Қазақ ауыз әдебиеті мен антикалық Әдебиет дәуіріндегі фольклористиканың Өзара үндестігі



Дата25.12.2016
өлшемі81,2 Kb.
#5170
ҚАЗАҚ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ МЕН АНТИКАЛЫҚ ӘДЕБИЕТ

ДӘУІРІНДЕГІ ФОЛЬКЛОРИСТИКАНЫҢ ӨЗАРА ҮНДЕСТІГІ
Аманбекова Б.Б.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті, Талдықорған қ.

bal_zhan_95@mail.ru

Ғылыми жетекші: ф.ғ.д., профессор Иманғазинов М.М.



imangazinov_muratbek@mail.ru
Фольклор − халық даналығы тудырған сөз өнері болса, оның шығу тегі мен табиғаттық ерекшеліктерін зерттейтін ғылымды фольклористика дейміз, яғни (folk-халық, lore-білім, даналық) фольклористиканы зерттеп жүрген ғалымдардың ішінде неміс ғалымы М.Ф.Кнафильдің пікірінше фольклористика халық даналығы деген ұғым. Осы ұғымды қостаушы ағылшын ғалымы І.Дж.Томс фольклорды халық арасында туған ертегі, аңыз, өлең, жыр, түрлі наным-сенімдерді жинақтайтын термин ретінде алға тартады.

Әрине, бұл термин жөнінде өз тұсында халық арасындағы танымы орыс және қазақ фольклорист ғалымдары түрліше пікір айтып, түбінде «Фольклор әдебиеттің бір бөлігі болса, фольклористика әдебиеттанудың бір бөлімі» деген ой-тұжырымды қуаттаған. Бірақ қоғам да әдебиет те бір орнында тұра бермейді, үнемі даму үстінде болғандықтан, көш ілгері дамыған ғылыммен бірге ой-пікірдің өзгеретіні де заңды.

Дегенмен, фольклористика − әдебиеттанудың бір бөлігі болғандықтан, екі түрлі континетте өмір кешкен халықтардың әдебиетін, оның ішінде ауыз әдибетін қарастыру, салыстыру, ой елегінен өткізіп ой-тұжырым айту кешеуілдетуге жатпайтын салалардың бірі. Бұл турасында бұдан 30-жылдай бұрын қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов: «Енеден туа өнерленіп кеткен ешбір ел жоқ. Мәдениетті елдердің бәрі де бірте-бірте өнерленген. Ендеше қазақ та алдағы аз жылда мәдениетті болуына сөз жоқ. Бірақ ол күнді күтіп отырмай, қазақ әдебиетін тексерудің негізін қазір сала беру керек» деген пікірінің өзі европалық әлем әдебиетінің негізін қалаған антикалық әдебитеке де байланысты айтқан болуы керек деген ой ұшқындайды.

Атақты жазушы өз пікірін әрі қарай былай жалғайды: «жер жүзіндегі барлық халықтың фольклоры сияқты қазақ фальклоры қазақ халқының әр кезде, әр заманда басынан кешкен әлеуметтік, экономикалық өмірінің айнасы болды. Қазақ фольклорының мазмұн жағынан да, түр жағынан да дүниежүзілік фольклордың алдыңғы қатарынан орын алатындығы туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар».

