Солтүстіктегі қайта өрлеу (XVI-XVII ғ.ғ.)
Жаңа заман мәдениеті қалыптасуының уақыт бойынша екінші ареалы – трансальпілік Европа. Осы жерде – Орталық Европа елдерінде XVI ғасырдың бірінші жартысында ескінің жаңамен күресінің жаңа кезеңі басталады. Осы процестің маңызды факторлары итальян Қайта Өрлеуінің әсері және аймақтың көптеген елдерінде өндірістік күштердің, материалдық өндірістің, ғылым мен техниканың бұған дейін байқалмаған жетістігі болды. Ол қалалардың, кәсіптердің табыстарымен, мануфактураның пайда болуымен, ішкі және халықаралық сауданың дамуымен байланысты.
Италиядан солтүстікке қарай жатқан европа елдерінің XV ғ.–XVI ғ. бірінші жартысындағы мәдениетін “Солтүстіктегі Қайта Өрлеу” деп атайды. Бұл термин жеткілікті түрде шартты, өйткені бұл елдерде ештеңені жандандыру қажет емес болатын: онда антика кезеңінің ескерткіштері көп емес.
Егер мәдени процестің ішкі тенденцияларының ортақтығын еске алсақ, осы терминді қолдану толығымен өзін ақтайды. Ол буржуазиялық даралықтың жаппай өсуі мен қалыптасуынан, ізгіліктің таралуынан, феодалдық дүниеге көзқарастың бұзылуынан, тұлға санасының өсуінен құралады.
XV ғ. маңызды өнертабысы – баспа станогы. XVI ғ. ортасында ол Европаны жаулап алады. Шіркеудің жазба тілін тарату монополиясы қирады. Ақсүйектер және ғылыми-техникалық әдебиетті шығару мүмкіндігі ашылды. 1500 ж. Германияның, Голландияның және Швейцарияның 26 қаласында 1100 баспахана болды, олар көбінесе гуманистік әдебиеттердің 10-12 млн. данасын шығарды.
Ұлы географиялық жаңалықтар европалықтардың ой өрісін кеңейтті: тек осы кезде ғана Жерді ашты. Жердің құрылысы туралы мәселеде ғасырлық беделге соққы жасау білімнің басқа салаларында еркін ғылыми іздестіруге мүмкіндік жасады.
XV ғ. бірінші жартысында итальян Қайта Өрлеуінің гуманизмі қазіргі Голландия мен Бельгияның территориясын алып жатқан Нидерландыда айқын көрінді. Нидерланд қалалары итальяндық қалалар сияқты саяси еркін болмаса да, байып, беки түсті. Оның ішінде халықаралық сауда орталықтары Брюгге, Антверпен де болды.
Солтүстік елдердің ерте бюргерлігі – жаңа замандағы европа мәдениетінің қызықты құбылысы. Оған итальяндықтардың екпіні мен көп қырлығы тән емес. Үлкен тарихи міндеттер оның мойнында болды. Бұл сирек кездесетін қасиеттерді қалыптастырды, оларға материалдық құндылықтарға жоғары құрмет, төзімділік, корпоративтік бірлік, борыш пен берген сөзге адалдық, жеке басының ар-намысы сезімі тән болды. Томас Манн айтқандай, бюргер «орташа адам» болды.
Өз-өзін, өз нәрсесін сыйлау діни көзқарас арқылы өзінше түсінілді, өлеңмен суреттеліп, өнермен рухтанды. Солтүстік Европа бюргерлерінің кредосы бейбіт, тақуа, діни құрметті өмір болды. Бұл протестанттық реформалардың рухына сай келді.
Нидерландыда Италиядағыдай гуманистер әлемдік жауыздықтың өміршеңдігін және бүкіл жерге тарағандығын байқады. Үміті үзілген адамдар мистикалық ілімдермен, изуверлік секталармен, сиқырмен айналысты.
