдің күні осы еді. Деревняға орналасқаннан кейінгі арман-мұраты жаман қожайын болған әкесінің кезіндегі емес, бабасының уақытындағы өмірді қалпына келтіру. Енді үйде де, бақта да, шаруашылықта да заман әкелген кейбір өзгерістері мен баба өмірі рухын барлық жерде кең қолтық аршынды, тоқмейілдікті, тәртіпті, қолайлылықты қалпына келтіруге тырысып бақты, мұның бәрін тындыру үшін қам-қарекет аз еместі: жер сату үшін, қарыз мерзімін шегеру үшін борыш бергендер мен банктердің талабын қанағаттандыру қажет еді, қырық мың десятина жері қант зауыты бар Семеновскідегі ұлан-ғайыр шаруашылықты жалдандыларға, өз жұмыскерлеріне істеу үшін ақша табу қажет еді, үйде де, бақта да жүдеу, құлдырау қалпын көрсетпеудің амалын іске қажет еді.
Жұмыс бастан асып жатты, бірақ Евгенийдің де бұл нағыз дер шағы еді. Оның жасы жиырма алтыда болатын, орта бойлы, бұлшық еттері сыртқа тепкен, қызыл шырайлы, қағылез, тістері маржандай, сұйық, жұмсақ, бұйра шашты жігіт. Тал бойындағы жалғыз міні – алыстан нашар көреді, оны көзілдірік кием деп жүріп асқындыртып алған, қазір пенснесіз жүре алмайды, содан түскен мұрын қырында сызық бар. Сырт мүсіні осындай болса, ішкі сарайы танысқан адамды ынтықтырардай еді. Әрқашан өзге ешкімге теңгермей, жанындай жақсы көретін шешесі күйеуінің өлімінен кейін бар мейірін ғана емес, бүкіл өмірін бағыштады. Оны осылай тек анасы ғана сүймеуші еді. Гимназиядағы, университеттегі достары сүйіп қана қоймай, әрқашан құрметтейтін. Сырт жұртқа да әрқашан қалдырар әсері осындай. Иман жүзіне, әсіресе көзіне қарап оның сөзіне күдік келтіру, алдайды-ау, өтірік айтады-ау деу мүмкін емес.
Жалпы оның тұлғасы көп істеріне шарапатын тигізуші еді. Басқаны маңына жуытпас кредитор бұған сөз айтпайды. Приказчик, староста, мұжық өзге біреуді басқа теуіп, жер соқтырып кетсе, мұның игі түсіне разы болып жаман ойдан аулақ болады.
Мамыр айының соңы. Евгений игерілмеген жерді саудагерге сатуға байланысты шаруасын тындырып, аттарды, өгіздерді, арба саймандарын ауыстыру үшін одан ақша алды. Ең бастысы хуторды қайта салу керек еді. Іс оңғарылып келе жатты. Ағаш тасылып, балташылар жұмысқа кірісті, сексен ат-арба жолға шықты, сонда да бәрі әлі қыл үстінде тұрғандай еді.
ІІ
Осындай қарбалас шақта мәнсіз болса да Евгенийді әурелеген бір мазасыз жайт тап келді. Ол жастық күндерін өзі сияқты әулетті, бойдақ жігіттерше әртүрлі әйелдермен істес болып өткізіп жатқан. Бұзылып кетпеген, бірақ өзі айтқандай, монах та емес-ті. Өзі айтқандай нәпсі құмарын таратқанша, көңіл еркіндігі үшін бір сәт беріліп кетер еді. Он алты жасында ауызданған. Содан бәрі сәтті. Сәтті дейтіні бұзылып кеткен жоқ, соңына да беріле түспеді, бір рет те ауырған жоқ. Петерборда әуелі көңілдес болған бірі тігінші әйел теріс жолға бет бұрған соң-ақ одан құтылып тынды. Ың-шыңсыз біткен іске қиналған бұл жоқ.
