АЯҚталмаған трагедия



бет4/5
Дата22.11.2016
өлшемі0,92 Mb.
#2272
1   2   3   4   5

ҮІІ
Отбасылық өмірдің бірінші жылы Евгенийге өте ауыр болды. Құдалық кезінде кейінге қалдырып жүрген шаруа атаулы түгел келіп басына қотарылды.

Қарыз шырмауынан құтылу құдайдың пәлесі екен. Саяжай сатылды, кеңірдектен алатын қарыздар төленді, бірақ әлі де қыруар борыш бар еді, ақша жоқ. Иелік көп пайда түсірді, ағасына жіберу, той шығындары қосылып кетіп қаржы тақырланып, еріксіз зауыт қаңқиып бос тұрып қалды. Тұзақтан әйелінің ақшасын ұстап құтылуға болатын еді. Күйеуінің жағдайын ұғынған Лизаның өзі осыны талап етті. Евгений иеліктің жартысын әйелінің атына көшіріп, бұған келісті. Солай істеді. Бұл Лизаның көңіліне келсе де, енесі үшін әдейі осылай жасады.

Бір тұрып, бір сүрінген сан алуан қам-қарекет Евгенийдің алғашқы жылғы өміріне зәрін төкті. Екінші жағынан әйелі сырқаттанады. Осы жылы, үйленгеннен жеті айдан кейін, күзде Лиза басына бір пәлекет келіп еді. Қаладан қайтқан күйеуін қарсы алу үшін Лиза алдынан шыққан болатын, жарау аттың ала қашқанынан қорқып, секіріп түседі. Сәтін салмағанда, арба дөңгелегіне оралып қалар еді, Лизаның аяғы ауыр болатын, сол түні толғақ қысып, түсік тастады. Осыдан кейін мүлде оңала алмай жүрді.

Күтіп жүрген баладан аяқ астында айрылып қалу, әйелінің ауруына байланысты мазасыздану, бастысы қызы ауырғанын естісімен салып ұрып енесінің жетіп келуі, Евгений үшін жыл салмағын зіл батпан етіп жіберді.

Ауыр жағдайларға ұарамастан Евгений жыл соңында өзін жақсы сезінді. Ең әуелі құлдыраған шаруашылықты қаз тұрғызу, жаңа бітімде баба өмірін қалпына келтіру арманы көп қиындықпен болса да ептеп іске аса бастады. Енді қарыз үшін бүкіл иелікті сату деген сөз жоқ. Иелік әйелінің атына көшірілсе де аман қалды, қызылша бітік өсіп, нарық тәуірленсе келер жылы шырмаудан аяқ-қол босап, баюға айналады – бұл бір.

Екіншіден әйелінің бойынан өзі мүлде күтпеген ерекше қасиет тапты. Өліп-өшу, тамсана-таңдану емес, көңілді, баянды сезім хәлі бар, өмір сүрудің өзі қуаныш секілді. Евгений мұның себебін білмейді, дән разы.

Неке қиылғаннан кейін Лиза жер үстіндегі жұмыр басты пендеде Евгений Иртеневтен өткен есті, пәк, ардақты жан бар деп ойламаған, басқалардың міндеті Евгенийге қызмет ету, жақсылық жасау деп түйген-ді. Жұрттың бәрін бұған көндіру мүмкін болмағандықтан өзі қолдан келгенін аямау керек.

Сөйтті де, күйеуі нені ұнатып, нені сүйді – соны тапқанша тынбайды, біліп алып ол қандай қиын, ауыр нәрсе болса да іске асыруға жанын салып кіріседі.

Лизаның бойында беріле сүйген әйелге тән асыл қасиет бар еді, ол күйеуінің көңіл күйін терең түсінетін. Ішкі сарайын, Евгенийдің сезім құбылыстарын, тіпті оның өзінен артық білетін, қас-қабақтан танитын да, түс шайғызбай, күні бұрын алдына түсіп, жақсысын асырып, жаманын жасырушы еді. Лиза күйеуімен сезім, ой бөлісіп қойған жоқ. Шаруашылыққа, зауытқа, адамдарды бағалауға байланысты көп жайттерді қолма-қол шолып, әңгімеге дереу араласып, Евгенийдің өзі айтқандай, пайдалы, сарабдал кеңес те береді. Дүниеге, адамдарға, күллі әлемге Лиза күйеуінің ғана көзімен қарайды. Өз шешесін сүюші еді, бірақ оның бұлардың өміріне кимелей араласуын Евгенийдің жаратпайтынын байқай сала, күйеуін қолдап шыға келді.

Мұның үстіне Лиза жөн-жоралғы, әдеп атаулыны бес саусағындай жақсы біледі. Мұның бәрін дабыраламай, байқатпай істейді, жемісі ғана көрінеді: тазалық, тәртіп, сыпайыгершілік. Лиза күйеуінің өмірден не тілейтінін тез ұғынып, шаруа жайында, үй ішінде не қалайтынын айтқызбай өзі жасап тұрды. Әзірге бала жоқ, бірақ үміт алда еді. Қыста Петерборға барып, дәрігерге көрінгенде ол сары уайымға түсудің жөні жоқтығын, нәресте сүйетіндерін айтты.

Бұл арман да орындалды. Жыл аяғына қарай Лиза тағы да жүкті болды.

Олардың бақытына у құйып қана қоймай, қатер төндірер нәрсе – Лизаның байқатпағанымен – үнемі азап шегер сезімі қызғаныш еді. Евгенийге лайық жер үстінде жан тумағандықтан ол ешбір әйелді сүйе алмақ емес (өзім Евгенийге лайықпын ба, лайық емеспін бе деген сауалды Лиза ешқашан ойлап көрген жоқ), сондықтан ешбір әйел де Евгенийді сүйе алмақ емес.


ҮІІІ
Өмір бір қалыпта өтіп жатты. Евгений әдеттегісіндей ерте тұрып, шаруашылық аралайды, зауыт жұмыстарын көреді, кейде егіс даласына тартады. Сағат ондарда үйге оралады, Марья Павловна, бұлардың қолдарында тұратын ағасы, Лиза – бәрі есік алдында кофе ішеді. Кофе үстінде маздаған әңгімеден соң түстікке дейін әркім өз жайына кетеді. Сағат екіде тамақ ішіледі. Бұдан кейін қыдырып, не атқа мініп дем алады. Күн бата Евгений оралған соң кештетіп шай ішеді, ол дауыстап кітап оқыса, Лиза шаруаға қарайды, үйде қонақ бар кездерде көңілді әуенге басады, яки әңгіме шертеді. Жұмыс бабымен жолаушы кеткенде Евгений өзі де күнде хат жазатын, әйелінен де күнде хат алатын. Лизаның кейде бірге еріп жүргені көңіліне майдай жағушы еді. Екеуінің туған күндеріне жиналған адамдардың ойындағысын Лизаның айтпай табуы да Евгенийге үлкен қуаныш әкелетін. Жас, сүйкімді келіншектің жақсы қылығымен жұрт аузына ілінуі күйеуінің оған деген махаббатын күшейте түсті. Бәрі тамаша. Аяғы ауыр Лиза өзін жақсы сезінді, болашақ сәбилерін қалай тәрбиелеу жөнінде сенімсіз түрде болса да екеуара шүйіркелесіп қояды. Нені үйретіп, неге баулуды Евгений айтпақ. Лиза соны бас изеп іске асырушы. Толып жатқаны медициналық кітаптарды ақтарып шыққан Евгений баласын ғылымның тарау-тармағы бойынша тәрбиелемек. Лиза бұған сөзсіз бой сұнып, күні бұрын әбігерленіп, оны-мұнысын әзірлеп жатыр. Осылай бұлардың ерлі-зайыпты өмірлерінің екінші жылы, екінші көктемі басталған.
ІХ
Бұл троица күнінің қарсаңында болған еді. Күтініп жүрген Лиза бойында бес айлық баласы барлығына қарамастан көңілді, ширақ. Екі ана: бірі – шеше, бірі – ене оны бағып-қағумен отыр, кейде тым өбектеп кетулерімен мазасын алды. Евгений шаруашылықпен айналысып, қант қызылшасын үлкен атырапта жаңаша өңдеу ісімен мұрнынан шаншылып жүр.

Троица күні алдында Лиза талайдан қаралмай кеткен үй ішін ретке келтіріп, еденді, терезелерді жуып, орындықтарды сүртіп, кілемдерді қағып, тыстарды кигізу үшін қызметшіге көмекке екі қатынды шақыртты. Қатындар ертемен келіп, қазанға су құйып, жұмысқа кірісіп кетті.

Әйелдің бірі баласын жақында ғана емшектен шығарып жіберіп, кеңсешіден еден жуу жұмысын жалынып сұрап алған Степанида болатын. Оның Лизаны жақсылап көруге емешесі құрыған. Степанида баяғыша күйеуінсіз ойына келгенін істеп жалғыз тұрушы еді, бұрын отын әкеле жатқанда ұстап алған Данила шалмен, одан Евгениймен қалай ойнас болса, қазір жас кеңсешімен солай ойнас. Евгенийді есіне алмайды. “Қазір оның әйелі бар, - деп ойлайды. – Үй-ішін тап-тұйнақтай етіп қояды дейді, көрсе шіркін”.

Баласымен көргенне соң Евгений оны кездестірген жоқ. Кішкентайлы болғандықтан күнделікті жұмысқа шықпайды. Евгений деревняны сирек аралайды. Бұл ертеңгілікте, троица күні қарсаңында. Евгений алакөбеден, сағат бесте тұрып, қатындар пеш маңында қазанмен күйбеңдеп, әлі үйге кірмеген кезде фосфорит шашатын егіс даласына кетіп қалған еді.

Көңілді, разы күйде, қарны әбден ашып, Евгений таңертеңгі асқа бір-ақ келді. Албар қасында аттан түсіп, оны өтіп бара жатқан бақшашыға бере салып, бойлап өскен көкті қамшысымен үйіріп бір сөзін қайталай үйге беттеді. “Фосфориттер ақтайды”, - деп қайталайды. Кімнің алдында – мұны білген де жоқ, ойлаған да жоқ.