Қазақ фольклорының білгірі ретінде Сәбит Мұқановтың бұл пікірі жай айтыла салмаған. Өйткені, осы кезеңге дейін қазақ фольклористикасы жөнінде қазақ ғалымдарынан тыс орыс және басқа да батыс, шығыс елдерінің ғалымдарының назарынан түспей келе жатқаны соның дәлелі. Мәселен, XIX ғасыр мен XX ғасырдың ішінде әлемге танымал зерттеушілер, В.В.Радловтың 1866 жылы шыққан «Образцы народной литературы тюрских племен живущих в южной Сибири и Джунгарской степи» еңбегі; Г.Н.Потаниннің «Несколько вопросов по изучению поверий, сказаний и обычаев киргизов и сибирских татар», «Русская девушка в киргизской сказке» еңбектерінің «Этнографическое обозрение» журналында 1890 жылы шыққан еңбектері; «Греческий эпос и ордынский фольклор» мақаласы да осы «Этнографическое обозрение» журналының 1894 жылдың №2 санында жарық көреді; Н.Абрамовтың «Каменная перамида, надмогильный памятник «Козы-Корпеш и Баян-сулу» в киргизской степени» мақаласы; М.Мюллердің «Опыт сравнительной мифалогий»; С.П.Толстовтың «Города гузов»; А.Н. Веселовскийдің «Историческая поэтика» еңбегі; Дж. Фрезердің «Фольклор в Ветхом завете» 1989 жылы Мәскеуде шыққан еңбегі; және тағы басқа еңбектер қазақ ауыз әдебиетінің шұрайлылығын, өте бай әдеби мұра екендігін әлемге паш ете отыра, ежелгі европалық және көне түркі әдебиеттердегі кейбір ұқсастықтарға тоқталады. Әр халықтың өз фальклоры болса, ол сан ғасырлар бойы ел аузында жатталып, дайын форма ретінде атадан балаға жалғасып жатқан халықтық мұра. Оны шығарушы авторлар кім болғаны, қай мезгілде туған? деген сауалдар қазақ фольклоры мен антика дәуірінде пайда болған әдеби мұраларға тікелей қатысты. Өйткені, әр елдің ауыз әдебиетінде біте қайнасқан, өзінің «меншігі» болып кеткен әдеби мұралардың ішіндегі сюжеттік мотив, образдық бейнелер, көркемдік тәсілдер т.б әдеби компоненттердің ұқсастығы түрлі дау-таластарды тудырғаны әдебиет тарихынан аян.

«XIX ғасырдың басында Гегельдің идеалистік философиясы туған еді. Қоғам мен мәдениет тарихын сөз еткенде Гегель үлкен экономикалық формациялар мен олардың ауысу заңдылықтарын, үстем тап сапасымен жасалған мәдениет мазмұнын еске алмай, әдебиетті қоғамның экономикалық базисінен бөлек алып қараған. Сөйтіп, Гегель мәдени даму өзара тартыста болады, бірақ әр кезде күшті тіл, күшті мәдениет жеңіп шығады. Сол мәдениеттің ішінде ерте туып, өзінің орнын сақтаған және болашағы бар саласы − герман (арий) халықтарының мәдениеті мен тілі деген.

Гегельдің жоғарыда келтірген пікірін сол дәуірдегі ғалымдар қолдаған. Мысалы, XIX ғасырдың басында Европа ғылымында барлық тілдер басында бір атадан тараған дейтін индоевропеизм қысымы туады. Оны «ата тіл» (праязык) теориясы дейміз. Неміс фольклористері ағайынды Якоб және Вилгельм Гриммдер мен ағылшын ғалымы Макс мюллер болса, басында барлық елдер фольклорының сюжеті мифтен туған, олардың мифалогиясына герман халықтарының мифтік сюжеттері негіз болған. Сол сюжеттер кейін түрлі халықтарға ертегі, эпос түрінде тарап, өмір тонын киген дейтін қисынды жақтаған.

Бұл тұжырымның көңілге қонбағанымен, осы пікірдің өзі кезінде фольклористерге әлем елдерінің фальклорын зерттеуге біршама итермеші болған-ды. Қалай болған күнде де, ертеде өмір сүрген халықтардың таным-түсінігіндегі ортақ ойлар мен ауыз әдебиетіндегі ұқсастықтар болуы кездейсоқтық десек те, ғылымда сюжеттердің көшіп жүру (миграция сюжетов) теориясы бар екені, басқаша айтар болса, өлең-жыр, эпос, ертегі т.б алғашында бір халықтың ішінде туып, бертін келе басқа елдерге таралуы да заңдылықты процесс. Бұл пікірді алғаш жақтаған ғалымдардың бірі Қазақстан, Сібір, Алтай халықтарының фольклоры мен этнографиясын зерттеуші, жинақтаушы, Шоқан Уәлихановтың досы Г.Н. Потанин еді. Ол орыс және Европа елдерінің эпостық сюжеттері түркі-монғол тайпаларының эпостық жырларынан алынған деген ойды алдыға тартады.