Деревняда тұрғанына екі айдан асып барады, бір амалын таппай дел-сал. Өзін-өзі тежей-тежей мазасы кетті. Осы үшін ғана қалаға бармақ па? Сонда қайда? Қалай? Евгений Ивоновичтің мүлде зықысы шықты, мұның әбден қажет еткендігін көңілі айтып тұр; расында да әбден қажет еді, еркінен айрылып, әрбір жас әйелге көзін сатып, қарай бастағанын аңғармайды.
Өз деревнясындағы әйелмен немесе қызбен ашына болуды қаламайды. Ел аузындағы сөзге қарағанда, әкесі де, атасы да кезіндегі басқа помещиктерге ұқсап қол астындағы қатын-қалашпен былықпаған, бұл да осылай етпек; бірте-бірте табаны тайғанап, қаладағыға сенер-сенбесін білмей, қазір крепостнойлық жоғын еске алып, осында да қимылдаса болар деп түйді. Бірақ жан сезбеуге тиіс, бұл бұзылғандық емес, денсаулыққа қажет нәрсе деп өзін-өзі жұбатты. Осы байламға келген соң көңілі бұрынғыдан бетер алабұртып алды: старостамен сөйлессе де, мұжықтармен сөйлессе де, балташымен сөйлессе де әңгімені әйелдерге қарай еріксіз бұрады, егер әйелдер жайлы сөз шықса, сол төңіректі қазбалай түседі. Әйелдерге сұқтанған үстіне сұқтана береді.
ІІІ
Мұны көңілде шешу – бір нәрсе де, іске асыру – екінші нәрсе еді. Өз тарапынан әйелге сөз салу мүмкін емес. Кімге? Қайда? Көлденең адам арқылы қимылдау шарт, бірақ кім арқылы?
Бір күні орман ішіндегі қарауыл үйінен су ішті. Күзетші бұрын әкесінің аңшысы еді. Евгений Иванович онымен ұзын сүре әңгімеге кірісті, күзетші аңшылық тарихының бағзы шытырмандарын айта бастады. Көкейдегісін осында, қарауыл үйшігінде, орман ішінде іске асырса деген ой Евгений Ивановичтың басына сап ете түсті. Қалай тындырмақ, кәрі Данила мойнына ала қояр ма екен ондай істі. “Мүмкін бұл сөзден ат-тонын ала қашар, масқара болам ғой, мүмкін, келісе салар”. Данила әңгімесін тыңдай отырып, ол осыны ойлады. Данила дьяк әйелі үйінің жанында қалай тұрғандарын, алаңқайға Пряничниковқа әйелді қалай әкелгенін айтты.
“Болады”, - деп ойлады Евгений.
- Сіздің әкеңіз, иманды болғыр, ондай былықпен айналысқан жоқ.
“Болмайды”, - деп ойлады Евгений, бірақ сынай түскісі келіп:
- Қалай сондай жаман нәрсеге қолыңды былғадың? – деді.
- А, онда тұрған не бар? Әйел де разы, менің Федор Захарычым да мұртынан күлді. Маған бір сом. Енді қайтпек? Тірі жан ғой ол дағы. Ол да шарап ішсін.
“Ә, болады айтуға”, - деп ойлап Евгений қолма-қол іске кірісті.
- Сеземісің, ә? – ананың күрең тартып кеткенін көріп тұр, - сеземісің, Данила, титықтадым ғой. – Данила күліп жіберді. – Мен қайтсе де монах емеспін, - бой үйреніп кеткен нәрсе.
Айтқан сөзінің ақымақшылық екенін сезгенмен, Данила құптаған соң қуанып кетті.
- Ойбай-ау, баяғыда емеурін білдірмейсіз бе, оп-оңай, - деді ол. – Айтыңыз, қандайы керек.
- Әй, маған бәрібір. Әрине сиықсыз емес, дені сауы.
- Ұқтым! – деп кесіп тастады Данила. Ойланып тұр.
- Ох, жүзік көзінен өткендей біреу бар, - деп бастады, Евгений тағы қызарып кетті. – Жүзік көзінен өткендей. Көресіз бе, күзде ұзатқан өзін, - Данила сыбырға көшті, - күйеуі қауқарсыз. Аңшы қызығар дүние.