Бұл көңіл-күйлерді Иероним Босх өз шығармашылығында көрсете білді. Адамзат кеселдерін суық қанды талдау және аяусыз гротеск оның «Ақымақтар кораблі» картинасын басқалардан ерекшелеп көрсетеді. Босхтың ең белгілі туындысы – «Жер бетіндегі ләззат бақшасы» триптихы, онда суретші адамдардың күнәлі өмірінің бейнелеу бейнесін жасайды. Картинаның ішкі түрі – суретшінің жақындап келе жатқан әлемдік катастрофаны сезінуі.
Нидерланд Ренессансының шыңы Питер Брейгельдің (1525-1569 ж.ж.) шығармашылығы болды. Деревнядағы мерекелер, жәрмеңкелер, билер тақырыбындағы жанрлық туындылар, нидерланд деревнясында испандықтар ұйымдастырған кескілесу бейнеленген «Сәбилерді Вивлиемде ұру» және «Соқырлар» тәрізді соңғы жылдардағы трагедиялық туындылар Брейгель-суретшіге даңқ әкелді.
Неміс Қайта Өрлеуінің ең ірі шебері Альбрехт Дюрер (1471-1528 ж.ж.) болды, ол ұлы кескіндемеші, нақышшы (гравер), Германиядағы бірінші ренессанс типіндегі универсал суретші болды. Дюрердің идеал адамы итальяндықтан бөлек. Дюрер бейнелері күшті және зерделі, сонымен қатар қалың ой мен күмәнға толы. Онда Рафаэльдің немесе Леонардоның айқын үйлесімі жоқ. Дюрердің көркем тілі күрделенген, аллегориялы. Суретші шығармашылық жолының басында гравюра өнерімен көп айналысқан. Дюрер жауһарларына «Апокалипсис» нақыштары сериясының 15 беті жатады, онда ақырзамандағы сәуегейлік бейнеленген. 15 жылдан соң «Салт атты, өлім және жын-пері», «Қасиетті Иероним» және «Меланхолия» атты мыстағы атақты гравюралар пайда болды. Шебердің жауһарларының бірі – Дрезден галереясынан алынған «Жас адам портреті».
XVI ғ. Европа мәдениетінің ірі оқиғасы Реформация болды. «Реформация» сөзімен XVI ғ. жаңа христиандық діни оқулардың қалыптасуымен байланысты Европа және әлем тарихының ірі құбылысын белгілейді, осы кезде католицизмнен діндарлардың көбінің кетіп қалуы, рим-католик шіркеуінің ажырауы, жаңа христиан шіркеулерінің және шіркеулік емес діни қоғамдардың құрылуы болды. Осының бәрі жаңа заманның басында Европа өмірінің саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық және басқа да ірі өзгерістерімен қатар жүрді.
Реформацияның хронологиялық шеңберлері Европаның әр елдерінде әр алуан болды, бірақ Германияда 1517 жылы индульгенцияға қарсы тезистермен шыққан Мартин Лютердің (1483-1546 ж.ж.) сөзі оны басы болып саналады, ол Виттенбергск университетінің теология профессоры. Гуманистердің позициялары туралы және олардың Реформацияны дайындаудағы ролі туралы түсінікті олардың ішіндегі ең ірісі, Нидерландтың тумасы Эразм Роттердамскийдің (1469-1536 ж.ж.) жұмыстары бойынша қалыптастыруға болады. Эразм «Христиан жауынгеріне өсиет», «Ақымақтықты мадақтау», «Әлем арызы» туындыларында, «Қымсынбай әңгімелесу» сұқбаттарында және басқа көптеген хаттарында схоластика, клира, көпшілік ырымшылдықты сынаудың жоғары көркем үлгілерін берді.
Шіркеу құтқару мәселесінде аспан мен адам арасында міндетті сарапшы болмайтындығы туралы ережені Реформацияның басты идеясы деп атап көрсетуге болады. Лютерде адамның құдаймен өзара қатынасының жеке жауапкершілігінің идеясы айқын көрсетілген.
Реформацияның екінші ірі орталығы Швейцария болды, онда жаңа христиандық ілімдерді жасаушылар Ульрих Цвингли және Жан Кальвин болды. Кальвин бірінші болып діни утопияны жүзеге асыра бастады, лютерандылықты аяғына дейін жеткізді: казармалық протестантизмді құрды. Пртотестанттық қала бейнесі – бірдей өлшемдегі үйлер, фасадтардың безендірілмеуі.
Бір қатар елдерде Реформацияны корольдік өкімет «жоғарыдан» жүргізді (Дания, Швеция, Англия), немесе мүлдем жүргізілмеді (Испания, Италия).
Осы оқиғалардың барысында протестанттық мәдениет феномені біржолата нақтыланды.
Протестантизм буржуазиялық қатынастардың қалыптасуының жаңа әлеуметтік және саяси процестерін бейнелеу және ақтау ретінде болды. Бұл жағынан ол христиандықтың буржуазиялық версиясы ретінде қарастырылады. Протестантизмнің басты ойы Евангелийға кешірім үшін берілетін құрбандық идеясы жат болуынан тұрады. Евангелий құдайы күнәліден істеген ісіне өкінуден басқа ештеңе талап етпейді. Протестантизм бастамашылық пен жауапкершілік талап ететін автономды адам діні. Ол адамды діншілдікті адамның ішкі дүниесі қылып, оны сыртқы діншілдіктен босатты.
Протестантизм жеке өмір мен қоғамдық өмір арасындағы шекараны мойындамайды: адам әрқашан құдайдың көз алдында Лютерандар үшін миф маңызды емес, мәтін ғана маңызды, олар сәнді ғұрыпты мойындамайды. Протестантизмнің діни жаңалықтары шіркеуді «арзандату» линиясымен жүрді. Намаз оқу үйі қарапайым болу қажет. Сәнді литургияның орнына – оқу мен ән айту. Лютерандылық католицизмнің маңызды ғұрыптарын ревизияға ұшыратты: 7 құпиядан 2 ғана қалдырды – шоқыну және тазарту. Протестанттық эволюциямен Европа музыкасының гүлденуі тығыз байланысты.
Контрреформация кезеңі XVI ғ. ортасынан XVII ғ. соңына дейінгі уақытты қамтиды. Оның мәні – папалықтың реформацияға қарсы күресі. Контрреформацияның басты қаруы – инквизиция, монах ордендері. Католицизм ымыра саясатын қойып, протестантизммен қатаң қайшылыққа көшу қажеттілігі туралы қорытындыға келді.
Соңында контрреформация зорлық-зомбылыққа көшті. Ең айқын үлгісі – Испания, онда инквизиция қаһарына енген. Испания халықаралық істерде өзінің бастапқы ролін жоғалта отырып, оны әдебиет пен өнер облысында тапты. Испан әдебиетінің ірі құбылысы М. Сервантестің «Дон Кихот» романы болып табылады. Ол XVI-XVII ғ.ғ. Испанияның, оның тұрмыстық әдет-ғұрпының ажырамас бөлігі.
Елдің рухани өмірі үшін басқа жұбаныш испан театры болды. Оның жоғары жетістіктері атақты испан драматургы және жазушысы, 2000-нан астам шығармалардың авторы Лопе де Веганың (1562-1635 ж.ж.) есімімен байланысты. Ол терең қоғамдық дағдарыс жағдайында өмірді ар-намыс принципімен негіздеуге тырысты. Лопе де Вега қазіргі Испанияда ар-намысты жақтаушы деп шаруаны атайды. Ар-намыс принципінің кем күштермен күресі испан драмасына өзіндік сипат береді.
XVII ғасыр Испания үшін көрнекті суретшілер шоғырын сыйлады. Бұл Эль Греко есімімен белгілі Доменико Теотокопули (1542-1614 ж.ж.), Хосе Рибейра (1591-1652 ж.ж.), Франсиско Сурбаран (1598-1664 ж.ж.), Эстебан Мурильо (1617-1682 ж.ж.), Диего Веласкес (1599-1660 ж.ж.).
Реформация мүмкіндік жасады
католиктік шіркеудің шындыққа монополиясының беделін түсіру;
ақыл-парасат беделін, шаруашылық және саяси қызметке ұтымды қатынасты жоғарылату;
Библияға сыни көзбен қарау;
католицизмнің көптеген елдерде өзінің позицияларын жоғалтуы;
аймақтық плюрализмді ресмилеу, бұл еркін ойлауға, демократизмге жол ашты.
Реформация нәтижесінде католицизм едәуір өзгерістерге ұшырады, бұл оны буржуазиялық қоғам қажеттіліктеріне бейімдеді. Реформация шіркеуді діндарлар қоғамына бағындырды. Контрреформация изоляция жағында болған елдерде жеңіске жетті, мысалы, Германияның, Италияның, Испанияның бір бөлігі. Осы елдерде ХХ ғ. қысқа уақытқа фашизм жеңіске жетті.
Контрреформация жеңіске жетпеген басқа елдер европа авангарды болды, олар алдымен Англия мен Франция. Осы елдер белгісімен жаңа заман мәдениетінің әрі қарай дамуы болды.
Реформация және Контрреформация нәтижесінде католиктік және протестанттық шіркеулер жаңа жағдайларға бейімделуге мәжбүр болды. Осыдан кейбір ғылымдар мен өнерді көтермелеуге ұмтылу шығады. Католиктік шіркеу – Контрреформация елдерінде көптеген жаңа храмдар мен сарайлар салуға басты тапсырыс беруші.
Феодальды күштер мен контрреформация жеңіп шыққан елдерде барокко өнері туды. Мамандар осы уақытқа дейін дауласып жатқан треминнің мазмұнын «астарлылық» ұғымы жақсы береді. Барокко үшін әдемі сағым, көз алдау тән. Сәулетте барокко ансамбльді, кеңістікті ұйымдастыруға тырысады. Қала алаңдары, сарайлары, сатылары, фонтандары, қалалық және қала маңындағы резиденциялар сәулет пен мүсіннің синтезі негізінде салынған.
Барокко алдымен Италияның сәулет өнерінде, кейіннен Испанияда, Португалияда, Фландрияда пайда болды. Барокколы Рим антикалық және қазіргі қалалардан басым келеді. Италиядағы барокконың ең жоғары жетістігі сәулетші және мүсінші Джованни Лоренцо Бернинидің (1598-1680 ж.ж.) есімімен байланысты. Оның басты туындылары Римдегі Санта Мария делла Виттория шіркеуіндегі «Қасиетті Тереза экстазы» альтарлық бейнесі, қасиетті Петр соборының керемет колоннадасы болып табылады.
Барокко өнерінің негізгі түрлері парк және сарай ансамбльдері, діни сәулет, сәндік кескіндеме және мүсін, салтанатты репрезантативті портрет болып саналады.
Кескіндемеде барокко кескіндемелік таңба линияларын, массаны, көлем жасалатын жарық-көлеңкелі контрастыларды жоғары бағалайды. Мұндағы ең жоғары жетістіктер итальяндықтар Аннибале Каррачи (1560-1609 ж.ж.), Караваджо (1573-1610 ж.ж.), фламандықтар Питер Пауль Рубенс (1577-1640 ж.ж.), Антонис ван Дейк (1599-1641 ж.ж.) есімдерімен байланысты.
«Аласапыран кезеңнің» жалпы хаосынан шығу жолдарының бірі кейбір ғалымдардың, жазушылардың, философтардың өзіндік әдеби жанр - әлеуметтік утопияға көңіл бөлуі болды. Кампанелланың ізін қуушы француз жазушысы-еркін ойшыл Сирано де Бержерак (1619-1655 ж.ж.) болды. «Басқа Әлем немесе мемлекеттер мен Ай империялары» романында автор Айға ұшып барған кезді және оны мекен етушілердің әдеттері туралы әңгімелейді. Көптеген жазушылар, ойшылдар, суретшілер үшін «аласапыран кезеңнен» құтылу жолы Антика мұрасына бет бұру болды. Сол өткен заманнан жаңа дәуір заманында таппаған сұрақтарға жауап табуға тырысты. Бұған француз суретшісі Никола Пуссеннің шығармашылығы айғақ бола алады (1594-1655 ж.ж.). Оны антиканың табиғат пен адам арасындағы үйлесімі қатты қызықтырды.
Капитализм мен абсолютті монархияның қалыптасуы – XVII ғ. екі ірі мәдени құбылысы. Біріншісі жаңа заман мәдениеті қалыптасуының үшінші кезеңінің ареалын құрған Англиямен және Голландиямен байланысты.
XVII ғ. басында Голландия үлгілі капиталистік ел болды. Сонымен қатар ол Европа мәдениетінің маңызды орталығы. Елде католик шіркеуін толық ығыстырып шығып, кальвинизм формасындағы протестантизм жеңді. Рухани атмосфера философияның, жаратылыс ғылымдарының, математиканың дамуына оң ықпал жасады. Бай патрициаттың және католиктік дін басыларының болмауы голландиялық өнердің дамуы үшін үлкен себеп болды: ол рынокпен тығыз байланыста болды, бюргерлерге, ауқатты шаруаларға қызмет етті. Сондықтан осында кішкене көлемдегі станокты кескіндеме дамыды. 1620 жылдары жергілікті суретшілер реалистік тенденцияларды игеріп, нақты тақырыптар шеңбері қалыптасты, жанрлар дифференциациясы қалыптасты. 1640-60 жылдары тыныш бюргер тұрмысын бейнелейтін кескіндеме гүлденеді. XVII ғ. голландия кескіндемесінің тарихы Франс Хальс (1580-1666 ж.ж.), Ян Вермер (1632-1657 ж.ж.) шығармашылығынан байқалады. Голландия реализмінің шыңы, XVII ғ. Голландия мәдениетінің кескіндеме жетістіктерінің қорытындысы Харменс ван Рейн Рембрандт (1606-1669 ж.ж.) шығармашылығы болып табылады.
XVII ғ. ортасында капитализмнің қалыптасуының жетекші аймағы Англия болды.
XVI ғасырда Англия буржуазиялық даму жолымен алға жылжыды. Феодалдық барондар, ежелгі дворяндар Ал қызыл және Ақ раушангүл соғысында (1455-1485 ж.ж.) бірін-бірі қырып тастады. Жаңа дворяндық келді, ол диффузия арқылы жаңа буржуазиямен өзара әрекет ете бастады. Жаңа заманның қызықты мәдени феномені пайда болады: джентельмен-рыцарь.
Англияның 1588 жылы Испанияның жеңілмейтін армадасын жеңуі ең зор ұлттық көтеріліске әкелді. Жеңіс ағылшын халқының шындығы мен рухының шаттығы ретінде қабылданды, католиктік реставрация қаупі жойылды. Елдегі қуанышты көңіл-күй сауда мен қолөнердегі табыстармен жалғасып жатты. Ұлттық шаттық пен салтанат жағдайында ағылшын ізгілігі (гуманизмі) пайда болды, оның көрнекті өкілі – Томас Мор.
Европа халықтарының менталитетіндегі жылжулар жалпы европалық сипатта болды. Капитализмнің тууымен тұлғаның жаңа типі өмірге келеді. Өнерде Ренессанстың кейбір дәстүрлі гуманистік құндылықтарын нақты қайта бағалау болады, ең алдымен адамның зор құдіреті туралы. Мәдениет қайраткерлері уақыт сынағынан өте алмағандықтарын мойындайды. XVII ғ. басында бұған ешкім күмән келтіре алмады. Мұны ұлы ағылшын дрматургы, Ренессанс мәдениетінің соңғы өкілдерінің бірі Вильям Шекспир (1564-1616 ж.ж.) түсінді. Өзінің басты туындылары «Гамлет», «Отелло», «Макбетте» Қайта Өрлеу кезеңі адамының өмірдің жаңа стихиясы – буржуазиялық қоғамға қатысты титаникалық қасиетінің керемет суретін береді. Алайда Шекспирдің данышпандығы қайта өрлеу адамының трагедиясын көрсетумен шектеліп қалмайды. Ол буржуазиялық индивидуализмнің шектелуін, күйреуге душар болуын көре білді.
XVII ғ. Европа географиядағы табыстардың нәтижесінде әлемнің кең де айқын бейнесін алды. Бұған Жапония мен Қытайға дейін жеткен католиктік миссионерлердің еңбегі зор.