Үнді халқынң «Панчатандра», «Калила мен Димна» сияқты эпостық туындыларын зертейтін неміс фольклоршысы Бенфей: «Алғашқы эпос сюжеттері Үнді елінде туып, кейін бүкіл шығысқа − Александр Македонский, Эллинизм XI ғасырдағы крест жорығы кезінде арабтар арқылы Маврларға (Испанияға), гректер арқылы Италияға, Орта Азия, Бабыл арқылы Балқанға тараған» − десе, оны орыс фольклористері А.Пыпин, кейін К.Стасов қолдайды.

Жаугершілк немесе бейбіт өмірде де бір-бірімен араласқан экспансиялық немесе демократиялық қарым-қатынастағы екі халық өзара байланыс арқылы өздерінің мәдениетінің қандай да бір дәрежеде болмасын әсер ететіні заңды құбылыс.

«Жалпы мәдениеттің бір бөлігі болатын көшпелілердің көне мәдениетінің ішкі мәні (діни мазмұны, тұрмыстық функциясы, т.б) бейнелеу өнерінің сыртқы формалық сипатын анықтап, барлық көшпелі сақ-скифтер тайпаларына тән стильдік ерекшелігін қалыптастырды. Сонымен қатар, даму барысында көшпелілер өздеріне көрші халықтар мәдениетінің ықпал-үлгілерін де қабылдап отырды. Мысалы батыс көшпелілері (скиф,сарматтар) өнерінде грек-рим мәдениетінің ықпалын, ал шығыстағы сақтар өнерінде қытай мәдениетінің, оңтүстіктегі көшпелі тайпалар өнерінде − Иран, Индия мәдениетінің, өнерінің ықпалы күшті болды»,-дейді, белгілі мәдениеттанушы − ғалым Хамит Маданов өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінде.

Әдетте өнер, мәдениет нұсқаларымен бірге ауыз әдебиеті, жазу, сызу бірге жүретіні айдан анық. Сондықтан көрші елдермен қатар, грек-рим әдебиетінің фольклорлық және классикалық нұсқалары қазақ әдебиетіне әсер етпеуі мүмкін емес. Оның жарқын мысалы есебінде, өзіміздің қандасымыз (гректер Анахарсис Скифский деп атайды) Анақарыс бабамыздың грек халқының өнері мен мәдениеті, әдебиеті мен ғылымына қызыққаны сондай Европаның талай елін шарлап, ежелгі Грекияға барып, ғалым-оқымыстыларымен жүздесіп Солон, Периандр, Питтак және т.б олармен дидарласып, перипатетик ретінде (перепатетик−қыдырыстап жүріп,әңгіме-дүкен құру арқылы білім жетілдіру) білім-ғылымнан сусындап қайтқандығы туралы жоғарыда айтып өттік.

Әдебиетші − ғалым Ш.Қ.Сәтбаева өзінің «Шоқан Уәлиханов − филолог» атты монографиялық еңбегінде: «халықтың сөз мұрасын зерттеуде, бағалауда мәз-мазмұнын саралауда Ш.Уәлихановтың көзқарастары адамзат көркем қазынасының бұрын-соңды зерттелу тәжірибесіне, орыстың озық әдебиеттану ғылымы мен сынының жетістіктеріне арқа сүйейді, көбіне олармен үндес келіп отырады.

Шоқан қазақ әдебиетін қазақ халқының рухани мәдениетінің аса бай көрінісі деп біледі де, сол әдебиетпен басқа халықтарды таныстыруды мақсат етті» - дейді де, Шоқанның төмендегі тұжырымына көңіл тоқтатады: «Біздің халқымыздың көркемдігі жағынан қалыспайтын өскелең әдебиеті бар. Егер жұрттың айтуымен Герадот жинаған Гомердің көркем өлеңдері мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егер де өзгертіліп, мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде де оқиға, шындық жататын болса, қазақтың ата-бабаларының өмір тұрмысын, әдет-ғұрпын әр жағынан қамтып белгілі бір жүйеге суреттеген, сол елдің өткен кездегі өмірінің сәулесі болған аңыздарын алып, сол халықтың осы күнгі мінез-құлқымен салыстырсақ, онда аңыздардың тарихи мәні болуының мүмкіндігіне күдіктенбеуіміз керек. Халықтың таза ақындық туындылары ретінде бүкіл қоғам көпшілігінің сезімдерін, өмірін және прогресін қамтамасыз еткен шығармалар тарихтың филологиялық және де психологиялық назардан тыс қалмауы керек», -деген тұжырымы, қазақтың әдебиетін тар шеңберден арылтып, кең көлемде, тек орыстың ғана емес озық европалық әдеби мұраларымен бірге салыстыру, әдеби компаративистік сала арқылы қарастыруға жетелейді.