Евгений ұялғаннан қабағын түйді.
- Жоқ, жоқ, - деді ол. – Маған керегі мүлде ол емес. Маған қайта басқа (қандай басқа болуы мүмкін?). Маған қайта дені сау болса, көп әуреленбейтін бірдеңе болса – солдат әйелі ме, басқа ма...
- Ұқтым. Сізге Степаниданы жеткізем. Күйеуі қалада, солдат әйелі десе де болғандай. Жақсы қатын, таза. Көңіліңіз толады. Менің өзім иек қақсам болды – ол...
- Ал, сонда қашан?
- Тіпті ертең болсын. Мен қазір темекіге барғанда кіре шығармын, түсте осында яки бақша сыртындағы моншаға келіңіз. Ешкім жоқ. Әрі түсте жұрттың бәрі ұйықтап қалады.
- Ал, жақсы.
Евгений үйге қайтқанда үлкен толқын құшағында еді. “Не болады енді?” Қандай шаруа әйелі екен? Сиықсыз, сүйкімсіз біреу ме әлде? Жоқ, олар сұлу, - деді, ойына, көзіне түскендер оралып. – Не айтам, не істеймін?”
Күн ұзақ бойын билей алмай жүрді. Ертеңіне сағат он екіде қарауыл үйіне тартты. Есік алдында тұрған Данила үнсіз орманға қарай масаттана бас изеді. Евгений жүрегінің дүрс-дүрс соғып бара жатқанын сезді, бақшаға қарай жүрді. Ешкім жоқ. Моншаға келді. Ешкім жоқ. Ішке кіріп, шығып сынған бұтақ дыбысын естіді. Жалт қараса, әйел қалтарыста тұр екен. Мынау жырадан қарғи ұмтылды. Жырада қалақай барлығын да аңғармады. Сүрініп кетіп пенснесін түсіріп алып, қарсы бетке көтерілді. Ақ кестесі бар күлгін көйлекті, шымқай қызыл орамалды, жалаң аяқ жап-жас, қайратты, сұлу әйел сынық күліп тұр.
- Толған соқпақ, айналып өтпей, - деді ол. – Біз келгелі көп болды.
Евгений оған таяп келіп, көз тастады да бауырына тартты. Біраз уақыттан кейін әрқайсысы өз жөніне кетті, Евгений пенснесін тауып алды, “”Тақымыңыз толды ма, мырза” деген Данила сұрауына жауап орнына бір сом берді де, үйіне қайтты.
Әбден тояттаған еді. Ұят әуелде ғана қысқан. Артынан бәрі айықты. Айнала жайнап сала берді. Ең бастысы көңіл орнықты, енді жеңіл, тыныш, рақат. Әйелді жақсылап қарай да алмады. Таза, жас, сұлу, қарапайым, қиқаңдауды білмейтіндігі ғана есінде. “Кімнің әйелі еді? – деді өзіне-өзі. – Печниковтың деп пе еді? Қайдағы Печников 1. Екі үй ғой олар. Оның ұлы Мәскеуде тұрады ғой, Даниладан сұрармын бір”.
Осыдан бастап деревня өмірінің қолайсыз нәрсесі – еріксіз тежелу тыйылды. Евгенийдің көңіл бөлінбейтін болды, қалағанынша жұмыспен айналыса береді.
Евгений мойнына алған шаруа зіл батпан еді. Кей сәттерде шыдай алмайтындай, иелік сатылып, барлық еңбек зая кетердей, мұрттай ұшардай көрінеді. Жанына бататыны осы. Бір тесікті бітесе, күтпеген, ойламаған жерден, екіншісі үңірейіп шыға келеді. Осы уақытта әкесінің белгісіз борыштары үсті-үстіне құйылып жатыр. Өмірінің соңғы күндерінде әкесі кез-келген жерде қарызға бата берген. Мамыр айындағы бөліс кезінде Евгений соның ұштығына жетермін деп еді. Аяқ астынан жаз ортасында хат келді – Есиповтың жесіріне он екі мың қарыздар. Векселі жоқ, сондықтан іс жүргізуші айтқандай қолхатқа күдікпен қарайға болатын. Күдікті құжат үшін әкесінің анық қарызын төлемеу деген ой Евгенийдің басына келген жоқ. Сонда да анық-қанығын білмек болып:
- Мама! Есипова Калерия Владимировна кім? – деп сұрады шешесінен түстікке отырған кезде.
- Есипова? А, ол атаңның шәкірті. Е, немене? – Евгений шешесіне хат жайын айтты.
- Таңым бар, қалай ұялмайды өзі. Әкең қанша беріп еді оған.
- Қарыздармыз ба біз бәрібір?
- Қалай айтсам екен? Қарыз емеспіз, бірақ әкең көңілшектікпен...
- Иә, әкем оны қарыз деп есептеді ғой.
- Айта алмаймын мен саған. Білмеймін. Онсыз да жетісіп жүргеніңді білем.
Қалай қинаса да шешесі Марья Павловна не деудің ретін таба алмай қойды.
- Тоқ етері төлеу керектігін ұқтым, - деді ұлы. – Ертең оған барып, күте тұру жайын сөйлесем.
- Түу, қиналдың-ау. Тоқсаны дұрыс, әрине, айт оған, - деді Марья Павловна ұлының шешімімен тыныштық тауып, мақтаныш еткендей.
Бірге тұратын шешесінің жағдайды мүлде ұқпауы Евгенийді қинай түсті. Өмірбақи шашып-төгіп үйренген әйел баласының қазіргі халін, қыл көпірден тайып кетсе-ақ болды қара жерге отырып қалатынын, қолда барды түгел сатып, зорлағанда екі мың сом ақша алатын қызметпен тамақ асырарын түсінбейді. Тығырықтан шығар жол – шығын атаулыны азайтып, бақшашы, атшы, қызметші тіпті тамаққа кететін тиын-тебеннің өзін тірнектеп санау екені миға мүлде қонбайды. Көптеген жесір әйелдер секілді, бұл да көзі тірісіндегі сыйластыққа ұқсамайтын елжіреумен марқұмның аруағының алдына бас иді, сондықтан күйеуі істеген нәрседе кемшілік, олқылық бар-ау, оны өзгертуге болады-ау деген пікір үш ұйықтаса ойына кірмейді.
Евгений екі қызметші қарайтын бақшаны, оранжереяны, екі атшы бар ат қораны әрең ұстап тұрды. Марья Павловна шал пісіретін тамақты қмсынбауын, бақтағы жолдардың түгел аршылмауына, қызметші орнына бала жүргендігіне өкпе айтпауын ұлым үшін жоқшылыққа көнгенім деп есептеді. Жоқ жерде пайда болған жаңа қарызды Евгений тұқыртып кетер соңғы соққы деп ұқса, Мария Павловна Евгенийдің жомарттығын көрсетер жайт деп қана түйді. Қаржы жағын Марья Павловнаның ойламауының тағы бір себебі: Евгений қаталы жерден қыз алып, жағдайын оп-оңай түзейді деген іш есеп. Расында да ол қалағанына үйлене алар еді. Ұлына қыздарын қуана-қуана берер ондаған отбасын біледі. Марья Павловна осы ниетін тезірек іске асыруға асықты.
ІҮ
Евгенийдің өзі де үйленуді арман ететін, шеше ойынан бөлек арман, үйленуді кенеуі кеткен істерін аяғынан тұрғызудың амалына айналдыру пиғылынан жүрегі айниды. Адал, махаббатпен үйленгісі келеді. Танитын, білетін қыздарын көкейінде топшылап көрсе де, тағдыр жазбады. Бірақ мүлде топсаған жайт – Степанидамен арадағы қатынас жалғасып, үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналып кетті. Нәпсіқұмарлықтан аулақ болатын, ұрлық жүріс-жанына батты, тұңғыш жолысқаннан кейін Степаниданы көрмей қойғысы келді; аз уақыттан соң тағы да көңілі бұзыла бастады. Белгісіз сурет емес, жарқыраған қара көздер, сыңғыр үн, таза, жұпар иіс, шілтерді көтерген биік кеуде, жарық сәуле құйылған қалың ағаш арасы елестей береді. Ұялса да тағы Данилаға өтініш етті. Тағы да тал түс, тоғай іші. Бұл жолы Евгений әбден көз тоқтатып қарады, нағыз сұлу. Бірталай сөйлесті, күйеуі жайлы сұрады. Шынында ол Михаилдың ұлы екен, Мәскеуде атшы болып істейтін көрінеді.
- Ал, енді, мынауың қалай... – Евгенийдің күйеуінің көзіне неге шөп саласың дегенді сұрағысы келді.
- Ой-бұй, - деп Степанида күле сөйлей жөнелді. – Ол ана жақта дүниені сапырып жүргенде, маған не жоқ?
Ол өзін-өзі пысық, ашық-тесік етіп көрсететін сияқты. Бұл Евгенийге ұнады. Сонда да кездесер күнді айтқан жоқ. Даниланы суқаны сүймейтінін білдіріп, онсыз-ақ кездессек қайтеді дегеніне Евгений келіспеді. Осы соңғы кездесу деп түйді жігіт. Әйел ұнады. Мұндай жалғасу қажет, онда тұрған бұзылғандық жоқ дейді көкірегі, бірақ іштей басқа қатал сот мұны құптамады, жаз осылай өтіп жатты. Даниланың жеңгетайлығымен он шақты рет жолығысты. Бір рет ол күйеуінің келуіне байланысты шыға алмай қалып, Данила басқа әйелді ұсынды. Евгений одан жиренішпен бас тартты. Күйеуі кетісімен кездесулер бұрынғыша Даниланың селбестігімен жалғаса берді, тіпті Евгенийдің өзі дәл мезгілін айтатын болды, әйелдің жалғыз жүруі сөлекет көрінетіндіктен Степанида Прохорова дейтін қатынды ертіп келуші еді. Тағы бірде, серттескен сәтте Марья Павловна қызына құда түсіп жүрген адамдар келіп қалып, Евгений шыға алмады. Қолы босай бере Евгений үкідей ұшып отырып тоғайдағы уәделі алаңқайға тартты. Ол жоқ еді. Қол жетер жердегі бұта сабақтары, ағаш бұтақтары түгел сындырылған: Степанида тосып-тосып толқын күйге қатты қапаланып, ашуланып ойнап тұрып қалдырған белгісі мынау. Евгений тұрып-тұрып, ертең шақыр деп айтпақшы болып Данилаға барды. Степанида тостырған жоқ, сол баяғы қалпы.
Сөйтіп жүріп жаз таусылды. Кездесу ылғи тоғайда өтуші еді, бір-ақ рет күзге қарай қорада бастары қосылған. Бұл суық жүрістің қара басына тигізер зияны бар деген ой Евгенийдің көңіліне келіп көрген жоқ. Степанида туралы мүлде ойламайтын. Оған бар болғаны ақша беруші еді. Мұны бүкіл деревня сөз қылатынын, кейбіреулердің қызғанатынын, үй-ішінің қисық жолмен тапқан ақшасын ұстайтынын, осыны жөн көретінін, соның арасында тіпті Степаниданың күнәдан қорқу сезімін жойып алғанын Евгений білмейтін. Ал Степанидаға жұрт қызғанышы жасап жүрген ісін жақсы етіп көрсеткендей болатын.
“Денсаулыққа керек қой, - деп ойлады Евгений. – Жарайды, дұрыс емес делік, айқайлап айтпаса да бірталай жұрт біледі. Еріп келіп жүретін қатын біледі. Талайға жайған да шығар. Не істеу керек сонда? Масқара мұным, - деп ойлады Евгений, - не істеймін сонда, созылмас ұзаққа”.
Евгений ең әуелі күйеуінен қысылушы еді. Неге екені белгісіз, күйеуі сұмпайы біреу шығар деп ойлап, сонымен кей ретте өзін-өзі ақтап жүрді. Күйеуін көргенде жағасын ұстады. Ол сылқылдаған сері жігіт екен, өзінен артық болмаса кем емес. Кездескен бетте Евгений күйеуін көргендігін, оның нағыз сұлу екенін айтқанда, Степанида:
- Деревняда оған жетер ешкім жоқ, - деп мақтаныш ете сөйледі. Бұл Евгенийді таң қалдырды. Степаниданың күйеуі туралы ой бұрынғыдан бетер мазалайтын болды. Бірде Данила:
- Михаилдың ұлы менің әйеліммен ойнас дейді, рас па деп сұрады. Мен білмеймін дедім. Болған күнде мұжықтың қасына жатқанша, қожайынның қасына жатқан артық емес пе, - дедім.
- Ештеңе де емес: сөздің түбіне жетейін, көрсетем мен оған дейді.
“Әрине, күйеуі қайтып оралса, мен тастар едім”, - деп ойлады Евгений. Бірақ күйеуі қалада тұра берді, қатыннан бұрынғыша “Қажет болғанда тыйылам, бәрі ұмытылады” деп ойлады.
Ала жаздай жаңа хутор орнатудың неше түрлі құрылыс жұмыстары, қарыздарды төлеу, игерілмеген жерді сату секілді толып жатқан істерден қолы босамағандықтан бұл оп-оңай көрінді. Мұның бәрі оның есіл-дертін алып кеткен, жатса-тұрса ойынан бір елі шықпайтын нәрселер. Степандиамен байланыс - өзі мұны ашыналық деп есептемеді, - көңіл бөлуге тұрмайтын дүние сияқты. Рас, құштарлық оты бойды билеген кезде оның басқа бірдеңені ойлауға мұршасы жоқ, бұл хал ұзаққа созылмайды, кездесудің қызу сәтінен соң, қайтадан апталап, кейде айлап ұмытады.
Күзде Евгений қалаға жиі барғыштап жүріп, Анненскийлер отбасымен жақындасып кетті. Анненскийлердің таяуда ғана оқу бітірген қыздары бар еді. Мария Павловнаның үлкен өкінішке қарай, ол айтқандай, Евгений өз құнын өзі түсіріп Лиза Анненскаяға ғашық болып, сөз айтты.
Содан бастап Степанидамен арадағы қатынас тиылды.
Ү
Еркектің басқаға қарамай, дәл осы әйелді неге таңдағанын кесіп айту мүмкін еместігі секілді, Евгенийдің Лиза Анненскаяға біржолата құлауын түсіндіру қиын еді. Мұның қилы-қиян себептері бар-ды. Шешесінің көкейін тесіп жүргендей жуан жерден шықпауы, пәк көңіл балалығы да сонау айтқан сұлу болмаса да көріктілігі де әсер етті. Ең бастысы Евгений үйленге бел буған шақта танысқан еді. Ол үйленетінін күні-бұрын білгендіктен ынтық болды. Лиза Анненская әуелде Евгенийге аздап ұнаған, осы қыз әйелім болар деген байлам жасағанда ыстық сезім толқыны бойын билеп, ғашық күйге түсті.
Лиза талдырмаш, сида. Оның барлық мүшесі ашаң болатын: беті де, қыр мұрыны да, саусақтары да, нәзік жаралған аққұба жүзінде болар-болмас қызыл-шырайы бар, ұзын, жұмсақ күміс шашы бұйралана біткен, әдемі тұңғиық көздері кісіге сенгіштікпен қарайтын қыз. Евгенийдің жүрегіне от тастаған әсіресе осы көздер. Лиза туралы ойлағанда әрқашан осы әдемі, тұңғиық, сенгіш көздер елестейді.
Лизаның сырт келбеті осындай еді, Евгений оның ішкі сарайынан бейхабар, білетіні осы көздер ғана. Осы көздер талай жайттен хабар береді. Көздер шертер сырлар мынау.
Институт қабырғасынан, он бес жасынан бастап Лиза бәденді еркектерге үнемі ынтық болып жүретін сондай сәттерде ғана өзін көңілді, бақытты сезінуші еді. Оқуын тамамдағаннан соң кездескен талай жас жігіттерге де осылай құштарлықпен қарады. Евгениймен таныса сала оған да көңілі ауды. Евгенийді тұтқын еткен сол ынтызар сезімнің жанып тұрған көздегі оттары еді.
Дәл осы қыста, бір мезгілде Лиза екі жігітке қатарынан құлады, олар үйге кіргенде ғана емес, тіпті әлгілердің есімдері ауызға алынса, қызарып, берекесінен айрыла бастайтын. Шешесі Иртеневтің шын ойы бар сияқты деген емеурін білдірісімен, Лизаның Евгенийге ғашықтығы күшейіп, анау екеуіне қолма-қол суып сала бердіғ Иртенев балға, қонаққа келуін жиілетіп, қыздың сүйер-сүймесін білмек ниетпен басқаларға қарағанда, мұнымен көбірек билеген сайын Лизаның бұған деген ғашықтығы дерт сияқты бір нәрсеге айналды, ұйықтаса түсінен шықпайды, күндіз маза жоқ, басқалар мүлде ұмытылған. Евгений сөз салып, ата-ана рұқсат еткен соң бірі – күйеу, бірі – қалыңдық өбісіп тұрғанда Лизаның көңілінде бөтен ой, мәңгі бірге болудан, оны сүюден, өзі сүйікті болудан басқа ой жоқ-ты. Лиза оны мақтан тұтты, тебіреніп, толқып, құштарлықпен өртене түсті. Бауырласа келе жігіт сезімі де кемерінен асып төгіліп жатты. Евгений мұндай махаббат кездестірем деп әсте ойламаған еді. Сондықтан бұл іңкәрлік көңіл күйін қанаттандырып жіберді.
ҮІ
Евгений жазғытұрым шаруашылық қам-қаракетін жасап, той жабдығын көріп қайту үшін Семеновскіге келді. Мария Павловна ұлының шешіміне разы емес, әлдеқайда қордалы жерден қыз алуға болатын еді, болашақ құдағиы Варвара Алексеевнаны да суқаны сүймейді. Сабаз ба, көк бет пе, ол арасын әзір білмейді, бірақ тәрбиелі леди еместігін алғаш кездесуде-ақ түйіп еді, соған іші күйеді. Тәрбиелі әйелдерді сыйлау – Марья Павловнаның ежелгі дағдысы, Евгенийде де осы мінез бар, сондықтан ұлының бұл орайда қабақ шытарын шешесі күні бұрын сезген. Қызды жаратты. Ең бастысы Евгенийге ұнағандықтан жаратты. Лизаны әлпештеу қажет. Марья Павловна оған шын жүректен дайын еді.
Евгений шешесінің қуанышты, разы сәтіне тап келді. Марья Павловна үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп, ұлы келінін әкеп түсірген бойда аттанып кетуге әзір отырған, Евгений қал деп қолқалады. Әлі соңғы байлау белгісіз. Кешкі шайдан кейін әдеттегідей Марья Павловна қолына карта алды. Евгений де ойынға кірісті. Бұл әңгіме-дүкен қыза түсер шақ.
Бір мәрте ойынды аяқтап, екіншісін бастап жатып Марья Павловна ұлының жүзіне көз тастап, күмілжи тіл қатты.
- Бірдеңе айтқым келіп еді, Женя. Анау-мынауыңды біле қоймаймын ғой, бірақ үйленер алдындағы қылтың-сылтың атаулыны түгел тастау керек, өзіңді, әйеліңді әбігерге салудан құдай сақтасын де. Не дегенімді ұғып тұрмысың?
Бұл емеурін күзде тыйылған Степандиамен арадағы қатынас екенін, жесір әйелдерге тән мінезбен шешесінің соны дабырайтып отырғанын Евгенийдің іші сезе қойды.
Ұялудан емес, ыңғайсыздықтан, анасының өзі білмейтін, ұқпайтын нәрсеге қол сұғуынан, сүйгендіктен қол сұғуынан Евгений қып-қызыл болып кетті. Бүркеп жасыратындай ештеңе жоқтығын, әсте үйленуіне кедергі болар іс жасамағанын айтты.
- Бәрекелді, жаным. Ұлым, Женя, өкпелеме маған, - деді Марья Павловна әбігерленіп. Ұлы шешесінің ойындағысын түгел айтып бітірмегенін біліп отырды. Өзі де солай болды. Сәлден кейін Марья Павловна Евгений жоқта... Пчельниковтардың кішкентайын шоқындырғанын айта бастады.
Бұл сәт Евгений ыңғайсыздықтан да емес, ұяттан да емес, қазір айтылар сөздің салмағынан туатын ерекше бір сезімнен, санасынан тыс қат-қабат сезімнен алабұртып бара жатты. Марья Павловна ашық-тесік сөйлеп отырған болып, биыл ылғи ұл туды, соғыстың ырымы шығар деді, Васин, Пчельников мұны сөз арасында мән бермей айтайын деп еді, бірақ ұлының қызарып кетіп, пенснесін жалма-жан қолына алып, айналдырып, асығыс шылым тартқанын көргенде жаман ұялды. Үнсіз қалды. Евгений де тіс жармайды, бұл халден қайтсе құтылудың амалы да белгісіз, бірін-бірі ұққанын екеуі де түсініп отыр.
- Жә, ең дұрысы сенің анау ағайыңдағы секілді нақсүйерлер болмас үшін, деревняға әділет керек.
- Маматай-ау, - деді кенет Евгений, - нені айтпағыңызды білем. Бекер қауіптенесіз. Менің болашақ отбасылық өмірім қылау түсірмес ең қымбатты дүнием. Бойдақ күндегі сыбай-салтаң жүріс бітті. Менің ашқашан басым байланған жоқ, ешкімнің менде шаруасы жоқ.
- Е, қуаныштымын ендеше, - деді шешесі. – Мен сенің естілігіңді білем ғой.
Анасының бұл сөздерін Евгений болашаққа өсиет ретінде қабылдап, үнсіз қалды.
Келесі күні таңертең қалыңдығын, дүние жайын ойлап, Степаниданы қаперіне де ілмей, Евгений қалаға аттанып кетті. Есіне әдейі бірдеңе түсіргісі келгендей шіркеуге кіріп, шығып жатқан көп халыққа қарап тұрды. Семен мен Матвей шалды, жігіттерді, жас қыздарды көрді, бірі егде тартқан, бірі салтанатты ашық қызыл көйлек киген таныс екі әйел келе жатыр. Әйел аяғын ширақ басады, қолында – бала. Евгений қатарласа бергенде, үлкені тоқтап, бұрынғыларша сәлем берді, ал балалы жас әйел басын ғана изеді, желегінің астынан таныс, ойнақы күлімкөздер жарқ ете түсті.
“Иә, бұл сол, соның өзі, бітті ,ой бәрі, несіне қараймын енді. Бала да менікі шығар-ау, мүмкін, - деген ой сап ете қалды. – Жоқ, бәтір-ау, қайдан. Күйеуі бар, жатып жүрді”. Ол қазбаламады. Денсаулық үшін қажет нәрсе деп ойлаған, ақшасын төлеп тұрды, - бітті, екеуінің арасында ешқандай бауырластық болған жоқ, болмайды, болуы мүмкін емес. Ол ардың үнін тұмшалап тастаған жоқ еді, жоқ, ары бүлк етпей жатқан. Шешесімен арадағы әңгімеден кейін, өзімен кездескеннен соң ол туралы еске де алған жоқ. Содан былай өзін де жолықтырмады.
Көп ұзамай қалада Евгенийдің некесі қиылып, ол жас әйелін алып деревняға жүріп кетті. Үй жас жұбайларға лайықталып жиналған болатын. Марья Павловна бұларды оңаша тастамақ болғанмен, Евгений, әсіресе Лиза қолқалап жібермей қойды. Бірақ Марья Павловна флигельде тұратын болды.
Сөйтіп Евгений үшін жаңа өмір басталды.
Достарыңызбен бөлісу: |