XVII ғ. адамдардың ғылымдардың, ең алдымен астрономияның, географияның, математиканың керемет табыстары нәтижесінде жер шары және аспан әлемі туралы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан түсініктерінің күл-талқанының шығу кезеңі болды.
Адам үшін Жер – әлемнің центрі еместігін, тек Күн серіктерінің бірі ғана екендігін сезіну қиын болды. Көптеген адамдар үшін дүниені ескіше қабылдаудан бас тарту катастрофа болды.
XVI-XVII ғ.ғ. ғылым адамдарының ұраны «Мен күмән келтіремін» болды. Ол кезде жалпы қабылданған ақиқатқа күмән келтірмей қабылдау мүмкін емес болатын. Сол уақыттағы көптеген ғалымдар Рене Декарттың (1596-1650 ж.ж.) «өмір қожайыны болу» идеясын және Фрэнсис Бэконның «Білім-күш» ұранын қолдады. XVII ғ. эксперименттік ғылымның пайда болу кезеңі болды.
Орта ғасырлық европалық, ең алдымен өзін христиан ретінде сезінді, одан кейін ғана шаруа немесе қолөнер, франк немесе провансаль ретінде сезінді. XVI-XVII ғ.ғ. діни тегі біріктіруші бастау бола алмады: адамдар арасындағы діни негіздегі қатынастар қастыққа дейін барды. Кім деген сұраққа көбінесе өзінің қай мемлекеттің адамы екендігін айтты: Франция немесе Испания корольдігінің қол астына қарайтын, Голландия немесе Швейцария республикасының азаматтары. XVII-XVIII ғ.ғ. ортасынан бастап Европаның көптеген елдерінің абсолютті монархтарының мүдделері осы елдер халқының көпшілігінің мүддесімен сәйкес келді. Король билігінің күшеюін көптеген халық қолдады. Бұл кезеңді абсолютизмнің «алтын ғасыры» деп атайды. Француз абсолютизмі көптеген елдер үшін үлгі болды. Оған барлық континентальды Европа еліктеуге тырысты.
Классицизм абсолютизмге ыңғайлы болды, өйткені онда абсолютизмдегідей ережелер мен авторитеттердің беріктігі мен құдіретінің күштілігі нығайтылды. Оны король билігін бекіту құралы ретінде қолдануға болатын. Сонымен қатар трубадурлардың орта ғасырлық әдебиеті кемсітілді, рыцарь романдарын келекеге айналдырды.
Өнерде өмірдегідей барлығы жазылған нормалар мен ережелер шеңберінде болу қажет болды, әр адам мен әр заттың өз орны болды. Осылай жанрлар иерархиясы орнатылды, «жоғары» (трагедия, эпопея), «төмен» (комедия, сатира, басня). «Жоғары» жанрлардың кейіпкерлері әсем үлгідегі, қоқиған түрдегі, философиялық және адамгершілік проблемалар жайлы ойларын айтқан антика қаһармандары, белгілі адамдар болды. Артистер қуаныш, қайғы, таңдану сезімдерін нақты көркем тәсілдермен және дене қимылдарымен бейнелеу керек болды. «Төмен» жанрда қарапайым халықтан шыққан адамдар олардың табиғи қылықтарымен, күлкісімен, әзілімен, өткір сөздерімен, шым-шытырақай оқиғаларымен бейнеленді.
Сәулет өнерінде «жоғары» жанр үлгісі Версаль сарайы болды. Оның сыртқы түрі – абсолютизм мен классицизм дәуірінің бейнесі. Барлығы симметрия жағынан дұрыс және геометриялық дәл, тірі емес, адам қолымен дарынды шоғырланған жасанды табиғатын еске түсіреді. Адам өзін абсолютті санамен, дұрыстықпен шырмалғандай сезінеді, шүбәсіз тәртіп күшіне бағынуға мәжбүр болады.
Тек кейбір жазушылар, суретшілер ғана классицизмнің қатаң шеңберінен шыға алды. Мольер (1622-1673 ж.ж.) мен Жан Расин (1639-1699 ж.ж.) өз шығармаларында өз кейіпкерлерін төменгі топтан іздеді, мұнысымен салон ақсүйектерінің өшпенділігін туғызды.
Достарыңызбен бөлісу: |