Дарынды ғалым өз тұсында әдебиеттің осы проблематикалық саласы бойынша көп шұғылданған. Еңбегі оң нәтижесін беріп, оның осы саладағы жазған 5ылыми ой-пікірін дүниежүзілік зиялы орта ден қойып, көп қызғылықты фактілерге мойын ұсынған.

Шоқан әсіресе, ежелгі грек пен рим әдебиеттері мұраларының фольклористика саласы бойынша оқиға желілерін, образ, көркемдік шешім, суреттеу, бейнелеу жақтарын, мифалогиялық компоненттерді қазақ елінің рухани бай мұраларымен кеңінен салыструлар жасайды.

Сонымен қатар, ғылыми еңбектерінде озық классикалық европалық және ренессанстік күйді басынан кешірген Шығыс елдерінің әдеби мұраларымен қазақ әдебиетінің кейбір нұсқаларымен кең көлемде ұқсастық, үйлесімділіктер іздейді. Сол мұралардың бірқатарын жарыққа шығарып, оған ғылыми анализ жасап, басқа жұрттарға таныстыру мақсатында ұшан-теңіз еңбек сіңіреді. Ойы туған халқының европалық халықтардың өркениетіне жету, одан қалыспай бір дәрежелес болуды, прогреске ұмтылдыруды аңсады. Игі іске қарсыларына аяусыз күрес те жүргізді. Қазақты осы тұста рухани байлығын жетілдіру оны басқа жұртқа көрсету арқылы тең дәрежелес болу мақсатына жету үшін феодалдық-монархиялық тәртіп пен ислам дінінің фанатизмінен арылып, ғылым негізіне сүйенген білімге баулуды, орыста оқыту үшін мектептер ашуды аңсайды.

«Жалпы қазақ халқының алдында европалық цивилизацияға жетуде, орыстардың византиялық дәуірден өткені сияқты, татар халқы арқылы өтудің өлермен перспективасы бар. Византийщина қаншалық жиіркенішті болса да, бірақ ол әйтеуір даусыз ағартушылық элементі ретінде христиандықты енгізді. Соны және қабылдағыш қазақ халқы ой мен сезімді тежеу қабілеті ғана бар өлі схолистикадан осы тығырықтан шығу мақсатында басқа татар ағартушыларынан нені күтпек?- дейді.

«Осы адам сүйгіш істі тындыру үшін, ең алдымен, тек ислам идеясы мен молдаларға деген қамқорлықты тоқтату және окуругтегі татар мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керек» - дейді, өзінің «Сахарадағы мұсылмандық туралы» деген мақаласында.
Әдебиеттер:

1. Әуезов М. Очерктер және кино-әңгіме: Жиырма томдық шығармалар жинағы. VIII-т.− Алматы: Жазушы.1981.−440-б.

2. Кәкішев Т.Толғам. − Алматы: Қазақ университеті. 2004. − 507-б.

3. Рымғали Н. Әдебиет теориясы: Нұсқалық. − Астана: «Фолиант» баспасы. 2003. − 328-б.

4. Қасқабасов С. «Мәдени мұра − рухани жаңғырудың негізі» мақаласы // Егемен Қазақстан. − 2.XII.2003 жыл.2-б.

5. Кун Н.А. Ежелгі Греция мифтері мен аңыздары. − Алматы: Мектеп.1979. − 13-б.



6. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш: Зерттеу мен өлеңдер. − Алматы: Атамұра.2003.−205-б.

7. Сейдімбеков А. Герадот «Тарих» //Қазақ әдебиеті. − 6.03.1992 ж.4-б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет