ХҮ
Уақытының көбін Евгений әйелінің қасында өткізді, қызмет қылды, әңгімелесті, бірігіп кітап оқыды, ең қиыны Варвара Алексеевнаның жөн-жосықсыз шаптыққанын көтерді, тіпті оны әзілге айналдырып, жайма-шуақтады.
Бірақ ол үйде отыра алмады. Біріншіден, үнемі жанында омала берсе ауырып қалатынын ескертіп, сыртқа шық деді әйелі, екіншіден, шаруашылық аттап басқан жерде мұны керек қылып тұрды. Евгений үйде құйрық басып отыра алмады, ылғи егіс даласында, тоғайда, бақта, көп ішінде жүрді, қайда болсын құр ой емес, Степаниданың тірі бейнесі қыр соңынан қалмай қойды, жадынан, тіпті сирек шығады. Бұл да ештеңе етпес еді; әлгі сезімді жеңген де болар ма еді, ең сұмдығы бұрын ашынасын айлар бойы көрмесе, енді үнемі көріп, ылғи кездесіп кездесіп қалып жүреді. Ол шамасы, мұның бұрынғы қатынасты жаңғыртқысы келетінін сезіп әдейі жолығып қалатын сияқты. Бұл да, ол да тіс жарып ешнәрсе айтқан жоқ, сондықтан бұл да, ол да сертпен келмейтін, жолығып қалуға тырысатын. Ұшырасып қалатын жер – қатындар қаппен сиырға шөп алуға баратын орман іші. Және Евгений мұны жақсы біледі, осы себепті күнде сол маңды торып жүр.
Күн сайын беттемеске өзіне-өзі серт береді, бірақ әр күн оның орманға барып, дауыс-дабырға құлақ түріп, бұта арасынан баспалап қарап, жүрегі тайша тулап, ашынасын іздеуімен аяқталатын.
Көңілдесі ме, басқа ма – мұны білудің оған қажеті қанша еді? Өзі де білмейді. Бұл ашынасы болса да, тіпті жалғыз болса да бармас еді – осылай деп ойлайды, - тайып берер еді, алайда көруге құштар. Бір рет ұшырасып қалды: бұл тоғайға ене бергенде, анау арқасында шөп салған ауыр қабы бар, қасындағы екі қатынмен шығып бара жатты. Сәл ертерек қимылдағанында орманда кездесердей екен. Әрине анау қатындардың көзінше кері оралып келе алмайды. Мүмкін емесін біле тұра, қатындар көріп қояды деп қаймықпай-ақ, Евгений бұта жанында қарап тұрды. Ашынасы келген жоқ, әрине, бірақ ол бұл жерде көп айналсоқтады. Құдайым-ау, қиялында қандай ғажаптанып барады. Бұл бір рет емес, бесінші, алтыншы рет. Үсті-үстіне меңдей түскендей. Ешқашан мұндай сұлу көрінбеген. Сиқыр сұлулығы өз алдына, мұндай бұлтартпас тылсым күшпен әсте шырмап алмаған-ды.
Еркінен айрылып, есі кеткендей хәлін сезінеді. Өзіне деген қатал талабы бір мысқал да кеміген жоқ; нәпсі тілегі, мынау қылмыс жанын түршіктіреді, тоғайды торып жүру қылмыс болатын. Ашынасымен жақын, қалтарыста кездессе, бассалары хақ. Жұрт алдындағы, оның алдындағы, өз ұяты ғана ұстап тұрғанын біледі. Бұл ұяттан аттап өтердей көз көрмес қараңғылық яки бәрін ұмыттырар дүлей құштарлық ыңғайын іздейтінін және біледі. Ботташық қылмыскер екенін танып, өзін-өзі жек көріп, безініп кетті. Әлі берілмегені үшін де жек көреді. Медет бер, құтқар деп күнде құдайға тауап етеді, енді аттап баспаймын, оның бетіне қарамаймын деп күнде іштей байлам жасайды. Күнде әзәзіл ниеттен құтылудың амалын ойлап тауып, соны қолданады.
Бірақ бәрі әурешілік еді.
Бір амал күнделікті іс болатын; екінші амал – маңдай терін төге қимылдап, бой тарту болатын; үшіншісі - әйелі, енесі, жұрт – бәрі мына сұмдықты білгенде айрандай төгілер ұяттан қорқу болатын. Ол осының бәрін де істеді, жеңетіндей секілденетін, бірақ талма-түс кезінде, баяғы жолығысулар сәтінде, шөп арасында табысқан шақта, орманға қарай кетіп бара жатады.
Осылай азапты бес күн өтті. Евгений ашынасын көз ұшынан көріп қалып жүрді, алайда бір ретте түйіскен жоқ.
ХҮІ
Лиза ептеп оңала бастады, күйеуінің басындағы өзгеріс, өзіне түсініксіз өзгеріс қабырғасына батып, мазасын алады.
Варвара Алексеевна аз уақытқа кеткен болатын, бөтеннен тек анау ағайын бар. Марья Павловна әдеттегідей үйде.
Маусым айындағы найзағайдан кейін жиі құйып беретін ақ жауын, екі күнге созылған жауыннан кейін Евгенийдің басы қатып жүрген еді. Жаңбыр жұмыс атаулыны доғарып тастады. Көксоқта кесірінен көң де тасылмай қалды. Жұрт екі қолын алдына салып үйде отыр. Бақташылар әбден сілікпелері шығып, әрең дегенде малдарды қайырып әкелді. Сиырлар мен қойлар бытырай қашады. Жалаң аяқ, бастарына орамал байлай салған қатындар батпаққа малтығып, сиырларын іздеп жүр. Жол бойы сарқыраған тарам-тарам жылға, шөп-жапырақтары су алып кеткен. Жайылымға қарай көп арна тынымсыз саулайды. Евгений бүгін іш пыстырар көңілсіз күйдегі әйелінің қасында үйде отыр. Лиза қайта-қайта Евгенийдің салқын себебін тергейді. Күйеуі ештеңе болмағанын айтып, қынжыла жауап береді. Ол сұрауын тоқтатты, бірақ ренжіп қалды.
Таңертеңгі тамақтан кейін қонақүйге жайғасқан. Ағайыны өзінің үлкен қауымдағы таныстары жайлы ойдан шығарған өтірігін жүзінші рет айтып отыр. Кеудеше тоқып жатқан Лиза күн райының бұзылғандығына, белінің ауырғанына кейіс білдіріп күрсініп қояды. Ағайын оған жантаюға кеңес беріп, өзі шарап сұрады. Евгенийдің керемет іші пысты. Бәрі сұрқай, сүреңсіз. Ол кітап оқып, темекі тартып отыр, бірақ басына түк кірмейді.
- Барып сүргілерді көру керек, кеше әкелген, - деп тұрды да жүре берді.
- Шатыр алсаңшы.
- Жоқ, үстімде киімім бар. Алысқа бармаймын ғой және. Етігін, су өтпейтін пальтосын киіп зауытқа қарай тартты, жиырма қадам аттамай жатып, қарсы алдынан бөксесі дөңгеленіп бір әйел шыға келді. Басына, иығына жамылған орамалын қолымен түзей береді.
- Мұның не? – деді Евгений, ә дегенде оны танымай қалып. Анау тоқтай қалып, күлімсіреп, Евгенийдің бетіне ұзақ көз тастады.
- Бұзау іздеп жүрмін. Мынадай көксоқтада қайда бармақсыз? – деді Степанида Евгениймен бейне күнде кездесіп жүрген кісідей.
- Күркеге кел, - деді кенет Евгений, қалай айтқанын өзі де білмей қалып. Басқа біреу айтқан сияқты.
Орамалын тістеп, көзі жалт етіп, бара жатқан жағына – баққа, күркеге қарай жүгіре жөнелді, Евгений бұта айналып, сонда бармақ.
- Мырза, - деген арт жақтан дауыс естілді. – Бір минутқа кіріп кетсін деп зайыбыңыз шақырады.
Бұл өздерінің қызметшісі Миша еді.
“Құдайым-ау, екінші рет сен мені құтқарып отырсың”, - деп ойлаған Евгений, дереу кері қайтты. Лиза оның ауру әйелге түсте дәрі апарып берем деген уәдесін есіне салды, соны ала кетуін өтінді.
Дәріні әзірлегенше бес минут өтті. Оны алып шыққан бойда күркеге тартуға үйдегілер көріп қояр деп жүрексінді. Көзден тасалана бере, жалт бұрылып, күркеге жүгірді. Күрке ортасында жымия күліп тұрған ашынасын елестетіп те келеді; ол жоқ еді, күркеде болғанын айтарлықтай да еш белгі жоқ. Айтқан сөзін естімеген шығар, ұқпаған шығар, сондықтан келмеген шығар деп ойлады. Ойнасы осыны естіп қояр деп қорыққандай танауының астынан міңгірледі. “Әлде, мүмкін кездескісі келмеген шығар? Оның бұған ындыны құрып тұр дегенді қайдан ойлап тапты осы. Өзінің басыбайлы күйеуі бар; жақсы әйелі бола тұра басқаның соңынан салпақтайтын жалғыз сүмелек мен ғана”. Төбесінен саламы салбырап, суы сорғалаған жыртық күркеде отырып осыны ойлады. “Ол келгенде қандай рахат болатын еді. Мына жаңбырда оңаша, жапа-жалғыз. Тағы бір рет те болса бауырға басса, одан кейін ақыр заман орнаса да көріп алдым. Иә, иә, - деп есіне түсірді, - келсе, ізінен табуға болады! Күркенің іргесін көмген топыраққа, шөп басып үлгермеген соқпаққа қарап, жалаңаяқтың әлі мөлдіреп жатқан ізіне көзі түсті. Иә, ол болған екен. Енді бітті. Қай жерде көрсем, сол жерде бас салам. Түн ішінде барам”. Евгений күрке ішінде ұзақ отырып, езіліп, сүлесоқтанып шықты. Дәріні апарып үйге қайтты, түстікті күтіп, өз бөлмесінде жатып қалды.
ХҮІІ
Түстік алдында Лиза күйеуінің қасына келді, оның көңілсіздігінің себебін ойлай тұрып. Мәскеуге босану үшін апаратынына мұның кейістікпен қарайтынынан қорқатынын, осында қалуға бел буғанын айта бастады. Не қылса да Мәскеуге бармайды. Лизаның толғатқан әлжуаз бала табудан сескеніп, ат-тонын ала қашып тұрғанымен, күйеуіне деген махаббат жолында бәрін оп-оңай құрбан еткенін білді. Үй ішінде бәрі тап-тұйнақтай, таза, кіршіксіз, Евгений көңілі қараңғы, әлем-тапырық, былапыт. Өз әлсіздігін қанша жек көрсе де, енді қайталамасқа бел буса да, ертең бүгінгі әділет тағы басарын біліп, Евгений кеш бойы көк терге түсіп, азапқа батты.
- Жоқ, бұл мүмкін емес, - деді өзіне-өзі бөлме ішінде ерсілі-қарсылы сенделіп. – Бұған қарсы ем болу керек қой қайтсе де. Құдайым-ау, не істедім?!
Шетелдік мәнермен біреу есік тықылдатты. Ағайыны екенін жазбай таныды.
- Кіріңіз, - деді Евгений.
Ағайын өзі тіленіп Лизаның елшісі болып келген.
- Бойыңдағы өзгерісті байқағанымды сен сеземісің, - деді ол. – Бұл Лизаны да қандай азапқа түсіріп жүргенін білем. Басталған тамаша істерді аяғына жеткізбей тастаудың саған ауыр екенін мен білем. Сапарға шық дер едім. Сенің де, оның да көңілдерің орнығады. Сапарға шық дер едім. Сенің де, оның да көңілдерің орнығады. Қырымға тарт дер едім. Шипалы табиғаты қандай, оның үстіне жүзім піскен шаққа дөп түсесіңдер.
- Аға, - деді кенет Евгений, - менің сырымды, сұмдық сырымды, масқара сырымды тісіңізден шығармай ұстай аласыз ба?
- Ойбай-ау, маған шәк келтіремісің?
- Ағатай! Сіз маған қол ұшын бере аласыз. Тіпті құтқара аласыз, - деді Евгений. Қадір тұтпайтын ағайынға шешілем, оның көзіне жаман қырымнан көрінем, жер болам деген ой Евгенийдің жанына жағып кетті. Өзін-өзі қор, күнәлы сезініп, жаза шеккісі келді.
- Айт, жарқыным, өзіңді қалай жақсы көріп кеткенімді білесің ғой, - деді ағайын сыр ашыларына, сұмдық сыр ашыларына, ол өзіне пайдалы боларына разы секілденіп.
- Ең алдымен сілімтік, сүмелек екенімді, қылмыскер, күнәкар екенімді айтуым керек.
- Қой, оның не? – деді ағайын тамағын кенеп.
- Қалайша сілімтік болмаймын, мен, Лизаның күйеуі, Лизаның тазалығын, махаббатын біле тұрып, - мен, оның күйеуі басқа қатынның қойнына барғым келеді?
- Яғни неліктен аңсарың ауады? Сен әйеліңнің көзіне шөп салған жоқсың ба?
- Иә, бірақ алдағанмен бірдей, өйткені менің еркіме илікпейтін нәрсе бұл. Мен тіленіп тұрғам. Маған бөгет жасады, әйтпесе қазір мен... қазір... Не істеп тастағанымды білмес ем.
- Жә, сабыр, түсіндірші маған...
- Ол, былай енді. Бойдақ күнімде ақымақтық жасап бір қатынмен ойнас болдым, осы өз деревнямыздікі. Тоғайда, далада түйісіп жүрдік.
- Әдемі ме өзі? – деді ағайын.
Бұл сұрақтан Евгений тіксініп қалды, бірақ оған алдарқату секілді бір нәрсе керек еді, сондықтан әлгіні естімігенсіп, сөзін жалғай берді.
-Оп-оңай тыйылармын, бәрі бітер деп ойлағам. Үйленуге дейін тастағам, бір жыл көргем де, ойлағам да жоқ оны, - өзін тыңдау, өз хәлін сипаттауды тыңдау Евгенийге бір түрлі еді, - рас, кейде жораға сенесің, оны көрдім де, жүрегіме құрт түсті – кеміріп жеп жатыр. Қылығымның сұмдығын сезініп, әр минутта істей алатын, соған тіленіп жүрген, құдай сақтап қана жасай алмай жүрген қылмысымның масқаралығын ұғынып, өзіме-өзім ұрсам. Кеше мені Лиза шақырғанда, соған кетіп бара жаттым.
- Қалай, жауында ма?
- Иә, ағатай, әбден сілікпем шықты, сізге шынымды ақтарып, көмек сұрағым келді.
- Иә, әрине өз иелігіңе бұл жақсы емес. Жайылып кетеді. Лизаның дімкас екенін мен білем, оны аяу керек, өз иелігінде мұндайдың қажеті не?
Тағы да Евгений бұларды құлағына ілгісі келмеді, істің тоқ етеріне көшті.
- Сіз мені менің өзімнен құтқарыңыз. Тілейтінім осы сізден. Бүгін маған кездейсоқ бөгет жасады, ертең, басқа бір күні бөгет жасай алмайды. Ол да біледі қазір. Мені жалғыз жібермеңіз.
- Жарайды, сөйтелік-ақ, - деді ағайын. – Сен соншалық ғашықсың ба?
- Жо-оқ, мүлде басқа нәрсе. Басқа нәрсе, әлдеқандай тылсым күш қысып алған, босатпайды. Не істерімді білмеймін. Мүмкін оңалармын, сонда...
- Міне, енді менің айтқаным болып шықты, - деді ағайын. – Қырымға тартайық та.
- Иә, иә, тартайық, әзірге сіздің қасыңызда болам. Сізге айтам.
ХҮІІІ
Евгенийдің ағайынына сырын айтуы, ең бастысы сол бір жаңбырлы күннен кейін жанын жегідей жеген ар мен ұят азабы оны айықтырғандай еді. Ялтаға бір жұмадан соң жүрмекші болды. Бұл жұманың ішінде Евгений жолға ақша қарастыру үшін қалаға барды, үйде, кеңседе отырып шаруашылық істерін тындырды, әйеліне көңілі жібіп, оң қабағын берді, ішкі сарайы түлегендей еді.
Сөйтіп, сонау жаңбырлы күннен кейін Степаниданы бір де бір рет көрместен әйелімен Қырымға сапар шегіп кетті. Олар Қырымда екі ай рақат кешті. Соны әсердің көп болғаны соншалық, Евгенийге бұрынғының бәрі естен шығып кеткендей көрінді. Қырымда ескі көздерді жолықтырып, олармен бұрынғыдан да бауырласып кетті, мұның үстіне жаңа адамдармен танысты. Мұндағы өмір Евгений үшін базары тарқамас мерекедей еді, мұның үстіне мән-мағыналы әрі пайдалы болды. Губернияларының бұрынғы басшысымен де сонда танысты, ақылды, иліккіш бұл адам Евгенийді ұнатып, сыр бөлісіп жақын тартты. Тамыздың аяғында Лиза үріп ауызға салғандай, жұтынып тұрған қыз тапты. Кенеттен оп-оңай босанды.
Қыркүйекте Иртеневтер жас сәби, Лиза жарытпаған соң, қастарында бала емізетін әйел бар – төртеу болып үйге қайтты. Бұрынғы азапты қиналыстан сергіген Евгений жаңа, бақытты адам кейпінде оралған. Еркектердің толғақ кезіндегі халін бұл да бастан кешіріп, әйелін бұрынғыдан да жақсы көріп кетті. Кішкентайын қолға алғанда қызық, жаңа, жағымды қытықты бір сезім бойын билейді. Шаруашылықпен айналысу үстіне Думчинмен (бұрынғы губерния басшысы) танысу арқасында оның өміріне жаңа бір ынта, земство істеріне қызығушылық, бір жағынан шенқұмарлық, бір жағынан жауапкершілік пайда болды. Қазанда мұны сайлайтын сырттай жиналыс ашылмақ. Үйге келісімен бір рет қалаға, бір рет Думчинге барды.
Нәпсі азабы, онымен арпалыс жайын ойлауды ұмытқан, әрең дегенде есіне түсіреді. Ол өзі тап болған, оқта-текте бір ұстап қалған талма ауру сияқты ғана көрінеді.
Өзін ондай күйден азат сезінгендігі соншалық бір кездескенде, оңаша қалғанда қызметшіден сұраудан тайынған жоқ. Бұл туралы бұрын да сөйлескендіктен қысылмады.
- Ал, қалай, Пчельников, Сидор әлі үйінде тұрмай ма?
- Жоқ, әлі қалада.
- Қатыны ше?
- Әй бір түбі түскен қатын! Қазір Зиновеймен шатасып жүр. Әбден қағынып кетті.
“Е-е – тіпті тамаша, - деп ойлады Евгений. – Селт етпейтінім, осынша өзгергенім қандай керемет”.
ХІХ
Евгенийдің тілегі түгел іске асты. Иелік жанына қалды, зауыт жүріп тұр, қызылша жақсы шықты, мал пайда түсірмек; әйелі аман-есен босанды, енесі де кетті, өзін бірауыздан сайлады.
Сайлағаннан кейін Евгений қаладан үйіне қайтты. Жұрт құттықтап жатты, өзі де ризалық білдіреді. Түстік жеп, бес бокал шампан ішті. Өмірдің жаңа мақсаттары төбе көрсетеді. Үйге қайтып келе жатып, солар жайлы тебіренеді. Сарша жаз. Әдемі жол, шағырмақ күн. Үйіне тақай бере Евгений осы сайлануы арқылы ел ішінде өзі әрқашан арман еткен жағдайға, жұмыс беретін өнідірісімен ғана қызмет қылмай, беделімен де, билік жүргізетін жағдайға ие боларын ойлады. Үш жылдан соң өз шаруалары, басқа шаруалар не дейтінін бағдарлады. “Міне мынау”, - деп ойлады, деревнядан өтіп бара жатқанда қарсы кездескен бірдеңелері бар мұжық пен әйелді көріп, олар бөгеліп, тарантасты өткізіп жіберді, мұжық Пчельников шал, әйел Степанида еді. Евгений оған көз тастады, таныды, өзінің толқып кетпей салқын қалғанын қуанышпен сезінді. Ол бұрынғысынша жайнап тұрғанмен әсер ете алған жоқ. Евгений үйіне келді. Әйелі есік алдында қарсы алды. Ғажап кеш еді.
- Ал, қалай құттықтаймыз ба? – деді ағайын.
- Иә, сайлады.
- Е, тамаша. Жуу керек.
Ертеңіне Евгений талайдан қарамай кеткен шаруашылыққа тартты. Хуторда жаңа молотилка істейді. Соның жұмысын көріп жүріп Евгений әйелдердің арасымен өтті, сабан тасыған Степаниданың қара көзі мен қызыл орамалына екі рет еріксіз назар аударды. Екі рет телміріп қарап қалды, тағы да бір нәрсе болғанын сезгенмен, не екенін айыруға шама жоқ. Келесі күні ғана қырманға барып, мүлде қажет болмаса да екі сағат айналсоқтап, сұлу жас әйелдің таныс тұлғасына көзімен ішіп-жеп қарағанында құрығанын, мүлде құрығанын, су түбіне кеткенін бір-ақ сезді. Тағы сол азап, сол үрей, сол қорқыныш. Құтылу жоқ әсте.
Күткеніндей болды да. Ертеңіне апақ-сапақта күзде жолғасқан жерлері – оның үйінің шөп қорасы алдына қалай келгенін өзі де білмей қалды. Қыдырып жүрген адамша темекі тартып тоқтап тұр. Көрші қатын көрді. Ананың біреуге айтқан сөздерін Евгенийдің оралып бара жатып құлағы шалды:
- Жүгір, тосып тұр, өліп кетсейші қазір. Жүгір, албасты!
Степаниданың қораға қалай жүгіргенін Евгений көрді, бірақ қарама-қарсы бір еркек келіп қалғандықтан қайта бұрыла алмай, үйіне қайтты.
ХХ
Қонақүйге келгенінде бәрі дөрекі, сұмпайы болып көрінді. Таңертең тастамақ, ұмытпақ, тіпті ойламастай сеніммен сергек тұрды. Бірақ шаруамен айналысу былай қалып, оны мүлде естен шығаруға тырысқанын сезбей де қалды. Бұрынғы маңызды нәрсе, қуанатын нәрсе енді түкке тұрмайды. Еркінен тыс жұмыс атаулыдан құтылуға тырысты. Саралау үшін, ойлану үшін құтылу қажет көрінді. Құтылды да, жапа-жалғыз оқшауланды. Оңаша қалса-ақ болды, бақ, орман ішін сенделді. Бұл маң ішті қыз-қыз қайнатар естелікке толы. Бақта жүріп бірдеңе ойлаймын дегенмен, ештеңе ойламайтынын сезінді, ессіз беріле, тағатсыз күтетінін, сарыла тосатынын, қалтқысыз құлағанын керемет сезімталдықпен ұғынып, ол осында келсе екен деп, ешкім көрмейтін жерге келсе екен деп, айсыз түнде, көзге түртсе көрінбес тас қараңғы түнде келсе екен деп, тәніне тәнім тисе екен деп тілейтінін сезінді.
- Иә, міне құлаған кезде тиылдым, - деді өзіне-өзі.
- Иә, міне, денсаулық үшін таза, пәк әйелмен ашына болдым. Жоқ, онымен былай ойнауға болмайтын сияқты. Мен оны қолға түсірдім десем, ол мені қолға түсірген екен, уыстан шығармайды. Мен еріктімін десем, мен еріксіз екем ғой. Үйленгенде өзімді алдағам. Бәрі жалған, өтірік екен. Мұнымен көңілдес болғалы жаңа сезім, нағыз еркектік сезім рақатын кештім. Иә, мен осыған үйленуім керек. Иә, мен үшін екі жол бар, бірі Лизамен бастаған тірлік: қызмет, шаруашылық, бала, жұрт қадыры. Мұны қаласам, Степанида жоқ. Өзім айтқандай кетіру керек, не көзін жоғалту керек. Екінші жол – мынау. Күйеуінен тартып алып, оған ақша беріп, ұят, масқара дегендерді ұмытып, бірге өмір сүру. Онда Лиза мен Мими (баласы) болмауы керек. Жоқ, баланың бөгеті жоқ, Лиза кетсін, құрысын. Бәрін біліп, қарғап-сілеп көзі жоғалсын. Менің оны бір қатынға айырбастаған алдамшы, сұмпайы екенімді білсін. Жоқ, бұл сұмдық масқара! Болмайды бұл. Иә, осылай да болуы мүмкін. Лиза ауырады да өліп қалады. Өліп қалады, сонда бәрі тамаша болады. Тамаша! О сілімтік! Жоқ, өлсе, анау өлсін. Егер өлсе, Степанида өлсе қандай жақсы болар еді.
Иә, әйелдері мен ойнастарын қалай уландырады, қалай өлтіреді. Револьвер алып, кездесуге шақырып, құшақтаудың орнына кеудеге тарс еткізсе – бітті ғой.
Бірақ ол сайтан. Нағыз сайтан. Мені еркімнен тыс жадылап алды ғой. Өлтірсе? Иә. Екі-ақ амал: не әйелді құрту, не оны. Бұлай өмір сүруге болмайды өйткені. Болмайды. Ойлану керек, байқау керек. Дәл осылай қала берсе, не етпек?
Тағы да қалмаймын, тастамаймын деймін де, күн бата есік алдында табылам, ол біледі, ол келеді. Не жұрт біліп, әйеліме айтады, не өзім айтам, өйткені алдай алмаймын енді, бүйтіп тірлік кеше алмаймын. Кеше алмаймын. Тегіс жайылады. Бәрі біледі. Параша да, ұста да. Ал, солай өмір сүруге болар ма? Болмайды. Екі-ақ амал: не әйелді құрту, не оны. Әйтпесе... Е, иә, үшіншісі - өзімді, - деді сыбырлап, жотасы мұздап сала берді. – Иә, өзімді, онда оларды өлтіру қажет емес”. Соңғысы ғана мүмкін екенін сезгенде зәресі ұшып кетті. “Револьвер бар. Өзімді шынымен өлтірем бе? Мұны ешқашан ойламап ем. Қандай болар екен”.
Бөлмесіне келіп, револьвер тұрған шкафқа қол созды. Ашып үлгермей әйелі кіріп келді.
ХХІ
Револьверді газетпен жаба салды.
- Тағы сол ма? – деді әйелі үрейлене қарап.
- Сол дегенің не?
- Маған айтпаған сол баяғы бір сұмдық кейіп. Женя, жаным, шешілші. Азапқа түскеніңді көріп тұрмын. Айтшы маған, жеңілейіп қаласың. Не болса да, мына қияметтен абзал. Білем ғой, сонша жаман ешнәрсе жоқ.
- Сен білесің бе? Әзірге.
- Айтшы, айтшы, айтшы. Жібермеймін сені.
Евгений жан-дәрмен мүләйім жымиды.
“Айтсам? Жоқ, бұл мүмкін емес. Тіпті айтатын да түк жоқ”.
Әлде ашылатында ма еді, осы кезде қыдыруға бола ма деп сұрап, емшек беретін әйел кіріп келді. Лиза баланы киіндіруге кетті.
- Сен айтасың ғой. Мен қазір келем.
- Иә, мүмкін...
Осыны айтқандағы оның азапты жымиысын Лиза ешқашан ұмыта алмады.
Қарақшыдай асығып, ұрланып барып револьверді бас салды, дереу қабынан суырып алды. “Оқтаулы, иә, талайдан, бір оғы жетпейді. Ал, не болар екен”.
Самайына апара бергенде босаңсығандай болды, бірақ Степанида, оны қайта көргісі келмеу шешімі бір күрес, бір құлау, тағы бір құлау, бір күрес есіне түскенде үрейлі сұмдықтан дір ете қалды. “Жоқ, мынау артық”. Шүріппені басты да жіберді.
Балконнан түсіп үлгеріп, Лиза бөлмеге жүгіріп кіргенде жарақаттан қара, ыстық қан атқылап ол еденде етпетінен әлі қалтырап жатқан болатын.
Тексеру жүрді. Өзін-өзі өлтірудің себебін ешкім ұға да алған жоқ, таба да алған жоқ. Осыдан екі ай бұрын Евгений айтқан сырмен мұның байланысы бар деген ой ағайының басына келмеді.
Варвара Алексеевна мен осыны ертеден білгенмін деп соқты. Дауласқан кезінде көрініп тұратын деді. Лиза мен Марья Павловна екеуі себеп таппай аңырды, бірақ дәрігерлердің ол жарымес болған дегеніне мүлде сенбеді. Өздері танитын жүздеген адамдардан әлдеқайда парасатты, ақылды екенін жақсы білгендіктен де бұл сөзге ден қоймады.
Шынында да, егер Евгений Иретенв жарымес болса, онда жұрттың бәрі сондай жарымес, өздері де жарымес – олар, сөз жоқ, өз жындылықтарына көз жұмып, басқалардың бойынан есуастық белгілерін іздейді.
19 қараша, 1899. Ясная Поляна.
ТҮСІНІКТЕР
Сын, ғылыми зерттеу еңбектерімен қоса Р.Нұрғалидың бірнеше прозалық шығармалары басылған. Солардың ішінде оқырманға «Дән», «Ай қанатты арғымақ», «Дегелең дерті» кітаптары кеңінен мәлім.
«Ай қанатты арғымақ» романының жеке бөлімдері әуелде мерзімді баспасөзде жарияланған. Олар: «Жартастағы қарағай». Повесть («Жалын», 1981, № 2, 58-92 беттер), «Ай қанатты арғымақ». Повесть («Жұлдыз», 1990, № 2, 50-88 беттер), «Ат шабыс ертең». Повесть («Жұлдыз», 1980, № 10, 57-113 беттер), «Оқ». Повесть («Пионер», 1982, № 11, 20-29 беттер, № 12, 12-21 беттер).
Роман тұтас күйінде 1990 жылы жеке кітап болып шықты («Ай қанатты арғымақ». Роман, новеллалар. Алматы, «Жалын», 1990, 480 бет).
«Дән. Елу новелла» кітабы тұңғыш рет 1977 жылы басылды (Алматы, «Жалын», 1977, 248 бет). Жинаққа енген материалдардың басым көпшілігінің алғашқы нұсқалары әуелі «Лениншіл жас» газетінің 1962-65 жылдардағы әр түрлі сандарында басылып, кейін түбірлі өзгеріс, редакцияға түсіп, қайтадан жазылып шыққан. Нақты, деректі дүниелер көркем шығармаға айналдырылған.
Кітап орыс тіліне аударылды (Зерно. Новеллы, Алма-Ата, «Жалын», 1981, с. 168), «Дән» новеллалар кітабы автордың «Ай қанатты арғымақ» жинағында (Алматы, «Жалын», 1990, 239-452 беттер), «Дегелең дерті» бір томдығында басылған (Алматы, «Қайнар», 2004, 225-431 беттер), «Аяқталмаған трагедия. Полигон әңгімелері» циклы алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде басылған (1989, 8 сентябрь), циклдың жалғасы «Қабыр қанша тұрады? «Сағыныш», «Жалын» журналында (1989, № 6, 4-9 беттер), «Үш аяқты құлын» «Арай журналында» (1990, № 6, 10-11 беттер) жарияланған. Цикл «Ай қанатты арғымақ» (Алматы, «Жалын», 1990, 451-478 беттер), «Дегелең дерті» (Алматы, «Қайнар», 2004, 431-464 беттер) кітаптарында енген.
Лев Толстойдың «Әзәзіл» повесі 1968 аударылып, алғаш рет «Лениншіл жас» газетінде (1968, 14-20 октябрь) басылған.
Л.Толстойдың «Таңдамалы» шығармаларының 2 томына кірген (Алматы, «Жазушы», 1978). «Әзәзіл» повесі «Крейцер сонатасы» кітабында жарияланған соңғы басылым бойынша беріліп отыр (Л.Толстой. Крейцер сонатасы. Астана, Аударма баспасы, 2002, 307-351 беттер).
Қ.Алпысбаев, филология
ғылымдарының докторы, профессор
МАЗМҰНЫ
АЙ ҚАНАТТЫ АРҒЫМАҚ. Роман ...............................................................5
ДӘН. Хикаят............................................................................................201
Бірінші дәптер ..............................................................................208
Екінші дәптер................................................................................275
Үшінші дәптер ..............................................................................329
АЯҚТАЛМАҒАН ТРАГЕДИЯ. Полигон әңгімелері
Қылмыс .......................................................................................380
Полковник Кашкин, студент Асанов .............................................384
Өлген тау .....................................................................................388
Қабір қанша тұрады? ...................................................................392
Сағыныш .....................................................................................396
Үш аяқты құлын...........................................................................400
Әзәзіл. Повесть (Л.Толстой) ........................................................407
Түсініктер....................................................................................440
Достарыңызбен бөлісу: |