Көгалда кілем қағылып жатқан. Жиһаздар сыртқа шығарылған.

“Көкем-ау, Лиза бәрін тазалатпақ па! Фосфориттер ақтайды. Міне, үй иесі. Үй иесі? – Иә, үй иесі, - деді ол өзіне-өзі кіршіксіз киімді, қараған кезде қуаныштан үнемі жайраң қағып тұратын әйелін көз алдына келтіріп. Иә, есікті ауыстыру керек, әйтпесе, фосфориттер ақтайды, яғни көк иісі шығады, оның қазіргі жағдайында. Неге қазіргі жағдайында? Иә, кішкентай, басқа Иртенев өсіп келеді, - деп ойлады. – Иә, фосфориттер ақтайды”. Өз ойларына өзі күліп, бөлмесінің есігін тық еткізді. Тұтқаны тартып үлгермей есік өзі ашылып, білегін сыбанып алған, жалаңаяқ қатын әкеле жатқан шелекпен тұмсық жаласып қалды. Бұл қатынды өткізіп жіберу үшін шегіне берді, сулы қолымен қисайып кеткен орамалын түзеп, анау да бұрылып барады.

- Өт, өт, мен тоса тұрам, егер сіз, - деп бастап келе жатып, кенет Евгений тани кетті де, қалт тоқтай қалды.

Степанида көзі күлім қағып, Евгений жалт қарады.

Көйлегін көлбең еткізіп, тез басып далаға шығып кетті.

“Не пәле бұл?.. Не бұл?.. Мүмкін емес”, - деді Евгений қабағын түйіп, шыбын жасқағандай қолын сермеп, ананы көргеніне разы болмай. Степаниданы көргеніне разы болмаса да, оның жұтынып тұрған сұлу қимылды денесінен, жалаңаш аяғынан, қолдарынан, иығынан, аяқ балтырына дөңгелене көмкеріліп түскен көйлегінен көзін айыра қалды.

“Несіне телмірем, - дейді өзіне-өзі, оны көрмес үшін көзін тайдырып әкетіп. – Үйге кіру керек, етік ауыстыруға”. Бөлмесіне енді, бес қадам аттамай жатып, кімнің бұйрығымен екені белгісіз, тағы ананы бір көрсем деп бұрылып қарады. Ол да үйге кірген, осы сәт жалт қарады.

“Ойбай-ау, не істеп тұрмын, - деп селт ете түсті іштей. – Ол ойлап қалар. Ендігі мүмкін ойлап қалған да шығар”.

Евгений өзінің әлі жиналмаған бөлмесіне кірді. Арық, кәрі қатын еден жуып жатқан. Евгений иірім-иірім судан бақайының ұшымен жүріп өтіп, қабырғада ілулі тұрған етігіне беттеді, ана қатын шығып бара жатқанда, бірге шықпақшы болды.

“Мынау кетті, қазір анау кірді. Степанида - жалғыз”, - деп іштей біреу ойлай бастады. “Құдайым-ау! Не ойлап тұрмын, не істеп тұрмын!” Евгений етігімен есік алдына жүгіре шығып, сонда киінді, үсті-басын қағып террасқа келсе, шешесі мен енесі кофе ішіп отыр. Лиза мұны күткен болса керек, осы сәт басқа есіктен ол да кірді. “Құдайым-ау, мені пәк, адал, күнәсыз деп ойлайтын Лиза білсе ғой осыны”, - деп ойлады Евгений.

Лиза әдеттегісінше жарқын жүзбен қарсы алды. Бірақ бұл жолы ол Евгенийге тіпті қуарыңқы, сида, әлсіз болып көрінді.


Х
Кофе үстінде жиі кездесетін іштей байланысы жоқ болса да, арқауы үзілмей жалғаса беретін әйелдердің бір алуан пыш-пыш сөзі өрістеді.

Екі әйел тәжікелесіп отыр, Лиза солардың ортасынан кезек ыңғай табады.

- Сен келгенше бөлмеңді жуып үлгермегендеріне ренжіп отырмын, - деді Лиза күйеуіне. – Бәрін де қайта жиғым келеді.

- Қалай, менен кейін көзің ілінді ме?

- Иә, ұйықтадым, көңіл күйім жақсы.

- Осындай өртеніп тұрған аптапта, терезелер күнге қарап тұрғанда екі қабат әйелдің көңіл күйі қайдан жақсы болсын, - деді шешесі Варвара Алексеевна. – Терезе қақпақсыз, пердесіз. Біздің үйде қақпақ үнемі жабулы тұрады.

- Мұнда сағат оннан бастап көлеңке түседі ғой, - деді Марья Павловна.

- Содан ыстығы көтеріліп қалтырайды. Дымқылдан, - деді Варвара Алексеевна жаңа ғана айтқанына кереғар қайшы келіп отырғанын сезбей. – Менің дәрігерім әр уақытта сырқаттың мінезін білмей тұрып, ауруды анықтау мүмкін емес дейтін. Ал ол біледі, өйткені бірінші дәрігер, біз оған жүз сом төлейміз. Күйеуім марқұм дәрігер атаулыны көзге ілмейтін, бірақ мен үшін ол ешқашан ешнәрсені аянып көрген жоқ.

- Еркек қалай тартынып қалады әйел үшін, әйелдің өмірі, баланың өмірі үшін, егер...

- Иә, қаржысы барда әйел еркекке тәуелді болмаса да болады. Жақсы әйел күйеуіне бағынады, - деді Варвара Алексеевна, - бірақ Лиза аурудан кейін әлі оңалып кеткен жоқ.

- Жоқ, мама, мен өзімді жақсы сезінем. Сізге жылы қаймақ бермегені несі?

- Керегі жоқ. Сыр да жарап жатыр.

- Қажетсінбеді. Варвара Алексеевнадан сұрап едім, - деді Марья Павловна ақталғандай.

- Жоқ, қазір керек емес. – Қолайсыз әңгімені доғарғысы келгендей, әрі кешіріммен қарағандай болып Варвара Алексеевна Евгенийге бұрылды. – Қалай, фосфорит төктіңдер ме?

Лиза қаймақ әкелуге жүгіріп кетті.

- Өй, мен жемеймін, жемеймін.

- Лиза! Ақырын Лиза, - деді Марья Павловна. – Бұлай оқыс қозғалуға болмайды.

- Түк те етпейді, жанына тыныштық берсе, - деді Варвара Алексеевна бір нәрсеге емеурін білдіргендей, бірақ ондай түйткілдің жоқтығын өзі жақсы біледі.

Лиза қаймақ алып келді. Евгений кофе ішіп тұнжырап, тыңдап отыр. Оның мұндай әңгімеге еті үйренген, бірақ дәл осы жолғы бос сөз ішін кептірді, болған жайтты ой елегінен өткізейін десе, мына сыпсың бөгет. Кофені тоя ішіп алған Варвара Алексеевна көңілсіз күйде шығып кетті. Лиза, Евгений және Марья Павловна үшеуі оңаша қалды. Кәдімгі, жағымды әңгіме басталды. Сезімтал Лиза Евгенийдің әлденеге қиналып отырғанын қолма-қол аңғара қойып, қолайсыз бірнәрсе болды ма деп сұрады. Ол мұны күтпеген еді, ондай себеп жоқтығын бөгеліп барып айтты. Бұл жауап Лизаны бұрынғыдан бетер ойландыра түсті. Бір нәрсенің Евгений жанын мазалап, керемет қинап отырғаны, бірақ мұны айтпай отырғаны, Лизаға сүтке түскен шыбын қандай анық болса, сондай анық еді.
ХІ
Тамақтан кейін бәрі тарады. Евгений белгілі дағдысы бойынша өз бөлмесіне келді. Ол ештеңе де оқыған жоқ, хат та жазған жоқ, ойға батып, дамылсыз темекі тартып отыр. Үйленгелі құтылдым деп жүрген сұмдық сезімнің аяқ астынан тағы бас көтеруі таң қалдырып, зәресін алды. Өз әйелі болмаса, бөгде жанға – бұрынғы ойнасына да, басқа ұрғашыға да қарауды қойған. Іштей сол еркіндігіне қуанып жүретін, енді, міне, көзге ілместей кездейсоқ нәрсе шырмаудан өзі құтылмағанын көрсетті. Евгенийді қинап нәпсіге берілу, ойнасына құмарлық емес, - мұны ойлағысы да келген жоқ, - сол пәле отының сөнбегендігі, соған қарсы тұру керектігі. Бұл құмарлықты тұншықтырып тастайтынына іштей күмәнсіз.

Жауап берілмеген хат және жазатын бір қағазы бар еді. Үстелге отырып жұмысқа кірісті. Шаруасын тындырып, мазасын алған жайтты мүлде ұмытып, атқораға бармақ болып сыртқа шықты. Тағы да, әлде жаман жоралғы ма, әлде жолсыз кездейсоқтық па, әлде әдейі ме, әйтеуір есік алдына енді шыққанында бұрыштан қызыл көйлекті, қызыл орамалды ашынасы қолын бұлғап, бөксесі дөңгеленіп өте берді. Ол аздай, кетіп бара жатқан әйелді қылымси жүгіріп қуып жетті.

Тағы да Евгенийдің көз алдына шаңқай түс, қалақай, Данила күркесінің арт жағындағы ағаш көлеңкесінде жапырақ тістеп, күліп тұрған ойнасының жүзі елестеп кетті.

“Жоқ, мұны бұлай қалдыруға болмайды”, - деді өзіне-өзі, әйелдер көзден таса болған соң барып, кеңсеге кірді. Түс кезі, приказчик орнынан табылды. Жаңа оянған приказчик керіліп-созылып, есінеп, өзіне бірдеңе айтып жатқан малшыға қарап тұр.

- Василий Николаевич!

- Не бұйырасыз?

- Сөйлескім келеді сізбен.

- Не бұйырасыз?

- Шаруаны бітіріңіз.

- Әкелмейсің бе? – деді Василий Николаевич малшыға.

- Ауыр, Василий Николаевич.

- Ол не? – деп сұрады Евгений.

- Ә, сиыр далада бұзаулап қалған. Жарайды, ат жексін дейін қазір. Николайға айт, Марқасқаны жексін де, сөйт.

Малшы кетті.

- Мынау әлгі, - деп бастады қызарып кеткен Евгений, оны сезіп тұрып. – Мынау әлгі, Василий Николаевич. Осында, бойдақ жүргенімде күнәға батып ем... Мүмкін естіген де шығарсыз...

Василий Николаевичтің көзі күліп тұр. Евгенийге жаны ашығандай болып:

- Бұл Степашка туралы ма? – деді.

- Әрине. Айтайын дегенім, құдай жолыңызды қылсын, соны күнделікті үй жұмысына алмасаңыз, түсінемісіз, маған ыңғайсыз бір түрлі...

- Сірә, кеңсеші Ваня жіберген шығар.

- Құдай ақына. Қалай енді, жер-көкке жайылып кетеді ғой, - деді Евгений, мазадан айрылғанын жасырмақ болып.

- Қазір барам, міне.

Іс солай тынды. Ойнасын бір жыл көрмей қалай өмір сүрсе, алда да солай болады деген сеніммен Евгений көңілі жай тапты. “Оның үстіне Василий кеңсеші Иванға айтады, Иван оған айтады, менің ашыналықты қалмайтынымды түсінер”, - деді Евгений өзіне-өзі, қанша қиын болса да тайсақтамай Василийге білдіргеніне қуанды. “Бұл күдіктен гөрі, бұл ұяттан гөрі тәуір ғой, тәуір ғой”. Евгений ойындағы күнәкарлығы есіне түсіп кетсе, қалтырап қоя береді.


ХІІ
Ұяттан аттап өтіп Василий Николаевичқа сырын айту, Евгенийдің көңілін орнықтырған. Енді бәрі біткен секілді. Оның тыныш тапқанын, тіпті әдеттегіден қунақ жүргенін Лиза бірден аңғарды. “Шешелер арасындағы кикілжің қаяу салған ғой. Мұндай сезімтал, ақ жүрек адамға қияс сөздерді, жөнсіз емеурінді тыңдау азап әрине”, - деп ойлады Лиза.

Келесі күн троица күні еді. Табиғат маужырап тұр, әдеттегідей орманға барып, сыпырғы кесер алдында қатындар Евгений үйінің алдына келіп, ән салып, билей бастады. Сәнді көйлектерін киген Марья Павловна мен Варвара Васильевна қолдарына шатыр ұстап, сауықшыл топқа қосылды. Бұлармен бірге жазды осы үйде өткізіп жатқан тұрақсыз, әрі маскүнем ағайын да бар еді, үстінде қытай көйлегі.

Қашанғыдай дәл ортада қызылды-жасылды жайнаған жас келіншектер мен қыздар тобы, олардан біресе үзіліп кетіп, біресе қайта қосылып планеталар, жер серігіндей шыр айналған шыт жаңа көйлектері судырап, қол ұстасып алған бойжеткендер, танауларын тартып, әрлі-берлі шапқылаған бала-шаға, көк-қара шалбарлы, картузды, қара көйлекті, шекілдеуік қабығын дамылсыз бұрқыратқан жігіттер, сауықшыл топқа алыстан көзін сата қараған қызметшілер мен сырт адамдар.

Екі әйел, олардың ізін ала көк көйлекті, басында сондай лентасы бар, мол жеңінен ұзын, ақ, ашаң қолдары айқын көрініп Лиза келіп, думанды топқа қосылды.

Евгенийдің зауқы жоқ еді, бірақ шықпай, бұғып қалу ыңғайсыз болатын. Темекісін тістеп есік алдына шығып, жігіттерге, мұжықтарға бас изеп, біреуімен әңгімелесіп тұрды. Бұл кезде әйелдер гөй-гөйге басып, алақан соғып, жер бүйірін солқылдата билеп кеткен.

- Әйеліңіз шақырады, - деді біреу, Лизаның даусын ести алмай қалған Евгенийге. Өзін таңыратқан бишіні көруге шақырған еді. Ол Степашка болатын. Жасыл желбегей, шолақ жең, жібек орамал қылаң ұрып, бұралып, оттай жайнап тұр. Тамаша билеген секілді. Ол көрген жоқ.

- Иә, иә, - деді Евгений пенснесін бір алып, бір киіп.

- Иә, иә, - деді ол. “Е, бұдан құтыла алмайтын шығармыз” деп ойлады.

Евгений оған қараған жоқ, сиқыр сұлулығынан зәресі ұшты, сондықтан көз қиығын тастағанның өзінен әдемі болып көрінді. Жарқ еткен жанарынан Степаниданың өзін көріп тұрғанын, тамашалап тұрғанын сезгенін аңғарды.

Евгений ыңғайсыз болмас үшін аз аялдады да, Варвара Алексеевнаның Степаниданы қасына шақырып оны жаным деп, бірдеңелерді жалған, ебедейсіз айтып тұрғанын көріп, бұрылып жүре берді. Үйге келді. Степаниданы көрмес үшін кетті. Жоғары қабатқа көтерілісімен неге екенін өзі де аңғармай терезе алдына барды, бұрынғы ойнасынан көз алмай, аузынан суы құрып қызықтап қарады да тұрды.

Әзір ешкім көрмеген кезде жүгіріп шығып, ақырын басып балконға келіп, сонда шылым шекті де, қыдырған кісі секілденіп, бақ ішімен ашынасы кеткен жаққа тартты. Серуен бақта екі аттамай жатып ағаш арасынан шолақ жең, жасыл желбегей, қызыл орамал көлбең ете түсті. “Бір қатынға кетіп барады. Бұлар қайда барады екен, ә?”.

Кенет өрт жалын нәпсі буынына түсіп кеткендей болды. Өзіне бағынбас, құдіретті күш әсер еткендей. Евгений жалт бұрылып, Степанидаға қарай ентелей жөнелді.

- Евгений Иваныч, Евгений Иваныч! Құзырыңызға құлдық, - деген арт жақтан естілген дауысқа қараса, құдық қазып жүрген Самохин шал, Евгений теріс айналып кетті. Шалмен сөйлесіп қырындай тұрып, ана екеуінің төмен түскенін, құдыққа барғанын, яки соны сылтауратқандай болып сол жерде аз-кем кідіріп, думан ішіне қайта жүгіріп кіргенін көрді.
ХІІІ
Самохинмен сөйлескеннен кейін Евгений қылмыс жасаған кісідей болып, салы суға кетіп үйіне қайтты. Біріншіден, Степанида мұның көргісі келетінін, құшқысы келетінін ұқты. Екіншіден, ана қатын – Анна Прохорова да мұны білетін секілді.

Ең бастысы, өзінің жеңілгендігін, еріксіздігін, басқа бір күштің жетегінде кете беретінін сезді, бүгін сәті түсіп қана құтылғанын, ертең, бүрсігүні бәрібір құритынын ұқты.

“Иә, құриды, - басқаша ұғу мүмкін емес, - сүйікті, жас әйелінің көзіне шөп салып, айдай әлемге жария етіп, деревняда қатынмен ойнас жасау, бұл құрдым түбіне кету, масқара болу ғой, осыдан кейін өмір сүру мүмкін бе? Жоқ амалын табу керек, табу керек”.

“Тәңірім-ау, тәңірім-ау! Не істемекпін? Осылай құрып-ақ кетпекпін бе? – деді өзіне-өзі. – Амалын табуға болмас па? Бірдеңе істеу керек қайтсве де. Ол туралы ойлама, - деп өзіне-өзі бұйрық берді. – Ойлама!” – Ашынасы туралы ойлай бастады, ол көз алдына келді, ағаш көлеңкесі көз алдына келді.

Ауруын емдеу үшін әйелдің денесіне қолын апарудан жүрегі шайлыққан шалдың бір қолын қызған отқа салып, саусақтарын күйдіріп алғаны жайлы оқиғаны Евгенийдің есіне түсті. “Иә, құрып кеткенше, саусақтарымды беруге мен де әзірмін”. Бөлмеде ешкім жоғын көріп, сіріңке жақты да, саусағын отқа ұстады. “Ал, ойла енді ол туралы”, - деді өзін-өзі мысқылдап. Жанына бата бастады, қақталған саусағын жұлып алып, сіріңкені лақтырып жіберді. Өзіне-өзі күліп отыр. “Неткен әбестік. Бұлай етуге болмайды. Оны көрмеудің ретін табу керек, не өзім кетем, не оны кетіру. Иә, оны кетіру. Қалаға яки басқа ауылға кетсін, күйеуіне ақша беру қажет.

Жұрт біліп, өсекке таңады ғой оны. Мына сұмдықтан артық әйтеуір ол. Иә, байлам осы, - деп өзіне-өзі ашынасынан көзін алмай қарап тұрған. “Қайда кетті?” – деп сұрады кенет өзінен-өзі. Мұны терезе алдынан көріп, жалт етіп қарап, бір қатынмен қолтықтасып, баққа қарай қолын көңілді сермей кетіп бара жатқан сияқтанды. Неге екенін білмей, сол арпалыс ойдың әлегімен кеңсеге келді.

Жуынып-қырынған, сәнді көйлек киген Василий Николаевич әйелімен, орамалды қонақпен шай ішіп отыр.

- Василий Николаевич, сізбен қалай сөйлессем екен.

- Сөйлесейін, кәне. Ішіп біттік.

- Жоқ, одан да оңаша шығыңыз.

- Қазір, картузымды алуға мұрсат бер. Сен, Таня, самауырды жаба сал, - деді Василий Николаевич көңілді шығып бара жатып.

Евгенийге ол қызу көрінді, не істеу керек, қайта осы күйде мұның жайын жақсырақ түсінер болар.

- Мен, Василий Николаевич, тағы да анау туралы, - деді Евгений, - анау әйел туралы, - деді Евгений, - анау әйел туралы.

- Е, немене. Жұмысқа алмаңдап деп бұйырғам.

- Жо-жоқ, жалпы мен не ойлаймын, сізбен ақылдасайын дегенім мынау еді. Оларды көшіріп жіберуге болмас па екен, бүкіл отбасымен көшіруге.

- Қайда жібересең оларды? – деді Василий, Евгенийге жақтырмағандай, мысқылдағандай көрінді.

- Ақша, тіпті Колтовскіден жер берсем деп едім, анау кетсе.

- Қалай кетіресің? Түп-тұқиянынан қайда барады? Сізге соның қажеті не? Оның сізге бөгеті бар ма?

- Шіркін, Василий Николаевич, мұны есту әйеліме сұмдық болады ғой.

- А, кім айтады оған?

- Осы қорқынышпен қалай күн көрерсің? А, жалпы бұл зілбатпан пәле.

- Несіне әбігерленесің, жарқыным-ау? Кешегіні шулатқанның көзі шықсын. Құдайға күнәсыз, патшаға кінәсіз емес пе, ә?

- Сонда да кетірсе жақсы-ақ болар еді. Сіз күйеуімен сөйлесе алмайсыз ба?

- А, сөйлесетін түк те жоқ. Е-ей, Евгений Иванович, мұныңыз не сіздің?Бәрі өтті-бітті. Не болмайды, өмірде? А, сіз туралы жаманатқа кімнің аузы барады? Сіз көшелі кісісіз.

- Бәрібір айтыңызшы.

- Жақсы, сөйлесейік.

Бұдан ештеңе шықпайтынын күні бұрын білсе де, бұл әңгіме Евгенийді аздап сабасына түсірді. Ең бастысы, толқу үстінде қауіпті тым өсіріп жібергенін сезді.

Ашынасымен кездесуге бара жатты ма? Бұл мүмкін де емес. Евгений бақ ішін аралап өтпек еді, анау аяқ астынан тап болды.


ХІҮ
Сол троица күні, түстіктен кейін бақ ішінде қыдырып жүрген Лиза күйеуі жоңышқаны көрсетпек болған соң шалғынға шығып бара жатып, кішкентай арықтан өте бере, тайып кетіп құлап қалды. Бүйірімен ақырын жығылды, бірақ қатты дауыс шықты, күйеуі жүзінен үрей ғана емес, жанға батқандықты аңғарды. Көтеріп алам дегеніне әйелі қолын қақты.

- Жоқ, сәл тұра тұр, Евгений, - деді болар-болмас жымиып, бейне кінәлы адамша қарап. – Аяғым тайып кеткен ғой.

- Міне, ылғи айтам мен, - дей жөнелді Варвара Алексеевна, - осындай жағдайдағы адам кәнәуден секіре ме?

- Жоқ-жоқ, мама, түкте етпейді. Қазір тұрам. Күйеуінің демеуімен тұрған сәтінде бозарып кетті, жүзінде үрей.

- Иә, хәлім жақсы емес, - деп, шешесінің құлағына бірдеңе сыбырлады.

- Ай, құдайым-ай, не істедіңдер! Жүрме деп қақсап едім мен! – Варвара Алексеевна айқайға басты. – Тоқтаңдар, кісі жіберейін. Оған жүруге болмайды. Оны көтеріп әкету керек.

- Сен қорықпаймысың, Лиза? Мен сені көтеріп әкетейін, - деді Евгений оны сол қолымен қаусыра бастап. – Мойнымнан құшақтап ал. Дәл осылай.

Еңкейіп, оң қолын аяқ астына жіберіп, Лизаны көтеріп, алды. Евгений Лиза жүзіндегі осы сәттегі бір азап, бір ризалық сезімін бұдан кейін еш уақытта ұмыта алмады.

- Ауыр ғой саған, жаным, - деді күлімсіреп. – Мамам жүгіріп барады, айт оған!

Лиза жабыса түсіп күйеуін сүйіп алды. Евгенийдің қалай көтеріп әкеле жатқанын шешем де көрсе екен дейтін секілді.

Евгений дауыстап Варвара Алексеевнаның асықпауын, өзі-ақ жеткізетінін айтты. Варвара Алексеевна тоқтай қалып, бұрынғыдан бетер аттанға басты.

- Сен түсіріп аласың, сөзсіз түсіріп аласың. Оның көзін жойғың келеді. Ар жоқ сенде.

- Ал, мен жақсы көтеріп келем.

- Менің қызымды қалай құртқаныңды көргім келмейді, көре алмаймын. – Варвара Алексеевна серуен бақтың пұшпағына жүгіріп кетті.

- Түк етпейді, бұл басылады, - деді Лиза күлімсіреп.

- Әйтеуір анадағыдай насырға шаппаса-ақ болар еді.

- Жоқ, мен ол туралы емес. Түк етпейді, әй, мамам-ай, шаршадың, дем алшы.

Қары талса да Евгений Лизаны үйге дейін мақтанышпен көтеріп келді. Варвара Алексеевна алдыранан жіберген қызметші мен аспазға бермей, жатар бөлмеге әкеп, төсекке салды.

- Ал, сен бар, - деді Лиза, өзіне қарай тартып қолынан сүйді.

- Аннушка екеуміз бірдеңе етерміз.

Флигельден Марья Павловна жүгіріп кетті. Лизаны шешіндіріп жатқызды. Евгений қолына кітап ұстап, қонақ үйде тосып отыр. Өтіп бара жатып Варвара Алексеевнаның ішіп-жеп, жек көре қарағаны қабырғасын қайыстырды.

- Не бұл?

- Не? Неге сұрайсың? Әйеліңді жырадан секірткенде ойлағаның іске асқан секілді.

- Варвара Алексеевна! – деп Евгений айқайлап жіберді. – Шыдау мүмкін емес бұған. Егер сіз жұртты азаптап, олардың өмірін улағыңыз келсе – басқа бір жаққа көзіңізді жоғалтыңыз дегісі келді де, іркіп қалды. – Жаныңызға батпай ма осы?

- Кеш енді.

Жеңімпаздай танауын көтеріп, есікке кірді.

Лиза жаман құлаған еді. Аяғы оқыс тайып кеткен, тағы түсік тастау қаупі бар. Тып-тыныш жатудан басқа ешнәрсе жасауға болмайтынын бәрі де біле тұрып, ақыры дәрігер шақыртуға келісті.

- “Аса қадірменді, Николай Семенович, - деп жазды Евгений дәрігерге, - сіздің бізге деген әрқашан қайырымды жүрегіңіз менің әйеліме көмекке келуден тартынбайды деп сенем. Оның жағдайы... т.б.” Хатты жазып бітіп, көлікпен кісі жайын реттемек үшін атқораға кетті. Істі түгел өзі тындырып, көшірді жіберіп, сағат онға айналғанда үйге келді. Әйелі еш жерім ауырмайды, хәлім жақсы деп жатыр. Лизадан нотамен қалқаланған шам қасында үлкен қызыл көрпеше тоқып отырған Варвара Алексеевнаның түрі мынау оқиғадан кейін дүние тәрк дегенді тайсалмай айтып тұр. “Кім не істесе де, мен өз міндетімді атқардым”.

Евгений мұны көрді, бірақ аңғармаған кісі секілденіп, көңілді, қамсыз кейіппен ат жеккенін, Кавушка деген биенің сол жақ қосақта жақсы жүріп кеткенін айта бастады.

- Иә, әрине, көмек керек болған шақ, жылқыны үйрететін мезгіл. Дәрігерді де жарға жығатын шығар, - деді Варвара Алексеевна пенсненің астынан қарап, тоқымасын шамның дәл астына апарып.

- Біреуін жіберу қажет болды ғой. Қолайлысын жасадым.

- Ә, сендердің аттарың мені пойыздың астына қалай ала қашқанын жақсы білем.

Бұл оның баяғыда ойдан шығарған өтірігі еді. Евгений қазір олай болмағанын байқамай айтып тастады.

- Мен ылғи текке айтпаймын, өтірікші, жалған адамдармен өмір сүруден қиын ешнәрсе жоқ деп князьға да талай рет айтушы едім; мен бәрін көтерем, бірақ мұны емес.

- Біреудің жанына қатты батып отырса, ол менің жаныма, - деді Евгений.

- Ә, ол көрініп тұр.

- Не?

- Түкке емес, мен шілтер санап отырмын.



Евгений осы сәт төсек қасында тұрған. Лиза оған қарап, көрпе үстінде жатқан тершіген қолымен қолын алып, қысып қойды. “Мен үшін оны көтере салшы. Бір-бірімізді сүюге ол қырсық жасай алмайды да”.

- Өйтпеймін. Бұл жай, - деп сыбырлады Евгений әйелінің терлеген салалы саусақтарын, жұмулы жатқан әдемі көздерін сүйіп.

- Шынымен тағы анау ма? – деді ол.

- Қалай?


- Қателеспеу қиын әрине, бірақ бойымдағы тірі секілді, өмір сүретін секілді, - деді Лиза өз қарнына қарап.

- Ах, ойлаудың өзі сұмдық, сұмдық.

Орныңа барып жат дегеніне қарамастан, Евгений қызмет қылуға әзір күйде түнді әйелінің жанында өткізді. Лиза жайлы жатты, дәрігерге кісі жібермегенде, мүмкін тұрып та кететін еді.

Түске қарай дәрігер келді, әрине, ауру қайталанып отырғандықтан қауіп ойлатуы мүмкін, бірақ бір есептен оның белгісі жоқ, құлан-таза сауығып кетпегендіктен де тағы бір есептен екінші жағын да ескеру керектігін мәслихат етті. Сондықтан да жату керек, мұны қайтсе де орындасын демейді, бәрібір құлақ асып жатқан абзал. Мұның үстіне дәрігер Варвара Алексеевнаға адамның дене мүшелері жайлы көп әңгіме айтты. Варвара Алексеевна басын маңғазси шұлғып отырды. Қолқайыр алып, оны әдеттегідей алақаны нық май шеттігіне қысып дәрігер кетті, бір жұма төсек тартып жатпақ болып сырқат қалды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет